Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1999 жылғы 13 шілде N 422

Қолданыстағы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заң реттейтін қатынастар

      Осы Заң селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы қызметтің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді, селекциялық жетістіктерді жасауға, ашуға, шығаруға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүліктік, сондай-ақ олармен байланысты мүліктік емес жеке қатынастарды реттейді.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңның мақсаттары үшін мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
      1) Селекциялық жетістік авторы (селекционер) (бұдан әрі - автор) - сортты, тұқымды жасаған, ашқан немесе өсіріп шығарған жеке адам;
      2) шағым кеңесі - Қазпатенттің дауларды сотқа дейін қарау жөніндегі бөлімшесі;
      3) бюллетень - Қазпатенттің селекциялық жетістіктерді қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімді басылымы;
      4) мемлекеттік комиссиялар - Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы Республикалық мемлекеттік басқару органының Ауыл шаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы мен Тұқымдарды сынақтан өткiзу және сапасын анықтау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы;
      5) Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының қорғалатын өсiмдiк сорттарының мемлекеттiк тiзiлiмi мен Қазақстан Республикасының патенттер берiлген сорттарды, тұқымдарды қамтитын қорғалатын жануарлар тұқымдарының мемлекеттiк тiзiлiмi;
      6) пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының өндiрiсте шаруашылыққа пайдалану үшiн рұқсат етiлген сортты, тұқымды қамтитын, пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi;
      7) өтiнiш берушi - селекциялық жетiстiкке патент беруге өтiнiм жасаған заңды және жеке тұлға;
      8) айрықша құқық - патент иесiнiң селекциялық жетiстiктi өз қалауы бойынша кез келген әдіспен пайдалануға мүліктік құқығы;
      9) лицензиялық шарт - патент иесi (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) селекциялық жетістікті белгілі бір түрде уақытша пайдалану құқығын беретiн шарт;
      10) патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер - Қазпатент алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлдiгiне заңдарға сәйкес құқық берiлген азаматтар;
      11) патент иеленушi - патенттiң иесi;
      12) асыл тұқымды мал - тұқым тұрпатына, бағытына және өнімділік деңгейіне, стандартына сай келетін, құжатпен расталған шығу тегi бар таза тұқымды, жоғары сыныпты, өнiмдiлiгi жоғары мал;
      13) асыл тұқымдық өнiм (материал) - асыл тұқымды мал, оның ұрығы, эмбриондары;
      14) тұқым - белгiлi бiр шаруашылық және табиғи жағдайларда адамның шығармашылық қызметiнiң әсерiмен қалыптасқан, "өз iшiнде" ұзақ уақыт өсiп-өнуi үшiн саны жеткiлiктi және iрiктеу, таңдау олардың генотипiне сай келетiн технологиялық жағдайлар жасау арқылы қалыпты күйi сақталып отыратын шаруашылық және асыл тұқымдық құндылығы, сондай-ақ оны бір түрдегi басқа тұқымнан ерекшелейтiн морфологиялық, физиологиялық және шаруашылық жағынан пайдалы қасиеттерде белгiлi бiр ерекшелiгi бар, жалпы шығу тегi ортақ бiр түрдегi ауыл шаруашылық жануарларының тобы. Тұқымның қорғалатын санаттары: тип, кросс, топ болып табылады;
      15) отырғызылатын материал - репродукциялық және вегетациялық түрде көбейетiн материалды қоса алғанда, кез келген түрдегi отырғызылатын материал (тұқым, көшет, өсiмдiктер және өсiмдiктердiң оларды көбейтуге арналған бөлiктерi);
      16) селекциялық жетiстiк - адамның шығармашылық қызметiнiң нәтижесi болып табылатын, патент берiлген өсiмдiктiң жаңа сорты, жануарлардың жаңа тұқымы;
      17) ұрық - ұрықтық материалдың барлық ботаникалық нысандары: ұрықтың өзi, дәндер, дән шоғыры, күрделi дәндердiң бөлiктерi, баданалар мен түйнектер;
      18) сорт - шаруашылық және биологиялық жағынан қасиеттерi мен морфологиялық белгiлерi ұқсас, шығу тегi жағынан туыстас, өз белгiлерiн тұқым қуалау арқылы келесi ұрпақтарға беретiн және белгiлi бiр ботаникалық таксондағы өсiмдiктердiң басқа топтарынан ең болмағанда бiр белгiсi бойынша ерекшеленетiн бiр дақылдың өсiмдiктер тобы. Сорттың қорғалатын санаттары: өскен, сабақ, бiрiншi ұрпақ буданы, жеке түр болып табылады;
      19) тауарлы жануар - тауарлы өнiм өндiру үшiн пайдаланылатын жануар.

      3-бап. Селекциялық жетiстiктi құқықтық қорғау

      1. Селекциялық жетiстiкке құқық Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады және патентпен расталады. Патент селекциялық жетiстiктi пайдалануға патент иесiнiң айрықша құқығын, оның басымдығын және селекционердiң авторлығын куәландырады.
      2. Мемлекеттiк патент ұйымы (бұдан әрi - Қазпатент) уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып табылады, ол осы Заңға сәйкес селекциялық жетiстiктерге Қазақстан Республикасының патенттерiн беру жөніндегі өтінімдерді қарауға қабылдайды, оларға алдын ала сараптама өткiзедi, селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi, патенттер бередi, селекциялық жетiстiктер туралы мәлiметтердi бюллетеньде жариялайды және патент ведомствосының өзiне жүктелген өзге де мiндеттерiн жүзеге асырады.
      3. Патент қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығы жөнiнен селекциялық жетiстiктерге сараптама жасауды және оларды сынақтан өткiзудi мемлекеттiк комиссиялар жүзеге асырады, олар өндiрiсте пайдалануға жiберiлген тиiстi Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмдерiн жүргiзедi.
      4. Патентпен селекциялық жетiстiкке берiлген құқықтық қорғау көлемi сорттың, тұқымның сипаттамасына енгiзiлген белгiлердiң жиынтығымен анықталады.
      5. Өсiмдiктер сортына патенттiң қолданылу мерзiмi Қазпатентке өтiнiм берiлген күннен бастап - 25 жыл, мал тұқымдарына - 30 жыл, жүзiм, сәндiк ағаш, жемiс және орман дақылдары сорттарына, оның iшiнде олардың қалемшелерiне - 35 жыл болады.
      Патенттiң қолданылу мерзiмiн патент иесiнiң өтiнiшi бойынша Қазпатент ұзартады, бiрақ ол 10 жылдан аспауы керек.

2-тарау. Селекциялық жетістіктің патентке
қабілеттілігі

      4-бап. Селекциялық жетiстiктiң патентке
             қабiлеттiлiк шарттары

      1. Патент жаңалығы, ерекшелiгi, бiртектiлiгi және тұрақтылығы бар селекциялық жетiстiкке берiледi.
      2. Егер патент беруге өтiнiм жасалған күнге дейiн белгiлi бiр селекциялық жетiстiктiң ұрығы немесе басқа да отырғызылатын материалы, асыл тұқымдық материалы мына аумақта:
      1) Қазақстан Республикасында - өтiнiм берiлген күнге дейiн бiр жыл бұрын;
      2) кез келген басқа мемлекетте - өтiнiм берiлген күнге дейiн бiр жылдық дақылдар бойынша төрт жыл бұрын және көп жылдық дақылдар, тұқымдар бойынша алты жыл бұрын сатылмаса және автор немесе оның құқықтық мирасқоры сортты, тұқымды пайдалану үшiн басқа адамдарға бермесе, сорт, тұқым жаңа деп есептеледi.
      Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне тиiстi тек пен түр енгiзiлген күнге дейiн пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркелген сорт, тұқым сортқа, тұқымға жаңа болуы жөнiнде талап қойылмай-ақ патентке қабiлеттi деп танылуы мүмкiн. Бұл орайда басымдық берiлетiн күн мемлекеттiк комиссияға пайдалануға рұқсат ету жөнiнде өтiнiм түскен күн бойынша белгiленедi.
      Мұндай селекциялық жетiстiктерге осы Заңның 3-бабында аталған патенттiң қолданылу мерзiмi пайдалануға рұқсат етiлген жылдан бастап патент берiлген жыл аралығындағы мерзiмге қысқартылады. Осы Заңның 9-бабында көзделген уақытша құқықтық қорғау мұндай селекциялық жетiстiктерге қатысты қолданылмайды.
      3. Егер сорттың, тұқымның өтiнiм берiлген кезде бар екенi жалпыға мәлiм кез келген басқа сорттан, тұқымнан анық өзгешелiгi болса, олар ерекшелiк өлшемдерiне сай келедi. Патент алуға өтiнiм беру немесе сорттың, тұқымның жаңа сорттардың, тұқымдардың ресми тiзiлiмiне енгiзiлуi, осы өтiнiм беру нәтижесiнде патент берiлген немесе сорт, тұқым аталған тiзiлiмге енгiзiлген жағдайда, сортты, тұқымды өтiнiм берiлген күннен бастап кез келген елде жалпыға мәлiм етедi.
      Сорттардың, тұқымдардың жалпыға мәлiмдiгi өсiру, пайдалану және жариялау фактiлерi бойынша да белгiленуi мүмкiн. Сорттың, тұқымның сипатталу және айырықша ерекшелiктерiн анықтауға мүмкiндiк беретiн белгiлер қалпына келтiрiлетiн және дәл сипаттауға ыңғайлы болуға тиiс.
      4. Егер сорттың, тұқымның көбею ерекшелiктерiн есепке алғанда осы сорт өсiмдiктерi немесе тұқым селекцияланатын белгiлерi бойынша бiртектi болса, сол сорт пен тұқым бiртектi деп есептеледi.
      5. Егер сорттың, тұқымның негiзгi белгiлерi - әрбiр көбеюден кейiн, ал көбеюдiң ерекше циклы жағдайында көбеюдiң әр циклының соңында өзгерiссiз қалса, олар тұрақтылық өлшемiне сай келедi.

      5-бап. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм

      1. Патент алуға өтiнiм Қазпатентке берiледi.
      Автордың немесе оның құқықтық мирасқорының патент алуға өтiнiм беруге құқығы бар.
      Селекциялық жетiстiк қызмет тапсырмасын немесе қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде жасалған, ашылған немесе шығарылған жағдайда, егер автор мен жұмыс берушiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, патент алуға өтiнiм беру құқығы жұмыс берушiге тиесiлi болады.
      Егер селекциялық жетiстiктi бiрнеше адам жасаса, ашса немесе шығарса немесе олар авторлардың құқықтық мирасқорлары болса, өтiнiмдi сол өтiнiш жасаушылар беруi мүмкiн.
      Өтiнiм сенiмхатқа негiзделген өкiлеттiкке сүйенiп, патент алуға байланысты iстi жүргiзетiн өкiл арқылы берiлуi мүмкiн.
      2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар патент алу және олардың күшiнде болуы жөнiндегi істердi жүргiзедi, шағым кеңесiне қарсылықтар бередi және Қазпатентте тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер арқылы оларды қарауға қатысады.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тысқары жерлерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiндегi хат жазысу мекен-жайын көрсеткен жағдайда, патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлсiз патенттермен байланысты iстердi жүргiзе алады.
      Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң өкiлеттiгi оған өтiнiм берушi немесе патент иесi берген сенiмхатпен куәландырылады.
      3. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм өсiмдiктiң әрбiр сортына, жануарлардың тұқымына ресiмделедi және онда:
      1) патент беру туралы өтiнiш;
      2) селекциялық жетiстiк сауалнамасы;
      3) iс өкiл арқылы жүргiзiлген жағдайда, сенiмхат болуға тиiс.
      Селекциялық жетiстiкке патент беруге жасалған өтiнiмге белгiленген мөлшерде өтiнiм беруге ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту үшiн негiздеменi растайтын құжат қоса тiркеледi, олар өтiнiммен бiрге немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде табыс етiлуi мүмкiн. Тиiстi ақы төленген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
      Белгiленген мерзiмде ақы төленгенi туралы құжаттар табыс етiлмеген жағдайда өтiнiм берiлмеген деп танылады.
      4. Патент алуға арналған өтiнiм мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде берiледi.
      5. Өтiнiм құжаттарына қойылатын талаптарды және оларды қарау тәртiбiн Қазпатент белгiлейдi. Мәлiмделген сортқа, тұқымға сараптама жасауға қажеттi басқа құжаттар мен материалдар мемлекеттiк комиссияның сауал салуы бойынша берiледi.

      6-бап. Селекциялық жетiстiктiң атауы

      1. Селекциялық жетiстiктiң атауы селекциялық жетiстiктi бiр ізге түсiруге мүмкіндік беруге, қысқа болуға, сол немесе соған жақын ботаникалық немесе зоологиялық түрдiң бар селекциялық жетiстiктерiнiң атауларынан өзгеше болуға тиiс. Ол тек цифрлардан ғана тұрмауға, қасиеттерiне, шығу тегiне, селекциялық жетiстiктiң маңызына, селекционердiң жеке басына қатысты жаңылыстырмауға тиiс, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келмеуге тиiс.
      2. Егер бiрдей сорт, тұқым үшiн патент алуға берiлген өтiнiм Қазақстан Республикасына немесе басқа елдерге берiлсе, сорттың, тұқымның атауы осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келмейтiн жағдайларды қоспағанда, бiрдей сорттың, тұқымның атауы да бiрдей болуға тиiс.
      3. Егер сорттың, тұқымның атауы осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сай келмесе, өтiнiш берушi Қазпатенттің сауал салуы бойынша екi ай мерзімде жаңа атау ұсынуға мiндеттi.
      4. Селекциялық жетiстiктi пайдаланушы кез келген адам, тiптi патенттiң қолданылу мерзiмi өтiп кеткен соң да, сорттың, тұқымның Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркелген атауын көрсетуге мiндеттi.

      7-бап. Селекциялық жетiстiктiң басымдығы

      1. Сорттың, тұқымның басымдығы Қазпатентке патент алу туралы өтiнiш пен селекциялық жетiстiк сауал-сұрағынан тұратын өтiнiм берiлген күн бойынша белгiленедi.
      2. Басымдық Селекциялық жетiстiктердi қорғау жөнiндегi халықаралық конвенцияға қатысушы елде бiрiншi өтiнiмнiң берiлген күнi бойынша белгiленуi мүмкiн (конвенциялық басымдық). Өтiнiш берушi бiрiншi өтiнiмнiң конвенциялық басымдық құқығын ол берiлген күннен бастап 12 ай iшiнде пайдаланады.
      Конвенциялық басымдық құқығын пайдаланғысы келген өтiнiш берушi Қазпатентке жiберiлетiн өтiнiмде бiрiншi өтiнiмнiң басымдық күнiн және келесi өтiнiм берiлген күннен бастап үш ай iшiнде бiрiншi өтiнiмнiң осы өтiнiм берiлген орган куәландырған көшiрмесiн табыс етуге тиiс.
      Осы шарттар орындалған жағдайда өтiнiш берушi бiрiншi өтiнiм берiлген күннен бастап үш жыл iшiнде қосымша құжаттама мен сынақ өткiзуге қажеттi материал бермеуге құқылы.

3-тарау. Селекциялық жетістікке патент беруге
жасалған өтінімнің сараптамасы

      8-бап. Алдын ала жүргізілетін сараптама

      1. Өтiнiм берiлген күннен бастап екi ай мерзiм өткен соң Қазпатент ол бойынша алдын ала сараптама жүргiзедi. Алдын ала сараптама жүргiзу барысында өтiнiмге басымдық берiлген күн белгiленедi, қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға белгiленген талаптардың орындалуы тексерiледi. Патент беруге жасалған өтiнiмге алдын ала сараптама екi ай мерзiмде жүргiзiледi.
      Қажет болған жағдайда өтiнiш берушi өтiнiм берiлген күннен бастап екi ай ішінде оған нақтылау, енгізе алады.
      2. Сортқа, тұқымға жасалған өтiнiмге келiп түскен, өтiнiмнiң алғашқы материалдарында келтірілмеген белгілері бар және өтінім берiлген сорттың, тұқымның мәнiн өзгертетiн қосымша материалдар өтінiм қаралған кезде назарға алынбайды.
      3. Қазпатенттiң алдын ала жүргiзген сараптамасынан оң нәтиже алынған жағдайда өтінімді одан әрі қарау туралы шешім қабылданады. Өтiнiмнiң және селекциялық жетiстiк сауал-сұрақтарының көшiрмелерi мемлекеттiк комиссияға жiберiледi.
      4. Егер алдын ала жүргiзiлген сараптамада өтiнiмнiң белгiленген талаптарға сай келмейтiндiгi анықталса, оны одан әрi қараудан бас тарту туралы шешім қабылданады, ол туралы өтiнiш берушiге бiр ай мерзiмде хабарланады.
      5. Өтiнiмдi одан әрi қараудан бас тарту туралы шешiмге өтiнiш берушi шешiмдi алған күннен бастап екi ай iшiнде Қазпатентке қарсылық бере алады. Шағым кеңесi қарсылықты ол келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде қарауға тиiс.
      Шағым кеңесi шешiмiне өтiнiш берушi ол шешiмдi алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағымдануы мүмкiн.
      6. Алдын ала жүргiзiлген сараптама нәтижесiнде оң шешiм шығарылған өтiнiмдер туралы мәлiметтер өтiнiм түскен күннен бастап 18 ай өткеннен кейiн бюллетеньде жарияланады. Өтiнiш берушiнiң өтiнуi бойынша Қазпатент өтiнiм материалдарын аталған мерзiмнен бұрын да жариялай алады.
      7. Сорттың, тұқымның авторы өтінім материалдарында өз есiмiнiң жариялануынан бас тартуға құқылы.

      9-бап. Селекциялық жетiстiктiң уақытша құқықтық
             қорғалуы

      1. Қорғауға өтiнiм жасалған селекциялық жетiстiкке өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап патент берiлген күнге дейін уақытша құқықтық қорғау белгiленеді.
      2. Патент иесi патент алғаннан кейiн селекциялық жетiстiктi уақытша құқықтық қорғау кезеңiнде осы Заңның 14-бабының 1-тармағында аталған әрекеттерді өтініш берушінің рұқсатынсыз жасаған адамнан өтем алуға құқығы бар.
      3. Селекциялық жетiстiктi уақытша құқықтық қорғау кезеңiнде өтiнiш берушiге тек ғылыми мақсаттарда және сату мен өзгедей беру селекциялық жетiстiкке құқықты өзгедей беруге немесе ұрықты, асыл тұқымдық материалды олардың қорын құру мақсатымен өтiнiш берушiнiң тапсырысы бойынша өндiруге байланысты болған жағдайларда ғана ұрықты, асыл тұқымдық материалды сатуға және өзгедей беруге рұқсат етiлген.
      Аталған талаптарды өтiнiш берушi немесе оның келiсiмiмен басқа адам бұзған жағдайда уақытша құқықтық қорғау болған жоқ деп есептеледi.

      10-бап. Селекциялық жетiстiктiң патент қабiлетiне
              жасалған өтiнiмдер сараптамасы

      1. Кез келген мүдделi адам өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланған күннен күннен бастап алты ай ішінде мемлекеттік комиссияға мәлiмделген селекциялық жетiстiкке қатысты талабын жiбере алады.
      Негiзделген талаптың түскенi туралы мемлекеттiк комиссия өтiнiш берушiге талаптың мәнiн баяндай отырып хабарлайды.
      Талаппен келiспеген жағдайда өтiнiш берушiнiң хабарламаны алған күннен бастап үш ай мерзiмде мемлекеттiк комиссияға дәлелдi қарсылық жiберуге құқығы бар.
      Қазпатент мемлекеттiк комиссияның қорытындысы негiзiнде шешiм қабылдайды және ол туралы мүдделi адамға хабарлайды.
      Егер сорт, тұқым жаңалық өлшемiне сәйкес келмесе, патент беруден бас тарту туралы шешiм қабылданады.
      2. Сорттың, тұқымның ерекшелiгiн, бiртектiлiгiн және тұрақтылығын сынақтан өткiзудi қабылданған әдiстемелер бойынша мемлекеттiк комиссиялар белгiленген мерзiмде жүргiзедi.
      Өтiнiш берушi ұрықтың немесе асыл тұқымдық материалдың сараптама үшiн қажеттi мөлшерiн табыс етуге мiндеттi.
      3. Мемлекеттiк комиссиялар Қазақстан Республикасының, сондай-ақ тиiстi шарттар жасасылған басқа мемлекеттердiң басқа да ұйымдары жүргiзген сынақтардың нәтижелерiн және өтiнiш берушi табыс еткен деректердi пайдалануға құқылы.
      4. Сорт, тұқым патент қабiлетi талаптарына сай келген жағдайда, мемлекеттiк комиссия сорттың, тұқымның ресми сипаттамасын жасайды, соның негiзiнде Қазпатент патент беру туралы шешiм қабылдайды.
      5. Егер сараптама жүргiзiлген кезде сорттың, тұқымның патент қабiлетi талаптарына сай келмейтiндiгi анықталса, Қазпатент мемлекеттiк комиссияның қорытындысы негiзiнде патент беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды, ол туралы өтiнiш берушiге бiр ай мерзiмде жазбаша түрде хабарлама жiбередi.
      Өтiнiш берушi патент беруден бас тарту туралы шешiмге оны алған күннен бастап үш ай мерзімде Қазпатентке қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап үш ай мерзiмде қарауға тиiс.
      Шағым кеңесiнiң шешiмiне өтiнiш берушi ол шешiмдi алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағымдана алады.
      6. Өтiнiш берушi сараптама қарсы қойған барлық материалдармен таныса алады. Өтініш берушi сұраған материалдардың көшiрмелерiн Қазпатент оған сауал салудан алған күннен бастап бiр ай мерзiмде жiбередi.

4-тарау. Автор және патент иесі

      11-бап. Селекциялық жетiстiктiң авторы

      1. Селекциялық жетiстiктi шығармашылық еңбегiмен жасаған, ашқан немесе өсiрiп шығарған жеке тұлға автор болып танылады.
      2. Егер селекциялық жетiстiк бiрнеше адамның ұжымдық шығармашылық еңбегiмен жасалса, олардың бәрi де оның авторлары (Қосымша авторлары) болып есептеледi. Авторларға тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.
      3. Авторға (авторларға) тек техникалық, ұйымдық көмек көрсеткен немесе сортқа, тұқымға берiлетiн құқықтарды әзiрлеуге және ресiмдеуге жәрдемдескен адамдар авторлар болып танылмайды.

      12-бап. Селекциялық жетiстiк авторының құқықтары

      1. Автордың құқығы иелiктен алуға болмайтын жеке құқық болып табылады және мерзiмсiз қорғалады.
      2. Авторлық Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген селекциялық жетiстiктiң әр авторына Қазпатент беретiн автор куәлiгiмен расталады.
      3. Өзiнiң селекциялық жетiстiгiне өз есiмiн беруге автордың құқығы бар.
      4. Автордың өзi жасаған, ашқан немесе өсiрiп шығарған селекциялық жетiстiктi патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде пайдаланғаны үшiн патент иесiнен сыйақы алуға құқығы бар. Сыйақы төлемiнiң мөлшерi мен шарты патент иеленушi мен автор арасында жасасылған шартта белгiленедi.
      Бұл орайда автор сыйақысының мөлшерi патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiктердi пайдаланғаны үшiн алатын жыл сайынғы түсiмдерi, оның iшiнде лицензия сатудан алатын түсiмдерi сомасының бес процентiнен кем болмауға тиiс.
      Егер автордың патент иеленушiмен шартында өзгеше көзделмесе, авторға сыйақы селекциялық жетiстiк пайдаланылған әрбiр жыл бiткеннен кейiн алты ай iшiнде төленедi.
      Егер сортты, тұқымды бiрнеше автор жасаса, ашса немесе өсiрiп шығарса, сыйақы олардың арасындағы келiсiмге сәйкес бөлiнедi.

      13-бап. Селекциялық жетiстiктiң патент иесi

      Патент:
      1) селекциялық жетiстiк авторына (авторларына);
      2) оның мұрагерiне (мұрагерлерiне);
      3) автор (авторлар) немесе оның (олардың) құқықтық мирасқорлары Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне селекциялық жетiстiк тiркелген кезге дейiн патент беруге жасаған өтiнiмiнде не Қазпатентке берген өтiнiшiнде көрсетiлген жеке және (немесе) заңды тұлғаларға (олардың келiсiмi болған кезде);
      4) егер селекциялық жетiстiктi қызметкер қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде жасаса, автор мен жұмыс берушiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс берушiге берiледi.
      Атына патент беру сұралып отырған бiрнеше адам болған жағдайда, оларға бiр патент берiледi.

