Өсімдіктер карантині туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпандағы N 344-I Заңы

Жаңартылған

      Ескерту. Заңның бүкіл мәтіні бойынша "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметі", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызмет", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметтің", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметке", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметтен", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметінің", "Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік фитосанитариялық қызметті" деген сөздер тиісінше "уәкілетті органы", "уәкілетті орган", "уәкілетті органның", "уәкілетті органға", "уәкілетті органнан", "уәкілетті органының", "уәкілетті органды" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2002.02.18 N 293, мәтiнде сөздер ауыстырылды - 2004.12.20 N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асырудың құқықтық негізін, мақсаттарын, міндеттері мен принциптерiн белгiлейдi.
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бөтен текті түр - Қазақстан Республикасының флорасы мен фаунасында жоқ, пайда бола қалған жағдайда елеулі экономикалық және экологиялық залал келтіруі мүмкін жәндіктің, өсімдік ауруларын қоздырушының және арамшөптің түрі;
      2) жерсіндіру-карантиндік көшеттіктер - импорттық отырғызылатын және тұқымдық материалдағы карантинді объектілердің және басқа да ерекше қауіпті зиянды организмдердің жасырын жұғуын анықтау үшін арнайы жабдықталған көшеттіктер;
      3) импорттық карантиндік рұқсат - карантинге жатқызылған өнімді уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда Қазақстан Республикасына әкелуге рұқсат беретін құжат;
      4) карантинге жатқызылған өнім - өздері арқылы карантинді объектілерді таратуы мүмкін кез келген материалдар (жүктер);
      5) карантинді аймақ - карантинді объектінің анықталуына байланысты белгіленген тәртіппен карантинге жатқызылған деп жарияланған аумақ;
      6) карантинді объект - бекітілген карантиндік түрлер тізбесіне сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында жоқ немесе шектеулі таралған, өсімдіктерге және өсімдік өніміне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін өсімдіктер зиянкесі, ауруын қоздырғыш немесе арамшөп;
      7) карантинді объектінің таралу ошағы - карантинді объект анықталған және өсімдік карантині жөнінде іс-шаралар жүзеге асырылуға тиіс немесе жүзеге асырылып жатқан аумақ;
      8) карантиндік сертификат - мемлекет ішінде тасымалдауға арналған карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыратын құжат;
      9) карантиндік шара - Қазақстан Республикасының аумағына карантинді объектілердің енуін немесе таралуын болғызбауға бағытталған рәсім;
      10) өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - өсімдіктер карантині саласындағы басшылықты және мемлекеттік саясатты іске асыруды, сондай-ақ өз өкілеттігі шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      11) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар - карантинді объектілердің таралу ошақтарын анықтау, оқшаулау және жою, залалданған, карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыру, техникалық қайта өңдеу, тазарту және жою, үй-жайлар мен көлік құралдарын залалсыздандыру және тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргізуге бағытталған мемлекеттік іс-шаралар жүйесі;
      12) өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорын - Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын мемлекеттік кәсіпорын;
      13) өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау - өкілетті орган жүзеге асыратын, өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралардың және Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру жөніндегі қызмет;
      14) өсімдіктер карантині (фитосанитариялық қорғау) - Қазақстан Республикасының өсімдік ресурстары мен өсімдіктен алынатын өнімін карантинді объектілерден қорғауға бағытталған, өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар жүйесін көздейтін құқықтық режим;
      15) фитосанитариялық бақылау бекеті - шекара және кеден пункттері аумағында (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізетін пункттер) орналасқан, уәкілетті орган ведомствосының өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға қажетті жабдықтармен және аспаптармен жарақтандырылған бөлімшесі;
      16) фитосанитариялық сертификат - карантинге жатқызылған экспорттық өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыратын құжат;
      17) фитосанитариялық тәуекелді бағалау - қолданылуы мүмкін фитосанитариялық шараларды ескере отырып, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен уәкілетті орган жүргізетін, карантинді объектілердің ену, орнығу немесе таралу ықтималдығын және осыған байланысты болатын әлеуетті биологиялық және экономикалық зардаптарды ғылыми негізделген бағалау;
      18) фумигациялық отрядтар - карантинге жатқызылған өнімді уәкілетті органның нұсқамаларына сәйкес немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша газбен дезинсекциялау әдісімен залалсыздандыруды жүзеге асыратын, өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бөлімшелері.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині
              саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
       Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      3-бап. Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi

      Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден немесе карантиндi аймақтан карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнен немесе өз бетiмен енуiнен қорғау;
      2) карантиндi объектiлердi анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ Қазақстан Республикасының олар жоқ аймақтарына олардың енуiнiң алдын алу;
      3) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу.
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      4-бап. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi іс-шараларды жүзеге
              асыру принциптерi

      Қазақстан Республикасының аумағында өсiмдiктер карантинi жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асырудың принциптерi мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының азық-түлiк және шикiзат қауiпсiздiгiн сақтап тұру және мүлiктi сақтау мақсатында өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмдердi карантиндi объектiлердiң бүлдiруiнен және жоюынан қорғауды қамтамасыз ету;
      2) өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік реттеу, мемлекеттік бақылау және Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық;
      3) өсiмдiк ресурстары мен өсiмдiк тектi өнiмге карантиндi объектiлердiң ықтимал әсерiн объективтi, ғылыми негiздеп бағалау және олардың ықтимал зиянын болғызбау;
      4) халықтың, жеке және заңды тұлғалардың, ұйымдардың, мемлекеттiк басқару және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өсiмдiктер карантинi жөнiндегi шараларды орындауға белсене қатысуы;
      5) өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық ынтымақтастық.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.02.18 N 293, 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

2-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
мемлекеттік реттеу

      5-бап. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік
              реттеу

      Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі, аумақтық бөлімшелері, оның ішінде фитосанитариялық бақылау бекеттері бар ведомствосымен қоса алғанда уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      6-бап. Өсімдіктер карантинін қамтамасыз етудің
              мемлекеттік жүйесі

      Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантинін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесіне:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      2) уәкілетті орган;
      3) өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелер:
      республикалық, аймақтық карантиндік зертханалар және фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жанындағы зертханалар;
      жерсіндіру-карантиндік көшеттіктер;
      республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы;
      4) фитосанитариялық зертханалары және фумигациялық отрядтары бар өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорын кіреді.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      6-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен өсімдіктер карантині саласындағы өзара қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді;
      3) өсімдіктер карантині саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаларды бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасының аумағын карантинді объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі ережелерді бекітеді
      5) өздеріне қатысты өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесін бекітеді;
      6) екі немесе одан көп облыстар аумағында карантиндік режим енгізе отырып, карантинді аймақты белгілеу немесе оның күшін жою туралы шешім қабылдайды;
      7) өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелерді және республикалық мемлекеттік кәсіпорынды құрады.
       Ескерту. 6-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      1. Уәкiлетті орган:
      1) өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастырып, iске асырады;
      1-1) өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      2) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi iс-шаралар белгiленiп, жүзеге асырылатын карантиндiк объектiлер тiзбесiн айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасында және басқа да мемлекеттерде карантиндi объектiлердiң болуы мен таралуы, оларға қарсы күрес жөнiндегi шаралар мен iс-шаралар туралы деректер базасын құрады және мүдделi тұлғаларға ақпарат бередi;
      4) өсiмдiктер карантинi саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады, үйлестiредi және бақылайды;
      5) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар туралы ереженi бекiтедi;
      6) карантиндi объектiлер залалдаған залалсыздандыруға немесе қайта өңдеуге жатпайтын карантинге жатқызылған өнiмдердi алып қою және жою жөнiндегi ережелердi бекiтедi;
      7) өз құзыретi шегiнде өсiмдiктер карантинi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
      8) өсімдіктер карантині жөніндегі iс-шараларды жүзеге асырудың тәртiбi мен тәсiлдерiн регламенттейтiн әдiстердi, әдiстеменi, ұсынымдарды келіседі;
      9) ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бiрлесiп, халықаралық нормалар талаптары мен ұсынымдарды ескере отырып, фитосанитарлық тәуекелдi бағалаудың ғылыми принциптерi негiзiнде карантиндiк шараларды әзiрлейдi және оларды жеке және заңды тұлғалардың орындауын тұрақты бақылауды жүзеге асырады; 
      10) Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспектор және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар лауазымдарына орналасуға бiлiктiлiк талаптарын белгiлейдi; 
      11) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізуді ұйымдастырады және олардың жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады; 
      12) карантинге жатқызылған өнiмдер транзитiнiң шарттарын айқындайды; 
      13) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін пестицидтерді (улы химикаттарды), оларды сақтау, тасымалдау, қолдану жөніндегі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;
      14) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен пестицидтердiң (улы химикаттардың) қорын құрады;
      15) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін бюджет қаражаты есебінен сатып алынған пестицидтерді (улы химикаттарды) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша бөледі; 
      16) фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған әкелiнетiн өнiмдi тұрақты бастапқы карантиндiк тексерудi, қажет болғанда үлгiлерiн, көлiк құралдарын, қол жүгi мен багажды iрiктеу арқылы оның зертханалық сараптамасын жүргізеді және әкелiнетiн және транзиттiк карантинге жатқызылған өнiмге карантиндiк құжаттарды қарайды;
      17) карантинге жатқызылған әкелiнетiн өнiм келiп түсетiн соңғы пункттерде осы өнiмдi тұрақты қайтадан карантиндiк тексерудi, қажет болғанда аумақтың фитосанитариялық сипаттамасы мен оның шыққан жерiн, баратын пунктiн, сондай-ақ карантиндi объектiлерден бос жатқан немесе олар аз таралған аймақтарды ескере отырып, үлгiлерiн iрiктеу арқылы оның зертханалық сараптамасын жүргізеді және карантиндiк құжаттарды қарайды;
      18) карантинге жатқызылған әкетiлетiн өнiмдi тиеп-жөнелту орындарында тұрақты карантиндiк тексерудi, қажет болғанда үлгiлерiн iрiктеу арқылы зертханалық сараптамасын және фитосанитариялық сертификаттауды жүргiзедi; 
      19) фитосанитариялық бақылау бекеттерінде әкетiлетiн және транзиттiк карантинге жатқызылған өнiмнiң карантиндiк құжаттарының болуын және дұрыс ресiмделуiн тұрақты негізде қарайды; 
      20) Қазақстан Республикасының ішкі сауда объектілерінде және ұйымдарында карантинге жатқызылған өнiмдердi тұрақты тексерудi, қажет болғанда үлгiлерiн iрiктеу арқылы оның зертханалық сараптамасын жүргізеді және карантиндік құжаттарды қарайды; 
      21) өсімдіктен алынатын өнiмдердi өсiретiн, дайындайтын, жинайтын, өңдейтiн және өткiзетiн ұйымдардың, ішкі сауда объектілерінің, шаруа (фермер), үй жанындағы және саяжай қожалықтарының аумағы мен үй-жайларына, ауыл шаруашылығына, орманға, суға және басқа да мақсатқа арналған жерлерге тұрақты талғамалы бақылау тексерулерiн жүргiзедi; 
      22) алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;
      23) мынадай:
      анықталған Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы;
      өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды орындау туралы нұсқама береді және оның орындалуын бақылайды;
      23-1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен және негіздерде дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы сотқа талап арыз жібереді; 
      24) жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктерде импорттық себу материалдары мен отырғызылатын материалдардың карантиндi объектiлерден және бөтен тектi түрлерден жасырын залалданған-залалданбағанын зерттеу жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады және бақылайды; 
      25) карантинге жатқызылған өнiмге фитосанитариялық, карантиндiк сертификаттар және импорттық карантиндiк рұқсаттар бередi; 
      26) Қазақстан Республикасының Үкiметiне және жергілiктi атқарушы органдарға карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндi аймақты белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзедi, сондай-ақ осы аймақтарда өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібін әзірлейді және олардың жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады; 
      27) алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;
      28) халықаралық нормалар мен талаптардың өсiмдiктер карантинi саласында жасалған келiсiмдерге сәйкес орындалуын қамтамасыз етедi; 
      29) өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      30) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді. 
      2. Ведомствоның басшысы Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы, ал оның орынбасары - Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасары болып табылады.
      Ведомствоның облыстық, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық бөлімшелерінің басшылары тиiстi облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.
      Ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелерінің өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды тікелей жүзеге асыратын өзге де лауазымды адамдары өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар болып табылады. 
      3. Уәкiлеттi орган өз қызметiн шекаралық, кедендiк, құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылда жүзеге асырады. 
      4. Уәкiлеттi органның өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмi лауазымды тұлғалардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады. 
      5. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары уәкiлеттi органның өзiне жүктелген мiндеттердi шешуiне жәрдемдесуге мiндеттi.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-1-бап. Өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі
                мемлекеттік мекемелердің функциялары

      1. Республикалық, аймақтық карантиндік зертханалар және фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жанындағы зертханалар зертханалық сараптамаға келіп түсетін үлгілердегі карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің түрлік құрамын айқындайды.
      2. Жерсіндіру-карантиндік көшеттіктер тексеруге келіп түсетін импорттық, себу материалдары мен отырғызылатын материалдардағы жасырын залалдануды анықтайды.
      3. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы карантинді объектілердің таралу ошақтарын анықтайды және олардың таралу шекараларын айқындайды. Бұл ретте осы қызмет түрі мемлекеттік монополияның аясына жатады.
      Ескерту. 7-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      7-2-бап. Өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі
                республикалық мемлекеттік кәсіпорынның
                функциялары

      Өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорын:
      1) карантинді объектілердің таралу ошақтарын оқшаулау мен жоюды жүргізеді. Бұл ретте осы қызмет түрлері мемлекеттік монополияның аясына жатады;
      2) карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыруды, оның ішінде фумигациялауды жүргізеді.
       Ескерту. 7-2-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8-бап. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік
              инспекторлардың құқықтары

      Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың:
      1) карантинге жатқызылған өнім мен өсімдіктер карантині жөніндегі бақылау объектілерін тексеріп қарау, фитосанитариялық сараптама және қажет болған кезде залалсыздандыру кезеңінде, сондай-ақ оларды фитосанитариялық не карантиндік сертификатсыз тасымалдау кезінде немесе басқа мемлекеттерден импорттық карантиндік рұқсатсыз әкелген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кідіртуге;
      1-1) басқа мемлекеттерден әкелінетін, өзінің фитосанитариялық жай-күйі туралы мәліметтер зерттелмеген карантинге жатқызылған, сондай-ақ, тиiстi халықаралық ұйымдардан алынған ақпаратты және басқа  мемлекеттер қабылдап жатқан фитосанитарлық шаралар туралы ақпаратты қоса алғанда, қолда бар ақпарат негiзiнде ғылыми негiздеме жеткiлiксiз болған жағдайда өнімге қатысты уақытша карантиндік шаралар қолдануға (енгізуге);
      2) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында ұйымдарға кедергісіз баруға және оларда зерттеп-қарау жүргізуге, белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат алуға;
      3) зертханалық сараптама жүргізу үшін карантинге жатқызылған өнім үлгілерін іріктеп алуға;
      4) жеке және заңды тұлғаларға карантинді объектілердің таралу ошақтарында және көлікте өсімдіктер карантині жөніндегі қажетті іс-шаралар жүргізу туралы нұсқамалар шығаруға;
      5) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының бұзылуына жол берген лауазымды адамдарды, жеке және заңды тұлғаларды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартуға;
      6) карантинді объектілер анықталған ерекше жағдайларда дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметін сот шешімінсіз үш күннен аспайтын мерзімге, көрсетілген мерзімде сотқа қызметті тоқтата тұру немесе тыйым салу туралы талап арызды міндетті түрде ұсына отырып, тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешімі шығарылғанға дейін қолданыста болады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.11.29 N 488, 2002.02.18 N 293, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      8-1-бап. Карантиндік объектілердің таралу ошақтарын
                оқшаулау мен жоюға арналған пестицидтер
                (улы химикаттар) қоры

      1. Карантиндік объектілердің таралу ошақтарын оқшаулау мен жоюға арналған пестицидтер (улы химикаттар) қоры дегеніміз пестицидтердің (улы химикаттардың) ұдайы жаңартылып отыратын белгілі бір көлемі және ол уәкілетті органның қарауындағы (билігіндегі) мемлекеттік меншік болып табылады.
      2. Пестицидтер (улы химикаттар) қоры карантиндік объектілердің анықталған таралу ошақтарын оқшаулауға және жоюға арналады және бюджет қаражаты есебiнен сатып алынатын пестицидтер (улы химикаттар) көлемiнен қалыптастырылады.
      3. алынып тасталды.
      Ескерту. 8-1-баппен толықтырылды - ҚР 2003.07.03 N 463, өзгерту енгізілді - 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      9-бап. Қызметі карантинге жатқызылған өнімдермен
              байланысты тұлғалардың міндеттері

      Қызметi карантинге жатқызылған өнiмдi өндiруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдау мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар: 
      1) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының талаптарын және уәкілетті органның өсімдіктер карантині жөніндегі тиісті іс-шараларды жүргізу туралы нұсқамаларын сақтауға және орындауға;  
      2) Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың талап етуi бойынша карантинге жатқызылған өнiм мен карантиндi объектiлердiң бар екендiгi туралы мәлiметтердi табыс етуге;  
      3) егiстiктi, аумақты, карантинге жатқызылған өнiм сақталатын қоймаларды жүйелi тексерiп отыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ карантинге жатқызылған қолда бар өнiмдi тексеру және сараптамадан өткiзу үшiн ұсынуға;  
      4) карантиндi объектiлер анықталған жағдайда уәкілетті органды дереу хабардар етуге мiндеттi.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      9-1-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
                астананың) жергілікті атқарушы органдарының
                құзыреті

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
      1) карантинді объектілердің таралуының есебін жүргізеді және уәкілетті орган мен мүдделі тұлғаларға ақпарат береді;
      2) темір жол станцияларындағы, теңіз және өзен порттарындағы (пристаньдарындағы), әуежайлардағы, автовокзалдардағы (автостанциялардағы), ішкі сауда объектілеріндегі, почта байланысы ұйымдарындағы және өзге де объектілердегі карантинді аймақтарда осы объектілердің иелері жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды өткізуін ұйымдастырады;
      3) уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша тиiстi аумақтарда карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндi аймақты белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы шешiм қабылдайды.
      Ескерту. 9-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), өзгерту енгізілді - 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      9-2-бап. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік
                бақылау

      1. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 9-2-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
мемлекеттік бақылау

      10-бап. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік
               бақылауды жүзеге асыру

      Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде өсімдіктер карантині жөніндегі бақылауды жүргізу үшін кеден органдарына өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар іссапарға жіберіледі.
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде осы Заңның 7-бабы 1-тармағының 16) және 19) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылатын өсімдіктер карантині жөніндегі бақылауды Қазақстан Республикасының кеден органдарына іссапарға жіберілген өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының аумағына карантинді объектілерді әкелудің алдын алу, олардың таралу қаупі бар ошақтарын уақтылы анықтау, оқшаулау және жою мақсатында карантинге жатқызылған өнімдерді тұрақты карантиндік тексеруді, үлгілерін іріктей отырып, оның зертханалық сараптамасын, іріктеу арқылы бақылау тексерулерін жүргізу, карантин құжаттарын қарау және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралардың орындалуына бақылауды жүзеге асыру өсімдік және азық-түлік ресурстарын қорғауға, карантинді объектілерге қарсы күреске арналған бюджет қаражатының болжанбаған шығындарына жол бермеуге, сондай-ақ отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
      Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау мен карантиндік шараларды жүргізу адамдардың өсімдіктер карантині бойынша бақылау объектілеріне жатқызылған мүлкін сақтауға бағытталған.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.01.06 № 238-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      11-бап. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік
               бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

      1. Ведомствоның және оның фитосанитариялық бақылау бекеттері бар аумақтық бөлімшелерінің өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды тікелей жүзеге асыратын лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен нысанды киіммен (погонсыз) қамтамасыз етіледі.
      2. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда олардың Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен зиянды өтеттіруге құқығы бар.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      12-бап. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік
               бақылау объектілері

      Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттік бақылау объектiлерi мыналар болып табылады:
      1) ауыл шаруашылық, орман және сәндiк дақылдарының тұқымдары мен отырғызылатын материалдары, өсiмдiктер мен олардың бөлiктерi (қалемшесi, жуашығы, түйнегi, жемiсi), сондай-ақ карантиндi объектiлердi жұқтырушы болуы мүмкін өсiмдiк тектi басқа да кез келген өнiм;
      2) өсiмдiктер ауруларын қоздырушылар - тiрi саңырауқұлақтар өсiмдерi, вирустар, бактериялар, сондай-ақ нематодтар, кенелер мен насекомдар;
      3) насекомдардың, өсiмдiктер ауруларын қоздырушылардың коллекциялары, тұқымдардың, гербарийлерi мен коллекциялары;
      4) карантиндi объектiлердiң жұқтырғыштары болуы мүмкiн ауыл шаруашылық машиналары мен топырақ өңдеуге арналған құралдар, көлiк құралдары, ыдыстың барлық түрі, буып-түю материалдары, өсiмдiк материалдарынан жасалған өнеркәсiп тауарлары мен бұйымдар, топырақ құймалары мен үлгiлерi;
      5) өсiмдiк тектi өнiмдi өсiретiн, дайындайтын, жинайтын, өңдейтiн және өткiзетiн ұйымдардың, шаруа (фермер), үй жанындағы және саяжай қожалықтарының аумағы мен үй-жайлары, ауыл шаруашылығына, орманға, суға және басқа мақсатқа арналған жерлер;
      6) ішкі сауда объектілері, темір жол вокзалдары, автовокзалдар, өзен порттары, пристаньдар, почта байланысы ұйымдары.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      13-бап. Карантинге жататын өнiмдi әкелу, әкету,
               транзиттеу, iшкi мемлекеттiк тасымалдау, тексеру
               және залалсыздандыру тәртiбi

      1. Карантинге жататын өнiмдi беруге немесе оның транзитiне шарт жасасқан кезде өнiм берушi уәкілетті органнан карантин шаралары туралы қажеттi ақпарат алуға және карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн жағдайларды қарастыруға мiндеттi.
      Құпия сипаттағы ақпараты бар жасалған шарт өнiм берушiнiң жазбаша келiсiмiнсiз жария етiлмеуге тиiс.  

      2. Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге фитосанитариялық бақылау бекеттері арқылы ғана рұқсат етіледі.
      Карантинге жататын өнiмге арналған кеден құжаттары фитосанитариялық бақылаудан өткiзiлген соң ресiмделедi.
      Егер басқа мемлекеттердің карантин шаралары, егер олар  Қазақстан Республикасында қолданылатын фитосанитариялық қорғаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ететiн болса, танылады.
      Жеке және заңды тұлғалар импорттық карантиндiк рұқсаттар алу үшiн карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасына әкелгенге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкiлеттi органға мынадай мәлiметтер: 

      1) карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасына әкелудiң мақсаты, оны өлшеп орау тәсiлi мен буып-түю түрiн көрсете отырып, жекелеген әрбiр түрi бойынша оның саны; 

      2) өнiмнiң пайдаланылу мақсаты мен орны (мекенжайы); 

      3) карантинге жатқызылған өнiмдер импорты болжанатын экспорттаушы елдердiң атауы, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнiмдер шыққан елдiң атауы; 

      4) карантинге жатқызылған өнiмнiң болжамды жету мерзiмдерi; 

      5) карантинге жатқызылған өнiм сол арқылы Қазақстан Республикасына әкелiнетiн шекаралық пункттiң (постының) атауы көрсетiлген өтiнiм бередi.
      Өтiнiш берушi карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуге импорттық карантиндiк рұқсат алуға өтiнiмде өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды өз есебінен орындауға кепiлдiк бередi.
      Импорттық және транзиттік карантинге жатқызылған өнiм Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жабық немесе изотермиялық, ақаусыз және пломбаланған контейнерлерде, герметикалық орамаларда, вагондарда, автофургондарда, авторефрижераторларда және басқа да көлiк құралдарында тасымалданады.
      Импорттық карантиндік рұқсатты алуға өтінім берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде рұқсат немесе оны беруден дәлелді бас тарту ресімделеді.
      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктердiң, консульдық мекемелердiң, халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ артықшылықтар мен иммунитеттi пайдаланушы тұлғалардың карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуi Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүргiзiледi.  

      2-1. Қазақстан Республикасының аумағына:  

      1) уәкілетті органның импорттық карантиндік рұқсатынсыз және экспортқа шығаратын елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитариялық сертификаттарынсыз карантинге жатқызылған өнімді; 

      2) карантиндік объектілер мен бөтен түрлер жұқтырған карантинге жатқызылған өнімді; 

      3) топырақты, тамыр жайған өсімдіктерді топырағымен қоса; 

      4) уәкілетті органмен келісім бойынша ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін әкелінетін үлгілерді қоспағанда, өсімдік ауруларын қоздырушыларды - тірі саңырауқұлақ өскіндерін, бактерияларды, вирустарды, сондай-ақ өсімдіктерді бүлдіретін жәндіктерді, кенелерді, нематодтарды, карантиндік арамшөптер тұқымдарын әкелуге тыйым салынады. 

      3. Алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      4. Карантинге жатқызылған өнімді әкетуге уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері беретін фитосанитариялық немесе карантиндік сертификаттар болған жағдайда:  

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге - фитосанитариялық сертификаттар болған жағдайда;  

      2) Қазақстан Республикасының ішінде - карантиндік сертификаттар болған жағдайда рұқсат етіледі.
      Жеке және заңды тұлғалар фитосанитариялық сертификат алу үшiн  уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне карантинге жатқызылған өнімді тиеп-жөнелтудiң болжамды мерзiмiнен он бес тәулiк бұрын мынадай мәлiметтердi: 

      1) карантинге жатқызылған өнiмнiң атауы мен санын; 

      2) импортқа шығарушы елдiң атауын және карантинге жатқызылған өнiм баратын мекен-жайды; 

      3) импорттық карантиндiк рұқсатта немесе экспортталатын карантинге жатқызылған өнiмге арналған шартта көрсетiлген импортқа шығарушы елдiң өсiмдiктер карантинi бойынша ұлттық қызметiнiң өсiмдiктер карантинi саласындағы талабын; 

      4) карантинге жатқызылған өнiмдi тиеп-жөнелту мерзiмi мен орнын; 

      5) сол арқылы карантинге жатқызылған өнімді әкелу болжанатын импортқа шығарушы елдiң шекаралық пунктiнiң атауын көрсетiп өтiнiм бередi.
      Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар карантинге жатқызылған әкелiнетiн өнiмнiң карантиндiк жай-күйiн жүктi тиеп-жөнелтудiң бастапқы орындарында және экспорттық партияларды қайта тиеу (қалыптастыру) кезiнде теңiз және өзен порттарында (айлақтарында), әуежайларда, темiржол станцияларында, почта байланысы ұйымдарында, ішкі сауда объектілерінде, автовокзалдарда (автостанцияларда) және өзге де объектiлерде қайтадан белгiлейдi. Қайта тиеусiз әкету кезiнде шекаралық пунктте және постыда тиеп-жөнелту орнында берiлген фитосанитариялық сертификаттың дұрыс ресiмделуiн бақылау ғана жүзеге асырылады.
       Фитосанитариялық сертификатты карантинге жатқызылған өнiмде карантиндiк объектiлердiң бар-жоғын зерттеген өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор бередi және өзiнiң жеке қолымен және белгiленген үлгiдегi мөрмен (мөртабанмен) куәландырады. Фитосанитариялық сертификат карантинге жатқызылған өнiмнiң әрбiр партиясына берiледi және оның карантиндiк жай-күйiн куәландыруға, жүргiзiлген залалсыздандыру, осы өнiмдi жеткiзу жөнiндегi басқа да қосымша карантиндiк талаптарды орындау туралы мәлiметтерi болуға тиiс. 
      Фитосанитариялық сертификатты алуға өтінім берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сертификат немесе оны беруден дәлелді бас тарту ресімделеді.

      4-1. Карантинге жатқызылған өнiмдi облысаралық тасымалдау уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы беретiн карантиндiк сертификаттар болған кезде жүзеге асырылады.
      Карантиндiк сертификатты алу үшiн жеке және заңды тұлғалар  уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтiнiм бередi, сондай-ақ карантиндiк жай-күйдi айқындау үшiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторға карантинге жатқызылған өнімді оны жөнелтудiң болжамды мерзiмiнен бес күн бұрын бередi.
      Өтiнiмде карантинге жатқызылған өнiмнiң атауы, баратын пунктi және пайдалану мақсаты көрсетiледi.
      Карантинге жатқызылған өнiмдi жүретiн жолында немесе баратын пунктiнде басқа мекенжайға жіберу уәкілетті органның өз аумағында осы операциялар жүзеге асырылатын аумақтық бөлімшесінің рұқсаты бойынша жүргiзiледi.
      Қазақстан Республикасының карантиндi аймағынан әкетiлетiн карантинге жатқызылған өнiмдi жүру жолында басқа мекен-жайға жiберуге тыйым салынады.
      Әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм оның баратын пунктiнде қайтадан карантиндiк тексеруге жатады.  

      5. Карантинге жататын өнiмдi және көлiк құралдарын тексеру мен залалсыздандыру, зертханалық сараптама, карантин құжаттарын беру олардың иелерi қаражатының есебiнен, Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы заңнамасына сәйкес және онда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм, карантинге жатқызылған өнiм тасымалданатын көлiк өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттік бақылауға және қажет болғанда фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантиндiк тексеруге, сондай-ақ тиiстi актiлер ресiмделе отырып, карантинге жатқызылған өнім баратын жерде карантиндiк тексеруге жатады.
      Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор карантинге жатқызылған өнім иелерiне Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы заңнамасын түсiндiредi, импорттық карантиндiк рұқсаттың және экспорттаушы елдiң ұлттық карантиндiк қызметiнiң фитосанитариялық сертификатының болуын анықтайды, көлiкке, карантинге жатқызылған өнiмге сырттай тексеру жүргiзедi. Карантиндiк зиянкестердi, өсiмдiк аурулары мен арамшөптердi анықтау мақсатында карантинге жатқызылған өнiмнен үлгiлердi iрiктеп алып, оларға сол жерде тексеру жүргiзедi. Қажет болғанда үлгiлер мен объектiлер Республикалық карантиндiк зертханаға объектiлердiң карантиндiк түрлерге жататынын растау үшiн берiледi.
      Егер тасымалдаушы карантинге жатқызылған өнiмдi өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау жүргізу үшін көрсетуден бас тартса, онда өнім оның иесiнiң қаражаты есебiнен экспорттаушы елге қайтаруға жатады, ол туралы өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін, Қазақстан Республикасының шекара және кеден органдарын хабардар етедi.
      Карантиндi объектiлер табылған карантинге жатқызылған өнiм қайтаруға, карантиндiк арамшөптерден залалсыздандыруға, тазартуға немесе техникалық қайта өңдеуге жатады. Карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыруға, тазартуға немесе қайта өңдеуге байланысты шығыстарды оның иелерi төлейдi.
      Ерекше ғылыми немесе өзге де құндылығы бар карантиндi объектiлер залалдаған тұқымдар мен отырғызылатын материал солардың иелерiнiң өтiнiштерi бойынша жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктерге зерттеу үшiн берiлуi мүмкiн. Карантиндi объектiлерден залалдануы жойылғаннан кейiн тұқымдар мен отырғызылатын материал иесiне қайтарылады.
      Карантинге жатқызылған өнiмдi алып қоюды (оның iшiнде, почталық жөнелтiлiмдерден, қол жүгiнен және багаждан) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор жүзеге асырады, ол туралы алып қою актiсi жасалады.
      Карантинге жатқызылған өнiм карантиндiк тексеруден өткiзiлгеннен кейiн және өсімдіктер карантині жөніндегі қажетті іс-шаралар жүргiзiлген соң өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор баратын пунктiне әкелуге немесе транзиттеуге рұқсат бере отырып, iлеспе тауар-көлiк құжаттарына өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылаудан өткенi туралы белгіленген үлгiдегi мөртабан басады және оның иесiне карантиндiк тексеру актiсiн бередi.
      Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған өнiммен жүк операцияларын (басқа көлік құралдарына қайта тиеуді) оның иелері өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттік бақылау және мiндеттi карантиндiк тексеру жүргiзiлгеннен кейiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектордың рұқсаты бойынша жүргiзедi.
      Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантиндiк тексеруден өткiзiлген әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiмдер, сондай-ақ көлiк құралдары карантинге жатқызылған өнiм жеткiзiлетiн соңғы пунктте карантиндiк тексеруге жатады.
      Карантинге жатқызылған өнімнің баратын пунктінде карантинге жатқызылған өнімдерді және көлік құралдарын тексеруді, талдау мен сараптама жасау үшiн үлгiлердi iрiктеп алуды кейiннен зиянкестердiң түрлiк құрамын, өсiмдiк аурулары мен арамшөптердi анықтау үшiн сараптама жүргiзе отырып, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жүзеге асырады, олардың нәтижелерi бойынша осы өнiмдердi пайдаланудың шарттары туралы жазбасы бар тексеру актiсi жасалады.  

      6. Карантиндi объектiлерден залалданған көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнiмдер, импорттық карантиндiк рұқсат бойынша залалсыздандыру көзделген өнiмдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының ұйғарымы бойынша карантиндiк тұрғыдан ықтимал қаупi бар көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнiмдер залалсыздандыруға жатады.
      Импорттық карантиндiк рұқсат бойынша, сондай-ақ өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың нұсқамалары бойынша, карантиндiк тексерудiң нәтижелерi бойынша көзделген карантинге жатқызылған өнiмдердi залалсыздандыруды карантинге жатқызылған өнімнің иелерi фумигациялық отрядтармен шарт жасасу негiзiнде жүргiзедi.
      Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған өнiмдерде карантиндiк объектiлер анықталған кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде фумигациялық камераларда, штабельдерде, кемелер мен баржалардың трюмдерiнде, вагондарда, контейнерлерде және көлiктiң басқа да түрлерiнде залалсыздандыру жөнiндегi жұмыстар жүргiзiледi.
      Көлiк құралдарының барлық түрлерi импорттық карантинге жатқызылған өнiмдердi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының карантиндi аймақтарынан әкелiнетiн өнiмдердi тасымалдаудан кейiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор белгiлеген жерлерде өнiмдердiң қалдықтары жойыла отырып, мiндеттi тазартуға, ал қажет болған жағдайда фумигациялауға жатады.
      Көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнімді фумигациялауға дайындауды фумигациялық отрядтар мамандарының басқаруымен өнім иесі немесе көлік ұйымы орындайды.
      Карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыру басқа мемлекеттерде жүргiзiлген кезде фумигациялық отрядтардың мамандары әкелiнетiн өнiмде фумиганттар қалдықтарының бар-жоғын зерттейді.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.07.03 N 463, 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      13-1-бап. Карантиндi объектiлердi анықтау тәртiбi

      1. Карантиндi объектiлердi уақтылы анықтау, олардың таралу ошақтарының шекараларын айқындау мақсатында жер және орман алқаптары, ауыл шаруашылығы, әсемдiк, дәрiлiк және басқа да дақылдардың егiстiктерi мен көшеттерi, үйлер, ғимараттар, контейнерлер, қоймалар, өзге де объектiлер және карантинге жатқызылған өнiмдi шығарумен, өңдеумен, сақтаумен, тасымалдаумен және өткiзумен байланысты ұйымдардың аумақтары және карантиндi объектiлердi жұқтыру мен тарату көзi болуы мүмкiн өзге де объектiлер жүйелi түрде тексеруге жатады.
      Бұл жұмыстарды орындауды өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың нұсқамалары бойынша жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы қамтамасыз етеді. 

      2. Зерттеу нәтижелерi, сондай-ақ бұл ретте, анықталған зиянкестер, өсiмдiк ауруларының қоздырғыштары мен арамшөптер осы объектiлердiң карантиндiк түрлерге тиiстiлiгiн айқындау және растау үшiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторларға жiберiледi. Объектiлер анықталмаған жағдайда өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар карантиндiк түрлерге тиiстiлiгiн растау үшiн оларды республикалық карантиндiк зертханаға жiбередi.
      Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары аталған объектiлерге бақылау тексерулерiн жүргiзедi. Тексеру нәтижелерi өсiмдiктер карантинi бойынша мемлекеттік бақылау жүргiзiлгенi туралы актiмен ресiмделедi.
      Ескерту. 13-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      14-бап. Карантин белгiлеу мен оны алып тастау тәртiбi

      1. Алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      2. Карантиндi аймақтарда карантиндi объектiлер залалдаған карантинге жатқызылған өнiмдi әкетуге тыйым салынады немесе шектеу енгiзiледi, өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар әзірленіп, жүзеге асырылады.
      Карантиндi аймақтан әкетiлген залалданған өнiм қайтарылуға, тазартуға, залалсыздандырылуға немесе өңдеушi ұйымдарға берiлуге тиiс.
      Залалданған өнiмдi залалсыздандыру немесе өңдеу мүмкiн болмаған жағдайда, ол нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiппен  алынуға және жойылуға тиiс.
      Карантиндiк шектеулер және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар тiзбесi карантиндi аймақтың жеке, заңды тұлғалары мен халқына хабарланады.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

   4-тарау. Дауларды шешу және Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік

       Ескерту. 4-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      15-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы дауларды шешу

      Өсiмдiктер карантинi саласындағы даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

      16-бап. Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині
               саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5-тарау. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi iс-шараларды
                қаржыландыру

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      17-бап. Уәкілетті органды, оның шекаралық пункттері мен
               шекарадағы қосындары бар аумақтық органдарын,
               сондай-ақ мемлекеттік карантиндік мекемелерді
               қаржыландыру

      Ескерту. 17-бап алынып тасталды - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      18-бап. Өсiмдiктер карантині жөніндегі іс-шараларды
               қаржыландыру

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      1. Карантиндiк зиянкестер, өсiмдiктер аурулары мен арамшөптер тiзбесiне сәйкес карантиндi объектiлердi оқшаулау мен жою жөнiндегi іс-шараларды қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады. 
      2. Жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі объектілерде, сондай-ақ жер учаскелерінде өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар жүргізу уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің өздеріне берілген өкілеттік шегіндегі нұсқамалары бойынша меншік иелері мен жер пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.02.18 N 293, өзгерту енгізілді - 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

6-тарау. Өсімдіктер карантині саласындағы
халықаралық ынтымақтастық

      19-бап. Өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық
               ынтымақтастық принциптерi

      Қазақстан Республикасы өсiмдiктер карантинi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты карантиндi объектiлердi әкелу мен тарату жөнiндегi өзара қауiпсiздiктi сақтау принциптерiн басшылыққа ала отырып, жүзеге асырады.

      20-бап. Шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғалардың
               Қазақстан Республикасы аумағындағы өсiмдiктер
               карантинi саласындағы қызметi

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе немесе халықаралық шарттармен регламенттелсе, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғалардың өсiмдiктер карантинi саласындағы қызметiне жол берiледi.
       Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      21-бап. Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi
               саласындағы халықаралық шарттары

       Ескерту. 21-бап алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi