Бакуде 1998 жылғы 23 қазанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзірбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы Өнеркәсiптiк меншiктi қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім (ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2001 ж., N 1, 4-құжат) (2000 жылғы 18 қаңтарда күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж., Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 92 бет) Бұдан былай Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзірбайжан Республикасының Үкiметi, екi мемлекет арасындағы тарихи қалыптасқан қарым-қатынастарды назарға ала отырып, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға тiлек бiлдiре отырып, өнеркәсiп меншiгiн тиiмдi және теңбе-тең қорғау мұндай ынтымақтастықты дамытудың қажеттi шарты болып табылатындығын тани отырып, осы мақсатқа байланысты өнеркәсiп меншiгi авторлары мен иелерiнiң құқықтарын қорғауға қолайлы жағдайлар жасау қажеттiгiн пайымдай отырып, төмендегiлер туралы келiстi: 1-бап Осы Келiсiм мақсаттары үшiн өнеркәсiп меншiгi құқығына мыналар жатады: - өнертабыстар, пайдалы модельдер; - өнеркәсiп үлгiлерi; - тауар таңбалары; - қызмет көрсету белгілерi; - фирмалық атаулары; - тауардың шыққан тегiнiң немесе шыққан жерi атаулары. 2-бап
Тараптар осы Келiсiмге және өздерi қатысушылары болып табылатын немесе болмақшы басқа да халықаралық шарттарға сәйкес өнертабыстарға, өнеркәсiп үлгiлерiне, тауар таңбаларына және өнеркәсiп меншiгiнiң басқа да объектiлерiне құқықты қорғау саласындағы ынтымақтастықты өзара тиiмдi және тең негiзде жүзеге асырады әрi дамытады.
3-бап
Тараптардың ынтымақтастығы:
өнеркәсiп меншiгiнiң объектiлерiне арналған құқықтарды қорғау мен пайдалануға байланысты мәселелердi реттеп отыруға;
Қазақстан Республикасы өтiнiм берушiлерiнiң Әзірбайжан Республикасында және Әзірбайжан Республикасы өтiнiм берушiлерiнiң Қазақстан Республикасында қорғау құжаттары берiлуiн сұраған өтiнiмдерiнiң берiлу рәсiмдерiн өзара жеңiлдетуге;
өнеркәсiп меншiгiн қорғау саласындағы ақпараттық, нормативтiк және өзге құжаттармен, сондай-ақ жұмыс тәжiрибелерiмен алмасуға бағытталады.
4-бап
Өнеркәсiп меншiгiн қорғау саласында Тарап мемлекеттерiнiң бiрiнiң жеке адамдары мен заңды тұлғалары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында осы мемлекеттiң ұлттық заңдарымен олардың өздерiнiң жеке адамдары мен заңды тұлғаларына қазiргi кезде берiлген немесе келешекте берiлетiн дәл сондай құқықтар мен артықшылықтарын пайдаланатын болады, сондай-ақ олар екiншi мемлекеттiң жеке адамдары мен заңды тұлғалары пайдаланатын құқықтық қорғаныс құралдарын дәл сондай негiзде және тап сондай көлемде пайдалана алады.
Бұл орайда осы Келiсiммен реттелмеген мәселелер бойынша Тараптар 1883 жылғы 20 наурызда қабылданған өнеркәсiп меншiгiн қорғау туралы Париж Конвенциясының, 1967 жылғы 14 шiлдеде Стокгольмде қайта қаралған және 1979 жылдың 2 қазанында өзгертiлген ережелерiн қолданатын болады.
5-бап
Тараптар бұрынғы КСРО авторлық куәлiгi немесе куәлiгi берiлген өнертабыс немесе өнеркәсiп үлгiсiн заңды түрде пайдалану, оларға басқа адамдар ұлттық патент беру туралы өтiнiш берiлген күнге дейiн басталған болса, Қазақстан Республикасы немесе Әзірбайжан Республикасының кез келген жеке адамы немесе заңды тұлғасы лицензиялық шарт жасаспай-ақ өнертабыс немесе өнеркәсiптiк үлгiсiн пайдалану құқығын сақтап қалатынын таниды.
Бұл орайда сыйақы төлеу өнертабысты немесе өнеркәсiп үлгiсiн пайдаланып жүрген немесе пайдаланатын мемлекеттiң аумағында бекiтiлген ұлттық заңдары тәртiбiмен жүргiзiледi.
6-бап
Тараптардың әрқайсысы:
өнеркәсiп меншiгi объектілерiне бұрын берiлген КСРО қорғау құжаттарының өз мемлекетi аумағындағы iс-әрекетiн тануды;
КСРО авторлық куәлiктерi және куәлiктерiмен қорғалатын өнертабыстар мен өнеркәсiп үлгiлерiн пайдаланғаны үшiн сол пайдаланған жердегi мемлекеттiң ұлттық заңдарына сәйкес авторларға сыйақылар төлеудi;
екi мемлекеттiң өтiнiм берушiлерi мен олардың патенттiк сенiмдi өкiлдерiне ұлттық қорғау құжаттарын алуға өтiнiмдерiн ресiмдеу құқығымен қатар өнертабыстарға КСРО авторлық куәлiктерiн және өнеркәсiп үлгiсiне КСРО куәлiктерiн олардың қалған қызмет мерзiмiнде ұлттық қорғау құжаттарына айналдыру құқығын берудi қамтамасыз ететiн қажеттi шараларды қабылдайды.
7- бап
Тараптар экономикалық, өнеркәсiптiк, ғылыми және техникалық ынтымақтастық туралы екi жақты келiсiмге өнеркәсiп меншiгi объектiлерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi ереженi енгiзудi де өз мiндеттерiне алады.
8-бап
Қорғау құжаттарын алуға өтiнiм берген кезде, қорғау құжаттарын алғанда және оларды күшiнде ұстағанда екi мемлекеттiң де патенттiк сенiмдi өкiлдерi, бұл орайда ұлттық өтiнiм берушiлердiң мүддесiн көрсете отырып, өзара принциптi негiзде мемлекеттердiң патенттiк ведомстволарымен тiкелей iс жүргiзе алады. Тарап мемлекеттерiнiң бiрiнiң ұлттық өтiнiм берушiлерiне оның ұлттық заңдарында белгiленген тәртiпте, сондай-ақ өзара принциптi негiзде қорғау құжаттарын алу және оларды күшiнде ұстау жөнiндегi iстердi екiншi Тарап мемлекетiнiң патенттiк ведомствосымен тiкелей жүргiзуiне құқық берiледi.
9-бап
Тараптар басқа мемлекеттiң өтiнiш берушiсi қорғау құжатын алуға өтiнiш беру кезiнде өнеркәсiп меншiгi объектiлерiн шетелдiк патенттеу тәртiбiне қатысты ұлттық заң талаптарын өтiнiш берушiнiң сақтағандығын куәландыратын құжатты тапсырудың мiндеттi шарт екендiгiн мойындайды.
10-бап
Өтiнiмдер беруге, қорғау құжаттарын беруге, оларды күшiнде сақтауға және өнеркәсiп меншiгiн қорғау мен пайдалануға қатысты өзге де заңдық маңызы бар әрекеттердi жасауға төленетiн баждар және басқа да қызметтер көрсетуге төленетiн төлемдер, ұлттық өтiнiм берушiлердiң баждары,
төлемдердiң төленуi үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары белгiлеген бағам бойынша Тараптар мемлекеттерінiң ұлттық заңдарында қаралған мөлшерде және валютамен төленедi. 11-бап Осы Келiсiмдi жүзеге асыру барысында Тараптардың бiрiнiң екiншiсiне жолдайтын барлық құжаттары орыс тiлiнде ұсынылады. 12-бап Осы Келiсiммен немесе оны орындауға байланысты мәселелерден туындаған пiкiр қайшылығы жағдайында Тараптардың өкiлдерi өзара кеңеседi және осы қайшылықтарды реттеуге қажеттi күш-жiгер жұмсайды. 13-бап
Осы Келiсiм Тараптардың өнеркәсiп меншiгiн қорғау саласында басқа мемлекеттермен екi жақты және көп жақты ынтымақтастыққа қатысуына кедергi болмайды.
14-бап
Осы Келiсiмдi орындау үшiн жауапкершiлiк Тараптардың патент ведомстволарына жүктеледi:
Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiнiң патенттер мен тауар таңбалары жөнiндегi Республикалық мемлекеттiк кәсiпорнына (Қазпатент);
Әзірбайжан Республикасында - Әзірбайжан Республикасы Ғылым және техника жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң патенттiк-лицензиялық басқармасына жүктеледi.
Екi мемлекеттiң патент ведомстволары ынтымақтастығының тәртiбi мен шарттары олардың арасындағы арнайы келiсiмдермен айқындалады.
15-бап
Осы Келiсiм Тараптардың барлық қажеттi мемлекетiшiлiк процедураларды орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күннен бастап күшiне енедi, сондай-ақ бес жыл бойы күшiнде болады және егер Тараптардың бiрi екiншi Тарапқа осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтататын өзiнiң ниетi туралы тиiстi кезең аяқталудан кем дегенде алты ай бұрын хабарламаса, онда келесi бес жылдық кезеңдерге өздiгiнен ұзартылады.
Осы Келiсiм күшiнiң тоқтауы екi мемлекеттiң де жеке адамдары мен заңды тұлғаларына Келiсiм күшiн сақтап тұрған кезде түскен өтiнiмдер бойынша берiлген немесе берiлуi мүмкiн қорғау құжаттарының қолданысына ықпал етпейдi.
Осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын және осы баптың ережелерiне сәйкес күшiне енетiн Хаттамамен ресiмделедi. Баку қаласында 1998 жылғы 23 қазанда әрқайсысы қазақ, әзірбайжан және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды және де барлық мәтiннiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде пiкiр алшақтығы туындаса орыс тiлiндегi мәтiн басшылыққа алынады. Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасының Үкіметі үшін Үкіметі үшін Мамандар: Қасымбеков Б.А. Икебаева Ә.Ж.