Өсімдіктер карантині туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1999 жылғы 11 ақпан N 344-I

Жаңартылған

      ЕСКЕРТУ. Заңның бүкіл мәтіні бойынша "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметі", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызмет", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметтің", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметке", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметтен", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметінің", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметті" деген сөздер тиісінше "уәкілетті органы", "уәкілетті орган", "уәкілетті органның", "уәкілетті органға", "уәкілетті органнан", "уәкілетті органының", "уәкілетті органды" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шараларды жүзеге асырудың құқықтық негiзi мен принциптерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) импорттық карантиндiк рұқсат - Қазақстан Республикасының уәкілетті органы белгiлейтiн шарттарда карантинге жатқызылған өнiмдi Республикаға әкелуге, сондай-ақ оның транзитiне рұқсат беретiн құжат;
      2) жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктер - импорттық отырғызылатын және тұқымдық материалдағы карантиндi объектiлердiң және басқа да ерекше қауiптi зиянды организмдердiң жасырын жұғуын анықтау үшін арнайы жабдықталған көшеттiктер;
      3) карантиндi аймақ - карантиндi объектiнiң анықталуына байланысты белгiленген тәртiппен карантинге жатқызған деп жарияланған аумақ;
      4) карантиндiк шара - Республика аумағына карантиндi объектiлердiң енуiн немесе таралуын болғызбауға бағытталған рәсiм;
      5) карантиндi объект - бекiтiлген Карантиндiк түрлер тiзбесiне сәйкес зиянкес, өсiмдiктердiң ауруын қоздырғыш немесе өсiмдiктерге және өсiмдiк өнiмiне айтарлықтай зиян келтiруі мүмкiн, Республика аумағында жоқ немесе шектеулi таралған арамшөп;
      5-1) карантиндік сертификат мемлекет ішінде тасымалдауға арналған карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыратын құжат;
      6) өсiмдiктер карантинi (фитосанитариялық қорғау) - Республиканың өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмiн карантиндi объектiлердiң басқа мемлекеттерден, сондай-ақ Республиканың карантиндi аймағынан әкелiнуiнен және енуiнен қорғауға, ал олар таралған жағдайда - олардың таралу ошақтарын оқшаулауға және жоюға бағытталған мемлекеттiк шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
      7) өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау - уәкілетті органның лауазымды адамдары жүзеге асыратын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi нормалардың, ережелер мен нұсқаулықтар талаптарының орындалуын тексеру қызметi;
      7-1) фитосанитариялық тәуекелді бағалау - қолданылуы мүмкін фитосанитариялық шараларды ескере отырып, карантиндік объектілердің ену, орнығу мен таралу ықтималдығын және осыған байланысты болатын әлеуетті биологиялық және экономикалық зардаптарды ғылыми-зерттеу ұйымдары мен уәкілетті орган жүргізетін ғылыми негізделген бағалау;
      8) карантиндi объектiнiң ошағы - карантиндi объект анықталған және карантиндiк шаралар жүзеге асырылуға тиiс немесе жүзеге асырылып жатқан аумақ;
      9) карантинге жатқызылған өнiм - өздерi арқылы карантиндi объектiлердi таратуы мүмкiн кез келген материалдар (жүктер);
      9-1) өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар - Қазақстан Республикасының Үкiметі құратын, қызметі мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру құқығынсыз карантиндік объектілердiң ошақтарын анықтауға, оқшаулауға және жоюға бағытталған мемлекеттiк кәсiпорындар;
      9-2) уәкiлеттi орган - өсiмдiктер карантинiн Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғалардың сақтауына карантиндiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      10) фитосанитариялық сертификат - карантинге жатқызылған экспорттық өнiмнiң карантиндiк жай-күйiн куәландыратын құжат;
      11) фумигациялық отрядтар - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкілетті органның және шекаралық пункттері мен шекарадағы постыларын қоса алғанда, оның аумақтық органдарының ұйғарымдары бойынша карантинге жатқызылған өнімді газбен дезинсекциялау әдiсiмен залалсыздандыруды жеке және заңды тұлғалардың өтiніштерi бойынша орындайтын өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың бөлiмшелерi;
      12) бөтен тектi түр - Қазақстан Республикасының флорасы мен фаунасында жоқ, пайда бола қалған жағдайда елеулi экономикалық және экологиялық залал келтіруі мүмкін насеком, өсімдік ауруларын қоздырушы және арамшөп түрi.
      ЕСКЕРТУ. 1-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.

      2-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы заңдар

      Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

      3-бап. Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi

      Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) Республика аумағын шет елдерден немесе карантиндi аймақтан карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнен немесе өз бетiмен енуiнен қорғау;
      2) карантиндi объектiлердi анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ Республиканың олар жоқ аймақтарына олардың енуiнiң алдын алу;
      3) өсiмдiктер карантинi саласындағы заңдар мен белгiленген ережелердiң сақталуына және Республика аумағында өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шаралардың орындалуына мемлекеттiк бақылау жасау.

      4-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк
             шараларды жүзеге асыру принциптерi

      Республика аумағында өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шараларды жүзеге асырудың принциптерi мыналар болып табылады:
      1) Республиканың азық-түлiк және шикiзат қауiпсiздiгiн сақтап тұру мақсатында өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмдердi карантиндi объектiлердiң бүлдiруiнен және жоюынан қорғауды қамтамасыз ету;
      2) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдарды мемлекеттiк реттеу, мемлекеттiк бақылау және олардың бұзылуы үшiн жауапкершiлiк;
      3) өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмге карантиндi объектiлердiң ықтимал әсерiн объективтi, ғылыми негiздеп бағалау және олардың ықтимал зиянын болғызбау;
      4) халықтың, жеке және заңды тұлғалардың, ұйымдардың, мемлекеттiк басқару және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шараларды орындауға белсене қатысуы;
     5) тиiстi шарттар негiзiнде өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық ынтымақтастық.

2-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
мемлекеттік реттеу

      5-бап. Өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттiк
             реттеудi жүзеге асыратын органдар

      1. Өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Үкiметі, уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi орган туралы ереженi, Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден қорғау жөнiндегi ережелердi  (бұдан әрi - Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелер) және қарсы күрес жүргiзу ісi республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын карантиндiк объектiлер тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
      3. Уәкiлеттi органның және шекаралық пункттерi мен шекарадағы постыларын қоса алғанда, оның аумақтық органдарының өсімдiктер карантинi бойынша бақылауды тiкелей жүзеге асыратын лауазымды адамдары өсiмдiктер карантинi жөніндегi мемлекеттiк инспекторлар болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен нысанды киіммен қамтамасыз етіледі.
      Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
      Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес белгілеген біліктілік талаптарына сай келетін азаматтардың өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттер инспектор қызметiн атқаруға құқығы бар.
      ЕСКЕРТУ. 5-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
               2002.02.18. N 293 Заңымен.

      6-бап. Өсiмдiктер карантинін қамтамасыз етудiң
             мемлекеттік жүйесi

      Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз етудiң мемлекеттік жүйесiне:
      1) уәкiлеттi мемлекеттiк орган және шекаралық пункттерi мен шекарадағы постыларын қоса алғанда, оның аумақтық органдары;
      2) Қазақстан Республикасы Yкiметінің шешімi бойынша құрылатын мемлекеттiк карантиндiк мекемелер - республикалық, аймақтық және шекаралық карантиндiк зертханалар, жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктер;
      3) фитосанитариялық зертханаларымен және фумигациялық отрядтарымен қоса алғанда, өсiмдiктер карантинін қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар енедi.
      ЕСКЕРТУ. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
2002.02.18. N 293 Заңымен.  

      7-бап. Уәкілетті органның құзыретi

      1. Уәкілетті орган:
      1) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк шаралар белгiленiп, жүзеге асырылатын Карантиндi объектiлер тiзбесiн белгiлейдi;
      2) карантиндi объектiлер таралуының есебiн жүргiзедi және мүдделi адамдарға ақпарат бередi;
      3) өсiмдiктер карантинi саласындағы нормативтiк және әдiстемелiк құжаттарды белгiленген тәртiппен әзiрлейдi және оларды келiседi;
      4) карантиндiк шараларға бөлiнетiн мемлекеттік қаражат пен материалдық ресурстардың нысаналы және ұтымды пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
      5) әкелiнетiн және әкетiлетiн карантинге жатқызылған өнiмдi аумақтың фитосанитариялық сипаттамасы мен оның шыққан жерін, сондай-ақ баратын пунктін ескере отырып, карантиндiк тексерудi, зертханалық сараптаманы және фитосанитариялық сертификаттауды жүргізедi;
      6) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині жөніндегі заңдарына сәйкес карантинге жатқызылған өнімді, сондай-ақ көлік құралдарын залалсыздандыру жөніндегі іс-шараларды орындау туралы ұйғарымдар береді және олардың орындалуын бақылайды;
      7) жерсіндіру-карантиндік көшеттіктердегі карантинге жатқызылған импорттық өнімнің карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлерден жасырын залалданған-залалданбағанын тексеруді ұйымдастырады;
      7-1) Қазақстан Республикасында және басқа да елдерде карантиндік объектілердің болуы мен таралуы, оларға қарсы күрес жөніндегі шаралар мен іс-шаралар туралы деректер базасын құрады;
      8) ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бiрлесе отырып, халықаралық нормалар мен ұсыныстар талаптарын ескере келе, фитосанитариялық тәуекелді бағалаудың ғылыми принциптері негiзiнде карантиндiк шараларды әзiрлейдi және оларды жеке және заңды тұлғалардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.
      9) карантинге жатқызылған өнімге фитосанитариялық, карантиндік сертификаттар және импорттық карантиндік рұқсаттар береді;
      10) халықаралық ұйымдарда өсімдіктер карантині мәселелері бойынша Республиканың мүдделерін білдіреді;
      11) өсімдіктер карантині жөніндегі заңдарда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Уәкілетті орган өз қызметін шекаралық, кедендік, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.
      3. Уәкілетті орган мен оның аумақтық органдарының өз өкілеттіктері шегінде қабылданған шешімдері лауазымды адамдардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
      4. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары уәкілетті органның өзіне жүктелген міндеттерді шешуіне жәрдемдесуге міндетті.
      ЕСКЕРТУ. 7-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.  

      7-1. Мемлекеттік карантиндік мекемелер мен
           республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың
           құзыреті

      1. Мемлекеттік карантиндік мекемелер:
      1) зертханалық сараптамаға келіп түсетін үлгілердегі карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлердің түрлік құрамын айқындайды;
      2) себу материалдары мен отырғызылатын материалдардағы жасырын залалдануды анықтайды.
      2. Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар:
      1) карантиндік объектілердің таралу ошақтарын анықтайды;
      2) карантиндік объектілердің таралу ошақтарын оқшаулау мен жоюды жүргізеді;
      3) карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыруды, соның ішінде фумигациялауды жүргізеді.
      ЕСКЕРТУ. 7-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.

      8-бап. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік
             инспекторлардың құқықтары

      Карантиндік бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті органның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларының:
      1) карантинге жатқызылған жүктер мен объектілерді тексеріп қарау, фитосанитариялық сараптама және қажет болған кезде залалсыздандыру ісін жүргізу кезеңінде, сондай-ақ оларды фитосанитариялық (карантиндік) сертификатсыз тасымалдау кезінде немесе шет елден импорттық карантиндік рұқсатсыз әкелген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен кідіртіп қоюға;
      1-1) басқа мемлекеттерден әкелінетін, өзінің фитосанитариялық жай-күйі туралы мәліметтер зерттелмеген карантинге жатқызылған өнімге қатысты уақытша карантиндік шаралар қолдануға (енгізуге);
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен заң нормаларының орындалуын және Өсімдіктер карантині жөніндегі ережелердің сақталуын тексеру мақсатымен барлық меншік нысанындағы ұйымдарға кедергісіз баруға және оларға тексеру жүргізуге, өз өкілеттігін жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алуға;
      3) зертханалық сараптама жүргізу үшін карантинге жатқызылған өнім үлгілерін іріктеп алуға;
      4) жеке және заңды тұлғаларға карантиндi объектiлер ошақтарында және көлiкте қажет шаралар жүргiзу туралы талаптар қоюға;
      5) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдардың бұзылуына жол берген лауазымды адамдарды, жеке және заңды тұлғаларды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартуға;
      6) Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелердi бұзушылықты жойғанға дейiн жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiн тоқтата тұруға және тыйым салуға құқығы бар.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiне тыйым салуды немесе оны тоқтата тұруды уәкілетті органның лауазымды адамдары сот шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырады.
      Шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы талап арызды уәкілетті орган органдары Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен және негіздерде сотқа жібереді.
      Шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне сот шешімінсіз тыйым салуға немесе оны тоқтата тұруға карантиндік объектілер анықталған ерекше жағдайларда талап арызды 3 күннен аспайтын мерзімде сотқа табыс ету міндеттеліп, аталған мерзімге рұқсат етіледі. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешімі шыққанға дейін қолданылады.
      ЕСКЕРТУ. 8-бап өзгерді және бөліктермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.11.29. N 488 Заңымен.  
      ЕСКЕРТУ. 8-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.

      9-бап. Өндiрiстiк қызметi карантинге жатқызылған өнiмге
             байланысты мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың
             лауазымды адамдарының, жеке және заңды
             тұлғалардың мiндеттерi

      Қызметi карантинге жатқызылған өнiмдi өндiруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдау мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар:
      1) осы Заңның талаптарын, Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi ережелердi және тиiстi карантиндiк шараларды өткiзу туралы уәкілетті органның ұйғарымдарын орындауға;
      2) Уәкілетті орган инспекторларының талап етуi бойынша карантинге жатқызылған өнiм мен карантиндi объектiлердiң бар екендiгi туралы мәлiметтердi табыс етуге;
      3) егiстiктi, аумақты, карантинге жатқызылған өнiм сақталатын қоймаларды жүйелi тексерiп отыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ карантинге жатқызылған қолда бар өнiмдi тексеру және сараптамадан өткiзу үшiн ұсынуға;
      4) карантиндi объектiлер анықталған жағдайда уәкілетті органды дереу хабардар етуге мiндеттi.

      9-1-бап. Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының
               өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету
               жөніндегі құзыреті

      1. Жергілікті өкілді органдар өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету ісінде уәкілетті органға жәрдемдеседі.
      2. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
      1) уәкілетті органның аумақтық органдары өздерінің қызметтік міндеттерін атқаруы үшін оларға жағдай жасайды;
      2) темір жол станцияларындағы, теңіз және өзен порттарындағы (айлақтарындағы), әуежайлардағы, автовокзалдардағы (автостанциялардағы), базарлардағы, почта байланысы ұйымдарындағы және өзге де объектілердегі карантиндік аймақтарда осы объектілер иелерінің - жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының карантиндік іс-шаралар жүргізуін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
      ЕСКЕРТУ. 9-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен .

3-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
мемлекеттік бақылау

      10-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк
              бақылауды жүзеге асыру

      Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру уәкілетті органға жүктеледi.

      11-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк
              бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарды
              қорғау шаралары

      1. Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар мiндеттi түрде мемлекеттiк сақтандырылуға тиiс, олар қаза тапқан немесе жарымжан болып қалған жағдайда келтiрiлген зиянды заңдарда белгiленген тәртiппен өтеттiруге құқығы бар.
      2. Шығындарды өтеу заңдарда белгiленген тәртiппен және шарттарда республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      12-бап. Өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау объектiлерi

      Өсiмдiктер карантинi бойынша бақылау объектiлерi мыналар болып табылады:
      1) ауыл шаруашылық, орман және сәндiк дақылдарының тұқымдары мен отырғызылатын материалдары, өсiмдiктер мен олардың бөлiктерi (қалемшесi, жуашығы, түйнегi, жемiсi), сондай-ақ карантиндi объектiлердi жұқтырушы болуы мүмкін өсiмдiк тектi басқа да кез келген өнiм;
      2) өсiмдiктер ауруларын қоздырушылар - тiрi саңырауқұлақтар өсiмдерi, вирустар, бактериялар, сондай-ақ нематодтар, кенелер мен насекомдар;
      З) насекомдардың, өсiмдiктер ауруларын қоздырушылардың коллекциялары, тұқымдардың, гербарийлерi мен коллекциялары;
      4) карантиндi объектiлердiң жұқтырғыштары болуы мүмкiн ауыл шаруашылық машиналары мен топырақ өңдеуге арналған құралдар, көлiк құралдары, ыдыстың барлық түрі, буып-түю материалдары, өсiмдiк материалдарынан жасалған өнеркәсiп тауарлары мен бұйымдар, топырақ құймалары мен үлгiлерi;
      5) өсiмдiк тектi өнiмдi өсiретiн, дайындайтын, жинайтын, өңдейтiн және өткiзетiн ұйымдардың, шаруа (фермер), үй жанындағы және саяжай қожалықтарының аумағы мен үй-жайлары, ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, ауыл шаруашылығына, орманға, суға және басқа мақсатқа арналған жерлер.

      13-бап. Карантинге жататын өнiмдi әкелу мен
             әкету тәртiбi

      1. Карантинге жататын өнiмдi беруге немесе оның транзитiне шарт жасасқан кезде өнiм берушi уәкілетті органнан карантин шаралары туралы қажеттi ақпарат алуға және карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн жағдайларды қарастыруға мiндеттi.
      Құпия сипаттағы ақпараты бар жасалған шарт өнiм берушiнiң жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмеуге тиiс.
      2. Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы, өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету ережелері мен нормаларына сәйкес жабдықталған шекаралық фитосанитариялық пункттері мен постылары бар өткізу пункттерінде ғана рұқсат етіледі.
      Карантинге жатқызылған өнімді уәкілетті органның импорттық карантиндік рұқсатынсыз және экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитариялық сертификаттарынсыз әкелуге тыйым салынады.
      Карантинге жататын өнiмге арналған кеден құжаттары фитосанитариялық бақылаудан өткiзiлген соң ресiмделедi.
      Егер басқа елдердiң карантин шаралары, егер олар Республикада қолданылатын фитосанитариялық қорғаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ететiн болса, танылады.
      3. Карантинге жататын өнiм транзитiне Қазақстан Республикасының уәкілетті органның келiсiмi бойынша рұқсат етіледi.
      4. Карантинге жатқызылған өнімді әкетуге уәкілетті органның аумақтық органдары беретін фитосанитариялық немесе карантиндік сертификаттар болған жағдайда:
      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге - фитосанитариялық сертификаттар болған жағдайда;
      2) Қазақстан Республикасының ішінде - карантиндік сертификаттар болған жағдайда рұқсат етіледі.
      5. Карантинге жататын өнiмдi, жүктердi және көлiк құралдарын тексеру мен залалсыздандыру, зертханалық сараптама, карантин құжаттарын беру олардың иелерi қаражатының есебiнен, Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекетаралық шарттары мен заңдарына сәйкес және соларда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 13-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.  

      14-бап. Карантин белгiлеу мен оны алып тастау тәртiбi

      1. Уәкілетті орган органдарының ұсынуы бойынша карантин режимiн енгiзе отырып, карантин аймағын белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы шешiмдi:
      1) екi және одан да көп облыстардың аумағында - Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      2) облыс, аудан аумағында - жергiлiктi атқарушы орган қабылдайды.
      2. Карантиндi аймақтарда карантиндi объектiлер залалдаған карантинге жатқызылған өнiмдi әкетуге тыйым салынады немесе шектеу енгiзiледi, карантиндi объектiлер ошақтарын оқшаулау мен жою жөнiндегi шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылады, карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыру, оны техникалық өңдеу жүргiзiледi.
      Карантиндi аймақтан әкетiлген залалданған өнiм қайтарылуға, залалсыздандырылуға немесе өңдеушi ұйымдарға берiлуге тиiс.
      Залалданған өнiмдi залалсыздандыру немесе өңдеу мүмкiн болмаған жағдайда, ол нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiппен  алынуға және жойылуға тиiс.
      Карантиндiк шектеулер және карантиндi объектiлердi оқшаулау мен жою жөнiндегi шаралар тiзбесi карантиндi аймақтың жеке, заңды тұлғалары мен халқына хабарланады.

4-тарау. Дауларды шешу және Өсімдіктер карантині жөніндегі заңдарды бұзғаны үшін жауапкершілік

      15-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы дауларды шешу

      Өсiмдiктер карантинi саласындағы даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

      16-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегі заңдарды
              бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      1. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi заңдарды бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.
      2. <*>
      ЕСКЕРТУ. 16-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.

5-тарау. Уәкілетті органды, мемлекеттік карантиндік мекемелерді және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру

      17-бап. Уәкілетті органды және мемлекеттік карантиндік
              мекемелерді қаржыландыру

      Уәкілетті орган мен мемлекеттік карантиндік мекемелер республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
      ЕСКЕРТУ. 5-тараудың тақырыбы және 17-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.   

      18-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк
              шараларды қаржыландыру

      1. Карантиндiк зиянкестер, өсiмдiктер аурулары мен арамшөптер тiзбесiне сәйкес карантиндi объектiлердi оқшаулау мен жою жөнiндегi мемлекеттiк шараларды қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.
      2. Жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі объектілерде, сондай-ақ жер учаскелерінде карантиндік іс-шаралар жүргізу уәкілетті орган мен оның аумақтық органдарының өздеріне берілген өкілеттік шегіндегі ұйғарымдары бойынша меншік иелері мен жер пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 18-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.18. N 293 Заңымен.

6-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
халықаралық ынтымақтастық

      19-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық
              ынтымақтастық принциптерi

      Қазақстан Республикасы өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты карантиндi объектiлердi әкелу мен тарату жөнiндегi өзара қауiпсiздiктi сақтау принциптерiн басшылыққа ала отырып, жүзеге асырады.

      20-бап. Шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан
              Республикасы аумағындағы өсiмдiктер карантинi
              саласындағы қызметi

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе немесе халықаралық шарттармен регламенттелсе, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың өсiмдiктер карантинi саласындағы қызметiне жол берiледi.

      21-бап. Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi
              саласындағы халықаралық шарттары

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы 3аңдағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

      Қазақстан Республикасының Президентi