Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария етудi жүргiзу жөнiндегi комиссия туралы үлгi ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 19 шілдедегі N 689 Қаулысы

      "Мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шiлдедегi Заңы  11-бабының  6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария етудi жүргiзу жөнiндегi комиссия туралы үлгi ереже бекiтiлсiн. 

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi:
      1) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың, қалалардағы аудандардың) жергiлiктi атқарушы органдарының жанынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария етудi жүргiзу жөнiнде комиссиялар (бұдан әрi - комиссиялар) құрсын;
      2) комиссиялар туралы ереженi бекiтсiн;
      3) осы қаулыны iске асыру жөнiнде өзге де шаралар қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2006 жылғы 19 шілдедегі
N 689 қаулысымен  
бекітілген  

Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария етудi жүргiзу жөнiндегi комиссия туралы үлгi ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария етудi жүргiзу жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - комиссия) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың, қалалардағы аудандардың) жергiлiктi атқарушы органдарының жанынан құрылатын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария ету туралы не жария етуден бас тарту туралы шешiм шығаруға уәкiлеттi алқа органы болып табылады.
      2. Комиссия өзiнiң қызметiн "Мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шiлдедегi Заңына (бұдан әрi - Заң), осы Yлгi ережеге және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комиссия жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдардың, салық органдарының, сәулет және қала құрылысы органдардың, жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органның, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органдардың және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының өкiлдерiнен құрылады.
      4. Комиссияны төраға - тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiмiнiң орынбасары басқарады. 
      Комиссияның дербес құрамы жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен бекiтiледi.

   2. Комиссияның мiндеттерi мен функциялары

      5. Комиссияның негiзгi мiндетi жылжымайтын мүлiктi жария ету не жария етуден бас тарту туралы шешiм қабылдау болып табылады. 
      6. Комиссияның функциялары:
      1) Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiктi жария етуге өтiнiш жасаған азаматтары мен заңды тұлғаларының (бұдан әрi - жария ету субъектiлерi) өтiнiштерiн уақтылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету;
      2) жария ету объектiсi туралы мәлiметтердi белгiлеу;
      3) құжаттардың мемлекеттiк органдар мен ұйымдар ұсынған мәлiметтерге сәйкес келуiн анықтау;
      4) жария ету субъектiсiне жылжымайтын мүлiктi жария ету туралы шешiмдi беру;
      5) жария ету объектiсi туралы мәлiметтердi Заңға 3-қосымшаға сәйкес нысанда жария етiлген мүлiк тiзiлiмiне енгiзу болып табылады.

  3. Комиссия жұмысының тәртiбi

      7. Комиссия жылжымайтын мүлiктi жария етуге өтiнiш жасаған жария ету субъектiлерiнiң өтiнiштерiн белгiленген тәртiппен тiркейдi. 
      8. Жария ету мерзiмi iшiнде берiлген жылжымайтын мүлiктi жария ету туралы өтiнiш тиiстi комиссияға өтiнiш берiлген күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде қаралуға тиiс.
      9. Заңның  6-бабында  және 11-бабының 1-тармағында көзделген құжаттарды алғаннан кейiн комиссия жылжымайтын мүлiктi жария ету не жария етуден бас тарту туралы дәлелдi шешiм шығарады.
      Шешiмге комиссияның төрағасы, мүшелерi және хатшысы қол қояды.
      10. Шешiм әрбiр жария ету объектiсi бойынша жеке қабылданады.
      11. Комиссияның хатшысы комиссия отырысының хаттамасын жүргiзедi. Отырыстың хаттамасына хаттамада көрсетiлген мәлiметтердiң толықтығы мен дұрыстығына жауап беретiн комиссияның барлық мүшелерi қол қояды.
      12. Жергiлiктi атқарушы органдар мүлiктi жария етудi жүргiзу жөнiндегi комиссияның жұмысын қамтамасыз етедi.
      13. Жария етiлген жылжымайтын мүлiк, жария ету субъектiсiнiң мүлiктi жария еткенi үшiн алым төлегенi және мүлiктi жария еткенi үшiн алым төлеушiлер болып табылмайтын адамдар туралы ақпарат жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органдарға ұсынылады.
       Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.11.29. N  1132  (алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi)   қаулысымен.

  4. Комиссияның құқықтары

      14. Комиссия өзiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша:
      1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдар ұсынатын жария етілетiн жылжымайтын мүлiк туралы қажеттi ақпаратты сұратуға;
      2) комиссияның құрамына кiрмеген мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың өкiлдерiн тартуға;
      3) жылжымайтын мүлiктi жария етуге өтiнiш жасаған адамдардан түсiнiктеме алуға;
      4) жылжымайтын мүлiктi жария етуге өтiнiш жасаған жария ету субъектiлерi мүлкiнiң тиесiлiгiн анықтауға;
      5) жылжымайтын мүлiктi жария ету не жария етуден бас тарту туралы шешiм қабылдауға құқылы.

  5. Комиссияның қызметiн тоқтату

       15. Комиссия Заңда белгiленген мүлiктi жария ету мерзiмi аяқталғаннан кейiн өз қызметiн тоқтатады.