Өсімдіктер карантині туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 11 ақпан N 344-I

Қолданыстағы
      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шараларды жүзеге асырудың құқықтық негiзi мен принциптерiн белгiлейдi.

                      1-тарау. Жалпы ережелер

           1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) импорттық карантиндiк рұқсат - Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметi белгiлейтiн шарттарда карантинге жатқызылған өнiмдi Республикаға әкелуге, сондай-ақ оның транзитiне рұқсат беретiн құжат;
      2) жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктер - импорттық отырғызылатын және тұқымдық материалдағы карантиндi объектiлердiң және басқа да ерекше қауiптi зиянды организмдердiң жасырын жұғуын анықтау үшін арнайы жабдықталған көшеттiктер;
      3) карантиндi аймақ - карантиндi объектiнiң анықталуына байланысты белгiленген тәртiппен карантинге жатқызған деп жарияланған аумақ;
      4) карантиндiк шара - Республика аумағына карантиндi объектiлердiң енуiн немесе таралуын болғызбауға бағытталған рәсiм;
      5) карантиндi объект - бекiтiлген Карантиндiк түрлер тiзбесiне сәйкес зиянкес, өсiмдiктердiң ауруын қоздырғыш немесе өсiмдiктерге және өсiмдiк өнiмiне айтарлықтай зиян келтiруі мүмкiн, Республика аумағында жоқ немесе шектеулi таралған арамшөп;
      6) өсiмдiктер карантинi (фитосанитариялық қорғау) - Республиканың өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмiн карантиндi объектiлердiң басқа мемлекеттерден, сондай-ақ Республиканың карантиндi аймағынан әкелiнуiнен және енуiнен қорғауға, ал олар таралған жағдайда - олардың таралу ошақтарын оқшаулауға және жоюға бағытталған мемлекеттiк шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
      7) өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау - Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметтiң, лауазымды адамдары жүзеге асыратын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi нормалардың, ережелер мен нұсқаулықтар талаптарының орындалуын тексеру қызметi;
      8) карантиндi объектiнiң ошағы - карантиндi объект анықталған және карантиндiк шаралар жүзеге асырылуға тиiс немесе жүзеге асырылып жатқан аумақ;
      9) карантинге жатқызылған өнiм - өздерi арқылы карантиндi объектiлердi таратуы мүмкiн кез келген материалдар (жүктер);
      10) фитосанитариялық сертификат - карантинге жатқызылған экспорттық өнiмнiң карантиндiк жай-күйiн куәландыратын құжат;
      11) фумигациялық отрядтар - Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметтiң карантиндiк өнiмдi залалсыздандыруды газбен дезинсекциялау әдiсiмен орындайтын бөлiмшелер.

              2-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы заңдар

      Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

             3-бап. Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi

      Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) Республика аумағын шет елдерден немесе карантиндi аймақтан карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнен немесе өз бетiмен енуiнен қорғау;
      2) карантиндi объектiлердi анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ Республиканың олар жоқ аймақтарына олардың енуiнiң алдын алу;
      3) өсiмдiктер карантинi саласындағы заңдар мен белгiленген ережелердiң сақталуына және Республика аумағында өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шаралардың орындалуына мемлекеттiк бақылау жасау.

       4-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шараларды
              жүзеге асыру принциптерi

      Республика аумағында өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шараларды жүзеге асырудың принциптерi мыналар болып табылады:
      1) Республиканың азық-түлiк және шикiзат қауiпсiздiгiн сақтап тұру мақсатында өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмдердi карантиндi объектiлердiң бүлдiруiнен және жоюынан қорғауды қамтамасыз ету;
      2) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдарды мемлекеттiк реттеу, мемлекеттiк бақылау және олардың бұзылуы үшiн жауапкершiлiк;
      3) өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмге карантиндi

объектiлердiң ықтимал әсерiн объективтi, ғылыми негiздеп бағалау және 
олардың ықтимал зиянын болғызбау;
     4) халықтың, жеке және заңды тұлғалардың, ұйымдардың, мемлекеттiк 
басқару және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өсiмдiктер 
карантинi жөнiндегi шараларды орындауға белсене қатысуы;
     5) тиiстi шарттар негiзiнде өсiмдiктер карантинi саласындағы 
халықаралық ынтымақтастық.
     
             2-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы 
                      мемлекеттік реттеу 
     
         5-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк
                реттеудi жүзеге асыратын органдар
     


      1. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк реттеудi заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi, ол арнайы уәкiлеттiк берген мемлекеттiк орган - Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызмет және оның аумақтық органдары, басқа да мемлекеттiк органдар, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары жүзеге асырады.
      2. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызмет республикалық, облыстық, қалалық, шекаралық фитосанитариялық инспекцияларды, шекаралық фитосанитариялық бекеттердi, республикалық, аймақтық және шекаралық фитосанитариялық зертханаларды, фумигациялық отрядтар мен жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктердi қамтиды.
      3. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызмет туралы ереженi, Қазақстан Республикасының аумағын карантиндi объектiлерден қорғау жөнiндегi ережелердi (бұдан әрi - Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ереже) және Карантиндi объектiлер тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
      4. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызмет органдарының лауазымды адамдары өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар болып табылады және белгiленген тәртiппен нысанды киiммен қамтамасыз етiледi.
      5. Өсiмдіктер карантинi жөнiндегi инспектор қызметiн атқаруға жоғары және арнаулы орта бiлiмi бар азаматтардың құқығы бар.

     6-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар мен жергiлiктi
            өзiн-өзi басқару органдарының өсiмдiктер карантинi
            саласындағы өкiлеттiгi

      Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары Өсiмдiктер карантинi жөнiндегі мемлекеттiк фитосанитариялық қызмет органдарына олардың қызметтiк мiндеттерiн атқаруы үшiн жағдай жасайды, олармен бiрге теңiз және өзен порттары (айлақтары), темiр жол станциялары, әуежайлар, почта байланысы кәсiпорындары, базарлар, автовокзалдар (автостанциялар) және өзге де объектiлер иелерiнiң немесе уәкiлеттi органдарының карантиндiк шараларды жүргiзуiне бақылау жасауды ұйымдастырады және жүзеге асырады.

          7-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегі мемлекеттiк
                 фитосанитариялық қызметтiң құзыретi

      1. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызмет:
      1) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шаралар белгiленiп, жүзеге асырылатын Карантиндi объектiлер тiзбесiн белгiлейдi;
      2) карантиндi объектiлер таралуының есебiн жүргiзедi және мүдделi адамдарға ақпарат бередi;
      3) өсiмдiктер карантинi саласындағы нормативтiк және әдiстемелiк құжаттарды белгiленген тәртiппен әзiрлейдi және оларды келiседi;
      4) карантиндiк шараларға бөлiнетiн қаржы мен материалдық ресурстардың нысаналы және ұтымды пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
      5) әкелiнетiн және әкетiлетiн карантинге жатқызылған өнiмдi карантиндiк тексерудi, зертханалық сараптаманы және фитосанитариялық сертификаттауды жүргізедi;
      6) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелерге және нұсқаулықтарға сәйкес карантинге жатқызылған өнiмдi, сондай-ақ көлiк құралдарын залалсыздандыруды ұйымдастырады және жүргiзедi;
      7) жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктерде карантинге жатқызылған импорттық өнiмдi тексеруден өткiзедi;
      8) ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бiрлесе отырып, халықаралық нормалар мен ұсыныстар негiзiнде карантиндiк шараларды әзiрлейдi және оларды меншiк нысандарына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.
      9) карантинге жатқызылған өнімге фитосанитариялық сертификаттар және импорттық карантиндік рұқсаттар береді;
      10) халықаралық ұйымдарда өсімдіктер карантині мәселелері бойынша Республиканың мүдделерін білдіреді;
      11) өсімдіктер карантині жөніндегі заңдарда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызмет өз қызметін шекаралық, кедендік, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.
      3. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызмет органдарының өз өкілеттігі шегінде қабылдаған шешімі меншік нысандарына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
      4. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметтің өзіне жүктелген міндеттерді шешуіне жәрдемдесуге міндетті.

        8-бап. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік бақылауды
               жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары

      Карантиндік бақылауды жүзеге асыру кезінде Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметтің лауазымды адамдарының:
      1) фитосанитариялық (карантиндік) сертификатсыз тасымалдау кезінде немесе импорттық карантиндік рұқсатсыз шет елдерден әкелінген, карантинге жатқызылған жүктер мен объектілерді фитосанитариялық сараптама жүргізу кезеңінде кідіртіп қоюға;
      2) заң нормаларының орындалуын және Өсімдіктер карантині жөніндегі ережелердің сақталуын тексеру мақсатымен барлық меншік нысанындағы ұйымдарға кедергісіз баруға және оларға тексеру жүргізуге, өз өкілеттігін жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алуға;
      3) зертханалық сараптама жүргізу үшін карантинге жатқызылған өнім үлгілерін іріктеп алуға;
      4) жеке және заңды тұлғаларға карантиндi объектiлер ошақтарында және көлiкте қажет шаралар жүргiзу туралы талаптар қоюға;
      5) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдардың бұзылуына жол берген лауазымды адамдар мен азаматтарды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартуға;
      6) Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелердi бұзушылықты жойғанға дейiн жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiн тоқтата тұруға және тыйым салуға құқығы бар. <*>
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне тыйым салуды немесе оны тоқтата тұруды Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметтiң лауазымды адамдары сот шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырады. <*>
      Шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы талап арызды Өсімдіктер карантині жөніндегі фитосанитариялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен және негіздерде сотқа жібереді. <*>
      Шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне сот шешімінсіз тыйым салуға немесе оны тоқтата тұруға карантиндік объектілер анықталған ерекше жағдайларда талап арызды 3 күннен аспайтын мерзімде сотқа табыс ету міндеттеліп, аталған мерзімге рұқсат етіледі. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешімі шыққанға дейін қолданылады. <*>
      ЕСКЕРТУ. 8-бап өзгерді және бөліктермен толықтырылды - Қазақстан
               Республикасының 1999.11.29. N 488 Заңымен. Z990488_

       9-бап. Өндiрiстiк қызметi карантинге жатқызылған өнiмге
              байланысты мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың лауазымды
              адамдарының, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттерi

      Қызметi карантинге жатқызылған өнiмдi өндiруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдау мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар:
      1) осы Заңның талаптарын, Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелердi және тиiстi карантиндiк шараларды өткiзу туралы Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметтiң ұйғарымдарын орындауға;
      2) Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық

қызмет инспекторларының талап етуi бойынша карантинге жатқызылған өнiм 
мен карантиндi объектiлердiң бар екендiгi туралы мәлiметтердi табыс етуге;
     3) егiстiктi, аумақты, карантинге жатқызылған өнiм сақталатын 
қоймаларды жүйелi тексерiп отыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ 
карантинге жатқызылған қолда бар өнiмдi тексеру және сараптамадан өткiзу 
үшiн ұсынуға;
     4) карантиндi объектiлер анықталған жағдайда Өсiмдiктер карантинi 
жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметтi дереу хабардар етуге 
мiндеттi. 
     
            3-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы 
                     мемлекеттік бақылау 
     
       10-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк
               бақылауды жүзеге асыру
     
     Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге 
асыру Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметке 
жүктеледi.
     
     11-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк бақылауды
             жүзеге асыратын лауазымды адамдарды қорғау шаралары
     


      1. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар мiндеттi түрде мемлекеттiк сақтандырылуға тиiс, олар қаза тапқан немесе жарымжан болып қалған жағдайда келтiрiлген зиянды заңдарда белгiленген тәртiппен өтеттiруге құқығы бар.
      2. Шығындарды өтеу заңдарда белгiленген тәртiппен және шарттарда республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

       12-бап. Өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау объектiлерi

      Өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау объектiлерi мыналар болып табылады:
      1) ауыл шаруашылық, орман және сәндiк дақылдарының тұқымдары мен отырғызылатын материалдары, өсiмдiктер мен олардың бөлiктерi (қалемшесi, жуашығы, түйнегi, жемiсi), сондай-ақ карантиндi объектiлердi жұқтырушы болуы мүмкін өсiмдiк тектi басқа да кез келген өнiм;
      2) өсiмдiктер ауруларын қоздырушылар - тiрi саңырауқұлақтар өсiмдерi, вирустар, бактериялар, сондай-ақ нематодтар, кенелер мен насекомдар;
      З) насекомдардың, өсiмдiктер ауруларын қоздырушылардың коллекциялары, тұқымдардың, гербарийлерi мен коллекциялары;
      4) карантиндi объектiлердiң жұқтырғыштары болуы мүмкiн ауыл шаруашылық машиналары мен топырақ өңдеуге арналған құралдар, көлiк құралдары, ыдыстың барлық түрі, буып-түю материалдары, өсiмдiк материалдарынан жасалған өнеркәсiп тауарлары мен бұйымдар, топырақ құймалары мен үлгiлерi;
      5) өсiмдiк тектi өнiмдi өсiретiн, дайындайтын, жинайтын, өңдейтiн және өткiзетiн ұйымдардың, шаруа (фермер), үй жанындағы және саяжай қожалықтарының аумағы мен үй-жайлары, ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, ауыл шаруашылығына, орманға, суға және басқа мақсатқа арналған жерлер.

      13-бап. Карантинге жататын өнiмдi әкелу мен әкету тәртiбi

      1. Карантинге жататын өнiмдi беруге немесе оның транзитiне шарт жасасқан кезде өнiм берушi Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметтен карантин шаралары туралы қажеттi ақпарат алуға және карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн жағдайларды қарастыруға мiндеттi.
      Құпия сипаттағы ақпараты бар жасалған шарт өнiм берушiнiң жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмеуге тиiс.
      2. Карантинге жататын өнiмдi Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметiнiң импорттық карантиндiк рұқсаттары және экспорттаушы елдердiң ұлттық карантин қызметтерiнiң фитосанитариялық сертификаттары болған жағдайда шекаралық фитосанитариялық бекеттер арқылы Республикаға әкелуге рұқсат етiледi.
      Карантинге жататын өнiмге арналған кеден құжаттары фитосанитариялық бақылаудан өткiзiлген соң ресiмделедi.
      Егер басқа елдердiң карантин шаралары, егер олар Республикада қолданылатын фитосанитариялық қорғаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ететiн болса, танылады.
      3. Карантинге жататын өнiм транзитiне Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметiнiң келiсiмi бойынша рұқсат етіледi.
      4. Карантинге жататын өнiмдi әкетуге және мемлекет iшiнде тасуға Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызметiнiң фитосанитариялық сертификаттағы болған жағдайда рұқсат етiледi.
      5. Карантинге жататын өнiмдi, жүктердi және көлiк құралдарын тексеру мен залалсыздандыру, карантин құжаттарын беру олардың иелерi қаражатының есебiнен, Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекетаралық шарттары мен заңдарына сәйкес және соларда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

       14-бап. Карантин белгiлеу мен оны алып тастау тәртiбi

      1. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызмет органдарының ұсынуы бойынша карантин режимiн енгiзе отырып, карантин аймағын белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы шешiмдi:
      1) екi және одан да көп облыстардың аумағында - Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      2) облыс, аудан аумағында - жергiлiктi атқарушы орган қабылдайды.
      2. Карантиндi аймақтарда карантиндi объектiлер залалдаған карантинге жатқызылған өнiмдi әкетуге тыйым салынады немесе шектеу енгiзiледi, карантиндi объектiлер ошақтарын оқшаулау мен жою жөнiндегi шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылады, карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыру, оны техникалық өңдеу жүргiзiледi.
      Карантиндi аймақтан әкетiлген залалданған өнiм қайтарылуға,

залалсыздандырылуға немесе өңдеушi ұйымдарға берiлуге тиiс.
     Залалданған өнiмдi залалсыздандыру немесе өңдеу мүмкiн болмаған 
жағдайда, ол нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiппен 
алынуға және жойылуға тиiс.
     Карантиндiк шектеулер және карантиндi объектiлердi оқшаулау мен 
жою жөнiндегi шаралар тiзбесi карантиндi аймақтың жеке, заңды 
тұлғалары мен халқына хабарланады. 

        4-тарау. Дауларды шешу және Өсімдіктер карантині 
                 жөніндегі заңдарды бұзғаны үшін 
                 жауапкершілік 
     
      15-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы дауларды шешу
     
     Өсiмдiктер карантинi саласындағы даулар Қазақстан
Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
     
      16-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегі заңдарды бұзғаны 
              үшiн жауапкершiлiк
     
     1. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдарды бұзған жеке және заңды
тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке
тартылады.
     2. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдарды бұзғаны үшiн өндiрiлiп 
алынған қаражат Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген 
тәртiппен республикалық бюджеттiң кiрiсiне аударылады.
     
         5-тарау. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік 
                  фитосанитариялық қызметті және 
                  карантиндік шараларды қаржыландыру 
     
          17-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк
                  фитосанитариялық қызметтi қаржыландыру
     


      Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық қызмет республикалық бюджеттiң және өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекетаралық шарттарда көзделген жұмыстарды орындағаны үшiн карантинге жатқызылған жүктер иелерiнiң қаражаты, сондай-ақ заңдарда тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қаржыландырылады.

      18-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк
              шараларды қаржыландыру

      1. Карантиндiк зиянкестер, өсiмдiктер аурулары мен арамшөптер

тiзбесiне сәйкес карантиндi объектiлердi оқшаулау мен жою жөнiндегi 
мемлекеттiк шараларды қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен жүзеге 
асырылады.
     2. Жеке меншiк объектiлерiнде, сондай-ақ жеке және заңды 
тұлғалардың жерлерiнде өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шараларды 
жүргізу Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк фитосанитариялық 
қызмет органдарының ұйғарымдары бойынша, меншiк иелерi мен жер 
пайдаланушылардың қаражаты есебiнен, оларға берiлген өкiлеттiк шегiнде 
жүзеге асырылады.
     
            6-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы 
                     халықаралық ынтымақтастық 
     
       19-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық
               ынтымақтастық принциптерi
     
     Қазақстан Республикасы өсiмдiктер карантинi саласындағы 
халықаралық ынтымақтастықты карантиндi объектiлердi әкелу мен тарату 
жөнiндегi өзара қауiпсiздiктi сақтау принциптерiн басшылыққа ала отырып, 
жүзеге асырады.
     
         20-бап. Шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан
                 Республикасы аумағындағы өсiмдiктер карантинi
                 саласындағы қызметi
     
     Егер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе немесе 
халықаралық шарттармен регламенттелсе, Қазақстан Республикасының 
аумағында шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың өсiмдiктер карантинi 
саласындағы қызметiне жол берiледi. 
     
       21-бап. Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi
               саласындағы халықаралық шарттары
     
     Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы 
3аңдағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi 
қолданылады.

     Қазақстан Республикасының 
           Президентi
     
     Оқығандар:
          (Қасымбеков Б.А.) 
          (Икебаева Ә.Ж.)