Өз қызметін концессия шарттары бойынша жүзеге асыратын табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тарифтерін (бағаларын, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін қалыптастыру ережесін бек

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 қыркүйектегі N 864 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 435 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.05.2014 № 435 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңының 15-1-бабының 2-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.03.03. N 237 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      1. Қоса беріліп отырған Өз қызметін концессия шарттары бойынша жүзеге асыратын табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тарифтерін (бағаларын, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін қалыптастыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2008 жылғы 18 қыркүйектегі
N 864 қаулысымен    
бекітілген       

Өз қызметін концессия шарттары бойынша жүзеге асыратын табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тарифтерін (бағаларын, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін қалыптастыру ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Өз қызметін концессия шарттары бойынша жүзеге асыратын табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тарифтерін (бағаларын, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін (бұдан әрі - тариф) қалыптастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес концессия шарттары бойынша өз қызметтерін жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектілерінің (бұдан әрі - концессия субъектісі) реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында әзірленді.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.03.03. N 237 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      2. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) тарифтің шығын бөлігі - тарифті және тарифтік сметаларды бекіту кезінде ескерілетін концессия субъектісінің қызметтер көрсетуіне байланысты шығындардың жиынтығы. Осы шығындар реттеліп көрсетілетін қызметтің (тауардың, жұмыстың) өзіндік құнын және кезең шығыстарын (жалпы және әкімшілік шығыстар, сату жөніндегі шығыстар, сыйақылар төлеу жөніндегі шығыстар) қамтиды;
      2) концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтері (тауарлары, жұмыстары) - табиғи монополия саласында концессия субъектісі ұсынатын және белгілі бір тауарды тұтынушыға беру түріндегі қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну жағдайларын қоса алғанда, уәкілетті органның мемлекеттік реттеуіне жататын қызметтер (тауарлар, жұмыстар);
      3) уәкілетті орган - табиғи монополиялар аясындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      3. Ереже реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсынатын және өз қызметін концессия шарттары бойынша жүзеге асыратын концессия субъектілеріне қолданылады.
      4. Концессия шартында айқындалған концессия жобасының өтелімділігі кезеңінде концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер салынған қаражаттың қайтарылуын ескере отырып қалыптасады.
      Бұл ретте концессия шартында айқындалған концессия жобасы өтелімділігінің мерзімі аяқталғаннан кейін концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер салынған қаражатты ескерместен қалыптасады.
      5. Тарифтерді қалыптастыру реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша және тұтастай өзге қызмет бойынша табыстардың, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтердің бөлек есебінің негізінде жүзеге асырылады.
      Реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифтерді қалыптастыру кезінде шығындар осы Ереженің талаптары ескеріле отырып енгізіледі. Шығындардың баптарын қалыптастыру бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      Есеп саясатын концессия субъектісі оны уәкілетті органмен келіскеннен кейін қабылдайды.

2. Мемлекеттік меншіктің қолда бар объектілері пайдалануға берілген концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер қалыптастыру тәртібі

      6. Концессия субъектісінің тарифіне енгізілетін шығындарды реттеу тарифтің шығын бөлігіне енгізілетін шығындар түрлерін және концессия субъектісінің шығыстар деңгейін шектеу жолымен жүзеге асырылады.
      7. Шығын бөлігіне енгізілетін материалдық шығыстар өнімнің (қызметтердің, тауарлардың, жұмыстардың) бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, энергия (бұдан әрі - материалдық ресурстар) шығысының техникалық және технологиялық нормаларына және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тендерлік (конкурстық) сатып алудың нәтижелері бойынша айқындалған материалдық ресурстардың бағаларына сүйене отырып анықталады.
      8. Концессия субъектісіне мемлекеттік бюджеттің қаражатынан бөлінетін субсидия, шығыстарға бағытталған, тарифтің шығын бөлігінде ескерілмеген субсидияларды қоспағанда, тарифтің шығын бөлігін кемітуге қарай ескеріледі.
      9. Аудиторлық, консалтингтік, маркетингтік қызметтерге және мердігерлік тәсілмен жүргізілетін жөндеу жұмыстарына, бөгде ұйымдар жүзеге асыратын өндірістік сипаттағы, Қазақстан Республикасының   заңнамасында белгіленген тәртіппен сатып алынатын басқа да қызметтерге арналған шығыстар тарифтің шығын бөлігіне енгізіледі.
      10. Уәкілетті орган бекіткен нормативтік техникалық ысыраптарға байланысты шығыстар тарифтің шығын бөлігіне енгізіледі. Концессия субъектісі:
      өңірлік және (немесе) жергілікті деңгейдегі желілер арқылы электр энергиясын беру және (немесе) тарату жөніндегі;
      жылу энергиясын беру және (немесе) тарату жөніндегі;
      табиғи газды таратушы құбыржолдар арқылы тасымалдау жөніндегі қызметтерді;
      су шаруашылығы жүйесі қызметтерін көрсеткен жағдайда тарифтің шығын бөлігінде уәкілетті орган тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органымен бірлесіп бекіткен инвестициялық бағдарлама (жоба) болған кезде нормативтен тыс ысыраптардың құны қызметті сату көлемінен 0,8 пайыз мөлшерінде ескеріледі.
      11. Концессия субъектісі негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін ағымдағы мен күрделі жөндеулерге және басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына бағыттайтын қаражаттар уәкілетті органмен келісілген шығындардың жылдық сметасына сүйене отырып, тарифтің шығын бөлігіне енгізіледі.
      12. Шығындарға енгізілетін өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстары концессия субъектісі персоналының нормативтік санынан  және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарында көзделген тұтыну бағасы индексінің болжамды өзгеруі есебімен қолданыстағы тарифтерде қабылданған орташа айлық жалақыдан аспайтын нақты санына сүйене отырып анықталады.
      Шығындарға енгізілетін әкімшілік персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстары концессия субъектісі персоналының нормативтік санынан аспайтын нақты санына сүйене отырып анықталады.
      Ереженің осы тармағында көрсетілген персоналдың нормативтік санын уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен бекітеді.
      Концессия субъектісі басшыларының, олардың орынбасарларының, бас (аға) бухгалтерлерінің және әкімшілік персоналдың басқа да қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары бойынша шығындарға енгізілетін концессия субъектілері әкімшілік персоналының еңбегіне ақы төлеу шығыстары штат кестесіне сәйкес концессия субъектісі қызметкерлерінің лауазымдық жалақысының 15 еседен аспайтын ең жоғарғы және ең төменгі деңгейінің арасындағы ара салмағы негізінде лимиттеледі.
       Еңбек заңнамасына сәйкес еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген еңбек жағдайларына қосымша ақы және үстемеақы төлеуге байланысты шығыстар осы Ереженің 22-тармағында көрсетілген шығыстарды қоспағанда, тарифтерді қалыптастырған кезде ескеріледі.
      Сыйлықақы беру және жалақыға берілетін сыйақылардың басқа да түрлерінің шығыстары тарифтің шығын бөлігіне енгізілмейді.
      Уәкілетті орган осындай немесе ұқсас қызмет түрімен айналысатын концессия субъектілеріне еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығындарды салыстырып талдау негізінде, сондай-ақ концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің көлемі қысқарған жағдайда тарифтерге енгізілетін әкімшілік және (немесе) өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстарын төмендету немесе көтеруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      13. Тарифке тікелей (біркелкі) әдіс бойынша есептелген негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары енгізіледі. Уәкілетті органмен келісім бойынша амортизациялық аударымдарды есептеудің өзге де әдістерін қолдануға болады.
      14. Уәкілетті орган концессия субъектісіне негізгі құралдарға қайта бағалау жүргізуді келіседі.
      Уәкілетті орган концессия субъектісі негізгі құралдарға қайта бағалауды жүргізгеннен кейін тарифтің шығын бөлігіне амортизациялық аударымдардың ұлғаюын кезең-кезеңмен енгізуі мүмкін.
      15. Амортизациялық аударымдар негізгі құралдар құнының өсуіне алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, концессиялық жобаларды, инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталады.
      16. Қоршаған ортаға эмиссия үшін ақы төлеу жөніндегі шығыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ставкаларға, ақы төлеу тәртібі мен шарттарына сәйкес анықталады.
      17. Кезең шығыстарында заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген концессия субъектісінің концессиялық жобасын іске асыру үшін қарыз қаражатына сыйақы төлеу шығыстары ескеріледі.
      Концессиялық жобаны іске асыру үшін ұлттық валютада алынған қарыз қаражаттары бойынша сыйақы төлеу шығыстары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2 есе ресми ставкасын қолдана отырып есептелген сома шегінде тарифті (бағаны, алым ставкасын) есептеу кезінде ескеріледі.
      Концессиялық жобаны іске асыру үшін шетел валютасында алынған қарыз қаражаттары бойынша сыйақы төлеу шығыстары Лондон банкаралық нарығының 4 есе ставкасын қолдана отырып есептелген сома шегінде тарифті (бағаны, алым ставкасын) есептеу кезінде ескеріледі.
      Шетел валютасында алынған қарыз қаражаттары үшін сыйақы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарының негізгі көрсеткіштерінің және Қазақстан Республикасы республикалық бюджетінің болжамды көрсеткіштерінің негізінде шетел валютасына теңге бағамының болжамды өзгеруін ескере отырып, тарифтің шығын бөлігіндегі кезең шығыстарында ескеріледі.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ставкасы мен Лондон банкаралық нарығының ставкасы концессия субъектісінің тарифін және тарифтік сметасын бекітуге өтінім берілген күнге қолданылады.
      18. Кезең шығыстарында ескерілетін міндетті сақтандыру түрлерінің, салықтардың, алымдар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің шығыстары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ставкаларға, ақы төлеу тәртібі мен шарттарына сәйкес айқындалады.
      19. Уәкілетті органның бастамасы бойынша тарифті және тарифтік сметаны бекіткен жағдайда уәкілетті орган жалпы шаруашылық және әкімшілік мақсаттағы шығыстарды Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарында көзделген тұтыну бағалары индексінің болжамды өзгеруін ескере отырып, қолданыстағы тарифтерде қабылданған шығыстардың шегінде тарифтерге енгізеді.
      20. Уәкілетті орган концессия субъектісінің қызметіне жүргізілген қаржылық сараптаманың нәтижелері бойынша, не концессия субъектісі қызметінің тиімділігі кеміген (реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемі азайған, кредиторлық және дебиторлық берешектер ұлғайған) жағдайда, тарифке енгізілетін жалпы шаруашылық және әкімшілік мақсаттағы шығыстардың сомасын өзгерту туралы шешім қабылдайды.
      Әкімшілік басқару жүйелері мен құралдарын құру және жетілдіру жөніндегі шығыстарды кезең шығыстарына енгізу көрсетілген мақсаттарға қаражаттарды салудан болатын экономикалық тиімділіктің есебін ұсынғаннан кейін уәкілетті органның келісімімен ғана жол беріледі.
      21. Уәкілетті орган тарифтердің және тарифтік сметалардың жобаларын қарау шеңберінде тарифте ескерілетін шығындардың түрлері бойынша шығыстардың деңгейіне сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады және сараптаманың нәтижелері негізінде шығыстарға түзету жүргізеді.
      22. Концессия субъектісінің тарифтерін және тарифтік сметаларын қалыптастырған және бекіткен кезде мынадай шығыстар ескерілмейді:
      1) нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптарға, тауарлық-материалдық құндылықтардың және қоймалардағы қорлардың бүлінуі мен жетіспеушілігіне жұмсалған шығыстар, осы Ереженің 10-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа өнімсіз шығыстар мен ысыраптар;
      2) реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсеткен кезде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;
      3) сенімгерлік басқаруға, мүліктік жалға, лизинг бойынша алынған реттеліп көрсетілетін қызметтерді өндіру және (немесе) ұсыну кезінде технологиялық циклда пайдаланылатын негізгі құралдарды пайдаланғаны үшін жалдау төлемақысы;
      4) ластаушы заттардың нормативтен тыс тастандылары (шығарындылары) үшін төлемдер;
      5) сот шығындары;
      6) сенімсіз қарыздар;
      7) шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар, өсімақылар, тұрақсыздық айыптары мен санкциялардың басқа да түрлері;
      8) талан-тараждан келген залалдар;
      9) ақаудан болған ысыраптар;
      10) әлеуметтік саланың объектілерін (денсаулық сақтау объектілерін, мектепке дейінгі балалар мекемелерін, оқу орындарын, технологиялық қажеттілерінен басқа, кәсіптік-техникалық училищелерді, сауықтыру лагерлерін, мәдениет және спорт объектілерін, тұрғын үй қорын) ұстауға;
      11) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық іс-шараларды жүргізуге (демалыс кештерін, спектакльдер, концерттер өткізу);
      12) кәсіпорындар қызметкерлеріне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, бақша үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға берілген несиелерді (пайызсыздарды қоса алғанда) өтеуге;
      13) бақша серіктестіктерін аббаттандыру бойынша (оның ішінде жол құрылысы, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру);
      14) дәрістер, көрмелер, диспуттар, ғылым және өнер қайраткерлерімен кездесулер, ғылыми-техникалық конференциялар өткізуге және ұйымдастыруға, қоғамдық ұйымдарға және қауымдастықтарға мүшелік жарналарға;
      15) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнама жөніндегі, өндірістік мақсатта пайдаланылатын өнімдерді қоспағанда, жарнамалық, плакаттық және баспалық өнімдерді шығару бойынша;
      16) концессия субъектісінің персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалардан және қонақ үйлерден орын сатып алуға, жалдауға және ұстауға;
      17) қаланы аббаттандыру, ауыл шаруашылығына көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындауға және жұмыстың осындай ұқсас түрлеріне;
      18) білім беру ұйымдарында оқитын қызметкерлердің демалыстарына ақы төлеуге;
      19) кәсіптік ауруларды оңалтып емдеуге байланысты шығындардан басқа, концессия субъектісінің қаражаты есебінен қызметкерлерді және олардың балаларын емдеуге, демалуға, экскурсияға берілетін жолдамаларды төлеу бойынша;
      20) өз қызметкерлеріне медициналық көмек беруге денсаулық сақтау органдарымен жасалған шарттар бойынша емханалардың қызметтеріне ақы төлеу бойынша;
      21) сақтандыру төлемдері (кәсіпорындар өз қызметкерлерінің пайдасына жасасқан жеке және мүліктік сақтандыру шарттары бойынша кәсіпорындар төлейтін жарналар);
      22) қызметкерлерге қосымша берілген демалыстарға ( заңнамада көзделгеннен тыс) ақы төлеу, қызметкердің отбасы мүшелеріне демалысты пайдаланатын жерге бару және қайту жолына ақы төлеу, сондай-ақ пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы;
      23) демеушілік көмектің барлық түрлерін көрсетуге;
      24) заңнамада көзделгеннен басқа, концессия субъектісінің қызметкерлеріне жеңілдіктер (қызметкерлерге тегін немесе төмендетілген баға бойынша тамақтар беру, денсаулық топтарындағы абонементтерге, секциялардағы, клубтардағы сабақтарға қатысқанына ақы төлеу, протездеу);
      25) мерейтойлар күніне арналған немесе қызметкерлерге көтермелеу түрінде берілетін сыйлықтар сатып алуға (автомашиналарды, пәтерлерді, ұзақ пайдаланатын заттарды және басқа тауарларды, сондай-ақ қызметкерлердің жеке шоттарының пайыздық ставкасын көбейтуді қоса алғанда);
      26) мектепке дейінгі мекемелердегі, санаторийлердегі және сауықтыру лагерлеріндегі балаларды тамақтандыру құнын өтеуге;
      27) ұжымдық шартпен айқындалған мақсаттарға кәсіподақтарға арналған аударымдар;
      28) өндірістегі өнертапқыштыққа және рационализаторлыққа байланысты: тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды жүргізумен, өнертабыс және рационализаторлық ұсыныстары бойынша модельдер мен үлгілерді дайындаумен және сынаумен (реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсынуда қолданылатын және экономикалық әсері бар жұмыстарды қоспағанда), өнертапқыштық және рационализаторлық бойынша көрмелер, байқаулар, конкурстар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырумен, авторлық сыйлықақыларды төлеумен байланысты шығыстар;
      29) реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) өндіруге және көрсетуге тікелей қатысы жоқ және тарифтердің өсуіне әкелетін шығыстардың басқа да түрлері.
      23. Пайданың деңгейі реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсету кезінде қатысатын қолданысқа енгізілген активтердің реттелетін базасының шамасына пайда ставкасының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
      Пайда ставкасын уәкілетті орган анықтайды.

3. Концессия шартының негізінде жаңа объектілерді салуды және пайдалануды жүзеге асыратын концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер қалыптастыру тәртібі

      24. Концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифті қалыптастыру кезінде:
      1) өзіндік құнға кіретін материалдық шығыстар растаушы құжаттарда (шарттар, шот-фактуралар) көзделген бағаларға және өнімнің (қызметтердің, тауарлардың, жұмыстардың) бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, энергия шығысының қолданылып отырған нормаларына сүйене отырып, материалдық шығыстардың нақты көлеміне және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына сүйене отырып анықталады;
      2) еңбек заңнамасына сәйкес еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген еңбек жағдайларына қосымша ақы және үстемеақы төлемдерін қоса алғанда, персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар;
      3) концессия субъектісінің есеп саясатында кезделген әдісті пайдалана отырып айқындалатын және негізгі құралдар құнының өсуіне алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталатын, және концессия шартын іске асыру кезінде салынған ақша қаражатын қайтару көздерінің бірі болып табылатын амортизациялық аударымдар;
      4) концессия объектісінің мүліктік кешеніне кіретін әлеуметтік саланың объектілерін қаржыландыруға байланысты, тиісті негіздеуші материалдармен расталған шығыстар;
      5) концессия шартында көзделген жаңа объектіні құруға (салуға) салынған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар амортизация және пайда есебінен өтелмеген бөлігінде;
      6) концессиялық шартты іске асыру үшін қарыз қаражатына сыйақы төлеуге арналған шығыстар;
      7) реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсетуге тікелей қатысты, сондай-ақ негіздеуші материалдармен расталған басқа да шығыстар ескеріледі.
      25. Концессия субъектілеріне мемлекеттік бюджеттің қаражатынан бөлінетін субсидия, шығыстарға бағытталған, тарифтің шығын бөлігінде ескерілмеген субсидияларды қоспағанда, тарифтің шығын бөлігін кемітуге қарай ескеріледі.
      26. Уәкілетті орган концессия субъектісі негізгі құралдарға қайта бағалау жүргізгеннен кейін тарифтерді ұлғайтуға келтірген жағдайда тарифтің шығын бөлігіне амортизациялық аударымдарды ұлғайтуды кезең-кезеңмен енгізуге құқылы.
      27. Концессия субъектісінің тарифіне реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсету кезінде қатысатын қолданысқа енгізілген активтердің реттелетін базасының шамасына көбейтілген пайда ставкасына сүйене отырып айқындалатын пайда деңгейі енгізіледі.
      28. Концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифті қалыптастыру кезінде мынадай шығыстар ескерілмейді:
      1) реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсету кезінде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;
      2) ластаушы заттардың нормативтен тыс тастандылары (шығарындылары) үшін төлемдер;
      3) сенімсіз қарыздар;
      4) шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар, өсімақылар, тұрақсыздық айыптары мен санкциялардың басқа да түрлері, сот шығындары және табысты жасырғаны (төмендеткені) үшін айыппұлдар;
      5) талан-тараждан келген залалдар;
      6) концессия шартында көзделгеннен басқа, әлеуметтік саланың объектілерін (денсаулық сақтау объектілерін, мектепке дейінгі балалар мекемелерін, оқу орындарын, технологиялық қажеттілерінен басқа, кәсіптік-техникалық училищелерді, сауықтыру лагерлерінің объектілерін, мәдениет және спорт объектілерін, тұрғын үй қорын) ұстауға;
      7) кәсіпорындар қызметкерлеріне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, бақша үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға берілген несиелерді (пайызсыздарды қоса алғанда) өтеуге;
      8) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық іс-шараларды жүргізуге (демалыс кештерін, спектакльдер, концерттер өткізу);
      9) бақша серіктестіктерін аббаттандыруға (оның ішінде жол құрылысы, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру);
      10) демеушілік көмек көрсетуге;
      11) ақаудан болған ысыраптарға;
      12) өндірісті вахталық ұйымдастыруды қоспағанда, концессия субъектісінің персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалардан және қонақ үйлерден орын сатып алуға, жалдауға және ұстауға;
      13) мерейтойлар күніне арналған немесе қызметкерлерге көтермелеу түрінде берілетін сыйлықтар сатып алуға;
      14) нормативтен тыс ысыраптар және коммерциялық ысыраптарға, тауар-материалдық құндылықтар мен қоймалардағы қорлардың бүлінуі мен жетіспеушілігі, басқа да өнімсіз шығыстар;
      15) реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) көрсетуге тікелей қатысы жоқ, сондай-ақ негіздеуші материалдармен расталмаған (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық және басқа да құжаттар).