"Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 12 мамырдағы № 1274 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 18 тамыздағы № 733 қаулысымен бекітілген Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен ендіруге бағытталған шаралардың 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарының 4.1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде электрондық нысанда Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Министрдің міндетін атқарушы | Ж. Шарабасов |
| Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 28 қыркүйектегі № 283-НҚ бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 12 мамырдағы № 1274 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 18 тамыздағы № 733 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен ендіруге бағытталған шаралардың 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарының 4.1-тармағына сәйкес әзірленді, және орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні (бұдан әрі – ЖИ) қолдануға қойылатын талаптарды, оның ішінде ЖИ-ді пайдалана отырып білім беру контентін жасауға, оқыту нәтижелерін бағалауға қойылатын талаптарды және академиялық адалдық кепілдіктерін айқындайды.
2. Осы Стандарттың күші меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарына қолданылады.
3. Осы Стандартта мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ЖИ-детектор – материалда ЖИ-ді пайдалану белгілерінің болуына ықтималдық бағалауды қалыптастыратын құрал;
2) ЖИ-құрал – ЖИ технологияларын қолдана отырып жұмыс істейтін бағдарлама немесе сервис;
3) жасанды интеллект – адамның интеллектуалды қызметінің нәтижелерімен салыстырылатын немесе олардан асып түсетін нәтижелерді қамтамасыз ететін, адамға тән когнитивті функцияларды имитациалайтын функционалдық қабілеті;
4) ЖИ пайдаланушысы – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін жасанды интеллект жүйесін пайдаланатын тұлға;
5) жасанды интеллект жүйесі – жасанды интеллектінің бір немесе бірнеше моделінің негізінде жұмыс істейтін цифрлық объект.
2-тарау. Жасанды интеллектіні қолдануға қойылатын негізгі талаптар
4. ЖИ-ді қолдану мынадай талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады:
1) ЖИ көмекші құрал ретінде қолданылады және педагогтің кәсіби қызметі мен жауапкершілігін алмастырмайды;
2) ЖИ-ді қолдану оқыту мақсаттарына, білім алушының жасына, білім деңгейіне және білім беру қажеттіліктеріне сәйкес келеді;
3) ЖИ-ді қолдану білім алушының өз бетінше оқу және ойлау қызметін алмастырмайды;
4) ЖИ-дің көмегімен қалыптастырылған нәтижелерді ЖИ-ді қолданатын адам олардың дұрыстығына және қолдану мақсаттарына сәйкестігіне тексереді;
5) ЖИ-ді қолдану Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып жүзеге асырылады.
Оқыту нәтижелерін бағалау туралы және білім алушыға педагогикалық немесе тәртіптік ықпал ету шараларын қолдану бойынша шешімдерді, сондай-ақ білім алушының құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қозғайтын өзге де шешімдерді тиісті шешім қабылдау құзыреті бар білім беру ұйымы қызметкерінің қатысуынсыз автоматты түрде қабылдауға жол берілмейді.
5. ЖИ-ді қолдану кезінде дербес деректерді өңдеу Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Егер оқу материалдарында қамтылған дербес деректерді тиісті ЖИ-құралы арқылы өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмесе, сыртқы ЖИ-құралдарына берілетін оқу материалдары алдын ала иесіздендіріледі.
6. Білім алушылардың ЖИ-құралдардағы есеп жазбаларын құру тиісті ЖИ-құралдардың жас шектеулерін ескере отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда заңды өкілдің келісімі болған кезде жүзеге асырылады.
3-тарау. Оқу жұмыстарын орындау кезінде жасанды интеллектіні қолдану
7. Педагог оқыту мақсаттарына, оқу қызметінің сипатына және білім алушылардың жасына қарай жекелеген оқу тапсырмасы, оқу жұмыстарының түрі, оқу бағдарламасының тақырыбы немесе бөлімі үшін мынадай режимдердің бірін белгілейді:
1) өз бетінше орындау – оқу жұмысын жасау немесе мазмұндық тұрғыдан қайта өңдеу үшін ЖИ-ді пайдаланбай;
2) ЖИ-ді шектеулі түрде қолдану – педагог айқындаған шекте;
3) ЖИ-ді рұқсат етілген түрде қолдану – оқу тапсырмасының мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті көлемде, осы Стандарттың талаптарын сақтай отырып, оқу жұмысын орындау кезінде ЖИ-ді пайдалану мүмкіндігімен.
Режим тиісті оқу жұмысы басталғанға дейін білім алушылардың назарына жеткізіледі. Егер режим белгіленбесе, өз бетінше орындау режимі қолданылады.
8. Егер белгіленген режим оқу жұмысын жасау немесе мазмұндық тұрғыдан қайта өңдеу үшін ЖИ-ді пайдалануға жол берсе, білім алушы оны пайдалану фактісін ашады және пайдаланылған ЖИ-құралды көрсетеді.
Егер мұндай мәліметтер оқу тапсырмасының мақсатына тікелей қатысты болмаса, сұраулардың және ЖИ-құралмен өзара әрекеттесудің толық тарихын талап етуге не ЖИ-дің көмегімен жасалған мазмұнның үлесін анықтауға жол берілмейді.
9. Бастауыш білім беруде ЖИ-ді қолдану педагогтің басшылығымен жүзеге асырылады және оқу, жазу, есептеу, ауызша және жазбаша сөйлеу мен өз бетінше ойлау дағдыларын қалыптастыруды алмастырмайды.
Білім алушының ЖИ-құралға қолжетімділігінің болмауы бағалау нәтижелерін төмендетуге негіз болып табылмайды. Егер оқу тапсырмасының шарттары ЖИ-құралды пайдалануды көздесе, білім беру ұйымы оған қолжетімділікті не оны пайдаланбай баламалы тапсырманы орындау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Білім алушының ерекше білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ЖИ-ді қолдану, егер ол тексерілетін оқыту нәтижесін алмастырмаса, белгіленген режимді бұзу болып табылмайды.
4-тарау. Білім беру контенті және оқыту нәтижелерін бағалау
10. ЖИ-ді пайдалана отырып құрылған немесе мазмұндық тұрғыдан қайта өңделген білім беру контентін пайдалану алдында педагог оның оқыту мақсаттарына және білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігін, дұрыстығын, тілдік және терминологиялық дұрыстығын, Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен таратуға тыйым салынған ақпараттың жоқтығын тексереді.
Білім алушылар білім беру контентінің ЖИ-пайдалана отырып жасалғаны немесе мазмұндық тұрғыдан қайта өңделгені туралы хабардар етіледі.
11. Педагог оқыту нәтижелерін бағалау кезінде оқу жұмыстарын талдау, жиі кездесетін қателерді анықтау, кері байланыс пен ұсынымдарды дайындау үшін ЖИ-ді қолдануға құқылы. ЖИ қалыптастырған нәтижелер көмекші сипатқа ие. Бағалау бойынша түпкілікті шешімді педагог қабылдайды.
Оқу үлгерімін ағымдағы бақылауды, жиынтық бағалауды, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу кезінде ЖИ-ді қолдану Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына және тиісті бағалау түрін өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Нәтижесі бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің деңгейі айқындалатын жұмысты орындау кезінде, егер тиісті бағалау түрін өткізу шарттарында ЖИ-ді пайдалану мүмкіндігі көзделмесе, оқу жұмысын жасау немесе мазмұндық тұрғыдан қайта өңдеу үшін ЖИ-ді пайдалануға жол берілмейді.
5-тарау. Жасанды интеллектіні пайдалану кезіндегі академиялық адалдық
12. ЖИ-ді пайдалану кезінде оқу жұмысын өз бетінше орындау, оны пайдаланудың айқындығы және ұсынылатын нәтижелердің шынайылығы қамтамасыз етіледі.
ЖИ-ді белгіленген режим шеңберінде пайдалану өздігінен академиялық адалдықты бұзу болып табылмайды.
13. Егер ЖИ-ді пайдалану белгіленген режимге сәйкес келмесе немесе осы Стандартта көзделген жағдайларда ашып көрсетілмесе, білім алушының ЖИ-ді пайдалана отырып немесе мазмұндық тұрғыдан қайта өңделген оқу жұмысын өз бетінше орындаған жұмыс ретінде ұсынуына жол берілмейді.
14. ЖИ-детекторлар ЖИ-ді пайдалану белгілерін анықтау үшін көмекші құрал ретінде қолданылады. Олардың нәтижелері ықтималдық сипатқа ие және өздігінен академиялық адалдықтың бұзылғанының дәлелі немесе бағалау нәтижелерін төмендетуге, педагогикалық немесе тәртіптік ықпал ету шараларын қолдануға негіз бола алмайды.
15. Оқу жұмысының өз бетінше орындалғанына негізделген күмән туындаған жағдайда білім алушыға оны орындау барысын, пайдаланылған дереккөздерді және ЖИ-ді қолдану сипатын түсіндіру мүмкіндігі беріледі.
ЖИ-ді пайдалану режимінің сақталмағаны анықталған жағдайда педагог оқу жұмысын жасау немесе мазмұндық тұрғыдан қайта өңдеу үшін ЖИ-ді пайдалануды көздемейтін тәсілмен білім алушының оқу жетістіктерінің нақты деңгейін объективті түрде айқындауды қамтамасыз етеді.
6-тарау. Жасанды интеллектіні қолдануды ұйымдастыру
16. Білім беру ұйымының басшысы өз құзыреті шегінде осы Стандарт талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Білім беру ұйымы ЖИ-ді қауіпсіз қолдану жағдайларын, білім алушылар мен олардың заңды өкілдерін ақпараттандыруды, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуді және ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
17. Осы Стандартты қолдану тәжірибесін әдістемелік сүйемелдеуді және талдауды білім беру саласындағы уәкілетті орган мен оған ведомстволық бағынысты ұйымдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Әдістемелік ұсынымдар білім беру ұйымдары, педагогтер мен білім алушылар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Стандартта көзделмеген талаптарды, міндеттерді және қосымша есептілікті белгілемейді.