Қазақстан Республикасында құс тұмауы таралуының алдын алу жөнiндегi 2007-2008 жылдарға арналған бағдарламаны бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 тамыздағы N 801 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007.10.05. N 908 Қаулысымен.

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 5 қазандағы  N 908 Қаулысымен.

      Құс тұмауы бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және осы аурудың ел аумағына әкелiнуi мен таралуына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

         1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында құс тұмауы таралуының алдын алу жөнiндегi 2007-2008 жылдарға арналған бағдарлама (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.

      2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар Бағдарламада көзделген iс-шаралар жоспарының уақтылы орындалуын және жыл сайын 1 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне олардың iске асырылу барысы туралы ақпарат берудi қамтамасыз етсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi жыл сайын 20 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасының Үкiметiне Бағдарламаның iс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат берсiн.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Басшысына жүктелсiн.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Yкiметінің       
2006 жылғы 23 тамыздағы 
N 801 қаулысымен    
бекiтiлген       

Қазақстан Республикасында
құс тұмауы таралуының алдын алу жөнiндегi
2007-2008 жылдарға арналған
бағдарлама

  Мазмұны

1.  Бағдарламаның паспорты
2.  Кiрiспе
3.  Проблеманың қазiргi жай-күйiн талдау
4.  Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
5.  Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiктерi
6.  Қажеттi ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi
7.  Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтиже
8.  Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары
9.  Ескертпелер

  1. Бағдарламаның паспорты

Бағдарламаның атауы           Қазақстан Республикасында құс тұмауы
                              таралуының алдын алу жөніндегі
                              2007-2008 жылдарға арналған
                              бағдарлама

Бағдарламаны әзiрлеу үшiн     Қазақстан Республикасының
негiздеме                     Премьер-Министрі Д. Ахметов
                              өткізген "Қазақстан Республикасында
                              құс тұмауы таралуының алдын алу
                              жөнiндегi шаралар туралы" 2006 жылғы
                              28 ақпандағы кеңестің N 17-621007-337
                              хаттамасы

Әзiрлеушi мемлекеттiк         Қазақстан Республикасы Ауыл
орган                         шаруашылығы министрлiгi

Бағдарламаның мақсаты         Қазақстан Республикасында құс тұмауы
                              бойынша эпизоотиялық және
                              эпидемиологиялық ахуалды
                              тұрақтандыруды қамтамасыз ету

Бағдарламаның мiндеттерi      Қазақстан Республикасының аумағына құс
                              тұмауының әкелiнуiн және таралуын
                              болдырмау жөнiндегi кешендi
                              iс-шараларды жүзеге асыру

                              Қазақстан Республикасының аумағында
                              құс тұмауының эпизоотиялық және
                              эпидемиологиялық мониторингiн жүргiзу

                              Құс тұмауы ошақтарының алдын алу және
                              оларды жою үшiн ic-шараларды жүргiзу
                              бойынша мемлекеттiк органдар мен
                              оларға ведомстволық бағынысты
                              ұйымдардың өзара iс-қимыл жасауы

                              Емдеу-алдын алу мекемелерiнде қажеттi
                              iс-шараларды дайындау

                              Жұртшылықпен байланыс орнату және
                              ақпарат алмасу

Қаржыландыру көлемi мен       Талап етiлмейдi
көздерi

Күтiлетiн нәтижелер           Бағдарламаны iске асыру құс тұмауы
                              бойынша қолайлы эпизоотиялық және
                              эпидемиологиялық ахуалды қамтамасыз
                              етуге мүмкiндiк бередi

                              Аталған аурудың Қазақстан
                              Республикасының аумағына әкелiнуiне
                              және таралуына жол бермеу жөнiндегi
                              кешендi iс-шараларды жүргiзуге
                              жұмылдырылған қызметтердiң әзiрлiгiн
                              арттыруға алып келедi

                              Қазақстан Республикасының аумағына құс
                              тұмауының әкелiнуiне және таралуына
                              жол бермеу, сондай-ақ оны жою жөнiнде
                              кешендi iс-шаралар жүргiзiлетiн болады

                              Қазақстан Республикасының аумағында
                              құс тұмауының эпизоотиялық мониторингi
                              жүргiзiлетiн болады

Iске асыру мерзiмi            2007-2008 жылдар

  2. Кiрiспе

     Құс тұмауы - үй құстарының, синантропты және жабайы құстардың эпизоотия немесе энзоотия түрiнде өтетiн, респираторлық органдар мен асқазан-iшек жолдарының зақымдануымен, жалпы әлсiреумен, өнiмдiлiктiң төмендеуiмен сипатталатын жоғары зардапты ауруы және ол тұмаудың А қосалқы типiнiң әртүрлi антигендiк нұсқаларынан пайда болады.
      Үй құстары арасындағы құс тұмауының А қосалқы типi (H 5 N 1 ) қоғамдық денсаулық сақтауға айтарлықтай қауiп төндiредi, себебi вирустар өлiм қаупiн күшейтiп, адамға ауыр дертке шалдықтыратын ауру жұқтыруы мүмкiн. Бұдан басқа, вирустың адам тұмауының штаммдарымен араласу қабiлетi жоққа шығарылмайды, бұл адамнан адамға оңай берiлетiн жаңа вирустың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн. Мұндай вирустың пайда болуы тұмау пандемиясына себепкер болып, болжаусыз шығындарға, өлiм көрсеткiштерiнiң ұлғаюына және қомақты экономикалық шығыстарға әкеп соқтыруы мүмкiн.
      Халықаралық эпизоотиялық бюро құс тұмауын аса қауiптi трансшекаралық антропозооноздық (адам мен жануарлар үшiн қауiптi) аурулар тiзiмiне жатқызады. Вирустың 5 (бесiншi) және 7 (жетiншi) қосалқы типтерiмен негiзделген жедел өтетiн iндеттiң өршуi неғұрлым қауiптi және әдетте ошақтарда 75-тен 100 %-ға дейiн құс басының шығынына себеп болатын және кең аумақты қамтитын апатты салдарлары болады.
      Қазақстан Республикасы аумағында құс тұмауы таралуының алдын алу жөнiндегi бағдарламаны әзiрлеу мен iске асырудың әлеуметтiк-экономикалық маңызы бар.

  3. Проблеманың қазiргi жай-күйiн талдау

      Әлемде құс тұмауымен науқастану бойынша бүгiнгi күнi қалыптасып отырған эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуал, сондай-ақ аурудың үй құстары арасында шапшаң таралуы мазасыздық туғызып отыр.
      Тұмау пандемиясы науқасқа шалдығудың, өлiм-жiтiмнiң болжап болмайтын ауқымында орын алып және орасан зор экономикалық шығынға алып келген XX ғасырда Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы әлемдегi құс тұмауы жөнiндегi ахуалды мұқият және ұдайы қадағалап отырды, қажеттi есептеулердi және тұмау эпидемиялары мен төнiп келе жатқан пандемияларына алдын ала болжамдар жасады.
      "Құс тұмауының" алғашқы күрделi өршуi 1997 жылы Гонконгте болды. Ол кезде жиырмадан астам адам науқасқа шалдығып, олардың алтауы көз жұмды. Медицина қызметкерлерi бұл адам тұмауының қандай да бiр жаңа штамының салдары болар деп шештi, алайда аурудың себебі бұрын тек құстарда ғана кездесетiн вирустың қосалқы типi екендiгi анықталды. Сол жылы Гонконг билiгi шешушi шаралар қабылдады. Қаланың бүкiл аумағы бойынша шамамен 1,5 млн. тауық өлтiрiлдi. Көгершiн мен басқа құстың едәуiр көлемi жойылды. Екi жыл өткеннен кейiн "құс тұмауы" Гонконгте қайта пайда болды, бiрақ бұл жолы адам шығыны болмады - ауырған екi бала сауығып кеттi. Гонконгте болған H 9 N 2 вирусын сол жылы Қытайда адамдар жұқтырып алған бiрнеше жағдай болды. Өткен жылы Қытайға туристiк саяхат жасаған гонконгтiк жұп "құс тұмауымен" ((H 5 N 1 ) штамы) ауырды. Бiр адам жазылып, екiншiсi қайтыс болды. Бұдан басқа, Нидерландыда H 7 N 7 штамы фермерлер мен олардың отбасы мүшелерi - 80-нен артық адамның ауыруына себеп болды. Үстiмiздегi жылы "құс тұмауы": Вьетнам, Камбоджа, материктiк Қытай, Лаос, Индонезия, Пәкiстан, Корея Республикасы, Таиланд, Тайвань және Жапония сияқты Азия елдерiне таралуда. Қытайға, Вьетнамға, Сингапурға, Таиландқа және Филиппинге туристiк саяхат жасаған Еуропа, Америка және Израиль тұрғындарының арасында ауру жұқтырған жағдайлар тiркелген. Үнемi өзгергiш вирустың қазiрдiң өзiнде екi жүз елуге жуық түрi бар. Эпидемиологтардың өзi перспективада бұл ауру атын ауызға алудың өзi қорқынышты болған типтiк емес өкпе қабынуынан (SARS) да асып түсуi мүмкiн деп санайды. "Құс тұмауының" вирусы тiптi өлi құстың өлексесiнде бiр жылға дейiн тiршiлiк ете алады. Егер ол адам тұмауының вирусымен қосылатын болса, барлық әлемде жүздеген емес, миллиондаған адамдар пандемияның құрбаны болғалы отыр. Халықаралық эпизоотиялық бюроның директоры Бернар Валлаттың айтуынша, "адамдар ауыратын кәдiмгi тұмау мен жануарлардан жұқтырылған "құс тұмауының" қоспасы қазiргi жағдайда өте жылдам таралуы мүмкiн және таяудағы болашақта планеталық ауқымға жетуi мүмкiн". Британдық зерттеушiлер қазiргi құс тұмауы XX ғасырдың басында әлем бойынша 20 млн. астам адамның өмiрiн қиған "испанка" вирусына ұқсайды деп пайымдайды.
      Қазiргi уақытта аурудың Оңтүстiк Шығыс Азия және Еуропа елдерiнде адам өлiмiнiң жиiлеуiмен ұштаса өршуi тiркелiп отырғаны белгiлi.
      Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректерi бойынша адамдарда А/H 5 N 1 тұмауымен ауыру анықталған жағдайдың жалпы саны 166-ға жеткен, олардың 88 жағдайында өлiм-жiтiмге ұшырау тiркелген.
      ДДСҰ сарапшыларының болжамы бойынша тұмау пандемиясы үлкен қауiп төндiрiп тұр (эпидемияның материктерге және континенттерге таралуы) және оған дайындық жасау мен қарсы шаралар қолдану жөнiнде жедел шаралар қабылдау қажет. Вирус пандемиялық әлеуетке ие болған жағдайда 2,0-7,4 млн. адам құрбан болуы ықтимал деп болжануда.
      Осы мақсатта көптеген халықаралық ұйымдарда және әлем елдерiнде мынадай ic-шаралар жүргiзiлген.
      БҰҰ. Құс тұмауы қаупiне қарсы күрес бойынша халықаралық бастама қабылданып, оған 80-нен астам мемлекет қосылып отыр.
      ДДСҰ. Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiмен ынтымақтастықта бағдарлама және вирусқа қарсы препараттарды құс тұмауына қарсы шоғырландыру жөнiндегi ортақ банк құрылды.
      АҚШ. Құс тұмауы пандемиясы қаупiне қарсы күрес жөнiндегi жалпыұлттық стратегия қабылданды. Құс тұмауына қарсы күрес бағдарламасына 7,1 млрд. АҚШ долларын бөлу жоспарланып отыр.
      Еуроодақ. 20 мүше ел вирусқа қарсы вакцинаның ұлттық қорын құрады. Құс тұмауына қарсы вакцина әзiрлеуге 1 млрд. евро бөлу жоспарланып отыр.
      Ресей. Құс тұмауының алдын алу және оны жою жөнiнде, диагностикалық тecт-жүйе әзiрлеу және құс тұмауына қарсы вакцина әзiрлеу жөнiнде бағдарламалар қабылданды. 1 млрд. рубль бөлiндi.
      Солтүстiк Еуропа елдерi (Финляндия, Дания, Швеция, Норвегия және Исландия) құс тұмауына қарсы күрес блогын құрды.
      Африка елдерi. Құс тұмауына қарсы күрес жөнiндегi ұлтаралық бағдарлама қабылданды.
      Жапония. 2005 жылғы 14 қарашада Жапония үкiметi Құс тұмауы пандемиясын болдырмау жөнiндегi iс-қимыл жоспарын жария еттi.
      Құс тұмауы эпизоотиясының толқыны бiздiң республикада да болмай қалған жоқ. 2005 жылы Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Солтүстiк Қазақстан облыстарында бұл аурудың өршуiнiң 7 ошағы тiркелдi.
      Павлодар облысы Ертiс ауданынан жабайы және үй құстарынан алынған патологиялық материалдар мен қан сары суы сынамаларын зертханалық тексеру кезiнде "H 5 N 1 антигендiк формуласы бар А типтi жоғарғы зардапты құс тұмауы" деген түпкiлiктi диагноз белгiлендi. Көрсетiлген облыстардың барлық қолайсыз пункттерiнен 12 860 бас үй құстары алынып жойылды. Алынған және жойылған құс иелерiне республикалық бюджет қаражатының есебiнен 5 449 444,2 теңге өтемақы төлендi.
      Қазiргi уақытта әлемнiң көптеген елдерiнде құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдайдың күрделенуi байқалып отыр. Республика аумағының географиялық орналасуын ескере отырып, Қазақстанның су тоғандары Азиядағы аса маңызды резерваттар, құстардың суда және су жағалауында мекендейтiн түрлерiн шығарушы болып табылады. Республикада ұялау, түлеу, маусымды миграция және қыстау кезеңiнде құстардың 130 түрi тiркелген. Жыл сайын құстардың ұялайтын түрлерiнiң саны 10 миллионға дейiн жетедi, түлеуге 2-3 миллион құс ұшып келедi, ал 50 миллионға жуық жыл құстары күзгi және көктемгi миграция кезеңiнде бiздiң су тоғандарында аялдайды.
      Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының шығу мүмкiндiгi көктемде күшейе түседi, себебi осы ауру бойынша қолайсыз елдерден жыл құстары ұялауға ұшып келедi. Бұл ретте құстардың ұшып өтетiн жолдары мен шоғырланатын орындары айрықша қауiптi болып табылады. Қазiргi уақытта аурудың таралу аймағы кеңейдi және оңтүстiк Азия елдерiнен де, оңтүстiк Еуропа елдерiнен де инфекцияның әкелiну қаупi күшейдi. Құстардың ұшу жолдарын талдау республика аумағы арқылы үш негiзгi маусымдық ұшу жолы өтетiнiн көрсетедi:
      пәкiстандық қыстаулардан;
      үндiстандық қыстаулардан;
      оңтүстiк-еуропалық және солтүстiк-африкалық қыстаулардан.
      Бұл ретте жыл құстары республиканың бүкiл дерлiк аумағына ұшып келедi немесе ұялайды. Көктемгi кезеңде кейiнгi уақытта құстардың жаппай өлiмi тiркелiп отырған оңтүстiк-еуропалық қыстаулардан келетiн құстар неғұрлым қауiптi.
      Әлемдегi эпизоотиялық ахуал осы ауруға қарсы күрес тәсiлдерiн дайындау, барлық мүдделi мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру жөнiнде шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүрлейдi.

