Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің білім беруге 2009 жылға арналған республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 6 ақпандағы N 118 Қаулысы

      "2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Заңының 12 ,  18 және 19 -баптарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің білім беруге 2009 жылға арналған республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттердің бекітілген сомаларын аударуды;
      2) облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану мониторингін қамтамасыз етсін.
      3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      1) бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің уақтылы және мақсатты пайдаланылуын;
      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне 25 қаңтарға дейінгі мерзімде осы қаулымен бекітілген Ереженің 5-тармағында көзделген ақпаратты ұсынуды;
      3) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейін бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы есептер ұсынуды қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 6 ақпандағы
N 118 қаулысымен  
бекітілген      

Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің білім беруге 2009 жылға арналған республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесі

      1. Осы Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің білім беруге 2009 жылға арналған республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесі республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді мынадай республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша пайдалану тәртібін айқындайды:
      013 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне кәсіптік лицейлер үшін шетелдік ағылшын тілі оқытушыларын тартуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер";
      029 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жаңадан пайдалануға берілетін білім беру объектілерін ұстауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер";
      048 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне негізгі орта және жалпы орта білім беретін мемлекеттік мекемелердегі физика, химия, биология кабинеттерін оқу жабдығымен жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер";
      058 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін мемлекеттік мекемелерде лингафондық және мультимедиалық кабинеттер құруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер";
      076 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне мемлекеттік білім беру жүйесінде оқытудың жаңа технологияларын енгізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер".
      2. Ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және мемлекеттік сатып алу туралы  заңнамасына   сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Лингафондық және мультимедиалық кабинеттерді, физика, химия, биология кабинеттерінің оқу жабдықтарын, 2008 жылы ішінара жарақтандырылған жалпы білім беретін мектептердің интерактивтік оқыту кабинеттерін мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарды бірыңғай ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі болады.
      4. Мемлекеттік білім беру жүйесінде оқытудың жаңа технологияларын енгізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды Қазақстан Республикасының сатып алу туралы заңнамасына сәйкес қолда бар жабдықпен, жұмыспен және көрсетілетін қызметтермен үйлесімділігін қамтамасыз етуді ескере отырып білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
      5. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар 25 қаңтарға дейінгі мерзімде лингафондық және мультимедиалық кабинеттерді, физика, химия, биология кабинеттерінің оқу жабдықтарын, жете жарақтандырылатын жалпы білім беретін мектептердің интерактивтік оқыту кабинеттері үшін жабдықтарды соңғы алушыларды айқындайды және оларды пайдалану мониторингін жүзеге асырады.
      6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім беру саласындағы атқарушы органдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне тоқсан сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі белгілеген нысан бойынша лингафондық және мультимедиалық кабинеттерді, физика, химия, биология кабинеттерінің оқу жабдықтарының, жете жарақтандырылатын жалпы білім беретін мектептердің интерактивтік оқыту кабинеттері үшін жабдықтарды мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың жасалуы және орындалуы туралы есептерді ұсынады.
      7. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерде келтірілген айлар бойынша ағымдағы нысаналы трансферттерді бөлуге сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерді айдың алғашқы 5 жұмыс күнінде (қаңтар айының 25-күнінен кешіктірмей) аударуды жүргізеді.
      8. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне:
      1) мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оның ішінде лингафондық және мультимедиалық кабинеттерді құруға, физика, химия, биология кабинеттерін оқу жабдықтарымен жарақтандыруға, білім беру саласындағы мемлекеттік жүйеге жаңа оқыту технологияларын енгізу жөніндегі тауарлар мен қызметтерді сатып алуға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың негізінде жүзеге асырылады;
      2) жаңадан пайдалануға берілетін білім беру объектілерін ұстау бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қабылдау комиссиясы бекіткен білім беру объектілерін пайдалануға беру актілері ұсынылған жағдайда жүзеге асырылады;
      3) кәсіптік лицейлер үшін шетелдік ағылшын тілі оқытушыларын тартуға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан   Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек шарттары негізінде жүзеге асырылады.
      Ағымдағы нысаналы трансферттер күрделі шығыстарды қоспағанда, жаңадан пайдалануға берілетін білім беру объектілерін ұстауға байланысты ағымдағы шығыстарға бөлінеді.
      9. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде есептілікті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсынады.