О внесении изменений и дополнений в некоторые нормативные правовые акты Республики Казахстан по вопросам регулирования банковской деятельности

Постановление Правления Агентства Республики Казахстан по регулированию и развитию финансового рынка от 25 июня 2025 года № 24. Зарегистрировано в Министерстве юстиции Республики Казахстан 3 июля 2025 года № 36392.

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін банктік қызметті реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) бекітілсін.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржылық мониторинг агенттігі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2025 жылғы 25 маусымдағы
№ 24 Қаулыға қосымша

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін банктік қызметті реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

      1. "Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 140 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17250 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптарда:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – КЖТҚҚ туралы заң) 5-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және КЖТҚҚ туралы заңның 3-бабы 1-тармағының 1) (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғаларды және айрықша қызметі банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), 2) (тауар биржаларын қоспағанда), 3), 4), 5) және 11) тармақшаларында көрсетілген қаржы мониторингі субъектілеріне (бұдан әрі – қаржы мониторингі субъектілері) қолданылады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау үшін мынадай тәсілдер қолданылады:

      1) жеке немесе заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы;

      2) немесе биометриялық сәйкестендіру құралдары;

      3) немесе егер жеке тұлғаны қаржы мониторингі субъектісі бұған дейін жеке қатыса отырып сәйкестендірген жағдайда, жеке тұлғаны сәйкестендіру және аутентификаттау кезінде қаржы мониторингі субъектісі ақпарат алмасу туралы келісім жасаған екінші деңгейдегі банк немесе Ұлттық пошта операторы шығарған төлем карточкасының деректемелері (төлем карточкасының нөмірі, қолданылу мерзімі, төлем карточкалары жүйесінің атауы);

      4) немесе мемлекеттік дерекқорлармен салыстырып тексеру арқылы жеке тұлғаның жеке басын растау;

      5) немесе әріптердің, цифрлардың немесе таңбалардың комбинациясын білдіретін бірегей сәйкестендіруші немесе клиентті сәйкестендіру үшін қаржы мониторингі субъектісі белгілеген және онымен келісілген өзге сәйкестендіруші.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде және Талаптардың 7-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілдерінің біреуін немесе жиынтығында бірнешеуін қолдануға жол беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілі мына жағдайлардың бірінде:

      осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілдерінің жиынтығында біреуімен немесе бірнешеуімен;

      өмірді сақтандыру шарттарын, аннуитеттік сақтандыру шарттарын және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттарын қоспағанда, сақтандыру ұйымдары және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасасқан кезде;

      КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабының 6-тармағына сәйкес клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөнінде шаралар қабылдаған кезде пайдаланылады.

      Клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілін таңдауды қаржы мониторингі субъектісі жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:

      "7-1. Екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы клиентпен іскерлік қатынастарды қашықтан орнатқан кезде Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20160 болып тіркелген "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 қаулысына сәйкес клиентті биометриялық сәйкестендіруді міндетті түрде жүргізе отырып, клиентті екі факторлы сәйкестендіруді қолданады.

      Клиентті биометриялық сәйкестендіруден өткізген кезде екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы клиентпен бейнеконференция сеансының жазбасын не қозғалысты анықтау технологиясын пайдалана отырып, клиенттің алынған шынайы бейнесін, оның ішінде аутсорсинг негізінде клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл, сақтауды қамтамасыз етеді.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Қаржы мониторингi субъектiсі:

      1) клиент Талаптардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген;

      2) клиент Талаптардың 4-тармағының 2) тармақшасында және 6-тармағында көрсетілген шарттарды орындалмаған;

      3) қаржы мониторингi субъектiсінде клиенттің КЖТҚ мақсатында операция жүргізуі туралы күдік болған кезде;

      4) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінде, КЖТҚҚ туралы заңда, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де негіздер бойынша іскерлік қатынастарды қашықтан орнатудан және (немесе) операцияларды жүргізуден бас тартады.".

      Қаржы мониторингi субъектiсі клиентке іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілмен орнатудан бас тартқан кезде клиентті іскерлік қатынастарды келу тәртібімен орнату мүмкіндігі туралы хабардар етеді.".

      2. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.04.2026 № 86 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20160 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарда:

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің түрлері мыналардан тұрады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және жақын туыстары;

      2) шетелдік қаржы ұйымдары;

      3) заңды тұлғалар және қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер, оның ішінде:

      қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметін айырбастау пунктері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметінің ерекше түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;

      тұтынушылардан қолма-қол ақша қабылдауды, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы жүзеге асыратын қызметтерді (қаржылық қызметтерді қоспағанда) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірілгендер);

      ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс онлайн-казино қызметтерін көрсететін не сол қызметтен кірістер алатын тұлғалар;

      туристік қызметтерді, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты өзге де қызметтерді көрсететін тұлғалар;

      4) адвокаттар және заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар олар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша КЖ/ТҚҚ туралы заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген қызметке қатысты ақшамен және (немесе) мүлікпен операцияларға қатысатын жағдайларда, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (екінші деңгейдегі банктер белгілеген, КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      5) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      6) қаржы лизингі бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      7) қызметті сақтандыру агенттері ретінде жүзеге асыратын тұлғалар;

      8) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      9) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты адамдар;

      10) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сондай-ақ сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;

      11) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;

      12) Талаптардың 17-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан осындай тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

      13) ұсынған деректерінің дәйектілігіне күмәндануға негіз бар, клиент;

      14) клиент КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиентті тиісінше тексеру рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-әрекеттер жасағанда;

      15) қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналымын жүзеге асыратын тұлғалар;

      16) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруды және олардың айналымын жүзеге асыратын тұлғалар;

      17) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) 741-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 2-1), 2-3), 3), 4), 5-1), 5-2), 5-3), 7), 7-1), 8), 9) тармақшаларында көзделген мақсаттар үшін ашылған ағымдағы шоттарға қызмет көрсету шеңберінде шығарылған төлем карточкаларын, балалардың атына шығарылған қосымша төлем карточкаларын, бір банк шығарған бес және одан көп дебет карточкасын ұстаушылар болып табылатын клиенттер;

      18) Азаматтық кодекстің 741-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 2-1), 2-3), 3), 4), 5-1), 5-2), 5-3), 7), 7-1), 8), 9) тармақшаларында көзделген мақсаттар үшін ашылған ағымдағы шоттарға қызмет көрсету шеңберінде шығарылған төлем карточкаларын, балалардың атына шығарылған қосымша төлем карточкаларын қоспағанда, жиынтығында бірнеше банк шығарған (банкте осындай мәліметтер болған кезде) он және одан көп дебет карточкасын ұстаушылар болып табылатын клиенттер;

      19) банктің ішкі құжаттарына сәйкес айқындалған есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзиті факторының негізінде КЖ/ТҚ қаупі жоғары елдердің резиденттері;

      20) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты не тұрақты тұруға рұқсаты жоқ (Қазақстан Республикасының аумағында тұрмайтын) Қазақстан Республикасының бейрезиденттері;

      21) мынадай шарттардың бірі немесе жиынтығы болған кезде он төрт жастан жиырма бес жасқа дейінгі адамдар санатына жататын клиенттер:

      банктік шот бойынша жеке тұлғалар арасында (P2P) жүйелі түрде ақша аударымдары жүргізіліп отырады және басқа операциялар жоқ;

      банктік шот бойынша абоненттік ұялы байланыс нөмірін толықтыру бойынша ірі сомаларға жүйелі төлемдер жүргізіледі;

      банктік шот бойынша көрсетілген клиент немесе клиенттер санаты (тобы) үшін қалыпты емес операциялар жүргізіледі.

      Осы тармақшаның шеңберінде ірі сомалардың жүйелілігі мен көлемі банктің ішкі құжаттарына сәйкес айқындалады.

      22) соңғы 6 (алты) ай ішінде ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына жалпы сомасы 300 000 (үш жүз мың) теңгеден астам үш және одан да көп төлем жасаған клиенттер.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ онымен шектелмейді:

      1) банктің іскерлік қатынастар орнатудан және (немесе) операциялар жүргізуден бас тарту, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздері мен мерзімдерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау тәртібі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің оңайлатылған және күшейтілген шараларын қолдану рәсімдерінің ерекшеліктері;

      3) шетелдік қаржы ұйымдарымен корреспонденттік қатынастар орнатылған кезде сәйкестендіруді жүргізу ерекшеліктері;

      4) банктің қызмет көрсетудегі немесе қызмет көрсетуге қабылдайтын клиенттер (олардың өкілдері) мен бенефициарлық меншік иелерінің, олардың жұбайларын (зайыптарын) және жақын туыстарын анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;

      5) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) және осы Заңның 12-1-бабына сәйкес жасалған жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – ЖҚҚТҚ тізбесі) болуына нысаналы қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;

      6) Тізбеден және ЖҚҚТҚ тізбесінен клиент (оның өкілі) туралы мәліметтер алып тасталған кезде нысаналы қаржы санкцияларының қолданысын тоқтату тәртібі;

      7) іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;

      8) банк кіретін банк конгломераты белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды орындау шеңберінде клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтер, сондай-ақ осындай мәліметтерді сақтаудың және құпиялылығын қамтамасыз етудің алмасу ерекшеліктері (болған кезде);

      9) басқа қаржы ұйымдарынан мәліметтер алу, оның ішінде брокер (дилер) өз банктік шоты бойынша олардың пайдасына немесе атынан операциялар жасайтын жеке және заңды тұлғаларды сәйкестендіру арқылы клиенттерді сәйкестендіру ерекшеліктері;

      10) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;

      11) клиент досьесінің нысанына, мазмұнына және жүргізу тәртібіне, мәліметтерді жаңарту кезеңділігін көрсете отырып, досьедегі мәліметтерді жаңартуға қойылатын талаптар;

      12) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, осындай тәуекелді бағалау негіздері;

      13) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган айқындаған нысан мен тәртіп бойынша клиенттердің бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді банктің сұратуы бойынша алу және ұсыну тәртібі;

      14) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сот актісі негізінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушыларға (бұдан әрі – шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылар) тиесілігіне тексеру, шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың пайдасына төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүргізуден бас тарту, сондай-ақ шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушы болып табылатын клиентпен іскерлік қарым-қатынастарды тоқтату тәртібі.

      Клиент (оның өкілі) ұсынатын құжаттар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында олардың дәйектілігі тексеріледі.

      Клиенттің өкіліне қатысты мұндай тұлғаның клиенттің атынан және (немесе) мүддесі үшін әрекет ету өкілеттігі қосымша тексеріледі.

      Банк берілген сенімхат негізінде клиенттің атынан іс-қимыл жасайтын клиенттің өкілі арқылы іскерлік қатынастар орнатқан клиентке қатысты банк шығыс немесе кіріс операцияларын жүргізгенге дейін қосымша клиентті биометриялық сәйкестендіруді жүргізеді.

      Клиентпен іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде, клиент ұялы байланыс құрылғысының абоненттік нөмірін не электрондық банк қызметтеріне қол жеткізу үшін пайдаланылатын ұялы байланыс абоненттік құрылғысын ауыстырған кезде банк клиентті биометриялық сәйкестендіруді (аутентификаттауды) міндетті түрде жүргізе отырып, клиентті екі факторлы сәйкестендіру қолданады. Клиентті биометриялық сәйкестендіруді жүргізу үшін Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының қызметтерін қолдануға жол беріледі (клиенттердің сәйкестендіру рәсімдерін жүргізу үшін қолжетімді дереккөздерден клиенттің деректерімен алмасу бойынша банктермен өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін банкаралық ақша аудару жүйесінің операциялық орталығы). Клиентті сәйкестендірудің (аутентификаттаудың) екінші тәсілін банк Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес дербес айқындайды. Банк клиентті биометриялық сәйкестендіруді жүргізу кезінде қозғалысты анықтау технологиясын пайдалана отырып, клиентпен бейнеконференция сеансының жазбасын немесе клиенттің ағымдағы алынған суретін клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл бойы, оның ішінде аутсорсинг негізінде сақтауды қамтамасыз етеді.

      Клиентпен іскерлік қатынастарды қашықтықтан белгілеу және (немесе) оған электрондық банк қызметтерін көрсету кезінде банк банктік шот (банктік шоттар) бойынша операцияларды жүргізу кезінде клиенттің, оның ішінде төлем карточкасын (төлем карточкаларын), Қазақстан Республикасының резиденті – байланыс операторы берген және клиентке немесе жұбайына (зайыбына), клиенттің жақын туысына тіркелген ұялы байланыс құрылғысының бір абоненттік нөмірін пайдалана отырып, клиенттің пайдалануын бақылауды қамтамасыз етеді.

      Мобильді қосымшаны пайдалану кезінде клиентке электрондық банк қызметтерін көрсету банктің ішкі қағидаларында айқындалған тәртіпке сәйкес банк сәйкестендірген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы жүзеге асырылады.

      Он төрт жастан он алты жасқа дейінгі адамдар санатына жататын клиенттерге қатысты көлемі банктің ішкі құжаттарына сәйкес айқындалатын ірі сомаларға клиенттің операцияларын электрондық банк қызметтерін алу кезінде ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері тексереді.

      Азаматтық кодекстің 741-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 2-1), 2-3), 3), 4), 5-1), 5-2), 5-3), 7), 7-1), 8), 9) тармақшаларында көзделген мақсаттар үшін ашылған ағымдағы шоттарға қызмет көрсету шеңберінде шығарылған төлем карточкаларын, балалардың атына шығарылған қосымша төлем карточкаларын, сондай-ақ банктік қарыздарды беру және өтеу бойынша операциялар ғана жүзеге асырылатын кредиттік карточкаларды қоспағанда, банк клиентке бір дебет карточкасынан артық карточка шығарған кезде:

      1) клиенттің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысын мониторингтеуді жүзеге асырады және банктік шоттар бойынша жеке тұлғалар арасындағы жүйелі ақша аударымдарын (P2P), сондай-ақ көрсетілген клиент немесе клиенттер санаты (тобы) үшін қалыпты емес операцияларды анықтаған кезде банктің ішкі құжаттарына сәйкес клиентке тәуекелдің жоғары деңгейін тағайындаудың орындылығын айқындайды;

      2) клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда Талаптарда және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19632 болып тіркелген "Екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 188 қаулысында (бұдан әрі – № 188 қаулы) көзделген іс-шараларды жүргізеді.

      Егер банк КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға банктің клиенттеріне қатысты КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды қолдануды тапсырса, банк осындай тұлғалармен өзара іс-қимыл жасаудың мыналар:

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шарттар жасасу рәсімі, сондай-ақ банктің осындай шарттар жасасуға уәкілетті лауазымды тұлғаларының тізбесі;

      банк пен сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалар арасындағы шарттарға сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімі;

      сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіруді жүргізу кезінде алынған мәліметтерді банкке беру рәсімі мен мерзімдері;

      банктің сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалардың алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімдері мен толық болуын қоса алғанда, сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру рәсімі, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде банк қабылдайтын шаралар;

      сәйкестендіру жөніндегі талаптарды, оның ішінде рәсімдерді, алынған мәліметтерді банкке беру мерзімдерін және толық болуын сақтамаған жағдайда, банктің сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалармен жасалған шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдау негіздері, рәсімі және мерзімдері;

      банктің сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті лауазымды тұлғаларының тізбесі;

      банк сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін, алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын қоса алғанда, олардың жауапкершілігі туралы ережелері;

      банктің сәйкестендіру жөніндегі талаптарды орындау мақсатында оларға әдіснамалық көмек көрсету мәселелері бойынша сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау рәсімі қамтылатын қағидаларды әзірлейді.

      Банктің өзара іс-қимыл қағидаларына қосымша талаптарды енгізуіне жол беріледі.

      Шетелдік қаржы ұйымына шарт негізінде КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2) және 4) тармақшаларында көзделген клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру шараларын қолдануды тапсырған банк КЖ/ТҚ ықтимал тәуекелдерін ескереді.";

      мынадай мазмұндағы 22-1 және 22-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "22-1. Қазақстан Республикасының бейрезидентіне банктік шот ашу және (немесе) төлем карточкасын шығару кезінде банк:

      1) клиенттің Қазақстан Республикасында болу негізділігін растайтын құжаттарын (клиенттің түрі және (немесе) банктік шоттың түрі бойынша қолданылуын ескере отырып, оларға жататын, бірақ олармен шектелмейтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту туралы белгісі бар паспортты, жеке сәйкестендіру нөмірін беру туралы тіркеу куәлігін, уәкілетті мемлекеттік органға берілген, еңбек мигрантына рұқсат беру туралы өтініштің көшірмесін, еңбек шартының немесе оқыту шартының нотариат куәландырған көшірмесін, Қазақстан Республикасында шетелдіктің тұру ықтиярхатының нотариат куәландырған көшірмесін, жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемді төлеу туралы түбіртектің көшірмесін) тексереді;

      2) нысанын банк айқындайтын және клиенттің Қазақстан Республикасында болуының негізділігі туралы, клиенттің күшейтілген тиісті тексеру шеңберінде өзінің құжаттарымен расталатын мәліметтерді, клиенттің Қазақстан Республикасына келу мақсатын, клиенттің кәсіби қызметін, банктік шотты ашу (төлем карточкасын шығару) мақсатын, жоспарланған халықаралық аударымдардың төлем карточкасын шығару, үшінші тұлға үшін банктік шотқа қолжетімділікті (оның ішінде мобильді қосымша және онлайн-банкинг арқылы) жоспарлы ұсыну кезінде жасалатын операциялардың қаржыландыру көзін, Қазақстан Республикасының басқа банктерінде банктік шоттардың болуы және оларды ашу мақсаттары, клиенттің ұялы байланысының абоненттік құрылғысын IMEI коды (бар болса), клиенттің үшінші тұлғалардың ықпалынсыз өз бетінше банктік шот ашу туралы шешім қабылдағанын растауын қамтитын, бірақ онымен шектелмейтін, клиент толтырған пікіртерімге талдау жүргізеді.

      22-2. Банк Талаптардың 22-1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттар мен сауалнаманы талдау қорытындылары бойынша және Талаптардың 20-тармағына және банктің ішкі құжаттарына сәйкес клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін айқындауды ескере отырып, Қазақстан Республикасы бейрезидентінің КЖ/ТҚ жоғары тәуекеліне, оның ішінде есірткінің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) оларды тасымалдау факторы негізінде алаяқтық және заңға қайшы оқыс оқиғалар тәуекелдеріне ұшырауын айқындайды.

      Банк ішкі бақылау қағидаларында айқындаған бағалау көрсеткіштеріне сәйкес КЖ/ТҚ жоғары тәуекеліне, алаяқтық және заңға қайшы оқыс оқиғалар тәуекелдеріне ұшырауы туралы күдік бар Қазақстан Республикасының бейрезиденттерге қатысты:

      іскерлік қатынастарды қашықтан немесе өкіл арқылы орнатуға, осындай іскерлік қатынастарды ұзартуға, сондай-ақ төлем карточкасын қашықтан және (немесе) өкіл арқылы шығаруға және қайта шығаруға жол берілмейді;

      іскерлік қатынастар орнатқан кезде және клиент ұялы байланыс құрылғысының абоненттік нөмірін немесе электрондық банктік қызметтерге қол жеткізу үшін пайдаланылатын ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын ауыстырған кезде, паспортта орналасқан клиенттің фотобейнесі бар клиентті міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруді жүргізе отырып, клиентті екі факторлы сәйкестендіру (аутентификаттау) қолданылады, кейіннен клиент оларды қолданған кезде онлайн-банкинг немесе мобильді қосымша арқылы биометриялық аутентификаттауды айына кемінде бір рет жүргізіп отырады.

      Азаматтық кодекстің 741-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 2-1), 2-3), 3), 4), 5-1), 5-2), 5-3), 7), 7-1), 8), 9) тармақшаларында көзделген мақсаттар үшін ашылған ағымдағы шоттарға қызмет көрсету шеңберінде шығарылған дебет карточкаларын, балалардың атына шығарылған қосымша төлем карточкаларын қоспағанда, бірден артық төлем карточкасын шығаруға және қайта шығаруға жол берілмейді;

      Азаматтық кодекстің 741-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 2-1), 2-3), 3), 4), 5-1), 5-2), 5-3), 7), 7-1), 8), 9) тармақшаларында көзделген мақсаттар үшін ашылған ағымдағы шоттарға қызмет көрсету шеңберінде шығарылған дебет карточкаларын, балалардың атына шығарылған қосымша төлем карточкаларын қоспағанда, дебет картасына қызмет көрсету мерзімі күнтізбелік 12 (он екі) айдан аспайды;

      банк қатарынан үш ай ішінде төлем карточкасын пайдалана отырып, операцияларды жүзеге асыратын клиенттің банктік шоты бойынша ақшаның қозғалысына клиент пікіртерімінде белгілеген банктік шотты ашу (төлем карточкасын шығару) мақсатына сәйкестігі, сондай-ақ көрсетілген клиент немесе клиенттер санаты (тобы) үшін тән емес өзге де, қалыпты емес операциялар болған жағдайда банктік шот бойынша жеке тұлғалар арасындағы жүйелі ақша аударымдарының болуына (P2P) мониторинг жүргізеді. Ақша аударымдарының жүйелілігін банк өзінің ішкі құжаттарына сәйкес айқындайды. Банктік шот бойынша операциялар сипатының пікіртерімде көрсетілген мәліметтерге сәйкессіздігі анықталған және көрсетілген клиент немесе клиенттер санаты (тобы) үшін тән емес өзге де, қалыпты емес операциялар болмаған жағдайда жеке тұлғалардың арасындағы ақша аударымдарының жүйелілігі (P2P) анықталған кезде клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату орындылығы туралы мәселе банктің уәкілетті органына немесе уәкілетті алқалы органының қарауына шығарылады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту кезеңділігі және (немесе) қосымша мәліметтерді алу қажеттілігі клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейі және (немесе) клиент пайдаланатын банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі ескеріле отырып белгіленеді.

      Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.

      Талаптардың 15-тармағының 17), 18), 20), және 21) тармақшаларында көрсетілген клиенттер (олардың өкілдері) туралы мәліметтерді жаңарту кемінде бір тоқсанда бір рет жүзеге асырылады.

      Өзіне қатысты қызметі есірткілердің заңсыз өндірілуін, айналымын және (немесе) транзитін қаржыландыруға байланысты деп болжауға негіз бар клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді жаңарту кемінде жарты жылда бір рет жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 32-1-тармағымен толықтырылсын:

      "32-1. Банк автоматтандырылған ақпараттық жүйені пайдалану арқылы ағымдағы шоттары бойынша шығыс операциялары жүргізілетін, бұл ретте клиенттің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге байланысты төлемдері, коммуналдық төлемдері, салық және бюджетке төленетін өзге де төлемдері жоқ клиенттерді айқындайды:

      1) клиентке тәуекелдің жоғары деңгейін беру орындылығын айқындау және оған қатысты күшейтілген тиісті тексеру шараларын жүргізу мақсатында ағымдағы шоты бойынша ақша қозғалысына тереңдетілген мониторинг жүргізеді;

      2) клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда Талаптарда және № 188 қаулыда көзделген іс-шараларды жүргізеді.

      Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 741-бабының екінші бөлігінің 1), 2), 2-1), 2-3), 3), 4), 5-1), 5-2), 5-3), 7), 7-1), 8), 9) тармақшаларында көзделген мақсаттар үшін және (немесе) тұрғын үй-құрылыс жинақ банктерінде ашылған ағымдағы шоттарға қатысты қолданылмайды.".