"Ұлттық ақпараттық технологиялар" жабық акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2001 жылғы 26 сәуір N 563.
Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.02.27. N 212 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы" 2001 жылғы 16 наурыздағы N 573 Жарлығына  сәйкес және мемлекеттік органдардың ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерін бірыңғай ақпараттық инфрақұрылымға біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" жабық акционерлік қоғамы оған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің "Қаржы жүйелерін ақпараттандыру орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорын қосу арқылы қайта ұйымдастырылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1) "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесіндегі реттік нөмірі 25-2-жол алынып тасталсын;
      2) "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 6 наурыздағы N 207 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 8, 59-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қарауындағы ұйымдардың тізбесінде:

     "Республикалық                     Қаржы жүйелерін
     мемлекеттік                        ақпараттандыру орталығы
     кәсіпорын                          (ҚЖАО)"
деген жол алынып тасталсын.
     3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі осы қаулыдан туындайтын өзге де іс-шараларды жүзеге асырсын.
     4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жүктелсін.
     5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.    

    Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі