"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 15 маусымдағы № 351 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 7 ақпандағы № 67 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.02.2019 № 67 бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 995 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 23 қазандағы № 97 бұйрығының (2016 жылғы 4 қарашада "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті:

      1) осы бұйрықтың көшірмелерін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жіберуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық бекітілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
Министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2017 жылғы 15 маусымдағы
№ 351 бұйрығына қосымша

"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық
даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) индустриялық саясат: тау-кен металлургиялық кешен, машина жасау, химия, фармацевтика, жеңіл, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, экспорттық бақылау және жекелеген қызмет түрлерін лицензиялау салаларындағы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жергілікті қамтуды дамыту (бұдан әрі – реттелетін салалар) саласындағы іске асыру, реттеу, бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер Комитетке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, оның мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Комитет төрағасының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Комитеттің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, "Транспорт Тауэр" ғимараты.

      9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттiк мекемесi.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілермен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.

      Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен Комитетке кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру бойынша құқық берілген жағдайда, онда осындай қызметтен түскен кіріс республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Комитеттің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Комитеттің миссиясы:

      елдің индустриялық даму салаларында: тау-кен металлургия кешені, машина жасау, химия, фармацевтика, жеңіл, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, жергілікті қамтуды дамыту, экспорттық бақылау және жекелеген қызмет түрлерін лицензиялау салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету.

      14. Комитеттің міндеттері:

      1) елдің индустриялық даму салаларында:

      тау-кен металлургия кешені, машина жасау, химия, фармацевтика, жеңіл, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі;

      жергілікті қамту саласындағы даму;

      экспорттық бақылау және жекелеген қызмет түрлерін лицензиялау салаларындағы;

      энергия үнемдеу және энергия тиімділікті арттыру саласында;

      өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында (бұдан әрі – реттелетін салалар) мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;

      2) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар, инциденттер кезінде туындайтын қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алу;

      3) реттелетін салаларда мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету.

      15. Комитеттің функциялары:

      1) комитеттің құзыреті шегінде реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысады;

      2) реттелетін салаларда өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      3) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, келіседі және бекітеді;

      4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетеді;

      5) реттелетін салалардағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді жүргізуді жүзеге асырады;

      6) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес реттелетін салалардағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары, тексеру парақтарының нысандарын әзірлейді;

      7) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес реттелетін салалардағы тоқсандық, жартыжылдық тексеру жүргізу кестелерін әзірлейді;

      8) бағалы металдар өндірісі, бағалы металдар және құрамында бағалы металдары бар шикізат тауарлары айналымын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      9) қайта өңдеу үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде ұсынылған құжаттарда көрсетілген бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларынан қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормаларын растауды жүзеге асырады;

      10) бағалы металдардан жасалған бұйымдарды қоспағанда, бағалы металдармен және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларымен операцияларды жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің арнайы есебін жүргізеді.

      11) Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды береді;

      12) Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына кірмейтін елдерден, экспорты лицензия негізінде (лицензиясыз) жүзеге асырылатын бағалы металдарды (олардан жасалған бұйымдарды қоспағанда), бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарын әкелу кезінде мемлекеттік бақылау актісін береді;

      13) Қазақстан Республикасының аумағынан Кеден одағына кірмейтін елдерге экспорты лицензия негізінде (лицензиясыз) жүзеге асырылатын бағалы металдарды (олардан жасалған бұйымдарды қоспағанда), бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарын әкету кезінде мемлекеттік бақылау және құнын бағалау актісін береді;

      14) Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігі (мүмкін еместігі) және экономикалық тұрғыдан орындылығы (орынсыздығы) туралы қорытынды береді;

      15) бағалы металдар өндірісі субъектілерінің тізбесін бекітеді;

      16) Қазақстан Республикасының резиденті-заңды тұлғалармен Моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасудың тәртібін, шарттарын және үлгілік нысанын әзірлейді;

      17) Қазақстан Республикасының резиденті-заңды тұлғалармен, бекітілген нысан бойынша Моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді жасасуға дайындықты жүзеге асырады;

      18) импорты қосылған құн салығынан босатылған моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасаған салық төлеуші пайдаланатын автокомпоненттер тізбесін әзірлейді;

      19) моторлы көлік құралдары үлгілерінің өндірісі кезінде заңды тұлғаның "Кеден одағына мүше мемлекеттердiң және Бірыңғай экономикалық кеңістік аумақтарында "моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру" ұғымын қолдану шарттары туралы" Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 29 мамырдағы № 72 шешімінің 1-тармағы 4) тармақшасының бірінші абзацына сәйкес белгіленген талаптарды сақтау фактісін белгілейді және талаптармен белгіленген, осындай заңды тұлғаның моторлы көлік құралдары үлгілеріне сәйкестігі туралы шешімдер жобаларын әзірлейді;

      20) көлік құралдарының (көлік құралдарының шанағы), өзі жүретін машиналар мен техникалардың басқа түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдарының шанағы), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдар және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының (ұйымдардың) бірыңғай тізіліміне енгізілген уәкілетті ұйымдардың, дайындаушы ұйымдардың қызметіне мониторингті жүзеге асырады;

      21) көлік құралдарының (көлік құралдарының шанағы), өзі жүретін машиналар мен техникалардың басқа түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдарының шанағы), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдар және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының (ұйымдардың) бірыңғай тізілімінің ұлттық бөліктерінде қамтылған мәліметтерді мүдделі адамдардың сұрау салулары бойынша ұсыну үшін қалыптастырады;

      22) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобиль көлік құралдарының (4 және одан да жоғары экологиялық сыныпқа сәйкес келетін; электр қозғалтқыштары бар) және олардың компоненттерінің өндірісін ынталандыру қағидаларын әзірлейді;

      23) Қазақстан Республикасының аумағында химиялық өнімді тіркейді және оның есебін жүргізеді;

      24) химиялық өнімнің жекелеген түрлерін есепке алу тәртібін бекітеді;

      25) жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуындағы жергілікті қамту бойынша жалпы ақпаратты жинақтауды және талдауды қамтамасыз етеді;

      26) жергілікті қамту мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді және әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      27) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша ұйымдардың тауарларын, жұмыстарын және көрсетілетін қызметтерін сатып алуда қазақстандық қамту мониторингіне, сондай-ақ тиісті ұйымдар ұсынатын өткізілген, өткізіліп жатқан және келесі жылы өткізу жоспарланып отырған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты талдауды өткізуге қатысады;

      28) ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, олардың еншілес және аффилирленген компанияларының, мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың сатып алуында қазақстандық қамту мониторингін жүзеге асырады;

      29) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және олардың өндірушілерінің тізілімін қалыптастыруға және оны жүргізуге, сондай-ақ аталған тізілімге енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын әзірлеуге қатысады;

      30) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы кезінде жергілікті қамту үлесін арттыру жөніндегі мемлекеттік саясат шараларын жасауға және оны іске асыруға қатысады;

      31) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және олардың өнім берушілерінің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу тәртібін әзірлейді;

      32) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамту ұйымдарымен есептесудің бірыңғай әдістемесін әзірлейді;

      33) жергілікті қамту бойынша сараптама жүргізу қағидаларын әзірлейді;

      34) электрондық сатып алу жүйелері жұмыстарының жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі жұмысымен үйлестіру тәртібін әзірлейді;

      35) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс шартына енгiзiлетiн жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетiлетiн қызметтердегi ең аз жергілікті қамтуды есептеу тәртібін әзірлейді;

      36) мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық, орта мерзімді, ұзақ мерзімді бағдарламаларын, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер туралы және кадрлардағы жергілікті қамту жөніндегі міндеттемелердің орындалуы туралы есептерін жасаудың және ұсынудың нысандары мен тәртібін әзірлейді;

      37) мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, келісімшартты орындау кезінде тартылған қызметкерлерді оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға немесе құзыретті органмен келісілген мамандықтар тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға бағытталған шығыстар мөлшері жөніндегі міндеттемелерді орындау бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың есептерін жасаудың және ұсынудың нысандары мен тәртібін әзірлейді;

      38) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың тәртібін әзірлейді;

      39) "Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі" мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын әзірлейді;

      40) тауар шығарылған елді айқындау және тауардың шығу тегі туралы сертификат беру жөніндегі қағидаларды әзірлеуге қатысады;

      41) еңбек өнімділігін арттыруға және аумақтық кластерлерді дамытуға бағытталған индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну қағидаларын бекіту;

      42) индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға қатысады;

      43) ішкі нарықта отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ілгерілету жөніндегі индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарын өтеуге қаражат бөлу туралы ұсыныстар енгізеді;

      44) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) аумағында өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізбесін қалыптастыру жөніндегі қызметіне әдістемелік басшылықты қамтамасыз етуге қатысады;

      45) отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта ілгерілету жөніндегі индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлейді;

      46) кепілдік міндеттемелер (түпкілікті тұтынушының сертификаттарын) береді;

      47) реттелетін салалардағы қызмет түрлерін, жекелеген тауар түрлерінің, сондай-ақ экспорттық бақылауға жататын өнімдердің экспорты мен импортын лицензиялауды жүзеге асырады;

      48) экспорттық бақылауға жататын өнімнің транзитіне, кері экспортына рұқсат береді;

      49) өтінім берушіге және мүдделі мемлекеттік органдарға тауарларды, технологияларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, ақпаратты экспорттық бақылауға жататын өнімге жатқызу туралы қорытындылар береді;

      50) өнімді Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өңдеуге рұқсат береді;

      51) сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына (өтінім берушілерге) "Экспорттық бақылау туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының қолданыс аясына кірмейтін өнімдермен, зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелерімен сыртқы экономикалық мәмілелерді жүзеге асыруға белгіленген тәртіппен лицензия береді;

      52) біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;

      53) қажет болған жағдайда, өнімдерді тиеп жіберу алдындағы кезеңде және (немесе) түпкілікті пайдалануда Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің мемлекеттік органдарымен бірлесіп, бақылау және (немесе) тексерулерді жүзеге асырады;

      54) белгіленген құзыреті шегінде өнімнің экспортын, кері экспортын, импортын, кері импортын, транзитін және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өңделуін бақылауды жүзеге асырады;

      55) жарылғыш және пиротехникалық (азаматтықтарды қоспағанда) заттар мен оларды қолдана отырып жасалған бұйымдарды әзірлеу, өндіру, сатып алу, өткізу, сақтау бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензия береді;

      56) жарылғыш және пиротехникалық (азаматтықтарды қоспағанда) заттар мен оларды қолданып жасалған бұйымдарды әзірлеу, өндіру, сатып алу, өткізу, сақтау бойынша қызметті жүзеге асыру үшін біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      57) экспорттық бақылау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады және сараптамалық бақылау жүйесінің Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіреді;

      58) улар, қару-жарақ, әскери техника мен жекелеген қару түрлері, жарылғыш және пиротехникалық заттар және оларды қолдана отырып жасалған бұйымдар айналымы саласындағы, өнеркәсіп саласында рұқсат бақылауды жүзеге асырады;

      59) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізілімін жүргізеді және оқу орталықтарының тізілімін қалыптастырады;

      60) энергия тиімділігі картасын қалыптастыру, жүргізу және іске асыруды, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды жүргізуді үйлестіруді жүзеге асырады;

      61) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы хабарлама қабылдауды жүзеге асырады;

      62) энергия аудиторларына кандидаттарды аттестаттауды жүргізеді және энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы энергия аудиторы аттестатының нысанын бекітеді;

      63) білім беру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша оқу бағдарламалары мен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жоспарларын әзірлейді;

      64) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үлгілік келісімді әзірлейді;

      65) энергосервистік шарттың үлгілік нысандарын әзірлейді;

      66) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік органдардың қызметіне салааралық үйлестіруді жүзеге асыруға қатысады;

      67) Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің өнім бірлігіне, ғимараттар мен құрылыстар алаңына шаққанда, энергетикалық ресурстарды, суды тұтыну көлемін энергия аудиті қорытындылары бойынша анықталған шамаларға дейін жыл сайынғы төмендетуді жүзеге асырмаған субъектілерінің, сондай-ақ энергия тұтыну нормативтерін сақтамаған мемлекеттік мекемелер кіретін тізбесін қалыптастырады және оны Комитеттің интернет-ресурсында орналастырады;

      68) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына, Министрдің бұйрығымен белгіленген нысан және мерзімдер бойынша орталық уәкілетті органдардың ұсынылған есептеріне талдау жүргізілуіне мониторингті жүзеге асырады;

      69) Министрліктің басшылығына энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институтын айқындау бойынша ұсынысты бекітуге енгізеді;

      70) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институтынан ақпаратты ұсынудан жалтарған немесе жалған ақпарат ұсынған, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері туралы ақпаратты алады;

      71) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институтының Мемлекеттік энергетикалық тізілімді және энергия тиімділігінің картасын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұсыныстарын қарастырады;

      72) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институтынан олар өткізген энергия аудиторлары қорытындыларын талдау туралы ақпаратты алады;

      73) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институтынан энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы сараптамалық қорытындыларды және (немесе) ұсынымдарды алады;

      74) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін қажетті ақпараттық - өлшеу кешендері мен техникалық құралдар тізбесін әзірлейді;

      75) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      76) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және азаматтарға өнеркәсіптік қауіпсіздік, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында айқындалған бұзушылықтар бойынша ұйғарымдар береді;

      77) Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің және мемлекеттік органдардың деректері негізінде Қазақстан Республикасындағы жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын және энергетикалық ресурстарды пайдалану тиімділігінің талдауын және болжамын қамтамасыз етеді;

      78) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қызметті ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      79) өтініш берушінің өнеркәсіптік қауіпсіздік және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттырудың біліктілік және/немесе рұқсат талаптарының сәйкестігіне рұқсаттамалық бақылауды жүзеге асырады;

      80) адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін ерекше жағдайларда соттың шешімінсіз дербес кәсіпкерлердің, ұйымдардың қауіпті өндірістік объектілерді, техникалық құрылғыларды пайдаланумен байланысты қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін, міндетті түрде көрсетілген мерзімде сотқа талап арыз тастай отырып, үш күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұрады немесе тыйым салады;

      81) өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекторының қызмет куәлігінің, төсбелгісінің, нөмірлік мөртабаны мен пломбирінің үлгілерін әзірлейді;

      82) өнеркәсіптік қауіпсіздік және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы актілері нысандарын әзірлейді;

      83) өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын заңды тұлғалар басшыларының, сондай-ақ аталған заңды тұлғалардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиялары мүшелерінің емтихан тапсыру және білімдерін тексеру тәртібін әзірлейді;

      84) қауіпті өндірістік объектілердің лаңкестікке қарсы қорғалуының жай-күйіне мониторинг ұйымдастыруға қатысады;

      85) ведомстволық бағынысты әскерилендірілген, тау-кен құтқару, газдан құтқару және бұрқаққа қарсы қызметтер мен құрылымдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      86) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізу құқығына заңды тұлғаларға аттестаттау жүргізеді;

      87) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларды, техникалық құрылғылар мен материалдарды, қауіпті техникалық құрылғыларды қолдануға рұқсат береді;

      88) жарылғыш заттарды және олардан жасалатын бұйымдарды тұрақты қолдануға рұқсат береді;

      89) жару жұмыстарын жүргізуге рұқсат береді;

      90) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалық құжаттаманы келіседі;

      91) қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларацияларын тіркеуді жүргізеді;

      92) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өз құзыреті шегінде қауіпті өндірістік объектілердегі аварияларды тергеп-тексеруді ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;

      93) қауіпті өндірістік объектіде оқу дабылын және аварияға қарсы жаттығу жүргізуге қатысады;

      94) қауіпті өндірістік объектіні пайдалануға енгізу кезінде оны қабылдау сынақтарына, техникалық куәландыруға қатысады;

      95) өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын қауіпті өндірістік объектілердің заңды тұлғалары басшыларының, сондай-ақ көрсетілген заңды тұлғалардың тұрақты қолданыстағы емтихан комиссиялары мүшелерінің білімдеріне тексеру (емтихан) жүргізеді;

      96) өндірістік жағдайларда жарылғыш заттар мен олардың негізіндегі бұйымдардың тәжірибелік партиясын бақылау және қабылдау сынақтарын жүргізу жөніндегі комиссияға қатысады;

      97) қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қоюды және есептен шығаруды жүзеге асырады;

      98) қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланушы заңды және жеке тұлғалардың, ұйымдардың "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігіндегі талаптарын сақтауына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады;

      99) қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын қауіпті өндірістік объектілер мен ұйымдардың авариялар мен олардың зардаптарын жою және оқшаулау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге дайындығына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады;

      100) қауіпті өндірістік объектілердің өндірістік ғимараттарын, технологиялық құрылыстары мен техникалық құрылғыларын, қауіпті техникалық құрылғыларды техникалық куәландырудың уақтылы жүргізілуіне мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады;

      101) қызметі үшінші бір тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндеттерді орындауын және олардың "Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      102) магистральдық құбыр жолдарын пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады;

      103) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      16. Комитеттің құқықтары:

      1) өз құзыреті шегінде құқықтық актілер шығару;

      2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпарат пен материалдар сұрату және алу;

      3) Комитет жанынан жетекшілік ететін қызмет бағыттары бойынша консультациялық-кеңестік органдар (жұмыс топтары, комиссиялар, кеңестер) құру;

      4) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және мемлекеттік органдар ресми түрде қажетті материалдар мен анықтамалар сұратқан жағдайда, өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде оларды ұсыну;

      5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, оның ішінде халықаралық конференциялар ұйымдастыру және өткізу.

      17. Комитеттің міндеттері:

      1) басқа да мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      2) құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер, ұсынымдар, нұсқамалар ұсыну және шешімдер қабылдау;

      3) Мемлекет Басшысының, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті жылға арналған заң жобасы жұмыстары жоспарын уақтылы және сапалы орындауын қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасын, заңды және жеке тұлғалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;

      5) Комитеттің аумақтық органдарына, ведомстволық бағынысты мекемелері мен ұйымдарына қатысты әкімшілік-өкімдік және бақылау функцияларын атқару;

      6) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдау;

      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      18. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президенттің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерге ие болады.

      19. Комитетті Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын төраға – Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау бойынша бас мемлекеттік инспекторы (бұдан әрі – Төраға) басқарады.

      20. Төрағаның Министрліктің Жауапты хатшысының бұйрығымен лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын орынбасарлары болады.

      21. Комитет Төрағасы Комитет қызметіне басшылықты ұйымдастырады және жүзеге асырады, Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

      22. Осы мақсатта Комитет Төрағасы:

      1) өз орынбасарларының, Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларының және жұмыскерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды және бекітеді;

      2) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды;

      3) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, Комитет жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, Комитет жұмыскерлерін іссапарға жіберу, оларға демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктіліктерін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйақы беру, сондай-ақ олардың тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      5) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитетті өкілдік етеді;

      6) Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің ережелерін бекітеді;

      7) заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар белгілейді;

      8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары не сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына себеп болатын іс-қимылдар анықталған жағдайда, бұл туралы Министрлік басшылығын хабардар етеді;

      9) Комитет қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы нормаларын сақтауын қамтамасыз етеді;

      10) Комитеттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады;

      11) республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына және мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметтің жүзеге асырылуына дербес жауапты болады;

      12) өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      13) Министрлік басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді;

      14) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады;

      15) Комитеттің тәртіптік, аттестациялық және конкурстық комиссиясының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, персоналды басқару және құжат айналымын ұйымдастыру қызметінің жұмысын бақылайды;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін атқаруды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      23. Комитет төрағасының орынбасарлары:

      1) өз өкілеттіктері шегінде Комитет қызметін үйлестіреді;

      2) Комитет төрағасы болмаған кезеңде Комитет қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады;

      3) Комитет төрағасы жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      24. Комитет құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комитет атынан Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелеріне жолданатын құжаттарға Комитет Төрағасы және/немесе оның орынбасарлары, міндеттеріне сәйкес қол қояды.

4. Комитеттің мүлкі

      25. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болады.

      Комитет мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.

      26. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      27. Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша оған бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті, егер заңнамада басқалай белгіленбесе, өздігінен иеліктен шығаруға немесе өзге де тәсілдермен оған билік етуге құқығы жоқ.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Комитеттiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi

      1. "Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы" акционерлік қоғамы;

      2. "NADLoC" жергiлiктi қамтуды дамыту жөнiндегi ұлттық агенттiк" акционерлік қоғамы;

      3. "Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)" акционерлік қоғамы;

      4. "Өнеркәсіп қауіпсіздігінің ұлттық ғылыми-техникалық орталығы" акционерлік қоғамы;

      5. "Жезқазғансирекмет" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорны;

      6. "Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өндеу жөніндегі ұлттық орталығы" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      7. "Ұлттық технологиялық болжау орталығы" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорны;

      8. "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.