      14-бап. Патент иеленушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Егер мұндай пайдалану басқа патент иеленушiлердiң құқықтарын бұзбайтын болса, патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiктi пайдалануға айрықша құқығы болады. Селекциялық жетiстiкке қатысты мынадай iс-әрекетке патент иеленушiнiң рұқсаты керек:
      1) өндiру немесе молайту (көбейту);
      2) көбейту мақсаты үшiн ұрықты себетiндей деңгейге жеткiзу;
      3) сатуға ұсыну;
      4) сату немесе өткiзудiң өзге де түрлерi;
      5) Қазақстан Республикасының аумағынан әкету;
      6) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
      7) жоғарыда аталған мақсаттар үшiн сақтау.
      2. Патент иеленушiнiң құқығы азаматтық айналымға патент иеленушiнiң рұқсатынсыз енгiзiлген ұрықтар мен асыл тұқымды жануарлардан өндiрiлген өсiмдiк материалы мен тауарлы малға да қолданылады.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi селекция жетiстiктерiнiң сорты мен тұқымының:
      1) егер осы селекциялық жетiстiктердiң өздерi басқа селекциялық жетiстiктiң белгiлерiн мұра ретiнде иеленбеген болса, селекциялық жетiстiктiң белгiлерiн елеулi дәрежеде мұра ретiнде иеленетiн;
      2) селекциялық жетiстiктен көрiнеу ерекшеленбейтiн;
      3) селекциялық жетiстiктен жеке iрiктеу, индукцияланған немесе сомаклонды мутанттарды iрiктеу, керi шағылыстыру және гендiк инженерия әдiстерiн қоспағанда, сорттың, тұқымның генотипiн немесе генотиптер ұштасуын қорғауға мүмкiндiк беретiн әдiстердiң бiрi тудырған өзгерiстерiмен ерекшеленетiн;
      4) оларды молайту селекциялық жетiстiктi сан мәрте пайдалануды қажет ететiн ұрықтары мен асыл тұқымды материалына қатысты қолданылады.
      4. Басқа құқықтар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен реттеледi.
      5. Патент иеленушi:
      1) азаматтық айналымға өндірісте пайдалануға жіберілген сортты, тұқымды енгiзуге;
      2) сортты, тұқымды қорғау мақсатында мемлекеттiк комиссия белгiлеген ресми сипаттамада көрсетiлген белгiлердiң сақталуы үшiн патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде сортты, тұқымды бiрқалыпты ұстап тұруға;
      3) патенттi күшiнде ұстау үшiн жыл сайын ақы төлеп тұруға мiндеттi.

      15-бап. Патент иеленушiнiң құқықтарын бұзғаны үшiн
              жауаптылық

      1. Осы Заңды бұза отырып өсiмдiктер сортын, жануарлар тұқымын пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға патент иеленушiнiң құқықтарын бұзғанына кiнәлi болып саналады.
      2. Жеке немесе заңды тұлға, егер:
      1) патент иеленушiнiң рұқсатынсыз өтiнiм берiлген сорт, тұқым туралы коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтi ашса;
      2) өндiрiлген және сатылған өсiмдiктердiң қорғалатын сорттарына, асыл тұқымды мал тұқымдарына тiркелгендегiсiнен өзгеше атау берсе;
      3) өндiрiлген және сатылатын өсiмдiктердiң қорғалатын сорттарына, асыл тұқымды мал тұқымдарына селекциялық жетiстiкпен шатастыратындай дәрежеде ұқсас атау берсе;
      4) iс жүзiнде ондай емес өндiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдарға, асыл тұқымды материалға селекциялық жетiстiктiң iс жүзiнде ондай емес атауын берсе;
      5) селекциялық жетiстiк туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтерi бар құжаттар табыс етсе, патент иесiнiң құқықтарын бұзушы болып саналады.
      3. Патент иеленушiнiң құқықтарын бұзған тұлға патент иесiне селекциялық жетiстiктi пайдаланғаны үшiн өтем төлеуге, сондай-ақ заңдарға сәйкес осы Заңды бұзу салдарынан туындаған басқа да шығындардың орнын толтыруға мiндеттi.
      4. Айрықша немесе айрықша емес лицензияның иесi патент иеленушiнiң жазбаша рұқсаты бойынша немесе оның сенiмхаты бойынша патенттi бұзушыға талап қоя алады.
      5. Шығындардың орнын толтыру туралы талап шығын келтiрiлген күннен басталып, патенттiң бұзылу кезеңiне белгiленедi.

      16-бап. Құқықты мұраға қалдыру

      Селекциялық жетiстiкке өтiнiм беру және оған патент алу құқығы, селекциялық жетiстiктi пайдалануға, сондай-ақ сыйақы төлеу мен оларды пайдаланудан түскен кiрiске айрықша құқықтар мұра ретiнде ауысады.

      17-бап. Патент иеленушiнiң айрықша құқықтарын
              бұзу болып танылмайтын iс-әрекет

      Селекциялық жетiстiктi пайдалануға қатысты:
      1) жеке және коммерциялық емес мақсаттарда жасалатын;
      2) сынау мақсатында жасалатын;
      3) осы Заңның 14-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, селекциялық жетiстiктердi басқа сорттар мен тұқымдар шығарудың бастапқы материалы ретiнде пайдалану жөнiндегi iс-әрекеттер патент иеленушiнiң құқықтарын бұзу болып танылмайды.

5-тарау. Селекциялық жетістікті пайдалану

      18-бап. Лицензиялық шарт

      1. Патент иеленушi болып табылмайтын кез келген адам селекциялық жетiстiктi патент иеленушiнiң рұқсатымен ғана лицензиялық шарт негiзiнде пайдалануға құқылы.
      2. Лицензиялық шартта лицензиатқа:
      1) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап пайдалану құқығымен лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығын (жай, ерекше емес лицензия);
      2) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап, бiрақ лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз пайдалану құқығын (ерекше лицензия);
      3) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз пайдалану құқығын (толық лицензия) беру көзделуi мүмкiн.
      Егер лицензиялық шартта лицензияның түрi көрсетiлмесе, ол жай, ерекше емес лицензия деп есептеледi.
      3. Лицензиаттың басқа тұлғаға (сублицензиатқа) селекциялық жетiстiктi пайдалану құқығына ерекше лицензия беруi туралы шарт (сублицензиялық шарт) лицензиялық шартта көзделген жағдайларда ғана жасалуы мүмкін.
      Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, сублицензиаттың iс-әрекетi үшiн лицензиар алдыруда лицензиат жауапты болады.
      4. Лицензиялық және сублицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және Қазпатентте тiркелуге тиiс. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
      5. Елдегі төтенше жағдайлар кезiнде немесе мейлiнше қажет болған басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң селекциялық жетiстiктi патент иеленушiнiң келiсiмiнсiз, бiрақ оны дереу хабардар етiп және оған сәйкес өтемақысын төлей отырып пайдалануға рұқсат етуге құқығы бар. Өтемақының мөлшерi туралы дауларды сот шешедi.

      19-бап. Ашық лицензия

      Патент иеленушi кез келген тұлғаға селекциялық жетiстiктi пайдалануға лицензия алу құқығын беру туралы Қазпатентке өтiнiш бере алады (ашық лицензия).
      Аталған лицензияны алуға тiлек бiлдiрген тұлға патент иеленушiмен төлемдер туралы шарт жасасып, оны мiндеттi түрде Қазпатентте тiркетуге мiндеттi. Шарт жөнiндегi дауларды сот қарайды.
      Патент иеленушiнiң ашық лицензияға құқық беру туралы өтiнiшi бюллетеньде ашық лицензия туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойы өз күшiн сақтайды. Аталған мерзiм шегiнде патенттi күшiнде ұстау үшiн төленетiн ақы ашық лицензия туралы мәлiметтер жарияланған жылдан кейiнгi жылдан бастап елу процентке кемiтiледi.

      20-бап. Мәжбүрлеу лицензиясы

      1. Патент иеленушi селекциялық жетiстiктi пайдаланбаған және ол қолайлы коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасаудан бас тартқан жағдайда, егер селекциялық жетiстiк патент беру туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл iшiнде селекциялық жетiстiкке патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн селекциялық жетiстiк үздiксiз пайдаланылмаса, кез келген тұлға өзiне ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа өтiнiш жасай алады. Егер патент иеленушi селекциялық жетiстiктiң пайдаланылмауы дәлелдi себептерге байланысты болмағанын дәлелдемесе, сот аталған лицензияны төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртiбiн көрсете отырып бередi. Төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.
      Кез келген мәжбүрлеу лицензиясы ең алдымен Қазақстан Республикасының iшкi рыногының қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн берiлуге тиiс.
      Аталған селекциялық жетістікті пайдалану құқығын мәжбүрлеу лицензиясы берілген тұлға басқа тұлғаға осы селекциялық жетiстiктiк пайдаланылатын кәсiпорынмен бiрге ғана беруi мүмкiн.
      Мәжбүрлеу лицензиясын беруге себеп болған мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған жағдайда сот оның күшiн жоюға тиiс.
      2. Селекциялық жетiстiктердi бұл орайда қолайлы коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан басқа патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiкке құқығын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленушiнiң өзiне селекциялық жетiстiктi Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа арыз жазып жүгінуге құқығы бар.
      Аталған лицензия берiлген жағдайда сот патентi басқа тұлғаға тиесiлi селекциялық жетiстiктiң пайдаланылу шегiн, төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртiбiн белгiлеуге тиiс. Бұл орайда төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.
      Селекциялық жетiстiктi пайдалануға осы тармақ негiзiнде алынған құқық осы селекциялық жетiстiкке патенттi сол құқықтың берiлуiне байланысты берген жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.

6-тарау. Патенттің қолданылуын тоқтату

      21-бап. Патенттi жарамсыз деп тану

      1. Патент бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде, егер:
      1) оның мәлiмдеушi берген селекциялық жетiстiктiң бiртектiлiгi және тұрақтылығы туралы расталмаған деректер негiзiнде берiлгенi;
      2) патент берген күнiнде селекциялық жетiстiктiң жаңалық пен ерекшелiк өлшемдерiне сәйкес келмегенi;
      3) патентте патент иесi ретiнде аталған адамның патент алуға заңды негiздемелерi болмағаны анықталса, оның берiлуi дау туғызуы және оған қарсылықтар бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша патент беруге қарсы қарсылық Қазпатентке берiледi. Егер қосымша сынақтар өткiзу қажет етiлмесе, қарсылықты шағым кеңесi оның түскен күнiнен бастап алты ай мерзiмде қарауға тиiс. Қарсылық берген тұлға патент иесiн қарсылықпен таныстыруға мiндеттi.
      Шағым кеңесiнiң шешiмiне қарсылық бiлдiрушi тұлға немесе патент иесi өздерiнiң шешiмдi алған күнiнен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым беруі мүмкін.

      22-бап. Патенттiң күшiн жою және оны мерзiмiнен
              бұрын тоқтату

      1. Селекциялық жетiстiкке берiлген патенттiң күшiн Қазпатент:
      1) оны осы Заңның 21-бабына сәйкес заңсыз деп таныған;
      2) сорт, тұқым бiртектiлiк пен тұрақтылық көрсеткiштерiне ендiгi жерде сәйкес келмеген;
      3) сорттың, тұқымның аман сақталуын тексеру үшiн сараптама органының өтiнiшi бойынша патент иеленушi қажеттi ақпаратты, ұрықты, асыл тұқым материалдарын және құжаттарды 12 ай iшiнде бермеген немесе осы мақсаттар үшiн жергiлiктi жерлерде сортқа, тұқымға инспекция жүргiзу үшiн жағдайлар болмаған;
      4) егер патент иеленушi басқа, неғұрлым лайықты атау ұсынбаса, патент берiлгеннен кейiн селекциялық жетiстiктiң атауы жойылған кездерде жояды.
      2. Патенттiң қолданылуы:
      1) патент иеленушiнiң бюллетеньде патенттiң қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап Қазпатентке берген өтiнiшi негiзiнде;
      2) ақы төлеудiң белгiленген мерзiмi өткен күннен бастап патенттi күшiнде ұстаудың белгiленген мерзiмiнде ақы төленбеген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      23-бап. Осы Заңды қолдануға байланысты дауларды шешу

      Сортқа және тұқымдарға берiлген патенттер туралы заңдарды бұзуға байланысты даулар, атап айтқанда:
      1) сортқа, тұқымға авторлық туралы;
      2) патент иеленушiнi белгiлеу туралы;
      3) патент иеленушiнiң пайдалануға ерекше құқығын және басқа мүлiктiк құқықтарын бұзу туралы;
      4) селекциялық жетiстiктi пайдалануға лицензиялық шарттарды жасасу және оны орындау туралы;
      5) осы Заңда көзделген өтемақыларды төлеу туралы;
      6) шартқа сәйкес авторға сыйақы төлеу туралы;
      7) патент беру туралы;
      8) мәжбүрлеп лицензия беру туралы;
      9) патенттен туындайтын құқықтарды қорғауға байланысты басқа да даулар сот тәртiбiмен қаралады.

      24-бап. Селекциялық жетiстiктердi өндiрiсте пайдалану

      1. Пайдалануға рұқсат етiлген селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмдерiне сортты, тұқымды шаруашылыққа пайдалылығына мемлекеттік сынақтар жасау нәтижелері бойынша, ал жүзім сорттары, діндік, сәндік, жемістік дақылдары мен ағаш тұқымдары бойынша да белгiленген тәртiппен сарапшылық бағалаулар негiзiнде мемлекеттiк комиссиялар енгiзедi.
      2. Өткiзiлетiн ұрықтармен және асыл тұқымдық материалмен олардың қандай сортқа, тұқымға жататынын, қайдан шыққанын және сапасын куәландыратын тиiстi құжаттар қоса жүруге тиiс.
      Құжат тиiстi аймақта пайдалануға жiберiлетiн сорттың ұрығына, тұқымның асыл тұқымды материалына берiледi.

      25-бап. Заңдық маңызы бар әрекеттерге ақы төлеу

      Қазпатенттiң және мемлекеттiк комиссиялардың осы Заңда көзделген, патенттер беруге, оларды тiркеуге өтiнiмдер қабылдауды қамтитын әрекеттердi жүзеге асырғаны, селекциялық жетiстiктерге сараптама жүргiзгенi, патент бергенi және оларға қатысушылар үшiн құқықтар мен мiндеттер туғызатын өзге де әрекеттер үшiн Қазпатент Заңдарға сәйкес ақы алады.

      26-бап. Жарияланымдар

      1. Қазпатент ресми бюллетень шығарады, онда:
      1) селекциялық жетiстiк басымдығының күнiн, өтiнiм берушiнiң атын (атауын), селекциялық жетiстiктiң атауын, егер бас тартпаса, автордың аты-жөнiн көрсете отырып, оңды нәтиже мен алдын ала сараптамадан өткен патент беруге жасалған өтiнiмдер туралы;
      2) патент беру туралы өтiнiм бойынша қабылданатын шешiмдер туралы;
      3) селекциялық жетiстiктердiң атауындағы өзгерiстер туралы;
      4) патенттердi жарамсыз және олардың күшi жойылды деп тану туралы;
      5) селекциялық жетiстiктердi қорғауға қатысты басқа да мәлiметтер жариялайды.
      2. Сараптама оң нәтижелерi берген өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейін кез келген адам өтінім материалдарымен танысуға құқылы.

      27-бап. Селекциялық жетiстiктердi шет елдерде патенттеу

      Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары Қазақстан Республикасының аумағында жасалған селекциялық жетiстiктiң қорғалуын сұрап, тиiстi өтiнiшi Қазпатентке берiлгеннен кейiн үш ай өткен соң ғана немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк құпия болып табылатын мәлiметтердiң болуына жүргiзiлетiн тексеру аяқталса, одан бұрынырақ басқа мемлекеттiң құзыреттi органына өтiнiм беруге құқылы.

      28-бап. Шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және
              шетелдiк заңды тұлғалардың құқықтары

      1. Шетелдiктер мен шетелдiк заңды тұлғалар осы Заңда және Қазақстан Республикасының селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы өзге де заң және нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде немесе өзара түсiнiстiк принципiнде Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады.
      2. Қазақстан Республикасында тұратын азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда және селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғауға қатысты өзге де актiлерде көзделген құқықтарды, егер осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден өзгеше туындамаса, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады.

      29-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан басқа ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті