ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 169 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
Мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу қағидаларында:
4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12 және 13-қосымшаларға орыс тілінде өзгерістер енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
19 және 20-қосымшаларға орыс тілінде өзгерістер енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
23-қосымшаға орыс тілінде өзгерістер енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.
2. "Есепке алу саясатын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 сәуірдегі № 191 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Есепке алу саясында:
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"39. Ғимараттардың баланстық құны нөлге тең болған кезде тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың құнын өзгертуге, бірақ объект экономикалық пайда немесе қызмет көрсету әлеуетін жалғастыра берсе, келесі жолдармен рұқсат етіледі:
1) Қазақстан Республикасының Салық кодексінде (бұдан әрі – Салық кодексі) көзделген әдістер мен есептерге сәйкес; не
2) "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушыны тарта отырып бағалау жолымен жүзеге асырылады.
Осы тармақтың нормалары есепке алу моделін таңдауға қарамастан қолданылады.";
92-тармақ алынып тасталсын;
94-тармақтың сегізінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Астана, облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала бюджеті деңгейінде салық түсімдері бойынша дербес шоттарды қалыптастыру болмаған жағдайда, салық түсімдері бойынша кірістерді көрсету үшін бюджетке ақша қаражаты түсімдерінің деректері пайдаланылады.".
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың көшірмелерін қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін өткен соң орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін осы Бұйрықтың 2-тармағының тоғызыншы және оныншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |