Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2016 жылғы 16 қарашадағы № 2/HҚ бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 26 маусымдағы № 130 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрінің 26.06.2020 № 130 бұйрығымен.

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 қарашадағы № 704 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті (Б.З. Иманәлиев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;

      2) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығының" шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Атамқұлов


  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2016 жылғы 16 қарашадағы
№ 2/НҚ бұйрығымен
бекiтілген

Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігінiң Мемлекеттiк материалдық резервтер комитеті
туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгінiң Мемлекеттiк материалдық резервтер комитетi (бұдан әрi – Комитет) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң (бұдан әрі – Министрлік) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы функцияларын жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Президентi мен Yкiметінiң актілерiн, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің (бұдан әрі – Министр) бұйрықтары мен нұсқауларын, өзге де нормативтiк құқықтық актілерді және осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлерi, мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегі бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет өз өкілеттіктері шегінде азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

      5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берiлген болса, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапы болады.

      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында міндетті күші бар бұйрықтар шығарады.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысы бекiтедi.

      8. Комитеттiң орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, "Алматы" ауданы, Янушкевич көшесi, № 2 үй.

      9. Комитеттiң толық атауы – "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Мемлекеттік материалдық резервтер комитетi" республикалық мемлекеттік мекемесi.

      10. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсіпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге болмайды.

      Егер Комитетке заңнамалық актілермен табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген болса, онда осындай қызметтен түскен кіріс республикалық бюджет кірісіне жіберіледі.

2. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары,
құқықтары мен міндеттері

      13. Міндеті: мемлекеттік материалдық резерв саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      Функциялары:

      1) Комитет құзыреті шегінде мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;

      2) мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен сақтау көлемі бойынша ұсыныстар әзірлеу және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну;

      3) қорғаныс саласындағы уәкілетті органның келісуі бойынша мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттерінің тізбесін әзірлеу;

      4) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операция жүргізудің тиісті қағидаларын әзірлеу және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну;

      5) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын қалыптастыру және сақтау кезінде шығыстардың көлемі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізу;

      6) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды және жаңартуды ұйымдастыру;

      7) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізу;

      8) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының орнын ауыстыруды қамтамасыз ету;

      9) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын орналастыруды, сапа және сан жағынан сақталуын есепке алуды қамтамасыз ету;

      10) мемлекеттік материалдық резервтің номеклатурасын толықтыру мақсатында жұмылдыру резервінің броньнан шығарылған материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру туралы шешім қабылдау;

      11)жаңарту тәртібімен мемлекеттік материалдық резервің материалдық құндылықтарын шығару туралы шешімдер қабылдау;

      12) сауда қызметінің субъектілерімен шарттар жасасу жолымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару;

      13) қарызға беру тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарды шығару туралы алушылармен шарт (келісімшарт) жасасу;

      14) мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мұнай өнімдерін беру жөніндегі бірыңғай оператордан сатып алу;

      15) Комитет құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

      14. Міндеті: мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының саны мен сапасы жағынан сақталуын бақылау.

      Функциялар:

      1) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының сапасы мен саны жағынан сақталуына бақылауды қамтамасыз ету;

      2) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының есебін жүргізу;

      3) сақтау пункттерінде сақтауда тұрған мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарыныңсақталуына түгендеу жүргізу;

      4) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы түгендеу жүргізуге тиісті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары мен мамандарын тарту;

      5) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау және пайдалану тәртібінің бұзылуына кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешу үшін тексеріс материалдарын құқық қорғау органдарына жіберу.

      15. Міндеті: өз құзыреті шегінде мемлекеттік материалдық резерв туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылауды қамтамасыз ету.

      Функциялар:

      1) мемлекеттік материалдық резерв жүйесін басқаруды жүзеге асыру;

      2) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын орналастыру, сақтау, толықтыру, орнын ауыстыру, жаңарту және нысаналы пайдалану кезінде нормативтік құқықтық актілер талаптарын сақтауды қамтамасыз ету;

      3) мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарымен жүргізілетін операцияларға қатысушылармен жасасылған шарттардан туындайтын талаптар бойынша борыш пен тұрақсыздық айыбын өндiріп алуды жүзеге асыру;

      4) ведомствоға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де функциялар мен бағыттарды жүзеге асыру.

      16. Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру мен өз функцияларын жүзеге асыру үшін:

      1) Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымдық тұлғаларынан құзыретіне жататын мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратады және алады;

      2) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпейді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдайды және қарайды;

      5) коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардың лауазымды тұлғаларынан және жеке тұлғалардан Министрлікке жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты сұратады және алады;

      6) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.

3. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру

      17. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

      18. Комитетті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын төраға басқарады.

      19. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын орынбасарлары болады.

      20. Төраға Комитеттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

      21. Төраға Министрліктің басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

      22. Осы мақсатта Комитет төрағасы:

      1) өз орынбасарларының және Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді бекітеді;

      3) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша бұйрықтар шығарады;

      4) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Комитеттің өкілі болады;

      5) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      6) Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, еңбек демалыстарын беру, материалдық көмек көрсету, көтермелеу, үстемақы төлеу және сыйақы беру мәселелерін шешеді;

      7) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды қабылдайды;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      23. Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комитеттің атынан Министрліктің өзге құрылымдық бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға төраға және (немесе) төрағаның орынбасарлары міндеттерінің бөлінуіне сәйкес қол қояды.

4. Комитеттің мүлкі

      24. Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі бар.

      Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен, сондай-ақ құны Комитеттің балансында көрініс табатын өзге де мүліктерден қалыптасады.

      25. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      26. Комитет өзіне бекітілген мүлікті, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, өз бетінше иеліктен шығармайды немесе өзге де тәсілмен оған билік жүргізбейді.

5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату

      27. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Комитеттің қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi

      "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Резерв" республикалық мемлекеттік кәсіпорны.