Өзара қарыздарды есепке алу туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қаулысы 4 ақпан 1994 ж. N 1542. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Кәсiпорындар мен ұйымдардың шамадан тыс ұзаққа созылып кеткен өзара төлем жасаспауын жою, тауар-материалдық құндылықтар мен көрсетiлетiн қызметтiң кедергiсiз жылжуы үшiн жағдай жасау және өндiрiстiң құлдырауын тоқтату мақсатында қаулы етемiн: 
      1. Республиканың кәсiпорындары мен ұйымдарының өзара берешегiн республика iшiнде есепке алу 1994 ж. 17 ақпанынан бастап, түбегейлi жаңа тұрғыда жүргiзiлетiн болсын. 
      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Ұлттық банкпен бiрлесiп, он күн мерзiм iшiнде есепке алуды жүргiзу тетiктерiн әзiрлесiн, онда ұлттық валютаның инфляциясы мен құнсыздануын болдырмау ескерiлiп, нақтылы банкрот болғандар iс жүзiнде анықталсын және Қазақстан Республикасының "Банкроттық туралы" Заңының жүзеге асырылуы қамтамасыз етiлсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi осы аталған есепке алулардың нәтижесi бойынша кәсiпорындардың өтелмеген қарызын жабу үшiн қажет көлемде сыртқы займдарды тартсын, оларды өтеуге бiрiншi кезекте жекешелендiруден және таратылатын кәсiпорындардың мүлкiн сатудан түскен қаражат жұмсалатын болсын.

       Қазақстан Республикасының 
      Президентi