Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы N 339 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң ның аумағында азаматтық, қызметтік, жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қарудың айналымы кезінде туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді және азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоршаған орта объектілерін, ресурстарды күзетуге, қылмысқа және қарудың заңсыз таратылуына қарсы күресте халықаралық ықпалдастықты дамытуға бағытталған.
      Осы Заңның ережелері оқ-дәрінің (патрондардың) айналымына да қолданылады.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) атыс қаруы - оқ дәрi немесе өзге де заряд қуатының әсерi нәтижесiнде ұңғы оқпанынан оқты, снарядты, гранатаны ұшырып шығаратын қару;
      2) белгi беру қаруы - дыбыс, жарық және түтiн белгiлерiн беру үшiн пайдаланылатын қару;
      3) газды қару - қолданылуы көз жасын ағызатын немесе тiтiркендiргiш заттарды пайдалануға негiзделетiн қару;
      4) криминалистiк талаптар - азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына, оларды сәйкестендiру және заңсыз қолдан жасау мүмкiндiгiн болғызбау мақсатында қойылатын арнайы техникалық талаптар;
      5) қару - конструкциялық жағынан алғанда тiрi немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгi беруге арналған құрылғылар мен заттар;
      6) қару айналымы - қаруды өндiру, құрастыру, қайта жасау, өткiзу (сауда жасау), беру, сыйға тарту, марапаттап беру, мұраға қалдыру, иемденiп алу, коллекциялау, экспонаттау, есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, пайдалану, алып қою, жою, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және оны Қазақстан Республикасының аумағынан әкету;
      7) қару жасап шығарушы - қаруды әзiрлеуге, өндiруге, өткiзуге, жөндеуге, сатып алуға лицензиясы бар ұйым;
      8) қаруды пайдаланушы - қару иесiнен қаруды уақытша пайдалануға алған жеке немесе заңды тұлға;
      9) қаруды иемденiп алу - сатып алу, қаруды сыйлық, марапат ретiнде алу;
      10) қару иесi - лицензияның немесе қару иемденiп алуға, алып жүруге және сақтауға рұқсаттың негізiнде қаруды иеленген жеке немесе заңды тұлға;
      11) қару өндiрiсi - қаруды зерттеу, әзiрлеу, жасап шығару, сынақтан өткiзу, құрастыру, көркемдеп әрлеу, жөндеу, қайта жасау және жою, патрондар және олардың құрамдас бөлiктерiн жасап шығару;
      12) лақтырылатын қару - нысананы тiкелей зақымдайтын, құралы адамның бұлшық етi күшiнiң немесе механикалық құрылғының көмегiмен бағытталып, қозғалысқа түсетiн қару;
      13) оқ-дәрi (патрондар) - конструкциялық жағынан қарудың тиiстi түрiнен ату үшiн және нысананы зақымдауға арналған құрылғылар немесе заттар (бұдан әрi - патрондар);
      14) пневматикалық қару - нысананы зақымдайтын құралы сығылған, сұйытылған немесе қатайтылған газдың қуаты есебiнен бағытты қозғалыс алатын қару;
      15) суық қару - нысананы тiкелей зақымдайтын құралы адамның бұлшық етi күшiнiң көмегiмен қозғалысқа келтiрiлетiн қару;
      16) электрлi қару - қолданылуы электр разрядының күшiне негiзделiп арнайы бейiмделген тетiк.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.29 N 209 Заңымен.

      2-бап. Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік
              бақылау жасау саласындағы Қазақстан
              Республикасының заңдары

      Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзгеше нормалар белгіленсе, онда халықаралық шарттардың нормалары қолданылады.

      3-бап. Қару түрлері

      Өзінің бағытталған мақсаты мен негізгі өлшемдері, сипаттамалары бойынша қару:
      1) жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару;
      2) азаматтық қару;
      3) қызметтік қару болып бөлінеді.

      4-бап. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару

      Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруға Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдары мен олардың бөлімшелерінің (бұдан әрі - Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрамалар, арнаулы органдар) қарулануына қабылданған жауынгерлік және жедел-қызмет міндеттерін шешуге арналған, сондай-ақ басқа мемлекеттерге беру үшін жасап шығарылатын қару жатады.
      Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарының, сондай-ақ суық қарудың айналымы тәртібін заңдарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      5-бап. Азаматтық қару

      Азаматтық қаруға Қазақстан Республикасының азаматтары өзін-өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару жатады. Азаматтық атыс қаруы оқты түйдектете атуды болғызбауға тиіс.
      Азаматтық қару былайша бөлінеді:

      1) өзiн-өзi қорғау қаруы: V085139
      тегiс ұзын ұңғылы, оның iшiнде, жарақат салып әсер ететiн патрондары бар атыс қаруы;
      жарақат салатын, газбен және сәулелi дыбыспен әсер ететiн патрондары бар ұңғысыз атыс қаруы;
      газды қару - газ пистолеттерi, револьверлер және олардың патрондары, оның iшiнде жарақат салып әсер ететiндерi, механикалық тозаңдатқыштар, аэрозолды және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган қолдануға рұқсат еткен көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiргiш заттармен жарақталған басқа да құрылғылар;
      электрлі қару - зақымдағыш әсері электр энергиясын пайдалануға негізделген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қолдануға рұқсат берген қару және өзге де заттар;

      2) спорттық қару:
      ойық ұңғылы атыс қаруы;
      тегіс ұңғылы атыс қаруы;
      сұқпа суық қару;
      лақтырылатын қару;
      үрлемелі қуаты 3 Дж-дан жоғары пневматикалық қару;

      3) аңшылық қару:
      ойық ұңғылы атыс қаруы;
      тегіс ұңғылы, оның ішінде ойық бөлігінің ұзындығы 140 миллиметрден аспайтын атыс қаруы;
      аралас (ойық және тегіс ұңғылы), оның ішінде алмалы-салмалы және жиналмалы ойық ұңғылы атыс қаруы;
      үрлемелі қуаты 25 Дж-дан аспайтын пневматикалық қару;
      сұқпа суық қару;

      4) белгі беретін қару.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 , 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      6-бап. Қызметтік қару

      Қызметтік қаруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтік қару иемденіп алуға (алуға) құқығы бар мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, прокурорлардың жеке басының, сондай-ақ ұйымдардың оларға заңмен жүктелген немесе өз жарғыларында (ережелерінде) көзделген, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғау, қоршаған орта объектілерін және табиғи ресурстарды, бағалы және қауіпті жүктерді, арнаулы корреспонденциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға арналған қару жатады.
      Қызметтік қаруды пайдалану мен қолдануға байланысты функциялар жүктелген ұйымдар ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар болып табылады (бұдан әрі - ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар). V032257
      Қызметтік қаруға қысқа ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы атыс қаруы, сондай-ақ ұзын ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы қару жатады. P071146
      Қызметтік қару түйдектете оқ атуды болғызбауы тиіс.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22 N 297 , 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      7-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
             патрондарының айналымына белгіленетін тыйым
             салулар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары ретіндегі айналымға тыйым салынады, олар:

      1) ұңғысының немесе ұңғылы қорапшасымен қоса ұңғысының ұзындығы 500 миллиметрге жетпейтін және қарудың жалпы ұзындығы 800 милиметрге жетпейтін, сондай-ақ конструкциясы оның ұзындығын 800 миллиметрге жетпейтін етіп жасауға мүмкіндік беретін және сонымен бірге бұл ретте ату мүмкіндігі жойылмайтын ұзын ұңғылы атыс қаруы;

      2) оқты түйдектете атуға мүмкіндік беретін азаматтық атыс қаруы;

      3) түрі басқа заттарға ұқсайтын атыс қаруы;

      4) қол шоқпарлар, кастеттер үлгісіндегі суық қару, түймешікті немесе тұтқаны басқан кезде сабынан ұшы мен жүзі өздігінен шығып бекітілетін не салмақтың әсерінен немесе шапшаң қимылдан іске қосылатын және өздігінен бекітілетін ұшы мен жүзінің ұзындығы 90 миллиметрден астам суық сұқпа қару мен пышақ және ұрып-уататын және шаншып-кесетін басқа да заттар;

      5) бронь бұзғыш, тұтандырғыш немесе жарғыш күші бар, салмақ түсу нүктесі өзгеретін оқты патрондар;

      6) зақымдағыш әсері радиоактивті сәулелерді және биологиялық факторларды пайдалануға негізделген қару және өзге де заттар;

      7) жүйкеге әсер ететін, уландыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органы қолдануға рұқсат етпеген басқа да заттармен оқталған газды қару, бір метрден астам қашықтықта тұрған адамның денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтіре алатын газды қару;

      8) криминалистiк талаптарға сәйкес келмейтiн техникалық сипаттамалары бар қару мен оның патрондары;

      9) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келмейтiн қару және оның патрондары.

      2. Мыналарға:

      1) ойық ұңғылы спорттық атыс қаруын не үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан жоғары және калибрі 4,5 миллиметрден астам спорттық пневматикалық қаруды, сондай-ақ спорттық сұқпа суық қаруды спорт объектілерінен басқа жерде сақтауға немесе пайдалануға; жануарлар дүниесі объектілерін жинап, дәрі егуге байланысты ғылыми-зерттеу және алдын алу жұмыстарын жүргізуге арналған садақтар мен арбалеттерді сақтауды және пайдалануды қоспағанда, садақ көрмесінің тартылу күші 14 килограмнан астам лақтырылатын қаруды сақтау және пайдалану рұқсатынсыз спорт объектілерінен басқа жерде сақтауға немесе пайдалануға;

      2) калибрлі 4,5 миллиметрден асатын пневматикалық қаруды азаматтардың иемденіп алуына;

      3) қызметтік және азаматтық қаруға дыбыссыз атуға және түнде көздеуге арналған тетіктер орнатуға;

      4) қаруды жөнелтуге;

      5) азаматтардың - митингілерге, көше шерулеріне, демонстрацияларға, пикеттерге және басқа да көпшілік-бұқаралық іс-шараларға қатысушылардың қару алып жүруіне;

      6) қаруды қоғамдық орындарда ашық (қабына салынбаған күйде) алып жүруге;

      7) қаруды ұлттық киімге жабдық ретінде рұқсатсыз тағынуға тыйым салынады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 , 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

1-1-тарау. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның
патрондарының айналымы саласында техникалық реттеу аясында
қауiпсiздiктiң жалпы талаптары

      Ескерту. 1-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 , 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-1-бап. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның
               патрондарының айналымы саласындағы техникалық
               реттеу объектiлерi

      Техникалық реттеу объектiлерiне: азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондары, сондай-ақ оны өндiру, жинау, қайта жасау, жөндеу, өткiзу (сату), сатып алу, коллекция жинау, экспонаттау, сақтау, алып жүру, тасымалдау, пайдалану, жою жатады.

      7-2-бап. Азаматтық және қызметтiк қаруға қойылатын
               қауiпсiздiк талаптары

      1. Азаматтық және қызметтiк қару тiкелей оқтау, ату, қайта оқтау, сондай-ақ техникалық күтiм жасау кезiнде қарудың осы түрi (типi) үшiн белгiленген арнайы қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.

      2. Жарақат салатын, сәулелi дыбыспен және газбен әсер ететiн тиiстi патрондары бар тегiс ұзын ұңғылы, ұңғысыз қару, газ пистолеттерi мен револьверлер денсаулық сақтау саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

      3. Механикалық, аэрозолды тозаңдатқыштар және көзден жас ағызатын, тiтiркендiргiш заттармен, сондай-ақ басқа да заттармен жарақталған басқа да құрылғылар денсаулық сақтау саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

      7-3-бап. Патрондарға қойылатын қауiпсiздiк талаптары

      Азаматтық және қызметтiк қарудың патрондары өзiнiң өлшемi, пiшiнi, конструкциясы, салмағы, таңбаланған белгiсi, жұмыс iстеу қауiпсiздiгi, сондай-ақ оқ-дәрi газдарының және кинетикалық энергияның қысым көрсеткiштерi бойынша техникалық реттеу саласындағы арнайы қауiпсiздiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.

      7-4-бап. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның
               патрондарының айналымы саласындағы қауiпсiздiк
               талаптары

      1. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын өндiру, жинау және қайта жасау кезiнде жобалық құжаттамада белгiленген қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың бүкiл кешенiн сақтау және қауiпсiздiктiң сақталуына қатысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз ету талап етiледi.
      Егер азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын жасау, жинау, қайта жасау процесiнде немесе одан кейiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақтар жүргiзу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптарының орындалуы арқылы толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.

      2. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарын бұза отырып өткiзуге (сатуға), сатып алуға, жөндеуге, коллекция жинауға, экспонаттауға, сақтауға, алып жүруге, тасымалдауға, пайдалануға, жоюға тыйым салынады.

2-тарау. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
патрондарының мемлекеттік кадастры және
оларды сертификаттау

      8-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
             патрондарының мемлекеттік кадастры

      Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының мемлекеттік кадастры (бұдан әрі - Кадастр) Қазақстан Республикасының аумағында айналымға рұқсат етілген азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары туралы жүйеге түсірілген мәліметтер бар ресми жинақ болып табылады.
      Кадастр азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының үлгілер тізбесі негізінде басып шығарылады, олар туралы мәліметтер Кадастрға енгізіліп және одан алып тасталып отырады. Қарудың айналымына бақылау жасау саласындағы уәкiлеттi орган кадастр әзiрлейдi, оны бекiтедi және шығарады. Кадастрға сұқпа суық қару мен лақтырылатын қару, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін және шет елге әкетілетін бірен-саран дана азаматтық қару туралы мәліметтер енгізілмейді.
      Кадастрға өзгерістер азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары үлгілерінің тізбесі бекітілгеннен кейін үш айдан аспайтын мерзім өткенде енгізіледі.
      Кадастрды әзірлеу, басып шығару және жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді .
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 Заңымен.

       9-бап. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның
            патрондарының сәйкестiгiн растау

      Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн, Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн және Қазақстан Республикасынан әкетiлетiн азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондары үлгiлерiнiң сәйкестiгi мiндеттi расталуға жатады.
      Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады. Z040603
      Сәйкестiктi растау саласындағы құжат Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы үшiн негiз болып табылады.
      Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын сынауға қойылатын техникалық талаптар мен әдiстер азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттермен белгiленедi.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 Заңымен.

3-тарау. Қару мен оның патрондарын әзірлеуді, өндіруді,
жөндеуді, сатуды, иемденіп алуды, коллекциялауды,
экспонаттауды лицензиялау

      10-бап. Қару мен оның патрондарын әзірлеуді, өндіруді,
              жөндеуді, сатуды, иемденіп алуды,
              коллекциялауды, экспонаттауды лицензиялау

      1. Қару мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау лицензиялануға тиіс.

      2. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға, коллекциялауға, экспонаттауға лицензияны - ішкі істер органдары, ал жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға және экспонаттауға лицензияны Қазақстан Республикасы Үкіметінің уәкілетті органы береді.

      3. Қару мен оның патрондарын жасауға, өндіруге, жөндеуге, сатуға, коллекциялауға, экспонаттауға берілген лицензиялар мерзімі шектелмей берілетін бас лицензиялар болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
      Лицензиялар бірыңғай технологиялық кешенді ескере отырып, бірнеше қызмет түрлеріне де, сол сияқты жекелеген қызмет түрлеріне де беріледі.
      Қару мен оның патрондарын иемденіп алуға лицензия біржолғы болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

      4. Лицензия лицензиялау туралы заңдарда тізбесі белгіленген құжаттар негізінде беріледі. Сонымен бірге қаруды өндіру, есепке алу және сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылған шаралар туралы құжаттар тапсыру қажет.

      5. Лицензия беруден немесе оның қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту негіздері:

      1) өтініш берушінің қажетті мәліметтерді бермеуі не оның теріс мәліметтер беруі;

      2) қару өндірудің қауіпсіздігі жағдайларын, қаруды есепке алу мен оның сақталуын қамтамасыз етудің мүмкін еместігі не осы жағдайлардың қамтамасыз етілмеуі;

      3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген басқа да негіздер болып табылады.
      Лицензия беруден бас тартқан жағдайда аталған органдар бұл туралы өтініш берушіге бас тартудың себептерін түсіндіре отырып, жазбаша хабарлауға міндетті. Лицензия беруден бас тартылғанда не өтініштің қаралу мерзімі бұзылғанда өтініш беруші сотқа шағымдана алады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      11-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және
              одан айыру

      Осы Заңда және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген талаптарды орындамау лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негіз болып табылады.
      Лицензиядан айыру сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. Қаруды иелену және пайдалану құқығы

      12-бап. Қаруды иемденіп алуға құқығы бар субъектілер

      Қазақстан Республикасының аумағында қаруды иемденіп алуға: P001006

      1) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың;

      2) лауазымды адамдарына атыс қаруын сақтауға және алып жүруге құқық берілген мемлекеттік органдардың;

      3) ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың;

      4) қару өндірумен немесе оны сатумен айналысатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі - қару берушілер-заңды тұлғалар);

      5) қаруды коллекциялаумен немесе экспонаттаумен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың;

      6) аңшылық шаруашылығы ұйымдарының;

      7) спорттық ұйымдардың;

      8) білім беру ұйымдарының;

      9) Қазақстан Республикасы азаматтарының;

      10) шетелдіктердің;

      11) қаруды, оның ішінде жарақат салатын және газбен әсер ететін патрондары бар қаруды қолдану саласында ғылыми медициналық зерттеулер жүргізуге уәкілеттік берілген заңды тұлғалардың құқығы бар.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      13-бап. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери
              құрамалардың, арнаулы органдардың қару иемденіп
              алуға құқылы

      Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың жауынгерлік қол атыс қаруы мен өзге де қаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен иемденіп алуға құқығы бар. Ұзақ сақтауда тұрған қаруды қоспағанда, қарулануға қабылданған ойық ұңғылы қарудан Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру үшін бақылау ретінде оқ атылады.

      14-бап. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды
              тұлғалардың қару иемденіп алуға құқығы

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      1. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың ішкі істер органдарынан тиісті лицензия алғаннан кейін қару беруші заңды тұлғалардан азаматтық немесе қызметтік қару иемденіп алуға құқығы бар. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар қызметкерлерінің пайдалануына арналған қарудың түрлерін, үлгілерін, модельдерін және санын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді .

      2. Иемденіп алынған қару оны иемденіп алған күннен бастап бір апта мерзімде тиісті ішкі істер органында тіркелуге тиіс. Қару тіркелген кезде қаруды иемденіп алудың заңдылығын растайтын құжаттардың негізінде осы қаруды сақтау мен пайдалануға бес жыл мерзімге рұқсат беріледі.
      Рұқсаттың нысаны мен оның қолданылу мерзімін ұзарту тәртібін қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      3. Ұйымның (ерекше жарғылық мiндеттерi бар заңды тұлғаның) басшысы қаруды штаттағы қызметкерлерге олардың өз міндеттерін атқаруы кезеңіне береді. Қару қызметкерлер тиісті даярлықтан өткен соң беріледі. Бұл қызметкерлер атыс қаруын қолдануға байланысты жағдайлардағы іс-қимылға жарамдылығы жөнінен мезгіл-мезгіл тексеруден өтіп отыруға міндетті және оларда қызметтік қаруды сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсаты болуға тиіс.

      4. Даярлық бағдарламасының мазмұны мен тексеру өткізу тәртібін қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22 N 297 , 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      15-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының қару
              иемденіп алуға құқығы

      1. 18 жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденіп алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қару иемденіп алуға құқығы бар.
      Қазақстан Республикасының 16 жасқа толған азаматтарының лақтырылатын қаруды (садақтар мен арбалеттерді) спорттық мақсатта иемденіп алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға құқығы бар.
      Белгі беру қаруы, механикалық тозаңдатқыштар, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозолды және басқа да құрылғылар, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтындарын және калибрі 4,5 миллиметрге дейінгілерін қоса алғанда, пневматикалық қару тіркеуге жатпайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының рұқсат алмай-ақ оларды қару жеткізіп берушілерден - заңды тұлғалардан иемденіп алуға құқығы бар.
      Осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында аталған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдары аңшы куәлігі болмаса да беретін рұқсаттар бойынша алып жүру құқығынсыз өзін-өзі қорғау мақсатында иемденіп алуға құқығы бар.
      Тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруы мен аңшылық пневматикалық қаруды сақтау және алып жүру құқығымен иемденіп алуға аңшы куәлігі бар Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы бар.
      Тегіс те ұзын ұңғылы аңшылық атыс қаруын меншігінде кемінде үш жыл ұстаған, белгіленген тәртіппен аң аулау құқығы берілген Қазақстан Республикасы азаматтарының ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын иемденіп алуға құқығы бар.
      Қазақстан Республикасының азаматы иемденіп алған ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруының жалпы саны - екі өлшемнен, тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруының жалпы саны екі өлшемнен аспауға тиіс, бұған аталған қару түрлері коллекциялау объектілері болып табылатын жағдайлар қосылмайды.
      Қазақстан Республикасы азаматтарының газ пистолеттері мен револьверлерін, ұңғысыз, электрлi атыс қаруын ішкі істер органдары беретін рұқсаттар бойынша сақтау және алып жүру құқығымен өзін-өзі қорғау мақсатында иемденіп алуға құқығы бар.

      2. Қазақстан Республикасының азаматы иемденіп алған ұзын ұңғылы және ұңғысыз атыс қаруы, аңшылық пневматикалық қару, лақтырылатын қаруды (садақтар мен арбалеттерді), электрлi қаруды, сондай-ақ газ пистолеттері мен револьверлері иемденіп алынған күннен бастап бір апта мерзімде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс.
      Қорғануға арналған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының азаматына тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органы осындай қаруды сақтауға бес жыл мерзімге рұқсат береді, ал аңшылық және спорт қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерін, ұңғысыз атыс қаруын, лақтырылатын қаруды (садақтар мен арбалеттерді),  электрлi қаруды тіркеу кезінде - оны сақтау мен алып жүруге рұқсат береді. Рұқсат бес жыл мерзiмге берiледi және ұзартылады. Рұқсаттың нысанын және оның қолданылу мерзімін ұзарту тәртібін қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      3. Қару иемденіп алуға рұқсат алу үшін Қазақстан Республикасының азаматы тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органына белгіленген нысанда өтініш, денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органдар белгiлеген қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медициналық қорытынды және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат тапсыруға міндетті.

      4. Қару сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар адамдарды қоспағанда, қорғануға арналған тегіс ұңғылы атыс қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерді, ұңғысыз атыс қаруын, лақтырылатын қаруды (садақтар мен арбалеттерді), электрлi қаруды бірінші рет иемденіп алатын адамдар тұрғылықты жерінде Қазақстан Республикасының Үкіметі осындай құқық берген ұйымдарда қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган әзірлеген бағдарлама бойынша қаруды ұстау қауіпсіздігі ережелерін білетіні жөнінде тексеруден өтуге міндетті.

      5. Қаруды және оның патрондарын сақтауға рұқсат беру немесе сақтау мен алып жүру, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.

      6. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың әскери қызметшілері, арнаулы органдардың арнаулы атақтары бар қызметкерлері азаматтық қару иемденіп алуға рұқсатты қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медициналық қорытындыны тапсырмай-ақ алады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22 N 297 , 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      16-бап. Қару иелерінің құқықтары мен міндеттері

      1. Қару иелерінің:

      1) белгіленген тәртіппен сатып алынған қару мен оның патрондарын меншіктенуге;

      2) қару алып қойылған немесе ол ерікті түрде тапсырылған жағдайда заңдарда белгіленген тәртіппен оның құнының өтемақасын алуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қаруды сатуға, сыйға тартуға мұраға қалдыруға не уақытша пайдалануға беруге;

      4) атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына рұқсаты болған жағдайда суық қаруды сақтауға және алып жүруге құқығы бар.

      2. Қару иелері:

      1) 15-баптың 1-тармағының 3-абзацында келтірілгендерді қоспағанда, меншігіндегі қаруды ішкі істер органдарында тіркетуге және қайта тіркетуге;

      2) қару мен оның патрондарын тасымалдаудың белгіленген тәртібін сақтауға;

      3) қару мен оның патрондарының сақталуын қамтамасыз етуге;

      4) заңдарға сәйкес бақылауындағы объектілердің аумағында және қару сақталатын орындарға ішкі істер органдары қызметкерлерінің кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге, танысу үшін оларға қажетті құжаттама беруге;

      5) азаматтық қару иесі қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелері осы қаруды бір ай мерзімде қайта тіркетуге немесе комиссиялық саудаға өткізуге;

      6) тұрғылықты жерiн ауыстырған кезде қаруды iшкi iстер органдарының есебiнен шығаруға және он күн мерзiмде жаңа тұрғылықты жерi бойынша оны тиiстi есепке қоюға, ал бiр ауданның не аудандарға бөлiнбейтiн қаланың шегiнде тұрғылықты жерiн ауыстырған кезде бес күн мерзiмде бұл туралы аумақтық iшкi iстер органдарын хабардар етуге міндетті.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      17-бап. Қару пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері

      1. Қару пайдаланушылардың:

      1) өздеріне берілген құқыққа сәйкес қару сақтауға, сақтау мен алып жүруге;

      2) қаруды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша пайдалануға құқығы бар.

      2. Қару пайдаланушылар:

      1) қаруды арналған мақсатына сәйкес пайдалануға;

      2) қару мен оның патрондарын тасымалдаудың белгіленген тәртібін сақтауға;

      3) пайдаланылып жүрген қару мен оның патрондарының сақталуын қамтамасыз етуге;

      4) қару мен оның патрондарын пайдалану кезiнде қауiпсiздiк талаптарын сақтауға мiндеттi.

      3. Қару пайдаланушылар - заңды тұлғалар заңдарға сәйкес бақылауындағы объектілердің аумағына және қару сақталатын орындарға ішкі істер органдары қызметкерлерінің кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге, танысу үшін оларға қажетті құжаттама беруге міндетті.

      4. Қару пайдаланушылар - жеке тұлғалар заңдарға сәйкес ішкі істер органдары қызметкерлерінің талап етуі бойынша тексеру үшін қолда бар қаруды, оның патрондарын және олар сақталатын орындарды, сондай-ақ оларды ұстау ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында қажетті құжаттаманы көрсетуге міндетті.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 Заңымен.

      18-бап. Қаруды қолдану құқығы

      1. Өмірін, денсаулығын және меншікті қорғау үшін нақты қару түрін сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар адамдардың қажетті қорғаныс, аса қажеттілік жағдайында және қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде оны қолдануға құқығы болады.

      2. Ерекше жарғылық міндеттері бар ұйымдардың қызметкерлері қаруды табиғатты, табиғи ресурстарды, меншікті күзету, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөнінде өздеріне заңдарда жүктелген міндеттерді орындау кезінде және өзін қорғау үшін қолдана алады.

      3. Қару қолданбас бұрын ол қарсы қолданылатын адамға бұл жайында нақты ескерту жасалуға тиіс.

      4. Әйелдерге, мүгедектік нышандары айқын адамдарға, жас шамасы айқын немесе белгілі кәмелетке толмағандар қарулы немесе топтасып шабуыл (зорлық- зомбылық) жасаған жағдайлардан басқа кезде оларға қарсы қару қолдануға тыйым салынады.

      5. Қару қолданудың барлық жағдайларында маңайдағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық жәрдем көрсету үшін шаралар қолдану, ішкі істер және прокуратура органдарына хабарлау қажет.

      6. Атыс қаруын қолданып аң аулау ережелерін, сондай-ақ спортпен шұғылдану кезінде және жаттығу мақсаттарында қару қолдану ережелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      19-бап. Рұқсаттар беруден бас тарту және олардың
               күшін жою

      Ішкі істер органдары қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсатты мынадай жағдайларда бермейді, ал берілгендері мына жағдайларда:
      1) рұқсаттардан ерікті түрде бас тартылғанда, не қару иесі қайтыс болғанда;
      2) бір жыл ішінде қоғамдық тәртіпке немесе басқарудың белгіленген тәртібіне қауіп төндіретін әкімшілік құқық бұзушылық қайталап жасалғанда;
      2-1) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 79-1, 79-5 және 355-1-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалғанда;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсаттар алу мүмкіндігін жоққа шығаратын мән-жайлар туындағанда;
      4) азаматтық немесе қызметтік қару иесі аталған қарудың конструкциясын қайта жасап, бұл оның баллистикалық және басқа да техникалық сипаттамаларының өзгеруіне әкеп соққанда;
      5) егер адам:
      қару ұстауға кедергi жоқ екені туралы медициналық қорытындыны тапсырмаса;
      қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе заңда белгіленген тәртіппен алынбаған соттылығы болса;
      тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
      қару сақтау үшін тиісті жағдайлар болмаса (сейф немесе темір шкаф немесе қаруға бөгде адамдар қол жеткізе алмайтын өзге де құрылғы болмаса);
      ішкі істер органдарына қаруды қауіпсіз ұстау ережелерін білетіні жөнінде тексеруден өткенін растайтын құжаттарды тапсырмаса;
      6) азаматтық және қызметтiк қару азаматтық және қызметтiк қарулар мен олардың патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттерге, сондай-ақ криминалистiк талаптарға сәйкес келмесе жойылады.
      Адам қылмыстық жауапқа тартылған жағдайда рұқсат сот шешім қабылданғанға дейін уақытша алып қойылады. Осы Заңда көзделген негіздер бойынша рұқсаттың күшін жою туралы шешім қабылданардан бұрын осы рұқсатты берген ішкі істер органы рұқсат иесіне алдын-ала жазбаша ескерту жасауға тиіс. Ескертуде нақты қандай құқықтық нормалар мен ережелердің бұзылғаны немесе орындалмағаны көрсетіледі және жол берілген тәртіп бұзушылықтарды жоюдың мерзімі тағайындалады.
      Рұқсаттың күшін жою туралы шешімге сотқа шағым жасауға болады.
      Рұқсаттың күші жойылған жағдайда оны алу үшін, олардың күші жойылған күннен бастап үш жыл өткен соң қайталап өтініш жасауға болады. Рұқсаттан өз еркімен бас тартқан жағдайда оны алуға қайталап өтініш жасау мерзімі белгіленбейді.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209, 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.29 № 272-IV, 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      20-бап. Қару мен оның патрондарын алып қою

      Қару мен оның патрондарын:

      1) ішкі істер органдары мынадай жағдайларда:
      азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге және жөндеуге, олармен сауда жасауға, қаруды иемденіп алуға, коллекциялауға немесе экспонаттауға лицензия, сондай-ақ қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат болмағанда;
      аталған лицензиялар мен рұқсаттардан белгіленген тәртіппен айырылғанда;
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен түпкілікті шешім қабылданғанға дейін заңды немесе жеке тұлғалар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген қауiпсiздiк талаптарын, қаруды беру, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау, тіркеу, есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, тасымалдау және қолдану ережелерін бұзғанда;
      мүлікті мұраға қалдыру мәселесі шешілгенге дейін қару иесі қайтыс болғанда;

      2) аң, балық аулау, табиғат және табиғи ресурстарды қорғау ережелерінің сақталуына мемлекеттік қадағалау жасайтын органдар өздерінің құзыреті шегінде азаматтардың Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарын бұзуын тыйған жағдайларда, қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып;

      3) кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа жағдайларда қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып алып қоюды жүргізеді.
      Марапаттау қаруын азаматтардан сақтау, тасу және пайдалану ережелерін бұзуға жол бергені үшін ішкі істер органдары қолданылып жүрген заңдарға сәйкес алып қоюы мүмкін.
      Қару мен оның патрондарын алып қою тәртібін қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      Техникалық жағынан пайдалануға жарамды алып қойылған, сондай-ақ тәркіленген азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық және қызметтік қарумен сауда жасауға лицензиясы бар заңды тұлғалар арқылы сатылуға тиіс.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 , 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. Жекелеген қару түрлерінің айналымы

      21-бап. Қару мен оның патрондарын өндіру

      Қаруды, оның негізгі бөліктерін өндіру, қарудың жойылған зақымдаушы қасиеттерін қалпына келтіру мақсатымен оны құрастыру, қайта жасау немесе жөндеу, сондай-ақ оның патрондарын жасау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес лицензиялануға тиіс.
      Қару мен оның патрондарын өндіретін заңды тұлғалар өндіру қауіпсіздігін, оған бақылау жасауды, шығарылатын өнімнің тиісті сапасын, оның есебі мен сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
      Көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақтандырылған механикалық бүркігіштерді, аэрозольдық және өзге де құрылғыларды қоспағанда, жасаған әрбір қарудың жеке нөмірі болуы тиіс.
      Тәжірибелік үлгілерін қоспағанда, жауынгерлік қол атыс қаруы және оның патрондары Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларға, арнаулы органдарға ғана беру үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен басқа мемлекеттерге беру үшін жасалады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       22-бап. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның
              патрондарымен сауда жасау

      1. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның патрондарымен сауда жасауды заңдарда белгіленген тәртіппен осы қызмет түріне лицензия алған ұйымдар жүзеге асырады. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның патрондарымен сауда жасауға лицензияны қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган осы мақсаттар үшін арнайы құрылған ұйымдарға ғана береді.

      2. Қарумен және оның патрондарымен сауда жасауды жүзеге асыратын ұйымдар:

      1) сатылатын қаруға сәйкестілік сертификатына ие болуға;

      2) иемденіп алынатын және сатылатын қарудың есебін, сондай-ақ 10 жыл бойы есептік құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етуге;

      3) иемденіп алуға лицензия талап етілмейтін қаруды қоспағанда, сатып алушыдан (заңды тұлғадан) қарудың сол түрін сатып алуға лицензиясын көрсетуді талап етуге;

      4) сатып алушының лицензиясында немесе рұқсатында тіркелуге тиіс, сатылатын азаматтық және қызметтік қаруды тіркеуге, сондай-ақ  аңшы куәлігінде аңшылық суық қаруды тіркеуге;

      5) қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ішкі істер органдарына сатылған қызметтік және азаматтық қару мен оның сатып алушылары туралы ай сайын мәлімет беріп отыруға;

      6) олардың сақталуын және сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      7) сатылған қызметтік және азаматтық қарудан атылған оқтар мен гильзаларды мемлекеттік оқ-гильза қоймасына табыс етуге;

      8) қызметкерлердің қару айналымы туралы заңдарды білуін қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Қарудың белгілі бір түрін сатып алуға рұқсатын көрсетпеген заңды және жеке тұлғаларға қарумен сауда жасауға, сондай-ақ нөмірсіз және таңбасыз қару не азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестік белгісі жоқ патрондар сатуға тыйым салынады.

      4. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатумен айналысатын заңды тұлғаның осы қару түрлерін "әзірлеу, өндіру, жөндеу, иемденіп алу, экспонаттау, әкелу және әкету, оның қосалқы бөлшектерін, спорт тауарларын, аң және балық аулау құрал-жабдықтарын, азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған тұрмыстық мақсаттағы бұйымдарды иемденіп алу, әкелу, әкету және сату жөніндегі, сондай-ақ атыс тирлерін, стендтер мен атыс орындарын ашу және олардың жұмыс істеуі жөніндегі қызметті қоспағанда, өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға лицензиялары бар заңды тұлғалардың спорттық, аң және балық аулау құрал-жабдықтары мен осы қарудың қосалқы бөлшектерін қоспағанда, бір сауда залында қаруды және өзге де тауар түрлерін қатар сатуына тыйым салынады.

      5. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға берілген лицензия азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сату үшін құрылған заңды тұлғалардың филиалдарын ашуға құқық бермейді.

      6. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға лицензиялары бар заңды тұлғалардың оларды осы Заңның 12-бабында көрсетілген субъектілерден иемденіп алуға құқығы бар.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 , 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      23-бап. Қаруды сату немесе беру

      1. Осы Заңға сәйкес қару иемденіп алуға құқығы бар субъектілер өздері заңды негізде иеленіп отырған азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын қару есепке алынған жердегі ішкі істер органдарына алдын ала хабарлай отырып, азаматтық және қызметтік қару сатуға лицензиясы бар заңды тұлғаларға сата алады.

      2. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың өздері қаруланған жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен сатуға құқығы бар.

      3. Қазақстан Республикасы азаматтарының өздері заңды негізде жеке меншік құқығында иеленіп отырған қаруды азаматтық және қызметтік қаруды сатуға немесе коллекциялауға немесе оны экспонаттауға лицензиясы бар заңды тұлғаларға не қаруды есепке алған жердегі ішкі істер органдарында қару қайта тіркелгеннен кейін қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсат берген ішкі істер органдарына алдын ала хабарлай отырып, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларға, арнаулы органдарға, сондай-ақ қаруды иемденіп алуға рұқсаты бар азаматтарға сатуға құқығы бар.

      4. Осы Заңның 12-бабының 2) - 8) тармақшаларында көрсетілген субъектілер қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы кезінде азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын соларды иемденуге лицензиялары бар субъектілерге бере алады.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      24-бап. Қаруды марапаттап беру

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде Қазақстан Республикасының азаматтары алған қару марапаттық қару болып табылады.
      Қазақстан Республикасының азаматтары шет мемлекеттер басшыларының, шет мемлекеттер үкіметтерінің басшылары мен мүшелерінің марапаттау құжаттары негізінде марапаттық қару алуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасының азаматтарына марапаттық қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсатты қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган береді.
      Түйдектете атуға мүмкіндік беретін, сыйымдылығы 10 патроннан асатын оқжатары (барабаны) бар, сондай-ақ осы Заңмен Қазақстан Республикасы аумағында айналымға тыйым салынған қару марапаттық қаруға жатпайды.

      2. Марапаттық қарудың иесі қайтыс болған жағдайда аталған қару ішкі істер органына өткізіледі.

      3. Марапаттық қару ішкі істер органдары қаруды тиісінше қайта тіркеп, қайта жасағаннан кейін сақтау үшін мұражайларға берілуі мүмкін.

      25-бап. Қару мен оның патрондарын Қазақстан
              Республикасының аумағына әкелу және
              Қазақстан Республикасынан әкету

      1. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

      3. Азаматтық және қызметтік қарудың жеке даналарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету осы Заңның талаптары ескеріле отырып, ішкі істер органдарының рұқсаты бойынша жүргізіледі.

      26-бап. Шетелдіктердің азаматтық қару мен оның
             патрондарын, жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның
             патрондарын Қазақстан Республикасы аумағында
             иемденіп алуы, Қазақстан Республикасына әкелуі
             және Қазақстан Республикасынан әкетуі

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұру үшін ішкі істер органдарында белгіленген тәртіппен кемінде бір жыл мерзімге тіркелген шетелдіктердің Қазақстан Республикасында газ пистолеттері мен револьверлерін, ұңғысыз атыс қаруын өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өтініші бойынша жалпы негіздерде иемденіп алуға құқығы бар.
      Қазақстан Республикасының аумағында тұру үшін ішкі істер органдарында белгіленген тәртіппен тіркелген шетелдіктер қару жеткізіп беруші заңды тұлғалардан механикалық тозаңдатқыштарды, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозолды және басқа да құрылғыларды, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрі 4,5 миллиметрге дейінгі пневматикалық қаруды рұқсат алмай-ақ иемденеді.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында туристік жолдамалармен, жеке және қызметтік істермен келген, Қазақстан Республикасы аумағында тұру үшін белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарында тіркелген шетелдіктердің азаматтық қаруды өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасынан оны иемденіп алған күннен бастап жеті күн ішінде әкететін жағдайда жалпы негіздерде иемденіп алуға құқығы бар.

      3. Қазақстан Республикасында тіркелген елшіліктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық қызметкерлеріне азаматтық қаруды мемлекетаралық шарттарда белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша әкелуге, иемденіп алуға және әкетуге рұқсат етіледі. Бұл орайда қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органда аталған қару міндетті түрде тіркелуге тиіс.

      4. Шетелдіктер азаматтық қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына аңшылыққа келісім-шарт жасасқан немесе спорттық шараларға қатысуға шақырылған және қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органның тиісті рұқсаты болған жағдайда әкеле алады. Әкелінген қару келісім-шартта немесе шақыруда белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасынан әкетілуге тиіс.

      5. Қазақстан Республикасына шақыру бойынша немесе өздерінің қызметтік тапсырмаларын орындауға байланысты келетін шетелдік құқық қорғау органдарының, арнаулы қызметтер мен әскерилендірілген ұйымдар қызметкерлерінің жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуі және Қазақстан Республикасынан әкетуі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен тиісті органдар басшыларының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

      6. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген қару Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолданылады.

      7. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасынан қару мен оның патрондарын әкету мерзімдерін бұзуы мәселе заңда белгіленген тәртіппен шешілгенге дейін оны алып қоюға әкеп соғады.

      8. Қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат беру үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.

      9. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шетелдіктердің өздері әкелген азаматтық қаруды сыйға тарту немесе сату құқығы сақталады.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.27  N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      27-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
              патрондарын сақтау, алып жүру, тасу,
              тасымалдау, коллекциялау, экспонаттау
              және жою

      1. Қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсатын алған заңды және жеке тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сақтауға рұқсат етіледі.

      2. Заңды және жеке тұлғаларға өздері тауып алған немесе оларға Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып, иесі болып табылмайтын адамдар берген атыс қаруын сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Мұндай қару дереу ішкі істер органдарына тапсырылуға тиіс.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтік қаруды коллекциялауға және экспонаттауға ішкі істер органдарынан тиісті лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалардың құқығы бар.

      4. Азаматтық және қызметтік қаруды, олардың патрондарын есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, тасымалдау, коллекциялау, экспонаттау және жою тәртiбiн қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29 N 209 Заңымен.

  6-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің,
ішкі істер органдарының қару айналымы
саласындағы өкілеттігі

       28-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қару
              айналымы саласындағы өкілеттігі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қару айналымы саласында:

      1) қару мен оның патрондарының айналым тәртібін белгілейді;
      2) алып тасталды

      3) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қару айналымына мемлекеттік бақылау жасау тәртібін белгілейді;

      4) Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының Мемлекеттік кадастрын әзірлеу, басып шығару және жүргізу тәртібін белгілейді ; P061305

      5) Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын құру тәртібін белгілейді ;

      6) қаруды иеленушілер мен пайдаланушыларды бастапқы даярлау ісін ұйымдастыру тәртібін белгілейді ;
      7) алып тасталды
      8) алып тасталды

       9) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi;

      10) криминалистiк талаптар мен азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын сынау әдiстерiн бекiтедi ;

      11) заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру тәртібін белгілейді .
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2004.12.20  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29 N 209 , 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      29-бап. Ішкі істер органдарының азаматтық және қызметтік
              қару айналымы саласындағы өкілеттігі

      1. Қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган :

      1) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында азаматтық және қызметтік қару айналымына мемлекеттік бақылау жасаудың бірыңғай ережелерін әзірлейді, қаруды абайлап ұстау ережелерін білетіндігіне тексеру жүргізетін ұйымдар үшін бағдарламалар дайындайды;

      2) азаматтық және қызметтік қару айналымына мемлекеттік бақылау жасауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      3) мыналарға:
      азаматтық және қызметтік атыс қаруы мен оның патрондарын, суық қаруды, сондай-ақ газды қару мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау құқығына;
      азаматтық пиротехникалық заттарды және олар қолданылып жасалған бұйымдарды әзірлеу, өндіру, сату, иемденіп алу құқығына; V053680
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтік қару иемденіп алуға (алуға) құқығы бар мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, Бас Прокуратура қызметкерлерінің, қызметтік қару иемденіп алу (алу) құқығына, сондай-ақ аталған адамдардың қаруды сақтау құқығына, сақтау мен алып жүруіне рұқсат береді;

      4) ұйымдарға - азаматтық және қызметтік қаруды, ал шетелдіктерге азаматтық қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат береді;

      5) алып тасталды

      6) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының Мемлекеттiк кадастрын әзiрлейдi және бекiтедi;

      7) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;

      8) криминалистiк талаптар мен азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын сынау әдiстерiн әзiрлейдi.

      2. Азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау жасауды жүзеге асыратын аумақтық және көліктегі ішкі істер органдарының өкілеттігі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының қару айналымын регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22 N 297 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29 N 209 , 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      30-бап. Қару айналымына мемлекеттік бақылау жасау

      Қазақстан Республикасы аумағында азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына мемлекеттік бақылау жасауды ішкі істер органдары жүзеге асырады.
      Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың қару-жарағындағы қару айналымына мемлекеттік бақылау жасауды аталған органдардың басшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырады.
      Азаматтық және қызметтік қару айналымына мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыруға уәкілетті органдардың лауазымды адамдарының:

      1) қаруды ол әзірленген, өндірілген, жөнделген, сатылған, коллекцияланған, экспонатталған, сақталған, пайдаланылған және жойылған жерде тексеруді жүргізуге;

      2) осы Заң күшіне енгізілгенге дейін иемденіп алынған және заңды негіздерде иеленушілердің қолындағы қаруды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында айналымына тыйым салынған қаруды белгіленген тәртіппен тегін алып қоюға және жоюға;

      3) заңды және жеке тұлғалардан азаматтық және қызметтік қарудың және оның патрондарының айналымымен байланысты құжаттар табыс етуді талап етуге;

      4) белгіленген ережелердің бұзылуы анықталған жағдайда осы тәртіп бұзушылықты жою туралы заңды және жеке тұлғалар орындау үшін міндетті нұсқамалар беруге;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолдануға құқығы бар.
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 318 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      31-бап. Қару айналымына мемлекеттік бақылау жасау
              туралы заңдар мен өзге де нормативтік
              құқықтық актілердің қолданылуын қадағалау

      Қару айналымына мемлекеттік бақылау жасау жөніндегі осы Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәл және бірыңғай қолданылуын жоғары деңгейде қадағалауды Қазақстан Республикасы прокуратурасының органдары жүзеге асырады.

      32-бап. Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік
              бақылау жасау саласындағы заңдардың бұзылғаны
              үшін жауапкершілік

      Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы заңдардың бұзылғаны үшін заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      33-бап. Нормативтік құқықтық актілерді осы Заңға сәйкес
              келтіру

      Осы Заң күшіне енгізілген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады және ол күшіне енгізілген күннен бастап үш ай ішінде соған сәйкес келтірілуге тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті