Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 ақпандағы № 84 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғалымдар үйі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Орталық ғылыми кітапхана» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны оларды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі - кәсіпорын) біріктіру жолымен қайта ұйымдастырылсын.
      2. Құрылатын кәсіпорынға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен «Ұлттық ғылыми кітапхана» еншілес мемлекеттік кәсіпорнын құруға рұқсат етілсін.
      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы болып белгіленсін.
      4. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні ғылым және білім саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру болып белгіленсін.
      5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысын бекітуге енгізсін және оның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      6. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2010 жылғы 11 ақпандағы
№ 84 қаулысымен      
бекітілген    

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен.
      2. «Алматы қаласының аумағында орналасқан ұйымдар мен объектілерге қатысты мемлекеттік меншік түрлері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 9 қарашадағы № 1141 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 41, 371-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік республикалық меншікте қалатын ұйымдардың, сондай-ақ тұрғын емес қор объектілерінің тізбесінде:
      реттік нөмірі 263-жолда «Мекемелер мен ұйымдардың атауы» деген бағанда «Ғалымдар үйі» деген сөздер «Ғылым ордасы» деген сөздермен ауыстырылсын.
      3. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 шілдедегі № 700 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 27, 290-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
      «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар» деген 1-бөлімде:
      реттік нөмірі 15-жол алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 15-1-жолмен толықтырылсын:
      «15-1. «Ғылым ордасы»;
      реттік нөмірі 16-жол алынып тасталсын.
      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.