"Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамын құрудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 1 қарашадағы N 996 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - қоғам) құрылсын.
      2. Қоғам қызметінің мәні мыналар болып анықталсын:
      1) екінші деңгейдегі банктердің сыныпталған активтерін, олар бойынша кепілдікті қамтамасыз етуді сатып алу және активтерді басқару;
      2) қаражатты екінші деңгейдегі банктерге негізделген орналастыру және өзге қаржы ұйымдарына кредит беру.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.10.09 N 1553 Қаулысымен.
      3. Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыру 2008 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен 52040168000 (елу екі миллиард қырық миллион бір жүз алпыс сегіз мың) теңге мөлшерінде жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) қоғамның жарғысын бекітуді және оны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;
      2) негізгі шарттардың бірі қоғамның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету деп белгілей отырып, қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына сенімді басқаруға беруді;
      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
      1) "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі N 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-110-жолмен толықтырылсын:
      "21-110. "Стресті активтер қоры" АҚ";
      2) күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.
      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов