Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 17.07.2018 № 437 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңы 11-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпаратты жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға сақтау, жүйелеу және жинақтау үшін ақысыз беру қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 89 қаулысымен бекітілген |
Жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпаратты жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға сақтау, жүйелеу және жинақтау үшін ақысыз беру қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңы (бұдан әрі - Заң) 11-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпаратты жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға сақтау, жүйелеу және жинақтау үшін ақысыз берудің тәртібін, нысандарын және ұсыну мерзімін анықтайды.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) сақтау, жүйелеу және жинақтау үшін ақысыз беруге:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үдерісінде жер қойнауын пайдаланушы алған және жер қойнауын пайдалану объектілерінің жай-күйін сипаттайтын тау-кен қазбаларының және ұңғымалардың геологиялық, геохимиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық, жобалау және нақты техникалық құжаттамасы (бұдан әрі - ақпарат);
2) бастапқы геологиялық ақпарат, тектоникалық мәліметтер, ұңғымалар жөніндегі ақпарат, болжамдық ресурстар және кен орындарының, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізілетін келісімшарттық аумақтағы жұмыстар учаскесі мен объектілерінің теңгерімдік қорлары (бұдан әрі - бастапқы ақпарат);
3) бұрғылау ұңғымаларының кернімен, мұнай, су, газ сынамаларымен, тас материалының үлгілерімен, сынамаларымен және коллекцияларымен, тастілімдермен, таскесімдермен, минералдық ерітінділермен және ұнтақтармен ұсынылған табиғи (бұдан әрі - заттық ақпарат) жеткізгіштердегі ақпарат;
4) далалық бақылаулар журналдарында және басқа құжаттамаларда, оның ішінде сынама жасау, сынамаларды талдау, геофизикалық бақылауларды (бұдан әрі - далалық ақпарат) тіркеу журналдарында бейнеленген табиғи (қағаз және электрондық) жеткізгіштердегі ақпарат жатады.
3. Заңның 20-бабының 14) тармақшасына сәйкес минералдық шикізатты бастапқы өңдеуді (байытуды) қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушыға берілген ақпараттың және далалық ақпарат негізінде уәкілетті орган жер қойнауының ұтымды және кешенді пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпаратты жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға сақтау, жүйелеу және жинақтау үшін ақысыз беру тәртібі
4. Жер қойнауын пайдаланушылар аумақтық тиістілігі бойынша уәкілетті органның өңіраралық департаментіне (бұдан әрі - ӨД) тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 15 (он бесінші) күніне дейінгі мерзімде береді.
5. Уәкілетті органның өңіраралық департаменттері аумақтық тиістілігі бойынша жинақталған ақпаратты уәкілетті органға есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 1 (бірінші) күніне дейін жолдайды.
6. Ақпарат электрондық түрде ұсынылады және жер қойнауын пайдаланушының бірінші басшысының немесе оны алмастыратын адамның электрондық-цифрлық қолымен расталады.
7. Электрондық түрдегі ақпаратты ұсынған кезде уәкілетті орган электрондық түрдегі ақпараттың форматын және берілу тәсілін айқындайды және оларды ресми интернет-ресурста орналастырады.
8. Электрондық түрдегі ақпарат рұқсат етілмеген қол жеткізуден қорғауды қамтамасыз ететін бөлінген байланыс арналары бойынша беріледі және деректерді арнайы электрондық сақтау орнында орналастырылады, сол арқылы уәкілетті органның ақпаратқа қол жеткізуін және мүдделі мемлекеттік органдардың сауалдарына жауаптарды қамтамасыз етіледі.
9. Заттық ақпаратты уәкілетті органның ресми сауалы бойынша жер қойнауын пайдаланушы осындай сауалды алған күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) жұмыс күні ішінде ұсынады.
10. Жер қойнауын пайдаланушы заттық табиғи материалды тасымалдау қауіпсіздігін және сақтауды қамтамасыз ететін тиісті орамада материалдардың үлгілері, сынамалардың телнұсқалары және тағы басқалары түрінде ұсынады.
11. Жер қойнауын пайдаланушы заттық ақпаратты өңірлік сақтау орындарына ұсынады, сол арқылы қауіпсіз сақтау, уәкілетті органның табиғи материалға қолжетімділігі және қажетті зертханалық-талдау зерттеулері қамтамасыз етіледі.
12. Келісімшарттық аумақта жұмыстар толық аяқталғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушы далалық құжаттаманы уәкілетті органға береді.
13. Жер қойнауын пайдаланушының ақысыз беруге жататын ақпараты пайдалы қазбаларды барлау және/немесе өндіру бойынша бекітілген жобалық шешімдерді орындаудың жобалық және нақты қол жеткізген көрсеткіштерін құрайды.
14. Есептік көрсеткіштердің жинақталымын жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбалардың кен орындарын іздеудің, бағалаудың және әзірлеудің бекітілген жобалық құжаттарының негізінде қалыптастырады және ол көрсеткіштердің мынадай топтарын:
геологиялық барлау жұмыстарының көлемдерін;
тау-кен және дайындық жұмыстарының көлемдерін;
пайдаланудағы бұрғылаудың көлемдерін;
өндірудің тәсілдері мен өнімнің параметрлерін;
техникалық және технологиялық шешімдерді;
пайдалы қазбаларды өндіруді;
пайдалы қазбаның ысыраптарын;
пайдалы қазбаның мардымсыздануын;
пайдалы қазбаның сапасын;
тауарлық кеннің және пайдалы қазбаны қайта өңдеу өнімдерінің сапалық және сандық сипаттамасын;
пайдалы қазбаны қайта өңдеуді және металлургиялық қайта бөлуді;
іске асыру және қаржылық көрсеткіштерін;
кен орындарында есепті кезеңде өңделетін ұңғылау бірліктерін (ұңғымалар) қамтуы тиіс.
Көрсеткіштердің көрсетілген топтары уәкілетті орган ресми интернет-ресурсына орналастыратын есептіліктің электрондық нысандарында нақтыланады.