Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 № 970 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Үлестік құрылыстың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі бірыңғай үйлестіру кеңесі құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Үлестік құрылыстың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі бірыңғай үйлестіру кеңесі туралы ереже бекітілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 18 тамыздағы
№ 823 қаулысына
қосымша
Үлестік құрылыстың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі
бірыңғай үйлестіру кеңесінің
құрамы
Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, төрағаның орынбасары (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің директоры, хатшы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
Қазақстан Республикасының Әділет министрі
Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының судьясы (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары
Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары
Алматы қаласы әкімінің орынбасары
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 18 тамыздағы
№ 823 қаулысымен
бекітілген
Үлестік құрылыстың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі
бірыңғай үйлестіру кеңесі туралы ереже 1. Жалпы ережелер
1. Үлестік құрылыстың проблемалық мәселелері жөніндегі бірыңғай үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Кеңес қызметінің мақсаты үлестік құрылыстың проблемалық мәселелерін шешу болып табылады.
3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2. Кеңестің негізгі міндеттері мен құқықтары
4. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) үлестік құрылыстың проблемалық мәселелерін шешу;
2) үлестік құрылыс және үлескерлердің құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру;
3) үлескерлерге және мемлекетке жосықсыз құрылыс салушылардың қылмыстық іс-әрекеттерінен келтірілген зиянның орнын толтыру, жосықсыз құрылыс салушылар ұрлаған мүліктің, оның ішінде елден тысқары іздестіру тиімділігін арттыру және олар қылмыстық жолмен алған табыстарды заңдастырудың алдын алу жөнінде ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.
5. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін өз құзыреті шегінде:
1) мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ жұмыс топтарын ұйымдастыруға;
2) сараптамалар мен консультациялар жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардан тиісті бейіндегі мамандар тартуға;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұратуға және алуға құқылы
3. Кеңестің қызметін ұйымдастыру
6. Кеңесті төраға - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқарады, ол оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын Кеңес төрағасы орынбасарларының бірі орындайды.
7. Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады.
Кеңестің жұмыс органы Кеңестің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Кеңес отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Кеңестің отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Кеңестің мүшелеріне жіберілуі тиіс.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
8. Кеңестің жұмыс органы:
1) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен;
2) Кеңестің шешімдерін орындауды қамтамасыз етеді және бақылайды;
3) Кеңес мүшелерінің және оның қызметіне тартылған мамандардың жұмысын үйлестіреді.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
9. Кеңес отырысы өткізілгеннен кейін Кеңес хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Кеңес мүшесі болып табылмайды.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
10. Кеңес отырыстарында қаралатын мәселелердің тізбесі қажеттілігіне қарай жасалады.
11. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
12. Кеңестің отырысын төраға өз бастамасы бойынша, Кеңес төрағасы орынбасарының бастамасы бойынша не Кеңес мүшесінің бастамасы бойынша Кеңеске қарауға ұсынылатын материалдар негізінде шақырады.
13. Кеңестің шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Кеңес отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
Кеңес мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Кеңес отырысының есеп-хатына қоса берілуі тиiс.
Кеңестің отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Кеңестің хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Кеңес мүшелеріне келісу үшін жібереді.
Кеңес мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
14. Кеңестің шешімі ұсынымдық сипатқа ие.
15. Дауыс беру парақтарымен қоса, Кеңес материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
16. Кеңестің отырыстары айына кемінде бір рет өткізіледі және егер оларға оның мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды болып саналады. Шұғыл шешім қабылдау қажет болған жағдайда, төрағаның шақыруымен Кеңестің кезектен тыс отырысы өткізілуі мүмкін.
4. Кеңестің қызметін тоқтату
17. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Кеңестің қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.