Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы N 339 Заңы

Жаңартылған

      Осы Заң ның аумағында азаматтық, қызметтік, жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қарудың айналымы кезінде туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді және азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоршаған орта объектілерін, ресурстарды күзетуге, қылмысқа және қарудың заңсыз таратылуына қарсы күресте халықаралық ықпалдастықты дамытуға бағытталған. 
      Осы Заңның ережелері оқ-дәрінің (патрондардың) айналымына да қолданылады. 

 

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар 
             мен терминдер 

 
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады: 
      1) қару - конструкциялық жағынан алғанда тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгі беруге арналған құрылғылар мен заттар; 
      2) атыс қаруы - оқ дәрі немесе өзге де заряд қуатының әсері нәтижесінде ұңғы оқпанынан оқты, снарядты, гранатаны ұшырып шығаратын қару; 
      3) суық қару - нысананы тікелей зақымдайтын құралы адамның бұлшық еті күшінің көмегімен қозғалысқа келтірілетін қару; 
      4) газды-қару қолданылуы көз жасын ағызатын немесе тітіркендіргіш заттарды пайдалануға негізделетін қару; 
      5) электрлі қару - қолданылуы электр разрядының күшіне негізделіп арнайы бейімделген тетік; 
      6) пневматикалық қару - нысананы зақымдайтын құралы сығылған, сұйытылған немесе қатайтылған газдың қуаты есебінен бағытты қозғалыс алатын қару; 
      7) белгі беру қаруы - дыбыс, жарық және түтін белгілерін бері үшін пайдаланылатын қару; 
      8) лақтырылатын қару - нысананы тікелей зақымдайтын құралы адамның бұлшық еті күшінің немесе механикалық құрылғының көмегімен бағытталып, қозғалысқа түсетін қару; 
      9) оқ-дәрі (патрондар) - конструкциялық жағынан қарудың тиісті түрінен ату үшін және нысананы зақымдауға арналған құрылғылар немесе заттар (бұдан әрі - патрондар); 
      10) қару айналымы - қаруды өндіру, құрастыру, қайта жасау, өткізу (сауда жасау), беру, сыйға тарту, марапаттап беру, мұраға қалдыру, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау, есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, пайдалану, алып қою, жою, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және оны Қазақстан Республикасының аумағынан әкету; 
      11) қару өндірісі - қаруды зерттеу, әзірлеу, сынақтан, өткізу, жасап шығару, көркемдеп әрлеу, жөндеу, құрастыру, қайта жасау және жою, патрондар және олардың құрамдас бөліктерін жасап шығару;
      12) қару жасап шығарушы - қаруды әзірлеуге, өндіруге, өткізуге, жөндеуге, сатып алуға лицензиясы бар ұйым;
      13) қару иесі - лицензияның немесе қару иемденіп алуға, алып жүруге және сақтауға рұқсаттың негізінде қаруды иеленген заңды немесе жеке тұлға;
      14) қаруды пайдаланушы - қару иесінен қаруды уақытша пайдалануға алған заңды немесе жеке тұлға;
      15) қаруды иемденіп алу - сатып алу, қаруды сыйлық, марапат ретінде алу.

       2-бап. Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік
            бақылау жасау саласындағы Қазақстан
            Республикасының заңдары

      Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзгеше нормалар белгіленсе, онда халықаралық шарттардың нормалары қолданылады.

       3-бап. Қару түрлері

      Өзінің бағытталған мақсаты мен негізгі өлшемдері, сипаттамалары бойынша қару:
      1) жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару;
      2) азаматтық қару;
      3) қызметтік қару болып бөлінеді.

