ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.
"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 1-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістерді қарау қағидалары бекітілсін.
2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
| Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2021 жылғы 16 шілдедегі № 84 қаулысымен бекітілді |
Банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістерді қарау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістерді қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – банктер туралы заң) 36-бабының 1-2-тармағына, "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың жеке тұлға қарыз алушылардың банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтініштерін қарау тәртібін айқындайды.
Қағидаларда мынадай ұғымдар және қысқартулар пайдаланылады:
1) банк – екінші деңгейдегі банк, банктік қарыз операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы бар банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
2) берешек – негізгі борыштың қалдық сомасын, есептелген, бірақ төленбеген сыйақыны, комиссияларды, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) және қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шартында көзделген өзге де төлемдерді қоса алғанда, банктік қарыз бойынша борыш сомасы;
3) қарыз алушы – банкпен банктік қарыз шартын жасаған жеке тұлға.
2-тарау. Банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішті қарау тәртібі
2. Қарыз алушы банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішті (бұдан әрі – өтініш) Банктер туралы Заңның 36-бабының 1-1-тармағына сәйкес қарыз берген банкке береді.
3. Қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және банктің қарауына жатады.
4. Қарыз алушы толық емес мәліметтер мен құжаттарды ұсынған кезде банк оларды сұратады.
Қарыз алушы сұратылған құжаттарды 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұсынады.
Сұратылған құжаттарды көрсетілген мерзімде ұсынбау қарыз алушының өтінішін қарамау үшін негіз болып табылады, бұл туралы тиісті хабарлама жіберіледі.
5. Банк банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы мәселені қарау кезінде қарыз алушының төлем қабілеттілігін есептеу кезінде "Қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеулер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 292 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 77379 болып тіркелген) талаптарын басшылыққа алады.
6. Банк қарыз алушының өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде банктік қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және жазбаша нысанда не банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен қарыз алушыға:
1) банктік қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні туралы;
2) банктік қарыз шарты талаптарын өзгерту жөніндегі өз ұсыныстары туралы;
3) банктік қарыз шартының талаптарын өзгертуден бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, бас тарту туралы хабарлайды.
Банк банктік қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні туралы шешім қабылдаған кезде банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі мен мерзімдері банктің ішкі құжатында айқындалады, бұл ретте осындай өзгерістерді енгізу мерзімі банк осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен аспайды.
Банк банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын жіберген кезде қарыз алушының банк ұсынған банктік қарыз шартын өзгерту талаптарына жауап беру мерзімі банктің хатында көрсетіледі және қарыз банктің шешімін алған күннен бастап кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күнді құрайды.