Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словакия Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 қарашадағы N 1151 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словакия Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Анатолий Григорьевич Дерновойға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен
толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының
Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словакия
Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.06.05. N  459 қаулысымен.

      3. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словакия Республикасы Үкіметінің арасындағы Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 30 мамырдағы N 908 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Словакия Республикасының Үкіметі арасындағы
Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словакия Республикасының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы достық қатынастарды нығайтуға және экономикалық әрі басқа да қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып;
      Словакия Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелігін және осыдан   туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      1. Тараптар теңдік қағидаттарында өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес экономиканың барлық салалары мен секторларында өзара тиімді экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі.
      2. Осы келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын ынтымақтастық
мыналарға бағытталған:
      экономикалық әлеуетті екі жақты экономикалық қатынастарды нығайту үшін пайдалануға;
      жеңіл және ауыр өнеркәсіп, энергетика, көлік, газ, химия, мұнай, фармацевтика, ағаш өңдеу, целлюлоз-қағаз, электрондық және электротехника өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және орман техникасын шығару, тамақ, сыра қайнату және өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіру, тау-кен өндіру өнеркәсібі, қайталама металлургия, коммуналдық шаруашылық, туризм, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және спорт саласында қызметтер көрсету саласындағы ынтымақтастықты дамытуға;
      екі жақты экономикалық, оның ішінде инвестициялар, инновациялар және экономикалық жобаларды қаржыландыру саласындағы қатынастарды қарқындатуға;
      көлік құралдарын өзара жеткізу мен мұнай-газды қайта өңдеуді жаңғыртуды қоса алғанда, көлік және энергия тасығыштарды   тасымалдау жүйелері саласындағы инфрақұрылымды дамытуға, көмірсутегі шикізатын барлау мен өндіруге қатысуға;
      атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға;
      мамандармен, ғылыми-техникалық қызметкерлермен және жоғары оқу орындарының студенттерімен алмасуды қоса алғанда, ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Тараптардың ғылыми-техникалық жетістіктерді практикалық пайдалануына.

  2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көзделген ынтымақтастық мынадай жолмен жүзеге асырылады:
      өзара мүдделіліктің мәні болып табылатын газ және мұнай секторларындағы, электр энергетикасындағы, көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларды іске асыру кезінде өзара іс-қимыл жасау;
      бір Тарап мемлекетінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында не екі Тарап мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері бірлесіп олардың аумақтарында немесе үшінші мемлекеттердің аумақтарында объектілерді жобалауды, құрылысын салуды және жаңғыртуды қолдауы;
      шағын және орта кәсіпкерлікті ұйымдастыру ынтымақтастығын дамыту;
      инвестициялықтарды қоса алғанда, экономикалық және өзге жобалар үшін қаржыландыру, сақтандыру және кепілдіктер беру тетіктерін енгізу;
      сертификаттау және стандарттау саласында өзара іс-қимыл жасау;
      сауда-өнеркәсіп палаталары, қауымдастықтар мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді біріктіретін басқа да ұйымдар арасындағы байланыстарға жәрдемдесу;
      консалтингтік, құқықтық, банктік және техникалық, оның ішінде Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында инвестициялық жобаларды іске асыруды қолдауға байланысты қызметтерді дамыту;
      мамандармен және техникалық персоналмен алмасуды, оқытуды, халықаралық жәрмеңкелер мен көрмелерге, экономикалық жобаларға және экономикалық ынтымақтастыққа байланысты өзге де іс-шараларға, оның ішінде үшінші мемлекеттердің нарықтарына қатысуды қоса алғанда, ынтымақтастықтың әр түрлі нысандарын дамыту үшін жағдай жасау;
      бірлескен іргелі, қолданбалы және инновациялық ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру мүдделерінде халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарын құру;
      туризм және курорт ісі саласында өзара іс-қимыл жасау.

  3-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарының іс-шараларын іске асыру Тараптардың құқықтары мен міндеттемелері айқындалатын тікелей шарттар жасасу жолымен жүзеге асырылатын болады.

  4-бап

      Бір Тараптың құзыретті органдары екінші Тарап мемлекетінің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес барлық нысандарда мемлекеттің аумағындағы қызметті жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.

  5-бап

      Тараптардың құзыретті органдары экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу мақсатында өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес:
      экономикалық және инвестициялық қызмет, стандарттау, сертификаттау, лицензиялау шарттары, зияткерлік және өнеркәсіптік меншікті қорғау, инновациялық және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін практикалық пайдалану мәселелерін реттейтін заңнама саласында;
      екі Тарап мемлекеттерінің аумақтарында қолданылатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасындағы байланыстарды жолға қоюға ықпал ететін, оның ішінде көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу мәселелері жөніндегі іс-шараларға қатысты;
      өзара мүддені білдіретін басқа да салаларда ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

  6-бап

      1. Осы Келісімнің ережелерін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан-словак сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жұмыс істейді.
      2. Комиссияның міндеттері, атап айтқанда, мыналар болып табылады:
      экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйіне мерзімдік шолулар және бағалау жүргізу;
      сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған   ұсыныстар дайындау;
      экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың дамуын шектейтін проблемаларды анықтау және оларды жою мақсатында тиісті   шаралар ұсыну;
      осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге қатысты даулы мәселелерді талқылау.
      3. Комиссия төрағалар басқаратын қазақстандық және словактық
бөліктерден тұрады.
      Өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес:
      Тараптардың әрқайсысы өз бөліктерінің төрағасын тағайындайды;
      төрағалардың әрқайсысы бөлік төрағасының орынбасарын және хатшысын тағайындайды;
      жекелеген мәселелерді қарау үшін Комиссия өз құзыреті шеңберінде олардың міндеттерін айқындай отырып, жұмыс топтарын құруға құқылы.
      4. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай Қазақстан Республикасында және Словакия Республикасында кезекпен жылына кемінде бір рет өткізіледі. Төрағалардың әрқайсысының бастамасы бойынша Комиссияның кезектен тыс отырысы шақырылуы немесе төрағалар кездесуіне бастамашылық жасалуы мүмкін.
      Бөліктердің төрағалары Комиссияның кезекті отырысын шақыру туралы мәселені және күн тәртібін көзделетін отырыс өткізілгенге дейін бір айдан кешіктірмей өзара келіседі. Төрағалардың келісімі бойынша күн тәртібіне алдын ала көзделмеген мәселелер енгізілуі мүмкін. Бөліктердің төрағалары Комиссияның отырысына өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес кеңесшілер мен сарапшыларды шақыруға құқылы.
      5. Комиссияның отырыстары хаттамамен ресімделеді.
      6. Комиссияның қызметіне байланысты мәселелерді оның отырыстарының арасындағы кезеңде Комиссия төрағалары немесе олардың тапсырмасы бойынша олардың орынбасарлары және хатшылары жұмыс тәртібімен талқылайды.
      7. Комиссия жұмысының барысы ол белгілеген регламентте айқындалады.
      8. Тараптар Комиссияның қызметіне байланысты шығыстарды өз
мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.

  7-бап

      1. Осы Келісімнің ережелері қатысушылары Қазақстан Республикасы немесе Словакия Республикасы болып табылатын халықаралық шарттардан, сондай-ақ олардың халықаралық ұйымдарға мүшелігінен туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      2. 1995 жылғы 23 қаңтарда Брюсселде қол қойылған бір тараптан
Қазақстан Республикасы мен екінші тараптан Еуропалық Қоғамдастық және оларға мүше мемлекеттер арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім, оның кейінгі өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге осы Келісім реттейтін мәселелерге қатысты басым күшке ие болады.
      3. Осы Келісімнің ережелері Словакия Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелігінен туындайтын оның құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  8-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

  9-бап

      1. Осы Келісім Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы мұндай ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі осындай хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң күшін жояды.
      2006 жылғы "__"___________ _________ қаласында қазақ, словак және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде Тараптар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының         Словакия Республикасының
           Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін