Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 наурыздағы N 276 қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.12.2016 № 755 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.12.2016 № 755 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.07.2014 № 754 қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 9 сәуiрдегi Заңының 15-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мекеме) туралы ереже бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.07.2014 № 754 қаулысымен.
      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.05.26 № 580 Қаулысымен.

      3. Мекеменiң қызметiн қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне жоғары оқу орындарында кадрларды даярлауға көзделген қаражат есебiнен және шегiнде жүзеге асырылады деп белгiленсiн.

      4. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Әскери академиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 16 маусымдағы N 977 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2003 жылғы 20 наурыздағы
N 276 қаулысымен
бекiтiлген

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы
ұлттық қорғаныс университеті" республикалық мемлекеттік
мекемесі туралы ереже

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.07.2014 № 754 қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Ұлттық қорғаныс университеті (бұдан әрi - Университет) жоғары әскери кәсiптiк бiлiм берудiң және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын әскери оқу орны болып табылады. <*>

      Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.10.31. N 1080 қаулысымен

      2. Университет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдергe, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Университеттің мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы Жауынгерлiк туы, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген мөрi, мөртаңбалары мен белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерде шоттары бар.

      Университет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынасқа түседi.

      4. Университет өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Университет бастығының бұйрықтарымен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

      5. Университеттің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Тұран даңғылы, 72-үй.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.07.2014 № 754 қаулысымен.

      6. Университеттің толық атауы: "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.07.2014 № 754 қаулысымен.

2. Университеттің мақсаты, міндеттерi мен функциялары

      7. Университеттің мақсаты жоғары әскери кәсiптiк бiлiм берудiң және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру болып табылады.

      8. Университеттің мiндеттерi мыналар болып табылады:

      1) жоғары әскери және жоғары әскери-арнаулы бiлiмдi офицер кадрларды даярлау;

      2) офицерлiк құрамды қайта даярлау және жетiлдiру;

      3) әскери ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау;

      4) тәрбие процесiн ұйымдастыру.

      9. Университет Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа мемлекеттердің азаматтарын даярлауды жүзеге асыра алады.

      10. Университет көрсетiлген мiндеттерге қол жеткiзу үшiн мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) жоғары әскери бiлiм берудiң және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру үшiн жағдай жасау;

      2) терең әскери-арнаулы бiлiмдi, нақты дағдылар мен шеберлiктi, өзге де кәсiби қасиеттердi қалыптастыpу;

      3) патриотизм сезiмiн, әскери антқа адалдықты тәрбиелеу, жеке адамның шығармашылық, рухани және дене бiтiмiнiң мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiктің берiк негiзiн, әскери этика, тәртiптiлiк пен ұйымшылдықты қалыптастыру;

      4) мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндетті бiлiм беру стандарттарының негiзiнде оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес оқу және тәрбиелiк қызметтi жүзеге асыру.

3. Университеттің қызметін ұйымдастыру

      11. Университет:

      1) Университетке азаматтарды қабылдаудың тәртiбiн оқу орындарына қабылдаудың үлгi ережелерiне сәйкес белгiлейдi;

      2) оқушыларды өтпелi аттестациялаудың нысанын, тәртiбiн және кезеңдiлiгін дербес таңдайды.

      12. Университетті тiкелей басқаруды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрiнiң ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын бастық жүзеге асырады.

      13. Университеттің бастығы дара басшылық қағидатында әрекет етедi және лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес Университет қызметiнiң

      мәселелерiн дербес шешедi.

      14. Университеттің бастығы басшылықты жүзеге асырған кезде белгiленген тәртiппен:

      1) барлық ұйымдарда Университеттің мүддесiн бiлдiредi;

      2) барлық қызметкерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      3) номенклатураға сәйкес Университет қызметкерлерiн лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) Университет қызметкерлерiне көтермелеу шараларын және тәртiптiк жаза қолданады;

      5) өз орынбасарларының және Университеттің өзге де басшы қызметкерлерiнiң мiндеттерiн және өкілеттiк шеңберiн айқындайды;

      6) оған заңнамамен, осы Ережемен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

4. Университеттің мүлкi

      15. Университеттің негiзгi қорлардан және айналымды қаражаттан, сондай-ақ құны Университеттің теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұратын жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкi болады.

      16. Университеттің өзiне және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе оған өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Университетті қайта ұйымдастыру және тарату

      17. Университетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.