Өндiрушi салалар қызметiнiң ашықтығы бастамасын iске асыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 4 желтоқсандағы N 1166 Қаулысы

      Өндiрушi салалар қызметiнiң ашықтығы бастамасын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар, Индустрия және сауда министрлiктерi заңнамада белгiленген тәртiппен 2007 жылғы 1 ақпанға дейiнгi мерзiмде мұнай-газ және тау-кен өндiру секторының жер қойнауын пайдаланушыларының 2005 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасындағы Өндiрушi салалар қызметiнiң ашықтығы бастамасын iске асыруға байланысты Өзара түсiнiстiк туралы меморандумға (бұдан әрi - Меморандум) қосылуына қатысты олармен келiссөздер жүргiзудi қамтамасыз етсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiмен бiрлесiп, 2007 жылғы 31 наурызға дейiнгi мерзiмде мыналарды:
      1) Жер қойнауын пайдалануға құқық беру жөнiндегi келiсiм-шартты жасасудың бiр шарты ретiнде әлеуеттi қатысушылардың Меморандумға қосылуын;
      2) жер қойнауын пайдаланушылардың аудиторлары растаған Өндiрушi салалар қызметiнiң ашықтығы бастамасының талаптарына сәйкес мұнай-газ және тау-кен өндiру секторының жер қойнауын пайдаланушыларының есеп беруiн көздейтiн заң жобаларын әзiрлесiн және Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі