Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қыркүйектегі N 890 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 22 мамырдағы N 408 Қаулысы

       1-бап .
      1995 жылы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының  Конституциясына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 4, 217-құжат; 1998 ж., N 20, 245-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады.".

      2. 5-бапта:
      1) 1-тармақтағы "Қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігіп кетуіне, мемлекеттік" деген сөздер "Мемлекеттік" деген сөзбен ауыстырылсын;

      2) 2-тармақтағы ", қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға" деген сөздер алып тасталсын.

      3. 9-баптағы "нышандары" деген сөз "рәміздері" деген сөзбен ауыстырылсын.

      4. 15-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.".

      5. 16-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға болады.".

      6. 34-баптың 2-тармағындағы "нышандарын" деген сөз "рәміздерін" деген сөзбен ауыстырылсын.

      7. 41-бапта:
      1) 1-тармақтағы "жеті" деген сөз "бес" деген сөзбен ауыстырылсын;

      2)  2-тармақтағы "кемінде он бес" деген сөздер "соңғы он бес" деген сөздермен ауыстырылсын.

      8. 42-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.".

      9. 43-баптың 2-тармағы алып тасталсын.

      10. 44-бапта:
      1) 2), 3), 4), 5), 7) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
      3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Республика Үкіметінің құрылымын айқындайды; Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырады; Республика Үкіметі мен Премьер-Министрінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;
      4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
      5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;";

      "7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;";

      2) 13) тармақшадағы "наградтайды" деген сөз "марапаттайды" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3) 16) тармақшадағы "консультациялар алысқаннан" деген сөздер "консультациялардан" деген сөзбен ауыстырылсын;

      4) 20) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;".

      11.  46-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      "4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.".

      12. 47-баптың 3-тармағы "Республика Парламентінің" деген сөздерден кейін "немесе Парламент Мәжілісінің" деген сөздермен толықтырылсын.

      13. 50-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.
      3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.".

      14. 51-баптың 1, 3, 4, 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.";

      "3. Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
      4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.
      5. Республика Парламенті депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледі.".

      15.  52-бапта:
      1)  1-тармақ алып тасталсын;

      2)  5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      Парламент депутаты:
      1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
      2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
      Парламент Мәжілісінің депутаты:
      1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
      2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
      Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
      Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.".

      16. 53 және 54-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "53-бап
      Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
      2) Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;
      3) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы;
      4) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;
      5) Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды;
      6) Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
      7) палаталардың бірлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметі туралы есептерді тыңдайды;
      8) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      54-бап
      1. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды, оның ішінде:
      1) республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
      2) мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды;
      3) Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;
      4) мемлекеттік наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметті, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерін, дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік рәміздерін айқындайды;
      5) мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;
      6) рақымшылық жасау мәселелерін шешеді;
      7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды.
      2. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы:
      1) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылайды;
      2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі. Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының қарсылығы осы тармақшада көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді;
      3) республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.".

      17. 55-бапта:
      1) 1) тармақшадағы ", алқалар төрағаларын" деген сөздер алып тасталсын;

      2) 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Республика Президентінің Республика Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру;";

      3) 4) тармақша алып тасталсын;

      4) 5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "5) Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау;
      6) Конституциямен Парламент Сенатына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.".

      18. 56-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "56-бап
      1. Мәжілістің ерекше қарауына мыналар жатады:
      1) Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарау;
      2) Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен Республика Президентіне Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру;
      3) Республика Президентінің кезекті сайлауын хабарлау;
      4) Конституциямен Парламент Мәжілісіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
      2. Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен, Мәжіліс депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіруге хақылы.".

      19. 57-баптың 1) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;";

      "6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен алғашқы өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Республика Президентінің алдына Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;".

      20. 58-баптың 3-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) палаталарға Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;".

      21. 59-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Парламент сессиясын, әдетте, Республика Президенті ашады және сессия Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында жабылады. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президенті өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.".

      22. 61-бапта:
      1) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.";

      2) мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
      "5-1. Мәжіліс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжіліс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады.
      Сенат депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі.
      Егер Мәжіліс, Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде олармен депутаттардың  кемінде үштен екісінің даусымен келіспесе, онда палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.";

      3) 6-тармақ мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      "Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.";

      4) 7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "7. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.".

      23. 62-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "6. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.".

      24. 63-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "63-бап
      1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
      2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.".

      25. 64-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.".

      26. 67-баптың 2) тармақшасы алып тасталсын.

      27. 68-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.".

      28. 70-бапта:
      1) 1 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады.
      Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.";

      "3. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.";

      2) 6-тармақтың екінші сөйлемі алып тасталсын.

      29. 71-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін - Республика Президенті, екі-екі мүшеден тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.
      Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.".

      30. 72-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың  Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;".

      31. 74-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.".

      32. 75-бапта:
      1) 2-тармақтағы "алқа заседательдерiнiң" деген сөздер "алқабилердiң" деген сөзбен ауыстырылсын;

      2) 3-тармақтағы "және Республиканың жергiлiктi соттары" деген сөздер ", Республиканың жергілікті және басқа да соттары" деген сөздермен ауыстырылсын.

      33. 81-баптағы "және жалпы сот iсiн жүргiзудiң соттарда қаралатын" деген сөздер ", жергілікті және басқа да соттарда қаралатын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      34. 82-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "82-бап
      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.
      2. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Республика Президенті қызметке тағайындайды.
      3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін. Сот алқалары төрағаларына өкілеттіктер беру тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
      4. Жоғары Сот Кеңесі Республика Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.
      5. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді.".

      35. 84-бап алып тасталсын.

      36. 86-бапта:
      1) 2-тармақтағы "төрт жыл" деген сөздер "бес жыл" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Мәслихаттың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын Республика Президенті тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзiн-өзi тарату туралы шешiм қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.".

      37. 87-баптың 4 және 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерiн қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президентi тағайындайды. Өзге әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi қызметке Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметтерінен босатуға хақылы.
      5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және оны қызметiнен босату жөнiнде тиiсiнше Республика Президентiнiң не жоғары тұран әкiмнiң алдына мәселе қоюға хақылы. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде тоқтатылады.".

      38. 89-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды тұрғын халық тiкелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергiлiктi қоғамдастықтардағы басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.
      Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін.
      3. Қазақстанда жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметі заңмен реттеледі.".

      39. 91-баптың 1-тармағының соңғы сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар, егер олар үшiн облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi.".

      40. Мынадай мазмұндағы 94-1-баппен толықтырылсын:

      "94-1-бап
      Конституцияның 41-бабы 1-тармағының Республика Президентінің өкілеттік мерзімін белгілейтін ережесі 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда сайланған Республика Президентінің жеті жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты өткізілетін президенттік сайлау қорытындысы бойынша Республика Президенті болып сайланған адамға қолданылатын болады.".

       2-бап .
      1. Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталары осы Заңда өздері үшін көзделген конституциялық өкілеттіктерді үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттік мерзімі аяқталған соң алады.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының лауазымды адамдарға өкілеттік берудің жаңа тәртібін белгілейтін нормалары осы лауазымды адамдардың өкілеттік мерзімі аяқталуына немесе өкілеттіктерінің тоқтатылуына қарай қолданысқа енгізіледі.
      3. Жоғары Сот Кеңесі Әділет біліктілік алқасының аудандық және оларға теңестiрiлген соттар төрағалары мен судьяларының лауазымына үміткер адамдарды конкурстық іріктеу және аталған мемлекеттік лауазымдарға тағайындау үшін ұсыным беру жөніндегі өкілеттіктерін "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы"  Конституциялық заңға , "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы"  Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен соң және "Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасы туралы"  Заңның күші жойылды деп танылғаннан кейін алады. Аталған өзгерістер мен толықтырулар күшіне енгенге дейін бұрын Конституцияда белгіленген тәртіп қолданылады.
      4. Конституцияда көзделген соттың тұтқындауға санкция беруі тиісті заңнамалық актілер қабылданғаннан кейін қолданысқа енгізіледі.

       3-бап .
      Осы Заң, осы Заңның 2-бабының ережелері ескеріле отырып, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті