Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігінің "Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта атау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 7 қыркүйек N 1163

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.23  N 381 Қаулысымен.

        "Қазақстанның Даму Банкі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 25 сәуірдегі  Z010178_ Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстанның Даму Банкі" жабық акционерлік қоғамының 2001-2003 жылдар кезеңіне арналған несие саясаты туралы меморандумы бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

"Қазақстанның Даму Банкі" жабық акционерлік қоғамының
2001-2003 жылдар кезеңіне арналған несие саясаты туралы
меморандумы

1. Жалпы ережелер

      1.1. Осы Меморандум Қазақстан Даму Банкінің 2001-2003 жылдарға арналған несие саясатының негізгі қағидаттары мен басымдықтарын анықтайды, несиелерді беру, басқару және қозғалысын бақылау туралы шешімдерді қабылдау процестерін қоса алғанда, несие мәмілелері мен кепілдік операцияларды жүргізу жөніндегі рәсімдер тізбесі мен нұсқамаларынан тұрады, сондай-ақ қабылданатын шешімдердің негізіне жататын стандарттар мен параметрлерді белгілейді. 
      1.2. Қазақстан Даму Банкінің несие саясаты туралы меморандумы (бұдан әрі - Меморандум) үш жылдық кезеңге бекітіледі және Қазақстан Даму Банкінің (бұдан әрі - Даму Банкі) барлық функционалдық бөлімшелері орындау үшін қабылдайды. 
      1.3. Меморандумның тұжырымдық әрі нұсқамалық сипаты бар және Даму Банкінің Директорлар кеңесі бекітетін Даму Банкінің несие саясаты туралы ережеде баяндалған Даму Банкінің ішкі несие саясатын анықтау үшін негіз болып табылады. 
      1.4. Меморандум анықтаған несие саясаты және онда белгіленген өлшемдер Даму Банкі қызметінің нәтижелері мен жаңа бағыттары, заңнама мен нормативтік базаның өзгерістері, сондай-ақ елдегі және әлем рыногындағы экономикалық жағдай өзгерістері ескеріле отырып, түзетілуі мүмкін. Меморандумға енгізілетін өзгерістерді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 
      1.5. Даму Банкі қызметінің мақсаты мемлекеттік инвестициялық қызметті жетілдіру және тиімділігін арттыру, өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өндірістерді дамыту, елдің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға көмектесу болып табылады. 
      1.6. Даму Банкі мынадай негізгі: 
      Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасына (бұдан әрі - МИБ) енгізілген жобаларға қызмет көрсету жөніндегі және Мемлекеттік инвестициялардың жергілікті (аймақтық) бағдарламаларына қызмет көрсету жөніндегі Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі агентінің: 
      кепілдіктер беруді, кепіл болуды, аккредитивтерді ашуды және растауды, сондай-ақ "Қазақстанның Даму Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 1-тармағында көрсетілген жағдайлардан басқа, Даму Банкі Директорлар кеңесі бекіткен ішкі несие саясатына сәйкес өз тәуекелімен жасалатын лизингтік операцияларды қоса алғанда, орта мерзімді және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды несиелендіру, экспорт операцияларын несиелендіру функцияларын орындайды. 

2. Даму Банкінің жобаларды агенттік негізде қаржыландыруы

      Агенттік негізде қаржыландыру шарттары бойынша жобалар қайтарымды және қайтарымсыз негізде іске асырылуы мүмкін. 
      2.1. Қайтарымсыз негізде қаржыландыру. 
      Қайтарымды қаржыландыру жобаны қаржыландыру жөніндегі агент болып әрекет ететін Даму Банкі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. 
      Осы жобаларды қаржыландыру көздері республикалық және жергілікті бюджеттердің ақшасы болып табылады. 
      Негізгі құралдарды сатып алуға, мемлекеттік органдардың және мемлекеттік орган болып табылмайтын мемлекеттік мекемелердің ғимараттарын күрделі жөндеуге және салуға байланысты инвестициялық жобаларды қайтарымсыз қаржыландыру Даму Банкінің қатысуынсыз жүргізіледі. 
      2.2. Қайтарымды негізде қаржыландыру (несиелендіру). 
      Жобаларды қайтарымды негізде қаржыландыру кезінде түпкі заемшы анықталуы тиіс. Осындай қаржыландыру түпкі заемшылардың қаржыландырылуы және қаражатты қайтаруы жөніндегі агенттің функцияларын орындайтын Даму Банкі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. 
      Даму Банкінің түпкі заемшыларға берілген несиелерді агенттік негізде қаржыландыру және оларға қызмет көрсету жөніндегі қызметін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың атынан Даму Банкі жүзеге асырады. 
      Республикалық және жергілікті бюджеттердің ақшасы, сондай-ақ мемлекеттік кепілдіктермен мемлекеттік емес заемдардың шеңберінде тартылған ақша жобаларды қаржыландыру көздері болып табылады. 
      2.3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға Даму Банкінің тарифтеріне сәйкес ақылы негізде Даму Банкі агенттік қызметтер көрсетеді. Несиелерге қызмет көрсету жөніндегі агенттік қызметтер оларды түпкі заемшылардың қайтаруы бойынша Даму Банкінің жауапкершілігін көздемейді. 
      Республикалық бюджеттен берілген несиелерді және мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындау есебіне республикалық бюджеттен оқшауландырылған ақшаны қайтару жөніндегі агенттік функцияларды жүзеге асыру кезінде Даму Банкінің комиссиялық сыйақысы агенттік қызмет көрсету шарттарында көзделеді. 
      2.4. Қайтарымды негізде қаржыландырылатын және МИБ-ке енгізу ұйғарылатын жобалардың банктік сараптамасы мынадай ережелерді: 
      жобаның тиімділігін; 
      түпкі заемшының несие қабілеттілігін және төлем қабілеттілігін; 
      несиені қайтарудың қамтамасыз етілуін; 
      қаржыландырудың нысандары мен шарттарын; 
      несиені берудің орындылығы туралы сараптаманы қамтиды. 
      2.5. Банктік сараптаманың оң қорытындысы мемлекеттік кепілдіктермен мемлекеттік емес сыртқы заемдардың қаражаты есебінен қайтарымды негізде қаржыландыру ретінде инвестициялық жобаны МИБ-ке енгізудің және/немесе республикалық бюджеттің қаражаты есебінен несиелендірудің міндетті шарты болып табылады. 
      МИБ-ке енгізу үшін қаралатын инвестициялық жобалар бойынша банктік сараптама Даму Банкі мен түпкі заемшы (өтінім беруші) арасында жобаға сараптама жүргізуге арналып жасалған шарттардың негізінде консультанттар мен сарапшылардың қызметтеріне ақы төлеуді қоса алғанда, жоба сомасының 2 (екі) пайызынан аспайтын төлем ала отырып, жүргізіледі. 
      Банктік сараптаманың нәтижелерін Даму Банкі МИБ-ті әзірлеу мен іске асыру мониторингі үшін жауапты, жалпы басшылықты, жобаларды іріктеу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді, жобаларға экономикалық бағалау жүргізуді және МИБ-ке енгізуге ұсынылатын жобалардың дерекқорын дайындауды жүзеге асыратын Үкіметтің уәкілетті органына ұсынады. 
      2.6. Агенттік негізде Даму Банкінің қаржыландыруы басқа да несие ұйымдарымен бірлесіп қоса қаржыландыру шарттарында жүзеге асырылуы мүмкін.

3. Даму Банкінің жобаларды несие беруші ретінде
қаржыландыруы

       3.1. Несиелендірудің басты қағидатты өтелімді жобаларды несиелендіру болып табылады. Несиелендіру мынадай басымдықтарға:
      ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріс және осыған байланысты қызметтер;
      іздестіру жұмыстарынан басқа, мұнай мен газ өндіруге байланысты қызметтер;
      мұнайды, газды, конденсатты тасымалдаудың тиімді, экологиялық қауіпсіз және энергиялық сыйымды жүйелерін құру;
      тамақ өнімдері және сусындар өндірісі;
      тоқыма және былғары-аяқ киім өнеркәсібі;
      электр және электрон жабдықтар өндірісі;
      орман шаруашылығы мен ағаш өндіру;
      кокс, мұнай ажырату өнімдері және ядролық отын өндірісі;
      мұнай-химия және химия өнеркәсібі;
      резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі;
      металлургия өнеркәсібі;
      машиналар мен жабдықтар өндірісі;
      жиһаз өндірісі;
      электр энергиясымен, газбен, бумен және ыстық сумен жабдықтау;
      құрылыс;
      көлік, қойма шаруашылығы және байланыс;
      дәрілік нысандар мен препараттар өндірісі;
      көлік инфрақұрылымына сәйкес жүзеге асырылады.
      Салалар бойынша несиелендіру лимиттері осы Меморандумның 3-4-тармағына сәйкес сараланады және белгіленеді.

       3.2. Жобаларды несиелендіру көздері
      Инвестициялық жобаларды несиелендіру үшін мынадай көздер пайдаланылуы мүмкін:
      Даму Банкі заемшы болып әрекет ететін республикалық және жергілікті бюджеттердің ақшасы;
      мемлекеттік кепілдікпен Даму Банкі тартқандарды қоса алғанда, заем қаражаты;
      банктік жарғылық капиталының мөлшерінен асатын Даму Банкінің меншікті қаражаты (банктің жарғылық капиталы экспорттық несиелерден басқа несиелендіру мақсатына жолдана алмайды және өтімділігі жоғары қаржы құралдары рыногында пайдаланылады).

      Экспорттық операцияларды несиелендіру үшін мынадай көздер:
      Даму Банкінің заем қаражаты;
      Даму Банкінің жарғылық капиталының 20%-ынан аспайтын көлемдегі Даму Банкінің меншікті қаражаты пайдаланылуы мүмкін.

       3.3. Несиелендіру түрлері мен мерзімдері.
      Даму Банкі өзінің несиелік қызметінде несиелендірудің мынадай түрлерін пайдаланады:
      экспорттық несиелендіру (қазақстандық тауарлардың сыртқы рыноктарға жылжуына ықпал ететін);
      инвестициялық орта мерзімді, ұзақ мерзімді несиелендіру.
      Экспорттық несиелендіру бойынша мерзімдер жобаның шарттарына қарай әр түрлі болуы мүмкін.

      Инвестициялық несиелендіру бойынша мынадай мерзімдер белгіленеді:
      орта мерзімді инвестициялық несиелер 5-10 жыл;
      ұзақ мерзімді инвестициялық несиелер 10-20 жыл.

       3.4. Несиелендіру лимиттері және шектеулер.
      Жобаларды қаржыландырудың ең аз сомасы бойынша мынадай шектеулер белгіленеді:
      5 млн. АҚШ доллары - инвестициялық несие үшін;
      1 млн АҚШ доллары - экспорттық несие үшін.

      Несие тәуекелін төмендету мақсатында Даму Банкінің меншікті капиталы сомасының 25%-ынан аспайтын мөлшерінде бір заем алушыға (қосылма заем алушылар тобына) тәуекел бойынша лимит белгіленеді. 
      Салалық және аймақтық белгісі бойынша несие портфелінің құрылымы бойынша лимит Даму Банкінің Директорлар кеңесі бекітетін несие саясатының басымдықтарына сәйкес белгіленеді.

       3.5. Несиелендіру валютасы. 
      Жобаға сәйкес теңге және еркін айырбасталатын валюта.

       3.6. Несиелерді қамтамасыз ету. 
      Несиелер несиелердің қайтарымдылығы қағидатын қамтамасыз ететін активтермен (бағалы қағаздар, банктердің кепілдіктері, инвестициялау объектісі, жылжымалы және жылжымайтын мүлік және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің басқа да нысандары) қамтамасыз етілуі тиіс.

       3.7. Жобаларды сараптау:
      Даму Банкінің жоба бойынша несиелік және өзге тәуекелдерді кешенді сараптаусыз несиелер беруге құқығы жоқ.
      Сараптама екі кезеңде жүргізіледі.
      1-кезең - банктің несие саясатына сәйкестігін негізге ала отырып, заемшы туралы және жоба туралы жалпы ақпараттың негізінде, бастапқы іріктеу.
      2-кезең - мыналарды:
      жобаны қаржылық сараптауды;
      жобаны техникалық-технологиялық сараптауды;
      заемшының қаржылық жағдайын сараптауды;
      жобаны экономикалық бағалауды;
      жобаны іске асыруды экологиялық және әлеуметтік бағалауды;
      жобаның ұйымдық дайындығын бағалауды;
      кепілді (кепілдікті) қамтамасыз етуді бағалауды қамтитын кешенді банктік сараптама.
      Жобаларға сараптама жүргізу үшін Даму Банкі сарапшылар мен консультанттарды тартуы мүмкін.
      Жобаларға сараптама жүргізу шарттық негізде жүзеге асырылады.

       3.8. Несие операциялары бойынша сыйақы ставкалары.
      Несие операциялары бойынша сыйақы ставкалары "Қазақстанның Даму Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Даму Банкінің активтері мен пассивтерін басқару жөніндегі комитеттің шешімдеріне сәйкес белгіленеді.

       3.9. Несиелендіру бойынша шешімдер қабылдау жөніндегі өкілеттіктер: 
      экспорттық несиелер бойынша 5 млн. АҚШ долларына дейін қоса алғанда (немесе кез келген баламада) - Даму Банкінің Несие комитеті; 
      5 млн. АҚШ долларынан асатын экспорттық несиелер бойынша және инвестициялық несиелер бойынша - Даму Банкінің Директорлар кеңесі.

       3.10. Даму Банкінің құжаттамалық операциялары. 
      "Қазақстанның Даму Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 1-тармағында айтылған жағдайларды қоспағанда, Даму Банкі кепілдіктер, кепілгерліктер беруге, өз тәуекелдері бойынша аккредитивтерді шығаруға және растауға құқылы. Аталған операцияларға осы Меморандум бойынша несиелерге қатысты барлық шарттар мен шектеулер қолданылады.

       3.11. Бірлесіп қаржыландыру. 
      Жобаларды несиелендіру басқа несие ұйымдарымен бірге бірлесіп қаржыландыру шарттарында жүзеге асырылуы мүмкін.

       3.12. Несиелерді және шартты міндеттемелерді басқару. 
      Несие портфелін бақылауды және оның мониторингін Даму Банкі несиелерді және несиелендірудің бүкіл кезеңінің барысында клиенттің несиені төлеу қабілеттігін және жобаның іске асырылуын бақылау процесін қамтитын шартты міндеттемелерді үздіксіз бақылау арқылы жүзеге асырады. Бақылау нәтижелерінің негізінде Даму Банкі ай сайын несие портфелін жіктеуді жүргізеді. 
      Провизияларды (резервтерді) қалыптастыру Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық кесімдерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Несиегерлік қызметтен шығындарды жабу үшін Даму Банкі жіктелген активтер мен шартты міндеттемелер бойынша провизияларды (резервтерді) қалыптастырады, осындай жіктемеге жіктелетін дебиторлық берешек жатады.

       3.13. Өз тәуекелімен заем қаражатын тарту жөніндегі лимит. 
      Шарттың міндеттемелерді қоса алғанда, Даму Банкінің меншікті капиталына қатысты заем қаражатын тарту 6:1 ара қатынасынан аспауы тиіс. Бұл ретте шарттық міндеттемелер бойынша лимит - 2:1, ал тікелей қарыз алу бойынша 4:1 ара қатынасымен белгіленеді.
      Шектеулер агенттік негізде қызмет көрсетілетін қаражатқа қолданылмайды.
      Акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен Даму Банкі өз кепілдігімен немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен Даму Банкінің борыштық бағалы қағаздар эмиссиясын жүзеге асыра алады.