Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру шарттарын және "Досжан темір жолы (ДТЖ)" акционерлік қоғамына кредит беру шарттарын айқындау

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 желтоқсандағы № 1376 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 22 желтоқсандағы № 2162 қаулысына сәйкес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - қарыз алушы) кейіннен «Досжан темір жолы (ДТЖ)» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - «Досжан темір жолы (ДТЖ)» АҚ) 3640000000 (үш миллиард алты жүз қырық миллион) теңге сомасында кредит беру үшін 051 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген бюджеттік кредит берілсін.
      2. «Досжан темір жолы (ДТЖ)» АҚ-на кредит беру үшін қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
      1) кредиттің мақсаты «Шар - Өскемен» теміржол желісі құрылысының жобасын іске асыру болып табылады;
      2) кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шартымен негізгі борышты өтеу жөнінде алты жылдық жеңілдік кезеңмен 20 (жиырма) жыл мерзімге, 0,25 (нөл бүтін жүзден жиырма бес) пайызға тең жылдық сыйақы ставкасы бойынша беріледі;
      3) «Досжан темір жолы (ДТЖ)» АҚ кредит беруге арналған сыйақы ставкасы жылдық 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайыздан аспауы тиіс;
      4) негізгі борышты өтеуді қарыз алушы осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жеңілдік кезеңінің мерзімі аяқталған соң тең үлестермен жүзеге асырады;
      5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жарты жылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны алғашқы төлеу қарыз алушыға кредит бөлінген сәттен бастап 6 (алты) ай өткен соң жүргізіледі;
      6) қарыз алушы үшін игеру кезеңі кредит қарыз алушының шотына аударылған күннен бастап 3 (үш) жылды құрайды.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі - кредит беруші), Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (бұдан әрі - әкімші) және қарыз алушы кредит шартының тараптары болып табылады.
      4. Кредит қарыз алушының міндеттемелерін қамтамасыз етпей бөлінеді.
      5. Кредит беруші мен әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 3-тармағында көрсетілген кредит шартын жасасуды қамтамасыз етсін.
      6. Қарыз алушы осы қаулының 3-тармағында көрсетілген кредит шарты жасалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде «Досжан темір жолы (ДТЖ)» АҚ шотына кредит сомасын аударуды қамтамасыз етсін.
      7. Әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және оның мониторингін қамтамасыз етсін.
      8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов