Қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 16 қазандағы N 955 Қаулысы

      2004 жылғы 24 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 58-бабының 15-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2008 жылғы 16 қазандағы
N 955 қаулысымен   
бекітілген      

Қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастыру ережесі

      1. Осы Қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастыру ережесі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 58-бабының 15-1) тармақшасына сәйкес әзірленді әрі республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастыру тәртібін айқындайды.
      2. Қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалар тізбесі (бұдан әрі - жобалар тізбесі) - бұл мемлекеттік қолдау түрінің бірімен бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландыруды ұсыну ұйғарылып отырған концессияға берілуі мүмкін объектілер тізбесі.
      3. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары концессия саласындағы заңнамада көзделген тәртіппен экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға концессияға берілуі мүмкін және қоса қаржыландыруды талап ететін объектілер бойынша ұсыныстар енгізеді.
      4. Мыналар:
      1) техникалық-экономикалық негіздеменің болуы;
      2) техникалық-экономикалық негіздеменің экономикалық сараптамасының оң қорытындысы;
      3) концессиялық жобаны бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен және республикалық меншіктің қолданыстағы объектілері бойынша республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу;
      4) бюджет комиссиясының оң шешімі жобалар тізбесін қалыптастыруға негіз болып табылады.
      5. Жобалар тізбесін қалыптастыруды және бекітуді бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) тізбесінің құрамында бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган жүзеге асырады.