Астана қаласында түркi тiлдес мемлекеттердiң Басқосуын өткiзуге байланысты iс-шараларды ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Өкiмi 1998 жылғы 18 мамырдағы N 3953. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      1. 1998 жылғы 9-10 маусымда Астана қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретiндегi ресми тұсаукесерi өткiзiлсiн. 

      2. Қазақстан Республикасы астанасының тұсаукесерiне байланысты негiзгi iс-шаралар бағдарламасы бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр). 

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы, Астана қаласының әкiмi iс-шаралардың бекiтiлген бағдарламаға сәйкес толық көлемде өткiзiлуiн, ресми делегацияларды, сондай-ақ мәдени бағдарламаны қамтамасыз ететiн адамдарды орналастыру мен оларға қызмет көрсетудi ұйымдастыратын болсын. 

      4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi: 
      - Сыртқы iстер министрлiгiмен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп делегациялардың құрамын айқындасын және олардың бекiтiлген кестелерге сәйкес уақытылы келуi мен кетуiн қамтамасыз етсiн; 
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасымен, Астана қаласының әкiмiмен бiрлесiп астана тұсаукесерi шеңберiнде iс-шараларды техникалық және ақпараттық жағынан қамтамасыз ететiн болсын; 
      - Бiлiм, мәдениет және денсаулық сақтау министрлiгiмен, Астана қаласының әкiмiмен бiрлесiп бекiтiлген Астана тұсаукесерi бағдарламасына сәйкес мәдени iс-шаралардың өткiзiлуiн қамтамасыз ететiн болсын; 
      - Конгрестер орталығында астананың ресми тұсаукесер рәсiмiн өткiзудi қамтамасыз етсiн; 
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасымен бiрлесiп тұсаукесерге келген делегацияларға Қазақстан Республикасы Президентiнiң атынан ресми қабылдау ұйымдастырсын; 
      - Ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiмен бiрлесе отырып астананың ресми тұсаукесерi шеңберiндегi iс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен жария ету жөнiндегi қажеттi жұмысты ұйымдастыратын болсын; 
      - Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволарын келген делегацияларға бекiтiп беретiн болсын. 

      5. Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Көлiк және коммуникация министрлiктерi Мемлекет басшыларының арнаулы ұшақтарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы ұшып өтуiн қамтамасыз ететiн болсын. Көлiк және коммуникация министрлiгi арнаулы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетудi, олардың тұрағы мен жанар май құюды, сондай-ақ облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп делегациялардың темiр жол көлiгiмен келуiн ұйымдастырсын. 

      6. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi, ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Iшкi iстер министрлiгi Мемлекет басшыларының, олардың делегацияларының, сондай-ақ республика аймақтары өкiлдерiнiң қауiпсiздiгiн, әуежайда, темiр жол вокзалында, сол сияқты жүрiп өту маршруттарында және делегациялар болатын орындарда қоғамдық тәртiптiң сақталуын қамтамасыз ететiн болсын.

      7. Қазақстан Республикасының Үкiметi астананың тұсаукесерiне байланысты шығыстарды бекiтiлген сметаға сәйкес республикалық және жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен жүргiзсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң     
1998 жылғы 18 мамырдағы  
N 3954 өкiмiне   
қосымша        

  Астана қаласының Қазақстан Республикасының астанасы
ретiндегi ресми тұсаукесерiн өткiзу жөнiндегi iс-шаралар
БАҒДАРЛАМАСЫ

1998 жылғы 9-10 маусым

  9 маусым

      10.00         "Отан қорғаушыларға" ескерткiшiнiң iргетасын
                    қалау
      13.00-15.00   Мемлекет басшыларының, құрметтi қонақтар мен
                    бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң Астана
                    қаласына келуi (күтiп алу, орналастыру)
      16.00-17.30   түркi тiлдес Мемлекеттер басшыларының
                    Басқосуы
      17.40-18.10   баспасөз конференциясы
      19.30-21.00   Қазақстан Республикасы Президентiнiң атынан
                    шетел делегацияларының құрметiне арналған
                    қабылдау
      22.00-23.30   Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда
                    театрландырылған думан
      23.30         от-шашу

  10 маусым

      10.00         Мемлекет басшылары мен астананың құрметтi
                    қонақтары аллеясының iргесiн салу рәсiмi
      11.00         Қазақстан Республикасының жаңа астанасының
                    ресми тұсаукесерiне байланысты шетел
                    делегацияларының басшылары тарапынан
                    құттықтау рәсiмi
                    Соңынан Конгрестер орталығында қазақ музыка
                    өнерiнiң аса көрнектi шеберлерi мен ағылшын
                    камералық оркестрiнiң концертi

      15.00         "Астана-ЭКСПО" көрмесiнiң ашылуы
      18.00         Iскерлiк және мәдени ынтымақтастық
                    орталығында "Абылай хан" спектаклiн тамашалау
      19.30         астананың орталық көшелерi мен алаңдарында
                    мерекелiк шеру мен карнавал
      20.00         Қазақстан Республикасының Президентi
                    Н.Ә. Назарбаевтың атынан ресми қабылдау
                   ("Алатау интерконтиненталь" қонақүйi)
      22.00         гала-концерт
      23.30         от-шашу