Өсімдіктер карантині туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпандағы N 344-I Заңы

Жаңартылған

      Ескерту. Заңның бүкіл мәтіні бойынша "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметі", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызмет", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметтің", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметке", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметтен", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметінің", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметті" деген сөздер тиісінше "уәкілетті органы", "уәкілетті орган", "уәкілетті органның", "уәкілетті органға", "уәкілетті органнан", "уәкілетті органының", "уәкілетті органды" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен , мәтiнде   сөздер ауыстырылды - 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шараларды жүзеге асырудың құқықтық негiзi мен принциптерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгi ұғымдар пайдаланылады:
 

      1) импорттық карантиндiк рұқсат - Қазақстан Республикасының уәкілетті органы белгiлейтiн шарттарда карантинге жатқызылған өнiмдi Республикаға әкелуге, сондай-ақ оның транзитiне рұқсат беретiн құжат;
 

      2) жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктер - импорттық отырғызылатын және тұқымдық материалдағы карантиндi объектiлердiң және басқа да ерекше қауiптi зиянды организмдердiң жасырын жұғуын анықтау үшін арнайы жабдықталған көшеттiктер;
 

      3) карантиндi аймақ - карантиндi объектiнiң анықталуына байланысты белгiленген тәртiппен карантинге жатқызған деп жарияланған аумақ;
 

      4) карантиндiк шара - Республика аумағына карантиндi объектiлердiң енуiн немесе таралуын болғызбауға бағытталған рәсiм;
 

      5) карантиндi объект - бекiтiлген Карантиндiк түрлер тiзбесiне сәйкес зиянкес, өсiмдiктердiң ауруын қоздырғыш немесе өсiмдiктерге және өсiмдiк өнiмiне айтарлықтай зиян келтiруі мүмкiн, Республика аумағында жоқ немесе шектеулi таралған арамшөп;
 

      5-1) карантиндік сертификат мемлекет ішінде тасымалдауға арналған карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыратын құжат;
 

      6) өсiмдiктер карантинi (фитосанитариялық қорғау) - Республиканың өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмiн карантиндi объектiлердiң басқа мемлекеттерден, сондай-ақ Республиканың карантиндi аймағынан әкелiнуiнен және енуiнен қорғауға, ал олар таралған жағдайда - олардың таралу ошақтарын оқшаулауға және жоюға бағытталған мемлекеттiк шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
 

      7) өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау - уәкілетті органның лауазымды адамдары жүзеге асыратын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi нормалардың, ережелер мен нұсқаулықтар талаптарының орындалуын тексеру қызметi;
 

      7-1) фитосанитариялық тәуекелді бағалау - қолданылуы мүмкін фитосанитариялық шараларды ескере отырып, карантиндік объектілердің ену, орнығу мен таралу ықтималдығын және осыған байланысты болатын әлеуетті биологиялық және экономикалық зардаптарды ғылыми-зерттеу ұйымдары мен уәкілетті орган жүргізетін ғылыми негізделген бағалау;
 

      8) карантиндi объектiнiң ошағы - карантиндi объект анықталған және карантиндiк шаралар жүзеге асырылуға тиiс немесе жүзеге асырылып жатқан аумақ;
 

      9) карантинге жатқызылған өнiм - өздерi арқылы карантиндi объектiлердi таратуы мүмкiн кез келген материалдар (жүктер);
 

      9-1) өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар - Қазақстан Республикасының Үкiметі құратын, қызметі мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру құқығынсыз карантиндік объектілердiң ошақтарын анықтауға, оқшаулауға және жоюға бағытталған мемлекеттiк кәсiпорындар;
 

      9-2) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының аумағында өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк реттеудi және мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган және шекаралық пункттері мен шекарадағы постылары бар оның аумақтық органдары;
 

      10) фитосанитариялық сертификат - карантинге жатқызылған экспорттық өнiмнiң карантиндiк жай-күйiн куәландыратын құжат;
 

      11) фумигациялық отрядтар - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкілетті органның және шекаралық пункттері мен шекарадағы постыларын қоса алғанда, оның аумақтық органдарының ұйғарымдары бойынша карантинге жатқызылған өнімді газбен дезинсекциялау әдiсiмен залалсыздандыруды жеке және заңды тұлғалардың өтiніштерi бойынша орындайтын өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың бөлiмшелерi;
 

      12) бөтен тектi түр - Қазақстан Республикасының флорасы мен фаунасында жоқ, пайда бола қалған жағдайда елеулi экономикалық және экологиялық залал келтіруі мүмкін насеком, өсімдік ауруларын қоздырушы және арамшөп түрi.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 , 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы заңдар

      Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

      3-бап. Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi

      Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
 

      1) Республика аумағын шет елдерден немесе карантиндi аймақтан карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнен немесе өз бетiмен енуiнен қорғау;
 

      2) карантиндi объектiлердi анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ Республиканың олар жоқ аймақтарына олардың енуiнiң алдын алу;
 

      3) өсiмдiктер карантинi саласындағы заңдар мен белгiленген ережелердiң сақталуына және Республика аумағында өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шаралардың орындалуына мемлекеттiк бақылау жасау.

      4-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк
             шараларды жүзеге асыру принциптерi

      Республика аумағында өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шараларды жүзеге асырудың принциптерi мыналар болып табылады:
 

      1) Республиканың азық-түлiк және шикiзат қауiпсiздiгiн сақтап тұру және мүлiктi сақтау мақсатында өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмдердi карантиндi объектiлердiң бүлдiруiнен және жоюынан қорғауды қамтамасыз ету;
 

      2) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдарды мемлекеттiк реттеу, мемлекеттiк бақылау және олардың бұзылуы үшiн жауапкершiлiк;
 

      3) өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмге карантиндi объектiлердiң ықтимал әсерiн объективтi, ғылыми негiздеп бағалау және олардың ықтимал зиянын болғызбау;
 

      4) халықтың, жеке және заңды тұлғалардың, ұйымдардың, мемлекеттiк басқару және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шараларды орындауға белсене қатысуы;
 

      5) тиiстi шарттар негiзiнде өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық ынтымақтастық.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 , 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

2-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
мемлекеттік реттеу

      5-бап. Өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттiк
             реттеудi жүзеге асыратын органдар

      1. Өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Үкiметі, уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
 

      2. Уәкiлеттi орган туралы ереженi , Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден қорғау жөнiндегi ережелердi (бұдан әрi - Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелер) және қарсы күрес жүргiзу ісi бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын карантиндiк объектiлер тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
 

      3. Уәкiлеттi органның және шекаралық пункттерi мен шекарадағы постыларын қоса алғанда, оның аумақтық органдарының өсімдiктер карантинi бойынша бақылауды тiкелей жүзеге асыратын лауазымды адамдары өсiмдiктер карантинi жөніндегi мемлекеттiк инспекторлар болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен нысанды киіммен қамтамасыз етіледі.
      Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
      Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес белгілеген біліктілік талаптарына сай келетін азаматтардың өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттер инспектор қызметiн атқаруға құқығы бар.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
2002.02.18. N 293 Заңымен.

      6-бап. Өсiмдiктер карантинін қамтамасыз етудiң
             мемлекеттік жүйесi

      Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз етудiң мемлекеттік жүйесiне:
 

      1) уәкiлеттi мемлекеттiк орган және шекаралық пункттерi мен шекарадағы постыларын қоса алғанда, оның аумақтық органдары;
 

      2) Қазақстан Республикасы Yкiметінің шешімi бойынша құрылатын мемлекеттiк карантиндiк мекемелер - республикалық, аймақтық және шекаралық карантиндiк зертханалар, жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктер;
 

      3) фитосанитариялық зертханаларымен және фумигациялық отрядтарымен қоса алғанда, өсiмдiктер карантинін қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар енедi.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
2002.02.18. N 293 Заңымен.

        7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      1. Уәкiлетті орган:
 

      1) өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеп, iске асырады;
 

      2) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк iс-шаралар белгiленiп, жүзеге асырылатын карантиндiк объектiлер тiзбесiн айқындайды;
 

      3) Қазақстан Республикасында және басқа да елдерде карантиндi объектiлердiң болуы мен таралуы, оларға қарсы күрес жөнiндегi шаралар мен iс-шаралар туралы деректер базасын құрады және мүдделi тұлғаларға ақпарат бередi;
 

      4) өсiмдiктер карантинi саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады, үйлестiредi және бақылайды;
 

      5) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар туралы ереженi бекiтедi;
 

      6) карантиндi объектiлер залалдаған залалсыздандыруға немесе қайта өңдеуге жатпайтын карантинге жатқызылған өнiмдердi (жүктердi) алып қою және жою жөнiндегi ережелердi бекiтедi;
 

      7) өз құзыретi шегiнде өсiмдiктер карантинi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
 

      8) карантиндiк iс-шараларды жүзеге асырудың тәртiбi мен тәсiлдерiн регламенттейтiн әдiстердi, әдiстеменi, ұсынымдарды бекiтедi;
 

      9) ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бiрлесiп, халықаралық нормалар талаптары мен ұсынымдарды ескере отырып, фитосанитарлық тәуекелдi бағалаудың ғылыми принциптерi негiзiнде карантиндiк шараларды әзiрлейдi және оларды жеке және заңды тұлғалардың орындауын тұрақты бақылауды жүзеге асырады;
 

      10) Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспектор лауазымына орналасуға бiлiктiлiк талаптарын белгiлейдi;
 

      11) карантиндi объектiлердiң таралу ошақтарын анықтау, оқшаулау, жою және карантинге жатқызылған өнiмдердi залалсыздандыру жөнiндегi iс-шаралардың жүргiзiлуiн ұйымдастырады;
 

      12) карантинге жатқызылған өнiмдер транзитiнiң шарттарын айқындайды;
 

      13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен пестицидтердi (улы химикаттарды) мемлекеттiк сатып алуды, оларды сақтау, тасымалдау, карантиндiк объектiлердiң таралу ошақтарын оқшаулау мен жою үшiн қолдану жөнiндегi жұмыстар мен қызмет көрсетудi ұйымдастырады және жүргiзедi;
 

      14) карантиндiк объектiлердiң таралу ошақтарын оқшаулау және жою үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен пестицидтердiң (улы химикаттардың) қорын құрады;
 

      15) карантиндiк объектiлердiң таралу ошақтарын оқшаулау және жою үшiн бюджет қаражаты есебiнен сатып алынған пестицидтердi (улы химикаттарды) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша бөледi;
 

      16) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шекаралық пункттер мен постыларда карантинге жатқызылған әкелiнетiн өнiмдi тұрақты бастапқы карантиндiк тексерудi, қажет болғанда үлгiлерiн, көлiк құралдарын, қол жүгi мен багажды iрiктеу арқылы олардың зертханалық сараптамасын, әкелiнетiн және транзиттiк карантинге жатқызылған өнiмге карантиндiк құжаттарды тексеруді жүргiзеді;
 

      17) карантинге жатқызылған әкелiнетiн өнiм келiп түсетiн соңғы пункттерде осы өнiмдi тұрақты қайтадан карантиндiк тексерудi, қажет болғанда аумақтың фитосанитариялық сипаттамасы мен оның шыққан жерiн, баратын пунктiн, сондай-ақ карантиндi объектiлерден бос жатқан немесе олар аз таралған аймақтарды ескере отырып, үлгiлерiн iрiктеу арқылы оның зертханалық сараптамасын, карантиндiк құжаттарды тексерудi жүргiзедi;
 

      18) карантинге жатқызылған әкетiлетiн өнiмдi тиеп-жөнелту орындарында тұрақты карантиндiк тексерудi , қажет болғанда үлгiлерiн iрiктеу арқылы зертханалық сараптамасын және фитосанитариялық сертификаттауды жүргiзедi;
 

      19) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шекаралық пункттер мен постыларда әкетiлетiн және транзиттiк карантинге жатқызылған өнiмнiң карантиндiк құжаттарының болуын және дұрыс ресiмделуiн тұрақты тексерудi жүргiзедi;
 

      20) республика базарлары мен кәсiпорындарында карантинге жатқызылған өнiмдердi тұрақты тексерудi, қажет болғанда үлгiлерiн iрiктеу арқылы оның зертханалық сараптамасын, карантиндiк құжаттарды тексерудi жүргiзедi;
 

      21) өсiмдiк тектi өнiмдердi өсiретiн, дайындайтын, жинайтын, өңдейтiн және өткiзетiн ұйымдардың, базарлардың, шаруа (фермер), үй жанындағы және саяжай қожалықтарының аумағы мен үй-жайларына, ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, ауыл шаруашылығына, орманға, суға және басқа да мақсатқа арналған жерлерге тұрақты талғамалы бақылау тексерулерiн жүргiзедi;
 

      22) карантиндi объектiлердiң таралу ошақтарын анықтау, оқшаулау және жою жөнiндегі іс-шараларды уақтылы және тиiмдi жүргiзу жөнiндегi жұмыс барысына тұрақты бақылау жүргiзедi;
 

      23) анықталған Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңнамасын бұзушылықтарды жою, карантинге жатқызылған өнiмдердi, сондай-ақ көлiк құралдарын залалсыздандыру жөнiндегi iс-шараларды орындау туралы нұсқама бередi және олардың орындалуын бақылайды;
 

      24) жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктерде импорттық себу материалдары мен отырғызылатын материалдардың карантиндi объектiлерден және бөтен тектi түрлерден жасырын залалданған-залалданбағанын тексеру жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады және бақылайды;
 

      25) карантинге жатқызылған өнiмге фитосанитариялық, карантиндiк сертификаттар және импорттық карантиндiк рұқсаттар бередi;
 

      26) Қазақстан Республикасының Үкiметiне және жергілiктi атқарушы органдарға карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндi аймақты белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзедi, сондай-ақ осы аймақтарда мiндеттi iс-шараларды жүргiзу тәртiбiн әзiрлейдi;
 

      27) карантиндi аймақтарда мiндеттi iс-шаралардың орындалуына тұрақты бақылау жүргiзедi;
 

      28) халықаралық нормалар мен талаптардың өсiмдiктер карантинi саласында жасалған келiсiмдерге сәйкес орындалуын қамтамасыз етедi;
 

      29) халықаралық ұйымдарда өсiмдiктер карантинi мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiредi.
 

      2. Тиiстi уәкiлеттi органның басшысы Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы, ал оның орынбасары - Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасары болып табылады.
      Уәкiлеттi органның облыстық, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық органдарының басшылары тиiстi облыстар мен қалалардың өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.
      Уәкiлеттi органның және оның аумақтық органдарының өсiмдiктер карантинi бойынша бақылауды тiкелей жүзеге асыратын өзге де лауазымды адамдары өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар болып табылады.
 

      3. Уәкiлеттi орган өз қызметiн шекаралық, кедендiк, құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылда жүзеге асырады.
 

      4. Уәкiлеттi органның өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмi лауазымды тұлғалардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
 

      5. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары уәкiлеттi органның өзiне жүктелген мiндеттердi шешуiне жәрдемдесуге мiндеттi.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      7-1. Мемлекеттік карантиндік мекемелер мен
           республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың
           құзыреті

      1. Мемлекеттік карантиндік мекемелер :
 

      1) зертханалық сараптамаға келіп түсетін үлгілердегі карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлердің түрлік құрамын айқындайды;
 

      2) тексеруге келiп түсетiн импорттық, себу материалдары мен отырғызылатын материалдардағы жасырын залалдануды анықтайды.
 

      2. Өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар :
 

      1) карантиндi объектiлердiң ошақтарын анықтайды және олардың таралу шекараларын айқындайды;
 

      2) карантиндік объектілердің таралу ошақтарын оқшаулау мен жоюды жүргізеді;
 

      3) карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыруды, соның ішінде фумигациялауды жүргізеді.
      Бұл ретте, осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында тізіп көрсетілген қызмет түрлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік монополия туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік монополияның аясына жатады.
      Ескерту. 7-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 , өзгерту енгізілді - 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      8-бап. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік
             инспекторлардың құқықтары

      Карантиндік бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті органның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларының:
 

      1) карантинге жатқызылған жүктер мен объектілерді тексеріп қарау, фитосанитариялық сараптама және қажет болған кезде залалсыздандыру ісін жүргізу кезеңінде, сондай-ақ оларды фитосанитариялық (карантиндік) сертификатсыз тасымалдау кезінде немесе шет елден импорттық карантиндік рұқсатсыз әкелген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен кідіртіп қоюға;
 

      1-1) басқа мемлекеттерден әкелінетін, өзінің фитосанитариялық жай-күйі туралы мәліметтер зерттелмеген карантинге жатқызылған, сондай-ақ, тиiстi халықаралық ұйымдардан алынған ақпаратты және басқа елдер қабылдап жатқан фитосанитарлық шаралар туралы ақпаратты қоса алғанда, қолда бар ақпарат негiзiнде ғылыми негiздеме жеткiлiксiз болған жағдайда өнімге қатысты уақытша карантиндік шаралар қолдануға (енгізуге);
 

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен заң нормаларының орындалуын және Өсімдіктер карантині жөніндегі ережелердің сақталуын тексеру мақсатымен барлық меншік нысанындағы ұйымдарға кедергісіз баруға және оларға тексеру жүргізуге, өз өкілеттігін жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алуға;
 

      3) зертханалық сараптама жүргізу үшін карантинге жатқызылған өнім үлгілерін іріктеп алуға;
 

      4) жеке және заңды тұлғаларға карантиндi объектiлер ошақтарында және көлiкте қажет шаралар жүргiзу туралы талаптар қоюға;
 

      5) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдардың бұзылуына жол берген лауазымды адамдарды, жеке және заңды тұлғаларды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартуға;
 

      6) Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелердi бұзушылықты жойғанға дейiн жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiн тоқтата тұруға және тыйым салуға құқығы бар.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне тыйым салуды немесе оны тоқтата тұруды уәкілетті органның лауазымды адамдары сот шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырады .
      Шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы талап арызды уәкілетті орган органдары Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен және негіздерде сотқа жібереді.
      Шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне сот шешімінсіз тыйым салуға немесе оны тоқтата тұруға карантиндік объектілер анықталған ерекше жағдайларда талап арызды 3 күннен аспайтын мерзімде сотқа табыс ету міндеттеліп, аталған мерзімге рұқсат етіледі. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешімі шыққанға дейін қолданылады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.11.29. N 488 , 2002.02.18. N 293 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

        8-1-бап. Карантиндік объектілердің таралу ошақтарын
                оқшаулау мен жоюға арналған пестицидтер
                (улы химикаттар) қоры

      1. Карантиндік объектілердің таралу ошақтарын оқшаулау мен жоюға арналған пестицидтер (улы химикаттар) қоры дегеніміз пестицидтердің (улы химикаттардың) ұдайы жаңартылып отыратын белгілі бір көлемі және ол уәкілетті органның қарауындағы (билігіндегі) мемлекеттік меншік болып табылады.
 

      2. Пестицидтер (улы химикаттар) қоры карантиндік объектілердің анықталған таралу ошақтарын оқшаулауға және жоюға арналады және бюджет қаражаты есебiнен сатып алынатын пестицидтер (улы химикаттар) көлемiнен қалыптастырылады.
      3. (алып тасталды)
      Ескерту. 8-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының
2003.07.03. N 463 , өзгеріс енгізілді - 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      9-бап. Өндiрiстiк қызметi карантинге жатқызылған өнiмге
             байланысты мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың
             лауазымды адамдарының, жеке және заңды
             тұлғалардың мiндеттерi

      Қызметi карантинге жатқызылған өнiмдi өндiруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдау мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар:
 

      1) осы Заңның талаптарын, Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелердi және тиiстi карантиндiк шараларды өткiзу туралы уәкілетті органның ұйғарымдарын орындауға;
 

      2) Уәкілетті орган инспекторларының талап етуi бойынша карантинге жатқызылған өнiм мен карантиндi объектiлердiң бар екендiгi туралы мәлiметтердi табыс етуге;
 

      3) егiстiктi, аумақты, карантинге жатқызылған өнiм сақталатын қоймаларды жүйелi тексерiп отыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ карантинге жатқызылған қолда бар өнiмдi тексеру және сараптамадан өткiзу үшiн ұсынуға;
 

      4) карантиндi объектiлер анықталған жағдайда уәкілетті органды дереу хабардар етуге мiндеттi.

      9-1-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың) жергілікті атқарушы органдарының
              құзыреті

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
 

      1) карантинді объектілердің таралуының есебін жүргізеді және уәкілетті орган мен мүдделі тұлғаларға ақпарат береді;
 

      2) темір жол станцияларындағы, теңіз және өзен порттарындағы (пристаньдарындағы), әуежайлардағы, автовокзалдардағы (автостанциялардағы), базарлардағы, почта байланысы ұйымдарындағы және өзге де объектілердегі карантинді аймақтарда осы объектілердің иелері жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының карантиндік іс-шаралар өткізуін ұйымдастырады;
 

      3) уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша тиiстi аумақтарда карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндi аймақты белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы шешiм қабылдайды.
      Ескерту. 9-1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

3-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
мемлекеттік бақылау

      10-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк
              бақылауды жүзеге асыру

      Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру уәкілетті органға жүктеледi.
      Қазақстан Республикасының аумағына карантиндi объектiлердi әкелудiң алдын алу, олардың таралу қаупi бар ошақтарын уақтылы анықтау, оқшаулау және жою мақсатында карантинге жатқызылған өнiмдердi тұрақты карантиндiк тексерудi, үлгiлерiн iрiктей отырып, оның зертханалық сараптамасын, iрiктеу арқылы бақылау тексерулерiн, карантин құжаттарын тексеруді жүргiзу және карантиндік іс-шаралардың орындалуына бақылауды жүзеге асыру өсiмдiк және азық-түлiк ресурстарын қорғауға, карантиндi объектiлерге қарсы күреске арналған бюджет қаражатының болжанбаған шығыстарын болдырмауға, сондай-ақ отандық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiгiн арттыруға бағытталған.
      Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк бақылау мен карантиндiк шараларды жүргiзу адамдардың өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау объектiлерiне жатқызылған мүлкiн сақтауға бағытталған және тексеру белгiлеу туралы актi шығарусыз жүзеге асырылады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      11-бап. Өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттiк
              бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарды
              қорғау шаралары

      Өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың олар қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында   белгiленген тәртiппен зиянды өтетуге құқығы бар.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      12-бап. Өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау объектiлерi

      Өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау объектiлерi мыналар болып табылады:
 

      1) ауыл шаруашылық, орман және сәндiк дақылдарының тұқымдары мен отырғызылатын материалдары, өсiмдiктер мен олардың бөлiктерi (қалемшесi, жуашығы, түйнегi, жемiсi), сондай-ақ карантиндi объектiлердi жұқтырушы болуы мүмкін өсiмдiк тектi басқа да кез келген өнiм;
 

      2) өсiмдiктер ауруларын қоздырушылар - тiрi саңырауқұлақтар өсiмдерi, вирустар, бактериялар, сондай-ақ нематодтар, кенелер мен насекомдар;
 

      3) насекомдардың, өсiмдiктер ауруларын қоздырушылардың коллекциялары, тұқымдардың, гербарийлерi мен коллекциялары;
 

      4) карантиндi объектiлердiң жұқтырғыштары болуы мүмкiн ауыл шаруашылық машиналары мен топырақ өңдеуге арналған құралдар, көлiк құралдары, ыдыстың барлық түрі, буып-түю материалдары, өсiмдiк материалдарынан жасалған өнеркәсiп тауарлары мен бұйымдар, топырақ құймалары мен үлгiлерi;
 

      5) өсiмдiк тектi өнiмдi өсiретiн, дайындайтын, жинайтын, өңдейтiн және өткiзетiн ұйымдардың, шаруа (фермер), үй жанындағы және саяжай қожалықтарының аумағы мен үй-жайлары, ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, ауыл шаруашылығына, орманға, суға және басқа мақсатқа арналған жерлер;
 

      6) базарлар, темір жол вокзалдары, автовокзалдар, өзен порттары, пристаньдар, почта байланысы ұйымдары.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       13-бап. Карантинге жататын өнiмдi әкелу, әкету,
             транзиттеу, iшкi мемлекеттiк тасымалдау, тексеру
             және залалсыздандыру тәртiбi

      1. Карантинге жататын өнiмдi беруге немесе оның транзитiне шарт жасасқан кезде өнiм берушi уәкілетті органнан карантин шаралары туралы қажеттi ақпарат алуға және карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн жағдайларды қарастыруға мiндеттi.
      Құпия сипаттағы ақпараты бар жасалған шарт өнiм берушiнiң жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмеуге тиiс.
 

      2. Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы, өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету ережелері мен нормаларына сәйкес жабдықталған шекаралық фитосанитариялық пункттері мен постылары бар өткізу пункттерінде ғана рұқсат етіледі.
      Карантинге жататын өнiмге арналған кеден құжаттары фитосанитариялық бақылаудан өткiзiлген соң ресiмделедi.
      Егер басқа елдердiң карантин шаралары, егер олар Республикада қолданылатын фитосанитариялық қорғаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ететiн болса, танылады.
      Жеке және заңды тұлғалар импорттық карантиндiк рұқсаттар алу үшiн карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуге дейiн күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей немесе оның Қазақстан Республикасы арқылы транзитiн жүзеге асыруға дейiн күнтiзбелiк бес күн iшiнде уәкiлеттi органға мынадай мәлiметтер:
 

      1) карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасына әкелудiң (транзиттеу) мақсаты және әкелiнетiн жүктi өлшеп орау тәсiлi мен буып-түю түрiн көрсете отырып, жекелеген әрбiр түрi бойынша оның саны;
 

      2) өнiмнiң пайдаланылу мақсаты мен орны (мекен-жайы, ал транзиттiк жүктер үшiн - бағыты мен баратын елi);
 

      3) карантинге жатқызылған өнiмдер импорты немесе транзитi болжанатын экспорттаушы елдердiң атауы, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнiмдер шыққан елдiң атауы;
 

      4) карантинге жатқызылған өнiмнiң болжамды жету мерзiмдерi немесе транзиттiк тасымал мерзiмдерi;
 

      5) карантинге жатқызылған өнiм сол арқылы Қазақстан Республикасына әкелiнетiн шекаралық пункттiң (постының) атауы көрсетiлген өтiнiм бередi.
      Өтiнiш берушi карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуге (транзиттеуге) импорттық карантиндiк рұқсат алуға өтiнiмде өз есебiнен карантиндiк шараларды орындауға кепiлдiк бередi.
      Импорттық карантинге жатқызылған өнiм Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жабық немесе изотермиялық, ақаусыз және пломбаланған контейнерлерде, герметикалық орамаларда, вагондарда, автофургондарда, авторефрижераторларда және басқа да көлiк құралдарында тасымалданады.
      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктердiң, консульдық мекемелердiң, халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ артықшылықтар мен иммунитеттi пайдаланушы тұлғалардың карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуi Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүргiзiледi.
 

      2-1. Қазақстан Республикасының аумағына:
 

      1) уәкілетті органның импорттық карантиндік рұқсатынсыз және экспортқа шығаратын елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитариялық сертификаттарынсыз карантинге жатқызылған өнімді;
 

      2) карантиндік объектілер мен бөтен түрлер жұқтырған карантинге жатқызылған өнімді;
 

      3) топырақты, тамыр жайған өсімдіктерді топырағымен қоса;
 

      4) уәкілетті органмен келісім бойынша ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін әкелінетін үлгілерді қоспағанда, өсімдік ауруларын қоздырушыларды - тірі саңырауқұлақ өскіндерін, бактерияларды, вирустарды, сондай-ақ өсімдіктерді бүлдіретін жәндіктерді, кенелерді, нематодтарды, карантиндік арамшөптер тұқымдарын әкелуге тыйым салынады.
 

      3. Карантинге жататын өнiм транзитiне Қазақстан Республикасының уәкілетті органның келiсiмi бойынша рұқсат етіледi.
 

      4. Карантинге жатқызылған өнімді әкетуге уәкілетті органның аумақтық органдары беретін фитосанитариялық немесе карантиндік сертификаттар болған жағдайда:
 

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге - фитосанитариялық сертификаттар болған жағдайда;
 

      2) Қазақстан Республикасының ішінде - карантиндік сертификаттар болған жағдайда рұқсат етіледі.
      Жеке және заңды тұлғалар фитосанитариялық сертификат алу үшiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi аумақтық органдарға жүктi тиеп-жөнелтудiң болжамды мерзiмiнен он бес тәулiк бұрын мынадай мәлiметтердi:
 

      1) карантинге жатқызылған өнiмнiң атауы мен санын;
 

      2) импортқа шығарушы елдiң атауын және карантинге жатқызылған өнiм баратын мекен-жайды;
 

      3) импорттық карантиндiк рұқсатта немесе экспортталатын карантинге жатқызылған өнiмге арналған шартта көрсетiлген импортқа шығарушы елдiң өсiмдiктер карантинi бойынша ұлттық қызметiнiң өсiмдiктер карантинi саласындағы талабын;
 

      4) карантинге жатқызылған өнiмдi тиеп-жөнелту мерзiмi мен орнын;
 

      5) сол арқылы жүктi әкелу болжанатын импортқа шығарушы елдiң шекаралық пунктiнiң атауын көрсетiп өтiнiм бередi.
      Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар карантинге жатқызылған әкелiнетiн өнiмнiң карантиндiк жай-күйiн жүктi тиеп-жөнелтудiң бастапқы орындарында және экспорттық партияларды қайта тиеу (қалыптастыру) кезiнде теңiз және өзен порттарында (айлақтарында), әуежайларда, темiржол станцияларында, почта байланысы кәсiпорындарында, базарларда, автовокзалдарда (автостанцияларда) және өзге де объектiлерде қайтадан белгiлейдi. Қайта тиеусiз әкету кезiнде шекаралық пунктте және постыда тиеп-жөнелту орнында берiлген фитосанитариялық сертификаттың дұрыс ресiмделуiн бақылау ғана жүзеге асырылады.
      Фитосанитариялық сертификатты карантинге жатқызылған өнiмде карантиндiк объектiлердiң бар-жоғын тексерген өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор бередi және өзiнiң жеке қолымен және белгiленген үлгiдегi мөрмен (мөртабанмен) куәландырады. Фитосанитариялық сертификат карантинге жатқызылған өнiмнiң әрбiр партиясына берiледi және оның карантиндiк жай-күйiн куәландыруға, жүргiзiлген залалсыздандыру, осы өнiмдi жеткiзу жөнiндегi басқа да қосымша карантиндiк талаптарды орындау туралы мәлiметтерi болуға тиiс.
 

      4-1. Карантинге жатқызылған өнiмдi облысаралық тасымалдау аумақтық органның өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы беретiн карантиндiк сертификаттар болған кезде жүзеге асырылады.
      Карантиндiк сертификатты алу үшiн жеке және заңды тұлғалар өсiмдiктер карантинi жөнiндегi аумақтық органға өтiнiм бередi, сондай-ақ карантиндiк жай-күйдi айқындау үшiн өнiмдi өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторға жүктi жөнелтудiң болжамды мерзiмiнен бес күн бұрын бередi.
      Өтiнiмде карантинге жатқызылған өнiмнiң атауы, баратын пунктi және пайдалану мақсаты көрсетiледi.
      Карантинге жатқызылған өнiмдi жүретiн жолында немесе баратын пунктiнде басқа мекен-жайға жiберу осы операциялар аумағында жүзеге асырылатын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi аумақтық органның рұқсаты бойынша жүргiзiледi.
      Қазақстан Республикасының карантиндi аймағынан әкетiлетiн карантинге жатқызылған өнiмдi жүру жолында басқа мекен-жайға жiберуге тыйым салынады.
      Әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм жүктiң баратын пунктiнде қайтадан карантиндiк тексеруге жатады.
 

      5. Карантинге жататын өнiмдi, жүктердi және көлiк құралдарын тексеру мен залалсыздандыру, зертханалық сараптама, карантин құжаттарын беру олардың иелерi қаражатының есебiнен, Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекетаралық шарттары мен заңдарына сәйкес және соларда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм, карантинге жатқызылған өнiм тасымалданатын көлiк өсiмдiктер карантинi бойынша бақылауға және қажет болғанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы шекаралық өткiзу пункттерiнде карантиндiк тексеруге, сондай-ақ тиiстi актiлер ресiмделе отырып, жүк баратын жерде карантиндiк тексеруге жатады.
      Шекаралық пункттiң және постының өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы жүк иелерiне Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi туралы заңнамасын түсiндiредi, импорттық карантиндiк рұқсаттың және экспорттаушы елдiң ұлттық карантиндiк қызметiнiң фитосанитариялық сертификатының болуын тексередi, көлiкке, карантинге жатқызылған өнiмге (жүкке), ыдысқа сырттай тексеру жүргiзедi. Карантиндiк зиянкестердi, өсiмдiк аурулары мен арамшөптердi анықтау мақсатында карантинге жатқызылған өнiмнен үлгiлердi iрiктеп алып, оларға сол жерде тексеру жүргiзедi. Қажет болғанда үлгiлер мен объектiлер Республикалық карантиндiк зертханаға объектiлердiң карантиндiк түрлерге жататынын растау үшiн берiледi.
      Егер жүк тасымалдаушы карантинге жатқызылған өнiмдi карантиндiк бақылауға көрсетуден бас тартқан жағдайда бұл өнiм оның иесiнiң қаражаты есебiнен экспорттаушы елге қайтаруға жатады, ол туралы өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор Қазақстан Республикасының аумақтық, шекара және кеден органдарын хабардар етедi.
      Карантиндi объектiлер табылған карантинге жатқызылған өнiм қайтаруға, карантиндiк арамшөптерден залалсыздандыруға, тазартуға немесе техникалық қайта өңдеуге жатады. Карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыруға, тазартуға немесе қайта өңдеуге байланысты шығыстарды жүк иелерi төлейдi.
      Ерекше ғылыми немесе өзге де құндылығы бар карантиндi объектiлер залалдаған тұқымдар мен отырғызылатын материал солардың иелерiнiң өтiнiштерi бойынша жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктерге тексеру үшiн берiлуi мүмкiн. Карантиндi объектiлерден залалдануы жойылғаннан кейiн тұқымдар мен отырғызылатын материал иесiне қайтарылады.
      Карантинге жатқызылған өнiмдi алып қоюды (оның iшiнде, почталық жөнелтiлiмдерден, қол жүгiнен және багаждан) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор жүзеге асырады, ол туралы алып қою актiсi жасалады.
      Карантинге жатқызылған өнiм карантиндiк тексеруден өткiзiлгеннен кейiн және қажеттi карантиндiк iс-шаралар жүргiзiлген соң өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор баратын пунктiне әкелуге немесе транзиттеуге рұқсат бере отырып, iлеспе тауар-көлiк құжаттарына карантиндiк бақылаудан өткенi туралы белгіленген үлгiдегi мөртабан басады және жүк иесiне карантиндiк тексеру актiсiн бередi.
      Шекарада карантинге жатқызылған өнiммен (жүктермен) жүк операцияларын (әкелiнген жүктi басқа көлiк құралдарына қайта тиеудi) жүк иелерi өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бақылау және мiндеттi карантиндiк тексеру жүргiзiлгеннен кейiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектордың рұқсаты бойынша жүргiзедi.
      Өсiмдiктер карантинi жөнiндегі шекаралық пункттер мен постыларда карантиндiк тексеруден өткiзiлген әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiмдер (жүктер), сондай-ақ көлiк құралдары карантинге жатқызылған өнiм жеткiзiлетiн соңғы пунктте карантиндiк тексеруге жатады.
      Карантинге жатқызылған өнiмдердi және көлiк құралдарын тексерудi, жүктi баратын пунктiнде талдау мен сараптама жасау үшiн үлгiлердi iрiктеп алуды кейiннен зиянкестердiң түрлiк құрамын, өсiмдiк аурулары мен арамшөптердi анықтау үшiн сараптама жүргiзе отырып, аумақтық органның өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жүзеге асырады, олардың нәтижелерi бойынша осы өнiмдердi пайдаланудың шарттары туралы жазбасы бар тексеру актiсi жасалады. Қажет болғанда карантинге жатқызылған өнiмге талдау жасау және объектiлердiң түрлiк құрамына сараптама жүргiзу үшiн жабдықталған зертханасы бар ұйымдар мен өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бiлiктi кадрлар тартылуы мүмкiн.
 

      6. Карантиндi объектiлерден залалданған көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнiмдер, импорттық карантиндiк рұқсат бойынша залалсыздандыру көзделген өнiмдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының ұйғарымы бойынша карантиндiк тұрғыдан ықтимал қаупi бар көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнiмдер залалсыздандыруға жатады.
      Импорттық карантиндiк рұқсат бойынша, сондай-ақ уәкiлеттi органның және шекаралық пункттерi мен шекарадағы постылары бар оның аумақтық органдарының өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторларының нұсқамалары бойынша, карантиндiк тексерудiң нәтижелерi бойынша көзделген карантинге жатқызылған өнiмдердi залалсыздандыруды жүк иелерi өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың фумигациялық отрядтарымен шарт жасасу негiзiнде жүргiзедi.
      Шекаралық пункттер мен шекарадағы постыларда карантинге жатқызылған өнiмдерде карантиндiк объектiлер анықталған кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде фумигациялық камераларда, штабельдерде, кемелер мен баржалардың трюмдерiнде, вагондарда, контейнерлерде және көлiктiң басқа да түрлерiнде залалсыздандыру жөнiндегi жұмыстар жүргiзiледi.
      Көлiк құралдарының барлық түрлерi импорттық карантинге жатқызылған өнiмдердi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының карантиндi аймақтарынан әкелiнетiн өнiмдердi тасымалдаудан кейiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар белгiлеген жерлерде өнiмдердiң қалдықтары жойыла отырып, мiндеттi тазартуға, ал қажет болған жағдайда фумигациялауға жатады.
      Көлiк құралдары мен жүктердi фумигациялауға дайындауды фумигациялық отрядтар мамандарының басқаруымен жүк иелерi немесе көлiк ұйымдары орындайды.
      Карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыру шетел мемлекеттерiнде жүргiзiлген кезде фумигациялық отрядтардың мамандары әкелiнетiн өнiмде фумиганттар қалдықтарының бар-жоғын тексередi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.07.03. N 463 , 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       13-1-бап. Карантиндi объектiлердi анықтау тәртiбi

      1. Карантиндi объектiлердi уақтылы анықтау, олардың таралу ошақтарының шекараларын айқындау мақсатында жер және орман алқаптары, ауыл шаруашылығы, әсемдiк, дәрiлiк және басқа да дақылдардың егiстiктерi мен көшеттерi, үйлер, ғимараттар, контейнерлер, қоймалар, өзге де объектiлер және карантинге жатқызылған өнiмдi шығарумен, өңдеумен, сақтаумен, тасымалдаумен және өткiзумен байланысты кәсiпорындардың аумақтары және карантиндi объектiлердi жұқтыру мен тарату көзi болуы мүмкiн өзге де объектiлер жүйелi түрде тексеруге жатады.
      Бұл жұмыстарды орындауды уәкiлеттi органның және оның аумақтық органдарының өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторларының нұсқамалары бойынша жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ шарт жасасу негiзiнде өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар қамтамасыз етедi.
 

      2. Зерттеу нәтижелерi, сондай-ақ бұл ретте, анықталған зиянкестер, өсiмдiк ауруларының қоздырғыштары мен арамшөптер осы объектiлердiң карантиндiк түрлерге тиiстiлiгiн айқындау және растау үшiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторларға жiберiледi. Объектiлер анықталмаған жағдайда өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар карантиндiк түрлерге тиiстiлiгiн растау үшiн оларды республикалық карантиндiк зертханаға жiбередi.
      Аумақтық органдардың өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары аталған объектiлерге бақылау тексерулерiн жүргiзедi. Тексеру нәтижелерi өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау жүргiзiлгенi туралы актiмен ресiмделедi .
      Ескерту. 13-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Карантин белгiлеу мен оны алып тастау тәртiбi

      1. Уәкілетті орган органдарының ұсынуы бойынша карантин режимiн енгiзе отырып, карантин аймағын белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы шешiмдi:
 

      1) екi және одан да көп облыстардың аумағында - Қазақстан Республикасының Үкiметi;
 

      2) облыс, қала, аудан аумағында - облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы орган қабылдайды.
 

      2. Карантиндi аймақтарда карантиндi объектiлер залалдаған карантинге жатқызылған өнiмдi әкетуге тыйым салынады немесе шектеу енгiзiледi, карантиндi объектiлер ошақтарын оқшаулау мен жою жөнiндегi шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылады, карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыру, оны техникалық өңдеу жүргiзiледi.
      Карантиндi аймақтан әкетiлген залалданған өнiм қайтарылуға, тазартуға, залалсыздандырылуға немесе өңдеушi ұйымдарға берiлуге тиiс.
      Залалданған өнiмдi залалсыздандыру немесе өңдеу мүмкiн болмаған жағдайда, ол нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiппен  алынуға және жойылуға тиiс.
      Карантиндiк шектеулер және карантиндi объектiлердi оқшаулау мен жою жөнiндегi шаралар тiзбесi карантиндi аймақтың жеке, заңды тұлғалары мен халқына хабарланады.
       Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

   4-тарау. Дауларды шешу және Өсімдіктер карантині жөніндегі заңдарды бұзғаны үшін жауапкершілік

      15-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы дауларды шешу

      Өсiмдiктер карантинi саласындағы даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

      16-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегі заңдарды
              бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      1. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдарды бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.
      2. <*>
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.

5-тарау. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi iс-шараларды
                қаржыландыру

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       17-бап. <*>

      Ескерту. 17-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      18-бап. Өсiмдiктер карантинiн анықтау жөнiндегi
              шараларды қаржыландыру

      1. Карантиндiк зиянкестер, өсiмдiктер аурулары мен арамшөптер тiзбесiне сәйкес карантиндi объектiлердi оқшаулау мен жою жөнiндегi мемлекеттiк шараларды қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.
 

      2. Жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі объектілерде, сондай-ақ жер учаскелерінде карантиндік іс-шаралар жүргізу уәкілетті орган мен оның аумақтық органдарының өздеріне берілген өкілеттік шегіндегі ұйғарымдары бойынша меншік иелері мен жер пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 , тақырыбы өзгерді - 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

6-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
халықаралық ынтымақтастық

      19-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық
              ынтымақтастық принциптерi

      Қазақстан Республикасы өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты карантиндi объектiлердi әкелу мен тарату жөнiндегi өзара қауiпсiздiктi сақтау принциптерiн басшылыққа ала отырып , жүзеге асырады.

      20-бап. Шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан
              Республикасы аумағындағы өсiмдiктер карантинi
              саласындағы қызметi

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе немесе халықаралық шарттармен регламенттелсе, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың өсiмдiктер карантинi саласындағы қызметiне жол берiледi.

      21-бап. Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi
              саласындағы халықаралық шарттары

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы 3аңдағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi