Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 10 мамырдағы N 377 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 ақпандағы N 161 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қыркүйектегі N 1006 Қаулысымен

  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауы

ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН

I БӨЛІМ

І.     "ҚАЗАҚСТАН-2030" СТРАТЕГИЯСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ - ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКА МЕН ӨЗ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫН ҚҰРА ОТЫРЫП, ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ СЕНІМДІ ҚАДАМ БАСУДА
ІІ.    ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМІР САПАСЫНЫҢ АРТУЫ
ІІІ.   ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ - ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАҢҒЫРТУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУ
ІV.    БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА МЕН ҚОҒАМДАСТЫҚҚА ТАБЫСТЫ КІРІГУІНІҢ КІЛТІ
V.     ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ
VІ.    ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ МЕН САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР - ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАРЫ

 

  І. "ҚАЗАҚСТАН-2030" СТРАТЕГИЯСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ - ҚАЗАҚСТАН
ЭКОНОМИКА МЕН ӨЗ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫН ҚҰРА
ОТЫРЫП, ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ СЕНІМДІ ҚАДАМ БАСУДА

Қымбатты қазақстандықтар! 
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! 
Ханымдар мен мырзалар!

      Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап біз сіздермен бірге дәйектілікпен құрып жатқан Жаңа Қазақстан өзінің дербес даму жолын таңдап, жылдан жылға әлемдік қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткізе отырып, алға қарай нық сеніммен ілгерілеп келеді.
      Бүгінде экономика мен өз мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қамтамасыз етіп, біз қағидаттық жаңа кезеңге сенімді қадам бастық. Мұның өзі Қазақстанның одан әрі дамуын тұрлаулы, осы заманғы және болашағы зор экономикалық, әлеуметтік, саяси және әкімшілік негізге қоюға мүмкіндік береді. 
Бүгін мен сіздерге еліміз бен қоғамымыздың одан әрі дамуы жайындағы өз пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнінде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкіндік туғызады.
      Әңгіме еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің клубына қарай ілгерілеуі жөніндегі нақты қадамдары туралы болмақ, бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған еді.
      1997 жылы сіздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясын қолдадыңыздар, онда біздің қоғамның келешек мүмкіндіктері мен біздің мемлекеттің ұлық мұратына деген көзқарас таныстырылған болатын.
      Бұл әлі қанаты қатая қоймаған жас тәуелсіз мемлекеттің ұлы таңдауы еді. Сол кезде осы Стратегия турасында күмән аз бола қоймағанын білемін.
      Сол уақытта, естеріңізде болар, біздің жинақтаған қорымыз негізінен зілбатпан әлеуметтік-экономикалық проблемалардан және егеменді даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжірибелерінен ғана тұратын.
      Сол тұста, 10 жыл бұрын, біз өз таңдауымызда қателескен жоқпыз.
      Нақ сол уақыттан Қазақстан нарықтық экономиканың теоремалары мен демократиялық дамудың аксиомаларын бірінен кейін бірін игере отырып, дәйектілікпен ілгері адымдай бастады.
      Біз мүлдем жаңа экономикалық жүйенің, демократиялық құқықтық мемлекеттің іргетасын қалыптастырып, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайттық, өмір сапасы мен ұстындарын елеулі түрде өзгерттік.
      Біз ішкі тұрақтылыққа қол жеткіздік, дамудың әлеуметтік базасының сенімділігін қамтамасыз етіп, өңірдегі үздік экономиканы құрдық. Қазақстан өңірде геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндеттерді атқаратын халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және жауапты мүшесі ретінде орнықты.
      Біз үшінші дүниенің мемлекеті болуды қойдық. Бұл өткен 10 жылдағы жұмысымыздың басты қорытындысы.
      Енді келесі онжылдықтағы одан арғы жұмысымызды белгілеп бергім келеді.

  ІІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМІР САПАСЫНЫҢ АРТУЫ

      2000 жылға қарағанда ІЖӨ-ні еселеу жөніндегі біздің міндетімізге келесі жылы-ақ қол жеткізуге әбден болады. Бұл - тар өрісті мақсат емес, экономикалық өсудің жай нанымды көрсеткіші де емес, бұл - қазақстандықтардың өмірін жақсарта берудің біздегі нақты мүмкіндіктер.
      Өткен жылдары біз көптеген аса маңызды әлеуметтік міндеттерді шеше алғанымызды сіздер білесіздер, олардың өмір сапасын жақсартқаны сөзсіз.
      Біз оқып жатқандардың шәкіртақысын ұлғайттық, оларға білім алу гранттары мен несиелерін бердік. Бюджет саласының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын дәйектілікпен өсіріп келеміз. Аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейінгі балалары үшін ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ көп балалы аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеудеміз. Балалар мен жасөспірімдердің белгілі бір санаттарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.
      Жыл сайын зейнеткерлік жәрдемақылардың мөлшері индекстеліп, арттырылуда. Бұрынғы еңбек өтіліне байланысты зейнетақылық төлемдерді сараланған түрде ұлғайту жүзеге асырылды, бұл бір миллионнан астам адамды қамтыды. Сондай-ақ әлеуетті құрылымдар ардагерлерінің зейнетақылары өсті. Барлық зейнетақылық және әлеуметтік төлемдер елімізде уақтылы - тиісті айында төленіп келеді.
      Бұрын уәде бергеніміздей, экономиканың тұрақты дамуы бізге қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл - біздің саясатымыздың әлеуметтік қорытындылары.
      Мен бүгін Үкіметке халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыра беруді тапсырамын.
      Бұл үшін:
       Біріншіден,  ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша маңыз бере отырып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап, баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 34740 теңгеге дейін немесе 2 есе арттырылсын.
      Баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге төленетін ай сайынғы жәрдемақы:
      тұңғыш бала туғанда - 5790 теңгеге дейін, немесе 177%-ға; 
екінші бала туғанда - 6369 теңгеге дейін, немесе 167%-ға; 
үшінші бала туғанда - 6948 теңгеге дейін, немесе 159%-ға; 
төртінші және одан көп бала туғанда - 7527 теңгеге дейін, немесе 153%-ға көбейтілсін.
      Балалы отбасыларын қолдауға қажетті қосымша қаражат 9,5 миллиард теңгені құрайды.
      Бұдан бұрын қабылданған шаралар еліміз халқының тұрақты өсуіне қол жеткізуге жағдай жасады. Мәселен, 2000 жылы 220 мың бала туса, 2006 жылы 290 мың бала туған. 2005 жылы ғана халықтың табиғи өсімі туу есебінен 121 мың адамды құрады.
      Аталған шараларды енгізу бұдан да оң демографиялық өзгерістерге жеткізетініне сенімдімін.
       Екіншіден,  жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікті, босануды және аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілсін. Бұл ретте декреттік демалыста және бір жасқа толғанға дейін нәресте күтімі жөніндегі демалыста жүрген кезінде олардың зейнетақылық жинақтаулары жүргізіле беруге тиіс.
      Бұл жәрдемақыларды төлеу әлеуметтік салықты қайта бөлу есебінен құралған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан жүзеге асырылсын. Бұған мемлекеттік бюджеттен қосымша 9,2 миллиард теңге бөлу талап етіледі.
       Үшіншіден,  іргелік зейнетақының мөлшері ұлғайтылсын және таяудағы жылдары оның тұрмыстық ең төменгі қажеттіліктің 40% деңгейінде сақталуы қамтамасыз етілсін. Осылайша, біз алғаш рет Қазақстанның зейнетақымен қамтамасыз етуін халықаралық стандарттармен сәйкестендіреміз.
      Мұның өзі 1 миллион 675 мың іргелік зейнетақы алушыларды қамтиды, әрі оның мөлшері 2008 жылы шамамен бір мың теңгеге немесе 35%-дан аса артады. Ең төменгі зейнетақылық төлемдер (іргелік қосу ең төменгі ынтымақшыл зейнетақы) 2008 жылы шамамен 1 500 теңгеге немесе 15%-ға көбейеді.
       Төртіншіден,  зейнетақының мөлшерін бұрынғы еңбек үлесіне сүйеніп анықтаған кезде әділдік орнату үшін зейнеттік заңнамада көзделген зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табысты шектеу өзгертілсін, ол 15 мәрте айлық есептік көрсеткіштен 25 мәртеге дейін арттырылсын.
      Зейнетақыларды есептеу үшін қабылданған табыстарды заңнамалық шектеу есебінен бұрын зейнетақылары төмендетілген жарты миллионға жуық зейнеткер (483 мың адам) өздерінің зейнетақыларына әжептәуір үстеме алады.
      Ынтымақшыл зейнетақының орташа мөлшері 13 604 теңгеге немесе 25%-ға дерлік артады. Ынтымақшыл зейнетақының ең жоғары мөлшері 2008 жылы 21 713 теңгеге дейін, немесе 76%-ға өседі.
       Бесіншіден,  зейнетақы төлемдерін сатып алу қабілетін тұрақтандыру үшін зейнетақы төлемдерін индекстеу сақталсын және ол тұтыну бағалары индексінің болжамды өсімінен екі пайыз арттырыла жүзеге асырылсын.
      Аталған шараларды жүргізуге жұмсалатын қаражаттың жалпы қажеттілігі 55,3 миллиард теңгені құрайды.
       Алтыншыдан,  бюджет саласындағы жалақы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап 30% арттырылды. Бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыра беру қажет.
       Жетіншіден,  олардың мәртебесін арттыру, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты салаларда кадрлар тарту мен кадрлық әлеуетті нығайту үшін 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арнап, бір лауазымдық оклады мөлшерінде жәрдемақы төлеу енгізілсін.
      2008 жылы ғана бұл бюджетке 30,6 миллиард теңгеге түседі.
       Сегізіншіден,  бұрынғы жылдары 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зиянды және ауыр еңбек жағдайында өтілін өткерген адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру туралы мәселе талай рет көтерілген еді.
      Кәсіпорындар жұмысшыларымен кездесулерде бұл мәселе менің алдыма қойылды. Мен оларды түсінемін. Өзім бастан кешкен жағдай. Бұрын біз мәселені N 1 Тізім бойынша шешіп келдік. Ендігі жерде N 2 Тізім бойынша шешу керек. Мұндай қазақстандықтар бізде шамамен 28 мыңдай адам. Қазіргі кезде осы проблеманы шешуге біздің қайтып оралуға нақты мүмкіндігіміз бар деп білемін.
      Біз аталған санат үшін сегіз айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде арнайы жәрдемақылар енгізе аламыз. Бұған жыл сайын 3 миллиардтан аса теңге қажет болады. Осындай қаражат тауып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап N 2 Тізім бойынша арнайы жәрдемақылардың төленуін қамтамасыз ету қажет.
      Осылайша, мен атап берген барлық әлеуметтік төлемдерді көбейтуге жұмсалатын қаражатқа қажеттілік 2008 жылы шамамен 108 миллиард теңгені құрайды.
      Бүгінгі таңда мемлекеттің қазақстандықтарды әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту үшін осындай үлкен қаражат жұмсау мүмкіндігі пайда болды. Ендеше біз бұл мүмкіндікті іске асырамыз.
       Тоғызыншыдан,  үш жылдың ішінде 100 мектеп пен 100 аурухана еліміздің нақ осындай нысандарға мұқтаж болып отырған өңірлерінде салуды тапсырамын. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды біз стратегиялық міндет дәрежесіне көтеруге тиіспіз. Біз мемлекеттік-жеке меншік әріптестігінің көмегімен әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыру қажеттігіне жеттік деп білемін.

  ІІІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ - ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАҢҒЫРТУДЫ
ЖЕДЕЛДЕТУ

      "Қазақстан-2030" Стратегиясын дәйектілікпен орындау өзіміздің алдағы ілгерілеуіміз үшін берік негізді қамтамасыз етті. Бізде бұрынғыдан да табыстырақ алға басуымыз үшін барлық негіз бар, біз мұндай тарихи мүмкіндікті уысымыздан шығармайтын боламыз.
      Сол үшін де Қазақстанды жеделдете жан-жақты жаңғырта жаңарту жолы таңдап алынды.
      Бұл - біздің бұдан былайғы дамуымыздың бірден-бір дұрыс арнасы.
      Біз осы заманғы әлемде Қазақстанға және қазақстандықтарға лайықты орын, бүкіл ел халқының әл-ауқатының өсуі мен тұрмыс деңгейінің елеулі жақсаруын қамтамасыз ету үшін сыртқы рыноктарға шығып, сенімді орнығуға міндеттіміз.
      Бұл жолда Қазақстан мен өңірдің нақты жағдайын ескеріп, әрі әлемнің озық мемлекеттерінің жетістіктерін өзімізде іске асыра отырып, біздің:
       Біріншіден,  қандай да бір табыстарға қолымыз жетіп үлгерген секторларды жаңғырта жаңарту қарқынын жеделдете түсуіміз қажет;
       Екіншіден,  жаңғырта жаңартуды ешқандай алалаусыз Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік өмірінің барлық салаларына тарату керек.

  ІV. БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА
МЕН ҚОҒАМДАСТЫҚҚА ТАБЫСТЫ КІРІГУІНІҢ КІЛТІ

      Сондықтан да өткен жылдың өзінде біз жалпы қазақстандық жобамызды тұжырымдап, оны іске асыруды қолға алған болатынбыз. Бұл - біздің әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қоғамдастығына қарай жедел жылжуымыз және оның тұрақты мүшесі ретінде Қазақстанның тұғырнамасын нығайту.
      Және мұның қажетті шарты - Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің озық халықаралық стандарттардың сапалық деңгейіне шығуы.
      Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізге экономиканың барлық деңгейінде - бүгінгі де, сол секілді ықтимал мүмкін болатын нақты да перспективалы бәсекелестік артықшылықтарымызды қажеттілікпен әрі сарабдалдықпен анықтауға және пайдалануға тура келеді.
      Жүйелілік - біздің осы заманғы әлемде таяудағы онжылдықта алға жедел жылжуымыздың басты қағидасы, міне, осы.
      Бұл үшін бізде барлық алғышарттар бар.
      Біздің иелігімізде: орасан зор аумақ; ұтымды географиялық және коммуникациялық-көліктік орналасуымыз; елеулі табиғи ресурстарымыз бар.
      Біз өңірлік экономикада көшбасшылық шептерге шықтық, халықаралық әріптестерімізбен сындарлы қатынастар орнаттық, саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа қол жеткіздік.

  V. ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ

      Қазақстан әлемдік тауарлар, қызметтер, еңбек ресурстары, капитал, осы заманғы идеялар мен технологиялар рыногының шын мәнінде ажырағысыз да серпінді бөлігіне айналуы үшін біз он басты міндетті шешуге тиіспіз.

       Бірінші міндет  - экономиканың тұрлаулы дамуын жай қамтамасыз етіп, ұстап тұру емес, оның өсуін басқару.
      Бізге экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің тұрлаулы сипатын қамтамасыз ету үшін толымды стратегия әзірлеу мен іске асыру, сондай-ақ оның орындалуына қатаң бақылау қажет болады.
      Бұл стратегия біздің экономикамыздың жекелеген секторлары мен өндірістерінің нақтылы бәсекелестік артықшылықтарын негізге алып, әлемдік даму үрдістері мен сыртқы рыноктардағы сұранысты ескеруге тиіс.
      Бізге ендігі жерде "жинақталған" экономикалық өсуді жай пайдалану емес, осы өсуді нақты басқаруды үйрену, сөйтіп оны сапалық жаңа деңгейдегі экономикалық дамуға ұластыру керек.
      Біз Қазақстанды индустрияландыруға халықаралық рыноктардың талаптары мен шарттарына сай келетіндей қағидаттық жаңа тұрғыдан келуді қамтамасыз етуге тиіспіз.
      Аса ірі монополистерді қайта құрылымдау мен бәсекелестік қатынастарды дамыту есебінен біздің табиғи монополиялар аясын қысқартуымыз қажет.
      Экономиканың табиғи монополиялар сақталатын секторларында бізге салалық реттегіштердің көмегімен тарифтік және техникалық реттеу жөнінде елеулі жұмыс жүргізуге тура келеді.
      Ырықтандыру жағдайында біз қаржы жүйесінің тұрлаулылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жаңа деңгейіне көтерілуге міндеттіміз.
      Біздің тиімді жұмыс істейтін қор рыногын құруымыз керек. Оның дамуы халықты өз салымдарын бағалы қағаздарға белсенді инвестициялауға тартпайынша мүмкін емес.
      Үкіметтің халықты инвестициялық сауаттылық әліппесіне тиісінше үйрету жөнінде кең ауқымды жұмыс жүргізуі керек.
      Қазақстан үшін қолайлы шарттармен БСҰ-ға кіруі - біз қол жеткізуге міндетті мақсат.
      Бізге халықаралық техникалық стандарттарды барынша жедел де кеңінен енгізу қажет.
      Менің Үкіметке беретін ең басты тапсырмам осы. Бұл - оның тікелей міндеті және қоғам алдындағы жауапкершілігі.

       Екінші міндет  - өңірлік экономикада сапалық жаңа табыстарға жету және жаһандық экономикаға толыққанды қатысуды қамтамасыз ету.
      Біз Қазақстанды экономикалық дамудың "өңірлік локомотивіне" және оны әлемдік экономиканың табысты "ойыншысына" айналдыра аламыз.
      Бізде әлемдік шаруашылық жүйесінде нақтылы қазақстандық "тауашаларды" іздестіру мен игеру, шетелдік әріптестермен ірі озық жобаларға қатысу, сондай-ақ біздің экономикамызға қатысушыларды жан-жақты және жауаптылықпен қолдау, соның ішінде, оларға сапалы инфрақұрылымдық қызмет көрсету арқылы қолдау жөнінде ең таяудағы және алыс болашақтағы міндеттер бағдарламалары болуы керек.
      Бұл ретте негізгі назарды Ресей, Қытай, Орталық Азия, Каспий мен Қара теңіз өңірлерінің рыноктарына шоғырландыру қажет.
      ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық ықпалдастық саудадағы басты бағдар болып қала береді. Біз мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одағын құруға жетуді, оны біздің басқа көршілеріміздің кіруі үшін қолайлы етуді ұсынамыз.
      Қазіргі кезде әлемдік рыноктарда біздің тауарларымызға, қызметтерімізге және озық идеяларымызға жаңа "тауашалар" құру мен жеңіп алу үшін жеке меншік бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін топтастыру мәселесі қай кездегіге қарағанда да өзекті болып отыр.
      Бізге бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруда мемхолдингтердің рөлі мен орнын айқын анықтап алу керек.
      Бұл міндетті мемхолдингтердің өздерін тікелей қатыстыра отырып, шешу жауапкершілігін Үкіметке жүктеймін.

       Үшінші міндет  - өндіруші сектордың тиімділігін арттыру.
      Біз алдағы уақытта да байсалды әрі өзара тиімді энергетикалық саясат жүргізу ниетіндеміз.
      Көмірсутегі секторын одан әрі дамытуды, шетел мен жергілікті инвесторлар тартуды экономиканы әртараптандырумен тікелей байланыстыру және жаңа келешегі мол өндірістер құру жөніндегі аса маңызды міндеттерді осы арнада шешу қажет.
      Біз Қазақстанның аса бай жер қойнауын игеріп жатқан шетелдік әріптестерімізді елдің мүддесіне қарай нақты бетбұрыс жасап, біздің экономикамызды әртараптандыруға шешуші түрде қатысуға, әлбетте, нарықтық негізде қатысуға көндіруге тиіспіз.
      Үкіметке осы орайда тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын.
      Бұл мәселеде бізбен келісетін компаниялар біздің қолдауымызға ие болады. Біз, ең алдымен, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негізге аламыз.
      Бұл ретте Қазақстан энергия ресурстарын беріп отырған көршілеріміз бен халықаралық әріптестеріміз мүдделерінің тұрақтылығын, болжамдылығын және ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеміз.
      Қазақстанның өңірлік, содан кейінгі жерде әлемдік энергетикалық кеңістіктегі тұғырларын одан әрі нығайтудың толымды стратегиясын әзірлейтін уақыт жетті.
      Өзіміздің энергетикамыз бен мұнай химиясын дамытудың басты мәселесі - энергия өнімдерінің қосылған құнын ұлғайту арқылы бұл секторлардың кірістілігін көтеру. Әсіресе, мұнай химиясы, газ ресурстары, экспорттық энергия дәліздері сияқты басым секторларды басқару тиімді болуға тиіс.
      Әлбетте, бұл - рынокқа қатысушылардың барлығына қойылатын, бірақ, ең алдымен, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен "Самұрық" мемхолдингіне қойылатын талаптар.

       Төртінші міндет  - өндірістің шикізаттық емес секторының дамуын, экономикалық әртараптандырылуын қамтамасыз ету өте-мөте маңызды.
      Үкіметтің экономиканың басымдықты шикізаттық емес секторларында инвестициялық "серпінді" жобаларды іске асыру жөніндегі өзінің бас стратегиясы болуы керек.
      Жаңа экономикалық жағдай мен басымдықтарды ескере отырып, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудың тиімділігіне баға беретін мерзім жетті. Сондай-ақ индустриялық әртараптандыру жоспарларын қалыптастыру жөніндегі талаптар мен ұсыныстарды да тұжырымдау қажет. Жекелеген жобаларды алғашқы қаржыландырудан әртараптандыруды ауқымды қаржыландыруға көшетін мезгіл жетті.
      Бұл - шағын және орта бизнестің белсенді қатысуы жағдайында Үкіметтің, әкімдердің, мемхолдингтердің жауапкершілігі.

       Бесінші міндет  - өңірлік және жаһандық экономикадағы өзіміздің жаңа рөлімізге сәйкес осы заманғы инфрақұрылымды дамыту.
      Біз стратегиялық инфрақұрылымның даму келешегін айқын пайымдай білуіміз және, ең алдымен, инфрақұрылымдық қызметті тұтынушы біздің отандық компаниялардың бәсекелестігін, сондай-ақ өзіміздің халықаралық экономикалық ықпалдастығымыздың мүдделерін ескере отырып, осы саладағы басқарудың сапасын едәуір арттыруға тиіспіз.
      Бізге экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік орталықтарын айқындап алып, олардың дамуын тұтастай алғанда еліміз экономикасының мүдделеріне бағындыру керек.
      Біздің өскелең экономикамызға электр энергетикалық ресурстарды дамыту мен басқаруға және Қазақстанда атом энергетикасының негіздерін қалауға деген қағидаттық жаңа көзқарастар талап етіледі.
      Бұл - өңірлер әкімдерінің, Индустрия және сауда, Көлік және коммуникациялар, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Энергетика және минералдық ресурстар министрліктерінің, сондай-ақ мемхолдингтердің жауапкершілігі.

       Алтыншы міндет  - осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, "парасатты экономиканың" негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту.
      Білім беру реформасы табысының басты өлшемі - тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады.
      Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз. 
Бізге халықаралық стандарттар деңгейінде оқу орындарын тіркеу мен аттестациялаудың пәрменді жүйесін жасау керек.
      Жоғары білім беру саласында дәл және инженерлік ғылымдарды басымдықпен дамыту - бұл дамуымыздың жаңа кезеңінің міндетті шарты.
      Біз жоғары технологияларды енгізу мен инновацияларды қолдауға бағытталған бірыңғай мемлекеттік стратегия жүргізетін боламыз.
      Әлемдік шаруашылық байланыстарына белсене кіріккен барлық осы заманғы бақуатты мемлекеттер "парасатты экономикаға" сүйенген болатын. Ал ондай экономика жасақтау үшін, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами капиталымызды дамытқанымыз жөн.
      Бұл да - өзіміздің ортақ қазақстандық жобамызға қатысушылардың баршасының, алайда, ең алдымен, Білім және ғылым министрлігі мен Индустрия және сауда министрлігінің жауапкершілігі.

       Жетінші міндет  - атаулы әлеуметтік қолдау және әлеуметтік саланы нарық қағидаттары негізінде дамыту.
      Біз шын мәнісінде зәру адамдарға атаулы қолдау көрсету жөніндегі саясатымызды жалғастыра береміз, бірақ оны нақты нарықтық қағидаттар негізінде шешеміз, бұлар:
      қолжетімді тұрғын үй сатып алу мен жылжымайтын мүлік рыногын дамыту мәселелері. Мемлекеттік тұрғын үй салуды дамыту бағдарламасын іске асырудың екі жылында 11 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй іске қосылды. 2007 жылы 7 млн. шаршы метр іске қосылады. Үш жылдың ішінде 160 мың отбасы мен жарты миллионнан астам қазақстандық жаңа қоныстанушылар атанады. Бағдарлама 30 пайыздық озықтықпен орындалуда;
      медициналық қызметтің сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту;
      жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіру және жұмыс орындарын жасақтау.
      Бұл үшін мемлекет, ең алдымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі жауапты болады.
      Сонымен қатар Үкіметке Астананың әкімдігімен бірлесіп, еліміздің бас қаласында тұрғын үй құрылыс жинақтаулары жүйесі арқылы бюджет саласының қызметкерлері үшін жедел қарқынмен тұрғын үйлер салу мәселесін пысықтап, қолға алуды тапсырамын.
      Бұл елордамызда құрылатын қуатты медициналық және білім беру кластерлерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін қажет.

       Сегізінші міндет  - дамуымыздың жаңа кезеңінің ығытына сәйкес саяси жүйемізді жаңғырта жаңарту.
      2007 жылы біз жүйелі демократиялық реформаларды одан әрі іске асыруға кірісеміз.
      Демократиялық реформалар бағдарламаларын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемкомиссия саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылардың ұсыныстарын, еліміз азаматтарының пікірлерін қорыта келіп, мемлекеттегі алдағы саяси жаңғыртулар жайында нақты ұсыныстар дайындады.
      Маңыздысы сол, бұл ұсыныстар бөгденің тәжірибесін көшіру немесе дерексіз теорияларды қайталау емес. Олар біздің қоғамымыздың қажеттіліктерін, қазақстандық нақтылықтарды ескереді. Бізде саяси реформалардың өз моделіміз, саяси көшудің өзіндік "Қазақстан жолы" қалыптасу үстінде.
      Оның ерекшеліктері мен етене белгілері - президенттік басқару жүйесін сақтау, реформалардың кезеңдестігі, қабылданған шешімдердің екшеңділігі, жалпыұлттық үнқатысу мен негізгі саяси күштердің топтасуы.
      Ұсыныстардың құқықтық ресімделуін қамтамасыз ету үшін қазірдің өзінде іске кіріскен заңгерлер тобы еліміздің Конституциясына, сондай-ақ жекелеген заңдарына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуде.
      Тұтастай алғанда, демократиялық реформалардың алдағы кезеңі мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі.
       Біріншіден,  Парламенттің өкілеттігін кеңейту.
      Парламенттің Конституциялық Кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетін қалыптастырудағы, сондай-ақ, тұтастай алғанда, бюджетті бекіту мен атқарылуын бақылау мәселелеріндегі өкілеттіктері ұлғайтылады. Парламенттің Үкіметті жасақтаудағы рөлі күшейтіледі.
       Екіншіден,  саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған шаралар қабылданатын болады. Партиялық фракциялардың өкілеттіктерін кеңейту, саяси партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылады.
      Біз Мәжілісті сайлау кезіндегі партиялық тізімді кеңейту туралы мәселені де қараудамыз.
       Үшіншіден,  реформалардың аса маңызды бағыттарының бірі - сот-құқық жүйесін жетілдіру болады. Биылдан бастап біз алқа билер сотын енгіземіз. Тұтқындауға құзырлылықты соттарға беру туралы қағидаттық шешім қабылданды. Біз біртіндеп осы заманғы және ашық тұрпатты сот өндірісіне көшеміз.
       Төртіншіден,  жергілікті өкілетті органдарды дамыту. Біз мәслихаттарды күшейтіп, оларға қосымша өкілеттіктер беретін боламыз. Мәслихаттардың тексеру комиссияларын нығайтамыз.
      Уақыт өте келе аудандық мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқаруды қалыптастырудың негізіне айнала алады.
      Саяси өзгерістердің біз үшін басты мақсаты -  биліктің бір мезгілде елде саяси тұрақтылықты сақтап, біздің азаматтардың барлық Конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ете отырып, қоғам мен мемлекетті басқарудың барынша тиімді жүйесін қамтамасыз ете алатын осы заманғы демократиялық пішініне қарай қадам басу.
      Қуатты мемлекеттік билік пен демократия - бір-біріне кереғар емес. Демократия тек заңдылық қатаң сақталатын жерде ғана дамиды.
      Мен Парламентті, Үкіметті және азаматтық қоғамның барлық институттарын осынау басты мақсатқа қол жеткізуге шақырамын.

       Тоғызыншы міндет  - халықаралық іс-тәжірибені ескеріп, әкімшілік реформаны жеделдете жүргізу.
      Біз мемлекеттік басқарудың корпоративтік басқару, нәтижелілік, ашықтық және қоғам алдындағы есептілігі қағидаттарын арқау ететін сапалық жаңа моделін түзудеміз.
       Біздің мақсат  - Үкіметті жаңғырта жаңарту, жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет пен тиімді басқару құрылымын жасақтау. Олар болса, мемлекет көрсететін қызметтің басты тұтынушылары - барлық азаматтар мен бизнестің тікелей талаптарына бағынуға тиіс.
      Осынау міндетті шешудің жауапкершілігін тұтастай Үкіметке жүктеймін.

       Оныншы міндет  - жаңа Қазақстанның Орталық Азия өңірі мен әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктері мен мүмкіндіктерін ілгерілету.
      Бүгін біз басқа елдермен көкейкесті проблемалардың кең ауқымын шешуде ынтымақтасып отырмыз. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де, өмірлік маңызы бар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу де, лаңкестікпен күрес те, індеттер мен экологиялық апаттарға қарсы күрес те. Біз алдағы уақытта да өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретіндегі өзіміздің рөліміз бен беделімізді нығайта беретін боламыз.
      Бұл - барлық саяси, экономикалық және қоғамдық басшылардың, алайда, ең алдымен, біздің сыртқы саяси ведомствоның жауапкершілігі.
      Енді бір 10 жылдан кейін жаңа Қазақстанды жаңа әлемде таныту үшін біз жаңа уақыттың өктем талабына дер кезінде әрі лайықты үн қатуға тиіспіз.
      Сондықтан да Үкіметке 2030 Стратегиясының негізгі қағидаларын Жаңа Кезеңде дамытатын барлық жоғарыда аталған міндеттерді дәйектілікпен шешуді тапсырамын.
      Оларды орындау үшін мен біздің ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын айқындадым, бұл - Қазақстанның жаңа кезеңдегі даму стратегиясы.
      Ол менің Жолдауымның екінші бөлімінде баяндалды.
      Бізге табысты билік тармақтарының, бизнес-қауымдастықтың, академиялық және қолданбалы ғылымның, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тардың жұмысын осы заманғы ұйымдастыру және іс-әрекетін нақты үйлестіру және, әлбетте, отандастарымыздың қолдауы қамтамасыз ететін болады.

  VІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ МЕН САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР - ЖАҢА
ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАРЫ

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! 
Ханымдар мен мырзалар!

      Біз осы таяуда ғана тәуелсіздігіміздің он бес жылдығын атап өттік. Өткен жолымыз лайықты жол болды, ал біздің бірлескен шешімдеріміз бен тындырған ісіміздің нәтижелері таңданарлықтай болды.
      Мұның бәрі де, жаңа жалпықазақстандық патриотизмнің іргетасын қалап, біздің Отанымыздың, біздің барша көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың, біздің балаларымыздың тамаша келешегі бар екеніне негізді мақтаныш пен сенімділікті туындатады.
      Тарих халық өзінің ерік-жігерін тарихи ауқымдағы жобаларды іске асыру үшін жұмылдырған кезде жаңа даму деңгейіне көтерілетінінің жарқын мысалын аз білмейді.

Қымбатты отандастар!

      Біз бірге болған кезде табысқа жетеміз. Сондықтан сіздерге жаңа онжылдықтың стратегиясын ұсына отырып, сіздердің қолдау көрсететіндеріңізге сенемін. Және де бұл қолдау әрдайымдағыдай сенімді болатынын білемін. Демек, біз бірлесіп ойға алғанды орындап шығамыз.
      Назар аударғандарыңызға рахмет.

  "Қазақстан - 2030" стратегиясы Қазақстан дамуының жаңа
кезеңі

  Ішкі және сыртқы саясатымыздағы аса маңызды 30 серпінді бағыт

IІ БӨЛІМ

І.     Қазақстанды қазір қолымызда бар мүмкіндіктерді айқындау мен пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестік артықшылықтар қалыптастыру арқылы әлемдік экономикаға ойдағыдай кіріктіруге бағытталған мемлекеттік саясат
1.    Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің тұрлаулы сипатын қамтамасыз етуге бағытталған толымды стратегия жасау және оны іске асыру
2.    Әлемдік шаруашылық жүйесінде қазақстандық "тауашалар" іздестіру, оларды қолға қарату және жасақтау
3.    Ірі және "ұшқыр" жобаларға қатысу
4.    Мемлекеттік холдингтердің қызметін бағдарлау және олардың жұмысын халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастыру
5.    Өндіруші сектордың тиімділігі мен макроэкономикалық қайтарымын едәуір арттыру
6.    Қаржы жүйесінің ырықтандыру жағдайындағы тұрлаулылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің жаңа деңгейі
7.    Қазақстан үшін тиімді жағдайларда БСҰ-ға кіру

ІІ.    Әртараптандыру, инфрақұрылымдық дамыту және жоғары технологиялық одан әрі индустрияландыру негіздерін жасау арқылы Қазақстан экономикасының өсуі мен тұрлаулылығын басқаруға бағытталған мемлекеттік саясат
8.    Экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес секторды дамыту
9.    Жоғары технологияларды енгізуге және инновацияларды қолдауға бағытталған біртұтас мемлекеттік стратегия жүргізу
10.   Экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік орталықтарын қалыптастыру және олардың жұмысқа кірісуі
11.   Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің негізінде стратегиялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ осы саладағы басқару сапасын көтеру
12.   Электроэнергетикалық ресурстарды дамыту және атом энергетикасының негіздерін жасау
13.   Шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі дәйекті іс-қимыл
14.   Халықаралық талаптарға сай келетін техникалық  стандарттарды жедел  әрі барлық жерлерде енгізу
15.   Жеке меншік институтын және контрактілік қатынастарды дамыту
16.   Қазақстанды одан әрі индустрияландыру негіздерін қалыптастыру

ІІІ.   Еңбек нарығының даму серпіні мен келешегіне сәйкес келетін білім беру мен кәсіптік қайта даярлаудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат
17.   Халықаралық стандарттарға орай бастауыш және орта білім беру, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау жүйесіне жақындай беру
18.   Оқу орындарын халықаралық стандарттар деңгейінде аттестациялауды енгізу, жоғары білім беру саласында дәл және инженерлік ғылымды басым дамыту
19.   "Парасатты экономика" негіздерін қалыптастыру

ІV.    Осы заманғы әлеуметтік саясат: басты назарда - адамдардың сұранысы мен қажеттіліктері және жұмыс орындарын жасақтау
20.   Тұрғын үйдің қол жететіндей болуын қамтамасыз ету және жылжымайтын мүлік нарығын дамыту саласындағы дәйекті саясат
21.   Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту
22.   Жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту

V.     Жаңа Кезеңнің ығытына қарай саяси және әкімшілік даму
23.   Саяси жүйені дамыту
24.   Әкімшілік реформаларды іске асыру және атқарушы билікті ілгерілету
25.   Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты одан әрі нығайту үшін Қазақстан Халықтары ассамблеясының рөлін көтеру
26.   Қазақстан халықтарының рухани дамуы және үштұғырлы тіл саясаты
27.   Құқық қолдану іс-тәжірибесін жетілдіру және құқық тәртібін нығайту

VІ.    Қазақстанның жаңа өңірлік және геосаяси жауапкершілігі
28.   Қазақстанның жаңа халықаралық жауапкершілігі, көп бағытты сыртқы саясатты дамыту және жаһандық қатерлерге қарсы күреске қатысу
29.   Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, Орталық Азия елдерінің экономикалық ықпалдастығын дамыту мен Каспий және Қара теңіз аймағындағы серпінді нарықты қалыптастырудағы белсенді рөлі
30.   Қазақстанның "өркениеттердің үндесуін" дамытудағы мәдениетаралық және конфессияаралық орталық ретіндегі тұғырын бекемдеу

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!

      Осыдан он жыл бұрын - 1997 жылы Қазақстан халқына жасалған алғашқы Жолдауда Еліміздің 2030 жылға дейінгі Дамуының стратегиясы - біздің қоғамымыздың келешектегі келбеті мен мемлекетіміздің болашақтағы бітімі баян етілді. Біз бұл ретте қандай қоғам орнатқымыз келетінін, дамуымыздың шырқау биігі қандай болуы керектігін анық білуге, айқын түсінуге тиіс екенімізді ұғындық. Басым мақсатымызды байыпты бағдарлап, тиісті стратегиямызды дұрыс таңдап, тиісінше ерік-жігер, төзім мен мақсаткерлік таныта білсек, кезіккен кез келген кедергілерді ойдағыдай еңсеретінімізге біз кәміл сендік. Біз қателескен жоқпыз.
      Біз бүгін барынша жауапкершілікпен былай деп мәлімдейміз: Қазақстан өтпелі кезеңнен ойдағыдай өтті, әрі өз дамуының сапалық жаңа кезеңіне нық қадам басты.
      Күн тәртібіне еліміз дамуының барысы, сонымен қатар неғұрлым кең ауқымды сипаттағы терең мағынасы бар барынша байыпты түбегейлі қоғамдық міндеттер қойылып отыр. Осы замана туындатқан талаптар мен төндірген қатерлер әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси қатынастардың күллі жүйесін неғұрлым серпінді жаңартуды үзілді-кесілді қажетсінеді, мұның өзі Қазақстанның Кеңес Одағынан кейінгі кеңістіктегі әрі Орталық Азиядағы көш бастаушы тұғырынан таймай, әлемнің бәсекеге барынша қабілетті және серпінді дамып келе жатқан елінің біріне айналуына мүмкіндік береді.
      Қазақстанды жан-жақты жаңартудың Жаңа кезеңіндегі басты басымдықтар ретінде мен өзіміздің ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын айқындап бердім.

  І. Қазақстанды қазір қолымызда бар мүмкіндіктерді айқындау
мен пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестік артықшылықтар
қалыптастыру арқылы әлемдік экономикаға ойдағыдай кіріктіруге
бағытталған мемлекеттік саясат

  Бірінші бағыт - Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің
тұрлаулы сипатын қамтамасыз етуге бағытталған толымды
стратегия жасау және оны іске асыру

       Әлемдік шаруашылықтың жаһандық жүйесі - өзінің ережелері бойынша жұмыс істеп тұрған жете жасалған  жетік механизм.  Біз де осы ережелерге сай жұмыс істеуіміз керек. Әлемдік нарықта бізді ешкім күтіп тұрған жоқ, бірақ біз онда кірпіш боп қалануымыз және мықтап орнығуымыз қажет. Ол үшін бізге керегі:
       Біріншіден,   Қазақстан экономикасының сыртқы нарыққа шығатын негізгі салаларына олардың экспорттық пайдалылығының деңгейі мен соны айқындайтын факторлар  тұрғысынан  жүйелі талдау, мониторинг және бағалау  жүргізу. Мұның өзі, ең алдымен, жоғары өнімділік, жұмсалатын шығындардың төмендігі, басқа елдердің қолы жетпейтін ресурстар мен материалдардың болуы, біліктілігі жоғары жұмыс күші, өзіндік дара технологиялар және т.т. Әзірге мұндай жұмыс толық көлемінде орындалмай отыр.
       Екіншіден,   басқа елдердің бәсекелес өндірістері мен салаларына, сондай-ақ нақ сол халықаралық нарықтарға қатысатын ұлтаралық корпорацияларға салыстырмалы талдау  жүргізу;  қазақстандық экспорттаушылардың кейіндеп қалуына әкеліп соғатын немесе, қайта, оларға салыстырмалы артықшылықтар беретін факторларға  баға беру.
       Үшіншіден,   нақты экспорттық салалардың оң және теріс тұстарына баға беру, керек кезінде қолдағы артықшылықтарды қолдау, ал керек жерінде орын алған проблемаларды жоюды қажетсінетін  бағыттарды анықтау.
      Бұл ретте  біздің келешегі бар өндірістерді,  соның ішінде ішкі нарықты  дамыту жөнінде жасалған іс-қимылдың тиімділігіне баға беріп,  олардың экспорттық әлеуетін арттыру мүмкіндігін қарастыруымыз қажет.
       Төртіншіден,  осындай жүйелі талдаудың негізінде біз өнеркәсіптің құрылымын өзгертуге қабілетті, әрі едәуір қосымша құны, еселенген тиімділігі, экспорттық және ресурстар үнемдеуші әлеуеті бар»" ұшқыр" ауқымды жобалар әзірлеуіміз  керек.
       Бесіншіден,   Қазақстан бизнесінің шетел нарығына шығуы үшін нысаналы жүйелі қолдау ұйымдастырудың  маңызы зор.
      Үкіметке  экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін сапалы жаңа деңгейге жеткізудің толымды Стратегиясын  әзірлеп, іске асыруды тапсырамын.
      Осы негізде тиісті  Іс-қимыл бағдарламасын,  оның аралық нәтижелерін бағалау және оны толығымен іске асыру жүйесін әзірлеу қажет. Онда Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық одағымен бірлесіп әзірленген  ірі, орта және шағын бизнеске арналған ұсыныстар, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу және нақты салаларға мемлекеттік жәрдем жасаудың пәрменді шаралары  туралы ақпарат  қамтылуға тиіс. Осының нәтижелеріне сүйеніп, біз  экономикамызды кемелді қайта құрудың  осы заманғы тұғырларын әзірлей аламыз.
      Бұл істің үйлестіруші әрі жұмыс органы  Бәсекеге қабілеттілік және экспорт жөніндегі ұлттық кеңес  болуға тиіс, оны құруды мен Үкіметке тапсырамын. 

  Екінші бағыт - Әлемдік шаруашылық жүйесінде қазақстандық
"тауашалар" іздестіру, оларды қолға қарату және жасақтау

       Біріншіден,   біз жетістіктеріміз бен табыстарымызды қазірдің өзінде пайдалана алатын бағыттарды кеңейте беруге  тиіспіз. Бұл ретте  басты назарды Ресейдің, Қытайдың, Орталық Азияның, Каспий мен Қара теңіз өңірлерінің нарықтарына  аударған жөн.
       Екіншіден,  әлбетте, бір қарағанда,  онша тартымды емес әрі дәстүрлі деуге де келмейтін экспорттық "тауашаларды"  да назардан тыс қалдырмай, соның  жаңаларын жеделдете іздестіру  қажет. Бұл жұмысқа өзара тиімді негізде өзіміздің сыртқы әріптестерімізді де тартуға болады.
       Үшіншіден,   Қазақстанда  халықаралық бәсекеге қабілеттілік деңгейіне жете алатын,  жаңа экспорттық "тауашаларды" игеруге жәрдемдесетін жаңа, соның ішінде жоғары технологиялық өндірістерді дамыту.
      Мәселен, өткен жылы Солтүстік Қазақстанда біздің ТМД-дағы көршілеріміздің ешқайсысында жоқ биоэтанол өндіретін бірегей кәсіпорын ашқанымыз өздеріңізге мәлім.
      Биылғы жылы Атырау облысында тұңғыш шоғырлану негізінде мұнай-химия кешенінің құрылысы қолға алынады, ол бізге алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешенін дамытуға мүмкіндік береді. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты қазірдің өзінде еуропалық стандарттарға сай келетін бензин мен дизель отынын шығара алады.
       Төртіншіден,   біз шекаралас аудандарда жаңа өнеркәсіп өндірістерін құру мен дамыту мүмкіндіктерін саралап алуымыз керек, өзімізге көршілес мемлекеттер онда бүгінгі таңда-ақ сауда-өнеркәсіп, қаржы мен қызмет көрсету құрылымдарын жасақтап үлгерді.  Мұндай "ұшқыр" жобалар, айталық, Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері экономикасының өркендеуіне байланысты болуы мүмкін.  Қытаймен шекарада қазақстандық шикізатты өңдеп,  осы өніммен, сондай-ақ энергия көздерімен, отынмен және басқаларымен  қытайлық баж алымынсыз сауда аймақтарын жабдықтай алатын  кәсіпорындар құру тиімді. Содан кейінгі уақытта біз онда "Қорғас" Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының мүмкіндіктерін іске қосу және "Қорғас - Шығыс қақпасы" сауда-экономикалық аймағын құру арқылы тасымал, тауарлар бөлісі, материалдық-техникалық жабдықтау жөнінде түрлі  қызметтер көрсету саласын  дамыта алар едік.
      Үкімет және, бірінші кезекте, Индустрия және сауда министрлігі, сондай-ақ мемлекеттік холдингтер  біздің экономикамызға қатысушыларға байсалды ұсыныстар жасау арқылы экспорттық "тауашаларды" қазақстандық тауарлармен және қызметпен молынан толтырып, кеңейту бағдарламасын  әзірлеп, іске қосуға міндетті. 

  Үшінші бағыт -Ірі және "ұшқыр" жобаларға қатысу

      Біздің экономикалық жетістіктеріміз Қазақстанның Орталық Азия экономикасында көш басына шығуына жол ашты.
      Ендігі жерде біздің қолымызда  Қазақстанды экономикалық дамудың "өңірлік локомотивіне" әрі оны әлемдік экономиканың оңтайлы "ойыншысына" айналдыра алатындай күш бар.
       Біріншіден,  Үкімет  өзіміздің компанияларды келешегі зор өңірлік жобалар жайында ақпараттандыру жүйесін  жасап, олардың  осындай жобаларға қатысуына және конкурстық негізде мемлекеттік контрактілер алуына  жәрдемдесуге тиіс. Бұлар жоғары технологиялық өндірістер, инфрақұрылымдық және басқа да жобалар болуы мүмкін.
       Екіншіден,  біздің  ірі корпорацияларымыздың нақты "ұшқыр" жобаларды дамыту мақсатында ұлтаралық компаниялармен ынтымақтастығын көтермелеп  отыру керек.
       Үшіншіден,  Қазақстан  өңірлік қаржы нарықтарының Алматыдағы қаржы орталығының төңірегінде топтасуын дамыта отырып, бұл өңірде осы заманғы халықаралық сауда технологияларының негізінде тауар-шикізат нарықтарын,  айталық, астық биржасын құратын болады.
      Үкіметке, барлық тиісті органдар мен институттарға, соның ішінде мемлекеттік холдингтерге Қазақстанды " тауарлармен және қызметпен қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік орталыққа" айналдыруға қолайлы жағдайлар туғызуды,  ең бастысы,  қазақстандық компаниялардың ірі өңірлік экономикалық жобаларға қатысуы үшін нақты шаралар қолдануды тапсырамын.

  Төртінші бағыт - Мемлекеттік холдингтердің қызметін
бағдарлау және олардың жұмысын халықаралық
стандарттарға сәйкес ұйымдастыру

      Біздің мемхолдингтердің,  көп жағдайларда, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетсіз көп бейінді конгломераттарға айналып кетуіне  жол бермеу керек. Сондай-ақ олардың белгілі бір жеңілдіктер жүйесі бар  кәдімгі қаржылық "асыраушыға" айналып кетуінен де сақтану  қажет. Сонымен қатар мемхолдингтер өз құрамына кіретін ұлттық компаниялар мен ұйымдардың қызметін алмастырмай, керісінше  осынау экономикалық  қызметті жаңа деңгейде ұштастырып, міндеттер қосарластығынан, ішкі өнімсіз бәсеке мен томаға-тұйықтықтан арылуға,  олардың тиімді әрі ашық жұмысын қамтамасыз етуге тиіс екенін ескеру керек.
      Мемхолдингтер,  бірінші кезекте, Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуіне бағытталған ұлттық стратегияның бәсекеге қабілеттілігі мен іске асырылуын қамтамасыз етуде  өздерінің жетекші орындарын алуға тиіс.
       Біріншіден,  мемхолдингтер мен тиісті мемлекеттік органдарға  бүгінге дейін жинақталған талдау, маркетинг және технология турасындағы тәжірибені сын тұрғысынан саралап, нақты нәтижелері мен іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, алдағы іс-қимылды  айқындауды тапсырамын.  Өзіміздің экспорттаушыларымызға арналған "тауашалар" қалыптастыру  мен толымды халықаралық ықпалдастыққа кірігу нақтылы "ұшқыр"  жобаларды іске  асырудың  осы  заманғы айқын міндеттері мен жоспарының  болуын талап етеді.
       Екіншіден,  мемхолдингтер  халықаралық компаниялармен  бірлескен жобалар жасау, сондай-ақ олардың Қазақстанға келуіне жәрдемдесу жөнінде   белсенді жұмыс жүргізуге  тиіс. Біз үшін, әсіресе,  шикізаттық емес секторларда бірлескен жұмыс  ерекше маңызды.
       Үшіншіден,  мехолдингтер  экономиканы әртараптандыруда  өзінің рөлін атқаруға,  осы үдеріске қазақстандық орта және шағын бизнесті тартып, оларды көтермелеп, қолдап отыруға тиіс.
       Төртіншіден,  мұндай міндеттерді шешу үшін мемхолдингтерді біртұтас ағза ретінде қайта құрылымдау жоспарын әзірлеу, сондай-ақ тиісті  нысаналы, толымды жұмыс істейтін, тиімді, икемді әрі ашық ішкі құрылымдар  жасақтау қажет. Осыған байланысты әрбір мемхолдингті құрайтын құрылымдарға тиянақты талдау, олардың тиімділігі мен бейінделуіне саралау жүргізу, содан кейін әрбір мемхолдингтің басқаруында қандай активтердің қалатынын, олардың қалай дамитынын, қайсысын бәсекелестік ортаға енгізу керектігін анықтау керек.

       "Самұрық"

       Біріншіден,   "Самұрықтың" негізгі міндеті -  экономиканың мемлекеттік секторындағы кәсіпорындарды басқара отырып, олардың құнының арттырылуын қамтамасыз ету.
       Екіншіден,   "Самұрықтың" басшылығына  оның құрамына кіретін мемкомпаниялардың қызметі айқындалатын өз дамуының біртұтас стратегиясын  жедел қарқынмен әзірлеуді тапсырамын.
       Үшіншіден,   "Самұрық"  барлық отандық инфрақұрылымдық қызметті тұтынушыларға, сыртқы нарықтарда экономиканың тиісті секторларына бәсекелестік артықшылықтар беруге тиіс міндеттер мен жобаларды орындау  үшін өзінің мүмкіндіктері мен ресурстарын пайдалануға тиіс. Яғни кәсіпорындарымыз бен еліміздің  жұрты, сайып келгенде, неғұрлым сапалы әрі мүмкіндігінше арзан энергетикалық,  темір жол, телекоммуникациялық және тұрмыстық қызметпен қамтылуы керек.
       Төртіншіден,   "Самұрық" өзінің стратегиясын қамтамасыз ету үшін  жинақтаушы зейнетақы қорларының, даму институттарының және қазақстандық, сондай-ақ шетелдік жеке инвесторлардың қаражатын тартудың айқын схемасын  әзірлеуге тиіс.

       "Қазына"

      "Қазына"  өзінің құрамына кіретін барлық институттар мен ұйымдар қызметінің ортақ стратегиясын тұжырымдап, жүзеге асыруы  керек. Бәрінің де мақсаты біреу болуға тиіс, ол -  Қазақстанның шағын, орта және ірі бизнесінің бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыру үшін көмек пен көтермелеу жасалуын қамтамасыз ету, халықаралық "ұшқыр" жобаларды алға шығару және экспорттық "тауашаларды" қалыптастыру, инфрақұрылымдарды дамыту үшін  қолайлы жағдай туғызу.
       Біріншіден,   "Қазына" қоры  келешегі зор кәсіпкерлер мен өндірістердің қолданбалы зерттеулерді қаржыландырудан бастап, қазақстандық тауарларды сыртқы және ішкі нарықтарға жылжытуға дейін бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен экспортына қолдау жасау жөнінде осы заманғы қызмет  көрсетуді қамтамасыз етуге тиіс. Қор  экспортқа қызметтік қолдау  көрсету мәселелері бойынша мемлекеттің операторы болуы керек.
       Екіншіден,  "Қазына" экономиканың басым секторлары мен тиісті компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында  жаңа технологиялардың енгізілуі мен қолданбалы ғылымның дамуын ынталандыру  үшін не істейтінін анықтап алуы керек.
       Үшіншіден,   "Қазына" қорының өзіміздің озық кәсіпорындарға, негізінен алғанда, шикізат өндірмейтін өнеркәсіпке  сыртқы сауда-саттық жасауына жағдай туғызуға және экспортқа шығуын кеңейтуге  жәрдемдесуі, соның ішінде қаржыландыруды құрылымдау,  экспорттық кредиттер, экспорттық сақтандыру  және т.б. арқылы көмектесуі тиімді болары анық.
       Төртіншіден,  халықаралық нарықта өздерінің "тауашасын" тауып, ондағы берік тұғырларын сақтай алатын  жаңа өндірістерді конкурстық негізде венчурлық қаржыландыру үдерісін  жан-жақты ой елегінен өткізген дұрыс. Бүгінгі таңда "Қазынаның" қолында  Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетті жаңа өндірістері мен секторларын жасақтау үшін алуан түрлі құралдар  болуға тиіс.
       Бесіншіден,  Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі  тиісті халықаралық компанияларды экспорттық әлеуеті жоғары бірлескен өндірістерге тарту  болуы керек.
       Алтыншыдан,  Қор  барынша экспорттық бағытта құрылған арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарға, технопарктерге  отандық және шетелдік бизнесті белсене тартуға тиіс.
       Жетіншіден,  биылғы жылы Қорлардың қорын құру, соның ішінде шетел қаржы институттарының қатысуымен құру қажет.

       "ҚазАгро"

       "ҚазАгро" ұлттық холдингі жұмысының негізіне де  осындай пайымның алынғаны абзал.
       Біріншіден,   "ҚазАгроның" негізгі міндеті -  ауыл шаруашылығының өнімділігі деңгейін арттыра беру, жердің тозуына жол бермеу, еліміздің су және басқа табиғи ресурстарын пайдалану тиімділігін  арттыру,  сонымен қатар ескірген аграрлық технологиялардың қолданылуына тосқауыл қою, аграрлық ғылымның дамуындағы баяулықты, сондай-ақ ұсақ шаруа қожалықтарының бытыраңқылығын еңсеру мәселелерін жүйелі түрде шешу.
       Екіншіден,   "ҚазАгро" алға қойылған міндеттердің ауқымында ауыл шаруашылығымыздың  барлық салаларына сапалы талдау жүргізіп,  бірінші кезекте дамыту қажет болатын  бағыттарды айқындауға  міндетті. Айталық, бүкіл дүние жүзінде жедел дамытыла бастаған ауыл шаруашылық өнімдерінің жаңа нарығы пайда болды, бұлар - экологиялық таза өнімдер, жаңа өндірістер және т.т.
       Үшіншіден,   "ҚазАгро" таяу уақыттың ішінде  экспорттық әлеуеті бар байырғы және бүгінгі ауылшаруашылық өнім өндірушілерін қаржыландыру жүйесін әзірлеп, іске асыруға тиіс.  Мұндай қаржыландыру нысаналы болуы әрі  ескірген агротехнологияларды алмастыруды және жоғары технологиялық агроөнеркәсіп құруды көздеуі керек.  Бұл үдеріске операторлар ретінде екінші деңгейдегі банктерді тарту қажеттігінің тууы да мүмкін.
      Барлық мемхолдингтердің, оларға кіретін ұлттық компаниялар мен басқа ұйымдардың басты міндеті  корпоративтік басқарудың халықаралық іс-тәжірибесін енгізу, есептілік пен ашықтық қағидаттары арқылы  бәрінің де қызметін ретке келтіру болып қала береді.

      Олар бүкіл Қазақстан бизнесі үшін  корпоративтік мінез-құлықтың өнегесіне  айналуы шарт.
       Біріншіден,  мемхолдингтердің жұмысы  Корпоративтік басқару кодексіне  сәйкес құрылуы міндет.
       Екіншіден,  мемхолдингтер қызметінің ашықтығы деңгейін көтере беру қажет.  Қоғам бұл компаниялардың стратегиясы, олардың меншігінің құрылымы, қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижесі және тағы басқалары туралы ақпаратқа қанық болуы керек.
       Үшіншіден,  мемхолдингтердің шаруашылық қызметі, кадрларын іріктеуі және т.б.  ашық  конкурстық ресімдер негізінде  жүзеге асырылуға тиіс.
       Төртіншіден,  пәрменді стратегия жүргізу және басқару, қаржы мен  қызмет нәтижелеріне тиімді бақылауды жүзеге асыру үшін  Директорлар кеңесінің ұтымды жұмысын  қамтамасыз ету шарт.
       Бесіншіден,  біздің ойымызша,  мінсіз беделі бар тәуелсіз аудитордың қатысуымен мемхолдингтер жұмысының нәтижесіне жүргізілетін жыл сайынғы тексеру  айқын, ашық жүйелілікті қамтамасыз етуге және осы холдингтер қызметіне жария баға беруге жәрдемдесетін болады.
      Мұндай қағидаттар барлық мемхолдингтер жұмысында арна тартуға тиіс. Мемхолдингтер басшыларына 2007 жылғы тамыздан кешіктірмей, өздерінің дамуы мен жаңа құрылымының тұжырымдамасын Президенттің бекітуіне ұсынуды тапсырамын. Стратегиялары мен құрылымдары бекітілгеннен кейін "Самұрық", "Қазына", "ҚазАгро" алдарына қойылған міндеттерді іске асыруға кірісулері керек, жұмыстарының нәтижелері үшін олардың басшылары жеке дара жауап беретін болады.

  Бесінші бағыт - Өндіруші сектордың тиімділігі мен
макроэкономикалық қайтарымын едәуір арттыру

      Біз  алдағы уақытта да жауапты әрі өзара тиімді энергетикалық саясат жүргізу ниетіндеміз.
       Көмірсутегі секторын одан әрі дамытуды, шетелдік және жергілікті инвесторлар тартуды экономиканы әртараптандырумен тікелей байланыста қарап,  жаңа, келешегі зор өндірістер құру жөніндегі аса маңызды міндеттерді осыған орай шешу керек.
      Үкімет біздің табиғи ресурстарымызбен жұмыс істейтін ірі инвесторлардың алдына олардың Қазақстанды индустрияландыруға  үлкен әрі нақтылы үлес қосуы жайында мәселе қоюы керек, қажет болған жағдайда тиісті Заң жобасын енгізуімізге болады.
      Біз, ең алдымен, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негізге аламыз. Бұл ретте біз өзіміздің көршілеріміз бен халықаралық әріптестеріміздің  тұрақтылығын, болжамдылығын  және ұзақ мерзімді мүдделестігін қамтамасыз етеміз.
       Қазақстанның өңірлік энергетикалық кеңістіктегі тұғырын одан әрі нығайтудың тыңғылықты стратегиясын  әзірлейтін уақыт жетті.
       Біріншіден,  Үкімет мемхолдингтермен бірлесіп,  қазақстандық энергияны экспортқа шығарушылардың халықаралық нарыққа баруын көтермелеу мен қамтамасыз ету  жөнінде нақтылы шаралар қолдануға тиіс.
       Екіншіден,  Үкімет  газ өндіру саласының жаңа стратегиясын тұжырымдауы  және оны  іске асырудың заңнамалық негізін жасауы  керек.
       Үшіншіден,  энергетиканы іркіліссіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін өз көршілерімізбен тығыз келіссөздер жүргізіп, оларды  Орталық Азияда өңірдегі мемлекеттердің энергетикалық желілерінің кешенді жүйесін жасақтау тиімді болатынына,  сондай-ақ  өңірлік және халықаралық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нарықтық жүйе жасауға жәрдемдесетін Энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрудың да маңызды екеніне иландыруымыз керек . Бұл өңірдегі барлық елдердің мүддесіне сай келеді.
       Төртіншіден,  өзіміздің табиғи ресурстарымызды парасатты пайдалану және  қоршаған ортаны ластау, ескірген әрі "кіршең" технологияларды  бақылаусыз әкелу,  қалпына келетін ресурстарды ұқыпсыз жұмсау  секілді және т.б. проблемаларды шешу үшін өтімді заңнамалық негіз қалыптастыру қажет.
      Каспий айлағында мұнай кен орындарын игеру барысында табиғат қорғауға бағытталған заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту міндет. Үкімет көмірсутегін өндіру кезінде  қатаң экологиялық стандарттарды сақтауға міндеттейтін "Жасыл мұнай" қағидаты бойынша халықаралық сертификаттар енгізу мәселесін қарауы керек.

         Біздің энергетика мен мұнай-химия салаларын дамытудың басты мәселесі -  энергия өнімдеріне қосылған құнды ұлғайту  арқылы осы секторлардың түсімділігін арттыру. Әсіресе,  мұнай-химия,   газ ресурстары, экспорттық энергия арналары  секілді басымдықты секторларды басқару барынша пәрменді болғаны шарт.
       Біріншіден,  Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі  мұнай мен газ өңдеу кәсіпорындарын жаңарту мен қайта жарақтау, жаңа мұнай-химия өндірістерін жасақтау жөніндегі бағдарламалар  әзірлеп, оларды іске асыруы керек. Біз  мұнай мен газ секторында қосылған құны жоғары, сондай-ақ ілеспе және іргелес өндірістерді  дамытуға тиіспіз.
      Үкіметтің осы министрлікті еліміз экономикасының қазіргі кезеңдегі негізгі саласы - энергетиканың небір күрделі  мәселелерін шешуге қабілетті заманалық тұрпаттағы кадрлармен толықтыруы керек.
       Екіншіден,  Энергетика министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп,  энергия үнемдейтін технологияларға көшу  жөніндегі практикалық шаралар бағдарламасын әзірлеуге міндетті.  Табиғи ресурстарды үнемдеу мен ұтымды пайдаланудың мұндай  технологиялары мен бағдарламаларын енгізуді экономикалық, әлеуметтік және экологиялық факторларды оңтайлы ұштастыру қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырған абзал. Мұндай бағдарламада, айталық,  энергетика өндірісі мен тұтыну қалдықтарын төгу мен кәдеге жаратуға қатаң мемлекеттік бақылау  енгізу, кәсіпкерлердің  экологиялық нормаларды сақтау  жөніндегі контрактілік міндеттемелерін орындауы,  қалдығы аз технологиялар енгізу  мен т.б. мәселелер көзделуі мүмкін.
       Үшіншіден,  Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі осы жылдың соңына дейін  мұнай мен газ саласында теңдестіре өндіру мен экспортқа шығаруға, сонымен бір мезгілде көмірсутегі жаңа кен орындарын барлау мен іздестіруге және мұнай-газ ресурстарын пайдаланудың жаңа әдістерін пайдалануға бағытталған жаңа даму стратегиясын әзірлеуге міндетті.
       Төртіншіден,  заңнамалық базаны жетілдіріп,  жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануы мен міндеттемелерін орындауының  кешенді мониторингін  жүзеге асыру қажет. Үкімет  бюрократиялық келеңсіздіктерге жол бермеуге, рұқсат беруші құжаттар тізбесін қысқартып, жер қойнауын пайдаланушыларға құқық беру тәртібін оңайлатуға  тиіс.
       Бесіншіден,  Үкіметтің ірі кәсіпорындардың  әлеуметтік міндеттемелерін орындау және білікті шетелдік жұмыс күшін қазақстандық мамандармен алмастыру жөніндегі  контрактілік міндеттемелеріне бақылау жүйесін жетілдіруі керек.

  Алтыншы бағыт - Қаржы жүйесінің ырықтандыру жағдайындағы
тұрлаулылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің жаңа деңгейі

       Біріншіден,  біздің банктеріміз  жергілікті нарықтағы, сондай-ақ өңірлік әрі халықаралық жобалардағы бәсекелестік күреске әзір  болуы керек.  Біздің қаржы жүйемізге резидент еместердің келуіне байланысты бірқатар шектеулерді  біз Қазақстанның БСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздердің барысында алып тастадық.
       Екіншіден,  Қазақстанның банк жүйесі тарапынан  экономиканың келешегі бар секторларына нарықтық тұрғыдан тиімді қолдау көрсетуі үшін  жағдай жасау және  банктердің өңірлік экономикалық жобаларға,  соның ішінде мемлекеттік - жеке меншік серіктестік шеңберінде  қатысуын  күшейту қажет.
       Үшіншіден,   екінші деңгейдегі қуатты банктердің капиталын ұлттық ауқымдағы, әсіресе, энергетикалық, инфрақұрылымдық және "ұшқыр" жобалардың іске асырылуына тарту  туралы маңызды мәселені шешу керек.
       Төртіншіден,   капиталдың жылжуы саласындағы негізсіз шектеулерді алып тастау жайындағы мәселеге  тағы да қайта оралуымыз қажет. Бұл мәселені  Қазақстанның оңтайлы жиынтық сыртқы қарызын қолдау қажеттігін  ескере отырып қарастырған дұрыс. Біздің банктеріміз сыртқы қаржыландыруға шамадан тыс үміт артады, мұның өзі еліміздің жиынтық сыртқы берешегінің бақылаусыз өсіп кетуіне әкеліп  соқтыруы ықтимал.
       Бесіншіден,  біз тиімді жұмыс істейтін  қор нарығын  құруымыз керек. Халықты өзінің жинақтауларын құнды қағаздарға салуға кеңінен тартпайынша, оның дамуы мүмкін емес.  Халықты инвестициялық сауаттылық әліппесіне нысаналы оқыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізу де қажет.
       Алтыншыдан,   электрондық банк қызметінің инфрақұрылымын  кеңейту үшін заңнамалық негізді одан әрі жетілдіру электрондық сауданы дамытудың қуатты факторына айналады.
      Үкімет Қаржы қадағалау агенттігімен бірлесіп, осындай жұмысты жүргізудің стратегиясы мен қажетті заңнамалық іргесін сомдауға міндетті.

  Жетінші бағыт - Қазақстан үшін тиімді жағдайларда БСҰ-ға кіру

      Қазақстанның жаһандық экономикадағы бәсекелестік тұғырларын көп ретте  оның Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты  айқындалатын болады. Бұл міндетті біз бірнеше жыл бойы дәйекті түрде шешудеміз, әрі тиянақтауға да тақаумыз.
       Біріншіден,  еліміздің ұлттық мүдделерін ескере келгенде, биылғы жылдың соңына дейін  Қазақстанның заңнамасын БСҰ-ның міндетті келісімдерінің нормаларына сәйкес келтіру қажет.
       Екіншіден,  Қазақстанның БСҰ-ға кіруінің барысында Үкімет  аграрлық секторды қолдаудың қажетті деңгейін сақтап қалуы және өнеркәсіп орындарын БСҰ жағдайында тиімді жұмыс істеуге дайындау жөніндегі тиісті бейімдеу шараларын  іске асыруы керек.
       Үшіншіден,   кедендік әкімгерлікті жетілдіру мен кеден қызметі мамандарының осы заманғы талаптарға кәсіби сәйкестігін  қамтамасыз ету жөнінде нақтылы, пәрменді және жүйелі шаралар әзірлеу қажет. Біз  экономиканың ашықтығы, өңір елдерінің арасындағы кедендік кедергілерді азайту және өңірдегі сыртқы тарифтердің бірыңғай деңгейін белгілеу  саясатын жүргізуге тиіспіз. Осы және басқа да мақсаттарға арнап, мемлекет соңғы жылдары өзіміздің кеден жүйесіне едәуір қаржы бөліп келеді.
       Төртіншіден,   барлық заңды тұлғалардың қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына көшуі  үдерісін жеделдету керек.
       Бесіншіден,  Үкімет "Атамекен" одағымен бірлесіп, таяудағы уақытта экономиканың барлық секторларындағы  өзіміздің өндірісшілер мен кәсіпкерлеріміз үшін  тиісті ұсыныстар әзірлеуге тиіс. 

  ІІ. Әртараптандыру, инфрақұрылымдық дамыту және жоғары
технологиялық одан әрі индустрияландыру негіздерін жасау
арқылы Қазақстан экономикасының өсуі мен тұрлаулылығын
басқаруға бағытталған мемлекеттік саясат

  Сегізінші бағыт - Экономиканы әртараптандыру және шикізаттық
емес секторды дамыту

      Үкімет  экономиканың басымдықты шикізаттық емес секторларындағы "ұшқыр" инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға  баса назар аударуға міндетті.
      Біз " жинақтауларымызды өсіруден"  ендігі жерде " өсуді басқаруға"  көшуіміз керек, мұның өзі, ең алдымен, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған саясат жүргізу және Қазақстан экономикасын біртіндеп одан әрі индустрияландыруға көшіру деген сөз.
       Біріншіден,  Үкімет  нақтылы еселемелі тиімділік беретін жаңа технологиялық және жүйе құрайтын өндірістерді  дамытуға қажетті жағдай туғызуға тиіс. Мұндай өндірістердің, айталық, мұнай-газ машиналары, арнайы құймалар өндірістерін, биохимиялық және мұнай-химия өнімдері, тамақ, тоқыма, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдары өндірістерін және басқаларын қамтуы мүмкін.
       Екіншіден,  аграрлық саясат саласында Үкіметтің  агроөнеркәсіп кешені  салаларының өнімділігі мен кірісін өсіру, отандық өнімнің ұлттық бәсекелестік артықшылықтарын дамыту есебінен  оны тұрлаулы дамыту бағдарламасын  іске асыруы керек.
       Үшіншіден,  заңнамалық базаны жетілдіре отырып,  жер қойнауын пайдалану мен жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін атқаруының кешенді мониторингін  жүзеге асыру міндет.
       Төртіншіден,  Үкімет  жер қойнауын пайдалану, машина жасау және ауыр индустрия салаларында қазақстандық қызмет көрсету нарығын дамыту  жөнінде пәрменді шаралар әзірлеуге тиіс.
      Үкімет пен мемхолдингтерге "Атамекен" Кәсіпкерлер одағымен ақылдасып, аса ірі компаниялар үшін олардың индустриалдық әртараптандыру стратегияларын қалыптастыру жөніндегі талаптар мен ұсыныстарды тұжырымдауды тапсырамын.

  Тоғызыншы бағыт - Жоғары технологияларды енгізуге және
инновацияларды қолдауға бағытталған біртұтас мемлекеттік
стратегия жүргізу

       Біріншіден,  өзіміздің бәсекелестік артықшылықтарымызды негізге ала отырып,  технологиялар алмастыруларын белсенді әрі байыпты жүргізуіміз керек.  Сырттан жаңа технологиялар әкеліп, оларды жетілдіруді жүзеге асыратын, сондай-ақ отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізумен шұғылданатын конструкторлық бюролар мен жобалау ұйымдарының желілерін құруға жәрдемдесу қажет.
       Екіншіден,   жоғары технологиялар саласындағы жобаларды қаржыландыруды, соның ішінде венчурлық негізде қаржыландыруды қолдайтын құрылымдар жасақтау  керек. Қазақстан ғалымдарының үздік әзірлемелерінің "сыртқа" кетуіне жол беруге болмайды.
       Үшіншіден,  Қазақстан бизнесінің инновациялық белсенділігін көтермелеу  шарт. Ғылыми-зерттеу және конструкторлық күш-қуаты жеке меншік сектордан өріс алғаны жақсы.
       Төртіншіден,  зерттеу жұмыстарына мемлекеттік тапсырыстар жасауды бір жүйеге келтіру қажет, сонда ғана бұл жұмыстардың нәтижесіне экономиканың нақтылы секторында сұраныс туатын болады.
       Бесіншіден,  зияткерлік меншік пен сауда таңбаларының қорғалуын нығайтып,  технологиялық секторды дамытуға жәрдемдесу керек. Танысу мен қаржыландыру үшін ашық болатын инновациялар мен патенттер банкін құру қажет.

  Оныншы бағыт - Экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің
өңірлік орталықтарын қалыптастыру және олардың жұмысқа
кірісуі

      Едәуір  экономикалық әлеуеті бар алдыңғы қатарлы қалаларды басымдықпен дамыту есебінен экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік орталықтары мен "өзекті арналарын"  үйлесімді қалыптастыру өңірлік дамуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Үкімет тұтас алғанда ел экономикасын өркендетудің орталықтары ретінде дамыту үшін олардың мүмкіндіктерін зерделей келіп осындай орталықтарды анықтауға тиіс.
      Небәрі он жылдың ішінде  шалғайдағы шағын қаладан осы заманғы мүмкіндігі мол шаһарға айналған біздің байтағымыз  Астананың экономикалық өркендеудің аса маңызды орталығына айналғаны, әлбетте,  қазақстандықтарға  ғана емес, баршаға аян.
      Егер біз әлемнің айтулы астаналарымен шындап бәсекеге түскіміз келеді екен, онда өзіміздің осы мүмкіндіктерімізді одан әрі еселей беруіміз керек.
       Біріншіден,  Астананың  оңтүстік шығыс бағытындағы оң және сол жағалауда кемінде  екі жаңа орталық  салуға кірісуіміз керек.
       Екіншіден,  Астанадағы Ұлттық биотехнологиялар орталығы жаңа ғылыми кешенінің  құрылыс қарқынын жеделдетудің маңызы үлкен.
       Үшіншіден,  Үкімет жаңадан іске қосылатын әлемдік деңгейдегі республикалық ғылыми инновациялық медицина орталықтарының негізінде  Астанада медициналық кластер құру жөніндегі  бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыра беруі керек.
       Төртіншіден,  Астанада құрлықтағы су ресурстарын зерттеу мен қорғау мәселелерін кешенді тұрғыда шешуге тиіс  Еуразиялық су орталығын  құру қажет.
      Астана қаласының әкімі мен Үкіметке орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңде қол жеткізуге болатын  әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты серіппелерін  айқындауды тапсырамын.

       Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы  мәселе де - көкейкесті мәселе.
      Біз инфрақұрылымды дамытуды, еңбек ресурстарының жинақылығын және өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін көтеруді қамтамасыз ету әрі солардың негізінде " өсу тетіктерін" қалыптастыру  арқылы  Қазақстанның кеңістіктік шоғырлануына  қол жеткізу мақсатын алдымызға қойып отырмыз.
       Біріншіден,  бұл міндетті Қазақстанды өңірдің "экономикалық жолбасшысына" әрі осы заманғы қызмет көрсету мен жоғары технологиялық индустрия орталығына айналдыру арқылы іске асыру міндет.  Мемлекеттік және жеке секторлардың топтасуы үдерісін пайдаланып,  айталық, қазірде құрылған " Сарыарқа" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын  ескере отырып, мәселен,  Астана қаласы, Ақмола мен Қарағанды облыстарының нысаналы  өңірлік даму жоспарларын жасау негізінде  нақтылы "өсу орталықтарын" құру қажет.
       Екіншіден,  мұндай "экономикалық өсу орталықтары"  барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуге  тиіс, онда мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық  білім беруге баса көңіл бөлінуі  керек.
       Үшіншіден,   "өсу тұғырларын" сонымен қатар  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) желісін дамыту  негізінде де жасақтаған дұрыс. Олардың қызметі аграрлық, көлік-логистикалық және басқа секторларда инвестициялық және инновациялық жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Үкіметтің ӘКК-ге қажетті мемлекеттік меншік пен активтерді беріп, кәсіпкерлердің қатысуымен корпорацияларды дамыту мәселелерін шешкені дұрыс.
      Үкімет пен әкімдер бірлесіп, біздің өнеркәсіпті, сауда мен жоғары технологияларды дамыту жөніндегі жоспарларымызды ескере отырып,  осы орталықтарда өнеркәсіп орындары мен индустриалдық аймақтарды орналастыру  жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге тиіс.

  Он бірінші бағыт - Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің
негізінде стратегиялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ осы
саладағы басқару сапасын көтеру

      Үкіметке әкімдермен бірлесіп,  осы заманғы инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын, бұл жоспар: 
       - біздің халықаралық инфрақұрылымдық нарыққа кірігуіміздің; 
       - өңірлердің экономикалық белсенділік орталықтарын дамыту; 
       - көліктің алуан түрлері арасындағы технологиялық өзара ықпалдастығы; 
       - бизнес пен азаматтардың шығасысын кеміту   міндеттерін жүзеге асыруды көздейді.
      Бұл жоспарды іске асыру үшін біз мемлекеттік холдингтердің мүмкіндіктерін барынша пайдалануға және  мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыруға  тиіспіз.
       Біріншіден,  біздің көлік инфрақұрылымын нысаналы түрде қолдап, жаңартып және кеңейтіп отыруымыз керек. Біз еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға тиіспіз, бұл үшін өзіміздің көлік жүйемізді әлемдік жүйеге кіріктіруіміз керек.
       Екіншіден,  әуе тасымалы саласын  белсенді дамыту керек. Біз  аэропорттарымыз бен авиация саласын ұлттық экономиканың  талаптары мен халықаралық деңгейге сәйкес келтіруіміз  қажет. Әуе қызметінің сапасын, қауіпсіздігін арттыру және құнын төмендету үшін жергілікті авиация нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін барлық жағдай жасалуы керек.
      Осы инфрақұрылымды дамытудың тиісті бағдарламасы 2007 жылдың соңына дейін әзірленуге тиіс.
       Үшіншіден,  темір жол тасымалы мен оны басқаруды кезең-кезеңімен нарық негізіне көшіру арқылы еліміздің темір жолдары желісін жаңарту  турасында әңгіме қозғаған орынды. Бұл орайда  Темір жол көлік-логистикалық орталықтары  осындай көлік қызметіне деген бүгінгі және болашақтағы сұраныс ескерілетіндей деңгейде құрылып, кеңейтілуге тиіс.  Темір жол саласы  қауіпсіздігі, жеткізу мен қызмет көрсету шапшаңдығы  жағынан әлемдік стандарттарға, ал тарифі жөнінен саланың негізді талаптарына сәйкес болуға тиіс.
      Көлік және коммуникациялар министрлігі "Самұрық" мемхолдингімен бірлесіп, қолданыста жүрген Темір жол көлігіндегі тасымалдау ережелерін қайта қарап, экономикалық дамуымыздың неғұрлым жоғары деңгейіне сәйкес келетін жаңа ережелерін әзірлеуі керек.
       Төртіншіден,   телекоммуникациялар саласында монополиясыздандыру мен еркін бәсекені дамыту  жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу міндеті алда тұр. Бұл салаға басқа инвесторлардың келуі үшін тарифтерді қайта теңдестіру жұмысын да аяқтайтын кез жетті.  Әлемдік желінің біздің мектептерімізге, кәсіпорындарымыз бен үйлерімізге келуін көбейткіміз  келсе, интернет-қызметтің құнын төмендету үшін жағдай туғызу керек.
       Бесіншіден,  су көлігі инфрақұрылымын дамытуға да  дәл осындай жауапты тұрғыдан келу қажет.  Каспий айлағының қарқынды игерілуі  жаңа порттар мен теңіз көлік кемелерін  керексінеді.  Кеме жасау верфьтерінің жаңа қуаттарын жасақтау мен қолданыстағы теңіз бен өзен порттарын жаңарту  бағдарламаларын іске асырған жөн.
       Алтыншыдан,   автокөлік инфрақұрылымын дамыту туралы.  Өткен жылы Автомобиль жолдары саласын 2012 жылға дейін дамыту бағдарламасын іске асыру қолға алынды. Автожол саласын қаржыландыруға мемлекет тұңғыш рет 10 млрд. дерлік АҚШ долларын бөліп отыр.  Бұл инфрақұрылымды дамыту қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, жолдағы жарақаттану қатерін азайта береді.
      Үкімет жарты жылдың ішінде  халықаралық маңызы бар негізгі автожолдарды  халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге қажетті стратегия әзірлеуі керек. Сонымен қатар көлік-логистикалық кластерді дамыту ауқымында  Батыс Еуропаны Батыс Қытаймен жалғастыратын Қазақстанның аумағы арқылы өтетін автомобиль жолы  салынуға тиіс.
      Сонымен бірге Қазақстанның ең шалғай елді мекендеріне жетуімізді жеңілдететін  жергілікті маңызы бар жолдар желісін жедел кеңейтуіміз  қажет.

  Он екінші бағыт - Электроэнергетикалық ресурстарды дамыту
және атом энергетикасының негіздерін жасау

      Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласын электр қуатымен қамтамасыз ету аса өзекті мәселе болып тұр.
       Біріншіден,  көршілес елдердің қуаттарын тарту арқылы өзіміздің энергиясы мол және  энергиясы тапшы өңірлеріміздің арасында электр қуатын қайта бөлу мәселесін  теңдестіре шешіп,  энергия үнемдейтін технологияларға көшуіміз  қажет.
       Екіншіден,  электр энергетикасы саласын  дәйекті түрде жаңарту,  қуаттардың тозуы мен жетімсіздігі  проблемасын шешу,  жаңа өндірістерді дамыту, жұмыс істеп тұрған жабдықтар мен электр энергиясын беретін желілерді кеңейту мен жаңғырту  үшін жағдай туғызу қажет.
       Үшіншіден,  энергия көздерін әртараптандыру еліміздің бүкіл аумағындағы тұрақты даму үшін ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында  атом энергетикасын дамыту  қажет болады. Сөйтіп,  Қазақстанда атом электр станциясы құрылысының  техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу қажеттігі туып отыр.
       Төртіншіден,  Норвегия мен Швецияның үлгісі бойынша  энергетикалық одақ шеңберінде  іргелес жатқан мемлекеттермен  энергетикалық биржа  құру мүмкіндігін де қарастыру қажет.
      Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне 2007 жылдың соңына дейін өңірлердің энергетикалық қажеттіліктерін шешу үшін  жұмыс істеп тұрған электр станцияларының қуаттарын ұлғайту, жаңа ұқсатушы қуаттар салу мен электр өткізетін желілерді оңтайландыру  жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Еліміздің оңтүстігін энергиямен жабдықтауда жүйелі әрі нақты қадамдар жасайтын уақыт жетті.
      Сонымен қатар  электр энергиясын тиімді пайдалануды ынталандыруға,  сондай-ақ  энергетика саласына энергия үнемдейтін,  соның ішінде  ғылыми қамтымды технологияларды енгізу тетіктерін  әзірлеуге бағытталған экономикалық және әкімшілік шаралар да жұмысымыздың маңызды бағыттары болуы керек.

  Он үшінші бағыт - Шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі
дәйекті іс-қимыл

       Біріншіден,  Үкімет  іскерлік бастамашылық жолында заңнамалық, әкімшілік және бюрократиялық кедергілердің  қашан және қалай пайда болатынын анықтап алуға,  оларды барынша қысқартуға,  сондай-ақ  шағын және орта бизнес құрылымдарының мемлекет алдында қандай да бір негізсіз есепті болуына жол бермеуге  тиіс. Сонымен қатар, салық заңнамасының  кәсіпкерліктің дамуын толығымен ынталандыруы,  сондай-ақ  бизнестің "қалтарыстан" шығуына жәрдемдесуі  үшін одан әрі жетілдіре түсу қажет.
       Екіншіден,  біз  әділ бәсекелестік орта қалыптастыру мен экономикалық ойыншылардың бәріне бірдей жағдай туғызу  жөніндегі жұмысты тиянақтауға тиістіміз. Үкіметке антимонополиялық заңнамаға кешенді тексеріс жүргізіп,  бәсекені шектеу мен нарыққа қатысушылардың ымыраластығы фактілерін анықтаудың,   экономикамыздың іргелі салаларын " жасырын"   монополияландыруға жол бермеудің айқын тетіктерін жасауды,  сондай-ақ  айыппұл санкцияларын қолдану туралы тиісті ұсыныстар әзірлеуді  тапсырамын.
       Үшіншіден,  біз табиғи монополиялар аясын барынша қысқартуға тиіспіз, біздің тиісті салалардағы бәсекелестік қатынастарды құрылымсыздандыру мен дамытудың жаңа бағдарламаларын жасап, қолданылып жүргендерін жаңалауымыз керек. Экономиканың табиғи монополиялар сақталып қалған телекоммуникациялар мен аэронавигация, темір жол көлігі мен порттар, электр энергетикасы, мұнай мен газ құбыры көлігі, сондай-ақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сияқты секторларын реттеу мен бақылау мақсатында тәуелсіз салалық реттегіштер жасақтауымыз керек.
       Төртіншіден,  жаңа кәсіпорындар мен компаниялар құру барысын жетілдіру қажет. Мәселен, " жалғыз терезе"   жүйесінің шеңберінде кәсіпкерге фирманы екі-үш күннің ішінде тіркете алатындай жағдай туғызу  керек.
       Бесіншіден,  тұрлаулы және серпінді экономикалық өсу үшін біздің  Қазақстанның шағын және орта бизнесінің жоғары сапалы өнімдері мен қызметіне сұраныс туғызудың тегершігі ретінде мемлекет пен мемкомпаниялардың ресурстарын жариялы әрі конкурстық негізде белсендірек пайдалануымыз  қажет.
       Алтыншыдан,   жаңа өндірістерді ашық және жариялы конкурстық негізде дамыту үшін  арнаулы бағдарламалар әзірлеу тиімді, онда үздік бизнес-идеялар  жаңа бизнес қалыптастыру,  айталық, заңгерлік және консультациялық шығындарды жабу үшін  қаржылық және техникалық қолдау  алар еді. Бұл міндет "Қазына" қорына қатысты деп ойлаймын.

  Он төртінші бағыт - Халықаралық талаптарға сай келетін
техникалық стандарттарды жедел әрі
барлық жерлерде енгізу

      Қазақстанның  халықаралық экономикалық өрістегі бәсекеге толымды қатысуы халықаралық техникалық стандарттар талаптарын  орындауды талап етеді.
      Техникалық стандарттау  өнім мен қызмет сапасын қамтамасыз ету құралы ретінде  ғана емес,  біздің тауарларымыз бен қызметіміздің  жаһандық экономикадағы  бәсекеге қабілеттілігін жүзеге асырудың міндетті шарты ретінде де  қарастырылуы керек.
      Қазақстан экономикасын стандарттау ғылым мен техниканың және практикалық тәжірибенің соңғы жетістіктері негізінде жүргізіліп,  көптеген халық шаруашылық, салалық және ішкі өндірістік міндеттердің оңтайлы шешімдерін  айқындауға тиіс.
      Индустрия және сауда министрлігіне: 
       біріншіден,  Техникалық реттеу туралы заңды атқару турасында жинақталған іс-тәжірибенің нәтижелерін талдауды; және
       екіншіден,  алты айдың ішінде  халықаралық стандарттау тәртібі мен ережелерін практикалық қолданысқа енгізу  жөнінде жұмыс жүргізуді тапсырамын.

  Он бесінші бағыт - Жеке меншік институтын және контрактілік
қатынастарды дамыту

       Жеке меншік институты мен контрактілік қатынастарды жан-жақты нығайту жөніндегі бағдарламаны іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыра беру қажеттігін  тағы да атап көрсеткім келер еді.
       Біріншіден,  бұл салада  құқықтық база мен құқық қолданудың іс-тәжірибесін дамыту  бірінші кезектегі міндеттердің қатарына жататыны даусыз. Заңнамалық актілердің тиісті дестесін әзірлеуді тапсырамын. Таяуда "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" (жаңа редакциясы), "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары қабылданады деген ойдамын.
       Екіншіден,   барлық деңгейлерде жеке меншік институты мен контрактілік қатынастарға құрмет сезімін тәрбиелеу керек,  ол үшін мемлекеттің, білім беру мен сот жүйесінің қолындағы  барлық тұтқалар атаулыны және тағы басқаларын пайдалану қажет. Мен сондай-ақ  өзіміздің азаматтық қоғам институттарының сындарлы рөліне  үлкен үміт артамын, өйткені жеке меншік институтын нығайту дегеніміз - бір мезгілде адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері үшін негіз қалау деген сөз.
       Үшіншіден,  Үкімет  мемлекет пен жеке меншік серіктестігінің  ережесін айқын анықтайтын  контрактілік қатынастарды жетілдіруге  қажетті тиісті шаралар қолдануға тиіс.

  Он алтыншы бағыт - Қазақстанды одан әрі индустрияландыру
негіздерін қалыптастыру

      Экономиканың өсуін басқаруды біз халықаралық нарықтың осы заманғы талаптарына сай келетін Қазақстанды одан әрі индустрияландыру саясатының негізінде қамтамасыз етуге тиіспіз.
       Біріншіден,  экономиканың өндірістік қуаттармен жарақталуы және еліміздегі негізгі қордың ескіруі проблемасының  ауқымын толық көлемінде бағалайтын талдау жүргізу және  негізгі құрал-жабдықтарды, өндірістік инфрақұрылым мен технологиялық үдерістерді түбегейлі жаңартуға  бағытталған нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу керек.
       Екіншіден,  неғұрлым  басымдықты салалар мен кәсіпорындарды   және оларды осы заманғы негізде  индустрияландыру жөніндегі  кезек күттірмейтін шаралар жүйесін  анықтап алу керек.
       Үшіншіден,  одан әрі индустрияландыру барысында  жетекші рөл атқаруға тиіс жеке меншік секторды мемлекеттік ынталандыру құралдарын  әзірлеу қажет.
      Үкіметке 2008 жылдың соңына дейін  Индустриалдық - инновациялық стратегияны дамыту бағытында Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін сапалық жаңа деңгейге көтеру стратегиясымен етене ұштасатын нысаналы жұмыс жүргізуді тапсырамын.

  ІІІ. Еңбек нарығының даму серпіні мен келешегіне сәйкес
келетін білім беру мен кәсіптік қайта даярлаудың халықаралық
стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат

  Он жетінші бағыт - Халықаралық стандарттарға орай бастауыш
және орта білім беру, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау
жүйесіне жақындай беру

       Біз  бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде  сапалы білім беру қызметін көрсетуге  қол жеткізуіміз керек.
       Біріншіден,  3 ауысымдық оқытуды жою керек.  Таяудағы үш жылдың өзінде  мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Қазақстанның өңірлерінде 100 мектеп салу қажет .
       Екіншіден,  оқытудың тиімділігін, әр оқушының білім мен білігі деңгейін бағалаудың бірыңғай жүйесін жасау  керек.
       Үшіншіден,  он-лайн тәртібінде оқыту  тәжірибесін дамытып, елімізде  оқулық теледидар  құру қажет.
       Төртіншіден,  оқу жоспарларына жаратылыстану ғылымдары бойынша, бірінші кезекте, математика мен ақпараттанудан қосымша сағаттар немесе пәндер енгізу  керек.
      Сонымен қатар жаратылыстану ғылыми бейініндегі арнаулы сыныптар жүйесін құруды көздеген жөн. Үкімет осы бағытқа қажетті инвестициялар тартудың тетіктерін әзірлейтін болсын.
       Бесіншіден,  мектептерге  ағылшын тілінің  шетелдік оқытушыларын тарту қажет. Кез келген ортанқол мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежесіне қол жеткізуіміз міндет.
       Алтыншыдан,   жұмыстың жоғары нәтижелеріне қол жеткізген мектептерге гранттар тағайындау жөнінде мемлекеттік конкурстар жүйесін енгізу туралы ойластырған жөн,  айталық, оларды аз қамтылған отбасындағы оқушыларға арналған стипендияларды қаржыландыру түрінде беруге болар еді.
       Үздік оқытушылардың жұмысын бағалау мен оларға сыйақы төлеу жүйесін  ерекше мұқият зерделеген де жөн. 

  Он сегізінші бағыт - Оқу орындарын халықаралық стандарттар
деңгейінде аттестациялауды енгізу, жоғары білім беру
саласында дәл және инженерлік ғылымды басым дамыту

       Біріншіден,  Үкімет әрбір жоғары оқу орнындағы білім беру сапасын әділ бағалауға мүмкіндік беретін  халықаралық деңгейде оқу орнын аттестациялау жүйесін енгізуге  тиіс.  Жоғары білім беру ұйымдарын   халықаралық тіркеу үшін  беделді агенттіктерді тарту жөнінде де ойланған жөн.
       Екіншіден,  ғылымды құрылымдық реформалау шеңберінде  бірқатар академиялық ғылыми мекемелерді алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен біріктірген тиімді,  мұның өзі білім беру мен ғылыми зерттеу жұмысын ұштастыратын университеттер құруға негіз болар еді.
       Үшіншіден,  Үкімет  оқытудың мамандандырылған бағдарламалары мен дәл және инженерлік ғылымдардың ғылыми-қолданбалы орталықтарын дамыту  үшін тиісті нормативтік құқықтық база әзірлеуге тиіс.
       Төртіншіден,  Білім және ғылым министрлігі мен Үкіметтің тиісті құрылымдары  ғылыми-техникалық оқыту бағдарламасын әзірлеп, ақша қаражатын тиімді пайдалану мен ғылыми және қолданбалы зерттеулердің қосарластығын еңсеру арқылы ғылыми, конструкторлық және технологиялық жұмыстардың салааралық үйлестірілуін  нығайту қағидаттары бойынша оның іске асырылуын бақылауға  алуы керек.
       Бесіншіден,  біздің  шетелдердің мемлекеттік даму институттарын белсендірек тартып, сонымен қатар жеке меншік сектордың математикалық және ғылыми білім беруге кірігуі мен инвестицияларын көтермелеп  отыруымыз қажет.
       Алтыншыдан,  біз үшін барынша мүдделілік туғызып отырған білім беру салаларына шетел ғалымдары мен оқытушыларын белсендірек тарту  өзіміздің білікті оқытушылар құрамы мен инженер-педагог кадрлардың санын ұлғайту жөніндегі стратегиямыздың  құрамдас бөлігі болуы керек.
       Жетіншіден,  ақпараттық технологиялар мен ақпаратты таратудың жаңа нысандарына бағдарланған мамандандырылған білім беру бағыттарын құру  міндеті де алдымызда тұр.

  Он тоғызыншы бағыт - "Парасатты экономика" негіздерін
қалыптастыру

      Дүниешаруашылық байланыстары жүйесіне белсене кіріккен осы заманғы белді мемлекеттердің барлығы дерлік бәрін де "парасатты экономиканың" жолына тіккен еді. Ондай экономика құру үшін, ең алдымен,  өзіміздің "адами қазынамызды" молайтуымыз  керек екені анық.
      Бастапқы кезеңде біз мыналарға назар аударуымыз керек:
       Біріншіден,  тұтас алғанда  әлемдік технологиялық даму деңгейіне сәйкес өзіміздің жаңа экономикамызға қажетті білімнің баршаға ортақ базасын ұдайы жаңартып отыру үшін  ілгері талаптар қойып, тиісті инфрақұрылым қалыптастыру қажет.
       Екіншіден,  білім беру бағдарламаларын іске асыру мен ғылыми қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін  инновациялық білім беру консорциумдарын құруға  тікелей қолдау көрсету міндет.
       Үшіншіден,  ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мемлекеттің немесе жеке меншік сектордың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тапсырыстарын, гранттар, бірлескен ғылыми басылымдар және т.б. алу үшін  бірлесіп, конкурстарға қатысу практикасын кеңейте беру қажет.
       Төртіншіден,  жаңа технологиялар беруші компанияларға осы технологиялармен  жұмыс істеуге тиіс қазақстандық құрамды міндетті түрде оқытуды  ұсынған жөн.
       Бесіншіден,  кәсіпкерлердің жеке меншік сектордың ғылыми-технологиялық қамтылуы мен бәсекеге қабілеттілігіне мүдделі болуына  қажетті алғышарттар туғызу да маңызды. Сондай-ақ кәсіпкерлердің қазақстандық мамандарды оқыту  жөніндегі контрактілік міндеттемелерін орындауын қалтқысыз бақылап отырудың да  маңызы үлкен.

  ІV. Осы заманғы әлеуметтік саясат: басты назарда -
адамдардың сұранысы мен қажеттіліктері және жұмыс орындарын
жасақтау

      Осыдан екі жыл бұрын біз дәйекті әлеуметтік жаңаруға қарай бет бұрдық. Көп нәрселерге қол жеткіздік.
      Біз үшін ең бастысы -  маңызды әрі көкейкесті өмірлік қағидаттарды іске асыру үшін қазақстандықтарға: 
       - отбасын қамсыздандыру; 
       - тұрғын үй иелену; 
       - денсаулықты нығайту; 
       - зейнетақыға жинақтаулар қалыптастыру жөнінде барлық қажетті жағдайлар туғызу болып табылады.
       Өзіміздің алдыңғы тәжірибемізден және әлемнің басқа елдерінің тәжірибесінен біз екі маңызды қорытынды шығара аламыз.
       Бірінші.  Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдау ол нысаналы әрі атаулы сипат алған жағдайда ғана нәтижелі болады.  Мемлекет  қоғамның осындай көмекке шынында зәру мүшелерін қолдауға міндетті және сол үшін жауапкершілікті іс жүзінде өзіне алып отыр,  олар, ең алдымен: балалар, көп балалы аналар, ардагерлер, мүгедектер.
       Екінші.  Ең пәрменді әлеуметтік саясат өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып келді, әрі солай болып қала береді.  Біз, ең алдымен,  қандай да бір себептермен жұмысынан айрылып қалған адамдардың еңбекке оралуына нақты мүмкіндіктер туғызуымыз,  олардың жаңа мамандық алуына жағдай жасауымыз керек. Сонымен қатар жастар ортасында  жұмысшы мамандықтарының, әсіресе өнеркәсіптегі мамандықтың беделін асырып, кеңінен насихаттауды қайтадан қолға алуымыз қажет.

  Жиырмасыншы бағыт - Тұрғын үйдің қол жететіндей болуын
қамтамасыз ету және жылжымайтын мүлік нарығын дамыту
саласындағы дәйекті саясат

       Біріншіден,  Үкімет талдау жасап, Тұрғын үй-коммуналдық саласы бағдарламасының:  құрылыс индустриясын дамыту, қол жетерлік жалға берілетін  тұрғын үй кешендерін салу, жер учаскелерін бөлу ресімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй құрылысының дамуын ынталандыру  сияқты бағыттарын іске асыруды мүмкіндігінше жеделдетуге тиіс.
       Екіншіден,  халықаралық сапа стандарттарына көшу жолымен  құрылыстың және құрылыс нысандарына қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесі  шешімін таппай келеді.
      Үкіметтің және тиісті министрліктердің алдында  елімізде   жылжымайтын мүліктің нақты, бәсекеге қабілетті әрі ашық нарығын құру жөнінде  маңызды міндет тұр. Бұл нарық халықтың тұрғын үй алуына неғұрлым қолайлы жағдайлар туғызылуын, сатып алушыға мәміленің шарттары мен бағасы туралы толық ақпарат берілуі, қаржы ұйымдарына тиімді кредит құралдарын дамыту мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
       Үшіншіден,   жылжымайтын мүлікпен сауда-саттық жасасу саласында әкімшілік және заңнамалық талаптардың қарапайым әрі түсінікті  болғаны жөн.  Сондай-ақ  жер учаскелерін ресімдеу жөніндегі шаруаны оңайлату, сондай-ақ оларды беру тәртібінің ашықтығы туралы  мәселені де шешкен дұрыс.
       Төртіншіден,   жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар  қолдану, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті  бағалаудың тиімді әдістемесін  әзірлеу қажет.
       Бесіншіден,   кең ауқымды тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін қосымша көтермелеу көздерін жасау  мүмкіндіктерін де бағалау керек.
       Алтыншыдан,  Үкімет жылжымайтын мүліктің халықаралық нарығындағы үрдістерді саралап, озық халықаралық тәжірибенің негізінде  жалға берілетін тұрғын үй құрылысын одан әрі жүргізуді қаржыландыру мен жеке меншік тұрғын үй салуды ынталандырудың  ұтымды құралдарын жасауға тиіс.
       Жетіншіден,   ипотекалық кредиттеуге қатысты қызмет көрсететін сақтандыру компанияларын ынталандырудың  заңнамалық негізін жасақтау да қажет.

  Жиырма бірінші бағыт - Медициналық қызмет көрсету сапасын
жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық
жүйесін дамыту

       Біріншіден,  денсаулық сақтау саласындағы басқару, қаржыландыру, үйлестіру мен бақылау тетіктерін қайта саралау арқылы  медициналық қызметтің нәтижелілігі мен сапасын арттыруға жету керек деп санаймын. Сонымен қатар  медицина мекемелерінің қоғам алдындағы ашық есептілігі  жүйесін де, әрі  ішкі бақылау мен сыртқы аудит жүйесін де  енгізген жөн.
      Сайып келгенде, медициналық қызметтің мемлекет көрсететін  бөлігін анықтап беретін уақыт жетті әрі оны жеке қызмет көрсетумен шатастырмаған жөн. Екінші жағынан,  жеке медицинаның дамуына да мүмкіндік беру керек.
       Екіншіден,  орташа өмір жасының ұзақтығы  деңгейін арттыру,  ана мен бала өлімі көрсеткіштерін  төмендету,  туберкулезбен сырқаттану және АҚТҚ/ЖҚТБ дертіне шалдығудың  етек алуын тежеуге бағытталған бағдарламалар әзірлеу керек.
       Үшіншіден,   бастапқы медициналық даярлық барлық мектептер мен университеттер оқу жоспарының міндетті бөлігіне  айналуға тиіс. Осыған байланысты халықтың  салауатты өмір салты мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі білімі мен хабардарлығын  арттыра беру міндет. Халық арасында спорттың бұқаралық сипат алуына және спортты насихаттауға ерекше ден қою керек.
       Төртіншіден,  таяудағы үш жылдың өзінде  мемлекеттік - жекеменшік  серіктестік тетігін пайдалану арқылы Қазақстан өңірлерінде 100 аурухана  салынатын болады.
       Бесіншіден,  Қазақстанның санитарлық инфрақұрылымына байыпты назар салып,  барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндет.
       Алтыншыдан,   халықтың қолы жетерлік медициналық және медициналық сақтандыру қызметтерінің бәсекелестік нарығын дамыту үшін көтермелеу  шаралары әзірленуі шарт.
       Жетіншіден,  дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін оқыту, аттестациялау мен даярлаудың халықаралық стандарттарына жедел қарқынмен  көшу қажет. Сонымен қатар біліктілік санатының деңгейіне, мамандығының түріне және жүктелетін міндетінің ауқымына қарай  медицина қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің ынталандырушы жүйесін енгізуді  де дәйекті ойластырған дұрыс.
      Біз осымен бір мезгілде халықтың қалың топтарының қолы жететін  жоғары технологиялық денсаулық сақтау жүйесін  жасақтауға кірісуге тиіспіз. Бұл үшін:
       Біріншіден,  Денсаулық сақтау министрлігі, бірінші кезекте,  мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде  осы заманғы және жоғары технологиялық сырқаттың алдын алу мен анықтау қызметін жетілдіру, науқастарға медициналық консультациялар беру, әлеуметтік сипаты бар сырқаттарды емдеу мен сауықтыру жүйесін әзірлеуге  тиіс.  Сондай-ақ дертті ерте анықтау мен одан сақтандыру жөніндегі жоғары технологиялы орталықтардың құрылуын көтермелеп отыру  қажет.
       Екіншіден,  мемлекет денсаулық сақтау органдарына  жоғары сапалы ақпараттық технологиялар жүйесін дамытуға , соның ішінде  науқастардың ұлттық электрондық медициналық картотекасын жасау арқылы  жәрдемдесуі керек.

  Жиырма екінші бағыт - Жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту

      Үкімет  Жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде  ұсыныстар әзірлеуге тиіс.
      Неғұрлым өзекті міндеттер мыналар:
       Біріншіден,   зейнетақылық жинақтаулардың сақталуы мен кәрілік жеткен кезде олардың жетерлік мөлшерде болуы жөнінде мемлекеттік кепілдіктерді  қамтамасыз ету.
       Екіншіден,  халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен барынша қамту.

  V. Жаңа Кезеңнің ығытына қарай саяси және әкімшілік даму

  Жиырма үшінші бағыт - Саяси жүйені дамыту

      Жаңа кезеңдегі негізгі міндет -  жалпыға танылған демократиялық құндылықтар мен өзіміздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың дәстүрлері үйлесімді ұштасатын ашық, демократиялық және құқықтық мемлекеттің негіздерін одан әрі нығайта беру.
      Дамуымыздың негізгі бағыттары, ең алдымен, мыналар:
      - мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өзара ықпалдастық тиімділігін арттырып,   тежемелік пен тепе-теңдік жүйесін нығайта беру; 
      -  биліктің өкілді органдарының өкілеттіктерін кеңейте беру;  
      -  саяси партиялардың рөлін арттыру, азаматтық қоғам институттарын дамыту  үшін қолайлы жағдайлар туғызу; 
      -  меморгандар жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыру;
      -  мемлекеттік шешімдер әзірлеу үдерісіне жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз ету жолында  атқарушы билік құрылымдарын реформалау; 
      -  адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін  одан әрі нығайта беру; 
      -  жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы үшін  жағдай туғызу; 
      -  БАҚ-тың үйлесімді дамуына  жәрдемдесу.
      Мұның бәрі де, сайып келгенде,  Қазақстан дамуының жаңа кезеңі үшін еліміздің үйлесімді саяси және мемлекеттік құрылымының оңтайлы үлгісін таңдауына мүмкіндік беретініне  мен сенімдімін.

  Жиырма төртінші бағыт - Әкімшілік реформаларды іске асыру
және атқарушы билікті ілгерілету

      Біз  корпоративтік басқару, нәтижелілік, транспаренттілік және қоғам алдындағы есептілік қағидаттары негізінде үздік халықаралық тәжірибеге сүйеніп,  мемлекеттік басқарудың сапалық жаңа үлгісін түзудеміз.
       Біріншіден,  Үкімет әкімдермен бірлесе отырып,  бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мен олардың мазмұнына көзқарасты түбегейлі өзгертуге тиіс.  Әрбір мемлекеттік органның  стратегиялық жоспары  болуы керек,  барлық мемлекеттік органдар қызметінің  мақсаты, басымдықтары айқындалып, нысаналы көрсеткіштері белгіленуге,  әр мемлекеттік қызметшінің жұмысы соларға жетуге бағдарлануы шарт. Қолданылып жүрген бағдарламаларды қайтадан ой елегінен өткізуді тапсырамын, керек жерінде оларды өзіміздің стратегиялық басымдықтарымызға  шоғырландырып,   қалғанын  қысқартқан  немесе  басқа деңгейге берген  жөн.
       Екіншіден,   мемлекеттік органдардың стратегиялық, әкімшілік-атқарушылық және бақылау-қадағалау міндеттерінің бөлінісі  лайықты тиянағын табуға тиіс. Жыл сайын  міндеттердің қосарластығына жол бермеу, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, мүдделер тайталасын  еңсеру мақсатында Үкімет шешімдеріне талдау жүргізіп отыру қажет.
       Үшіншіден,  тиімділікті, нәтижелілікті, бақылауда ұстауды және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған  бюджеттік жоспарлауды  жетілдіру керек.
       Төртіншіден,  Үкімет  мемлекеттің экономикалық қызметінің барлық стратегиялық емес түрлерін бәсекелестік-нарықтық ортаға  беруге тиіс.
       Бесіншіден,   мемлекеттік сатып алуларды  ұйымдастыру жүйесі айқын ережелер белгілейтін болуы керек, ал ресімдердің өзінің  ашық, бақыланатын, түсінікті әрі орындауға  оңтайлы болғаны дұрыс.
       Алтыншыдан,  Үкімет  мемлекеттік қызмет көрсетудің сапалы  стандарттарының әзірленуі мен енгізілуін қамтамасыз етуге міндетті. Үкіметтің биылғы 1 шілдеге дейін  республикалық, сондай-ақ жергілікті деңгейлерде көрсетілетін барлық мемлекеттік қызмет түрлерінің тізбесін  бекітуі керек.
       Жетіншіден,  Үкімет пен жергілікті атқарушы билік органдары  өздерінің қызметінің ашықтығы мен есептілігін  арттыруға бағытталған шаралар кешенін әзірлеуге тиіс.
       Сегізіншіден,   мемлекеттік қызметшілер жауапкершілігін арттыруға,  сондай-ақ  олардың жұмысқа деген ықыласын нығайтуға  бағытталған неғұрлым қатаң талаптар енгізген дұрыс.
       Тоғызыншыдан,  мемлекеттік органдардың қызметі  азаматтарға көрсетілетін қызметтің тиімділігі мен сапасы, мемлекеттік, салалық, өңірлік және бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың нәтижесі  ескеріліп, екшелуге тиіс.
       Оныншыдан,  "электрондық үкімет"   жасақтау  жөніндегі жұмыстың нәтижелеріне  мұқият талдау жүргізу  керек. Осыны ескере отырып, әрі әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесіне сүйеніп,  осы заманғы ақпараттық технологияларды енгізуді  жалғастыра беру қажет болады.
      Үкіметке әкімшілік реформа жүргізуге қажетті  нормативтік құқықтық негіз әзірлеуді  тапсырамын. 

  Жиырма бесінші бағыт - Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты
одан әрі нығайту үшін Қазақстан Халықтары ассамблеясының
рөлін көтеру

      Қоғамдық келісімді одан әрі нығайту, сайып келгенде, еліміздің серпінді дамуын қамтамасыз ету мен өзіміз алдымызға қойған асқақ міндетті ойдағыдай орындаудың негізі болып табылады.
       Сондықтан да Қазақстан Халықтары ассамблеясының практикалық қызметі мен жауапкершілігі аясын кеңейтіп, оның беделін барынша арттыра беру, әсіресе, заңнамалық деңгейде арттыру қажет.
      Ассамблея еліміз дамуының жаңа кезеңінде мынадай міндеттерді дәйекті түрде шешуге тиіс:
       Біріншіден.  Халықтардың  бірлігін нығайту  және  Қазақстан қоғамын жаңартудың  саяси идеология мен ағымдағы "сұраныстан" асқақ тұратын  негіз қалаушы құндылықтары бойынша арналы қоғамдық келісімді қолдау мен дамыта  беру.
       Екіншіден.   Қазақстанның барлық азаматтары үшін  олардың ұлттық, әлеуметтік, былайша айтқанда, "зәузаттық" шығу тегіне қарамастан,  тең мүмкіндіктерге негізделген біртұтас азаматтығын нығайту.
       Үшіншіден.  Қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім мен ықыластылықты одан әрі нығайтуға қажетті қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.
       Төртіншіден.  Қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне  және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қарсы қатаң әрі дәйекті қарсы тұру.

  Жиырма алтыншы бағыт - Қазақстан халықтарының рухани дамуы
және үштұғырлы тіл саясаты

       Біріншіден,   "Мәдени мұра" бағдарламасының шеңберінде жүргізілген жұмысты жалғастыра отырып, " Қазақстан Халықтарының Рухани Даму Қорын"  құру туралы мәселені жете зерделеу керек. Қор тұрақты мониторинг жүргізіп, мемлекеттік - жекеменшік серіктестіктің көмегімен және тиісті қоғамдық ұйымдарды қатыстыру арқылы біздің халықтарымыздың мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін дамытуды қолдап отыруға тиіс. Қорды басқару корпоративтік басқару қағидаттарының негізінде жүргізілуге тиіс.
       Екіншіден,  "Тілдердің үштұғырлығы" мәдени жобасын  кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемде халқы  үш тілді  пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. 

  Жиырма жетінші бағыт - Құқық қолдану іс-тәжірибесін
жетілдіру және құқық тәртібін нығайту

      Ашық, демократиялық қоғамның іргесін дәйекті нығайта отырып,  біз демократия мен құқық тәртібі - егіз ұғымдар екенін, бірінсіз бірінің өмір сүре алмайтынын  естен шығармауымыз керек. Сондықтан да  азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын пәрменді жүйе  қажет.
       Біріншіден,   құқық қорғау мен басқа мемлекеттік органдардың құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы ұйымдық және заңнамалық шараларын жетілдіру  жөніндегі іс-қимылын үйлестіруді күшейту керек.
       Екіншіден,  өз назарымызды  жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуі  проблемасына аударып, мұны кеміту шараларын қолдану міндет.
       Үшіншіден,  өзіміздің құқық қорғау органдарымызға  есірткі қылмысы мен ұлтаралық қылмыс  секілді қатерлерге қарсы күресу үшін  қосымша  ресурстар мен құралдар  беруіміз қажет.
       Төртіншіден,   елімізде  құқық бұзушылықтың алдын алудың жалпымемлекеттік жүйесінің жасақталып, жұмыс істеуін  қамтамасыз ету,  бұл іске жұртшылық пен халықты кеңінен тарту керек.

  VІ. Қазақстанның жаңа өңірлік және геосаяси жауапкершілігі

  Жиырма сегізінші бағыт - Қазақстанның жаңа халықаралық
жауапкершілігі, көп бағытты сыртқы саясатты дамыту және
жаһандық қатерлерге қарсы күреске қатысу

      Қазақстан  ядролық қарулануды тежеуге, халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі саудасы мен басқа да осы заманғы қатерлерге қарсы күреске жұмылған халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсенді мүшесі  болып келді және болып қала береді.
      Қазақстанның көптеген проблемаларының, айталық, табиғатты қорғау сияқты проблемасының, шекарааралық сипаты бар. Оларды өзіміздің көршілеріміз - Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп, бассейндік қағидаттың негізінде ғана шешуге болады. Бұл үшін халықаралық қатысумен, Дунай, Альпі және Анды келісімдерінің үлгісі бойынша тұрлаулы дамудың шекарааралық аймағы құрылуға тиіс.
      Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, індеттер мен экологиялық апаттарға қарсы күреске дейінгі өміршең маңызды мәселелерді шешуде басқа елдермен ынтымақтаса отырып,  біз өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде өзіміздің рөліміз бен беделімізді алдағы уақытта да нығайта беретін боламыз.
      Мұның бәрі де біз үшін басымдықты болып табылатын Ресеймен және Қытаймен арадағы тату көршілік өзара қарым-қатынастарымыздан, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Еуропа Одағы елдерімен көп тарапты ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігіміз бен бұл бағыттағы практикалық қадамдарымыздан айқын көрінеді.

  Жиырма тоғызыншы бағыт - Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты
қамтамасыз етудегі, Орталық Азия елдерінің экономикалық
ықпалдастығын дамыту мен Каспий және Қара теңіз аймағындағы
серпінді нарықты қалыптастырудағы белсенді рөлі

      Өңірлік дамудың артықшылықтарын пайдалану үшін  өңірдегі елдердің неғұрлым терең әрі өзара тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету  керек.
      Мұның бәрі де Қазақстанның Орталық  Азиядағы, Азия мен Таяу Шығыс өңірлеріндегі ықпалдастықты күшейту жөніндегі, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ШЫҰ секілді өңірлік құрылымдарды нығайту хақындағы сындарлы бастамаларынан нақты көрініс тауып отыр.
      Осыған байланысты біз алдағы уақытта:
       Біріншіден,  өзіміздің көршілерімізбен  Орталық Азияның бүкіл аумағында барынша қолайлы іскерлік ахуал орнықтыру жайында  келісіп алуымыз керек. Біздің компанияларымызға көрші елдерге еркін қаражат салуға мүмкіндік беретін, импорт пен экспорт арнасында, капитал мен жұмыс күшінің жылжуында бюрократиялық және кедергілерді серпіп тастауға мүмкіндік беретін ерекше келісімдер жасасу қажеттілігі тууы да ықтимал.
       Екіншіден,  біз өзіміздің күш-жігерімізді Орталық Азия мемлекеттерінде шетелдік қаржы институттары мен отандық компанияларды тарту арқылы тиісті жобаларды іске асыру мәселелеріне жұмылдыруымыз қажет. Бұл, ең алдымен, "Қазына" қорының міндеті.
       Үшіншіден,  өзіміздің көршілерімізбен бірлесіп, жұмыс  күштері жылжуының арнайы тәртібін енгізу  мәселесін талқылауымыз қажет болуы мүмкін. Біз Орталық Азия өңірі елдерінің  білікті жұмыс күшінің еркін, бірақ басқарумен жылжып тұруына  қарсы емеспіз.

  Отызыншы бағыт - Қазақстанның "өркениеттердің үндесуін"
дамытудағы мәдениетаралық және конфессияаралық орталық
ретіндегі тұғырын бекемдеу

      Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізде тұрып жатқан және Қазақстанның біртұтас халқы болып табылатын барлық ұлттар өкілдерінің ұстамдылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық татулығын қамтамасыз етуге бағытталған сара саясатымыз барынша танылып отыр.
       Біріншіден,  бүгін мәдениетаралық және конфессияаралық үндесудің маңызды халықаралық орталығы ретінде Қазақстанның рөлін жаңа деңгейге  көтеру керек. Қажет болған кезде біздің еліміз тайталас туып кетуі ықтимал жағдайларда өзара келісуге боларлық саяси шешім табу жолында халықаралық дәнекер міндеттерін де атқара алатынына күмән жоқ.
       Екіншіден,  өркениеттердің үндесуін кеңейту мен тереңдетуге   дәл осылайша мүдделі болып отырған бірқатар мемлекеттермен бірлесіп, біз осы заманғы дүниенің өзекті мәселелері бойынша  Шығыс пен Батыс арасындағы түсіністікті  жақындастыруға бағытталған ірі халықаралық бастамалар  жасай алар едік деген ойдамын.

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!

      Біз алдымызға қойып отырған биік мақсаттарға жету  биліктің барлық органдары мен институттары, іскер, ғылыми және сарапшы топтар тарапынан қосымша көп жігер-қайрат жұмылдыруды, керек десеңіз, көп ретте іске жаңаша қарауды, мүлде тосын тұрғыдан келуді талап етеді.
      Ең бастысы, кешенді жаңарту үдерісі  еліміздің күллі халқының, қоғамның барлық топтары мен институттарының мүддесі үшін, әрі солардың тікелей қатысуымен жүргізіледі.