Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2016 жылғы 16 қарашадағы № 1/HҚ бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2019 жылғы 9 сәуірдегі № 30/НҚ бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 09.04.2019 № 30/НҚ бұйрығымен.

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 қарашадағы № 704 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;

      2) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Республикалық құқықтық ақпараттандыру орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Атамқұлов


  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2016 жылғы 16 қарашадағы
№ 1/нқ бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігінің Аэроғарыш комитеті туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) реттеушілік, іске асырушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ Министрліктің ғарыш қызметі саласындағы стратегиялық функцияларын орындауға қатысушы ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында ашылатын шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер Комитетке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарабы болуына құқығы бар.

      6. Комитет өз құзыреті шегіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен төрағаның бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің келісімі бойынша Министрліктің Жауапты хатшысы бекітеді.

      8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есiл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, № 8, "Министрліктер үйі" ғимараты, 12-кіреберіс.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.05.2017 № 92/нқ бұйрығымен.

      9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі. Комитеттің қысқартылған атауы – "Қазғарыш".

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттемелерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен түскен кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Негізгі міндеттер, функциялар, құқықтар мен
міндеттемелер

      13. Міндеттері:

      1) ғарыш қызметі саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу және іске асыру;

      2) Қазақстан Республикасының ғарыш саласын қалыптастыру және дамыту;

      3) ғарыш технологиялары мен қызметтерінің нарығын қалыптастыру үшін жағдайлар жасау;

      4) Қазақстан Республикасы ғарыш қызметінің заңнамалық және шарттық-құқықтық базасын жасау;

      5) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік басқару және мемлекеттік бақылау;

      6) Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалға алуы бойынша жұмыстарды өз құзыреті шегінде үйлестіру.

      14. Функциялары:

      1) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың өз құзыреті шегінде іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      2) ғарыш қызметі саласында халықаралық ынтымақтастықты өз құзыреті шегінде ұйымдастырады;

      3) ғарыш қызметi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға және халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiруге қатысады;

      4) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді қоса алғанда, ғарыш қызметі саласындағы жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      5) ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асырады;

      6) Қазақстан Республикасы үшін жасалатын, ғарыш техникасын өндіруге арналған мемлекеттік тапсырмалардың тізбесі бойынша Министрлікке ұсыныстар енгізеді;

      7) ғарыш қызметi саласындағы аяқталған жобалар бойынша нәтижелердi қабылдауды ұйымдастырады;

      8) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі;

      9) ғарыш инфрақұрылым объектілерін құруға, пайдалануға және дамытуға шығындар нормативтерін әзірлейді;

      10) ғарыш қызметi саласындағы техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзiрлеуге қатысады;

      11) Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді қабылдайды және келісу тәртібін әзірлейді;

      12) ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді;

      13) ғарыш объектiлерiн және оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу тәртiбiн әзiрлейдi;

      14) ғарышкерлiкке кандидаттарды iрiктеу және ғарышкерлiкке кандидат, ғарышкер мәртебесiн беру тәртiбiн әзiрлейдi;

      15) Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы туралы ереженi әзiрлейді;

      16) ғарышкерлiкке кандидатқа, ғарышкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақатының, мертiгуiнiң, ауруының салдарынан мүгедектiк белгiленген кезде, сондай-ақ ол қызметтiк мiндеттерiн атқаруға байланысты қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда бiржолғы өтемақы төлеу тәртiбiн әзiрлейдi;

      17) Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңiстiгiнде ғарыш жүйелерiн құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын әзiрлейдi;

      18) Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш зымыран кешендерiн құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын әзiрлейдi;

      19) ғарыш қызметi саласындағы аяқталған жобалар бойынша нәтижелердi қабылдау тәртiбiн әзірлейді;

      20) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ғарыш аппараттары транспондерлерiн ұсыну тәртiбiн әзiрлейдi;

      21) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі ұлттық операторының ғарыш түсірілімдерін жоспарлау, Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін алу, өңдеу және тарату тәртібін әзірлейді;

      22) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну тәртібін әзірлейді;

      23) пайдаланудан шығарылған ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жаратудың тәртiбiн әзiрлейдi;

      24) өнімнің экспортын, реэкспортын, импортын, транзитін және қайта өңделуін келісу бойынша экспорттық бақылау жүйесінің мемлекеттік органдары жұмысына өз құзыреті шегінде қатысады;

      25) ғарыш кеңiстiгiн пайдалану саласында лицензиялауды жүзеге асырады;

      26) ғарыш объектiлерiн және оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеуді жүзеге асырады;

      27) лицензиаттың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған рұқсаттық бақылауды жүзеге асырады;

      28) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      29) ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде іздестіру, авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға, сондай-ақ аварияларды тексеруге өз құзыреті шегінде қатысады;

      30) ғарыш объектiлерiнiң тiркелiмiн жүргiзедi;

      31) ғарыш кеңiстiгiне ұшырылатын Қазақстан Республикасының ғарыш объектiлерiнiң таңбалануы бойынша ұсыныстарды әзірлейді;

      32) Ресей Федерациясының "Байқоңыр" ғарыш айлағынан жүзеге асыратын ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша жыл сайынғы қорытынды дайындықты ұйымдастырады және оның iске асырылуына мониторинг жүргізеді;

      33) Ресей Федерациясы жалға алған "Байқоңыр" кешенiнiң объектiлерi мен мүлкiнiң сақталу және пайдалану жағдайларын бақылауды жүзеге асыруға қатысады;

      34) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының қарамағындағы "Байқоңыр" кешенiнiң объектiлерiне ғарыш айлағы персоналының, Байқоңыр қаласы тұрғындарының, лауазымды тұлғалардың, делегациялардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, туристердің, қалаға жеке істері бойынша келетін азаматтардың – Қазақстан Республикасы азаматтарының және Ресей Федерациясы азаматтарының кiруiне рұқсат беру туралы шешiм қабылдайды;

      35) мемлекеттік қызметтердің стандарттары мен регламенттерін әзірлейді;

      36) Қазақстан Республикасы үшiн жасалатын ғарыш техникасы өндiрiсiне арналған мемлекеттiк тапсырмалардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      37) ғарышта орналасқан және қашықтықтан зондтаудың (ғарыш мониторингінің) бақылау құралдарын пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйiне бақылау жүйесiнің жұмыс істеуін ұйымдастыру;

      38) су объектiлерiнiң мемлекеттік мониторингiн су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен бiрлесiп жүзеге асырады;

      39) "Байқоңыр" кешенiнiң зымыран-ғарыш қызметiнің әсеріне ұшырайтын аумақтарда қоршаған ортаның жай-күйiн бақылау жүйесiнің жұмыс істеуін ұйымдастырады;

      40) 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" кешенiн жалға беру шарты бойынша жұмыстарды заңнамада белгіленген тәртіппен үйлестiрудi жүзеге асырады;

      41) ғарышкерлерге үміткерлерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметті ұйымдастырады және үйлестіреді, сондай-ақ ғарыш қызметі саласындағы кадрлардың біліктілігін арттырады және қайта даярлайды;

      42) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      15. Комитеттің құқықтары мен міндеттемелері:

      1) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;

      2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпарат пен материалдарды сұратады және алады;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;

      4) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мәжілістер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге де іс-шаралар өткізеді;

      5) жетекшілік ететін қызмет бағыттары бойынша консультативтiк-кеңесшi органдар (жұмыс топтарын, комиссиялар, кеңестер) құру бойынша ұсыныстар енгізеді;

      6) өз құзыретіне қатысты мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартады;

      7) Комитетке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыруды қамтамасыз етеді;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтайды;

      9) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер әзірлейді;

      10) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен мемлекеттік органдарына бұл туралы ресми сауал жолданған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсынады;

      11) Комитеттің теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етеді;

      12) бухгалтерлік есеп жүргізеді;

      13) Министрлікке бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасайды және ұсынады;

      14) Комитетке бөлінетін бюджетті қаражаттың толық, уақытылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;

      15) "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізеді;

      16) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      16. Басшылық етуді Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапкершілікте болатын Төраға жүзеге асырады.

      17. Төраға заңнамада белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Төрағаның Қазақстан Республикасының заңнамасында сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет төрағасы Комитеттің құрылымдық және штат кестесі бойынша ұсыныстарды Министрліктің басшылығына ұсынады.

      20. Комитет төрағасының өкілеттігі:

      1) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымдық тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      2) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымдық тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерінің іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақылар төлеу және сыйақы беру, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      3) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды;

      4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      5) Комитеттің Заң басқармасына жетекшілік етеді;

      6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан әрекет етеді;

      7) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және дербес жауапкершілікте болады;

      8) өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешім қабылдайды. Комитеттің төрағасы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      21. Төраға қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.

      Қажет болған жағдайда, құрылымдық бөлімшеге жетекшілік ететін Төраға орынбасарының орналасқан жері Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Заңымен бекітілген "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы" келісімінің 10-бабы 3-тармағына сәйкес Байқоңыр қаласында орналасуы мүмкін.

      Ескерту. 21-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.05.2017 № 92/нқ бұйрығымен.

4. Комитеттің мүлкі

      22. Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      23. Комитет мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктерден қалыптасады.

      24. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      25. Комитеттің егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша оған бөлінген қаражаттары есебінен алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де жолмен билік етуге құқығы жоқ.

      26. Комитеттің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі осы ереженің қосымшасында келтірілген.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  "Қазақстан Республикасы
Қорғаныс және аэроғарыш
өнеркәсібі министрлігінің
Аэроғарыш комитеті"
ережесіне қосымша

Аэроғарыш комитетінің қарамағындағы ұйымдардың
тiзбесi

      Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар:

      1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің "Инфракос" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      2) Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің "Ғарыш-Экология" ғылыми-зерттеу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

      Акционерлік қоғамдар:

      1) "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамы;

      2) "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" акционерлік қоғамы;

      3) "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы;

      4) "Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" акционерлік қоғамы.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестік:

      1) "Ғалам" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.