"Ішкі сауда ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 сәуірдегі № 371 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 маусымдағы № 738 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 1034 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.12.2015 № 1034 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Ішкі сауда ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 сәуірдегі № 371 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 18, 208-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Ішкі сауда ережесіне:
      3-тармақта:
      28) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «28) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган - сауда қызметі саласында мемлекеттік реттеуді және үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;»;
      мынадай мазмұндағы 29), 30), 31), 32) және 33) тармақшалармен толықтырылсын:
      «29 қоғамдық тамақтандыру - тамақ өнімдерін өндірумен, қайта өндеумен, сатумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты кәсіпкерлік қызмет;
      30) мейрамхана - тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, тапсырыстық және фирмалық тағамдарды қоса алғанда, дайындалуы күрделі астың түр-түрін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектісі;
      31) дәмхана - тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, дайындалуы күрделі емес астың түр-түрін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектісі;
      32) бар - тұтынушыларға тіске басар, десерт және кондитерлік тағамдар, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс
      33) асхана - тұтынушылар дербес қызмет көрсететін қоғамдық тамақтандыру объектісі.»;
      3-бөлім мынадай мазмұндағы 2-1-параграфпен толықтырылсын:
      «Параграф 2-1. Мейрамхана, дәмхана, бар, асхана санаттары бойынша қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметін жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар
      37-1. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) түтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі, олардың мүлкінің сақталуы қамтамасыз етілуі тиіс.
      37-2. Қоғамдық тамақтандыру объектілерін (мейрамханаларды, дәмханаларды, барларды, асханаларды) орналастыруға, жер учаскелерін беруге, салу мен қайта жаңартуға арналған жобалық құжаттаманы бекітуге, пайдалануға беруге санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда рұқсат етіледі.
      37-3. Қоғамдық тамақтандыру объектілері (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) ғимараттарының сәулет-жоспарлау шешімдері мен сындарлы элементтері және пайдаланылатын техникалық жабдық сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында қолданыстағы Техникалық регламенттерге сәйкес келуі тиіс.
      37-4. Қоғамдық тамақтандыру объектілерін (мейрамханаларды, дәмханаларды, барларды, асханаларды) жеке тұрған және жапсарлас салынған ғимараттарда, қоғамдық ғимараттарға іргелес салынған үй-жайларда, ғимараттардың бірінші және одан төменгі қабаттарында орналастыруға, сондай-ақ өнеркәсіптік объектілердің аумақтарында орналастыруға рұқсат беріледі.
      Тұрғын үй мақсатындағы ғимараттарда орындар саны және орын-жайлар көлемі шектелген, қоғамдық тамақтандырудың іргелес-жапсарлас салынған объектілерінде орналастыруға рұқсат етіледі.
      37-5. Тұрғын үй ғимараттарында орналасқан қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (мейрамханалардың, дәмханалардың, барлардың, асханалардың) ғимараттың тұрғын үй бөлігінен оқшауланған кіру және көшудің шығу есіктері болуы тиіс. Азық-түлік шикізатын және тағам өнімдерін тұрғын үйдің аула жағынан қабылдауға жол берілмейді. Жүк тиеуді тұрғын үйдің терезелері жоқ бүйір жағынан, арнайы жүк тиейтін үй-жайлар болған жағдайда магистральдар жағынан жер асты туннелдерінен орындау қажет. Өнімділігі шағын объектілер үшін оның жұмысы басталғанға дейін негізгі кірер есік жағынан жүк тиеуге рұқсат етіледі.
      37-6. Қоғамдық тамақтандыру объектілерін (мейрамханаларды, дәмханаларды, барларды, асханаларды) тұрғын үй ғимараттарында орналастырған кезде олардың үй-жайлары шу, діріл деңгейі және дыбысты оқшаулау талаптары бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес келуі тиіс.
      37-7. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (мейрамханалардың, дәмханалардың, барлардың, асханалардың) жазғы алаңдарын тұрғын үй ғимараттарының бірінші қабаты терезелерінің алдына және тротуарларға орналастыруға, сондай-ақ тамақ дайындайтын технологиялық жабдық пен дыбыс шығаратын аппаратураны орнатуға жол берілмейді.
      37-8. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) қоғамдық тамақтандырумен байланысты емес тұруға, жұмыстар мен қызметтер көрсетуге арналған үй-жайларды орналастыруға, сондай-ақ жануарлар мен құстар ұстауға рұқсат етілмейді.
      37-9. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) авариялық шығу жолдары, сатылар, авариялық жағдайдағы іс-қимылдар туралы нұсқаулықтар көзделген, көрінетін жерлерде өрт жағдайы кезінде адамдарды көшіру жоспарлары (схемалар), сондай-ақ тұтынушылардың қалыпты жағдайда да төтенше жағдайларда да еркін бағдар алуын қамтамасыз ететін, жақсы көрінетін ақпараттық нұсқаулар ілінеді.
      37-10. Қоғамдық тамақтандыру объектілері (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) бастапқы өрт сөндіру құралдарының қажетті санын анықтауға сәйкес жарамды бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуге және автоматты өрт сигналын беру және қолданыстағы нормаларға сәйкес адамдарға өрт туралы хабарлау жүйесімен жабдықталуы, инженерлік жүйелермен және жайлылықтың қажетті деңгейін қамтамасыз ететін жабдықтармен жарақталуға, оның ішінде жасанды және табиғи жарықтары, ыстық және суық сумен, кәрізбен жабдықтау, жылыту, желдету жүйелері, телефон байланысы болуы тиіс.
      37-11. Салынып және қайта жаңартылып жатқан қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) мүгедектерге қызмет көрсету үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың қолданыстағы талаптарына сәйкес мүгедектердің арбалары жүріп өту үшін кіру есіктерінде еңіс пандустар, лифтілер, залдарда мүгедектердің арбалары айналып бұрылуы үшін алаңдар, арнайы жабдықталған дәретхана бөлмесі көзделуі тиіс.
      37-12. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) қызмет көрсетілетін контингенттің ерекшелігіне сәйкес арнайы қызмет көрсету аймақтары көзделуі мүмкін, мысалы диеталық, емдеу-сауықтыру, балалар тамағы.
      37-13. Өндірістік үй-жайларды орналастыру және осы үй-жайлардағы жабдықтар өнімді өндіру мен сатудың технологиялық үдерістерінің дәйектілігін (ағымын), сондай-ақ санитарлық ережелердің технологиялық жобалау нормаларының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
      37-14. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (мейрамханалардың, дәмханалардың, барлардың, асханалардың) аумағы абаттандырылуы, таза ұсталуы тиіс, онда көлікті уақытша қоюға арналған алаңдар, қоқыс жинау үшін қақпағы бар контейнерлер орнатуға арналған асфальтталған немесе бетондалған алаң көзделуі тиіс. Қоқыс жинау алаңы объектілерден және тұрғын үйлердің терезелері мен есіктерінен кемінде 25 метр қашықтықта орналастырылады.»;
      565758596061 және 66-тармақтар алып тасталсын;
      62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «62) Сауда қызметінің субъектілері, егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, өз қызметін қоғамдық тамақтандыру объектісінің сауда залдарында да, олардан тысқары жерлерде де жүзеге асырады. Қоғамдық тамақтандыру объектісінің үй-жайлары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен ережелерге сәйкес орналасады және жабдықталады.».
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов