Ескерту. Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2286 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу
туралы келісімді ратификациялау туралы
2007 жылғы 10 мамырда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу
туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
екі жақты сауда-экономикалық қатынастардың үдемелі дамуы қажеттілігін ескере отырып,
1992 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімнің 5-бабын басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазан қаласында Қазақстан Республикасы Сауда өкілдігінің бөлімшесі және Алматы қаласында Ресей Федерациясы Сауда өкілдігінің бөлімшесі (бұдан әрі - сауда өкілдіктерінің бөлімшелері) ашылсын.
2-бап
Сауда өкілдіктерінің бөлімшелері Тараптар мемлекеттерінің сауда өкілдіктерінің өздері үшін белгіленген өкілеттіктері шегінде Тараптар арасындағы сауда және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да түрлеріне қатысты мәселелер бойынша Тараптар мемлекеттерінің мүдделерін білдіреді.
3-бап
Сауда өкілдігі бөлімшесінің басшысы Сауда өкілі берген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді және Сауда өкілдігінің бөлімшесі оның тікелей бағынысында болады.
Сауда өкілдігі бөлімшесінің басшысы, қызметкерлері және әкімшілік-техникалық персоналы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналының тиісті санаттарына халықаралық құқыққа сәйкес танылатын барлық артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
Сауда өкілдігі бөлімшесінің қызметтік және тұрғын үй-жайлары, оның мүлкі және мұрағаты дипломатиялық өкілдіктердің қызметтік және тұрғын үй-жайларына, мүлкіне және мұрағатына халықаралық құқыққа сәйкес танылған иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады.
4-бап
Сауда өкілдігі бөлімшесінің штат саны Сауда өкілдігін құрған Тарап мемлекетінің барлық санаттағы қызметкерлері мен азаматтары болып табылатын 5 адамнан аспайды.
Өзаралық қағидаты негізінде және Тараптардың келісімі бойынша Сауда өкілдігі бөлімшесінің штат саны ұлғайтылуы мүмкін.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
6-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
7-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
2007 жылғы 10 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланатын болады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін