Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Үкіметінің 21.08.2020 № 530 қаулысымен.
"Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі Заңының 17-бабы 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Төлеушінің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 7 мамырдағы N 662 қаулысымен бекітілген |
Төлеушінің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру ережесі
1. Осы Төлеушінің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру ережесі "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 17-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және әлеуметтік аударымдар бойынша берешек қалыптасқан кезде төлеушінің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру тәртібін айқындайды.
2. Әлеуметтік аударымдар бойынша берешек қалыптасқан кезде салық органдары төлеушіге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімдерін салық органына ұсыну туралы хабарлама жібереді. Хабарлама нысанын салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) белгілейді.
3. Төлеушінің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Заңның 17-бабының 2-1-тармағында көзделген талаптарды орындау мүмкін болмаған кезде төлеушінің банктік шоттары болмаған немесе банктік шоттарында ақшасы жеткіліксіз болған жағдайда жүргізіледі.
4. Төлеушінің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім (бұдан әрі - өкім) уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша екі данада жасалады, олардың біреуі төлеушінің қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге тәсілмен тапсырылады.
5. Төлеуші өкімді алған сәттен бастап кассаға түсетін барлық қолма-қол ақша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылуға тиіс.
6. Өкімді төлеуші бұлжытпай орындауға тиіс.
7. Төлеушінің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептері жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей өкімді шығарған салық органы өкімнің күшін жояды.