  4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

      Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасында құс тұмауы бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруды қамтамасыз ету болып табылады.
      Бағдарламаның неғұрлым маңызды мiндеттерiнiң қатарында мыналарды атап айтуға болады:
      1) Қазақстан Республикасының аумағына құс тұмауының әкелiнуiн және таралуын болдырмау жөнiндегi кешендi iс-шараларды жүзеге асыру;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының эпизоотиялық және эпидемиологиялық мониторингiн жүргiзу;
      3) құс тұмауының өршуiн болдырмау және оны жою үшiн iс-шараларды жүргiзу жөнiнде мемлекеттiк органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың өзара iс-қимыл жасауы;
      4) емдеу-алдын алу мекемелерiнде қажеттi iс-шаралар дайындау;
      5) жұртшылықпен байланыс орнату және ақпарат алмасу.

  5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен
тетiктерi

      Осы инфекция жөнiндегi деректердi үздiксiз жинауды қамтамасыз ету, келiп түсетiн материалдарды талдау және қорыту Қазақстан Республикасында құс тұмауына шалдығу жөнiндегi эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуал бойынша мониторинг жүргiзудi қажет етедi. Осы аурудың эпизоотологиялық үдерiсiнiң уақыттық үрдiстерi мен қарқынын анықтау құс тұмауын эпидемиологиялық және ветеринарлық бақылау жүйесiн жетiлдiрудi, ауруға шалдығу, оның маусымдық өзгеруi және адамдар мен малдың арасында құс тұмауының өршуi туралы ақпаратты уақтылы алуды қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн ахуалды мониторингтеудi және бағалауды көздейдi.
      Алдын алу және құс тұмауына қарсы күрес мәселелерi бойынша тиiстi мемлекеттiк органдар тарапынан үйлестiрiлген iс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында құс тұмауы пандемиясының қаyпi кезiнде ден қою жүйесiн жоспарлауды және үйлестiрудi әрi құс тұмауын жою және оның одан әрi таралуының алдын алу бойынша iс-шараларды жүргiзу жолымен олардың құс тұмауы пандемиясы жағдайындағы төтенше жұмыс режимiне көшуiн көздеу қажет, бұл мыналарды қамтиды:
      адамдар мен малдың арасында құс тұмауының өршуiн оқшаулау және жою мақсатында эпизоотиялық және эпидемиологиялық бақылау деректерiне жүйелi талдау жүргiзу;
      госпитальданған, ауруханадан шығарылған, қайтыс болған тұлғалардың санын, ашылған медициналық құрылымдардың санын ескере отырып, дамып жатқан ахуалды мониторингтеудi және бағалауды қамтамасыз ету;
      емдеу-алдын алу мекемелерiнде қарсы iс-шараларды дайындау (құс тұмауымен ауыратын науқастарға медициналық көмектi және аурухана iшiнде жұқтырып алудың алдын алу жөнiндегi кешендi iс-шараларды ұйымдастыру, адамдарды құс тұмауынан иммунизациялауға және емдеуге арналған препараттардың, дәрiлiк заттардың және басқа да шығыс материалдарының қорын құру және сақтау).
      Халықпен ауру жұқтырудың алдын алу шаралары туралы жүйелi түрде түсiндiру жұмысын жүргiзу және құс тұмауы вирусының пайда болу және таралу қаупiне байланысты ахуал туралы тұрақты түрде дұрыс ақпарат берiп отыру мыналарды қамтиды:
      жұртшылықты уақтылы хабардар ету және құс тұмауының алдын алу және оның таралмауын бақылау үшiн халықтың қауiпсiз мiнез-құлқын қалыптастыру;
      БАҚ-ты пандемияға дайындық жөнiндегi iс-шаралардың орындалуы бөлiгiнде Бағдарламаның iске асырылу барысымен, сондай-ақ құс тұмауының маусымдық және пандемиялық таралуына қарсы күреске бағытталған шешiмдермен таныстыру;
      пандемиялық тұмау қаупi кезiнде халықтың бiлiм деңгейiн анықтау үшiн "керi байланыс" тетiгiн дамыту және қолдау.
      Құс тұмауы пандемиясының пайда болуына және таралуына жол бермеу жөнiндегi алдын алу iс-шараларын уақтылы және тиiмдi жүзеге асыру материалдық қорды, шұғыл қажеттiлiктердi бағалауды жүйелi жүргiзудi және құс тұмауына қарсы алдын алу құралдарын пайдалану қолданудың тәртiбiн әзiрлеудi көздейдi.

  6. Қажеттi ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi

      Бағдарламаны iске асыру республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржы қаражатын талап етпейдi.

  7. Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтиже

      Құс тұмауы бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру.
      Қазақстан Республикасының аумағына құс тұмауының әкелiнуiне және таралуына жол бермеу, сондай-ақ оны жою жөнiндегi кешендi iс-шараларды жүргiзуге жұмылдырылған қызметтердiң әзiрлiгiн арттыру.
      Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының пайда болуының және таралуының алдын алу жөнiндегi кешендi алдын алу iс-шараларын жүзеге асыру. Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының эпизоотиялық мониторингi жүргiзiлетiн болады.

         8. Қазақстан Республикасында құс тұмауы таралуының
        алдын алу жөніндегі 2007-2008 жылдарға арналған
               бағдарламаны іске асыру жөніндегі
                      іс-шаралар жоспары

  N Іс-шаралардың атауы Аяқтау нысаны Орындауға жауаптылар Орындау мерзімі Болжалды шығыстар (мың теңге) Қаржыландыру көздері
2007 ж. 2008 ж.

1

2

3

4

5

6

7

8

1. Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауының эпизоотиялық және эпидемиологиялық мониторингін жүргізу

1.1

Қазақстан Республикасында құс тұмауына шалдығу жөніндегі эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалдың мониторингін жүргізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат

АШМ (жинақтау), ДСМ

Жыл сайын 20 желтоқсанға қарай

талап етілмейді

2. Құс тұмауы пандемиясының қаупі кезінде ден қою жүйесін жоспарлау және үйлестіру

2.1

Мемлекеттік мекемелердің ведомстволық бағынысты ұйымдарының құс тұмауы өршуінің алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шараларды жүргізуде өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат

АШМ

Жыл сайын 20 желтоқсанға қарай

талап етілмейді

3. Құс тұмауын эпидемиологиялық және ветеринарлық бақылау жүйесін жетілдіру, ахуалды мониторингтеу және бағалау

3.1

Адамдар мен малдың арасында құс тұмауымен ауыру, маусымдық өзгерістері және өршуі туралы уақтылы ақпарат алуды  қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс

АШМ (жинақтау), ДСМ

2008 жылғы I тоқсан

талап етілмейді

4. Құс тұмауы бойынша алдын алу және шектеу іс-шаралары

4.1

Құс тұмауына қарсы алдын алу құралдарын пайдалану тәртібін әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс

АШМ

2007 жылғы ІІ тоқсан

талап етілмейді

5. Емдеу-алдын алу мекемелерінде қажетті іс-шараларды дайындау

5.1

Пандемия кезеңінде құс тұмауымен ауыратын науқастарға медициналық көмекті және аурухана ішінде жұқтырып алудың алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру жөнінде ұсыныс дайындау

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс

ДСМ

2007 жылғы ІІІ тоқсан

талап етілмейді

5.2

Емдеу-алдын алу ұйымдарында халықты құс тұмауына қарсы иммунизациялау үшін препараттардың, дәрілік заттардың және басқа да шығыс материалдарының қорын құру және сақтау жөнінде ұсыныс енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс

ДСМ

2007 жылғы І тоқсан

талап етілмейді

6. Құс тұмауы пандемиясы жағдайында жұртшылықпен байланыс орнату және ақпарат алмасу

6.1

Құс тұмауының алдын алу және таралмауын бақылау үшін жұртшылықты уақтылы хабардар етуді және халықтың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруды қамтамасыз ету

АШМ-ге ақпарат

Орталық және жергілікті атқарушы органдар

Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай

талап етілмейді

6.2

БАҚ-ты пандемияға дайындық жөніндегі іс-шаралардың орындалуы бөлігінде Бағдарламаның іске асырылу барысымен, сондай-ақ құс тұмауының маусымдық және пандемиялық таралуына қарсы күреске бағытталған шешімдермен таныстыру

АШМ-ге ақпарат

Орталық және жергілікті атқарушы органдар

Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай

талап етілмейді

6.3

Пандемиялық тұмау қаупі кезінде халықтың білім деңгейін анықтау үшін»"кері байланыс"» тетіктерін дамыту және қолдау

АШМ-ге ақпарат

Орталық және жергілікті атқарушы органдар

Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай

талап етілмейді

7. Құс тұмауы пандемиясы жағдайында министрліктердің, ведомстволардың және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жұмыс тәртібіне көшуі

7.1

Адамдар мен малдың арасында құс тұмауының өршуін оқшаулау және жою мақсатында эпизоотиялық және эпидемиологиялық бақылау деректеріне жүйелі талдау жүргізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат

АШМ (жинақтау), ДСМ, жергілікті атқарушы органдар

Жыл сайын 20 желтоқсанға қарай

талап етілмейді

7.2

Госпитальданған, ауруханадан шығарылған, қайтыс болған тұлғалардың санын, ашылған медициналық құрылымдардың санын ескере отырып, дамып жатқан ахуалды мониторингтеуді және бағалауды қамтамасыз ету жөнінде ақпарат дайындау

АШМ-ге ақпарат

ДСМ (жинақтау), жергілікті атқарушы органдар

Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай

талап етілмейді

8. Құс тұмауы пандемиясын таратпау жөніндегі алдын алу іс-шаралары

8.1

Вакциналарды пайдалану тәртібін енгізу үшін материалдық қорды және шұғыл қажеттіліктерді жүйелі түрде бағалауды жүргізу

АШМ-ге ақпарат

ДСМ (жинақтау), жергілікті атқарушы органдар

Жыл сайын 1 желтоқсанға қарай

талап етілмейді

  Ескертпе:  аббревиатуралардың толық жазылуы:
АШМ - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі
ДСМ - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі
БАҚ - бұқаралық ақпарат құралдары