Дене шынықтыру және спорт туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1999 жылғы 2 желтоқсан N 490-І

Қолданыстағы

      Осы Заң дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, бұқаралық дене шынықтыру, әуесқойлық және кәсiпқойлық спорт қызметiн қамтамасыз етудiң және оларды дамытудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган  - дене шынықтыру мен спорт саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыратын және азаматтардың дене тәрбиесi жөнiндегi қызметін және дене шынықтыру мен спортты азаматтардың еңбек және демалыс режимiне енгiзудi үйлестiретiн мемлекеттiк орган;
      2) дене шынықтыру  - мәдениеттің ажырамас бөлігі, қоғам адамның дене бітімін дамыту, оның денсаулығын нығайту мақсатында жасап, пайдаланатын, адамның үйлесімді дамуына ықпал ететін рухани және материалдық құндылықтар жиынтығы болып табылатын әлеуметтiк қызмет саласы;
      3) спорт  - жарыс әрекетiнiң, спортшыларды жарыстарға қатысуға даярлаудың ерекше нысаны болып табылатын дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
      4) жоғары жетiстiктер спорты  - жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткiзудi, рекордтар жасауды қамтамасыз ететiн спорт саласы;
      5) спорттың техникалық және қолданбалы түрлерi -  спортшының техникалық құралдарды қолдана отырып жарыстарға арнаулы даярлық жүргiзуiн талап ететiн дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
      6) кәсiпқойлық спорт  - басты мақсаты спорттық ойын-сауық шараларын ұйымдастыру және оларға қатысу арқылы пайда табу болып саналатын спорттық-кәсiпкерлiк қызметтiң бiр түрi;
      7) спорттық сыныптама  - спорттың жекелеген түрлерiнен шеберлік деңгейiн, сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешiлердiң бiлiктiлiк деңгейiн белгiлейтiн спорттық атақтардың, разрядтардың және санаттардың жүйесi;
      8) дене тәрбиесi  - денi сау, дене бiтiмi және рухани жағынан жетiлген, моральдық жағынан табанды жеткiншек ұрпақты қалыптастыруға, адамның денсаулығын нығайтуға, жұмыс қабiлетiн арттыруға, шығармашылық ғұмырлылығы мен өмiрiн ұзартуға бағытталған педагогикалық процесс;
      9) дене шынықтыру және спорт жүйесi  - халықтың дене тәрбиесi мен спортты дамыту мақсатындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардың жиынтығы;
      10) әуесқойлық спорт  - азаматтардың дене тәрбиесiнiң жалпы жүйесiндегi өзiнiң спорт шеберлiгiн жетiлдiруге және спорттың әр түрiнде жоғары нәтижелерге жетуге мүмкiндiк беретiн сан қырлы бұқаралық спорт қозғалысы;
      11) дене шынықтыру (дене шынықтыру-спорт) қозғалысы  - халықтың дене шынықтыру деңгейiн арттыруға, мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардың, азаматтардың дене шынықтыру мен спортты дамыту жөнiндегi нысаналы қызметiне жәрдемдесетiн әлеуметтiк қозғалыс нысаны;
      12) дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық ғимараттары  - азаматтардың дене шынықтыру жаттығуларымен, спортпен айналысуына және спорттық ойын-сауық шараларын өткiзуге арналған объектiлер;
      13) дене тәрбиесiнiң құралдары  - дене шынықтыру жаттығулары, табиғаттың сауықтыру күштерi және гигиеналық факторлар;
      14) спорттық индустрия  - дене шынықтыру-спорттық және туристiк мақсаттағы қызмет көрсетудi, өнiмдер өндiрудi жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жиынтығы.

      2-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы
             мемлекеттiк саясат принциптерi

      Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат халықтың салауатты тұрмыс салтын қамтамасыз ету, дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында жүргiзiледi және:
      1) барлық азаматтар үшiн дене шынықтырумен және спортпен айналысу теңдiгi мен жалпыға қолайлылығы;
      2) халықтың әртүрлi жас топтарының дене тәрбиесiнiң толассыздығы мен сабақтастығы;
      3) дене шынықтырумен және спортпен айналысудың ерiктiлiгi;
      4) дене шынықтыру-спорт шараларының сауықтыру бағыты;
      5) дене шынықтыру мен спортты ұйымдастырудың мемлекеттiк, қоғамдық және жеке нысандарын тану;
      6) дене шынықтырумен жаппай айналысуға, әуесқойлық және кәсiпқойлық спортқа тең құрмет көрсету;
      7) халықаралық жарыстарда Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жоғары жетiстiктi спорттың басымдығы;
      8) дене шынықтыру мен спортты мемлекеттiк қолдау және демеушiлiк, қайырымдылық қызмет пен меценаттықты көтермелеу;
      9) дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық ғимараттар мен басқа да объектiлердiң меншiк нысандары өзгерiп жатқан жағдайда оларды азаматтардың дене шынықтырумен және спортпен айналысуы үшiн сақтау;
      10) халық ойындары мен спорттың ұлттық түрлерiн дамыту;
      11) дене шынықтыру-спорт қозғалысы, жоғары жетiстiктер спорты және спортшыларға медициналық қызмет көрсету проблемаларын зерттеу үшiн ғылыми базаны дамыту;
      12) спорттың техникалық және қолданбалы түрлерiн дамыту принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру
             және спорт саласындағы заңдары

      Дене шынықтыру және спорт саласындағы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың нормаларына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы заңдағыдан өзге ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      4-бап. Дене шынықтыру мен спортты дамытуды
             мемлекеттiк қолдау

      1. Мемлекет дене шынықтыру мен спорт саласындағы қатынастарды мемлекеттiк саясатты қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты дамытуды тиiсiнше қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлар, ғылыми-әдiстемелiк, медициналық, ақпараттық, нормативтiк-құқықтық жағынан қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру-спорт қозғалысының өзiндiк мәртебесiн тану жолымен реттейдi.
      2. Мемлекет барлық үлгiдегi және тұрпаттағы балалар-жасөспiрiмдердiң спорт мектептерiнiң, азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша спорт және балалар клубтарының, балалар мен жастарға арналған сауықтыру лагерьлерiнiң, мамандандырылған топтардың және мүгедектерге арналған мектептердiң, дәрiгерлiк-дене шынықтыру диспансерлерiнiң санын көбейту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшiн жағдайлар жасайды.
      3. Мемлекет дене шынықтыру-спорт ұйымдары сыртқы байланыстарының дамытылуына, Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру қозғалысының өрлеуiне жәрдемдесетiн халықаралық спорт ұйымдары мен мекемелерiне интеграциялауға қолдау көрсетедi.
      4. Мемлекет халықаралық стандарттарға сай келетiн спорт ғимараттарын, спорт мақсатындағы тауарлар мен жабдықтар, спортшыларға арналған жоғары сапалы өнiмдер шығару жөнiндегi кәсiпорындарды жобалау мен салуға өз қаражатын жұмсайтын отандық және шетелдiк инвесторларға қолайлы инвестициялық ахуал жасайды.

      5-бап. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен
             спортты дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы

      1. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын Yкiмет әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      2. Мемлекеттiк бағдарламада халықтың денсаулығын нығайтуды ұйымдастыру жөнiндегi шаралар, дене тәрбиесi жөнiндегi оқу бағдарламаларына, бағдарламалық-бағалау нормативтерi жүйесiне қойылатын талаптар және түрлi топтардың дене бiтiмiн дамыту жөнiндегi талаптар, жоғары жетiстiктер спортын дамытудың негiзгi бағыттары, сондай-ақ ұйымдық, материалдық-техникалық, кадрлар, ақпараттық және құқықтық жағынан қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi көзделедi.

      6-бап. Азаматтардың дене шынықтыру мен спорт
             саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
      дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бiрлестiктерге кiруге;
      спорт бағытындағы дене шынықтырумен және спортпен, оның iшiнде кәсiби қызмет ретiнде де айналысуға;
      дене шынықтыру мен спортты басқаруға қатысуға;
      мемлекеттiк, коммуналдық және жеке спорттық ғимараттарды және қызметтердi тегiн не ақылы негiзде пайдалануға құқығы бар.
      2. Қазақстан Республикасының спортпен айналысатын азаматтары:
      салауатты өмiр салтын насихаттауға;
      жергiлiктi, республикалық және халықаралық жарыстарда дене шынықтыру-спорт ұйымы мен мемлекеттен лайықты өкiл болуға;
      гигиена негiздерiн зерделеуге және сақтауға мiндеттi.
      3. Ата-аналар, қамқоршылар, қорғаншылар немесе олардың орнындағы адамдар отбасындағы кәмелетке толмаған балалардың дене бiтiмiн дамытуға және денсаулығын нығайтуға, оларға дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшiн қажеттi жағдайлар жасауға қамқорлық көрсетуге мiндеттi.

      7-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт
             бағытындағы қоғамдық бiрлестiктер

      Қазақстан Республикасында әуесқой және кәсiптiк одақтардың дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерi, қоғамдары мен клубтары, спорттың әралуан түрлерi бойынша федерациялар құрылады және жұмыс iстейдi. Дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерiн құру, тiркеу, қайта ұйымдастыру және (немесе) тарату тәртiбi заң актiлерiмен белгiленедi.

      8-бап. Дене шынықтыру мен спортты насихаттау

      1. Дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi органдар, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бiрлестiктер, денсаулық сақтау мекемелерi бұқаралық ақпарат құралдарымен бiрлесе отырып, дене шынықтыру және спорт саласындағы бiлiм мен жетiстiктердi, салауатты өмiр салтының принциптерiн насихаттауды жүзеге асырады.
      2. Спортта қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа табынуды, адамның қадiр-қасиетiн қорлауды, тыйым салынған қоздырғыштар мен препараттарды, алкогольдi iшiмдiктер мен темекi бұйымдарын насихаттауға жол берiлмейдi.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында өткiзiлетiн спорт шараларының хабарын тарату заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

2-тарау. Дене тәрбиесінің жүйесі

      9-бап. Мектепке дейiнгi балалар мекемелерiндегi,
             жалпы бiлiм беретiн мектептердегi және басқа
             оқу орындарындағы дене тәрбиесi

      1. Мектеп жасына дейiнгi балалардың, жалпы бiлiм беретiн және кәсiптiк мектептер, колледждер, лицейлер оқушыларының, жоғары оқу орындары студенттерiнiң дене тәрбиесi оқу және ұзартылған күн режимiнде, оқу жоспарларына, дене тәрбиесiнiң кешендi мемлекеттiк бағдарламаларына және санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес сабақтан тыс уақытта және дербес жүзеге асырылады. Мiндеттi дене тәрбиесi сабақтары бүкiл оқу кезеңi бойына аптасына мектепке дейiнгi мекемелерде - кемiнде 8 сағат, жалпы бiлiм беретiн мектепте - кемiнде 3 сағат, кәсiптiк-техникалық мектептерде, колледждерде, лицейлер мен жоғары оқу орындарында кемiнде 4 сағат жүргiзiледi.
      Денсаулығы нашар оқушылар мен студенттер арнаулы медициналық топтар мен емдiк дене шынықтыру топтарында шұғылданады.
      2. Сабақтан тыс уақытта дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдану үшiн спорт клубтары мен мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдары құрылады, олардың құрамына балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi, балалар-жасөспiрiмдер дене шынықтыру клубтары, тұрғылықты жерi бойынша балалар мен жасөспiрiмдер клубтары және қызметi мектеп жасына дейiнгi балалардың, оқушылар мен студенттердiң дене тәрбиесi мен спорттық әзiрлiгiне бағытталған басқа да ұйымдар кiредi.
      3. Мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде, мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында және оқу орындарында дене тәрбиесi үшiн қажеттi жағдайлар жасау жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарға, сондай-ақ құрылтайшыларға жүктеледi.

      10-бап. Еңбек ұжымдарындағы дене шынықтыру мен спорт

      1. Меншiк нысандарына қарамастан кәсiпорындар, ұйымдар жұмыс iстеушiлердi сауықтыру жөнiндегi дене шынықтыруды дамыту үшiн қаражат көздеуге және азаматтардың дене шынықтырумен, спортпен шұғылдану құқықтарын iске асыруына жағдай жасауға мiндеттi.
      2. Қызметкерлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң жеке және ұжымдық дене шынықтыру-спорт сабақтарын ұйымдастыру үшiн материалдық база жасау, оны пайдалану, қаржыландыру, мамандармен қамтамасыз ету ұжымдық шарттармен және дене шынықтыру мен спортты дамыту бағдарламаларымен айқындалады.

      11-бап. Тұрғылықты жердегi және халықтың жаппай демалыс
              орындарындағы дене шынықтыру мен спорт

      1. Азаматтардың тұрғылықты жерiндегi және халықтың жаппай демалыс орындарындағы дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн жағдайлар жасау жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарға, жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарына жүктеледi, олар дене шынықтыру-спорт ұйымдарына қажеттi үй-жайлар, мәдениет және демалыс парктерiнде сабақтар өткiзуге арналған орындар бөлуге спорт ғимараттарын беруге жәрдемдеседi.
      2. Санаторий-курорт ұйымдарында, пансионаттарда, демалыс үйлерiнде, туристiк базаларда және қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагерьлерiнде жеке, топтық және отбасылық дене шынықтыру-сауықтыру сабақтарын өткiзуге жағдайлар жасалады.

      12-бап. Мүгедектерге арналған дене шынықтыру мен спорт

      1. Дене шынықтыру мен спорт мүгедектердi дене бiтiмi және әлеуметтiк жағынан оңалту құралдары болып табылады.
      2. Жергілiктi өкiлдi және атқарушы органдар мүгедектер үшiн арнайы дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын, сондай-ақ жалпы пайдаланудағы ғимараттарда дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн жағдайлар жасауды қамтамасыз етедi.
      3. Ақыл-есi кем және дене кемiстiгi бар мүгедектердi үздiксiз оңалту жүйесiндегi дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануды ұйымдастыру, кадрлар даярлау, әдiстемелiк, медициналық жағынан қамтамасыз ету, мүгедектердiң дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына дәрiгерлiк бақылау жасау, бiлiм беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтiк қорғау, дене шынықтыру және спорт органдарына жүктеледi.
      4. Дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган және оның аумақтық құрылымдық бөлiмшелерi мүгедектердiң дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерiмен бiрлесе отырып, республикалық және халықаралық жарыстармен қоса, сауықтыру және спорт шараларын өткiзудi ұйымдастырады.

      13-бап. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары
              адам құрамының дене шынықтыру даярлығы

      1. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене шынықтыру даярлығы қызметтiк-қолданбалы бағытта болады және олардың әскери борыш пен қызмет мiндеттерiн орындауын қамтамасыз етедi.
      2. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене шынықтыру даярлығы жөнiндегi жұмыстың мазмұнын, оны ұйымдастырудың нысандары мен әдiстерiн тиiстi мемлекеттiк басқару органдары белгiленген тәртiппен анықтайды.
      3. Әскери бөлiмшелердiң, сондай-ақ құқық қорғау органдары бөлiмшелерiнiң командирлерi мен бастықтары әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене бiтiмiн жетiлдiру үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндеттi.
      4. Қазақстан Республикасы құрама спорт командаларының мерзiмдi әскери қызметке шақырылған мүшелерi өздерiнiң спорттық шеберлiгiн шыңдау үшiн қажеттi жағдайлары бар бөлiмшелерге жiберiледi, оларға халықаралық, ұлттық және басқа да спорттық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріледі.

      14-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау органдары мен
              мекемелерiнiң дене шынықтыру мен спортты
               дамытуға қатысуы

      Мемлекеттiк денсаулық сақтау органдары мен мекемелерi өздерiнiң құзыретi шегiнде:
      дене шынықтыруды аурулардың алдын алу және оны емдеу құралы ретiнде пайдаланады;
      дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарға дәрiгерлiк бақылау мен икемдi қадағалауды жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларын халықаралық спорт жарыстарына даярлауды медициналық жағынан қамтамасыз етуге қатысады;
      дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды жарысқа жiберудi жүзеге асырады;
      спорт медицинасы мен емдік дене шынықтыру саласында мамандар даярлауды жүзеге асырады және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
      қолданылып жүрген ережелерге сәйкес мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде, оқу орындарында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмысын ұйымдастыруға белсене қатысады;
      халықтың дене бiтiмiнiң даму деңгейiн анықтайды;
      дене шынықтыру және спорт құралдарының көмегiмен сауықтыру және оңалту орталықтары мен пункттерiн, азаматтармен дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын жүргiзудi қамтамасыз ететiн диагностикалық-консультациялық пункттер мен кабинеттер, дәрiгерлiк-дене шынықтыру диспансерлерiн құрады, оларды арнаулы аппараттармен және медициналық жабдықтармен жарақтандырады;
      Халықаралық Олимпиадалық Комитеттiң сертификаты бар мамандандырылған мекемелерде допингке қарсы бақылауды қамтамасыз етедi.

      15-бап. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын, спорт
              жарыстары мен бұқаралық спорт шараларын
              өткiзу кезiнде қауiпсiздiк ережелерiн
              сақтау, азаматтардың денсаулығын қорғау

      1. Дене шынықтыру және спорт қызметкерлерi дене шынықтыру мен спорт сабақтарын өткiзу кезiнде дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган әзiрлеп, бекiтетiн қауiпсiздiк нормалары мен ережелерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.
      2. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары ұйымдарының әкiмшiлiгi сабақтар мен жарыстар өткiзiлетiн орындарды қауiпсiздiк техникасының ережелерiне және санитариялық-гигиеналық нормаларға сәйкес техникамен тиiсiнше жабдықтауды қамтамасыз етедi және азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
      3. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын, спорт жарыстары мен бұқаралық спорт шараларын өткiзуге арналған объектiлер мен ғимараттар санитариялық-гигиеналық нормаларға сай болуға тиiс.
      4. Дене шынықтыру мен спорт қызметкерлерi дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi.

3-тарау. Спортты ұйымдастыру және дамыту

      16-бап. Жоғары дәрежедегi спортшылар әзiрлеу

      1. Жоғары дәрежедегi спортшылар әзiрлеудi дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiткен спорт түрлерi бойынша бағдарламаларға сәйкес мемлекеттiк, қоғамдық және мамандандырылған жеке спорт мекемелерi, сондай-ақ азаматтар жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының спортшыларын әзiрлеу келiсiм-шарт негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн. Спорт қызметi туралы келiсiм-шарт Қазақстан Республикасының еңбек заңдары негiзiнде жасалады, жазбаша нысандағы келiсiм болып табылады және дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс.
      Спорт қызметi туралы келiсiм-шартта спортшының құқықтары мен мiндеттерi, оның әлеуметтiк-медициналық сақтандырылуы, мұндай келiсiм-шартты жасасу мен бұзу талаптары болуға тиiс. Спорт қызметi туралы келiсiм-шартта Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да талаптар мен мiндеттер болуы мүмкiн.

      17-бап. Спорт мектептерi мен мектеп-интернаттары

      1. Қосымша бiлiм беру мекемелерi ретiнде спорт мектептерi, сондай-ақ спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес құрылады.
      2. Мемлекет спорт мектептерi мен спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың қолда бар материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңа базасын жасау үшiн жағдай туғызады.

      18-бап. Спорт түрлерi бойынша Қазақстан Республикасының
              құрама командалары

      1. Қазақстан Республикасының құрама командалары - спортшылардың, жаттықтырушылардың, ғалымдардың, дене шынықтыру-спорт ұйымдары мен спорт медицинасы ұйымдарының басқа да қызметкерлерiнiң ұжымдары спорттың түрлерi бойынша федерациялардың құрамдас бөлiгi болып табылады, халықаралық жарыстарға даярлық және оларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы астында қатысу мақсатында құрылады.
      2. Спорттың әр түрi бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын дене шынықтыру-спорт ұйымдарының ұсыныстарын ескере отырып, спорттың әр түрi бойынша тиiстi федерациялар конкурстық негiзде құрады. Спорт принциптерiн сақтай отырып, алдын ала белгiленген және жарияланған арнаулы нормативтердi орындаған спортшылар Қазақстан Республикасы құрама командаларының негiзгi және жастар (резервтiк) құрамына енгiзiледi. Қазақстан Республикасы құрама командаларының белгiленген нормативтердi орындамаған, өз мiндеттерiн үнемi бұзатын мүшелерi Қазақстан Республикасы құрама командаларынан шығарылуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы құрама командаларының құрамдарын спорттың әр түрі бойынша федерациялардың ұсынуымен дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган жыл сайын бекiтiп отырады.

      19-бап. Кәсiпқойлық спортпен айналысу құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының келiсiм-шарт негiзiнде Қазақстан Республикасында да, басқа елдерде де ақы төленетiн кәсiпқойлық спорт қызметiмен айналысуға құқығы бар.
      2. Кәсiпқой бiрлестiктер құру тәртiбi және олардың жұмыс iстеу жағдайлары, кәсiпқойлық спорт сабақтарын ұйымдастыру, келісiм-шарттар жасасу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      3. Спортшылардың, төрешiлердiң, жаттықтырушылардың және басқа мамандардың спорт жарыстарына дайындалу мен қатысуға байланысты және олардың табыс көзi болып табылатын кәсiпқойлық қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

      20-бап. Спорт қызметiн ғылыми-әдiстемелiк жағынан
              қамтамасыз ету

      Дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыру шеңберiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi мүдделi ұйымдармен бiрлесе отырып дене шынықтыру мен спорт проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзедi, халықтың әртүрлi топтары арасында бұқаралық спортты дамытуға және жоғары спорт нәтижелерiне жетуге бағытталған ғылыми-әдiстемелiк ұсыныстар мен бағдарламалар жасайды, келiсiм-шарт негiзiнде дене шынықтыру мен спорт, медицина, биология және психология саласындағы жетекшi ғалымдарды Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларын ғылыми-әдiстемелiк жағынан қамтамасыз етуге тартады.

      21-бап. Спорт резервiн әзiрлеу

      Спорт резервiн әзiрлеу мақсатында балалар мен жастардың мамандандырылған спорт оқу орындары жүйесi құрылады. Ол балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерiн, олимпиадалық резерв спорт мектептерiн, спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды, жоғары спорт шеберлiгi мектептерiн, олимпиадалық резерв әзiрлеу орталықтарын және олимпиадалық әзiрлiк орталықтарын қамтиды.
      Балалар спорт мектептерi арнайы бағдарламалар негізiнде қосымша бiлiм берудi жүзеге асыратын мектептен тыс ұйымдар болып табылады және заңдарға сәйкес олардың қызметiн ұйымдастыратын кәсiподақ ұйымдары, ерiктi спорт қоғамдары, федерациялары, спорт клубтары, жеке адамдар құрады.

      22-бап. Спортта тыйым салынған тәсiлдер, әдiстер
              мен құралдар

      1. Спорттық нәтижелерге жету үшiн спортшыларға, жаттықтырушылар мен спорт төрешiлерiне:
      Халықаралық Олимпиадалық Комитет, спорт түрлерi бойынша халықаралық және ұлттық федерациялар тыйым салған тәсiлдердi, әдiстердi, медициналық және биологиялық препараттарды пайдалануға;
      қандай түрдегі болса да сатып алушылықты, бопсалауды, қоқан-лоққы мен күш қолдануды пайдалануға тыйым салынады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiн бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.

4-тарау. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы басқару

      23-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы
              басқару субъектiлерi

      Дене шынықтыру мен спорт саласындағы басқару мiндеттерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi және ол белгiлейтiн дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган, өзiнiң аумақтық құрылымдық бөлiмшелерiмен, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен бiрлесе отырып жүзеге асырады.
      Дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган өз қызметiнде Ұлттық Олимпиадалық Комитетпен, ерiктi спорт қоғамдарымен, федерацияларымен, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы басқа да қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасайды.

      24-бап. Спорт түрлерi бойынша ұлттық федерациялар

      Қазақстан Республикасының спорт түрлерi бойынша ұлттық федерациялары өздерiнiң құзыретi шегiнде:
      спорттың тиiстi түрлерi бойынша халықаралық ұйымдар мен халықаралық жарыстарда республика атынан өкiлдiк етуге айрықша құқылы;
      республикалық бiрiншiлiктер (чемпионаттар) мәртебесi бар спорт жарыстарын ұйымдастырады және өткiзедi;
      Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларын олардың спорт нәтижелерiнiң деңгейiне сәйкес конкурстық негiзде қалыптастырады;
      таңдаулы спортшылар мен жаттықтырушыларға арнайы сыйлықтар тағайындайды;
      өз жарғыларында көзделген өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.

5-тарау. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру, материалдық-техникалық жағынан және кадрлармен
қамтамасыз ету

      25-бап. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру көздерi

      1. Мемлекет Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру мен спортты дамытуды тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржыландыруды қамтамасыз етедi, дене шынықтыру мен спорт қозғалысының индустриясы мен инфрақұрылымын дамыту үшiн мемлекеттiк қолдау көрсетедi.
      2. Республикалық бюджетте елiмiздiң чемпионаттарына, халықаралық аймақтық, құрлықтық жарыстарға, Азия, Еуропа, әлем чемпионаттарына, Азиялық және Олимпиадалық ойындарға спортшыларды әзiрлеу мен қатыстыру жөнiндегi шараларды жүргiзу үшiн жыл сайын қаражат қарастырылып отырады.
      3. Балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi мен жоғары спорт шеберлiгi мектептерi, дәрiгерлiк-дене шынықтыру диспансерлерi, облыстардың республикалық деңгейдегi спорт шаралары мен халықаралық жарыстарға қатысатын құрама командалары жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылады.
      4. Мемлекет балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерiн (әкiмшiлiк ауданда кемiнде бiр балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебiн) жергiлiктi бюджеттерден қаржыландыруды қамтамасыз ету үшiн қолдау көрсетедi.
      5. Халықаралық жарыстарға әзiрлену кезеңiнде және оларға қатысу кезiнде Қазақстан Республикасының құрама командаларының мүшелерi тегiн медициналық қызмет көрсетумен және емдеумен қамтамасыз етiледi.

      26-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы
              демеушiлiк және кәсiпкерлiк қызмет

      1. Мемлекеттiк бюджетте тұратын ұйымдардан басқа жеке және заңды тұлғалар спорт клубтарының, командаларының немесе спорт шараларының демеушiлерi бола алады. Демеушiлер мен спорт клубтары (командалар, шараларды ұйымдастырушылар) арасындағы қатынастар шарт негiзiнде белгiленедi. Демеушiлер спорт шараларын қаржыландыра отырып, олардың демеушiлер немесе олардың өнiмдерi белгiлерiмен (эмблемаларымен) өткiзiлу құқығын алады.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар дене шынықтыру, спорт ұйымдарына және жеке адамдарға қызмет көрсету бойынша кәсiпкерлiк қызметпен шұғылдануы, дене шынықтыру-спорт тауарлары мен ілеспе тауарлар шығаруы, дене шынықтыру мен спортты жарнама қызметiне пайдалануы мүмкiн. Спорт бiрлестiктерiнiң эмблемалары мен атаулы нышандары олардың меншiгi болып табылады және сол бiрлестiктердiң келiсiмiмен ғана пайдаланылуы мүмкiн.
      3. Мемлекет материалдық-спорт базасын кеңейту, сондай-ақ спортшыларды, осы саланың мамандарын, дене шынықтыру-спорт қызметiнiң басқа да субъектiлерiн моральдық және материалдық жағынан көтермелеу арқылы дене шынықтыру мен спортты дамытуды ынталандырып отырады.

      27-бап. Спорт ғимараттары

      1. Дене шынықтыру мен спорттың материалдық базасы әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне жататын дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының барлық түрлерiнен құралады.
      Бiрегей спорт объектілерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша жекешелендiрiледi.
      2. Спорт ғимараттары орналасатын аумақтарды құзыреттi мемлекеттiк органдар аталған ғимараттарды болашақта салуға арналған жердi ағымдағы игеру және келешектегi резервте ұстау үшiн нормативтік бөлу арқылы анықтауы мүмкін.
      Тұрғын үй аудандарының спорт ғимараттарымен қамтамасыз етiлу нормативтерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес белгiленедi.
      3. Қамтамасыз ету нормативтерiнде, құрылыс нормалары мен ережелерiнде көзделген спорт ғимараттарынсыз тұрғын үйлер алабын, әкiмшiлiк, мектепке дейiнгi мекемелер мен оқу орындарының үйлерiн салуға жол берiлмейдi.

      28-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласында мамандар
              даярлау және дене шынықтыру мен спорт
              қызметкерлерiне қойылатын кәсiби талаптар

      1. Дене шынықтыру оқу орындарында және дене тәрбиесi факультеттерiнде оқыту, Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Дене шынықтыру мен спорт жөнiндегi педагогтiк қызметке жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын бiтiрген адамдар жiберiледi.
      3. Дене шынықтыру мен спорт қызметкерлерiне қойылатын кәсiби талаптар заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн арнаулы бiлiктiлiк нормаларымен анықталады.
      4. Спорт жарыстары мен бұқаралық спорт шараларының төрешілігіне дене шынықтыру-спорт ұйымдарында арнайы даярлықтан өткен және белгіленген тәртіппен спорт түрлерінің төрешісі ретінде аттестатталған адамдар жiберiледi.

6-тарау. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы
жеңілдіктер және әлеуметтік кепілдіктер

      29-бап. Дене шынықтыру саласындағы жеңiлдiкпен
              көрсетiлетiн қызметтер

      Дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерiн тегiн немесе жеңiлдiктi жағдайларда пайдаланатын азаматтар санаттарының тiзбесi, сондай-ақ жеңiлдiктердiң мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарымен, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң шешiмiмен белгiленедi.

      30-бап. Спортшылардың әлеуметтiк қорғалуы

      1. Дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган, дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерi, жергілiктi өзiн-өзi басқару органдары әралуан спорт түрлерi бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары құрамына кiрген немесе кiретiн "КСРО-ның еңбек сiңiрген спорт шеберi", "Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген спорт шеберi", "КСРО-ның халықаралық дәрежедегi спорт шеберi", "Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегi спорт шеберi" атағы бар аса көрнектi спортшыларға - олимпиада чемпиондарына, әлем чемпиондарына, олардың "Қазақстанның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы" немесе "КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы" атағы бар жаттықтырушыларына тиiстi бюджеттер, сондай-ақ заңда тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен ай сайын ақшалай қаржы төлей алады.
      2. Дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган, дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерi, атқарушы өкiмет органдары әралуан спорт түрлерi бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының құрамына кiретiн спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына, сондай-ақ спорттың ойын түрлерi бойынша командалар құрамында өнер көрсететiн спортшыларға, олардың жаттықтырушылары мен клуб командаларының басшыларына тиiстi бюджеттер, сондай-ақ меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың қаражаты және заңда тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен ай сайын ақшалай қаржы төлей алады.
      3. Спортшының спорт қызметi туралы келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр дене шынықтыру-спорт ұйымынан (спорт клубынан) басқа дене шынықтыру-спорт ұйымына (спорт клубына) немесе шетелдiк дене шынықтыру-спорт ұйымына (шетелдiк спорт клубына) ауысуға құқығы бар.
      Егер спортшы басқа дене шынықтыру-спорт ұйымына (спорт клубына) спорт қызметi туралы келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін ауысқан немесе келісiм-шарт талаптарында көзделген мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, спортшының дене шынықтыру-спорт ұйымдарының (спорт клубтарының) өзара келiсiмiмен ғана ауысуы мүмкiн.
      Спортшылардың ауысу тәртiбi мен ережелерiн дене шынықтыру мен спортты басқарудың уәкiлеттi органы белгiлейдi.
      4. Бiлiктi спортшылардың бiр дене шынықтыру-спорт ұйымынан (спорт клубынан) екiншi дене шынықтыру-спорт ұйымына (спорт клубына) ауысу тәртiбi мен ережелерiн дене шынықтыру мен спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      31-бап. Спортшыларды сақтандыру

      Жарыстар, жаттығулар мен жиындар кезiнде спортшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру - тиiстi спорт клубтарының, қоғамдарының басқа да мүдделі ұйымдардың қаражаты есебінен, ресми халықаралық жарыстарға қатысушы спортшыларды сақтандыру мемлекеттiк қаражат есебiнен жүзеге асырылады.

7-тарау. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы
халықаралық қызмет

      32-бап. Халықаралық спорт қызметi

       Қазақстан Республикасының спорт ұйымдары мен спортшыларының жарыстар ережелерiн және тиiстi халықаралық ұйымдардың жарғыларын сақтай отырып, мемлекет аумағында да, басқа елдерде де өткiзiлетiн халықаралық спорт шараларына қатысуға құқығы бар.

      33-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық
              Олимпиадалық Комитетi

      1. Спортты халықаралық олимпиадалық қозғалысқа шығару өз қызметінде Олимпиадалық Хартияны, Қазақстан Республикасының заңдарын және өз жарғысын басшылыққа алатын, дербес қоғамдық ұйым болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің (ҰОК) ерекше құқығы болып табылады.
      Халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетi спорттың олимпиадалық түрлерi жөнiндегi ұлттық федерациялардың қызметiн үйлестiредi және халықаралық спорт аренасында олардың мүдделерiн бiлдiредi.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетi халықаралық олимпиадалық қозғалыста, Олимпиадалық және Азиялық ойындарда, сондай-ақ Халықаралық Олимпиадалық комитеттiң немесе оның қамқорлығымен өткiзiлетiн барлық шараларда Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiредi.
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетi Олимпиадалық, Азиялық ойындарға және басқа да халықаралық спорт шараларына қатысу үшiн дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi органмен, спорт түрлерi жөнiндегi ұлттық федерациялармен, жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, Қазақстан Республикасының құрама командаларын даярлау мен құруды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы құрама командаларының Олимпиадалық және Азиялық ойындардағы, Халықаралық Олимпиадалық Комитеттiң қамқорлығымен өткiзiлетiн басқа да жарыстардағы ойындары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы астында жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетi алдында тұрған жарғылық мiндеттерiн Дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес өзiнiң қаржыландыру көздерi есебiнен iске асырады.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетi Олимпиадалық Хартияға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында Халықаралық Олимпиадалық Комитеттiң олимпиадалық нышанын, ұранын, туын, гимнiн, "олимпиадалық", "Олимпиада" атауларын пайдалануға меншiк құқықтарын заң жүзiнде қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті