Қазақстан Республикасы Президентiнiң қызметiне кiрiсу салтанатты рәсiмiн (инаугурациясын) өткiзу жөнiндегi ұйымдастыру iс-шаралары туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы N 4 Қаулысы

      2006 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентiнiң инаугурациясын өткiзуге байланысты Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Министрлiктер мен ведомстволар, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс басқармасы (келiсiм бойынша), Астана қаласының әкiмi Қазақстан Республикасы Президентiнiң қызметiне ресми түрде кiрiсу жағдайы жөнiндегi салтанатты iс-шараларды дайындау және өткiзу жөнiндегi iс-шаралар жоспарына сәйкес толық көлемде iс-шараларды өткiзудi қамтамасыз етсiн, ресми делегацияларды, қонақтар мен шақырылғандарды, сондай-ақ мәдени бағдарламаны қамтамасыз ететiн адамдарды орналастыруды және оларға қызмет көрсетудi ұйымдастырсын.

      2. 2006 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң резервiнен:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Іс басқармасына - ресми делегацияларды, қонақтар мен шақырылған адамдарды ресми қабылдауды, орналастыруды және оларға көлiктiк қызмет көрсетудi дайындауға және өткiзуге, олардың Алматы - Астана - Алматы бағыты бойынша жол жүруiне, сондай-ақ басқа да ұйымдастыру iс-шараларын өткiзуге 81277300 (сексен бір миллион екі жүз жетпіс жеті мың үш жүз) теңге;
      Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгiне - iс-шаралар шеңберiнде мәдени бағдарламаны өткiзуге 68000000 (алпыс сегiз миллион) теңге бөлiнсiн.
      Қосымшаға сәйкес заңды тұлғалар осы қаулының 2-тармағында көрсетiлген iс-шараларды iске асыру үшiн сатып алудың маңызды стратегиялық мәнi бар жұмыстар мен қызметтердi берушi болып белгiленсiн.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Іс басқармасы (келiсiм бойынша), Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi жұмыстар мен қызметтердi мемлекеттiк сатып алу үшiн осы қаулыға сәйкес пайдаланылатын қаражатты оңтайлы және тиiмдi жұмсау қағидатын сақтауды, сондай-ақ "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 3, 4-тармақтарын орындауды қамтамасыз етсiн. 
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi бөлiнген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсiн.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.22. N  1238 қаулысымен.

        3. Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволары Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс басқармасымен және Сыртқы iстер министрлiгiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң қызметiне ресми түрде кiрiсу жағдайы жөнiндегi салтанатты iс-шараларға келетiн шетелдiк ресми делегацияларға қызмет көрсету үшiн өкiлдiк сыныбындағы автокөлiк құралдарын бөлсiн.

      4. Астана қаласының әкiмi:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң қызметiне ресми түрде кiрiсуiне арналған салтанатты iс-шараларды өткiзуге астананы дайындау мен безендiрудi;
      қала объектiлерiн салтанатты рәсiмге қатысушылардың баруы үшiн дайындауды;
      қаланың Орталық алаңындағы мерекелiк iс-шараларға астана тұрғындары мен қонақтарының қатысуын қамтамасыз етсiн.

      5. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi Қазақстан Республикасы Президентiнiң инаугурациясына арналған iс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен жария етудi ұйымдастырсын.

      6. Шақырылғандар мен қонақтарды қабылдауға жауапты министрлiктер мен ведомстволар бекiтiлген Iс-шаралар жоспары шеңберiнде оларға көлiктiк және өзге де қызмет көрсетудi қамтамасыз етсін.

       7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі