Ұлттық бiрыңғай тестiлеуді енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 наурыздағы N 317 қаулысы

      Бiлiм берудiң сапасын және білiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн мемлекеттiк бақылаудың тиiмділiгін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жалпы орта бiлiм беру ұйымдарының бiтiрушiлерiн қорытынды мемлекеттiк аттестаттау мен орта кәсiптiк (бұдан әрi - колледждер) және жоғары кәсiптiк (бұдан әрi - ЖОО) оқу орындарына қабылдау емтихандарын бiрiктiрудi қамтамасыз ететiн ұлттық бiрыңғай тестілеудi енгiзу туралы ұсынысы 2004 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары шегiнде қабылдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi:
      1) 2004 жылы жалпы орта бiлiм беру ұйымдарының бiтiрушiлерiн қорытынды мемлекеттiк аттестаттауды және колледждер мен ЖОО-ға түсу үшiн конкурстық iрiктеу өткiзу кезiнде оның нәтижелерiн есепке алуды көздейтiн ұлттық бiрыңғай тестiлеуге көшудi қамтамасыз етсiн;
      2) ұлттық бiрыңғай тестiлеудi ұйымдастыру мен өткiзу ережесiн бекiтсiн;
      3) ұлттық бiрыңғай тестiлеу рәсiмiн iске асыруды қамтамасыз ету мақсатында қажеттi нормативтік құқықтық кесiмдердi қабылдасын;
      4) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп, ұлттық бiрыңғай тестiлеудi өткiзу пункттерiн құру жөнiнде шаралар қабылдасын;
      5) Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлiгiмен бiрлесiп, ұлттық бiрыңғай тестiлеудi ұйымдастыру әрi өткiзу мәселелерiн бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен жария ету үшiн шаралар қабылдасын.

      3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi оқушылардың тестiлеу пункттерiне бару және қайту жолдарындағы қауiпсiздiгiн, сондай-ақ ұлттық бiрыңғай тестiлеудi өткiзуге арналған емтихандық материалдардың сақталуы мен тасымалдануын қамтамасыз етсiн.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi (келiсiм бойынша) ұлттық бiрыңғай тестiлеудi өткiзуге арналған емтихандық материалдарды жеткiзудiң қауiпсiздiгi мен құпиялылығын қамтамасыз етсiн.

      5. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкiмдерi ұлттық бiрыңғай тестiлеу өткiзудi ұйымдастыруға көмек көрсетсiн.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі