Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.04.2013 № 403 қаулысымен.
"Мемлекеттiк кәсiпорындар туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы Заңына сәйкес, этносаралық қатынастарды мақсатты және жүйелi түрде зерттеу бойынша қажеттi ұйымдастыру-құқықтық жағдай жасау, сондай-ақ Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетiн дамыту және өркендету мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң "Достық үйi - Этносаралық қатынастар проблемаларын зерттеу орталығы" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорны (бұдан әрi - кәсiпорын) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi кәсiпорынды мемлекеттiк басқару органы болып белгiленсiн.
3. Кәсiпорын қызметiнiң негiзгi мәнi ғылым және мәдениет саласындағы өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру болып белгiленсiн.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi Алматы қаласы, Құрманғазы көшесi, 40 мекен-жайында орналасқан "Достық үйiнiң" ғимаратын ондағы мүлiкпен қоса кәсiпорынның жарғылық капиталына берсiн.
5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) кәсiпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiне бекiтуге енгiзсiн;
2) кәсiпорынды әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеудi қамтамасыз етсiн;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
6. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:
1) "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiнде:
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 415-32-жолмен толықтырылсын:
"415-32 "Достық үйi - Этносаралық қатынастар
проблемаларын зерттеу орталығы"
республикалық мемлекеттiк кәсiпорны
(шаруашылық жүргiзу құқығында) Алматы қаласы";
2) "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 29 қазандағы N 1130 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2004 ж., N 42, 538-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiнде:
"Өзге де ұйымдар" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 48-жолмен толықтырылсын:
"48. Достық үйi - Этносаралық қатынастар проблемаларын зерттеу орталығы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны".
7. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізiледi.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы