"Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы № 1470 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

жоба    

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) арнайы экономикалық аймақ - Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режим жұмыс істейтін, сондай-ақ еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімдері қолданылатын дәл белгіленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі;
      2) басқарушы компания - арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушыларын тарту үшін осы Заңға сәйкес акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын заңды тұлға;
      3) өтініш беруші - арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтінімді басқарушы компанияға беретін заңды тұлға;
      4) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы - арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға;
      5) қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар - осы Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылмайтын заңды тұлғалар;
      6) инфрақұрылым объектілері - арнайы экономикалық аймақты құрудың техника-экономикалық негіздемесіне сәйкес және бас жоспармен бекітілген жылу және электр энергиясын өндіру мен беру, сумен жабдықтау және газбен жабдықтау, кәріз, көлік коммуникациясы, байланыс қызметтері объектілері және өзге объектілер құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектілері;
      7) қызметті арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде жүзеге асыру туралы шарт - арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушылары және басқарушы компания арасында жасалатын арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақ қатысушысының немесе қатысушыларының қызмет түрлерін, осындай қызметті жүзеге асыру шарттарын, тараптардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін шарт;
      8) уәкілетті орган - арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс icтеyi және таратылуы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      9) арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі - осы Заңға, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамаларына, көші-қон саласындағы заңнамаға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі жағдайларының жиынтығы;
      10) сарапшылық кеңес - арнайы экономикалық аймақты құрудың немесе таратудың орындылығы мәселесін қарау үшін құрылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші орган;
      11) қызметтің басым түрлері - арнайы экономикалық аймақты құру
мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақтың құқықтық режимі қатысты болатын қызмет түрлері;
      12) қосалқы қызмет түрлері - тізбесін уәкілетті орган бекітетін, арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары болып табылмайтын тұлғалар оның аумағында жүзеге асыратын арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметін қамтамасыз ету үшін қажет қызмет түрлері;
      13) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімі - жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының аумағында құрылған барлық арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының тізілімі;
      14) «бір терезе» принципі - өтініш берушінің немесе арнайы экономикалық аймақ қатысушысының мемлекеттік органдармен, оның ішінде электронды құжат айналымын жүргізу арқылы және (немесе) арнайы экономикалық аймақта мемлекеттік органдардың өкілетті өкілдерінің тұрақты болуы арқылы қосымша қызметті жүзеге асыратын тұлғаның өзара іс-қимыл рәсімдерін оңайлатуға бағытталған шаралар мен қызметтер жүйесі;
      15) нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің сындарлы деңгейі - қол жетпеуі арнайы экономикалық аймақты құрудың негізгі мақсатын іске асыруға мүмкіндік бермейтін, арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің экономикалық, техникалық, әлеуметтік және/немесе өзге көрсеткіштерінің көлемі.

      2-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық
              аймақтар туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Арнайы экономикалық аймақтар құрудың мақсаттары
      Арнайы экономикалық аймақтар экономиканы әртараптандыру және өнімділігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, инвестицияларды, қазіргі заманғы технологияларды тарту, сондай-ақ салалар мен өңірлерді жедел дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында құрылады.

2-тарау. Арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс
істеуі және тарату саласындағы мемлекеттік реттеу

      4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
      1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
      2) уәкілетті органды айқындау;
      3) Қазақстан Республикасының Президентіне арнайы экономикалық аймақ құру немесе оны мерзімінен бұрын тарату туралы ұсыныс енгізу;
      4) басқарушы компания құру туралы шешім қабылдау;
      5) басқарушы компанияға қатысу;
      6) сарапшылық кеңес құру;
      7) сарапшылық кеңес және оның құрамы туралы ережені бекіту;
      8) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
      "Уәкілетті органның құзыретіне:
      1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс "істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын қоспағанда, арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және тарату саласындағы мемлекеттік органдардың және басқарушы компаниялардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;
      3) осы Заңда көзделген арнайы экономикалық аймақтардың қызметін
регламенттейтін құжаттарды бекіту;
      4) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын қоспағанда, арнайы экономикалық аймақтың қызметіне қатысу үшін арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушыларын тарту;
      5) басқарушы компаниялардың ұсынымы бойынша қызметтің қосалқы түрлерінің тізбесін бекіту;
      6) басқарушы компаниялар ұсынатын мәліметтер негізінде арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу;
      7) Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақты құру немесе мерзімінен бұрын тарату туралы ұсыныс енгізу;
      8) басқарушы компаниялардың уәкілетті органға есептілікті ұсыну тәртібі мен кезеңділігін айқындау;
      9) арнайы экономикалық аумақ аймағында қызметті жүзеге асыру туралы арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компанияларымен және қатысушылары арасындағы шарттарды орындау бойынша тексеру жүргізу;
      10) жыл сайынғы негізде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақ қызметінің нәтижелері туралы есеп беру;
      11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.

      6-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың
              және астананың жергілікті атқарушы органдарының
              құзыреті
      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне:
      1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізу;
      3) осы Заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша басқарушы компанияға қатысу;
      4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақты орналастыру үшін жер учаскесін беру және басқарушы компаниямен бюджет қаражаты есебінен салынған инфрақұрылым объектілерін жалдау шартын жасасу;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Астананың жергілікті атқарушы органының құзыретіне қосымша:
      1) мемлекеттік органдар мен басқарушы компанияның «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеуі мен оны тарату саласындағы қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;
      2) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына әлеуетті қатысушыларды тарту жатады.

3-тарау. Арнайы экономикалық аймақтарды құру,
олардың жұмыс істеуі және тарату

      7-бап. Арнайы экономикалық аймақтарды құру тәртібі
      1. Арнайы экономикалық аймақтарды құру туралы ұсынысты уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес рәсімделген арнайы экономикалық аймақтар құру тұжырымдамасын ұсына отырып, арнайы экономикалық аймақтар құруға мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар уәкілетті органға енгізеді. Ұсынысты бірнеше заңды тұлғалар бірлесіп беруі мүмкін.
      2. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақтарды құру туралы ұсыныстарды енгізген күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны сарапшылық кеңеске қарауға жібереді.
      3.  Сарапшылық кеңес қорытындысының негізінде уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғаға арнайы экономикалық аймақтар құрудың орындылығы не арнайы экономикалық аймақтар құру туралы ұсыныстарды қабылдамау туралы хабарлайды.
      4. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда арнайы экономикалық аймақтар құру туралы ұсынысты қабылдамайды:
      1) сарапшылық кеңестің қорытындысы негізінде арнайы экономикалық аймақты құрудың орынсыз болуы;
      2) арнайы экономикалық аймақтарды құру туралы ұсыныстың мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеуі;
      3) ұсынылған материалдардың толық еместігі және дұрыс еместігі;
      4) ұсыныстардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеуі.
      Арнайы экономикалық аймақтар құру туралы ұсынысты қабылдамау арнайы экономикалық аймақтар құру туралы ұсыныспен кейіннен жүгінуге кедергі болып табылмайды.
      5. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлға арнайы экономикалық аймақты құрудың орындылығы туралы хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауды қамтамасыз етеді. Дайындалған техникалық-экономикалық негіздеме болжамды қаржылық-экономикалық және әлеуметтік салдарларды қамтуға, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес келуі тиіс.
      Орталық немесе жергілікті атқарушы органдар арнайы экономикалық аймақтар құру туралы ұсыныс енгізген жағдайда техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Уәкілетті орган құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін оны келісуді жүзеге асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді. Инвесторлар техникалық-экономикалық негіздеменің тәуелсіз сараптамасын жүргізе алады.
      Мемлекеттік органдар құратын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне келісу жүргізу экономикалық негіздемені уәкілетті органға берген күннен бастап үш ай ішінде аяқталуы тиіс.
      7. Техникалық-экономикалық негіздемені келісуден кейін екі ай ішінде уәкілетті орган тұжырымдаманы, қоршаған ортаға әсері бағаланған, арнайы экономикалық аймақ құрудың тиісті экономикалық негіздемесін, сарапшылық кеңестің қорытындысын қоса бере отырып, арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
      8. Арнайы экономикалық аймақтарды және құрылатын арнайы экономикалық аймақтың мақсатына сәйкес келетін қызметтің басым түрлерін құру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.
      Арнайы экономикалық аймақтарды құру туралы ережені, тиісті арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің нысаналы индикаторларын, нысаналы индикаторларға қол жетпеудің сындарлы деңгейін, «бір терезе» қағидасы бойынша АЭА аумағында ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      8-бап. Сарапшылық кеңес
      1. Сарапшылық кеңес арнайы экономикалық аймақты құру немесе тарату орындылығы туралы мәселелерді қарастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылады.
      Сарапшылық кеңестің ережесін және құрамын Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітеді.

      9-бап. Арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу
              шарттары
      1. Арнайы экономикалық аймақтар жиырма бес жылға дейінгі мерзімге құрылады.
      2. Арнайы экономикалық аймақтар мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде не Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесінің меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың иелігінен мәжбүрлеп шығарылған жер учаскелерінде құрылады. Бұл үшін қажет жер учаскелері мемлекет меншігінде болмаған жағдайда арнайы экономикалық аймақтар құру осы иеліктен мәжбүрлеп шығаруға негіз болып табылады.
      3. Арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы жер учаскелерін басқарушы компания арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына не Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға екінші рет уақытша өтеулі жер пайдалануға береді. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары үшін екінші рет уақытша өтеулі төленетін жер пайдалану шартының нысанын уәкілетті орган айқындайды.
      4. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес мемлекеттік бюджеттің және/немесе өзге де Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздер есебінен инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс.
      Басқарушы компания арнайы экономикалық аймаққа қатысушыға не қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғаға жалға беретін жер учаскесіндегі инфрақұрылым объектілерін салу немесе қайта жаңартуды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасымен айқындалады.
      Басқарушы компания арнайы экономикалық аймаққа қатысушыға не қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғаға көрсетілген тұлғаларға жалға берілген жер учаскелерінде бюджет қаражаты есебінен толық немесе жартылай құрылған инфрақұрылым объектілері жалға беріледі.
      Басқарушы компания, арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе қосалқы қызметті іске асыратын тұлға өзіне екінші рет уақытша өтеулі жер пайдалануға берілген жер учаскесі аумағында оған қажетті инфрақұрылым объектілерін өз есебінен салуды жүзеге асыруға құқылы.
      Осы Заңның 9-бабының 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жеке меншігіндегі жер учаскелеріне қатысты болмайды.
      5. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына мемлекеттік қызмет көрсеткен кезде:
      1) арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына мемлекеттік қызметті уақытылы және сапалы көрсетуді;
      2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына ақпараттық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін «бір көз» принципі қолданылады.
      6. «Бір терезе» принципі бойынша арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына мемлекеттік қызметті ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      10-бап. Арнайы экономикалық аймақты тарату
      1. Арнайы экономикалық аймақ осы арнайы экономикалық аймақ құрылған мерзім аяқталған соң таратылады. Арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі арнайы экономикалық аймақ құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті актісімен айқындалады.
      2. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің сындарлы деңгейі жағдайында арнайы экономикалық аймақты Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті мерзімінен бұрын таратады.
      3. Арнайы экономикалық аймақ таратылғаннан кейін арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының және арнайы экономикалық аймақ аумағында жер учаскесін жалға алатын қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен осы жер учаскелерін басымдықпен сатып алу құқығы бар.

      11-бап. Өтінім берушілерге қойылатын жалпы талаптар
      1. Өтінім беруші техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде арнайы экономикалық аймақ аумағындағы қызметті жүзеге асыру үшін ақшалай қаражатқа, айналымнан алынбаған өзге де мүлікке ие болуға тиіс. Өтініш берушінің қызметі арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асырылатын қызметтің мақсаттары мен түрлеріне сәйкес келуге тиіс.
      2. Өтінім беруші:
      1) жер қойнауын пайдаланушылар болып табылмауы;
      2) акцизделетін тауарларды өндірмеуге (моторлы көлік құралдарын қоспағанда) тиіс.

       12-бап. Өтінім берушінің арнайы экономикалық аймақ
                қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру және
                оны арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының
                бірыңғай тізіліміне қосу үшін берілетін құжаттар
      1. Арнайы экономикалық аймаққа қатысушының қызметі өтінім беруші уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінім негізінде онымен басқарушы компания жасасатын шартқа сәйкес және негізде жүзеге асырылады.
      2. Өтінімге қағаз және электрондық тасығыштағы мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінім берушінің сауалнамасы;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу / қайта тіркеу туралы куәліктің нотариалдық куәландырылған көшірмесі;
      3) өтінім берушінің бірінші басшысының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалдық куәландырылған көшірмесі;
      4) салық төлеуші куәлігінің нотариалдық куәландырылған көшірмесі немесе сәйкестендіру нөмірі бар (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап) құжаттың нотариалдық куәландырылған көшірмесі. Егер заңды тұлға Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмесе, онда Қазақстан Республикасының салық қызметі органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеудің жоқтығы туралы ақпараттың көшірмесі ұсынылады;
      5) заңды тұлға жарғысының нотариалдық куәландырылған көшірмесі;
      6) арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы заңды тұлғаның жоғары органы шешімінің нотариалдық куәландырылған көшірмесі;
      7) өтінім берушінің бірінші басшысы немесе оны алмастыратын тұлға, сондай-ақ, бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған соңғы есептік күнге қаржылық есептіліктің көшірмесі. Егер заңды тұлға құрылған сәттен бастап үш ай етпеген жағдайда, қаржылық есептілік көшірмесі ұсынылмайды;
      8) уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін техникалық-экономикалық негіздеме;
      9) соңғы қаржы жылындағы шоттар бойынша орташа айлық айналымдарды көрсете отырып, өтінім берушінің қаржылық жағдайы туралы (картотека және несиелік берешектер бойынша мәліметтер) қызмет көрсететін банк анықтамасы;
      10) салықтар және бюджетке өзге де міндетті төлемдер бойынша берешектің болуы немесе болмауы туралы тіркеуді есепке алу орны бойынша салық қызметі органынан анықтама. Егер заңды тұлға Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, онда Қазақстан Республикасының салық қызметі органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеудің жоқтығы туралы анықтама көшірмесі ұсынылады.
      Егер Қазақстан Республикасы, Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылмайтын заңды тұлғалар ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленсе, осы баптың 2-тармағының 2), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттар, сондай-ақ, қосымша берілетін сауда тізілімінен үзінді немесе заңды тұлғаның заңнама бойынша шетелдік мемлекеттің заңды тұлғасы болып табылатынын куәландыратын өзге де құжат заңдастырылып, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нотариалдық куәландырылған көшірмесімен ұсынылуға тиіс.

      13-бап. Арнайы экономикалықтың аймақ қатысушысы ретінде
               қызметті жүзеге асыруға арналған өтінімді
               қарастыру рәсімдері
      1. Өтінім беруші өтінім бергеннен кейін басқарушы компания:
      1) өтінімді ол берілген күні өтінімдерді тіркеу журналына тіркейді;
      2) ұсынылған құжаттардың толық пакетін тексереді;
      3) ұсынылған құжаттар белгіленген тізбеге сәйкес келмеген жағдайда өтінімді оны берген күні қараусыз қайтарады. Өтінімді қайтару өтінім берушіні жіберілген кемшіліктерді жойғаннан кейін қайта өтінім бере отырып, басқарушы компанияға жүгіну құқығынан айырмайды.
      2. Басқарушы компания мәлімденген қызмет түрінің басым қызмет түрлеріне сәйкес келмеген жағдайда, өтініш берушімен арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасаудан бас тартады.
      3. Қызмет түрінің басым қызмет түрлеріне сәйкес келген жағдайда Басқарушы компания уәкілетті органнан тиісті шешім алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш берушімен арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасайды.
      4. Басқарушы компания арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін қоса бере отырып, бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.
      Басқарушы компаниядан арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу туралы хабарлама алғаннан кейін уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне өтініш беруші туралы мәліметтерді енгізеді.
      5. Басқарушы компания арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бұл туралы салық қызметіне және кеден органдарына хабарлайды.
      6. Салық қызметі органдары мен кеден органдары басқарушы компаниядан арнайы экономикалық аймақ қатысушысын тіркеу туралы құжаттарды алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақ қатысушысын есепке алуды жүзеге асырады.
      7. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркеу туралы куәліктің негізінде арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы арнайы экономикалық аймақтың шегінде өзінің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін тоқтатады.
      8. Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарт мына жағдайларда күшін жояды:
      1) арнайы экономикалық аймақ таратылған;
      2) арнайы экономикалық аймақ қатысушысымен арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттың мерзімі аяқталған немесе мерзімінен бұрын бұзылған;
      3) залал келтірілген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын мөлшерде бюджетке залал келтірген құқық бұзушылықты арнайы экономикалық аймақ қатысушысының жасағаны туралы соттың шешімі заңды күшіне енген жағдайда уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Басқарушы компания әрекет ету аумағында арнайы экономикалық аймақ тұрған салық қызметі органдары мен кеден органдарына арнайы экономикалық аймақ қатысушысымен арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттың күші жойылғаны туралы хабарлайды.

      14-бап. Арнайы экономикалық аймақ аумағында қосалқы
               қызметті жүзеге асыруға тұлғаларды жіберу үшін
               берілетін құжаттар
      1. Қосалқы қызмет арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен жасалатын шартқа сәйкес және оның негізінде арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асырылады, онда қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғаны кіргізу рәсімін өту үшін мерзім көзделуі тиіс.
      2. Заңды тұлға басқарушы компанияға қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлға ретінде кіруге арналған өтінімді уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсынады.
      3. Өтінімге қағаз және электронды тасығыштағы мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша сауалнама;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
      3) бірінші басшының жеке куәлігінің көшірмесі;
      4) салық төлеуші куәлігінің көшірмесі (2012 жылғы 1 қаңтарға дейінгі), сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың көшірмесі (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап). Егер заңды тұлға Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмесе, онда Қазақстан Республикасының салық қызметі органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеудің болмауы туралы анықтаманың көшірмесі ұсынылады;
      5) заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
      6) арнайы экономикалық аймақ қатысушымен жасалған шарттың көшірмесі.
      Егер, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылмайтын заңды тұлғалар, осы баптың 2-тармағының 2), 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттар, сондай-ақ қосымша ұсынылатын сауда тізілімінен үзінді көшірмесі немесе заңды тұлға шетел мемлекетінің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа құжат заңдастырылуға, әрі мемлекеттік және орыс тілдерінде нотариалдық куәландырылған аудармасымен ұсынылуға тиіс.

      15-бап. Тұлғаларды арнайы экономикалық аймақ аумағында
               қосалқы қызметті жүзеге асыруға кіргізу
               негіздемесі мен рәсімі
      1. Қосалқы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға ретінде кіргізуге өтінім түскен кезде басқарушы компания:
      1) ұсынылған құжаттардың осы Заңның 14-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесіне сәйкестігін тексереді;
      2) қосалқы қызметтің мәлімделген түрін уәкілетті орган бекіткен қосалқы қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкестігін тексереді;
      3) өтінімді өтінімдерді тіркеу журналына тіркейді. Өтінімнің тіркелген күні оның берілген күні болып табылады.
      2. Берілген құжаттар осы Заңның 14-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесіне сәйкес келген жағдайда және мәлімделген қызмет түрінің уәкілетті орган бекіткен қосалқы қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келген жағдайда, өтінімді берген заңды тұлға арнайы экономикалық аймақ аумағында қосалқы қызметті жүзеге асыруға жіберілген болып саналады.
      Басқарушы компания өтінім тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінім берген заңды тұлғаға, сондай-ақ жұмыс істейтін аймақтағы арнайы экономикалық аймақ орналасқан кеден органына арнайы экономикалық аймақ аумағында қосалқы қызметті жүзеге асыруға заңды тұлғаны кіргізу туралы хабарлайды.
      3. Ұсынылған құжаттар осы Заңның 11-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесіне сәйкес келмеген және (немесе) мәлімделген қызмет түрінің уәкілетті орган бекіткен қосалқы қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келмеген жағдайда басқарушы компания өтінім тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінімді қайтарады. Өтінімді қайтару заңды тұлғаның жол берілген кемшіліктерді жойғаннан кейін басқарушы компанияға қайта өтініммен жүгіну құқығынан айырмайды.

      16-бап. Арнайы экономикалық аймақ аумағында коммуналдық
               қызметтерді ұсыну
      Арнайы экономикалық аймақ аумағында электр, жылу энергиясымен, газбен, сумен жабдықтауды жүзеге асырушы және коммуналдық қызмет көрсетуші жеткізушілер осындай қызметтің өзге тұтынушылары үшін ұқсас осындай қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.

4-тарау. Арнайы экономикалық аймақты басқару

      17-бап. Басқарушы компанияның функциялары
      1. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларына:
      1) арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу мәселесі бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
      2) жер учаскелерін екінші рет уақытша өтеулі жер пайдалануға беру және арнайы экономикалық аймақ қатысушылары мен қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға инфрақұрылым объектілерін жалға беру (қосалқы жалға беру);
      3) арнайы экономикалық аймаққа қатысушылармен арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды жасау және бұзу;
      4) арнайы экономикалық аймаққа қатысушылардың жыл сайынғы есептерінің негізінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақтың қызметі туралы ақпаратты ұсыну;
      5) арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушыларын тарту;
      6) инфрақұрылым объектілерін салу үшін және арнайы экономикалық аймақтың өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту;
      7) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына екінші рет уақытша өтеулі жер пайдалануға берілмеген жер учаскелеріне бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес инфрақұрылым объектілерін салуды жүзеге асыру жатады.

      18-бап. Басқарушы компанияны құру
      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың жергілікті атқарушы органы (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) арнайы экономикалық аймақты құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің актісі қолданысқа енгізілгеннен кейін басқарушы компанияны құру туралы және/немесе құруға қатысу туралы шешім қабылдануы тиіс.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе аумағында арнайы экономикалық аймақ орналасқан облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ заңды тұлғалар, оның ішінде басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық аймақты басқару тәжірибесі бар тұлғалар Басқарушы компанияның құрылтайшысы бола алады.
      Арнайы экономикалық аймақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының атынан Қазақстан Республикасының орталық немесе жергілікті атқарушы органдардың бастамасы бойынша құрылған жағдайда егер арнайы экономикалық аймақ құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен өзгеше белгіленбесе, басқарушы компания шығарған дауыс беруші акциялардың елу пайыздан астамы тиесілі болуға тиіс.
      Арнайы экономикалық аймақ заңды тұлғалардың бастамасы бойынша құрылған жағдайда, Қазақстан Республикасына басқарушы компания шығарған дауыс беруші акциялардың кемінде жиырма бес пайызы тиесілі болуға тиіс.
      3. Басқарушы компанияның жарғылық капитал мөлшері:
      арнайы экономикалық аймақ құрылғаннан кейін кемінде екі жыл ішінде арнайы экономикалық аймаққа бөлінген жер учаскесін игеру және қызмет көрсету бойынша шығыстарды;
      инфрақұрылымды дамыту және арнайы экономикалық аймақты басқару үшін қажетті жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алуды және (немесе) оларды салуды;
      арнайы экономикалық аймақтың ішкі инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалау-құрылыс жұмыстары мен өзге де күрделі шығындарды арнайы экономикалық аймақты құрудың экономикалық негіздемесіне сәйкес төленуін;
      экономикалық аймақта жұмыс істейтін алғашқы екі жыл ішінде басқарушы компанияның әкімшілік шығындарын төлеуді қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиіс.
      4. Басқарушы компанияның бірінші құрылтай жиналысы Қазақстан
Республикасының басқарушы компанияны құруға қатысуы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдаған күнінен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
      5. Басқарушы компания заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте арнайы экономикалық аймақтың орналасқан орны бойынша тіркеледі.

      19-бап. Басқарушы компанияның қызметін қаржыландыру
      1. Басқарушы компанияның қызметін қаржыландыру мыналар есебінен жүзеге асырылады:
      1) уәкілетті органмен айқындалған тәртіпте және көлемде арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына басқарушы компания ұсынатын қызмет үшін сыйақы;
      2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;
      3) жылжымайтын мүлік (жер учаскелері, инфрақұрылым объектілері, өзге де мүлік) объектілерін жалға және немесе қосалқы жалға беруден түсетін табыс;
      4) басқарушы компанияның қызметінен түсетін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де кірістер.

      20-бап. Басқарушы компанияны тарату
      1. Арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі біткеннен немесе арнайы экономикалық аймақты мерзімінен бұрын тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін, басқарушы компанияның акционерлері, осы бапта көрсетілген жағдайдың біреуі басталған күннен бастап, қырық бес күнтізбелік күннен кешіктірмей басқарушы компанияның таратылғаны туралы шешім қабылдауы тиіс.
      2. Басқарушы компанияның таратылуы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
      Басқарушы компанияның таратылуы туралы шешімді басқарушы компанияның акционерлері қабылдамаған жағдайда, басқарушы компания мәжбүрлеу тәртібімен таратылуға жатады.

5-тарау. Арнайы экономикалық аймақтың құқықтық режимі және
жұмыс істеу шарттары

      21-бап. Арнайы экономикалық аймаққа қатысушылардың қызметі
      1. Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің басым және қосымша түрлері жүзеге асырылуы мүмкін.
      2. Құрылатын арнайы экономикалық аймақтың мақсаттарына сәйкес келетін басым қызмет түрлері Қазақстан Республикасының Арнайы экономикалық аймақтар құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен белгіленеді.

      22-бап. Арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі
      1. Арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін ерекше жағдайлар ұсынуды білдіретін Қазақстан Республикасының салық, кеден және өзге де заңнамасында белгіленген арнайы құқықтық режим қолданыста болады.
      2. Арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына ғана қатысты болады.

      23-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына салық салу
      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бюджетке төленетін салықтар және басқа да міндетті төлемдер салынады.

      24-бап. Арнайы экономикалық аймақтардағы кедендік реттеу
      1. Арнайы экономикалық аймақ аумағында немесе оның бөлігінде еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі қолданыста болады.
      Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі қолданыста болатын арнайы экономикалық аймақтың шекаралары Арнайы экономикалық аймақтар құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес айқындалады.
      2. Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кедендік заңнамаларына сәйкес қолданылады.
      3. Арнайы экономикалық аймақтың аумағы Кеден одағының кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады.
      4. Еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағы кедендік бақылау аймағы болып табылады. Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағында кедендік бақылауды Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кедендік заңнамаларына сәйкес кеден органдары жүзеге асырады.

      25-бап. Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімдеріне
               орналастырылатын тауарлар
      Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасында айқындалған тәртіпте және жағдайға еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімдеріне орналастырылатын еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақ аумағына әкелінген тауарлар және салықтар, кедендік баждар, сондай-ақ тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсаттары үшін Кеден одағының кедендік аумағынан тыс ретінде қаралады.

      26-бап. Шетелдік жұмыс күшін тарту
      1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шетелдік қызметкерлердің санаттарын шетелдік жұмыс күшін тарту рұқсатын алмай тартуға құқылы.
      2. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды үйлестіретін орталық атқарушы орган белгілеген тәртіппен және нысанда арнайы экономикалық аймақ орналасқан аумақтағы жергілікті атқарушы органға шетелдік жұмыс күшін тарту туралы ақпаратты беруге міндетті.
      3. Жұмысқа виза беру, шетелдік азаматтарды көші-қон есебіне алу көші-қон саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      27-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын
               құқықтық қорғау кепілдігі
      1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен және Республиканың өзге де нормативтік құқықтық актілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен қамтамасыз етілетін құқықтар мен мүдделерді қорғауға кепілдік беріледі.
      2. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес келмейтін актілерді шығаруы нәтижесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес осы органдардың лауазымдық тұлғаларының заңсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) салдарынан оған келтірілген зиянды өтеуге құқығы бар.
      3. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысының мүлкін ықтиярсыз алуға (мемлекет иелігіне алу, реквизиция) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет мұқтажы үшін рұқсат етіледі.
      4. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асырудан алынған табысты өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      28-бап. Өтпелі ережелер
      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар оларды тарату немесе осы экономикалық аймақ құрылған мерзімнен өтуі туралы шешім қабылданғанға дейін өз мәртебесін сақтайды. Арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері (дирекциялары) басқарушы компания құрғанға дейін, бірақ уәкілетті орган айқындаған мерзімнен аспайтын мерзімге басқарушы компанияның функцияларын орындауы мүмкін.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтарды басқару үшін оператор компаниялар тартылған арнайы экономикалық аймақтарда осы компаниялар оларды жаңадан құрылған басқарушы компаниялар бергенге дейін, бірақ осы Заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде басқарушы компаниялардың функцияларын орындауы мүмкін. Басқарушы компанияның функцияларын арнайы экономикалық аймақтар үшін тартылған оператор компанияның орындауы туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.
      3. Басқарушы компания құрылған күннен бастап арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі (дирекциясы) басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймаққа қатысты барлық құжаттар мен ақпаратты беруге міндетті, одан кейін осы әкімшілік (дирекция) таратылуға тиіс.
      4. Басқарушы компания құрылған күннен бастап уәкілетті орган мен оператор компаниялар арасында жасалған шарттар бұзылуға тиіс.

      29-бап. Қорытынды ережелер
      1. Осы Заң оның бірінші ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі № 274-ІІІ Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 14, 104-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті