Банкроттық салдарынан заңды тұлғаны тарату кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 28 қазандағы N 4 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "конкурстық басқарушы", "конкурстық іс жүргізуді", "Конкурстық басқарушының", "конкурстық басқарушының", "конкурстық іс жүргізу", "Конкурстық іс жүргізу" деген сөздер тиісінше "банкроттық басқарушы", "банкроттық рәсімдерді", "Банкроттық басқарушының", "банкроттық басқарушының", "банкроттық рәсімдер", "Банкроттық рәсімдер" деген сөздермен; "77" деген цифрлар "102" деген цифрлармен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Банкроттық салдарынан заңды тұлғаны тарату кезiнде азаматтардың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы заңдарды соттардың бiркелкi қолдануы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Азаматтардың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн белгiленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға банкроттық салдарынан таратылған жағдайда төленудің көлемi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен (бұдан әрі - AК) және "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V Заңымен (бұдан әрi - Заң) анықталатынына соттардың назарын аударған жөн.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      1-1. Төлемдерді капиталға айналдыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ай сайынғы төлемдерді төлеу жүзеге асырылады (АК-нің 945-бабының 4-тармағы).

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 мамырдағы № 571 қаулысымен бекітілген Ережелерге сәйкес, көрсетілген тәртіппен ай сайынғы төлемдерді алуға құқығы бар адамдар кәсіпорынды банкрот деп тану туралы, зиянды өтеу есебіне капиталдандырылған соманы төлеу жөніндегі жауапкершілікті мемлекетке жүктеу туралы сот шешімдерінің көшірмелерін, сот бекіткен бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарының тізілімін ұсынуы қажет. Жоғарыда көрсетілген адамдардың талап етуі бойынша құжаттардың куәландырылған көшірмелерін кәсіпорынды банкрот деп тану туралы істі қараған сот ұсынады.

      Капиталдандырылған соманы төлеу жөніндегі жауапкершілікті мемлекетке жүктеу туралы соттың жаңа шешімін шығару олар 70 жасқа толғаннан кейін талап етілмейді.

      Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5 Нормативтік қаулысымен.

      2. АК-нiң 944-бабының 3-тармағына сәйкес, азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеуге құқығы бар азаматтар банкрот деп жарияланған заңды тұлғадан тиiстi мерзiмдiк төлемдерді капиталға айналдыру жолымен зиянды өтеу арқылы мiндеттемелерiн тоқтатуын немесе мерзiмiнен бұрын орындауын талап етуге құқылы.

      Осы орайда, келтiрген зиян үшiн жауапты заңды тұлғаның АК-нiң 937-ден бастап 944-ті қоса алғанда баптарымен белгiленген негіздер мен тәртіп бойынша ай сайынғы және басқа да қосымша төлемдер жасау мiндеттемесi жаңаша - жәбiрленушi тұлғаға капиталға айналдырылған соманы бiр уақытта төлеу мiндеттемесiмен ауыстырылады. Мұндай төлемдi жәбiрленушiнің талабы бойынша келтiрiлген зиянның орнын толтыру үшiн төленген өтемақы ретiнде түсiну керек.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. Егер азаматтың жасы жетпістен асатын болса, тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру кезеңі он жылды құрайды.

      Зиянды өтеу бойынша заңдармен белгіленген өзге төлемдер (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрi-дәрмек сатып алуға, протез салуға, басқаның күтім жасауына, санаторлық-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға және басқаларға арналған шығыстар) капиталға айналдыру кезiнде есептелмейді.

      Заңның 102-бабына сай көзделген тәртіппен айқындалған капиталға айналдырылған төлем (өтемақы) сомасы индексациялауға, сондай-ақ азаматқа белгіленген мүгедектік тобының өзгеруiне байланысты көбейту немесе азайту нысанында қайта қаралуға жатпайды.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      4. АК-нiң 945-бабының 2-тармағымен көзделгендей, өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн жауапты заңды тұлға таратылған жағдайда тиiстi төлемдердi капиталға айналдыру мiндеттi болып табылады.

      Осыған байланысты кредиторлардың талаптарының тiзiлiмiн қалыптастырған кезде банкроттық басқарушы келтiрiлген зиян үшiн белгiленген тәртiпте жауапты деп танылған және оны банкрот деп таныған сәтте тиiстi төлемдер жүргiзген таратылатын заңды тұлғаның зиян шеккен тұлғаларға төлейтiн ай сайынғы төлемдерiн капиталға айналдыруға мiндеттi.

      Егер тарату рәсiмдерiн өткiзу кезiнде таратылатын заңды тұлға сот шешiмiмен өзiнің қызметкерiне келтiрiлген зиян (атап айтқанда, пайда болған кәсіби ауруы) үшін жауапты деп танылса, онда тарату рәсiмдерi аяқталғанға дейiн азаматтың өтінiшi бойынша жоғалған табысты (кiрiстi) өтеу үшiн ай сайынғы төлемдер сомасы анықталады және ол Заңның 102-бабымен белгіленген тәртіпте капиталға айналдыруға жатады.

      5. Капиталға айналдырылған төлемдердi банкроттық басқарушы бiрiншi кезектегi кредиторлардың талаптарының тiзiмiне енгiзедi және борышкердің мүлкi есебiнен бiрiншi кезекте орындалады.

      Өткен кезеңдер үшін жоғалған табыстың (кірістің) ай сайынғы төлемдері бойынша қарызы, егер мұндай қарыз бар болса немесе сот шешiмiмен заңды тұлғаны банкрот деп танылған сәтте анықталса, кредиторлардың талаптарының тiзiлімiне бiрiншi кезекте енгізiледi.

      6. Таратылатын заңды тұлғада мүлiктiң болмауы немесе жеткіліксiз болуы себептi банкроттық басқарушы капиталға айналдырылған төлемдерді өндiре алмаған жағдайларда, азаматтар АК-нiң 945-бабына сәйкес, капиталға айналдырылған төлемдердi төлеу жөнiндегі мiндеттердi мемлекетке жүктеу туралы талаппен сотқа жүгiнуге құқылы.

      Жоғарыда баяндалған тәртiпте капиталға айналдырылған төлемдердi азаматтың өтiнiшi бойынша бiр уақытта төлеу өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн заңды тұлғаның мiндеттемелерінің толық көлемде тоқтауына әкеп соғады.

      7. Капиталға айналдырылған төлемдердi азаматтарға төлеудi қамтамасыз ету мақсатында соттар банкроттық рәсімдерді аяқтау туралы ұйғарымдарда төленбеген капитал көлемiн көрсетуi қажет.

      Егер бiрiншi кезектегi кредиторлардың аты-жөндері жазылған тiзiм көлемдi болса, онда сот ұйғарымында есептелген және бiрiншi кезек бойынша капиталға айналдыру кезiнде төленбеген жалпы сома және кредиторлардың талаптарының тiзiмiне сiлтеме жасауына болады. Банкроттық басқарушының қолы қойылып кредиторлардың заңды тұлғаны тарату аяқталған күнге дейiнгi талаптары көрсетiлген тiзiлiмдердiң көшiрмелерi немесе тiзілімнiң тиiсiнше куәландырылған көшірмесi және соттың банкроттық рәсімдерді аяқтау туралы ұйғарымы азаматтың капиталға айналдырылған төлемдердi төлеу туралы талаптарымен мемлекетке жүгіну құқығын дәлелдейтiн құжаттар болып табылады.

      8. Таратылатын заңды тұлғада мүліктің болмауы немесе жеткіліксiз болуы салдарынан капиталға айналдырылған төлемдерді төлеу мiндеттерiн мемлекетке жүктеу азаматтың науқастануына, мүгедектiкке ұшырауына, асыраушысынан айырылуына байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабының кепiлдiгіне сәйкес әлеуметтiк қамсыздандырылу құқығын орындау тәсiлдерiнiң бiрi болып табылады. Осы мiндеттi өзiне қабылдай отырып, мемлекет таратылған заңды тұлғаның басқа мiндеттемелерiн қабылдаушы болып табылмайды.

      Алайда, егер мерзiмдiк төлемдердi капиталға айналдыру банкроттық басқарушының кiнәсiнен жүргiзiлмесе және бұл қатенi сот банкроттық рәсімдерді аяқтау туралы ұйғарым шығарған кезде түземесе немесе кәсiби ауруға шалдығуы салдарынан азамат еңбек қабiлеттілiгiн жоғалтқандығы заңды тұлға банкроттық негiз бойынша таратылғаннан кейiн анықталса, азамат заңмен белгiленген тәртiпте мемлекетке зиянды өтеу туралы талаппен сотқа жүгiнуге құқылы.

      9. Капиталға айналдырылған төлемдердi төлеу жөнiндегі мiндеттеменi мемлекетке жүктеу туралы өтiнiштi қанағаттандыру кезiнде сот шешiмнiң қарар бөлiмiнде ақша республикалық бюджет қаражатынан өндiрiлетiндігін, ал бұл соманы өтеу мiндетi республикалық бюджеттік бағдарламаның тиiстi әкiмшiсiне жүктелетiндігін көрсетуi тиiс.

      Капиталға айналдырылған төлемдерді өндiру туралы iстер бойынша мемлекеттiк баж алынбайды.

      10. Жәбiрленушінің жоғалтқан табысын (кiрiсiн) капиталға айналдыру кезiнде және ай сайынғы төлем бойынша мiндеттеменi оның келісiмiмен бiр жолғы өтемақы төлеумен ауыстыру кезiнде азаматтың жеке басына тығыз байланысты мiндеттеме мен құқығы, өтемақы алу құқығымен ауыстырылады.

      Осыған байланысты жәбiрленушi азаматқа аударылған және бiріншi кезектегi кредиторлардың талаптарының тiзiлiмiне енгiзiлген, бiрақ олар тарату барысында толық немесе iшiнара алынбаса немесе өтемақы сомасы сот шешiмi бойынша мемлекеттен өндiрiлмесе, онда олар мұра құрамына енгізiледi. Оны төлеу туралы талапты мұрагерлер мұрагерлiк туралы заңнамамен белгiленген тәртіпте және мерзiмде қоя алады.

      11. Банкроттық рәсімдер шегінде есептелген және капиталға айналдырылған төлемдер азаматтың жоғалтқан табысын (кiрiсiн) өтеуi болып табылады, сондықтан салық заңдарымен белгіленген тәртiпте табыс салығы салынады.

      12. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтiк қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгiзiледi және жалпыға бiрдей мiндеттi болып табылады әрi ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы