"Орал "Металлист" зауыты" ашық акционерлiк қоғамының конкурстық массасын сатудың ерекше шарттары мен тәртiбi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 18 қарашадағы N 1217 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар Батыс Қазақстан облысының "Орал "Металлист" зауыты" ашық акционерлік қоғамының банкрот деп танылуына байланысты, сондай-ақ "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы Заңы  2-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. "Орал "Металлист" зауыты" ашық акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Қоғам) конкурстық массасын сатудың мыналарды көздейтiн ерекше шарттары мен тәртiбi белгiленсiн:
      1) конкурстық массаны екi лотпен сату:
      бiрiншi лот - Қоғам өндiрiсiнiң бiрыңғай технологиялық циклын қамтамасыз ететiн мүлiк (негiзгi құралдар, материалдар, өндiрiстiк-техникалық құжаттама және басқалары);
      екiнші лот - арнайы мақсаттағы бұйымдар, оларға арналған арнаулы жинақтаушы және шығыс материалдары;
      2) ең төменгі бағасын белгiлеу:
      бiрiншi лот - бірiнші және екінші кезектегі кредиторлар талаптарының, сондай-ақ әкiмшiлiк шығыстардың сомасынан төмен емес;
      екiнші лот - үшiнші кезектегi кредиторлар талаптарының сомасынан төмен емес.

      2. Бiрiншi лотты сатып алушыларға мынадай қосымша талаптар белгiленсiн:
      1) сатып алушының 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Әскери мақсаттағы өнiмдерді өндiруге қатысатын кәсiпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келiсiмге сәйкес Қоғамның мамандануын сақтау жөнiнде мiндеттеме қабылдауы;
      2) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмылдыру тапсырысының орындалуын қамтамасыз етуі;
      3) сатып алушының заңнамада белгiленген тәртiппен, егер олар басқа салаларда пайдаланылмаса, қару-жарақты және оның оқ-дәрiлерiн, әскери техниканы, қосалқы бөлшектердi, жинақтаушы элементтер мен оның аспаптарын, сондай-ақ монтаждауды, реттеудi, пайдалануды, сақтауды, жөндеу мен сервистiк қызмет көрсетудi қоса алғанда, шығару оларды өндiруге арналған арнайы материалдар мен жабдықтарды әзiрлеу, шығару, жөндеу және сату саласындағы лицензиялар алу жөнiнде мiндеттемелер қабылдауы;
      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк және мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттемелер қабылдауы;
      5) сатып алушыда Батыс Қазақстан облысы әкiмдiгiмен келiсiлген мұнай-газ кешенiнiң мұқтаждары үшiн бұйымдар номенклатурасын игеру жөнiнде инвестициялық бағдарламасының болуы;
      6) сатып алушының Қоғам қызметкерлерiнiң саны кемiнде 200 адамын жұмыспен қамтамасыз етуi.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары С.М. Мыңбаевқа жүктелсiн.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі