Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 28 наурыздағы N 394 қаулысына өзгерiстер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 24 мамырдағы N 503 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1185 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Yкiметiнiң 31.12.2015 № 1185 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. "Мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 28 наурыздағы N 394  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 12, 129-құжат) мынадай өзгерiстер енгізiлсiн:
      1) көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану ережесiнде:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Мемлекеттiк астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау, жаңарту, орнын ауыстыру және пайдалану ережесi";
      Ереженiң редакциясы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
      2) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. "Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" акционерлiк қоғамы:
      1) мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөнiндегі агент;
      2) сатып алудың стратегиялық мәнi бар астықты мемлекеттiк ресурстарға мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi қызметтердi, мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау және орнын ауыстыру жөнiндегі қызметтердi берушi болып белгiленсiн".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2005 жылғы 24 мамырдағы 
N 503 қаулысымен    
бекiтiлген       

  Мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру,
сақтау, жаңарту, орнын ауыстыру және пайдалану
ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттік жемдiк астық ресурстарын және мемлекеттiк тұқым ресурстарын қалыптастыру, сақтау, жаңарту, орнын ауыстыру және пайдалану, сондай-ақ мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және сату тәртiбiн реттейдi.

      2. Мемлекеттiк pecуpc астығы мемлекеттік (республикалық) меншiк болып табылады.

      3. Мемлекеттiк астық ресурстарын басқару жөнiндегi агент (бұдан әрi - агент) өзiне жүктелген функцияларды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген құзыретi шегiнде, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгімен (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жасалған шарт негiзiнде және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Агент мемлекеттік астық ресурстарын басқаруға байланысты қызметтiң нәтижелерi бойынша уәкiлеттi органға және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен есеп бередi.

      5. Мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыруды осы Ережеде белгіленген тәртiппен, Қазақстан Республикасының Yкiметі бекiткен көлемдi құру және оған жеткiзу мақсатында агент жүзеге асырады.

      6. Мемлекеттік астық ресурстарын жаңартуды осы Ережеде белгiленген тәртiппен мемлекеттiк астық ресурстарын бекiтiлген көлемге дейiн толтыру және қажеттi сапада ұстап отыру мақсатында агент жүзеге асырады.

      7. Мемлекеттік ресурсқа астық сатып алуды, сондай-ақ мемлекеттiк ресурсты сақтау және орнын ауыстыру жөнiндегi қызметтердi сатып алуды Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен агент жүзеге асырады.

  2. Мемлекеттік азық-түлiктік астық резервi

      8. Мемлекеттiк азық-түліктiк астық резервiн қалыптастыру және жыл сайын жаңарту астықты республикалық бюджет қаражаты есебiнен сатып алу не астықты мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарынан аудару жолымен жүзеге асырылады. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн қалыптастыру және жаңарту процесiнде босаған астық көлемi мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарына жiберiледi.

      9. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен белгiленген мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң көлемi азаймайтын қор болып табылады.
      Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң көлемi және мақсаты, пайдаланылатын көлемдi қалпына келтiру шарттарын көрсете отырып, заңнамада белгіленген мақсаттарға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен бекiтiледi.

  3. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары

      10. Мемлекеттік жемдiк астық ресурстарын қалыптастыруды және жаңартуды уәкілетті орган агент арқылы мынадай жолдармен жүзеге асырады:
      Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындаған көздердiң есебiнен астық сатып алу;
      мемлекеттік сатылатын астық ресурстарынан ауыстыру;
      қайтару коэффициентiн ескере отырып, бұрын берiлген жемдiк несиенi қайтару;
      мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын сатудан түскен қаражатқа астық сатып алу және берiлген банктік кепiлдiктер бойынша талап ету құқығын iске асыру.

      11. Мемлекеттік жемдiк астық ресурстарын пайдалану жемдiк несие беру және сату арқылы жүзеге асырылады.

      12. Жемдiк несиенi берудi бөлiнген несие құнының 10 пайызынан аспайтын мөлшердегі қайтару коэффициентiн ескере отырып, қайтарымдылық және коммерциялық негізде агент жүзеге асырады.
      Жемдiк несие агентпен келiсілген нысан бойынша Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банкiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделген кепiлдiгi ұсынылған кезде берiледi.

      13. Несие алушы жемдiк несиенi алу үшiн комиссияға мынадай құжаттарды тапсырады:
      жазбаша өтiнiм;
      несие алушыда малының және/немесе құсының барлығын растайтын құжат;
      екiншi деңгейдегі банктiң кепілдiк беруге дайындығы туралы ниет-хаты.

      14. Несиенi қайтару мемлекеттік астық ресурстарын сақтауға рұқсат берiлген астық қабылдау кәсiпорындарына несие беру шартында көрсетiлген мерзiмде және нысанда жеткiзу жолымен заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      15. Мемлекеттік жемдiк астық ресурстарын сату алдын ала төлемi немесе Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкiнiң кепiлдiгi бар болған кезде уәкiлеттi органмен келiсу бойынша агент белгiлеген нысанға сәйкес жүзеге асырылады.

      16. Қажет болған жағдайда агент Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен айырбастау шарты негiзiнде мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын айырбастауды жүзеге асырады.

  4. Мемлекеттік тұқым ресурстары

      17. Мемлекеттiк тұқым ресурстарын қалыптастыруды және жаңартуды уәкiлеттi орган агент арқылы мынадай жолдармен жүзеге асырады:
      Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындаған көздердiң есебiнен аттестаттаудан өткен өндiрушiлерден тұқым сатып алу;
      тұқымды мемлекеттік сатылатын астық ресурстарынан ауыстыру;
      бұрын берiлген тұқымдық несиенi қайтару;
      мемлекеттік тұқым ресурстарын сатудан түскен қаражатқа аттестаттаудан өткен өндiрушiлерден тұқым сатып алу.
      Қажет болған жағдайда агент мемлекеттік астық ресурстарын тиiмдi басқару мақсатында тұқымды мемлекеттiк ресурстардан кейiн мемлекеттік ресурстарды бекiтiлген көлемге дейiн жеткiзу арқылы мемлекеттiк сатылатын ресурстарға ауыстыруды жүзеге асырады.

      18. Мемлекеттік тұқым ресурстарына жеткiзiлетiн сұрыптық тұқым Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат берiлген Селекциялық жетiстіктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген сорттарға жатуға, ал сұрыптық және себу сапалары бойынша мына талаптарға жауап беруге тиiс:
      дәндi дақылдар (жүгерiден басқа) - бiрiншi-төртiнші репродукциялы, сұрыптық тазалығы екiншi санаттан және себу стандартының екiншi сыныбынан төмен емес;
      жүгерi сұрыптары мен будандарының тұқымы - бiрiншi-үшiншi репродукциялы, сұрыптық тазалығы екiншi санаттан, себу стандартының екiншi сыныбынан, бiрiншi буындағы будандардан төмен емес;
      күнбағыс тұқымы - бiрiншi репродукциядан, сұрыптық тазалығы екiншi санаттан, себу стандартының екiншi сыныбынан, бiрiншi буындағы будандардан төмен емес;
      басқа ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң тұқымы - бiрiншi-үшiншi репродукциялы, сұрыптық тазалығы екiншi санаттан және себу стандартының екiншi сыныбынан төмен емес.

      19. Агент мемлекеттiк тұқым ресурстарын пайдалануды тұқымдық несиенi беру және сату жолымен жүзеге асырады.

      20. Тұқымдық несиенi беру бөлiнген несие құнының 10 пайызынан аспайтын мөлшердегi қайтару коэффициентiн ескере отырып, қайтарымдылық және коммерциялық негiзде жүзеге асырылады. Тұқымдық несие агентпен келiсiлген нысан бойынша Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банкiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсiмделген кепiлдігі ұсынылған кезде берiледi.
      Тұқымдық несиенi алу үшiн ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерi комиссияға өтiніштi, жер учаскесiне құқығын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн және Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкiнiң кепiлдiк беруге дайындығы туралы ниет-хатын бередi.

      21. Тұқымдық несиенi қайтару заңнамада белгіленген тәртiппен ағымдағы жыл егiнiнiң азық-түлiктiк астығын не сұрыптық тұқымдарын мемлекеттiк астық ресурстарын сақтауға рұқсат берiлген астық қабылдау кәсiпорындарына несие беру шартында көрсетiлген мерзiмдерде жеткiзу жолымен жүзеге асырылады.

      22. Тұқымды сату алдын ала төлемi немесе агентпен келiсiлген нысан бойынша Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкiнiң кепiлдігі болған кезде жүзеге асырылады. Тұқымды сатып алу кезiнде сатып алушылар агентке өтiніштi және жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттың көшiрмесiн бередi.

      23. Қажет болған жағдайда агент айырбастау шарты негiзiнде мемлекеттiк тұқым ресурстарын айырбастауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

  5. Мемлекеттік сатылатын астық ресурстары

      24. Мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын қалыптастыруды және жаңартуды уәкiлеттi орган агент арқылы республикалық бюджет қаражаты есебiнен сатып алу не мемлекеттiк астық ресурстарының басқа түрлерiнен ауыстыру жолымен жүзеге асырады.

      25. Мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын гуманитарлық көмек көрсету, iшкі рынокты реттеу мақсаттарында пайдалану Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi негізiнде жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын астықты экспортқа шығаруды, iшкi рынокта сатуды және мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын және мемлекеттік тұқым ресурстарын жаңартуды қамтамасыз ету мақсаттарында пайдалануды агент Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз бетiмен жүзеге асырады.

      26. Қажет болған жағдайда агент айырбастау шарты негізiнде сатылатын астық ресурстарын айырбастауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен жүзеге асырады.

  6. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау
және орнын ауыстыру

      27. Мемлекеттiк астық ресурстары заңнамада белгiленген тәртiппен астықты сақтауға рұқсат берiлген астық қабылдау кәсiпорындарында сақталады.
      Дәндi, майлы дақылдардың сұрыптық және буданды тұқымы астық қабылдау кәсiпорындарында тұқымның бүлiнуден толық сақталуын және басқа дақылдармен және сұрыптармен араласып кетпеуiн қамтамасыз ететiн осыған арнайы бөлiнген астық қоймаларында орналастырылады және сақталады.

      28. Астық қабылдау кәсiпорындары және агент Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк астық ресурстарының сандық-сапалық сақталуын қамтамасыз етедi.

      29. Мемлекеттiк азық-түлiктік астық резервiн сақтау мен орнын ауыстыру жөнiндегi шығыстар республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік жемдiк астық ресурстарын, мемлекеттiк тұқым ресурстарын және мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын сақтау мен орнын ауыстыру жөнiндегi шығыстар оларды пайдаланудан түскен қаражат, сондай-ақ агенттiң иелiгіндегi өзге де қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
      Агент астық қабылдау кәсiпорнына мемлекеттiк астық ресурстарының бiр бөлiгiн (мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн қоспағанда) оларды сақтау жөнiндегi қызметтерге төленетiн ақы есебiне бере алады.

      30. Астық қабылдау кәсiпорындары уәкiлеттi органға және агентке қажеттi ақпаратты және мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау жөнiндегі есептi ұсынады.

  7. Мемлекеттік астық ресурстарының сапасын
сертификаттау және оған сараптама жасау

      31. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарындағы және мемлекеттік сатылатын ресурстардағы астықтың сапасын сертификаттау және оған сараптама жасау қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларды пайдаланудан түскен қаражат есебiнен жүргізiледi.

      32. Мемлекеттiк ресурстардағы тұқым сапасына сараптама жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.

  8. Мемлекеттік астық ресурстарымен жасалатын
операцияларды қаржыландыру

      33. Агентке мемлекеттік астық ресурстарын басқарғаны үшiн сатылған астық құнының 3 (үш) пайызы мөлшерiнде мемлекеттiк астық  ресурстарын пайдаланудан түскен қаражат есебiнен комиссиялық сыйақы көзделедi.

      34. Мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервiнен басқа мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау, сондай-ақ астықты пайдалануға байланысты шығындар мемлекеттiк астық ресурстарымен жасалған операциялардан түскен қаражат есебiнен төленедi.

      35. Мемлекеттік астық ресурстарын пайдаланудан түскен қаражат агенттің банктiк шоттарында жинақталады.
      Агенттің комиссиялық сыйақысын, салықтарды және астықты пайдалануға байланысты басқа да шығындарды шегергендегі мемлекеттiк сатылатын ресурстардың астығын пайдаланудан түскен ақша агенттiң банктiк шоттарынан республикалық бюджеттiң кiрiсiне аударылады.
      Мемлекеттік жемдiк астық ресурстарын, сондай-ақ мемлекеттiк тұқым ресурстарын пайдаланудан түскен ақша көрсетiлген ресурстарды қалыптастыру және жаңарту мақсатында жемдiк астық пен тұқымды сатып алу үшiн пайдаланылады. Бұл ретте мемлекеттік жемдiк астық ресурстарын және мемлекеттік тұқым ресурстарын пайдаланудан уақытша бос ақша екiншi деңгейдегі банктердiң депозиттерiне және бағалы қағаздарға орналастырылуы мүмкiн.
      Уақытша бос ақшаны депозиттерге орналастырудан алынған сыйақыны агент мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын және мемлекеттiк тұқым ресурстарын қалыптастыруға жұмсайды.

      36. Aгeнттің мемлекеттік астық ресурстарын басқаруға байланысты жасаған операцияларын есепке алуды агент өз қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерiнен бөлек жүзеге асырады.