       4-бап. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару

      Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруға Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдары мен олардың бөлімшелерінің (бұдан әрі - Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрамалар, арнаулы органдар) қарулануына қабылданған жауынгерлік және жедел-қызмет міндеттерін шешуге арналған, сондай-ақ басқа мемлекеттерге беру үшін жасап шығарылатын қару жатады. 
      Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарының, сондай-ақ суық қарудың айналымы тәртібін заңдарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

       5-бап. Азаматтық қару

      Азаматтық қаруға Қазақстан Республикасының азаматтары өзін-өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару жатады. Азаматтық атыс қаруы оқты түйдектете атуды болғызбауға тиіс. 
      Азаматтық қару былайша бөлінеді: 
      1) өзін-өзі қорғау қаруы: 
      тегіс те ұзын ұңғылы, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органының нормаларына сәйкес келетін, жарақат салып әсер ететін патрондары бар атыс қаруы; 
      Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органының нормаларына сәйкес келетін, жарақат салатын, газбен және сәулелі дыбыспен әсер ететін патрондары бар ұңғысыз атыс қаруы;
      газды қару - Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органы қолдануға рұқсат еткен көз жасын ағызатын және тітіркендіргіш заттармен оқталған газды, оның ішінде патрондарымен қоса пистолеттер мен револьверлер, механикалық тозаңдатқыштар, аэрозолды және басқа да құрылғылар;
      2) спорттық қару:
      ойық ұңғылы атыс қаруы;
      тегіс ұңғылы атыс қаруы;
      сұқпа суық қару;
      лақтырылатын қару;
      үрлемелі қуаты 3 Дж-дан жоғары пневматикалық қару;
      3) аңшылық қару:
      ойық ұңғылы атыс қаруы;
      тегіс ұңғылы, оның ішінде ойық бөлігінің ұзындығы 140 миллиметрден аспайтын атыс қаруы;
      аралас (ойық және тегіс ұңғылы), оның ішінде алмалы-салмалы және жиналмалы ойық ұңғылы атыс қаруы;
      үрлемелі қуаты 25 Дж-дан аспайтын пневматикалық қару;
      сұқпа суық қару;
      4) белгі беретін қару.

       6-бап. Қызметтік қару

      Қызметтік қаруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтік қару иемденіп алуға (алуға) құқығы бар мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, прокурорлардың жеке басының, сондай-ақ ұйымдардың оларға заңмен жүктелген немесе өз жарғыларында (ережелерінде) көзделген, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғау, қоршаған орта объектілерін және табиғи ресурстарды, бағалы және қауіпті жүктерді, арнаулы корреспонденциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға арналған қару жатады. <*> 
      Қызметтік қаруды пайдалану мен қолдануға байланысты функциялар жүктелген ұйымдар ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар болып табылады (бұдан әрі - ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар). 
      Қызметтік қаруға қысқа ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы атыс қаруы, сондай-ақ ұзын ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы қару жатады. 
      Қызметтік қару түйдектете оқ атуды болғызбауы тиіс. <*> 
       Ескерту. 6-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22. N 297  Заңымен .  

       7-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
             патрондарының айналымына белгіленетін тыйым
             салулар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары ретіндегі айналымға тыйым салынады, олар: 
      1) ұңғысының немесе ұңғылы қорапшасымен қоса ұңғысының ұзындығы 500 миллиметрге жетпейтін және қарудың жалпы ұзындығы 800 милиметрге жетпейтін, сондай-ақ конструкциясы оның ұзындығын 800 миллиметрге жетпейтін етіп жасауға мүмкіндік беретін және сонымен бірге бұл ретте ату мүмкіндігі жойылмайтын ұзын ұңғылы атыс қаруы; 
      2) оқты түйдектете атуға мүмкіндік беретін азаматтық атыс қаруы; 
      3) түрі басқа заттарға ұқсайтын атыс қаруы; 
      4) қол шоқпарлар, кастеттер үлгісіндегі суық қару, түймешікті немесе тұтқаны басқан кезде сабынан ұшы мен жүзі өздігінен шығып бекітілетін не салмақтың әсерінен немесе шапшаң қимылдан іске қосылатын және өздігінен бекітілетін ұшы мен жүзінің ұзындығы 90 миллиметрден астам суық сұқпа қару мен пышақ және ұрып-уататын және шаншып-кесетін басқа да заттар; 
      5) бронь бұзғыш, тұтандырғыш немесе жарғыш күші бар, салмақ түсу нүктесі өзгеретін оқты патрондар; 
      6) зақымдағыш әсері электр қуатын, радиоактивті сәулелерді және биологиялық факторларды пайдалануға негізделген қару және өзге де заттар; 
      7) жүйкеге әсер ететін, уландыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органы қолдануға рұқсат етпеген басқа да заттармен оқталған газды қару, бір метрден астам қашықтықта тұрған адамның денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтіре алатын газды қару. 
      2. Мыналарға: 
      1) жануарлар дүниесі объектілерін жинап, дәрі егуге байланысты ғылыми- зерттеу және алдын алу жұмыстарын жүргізуге арналған садақтар мен арбалеттерді сақтауды және пайдалануды қоспағанда, ойық ұңғылы спорттық атыс қаруын не үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан жоғары және калибрлі 4,5 миллиметрден астам спорттық пневматикалық қаруды, сондай-ақ спорттық суық сұқпа және лақтырылатын қаруларды спорт объектілерінен басқа жерде сақтауға немесе пайдалануға; 
      2) калибрлі 4,5 миллиметрден асатын пневматикалық қаруды азаматтардың иемденіп алуына;
      3) қызметтік және азаматтық қаруға дыбыссыз атуға және түнде көздеуге арналған тетіктер орнатуға;
      4) қаруды жөнелтуге;
      5) азаматтардың - митингілерге, көше шерулеріне, демонстрацияларға, пикеттерге және басқа да көпшілік-бұқаралық іс-шараларға қатысушылардың қару алып жүруіне;
      6) қаруды қоғамдық орындарда ашық (қабына салынбаған күйде) алып жүруге;
      7) қаруды ұлттық киімге жабдық ретінде рұқсатсыз тағынуға тыйым салынады.

  2-тарау. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
патрондарының мемлекеттік кадастры және
оларды сертификаттау

       8-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
             патрондарының мемлекеттік кадастры

      Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының мемлекеттік кадастры (бұдан әрі - Кадастр) Қазақстан Республикасының аумағында айналымға рұқсат етілген азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары туралы жүйеге түсірілген мәліметтер бар ресми жинақ болып табылады. 
      Кадастр азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының үлгілер тізбесі негізінде басып шығарылады, олар туралы мәліметтер Кадастрға енгізіліп және одан алып тасталып отырады. Кадастрды азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау жасауды жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы ішкі істер органымен (бұдан әрі - қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган) бірлесіп, стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын бекітіп отырады. Кадастрға сұқпа суық қару мен лақтырылатын қару, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін және шет елге әкетілетін бірен-саран дана азаматтық қару туралы мәліметтер енгізілмейді. 
      Кадастрға өзгерістер азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары үлгілерінің тізбесі бекітілгеннен кейін үш айдан аспайтын мерзім өткенде енгізіледі. 
      Кадастрды әзірлеу, басып шығару және жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 

       9-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
             патрондарын сертификаттау

      Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасынан әкетілетін азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының модельдері міндетті түрде сертификатталуға тиіс. 
      Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сертификаттау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі тиісті уәкілетті органы жүзеге асырады. 
      Сәйкестік сертификаты Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары айналымы үшін негіз болып табылады. 
      Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сынаудың техникалық талаптары мен әдістері осы Заңның ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарымен белгіленеді. 

  3-тарау. Қару мен оның патрондарын әзірлеуді, өндіруді,
жөндеуді, сатуды, иемденіп алуды, коллекциялауды,
экспонаттауды лицензиялау

       10-бап. Қару мен оның патрондарын әзірлеуді, өндіруді,
              жөндеуді, сатуды, иемденіп алуды,
              коллекциялауды, экспонаттауды лицензиялау

      1. Қару мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау лицензиялануға тиіс. 
      2. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға, коллекциялауға, экспонаттауға лицензияны - ішкі істер органдары, ал жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға және экспонаттауға лицензияны Қазақстан Республикасы Үкіметінің уәкілетті органы береді. 
      3. Қару мен оның патрондарын жасауға, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға, коллекциялауға, экспонаттауға берілген лицензия мерзімі шектелмей берілетін бас лицензия болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады. 
      4. Лицензия лицензиялау туралы заңдарда тізбесі белгіленген құжаттар негізінде беріледі. Сонымен бірге қаруды өндіру, есепке алу және сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылған шаралар туралы құжаттар тапсыру қажет. 
      5. Лицензия беруден немесе оның қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту негіздері: 
      1) өтініш берушінің қажетті мәліметтерді бермеуі не оның теріс мәліметтер беруі; 
      2) қару өндірудің қауіпсіздігі жағдайларын, қаруды есепке алу мен оның сақталуын қамтамасыз етудің мүмкін еместігі не осы жағдайлардың қамтамасыз етілмеуі; 
      3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген басқа да негіздер болып табылады. 
      Лицензия беруден бас тартқан жағдайда аталған органдар бұл туралы өтініш берушіге бас тартудың себептерін түсіндіре отырып, жазбаша хабарлауға міндетті. Лицензия беруден бас тартылғанда не өтініштің қаралу мерзімі бұзылғанда өтініш беруші сотқа шағымдана алады. 

       11-бап. Лицензияны кері қайтарып алу және оның
              қолданылуын тоқтата құру

      Азаматтық және қызметтік қарауды әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, оны сатуға, иемденіп алуға, коллекциялауға немесе экспонаттауға лицензияларды ішкі істер органдары мынадай жағдайларда: 
      1) аталған лицензиялардан ерікті түрде бас тартылғанда не заңды тұлға таратылғанда; 
      2) осы Заңда және Қазақстан Республикасының қару айналымын регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілеріне көзделген талаптар орындалмағанда; 
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, лицензиялар алу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар пайда болғанда тоқтата тұрады немесе кері қайтарып алады. 
      Осы Заңда көзделген негіздер бойынша лицензияны тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу туралы шешім қабылдаудың алдында сол лицензияны берген ішкі істер органы лицензия иесіне алдын ала жазбаша ескерту жасауға тиіс. Ескертуде нақ қандай нақты құқықтық нормалар мен ережелердің бұзылғаны немесе орындалмағаны көрсетіліп, жол берілген тәртіп бұзушылықтарды жою мерзімі тағайындалады.
      Лицензияны кері қайтарып алу туралы шешімге оның иесі сотқа шағым бере алады.
      Лицензияны кері қайтарылып алынған жағдайда оны алу үшін кері қайтарылып алынған күннен бастап бір жыл өткен соң қайталап өтініш жасауға болады.

  4-тарау. Қаруды иелену және пайдалану құқығы

       12-бап. Қаруды иемденіп алуға құқығы бар субъектілер

      Қазақстан Республикасының аумағында қаруды иемденіп алуға:
      1) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың;
      2) лауазымды адамдарына атыс қаруын сақтауға және алып жүруге құқық берілген мемлекеттік органдардың;
      3) ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың;
      4) қару өндірумен немесе оны сатумен айналысатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі - қару берушілер-заңды тұлғалар);
      5) қаруды коллекциялаумен немесе экспонаттаумен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың;
      6) аңшылық кәсіпшілігін жүргізетін ұйымдардың;
      7) спорттық ұйымдардың;
      8) білім беру мекемелерінің;
      9) Қазақстан Республикасы азаматтарының;
      10) шетелдіктердің құқығы бар.

       13-бап. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери
              құрамалардың, арнаулы органдардың қару иемденіп
              алуға құқылы

      Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың жауынгерлік қол атыс қаруы мен өзге де қаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен иемденіп алуға құқығы бар. Ұзақ сақтауда тұрған қаруды қоспағанда, қарулануға қабылданған ойық ұңғылы қарудан Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру үшін бақылау ретінде оқ атылады.

       14-бап. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың
              қару иемденіп алуға құқығы

      1. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың ішкі істер органдарынан тиісті лицензия алғаннан кейін қару беруші заңды тұлғалардан қызметтік қару иемденіп алуға құқығы бар. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар қызметкерлерінің пайдалануына арналған қарудың түрлерін, үлгілерін, модельдерін және санын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. <*> 
      2. Иемденіп алынған қару оны иемденіп алған күннен бастап бір апта мерзімде тиісті ішкі істер органында тіркелуге тиіс. Қару тіркелген кезде қаруды иемденіп алудың заңдылығын растайтын құжаттардың негізінде осы қаруды сақтау мен пайдалануға үш жыл мерзімге рұқсат беріледі. 
      Рұқсаттың нысаны мен оның қолданылу мерзімін ұзарту тәртібін қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган белгілейді. 
      3. Ұйымдардың (ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың) басшылары қаруды ұйымдарының штаттағы қызметкерлеріне олардың өз міндеттерін орындауы кезеңіне арнап береді. Қару қызметкерлер тиісті даярлықтан өткен соң беріледі. Бұл қызметкерлер атыс қаруын қолдануға байланысты жағдайлардағы іс-қимылға жарамдылығы жөнінен мезгіл-мезгіл тексеруден өтіп отыруға міндетті және оларда қызметтік қаруды сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсаты болуға тиіс. 
      4. Даярлық бағдарламасының мазмұны мен тексеру өткізу тәртібін қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді. 
       Ескерту. 14-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22. N 297  Заңымен .  

       15-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының қару
              иемденіп алуға құқығы

      1. 18 жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденіп алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қару иемденіп алуға құқығы бар. 
      Белгі беретін қару, ұңғысыз атыс қаруы, механикалық шашыратқыштар, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіретін заттар толтырылған аэрозольді және басқа құрылғылар, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрлі 4,5 миллиметрге дейінгілерін қоса алғанда, пневматикалық қарулар тіркеуге жатпайды және оларды Қазақстан Республикасы азаматтарының рұқсат алмай-ақ иемденіп алуға құқығы бар. 
      Осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында аталған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдары аңшылық билеті болмаса да беретін рұқсаттар бойынша алып жүру құқығынсыз өзін-өзі қорғау мақсатында иемденіп алуға құқығы бар. 
      Тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруы мен аңшылық пневматикалық қаруды сақтау және алып жүру құқығымен иемденіп алуға аңшылық билеті бар Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы бар. 
      Ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын иемденіп алуға аңшылықпен байланысты кәсіби қызметпен шұғылданатын не меншігінде тегіс те ұзын ұңғылы аңшылық атыс қаруын кемінде бес жыл ұстаған жағдайда белгіленген тәртіппен аң аулау құқығы берілген Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы бар. 
      Қазақстан Республикасының азаматы иемденіп алған ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруының жалпы саны - бес өлшемнен, тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруының жалпы саны бес өлшемнен аспауға тиіс, бұған аталған қару түрлері коллекциялау объектілері болып табылатын жағдайлар қосылмайды. 
      2. Қазақстан Республикасының азаматы иемденіп алған ұзын ұңғылы атыс қаруы, аңшылық пневматикалық қару, сондай-ақ газ пистолеттері мен револьверлері иемденіп алынған күннен бастап бір апта мерзімде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс. 
      Қорғануға арналған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының азаматына тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органы осындай қаруды сақтауға үш жыл мерзімге рұқсат береді, ал аңшылық және спорт қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерін тіркеу кезінде - оны сақтау мен алып жүруге рұқсат береді. Рұқсаттың нысанын және оның қолданылу мерзімін ұзарту тәртібін қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган айқындайды. <*> 
      3. Қару иемденіп алуға рұқсат алу үшін Қазақстан Республикасының азаматы тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органына белгіленген нысанда өтініш, көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруға, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медициналық қорытынды және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат тапсыруға міндетті. 
      4. Қару сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар адамдарды қоспағанда, қорғануға арналған тегіс ұңғылы атыс қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерді бірінші рет иемденіп алатын адамдар тұрғылықты жерінде Қазақстан Республикасының Үкіметі осындай құқық берген ұйымдарда қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган әзірлеген бағдарлама бойынша қаруды ұстау қауіпсіздігі ережелерін білетіні жөнінде тексеруден өтуге міндетті. 
      5. Қаруды және оның патрондарын сақтауға рұқсат беру немесе сақтау мен алып жүру, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету үшін бір жолғы алым алынады. Аталған алымның мөлшерін қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органның ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 
      6. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың әскери қызметшілері, арнаулы органдардың арнаулы атақтары бар қызметкерлері азаматтық қару иемденіп алуға рұқсатты наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлердің анықтамаларын тапсырмай-ақ алады. 
       Ескерту. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22. N 297  Заңымен.  

       16-бап. Қару иелерінің құқықтары мен міндеттері 

      1. Қару иелерінің: 
      1) белгіленген тәртіппен сатып алынған қару мен оның патрондарын меншіктенуге; 
      2) қару алып қойылған немесе ол ерікті түрде тапсырылған жағдайда заңдарда белгіленген тәртіппен оның құнының өтемақасын алуға; 
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қаруды сатуға, сыйға тартуға мұраға қалдыруға не уақытша пайдалануға беруге; 
      4) атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына рұқсаты болған жағдайда суық қаруды сақтауға және алып жүруге құқығы бар. 
      2. Қару иелері: 
      1) 15-баптың 1-тармағының 2-азатжолында келтірілгендерді қоспағанда, меншігіндегі қаруды ішкі істер органдарында тіркетуге және қайта тіркетуге;
      2) қару мен оның патрондарын тасымалдаудың белгіленген тәртібін сақтауға;
      3) қару мен оның патрондарының сақталуын қамтамасыз етуге;
      4) заңдарға сәйкес бақылауындағы объектілердің аумағында және қару сақталатын орындарға ішкі істер органдары қызметкерлерінің кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге, танысу үшін оларға қажетті құжаттама беруге;
      5) азаматтық қару иесі қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелері осы қаруды бір ай мерзімде қайта тіркетуге немесе комиссиялық саудаға өткізуге міндетті.

       17-бап. Қару пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері

      1. Қару пайдаланушылардың:
      1) өздеріне берілген құқыққа сәйкес қару сақтауға, сақтау мен алып жүруге;
      2) қаруды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша пайдалануға құқығы бар.
      2. Қару пайдаланушылар:
      1) қаруды арналған мақсатына сәйкес пайдалануға;
      2) қару мен оның патрондарын тасымалдаудың белгіленген тәртібін сақтауға;
      3) пайдаланылып жүрген қару мен оның патрондарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Қару пайдаланушылар - заңды тұлғалар заңдарға сәйкес бақылауындағы объектілердің аумағына және қару сақталатын орындарға ішкі істер органдары қызметкерлерінің кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге, танысу үшін оларға қажетті құжаттама беруге міндетті. 
      4. Қару пайдаланушылар - жеке тұлғалар заңдарға сәйкес ішкі істер органдары қызметкерлерінің талап етуі бойынша тексеру үшін қолда бар қаруды, оның патрондарын және олар сақталатын орындарды, сондай-ақ оларды ұстау ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында қажетті құжаттаманы көрсетуге міндетті.

       18-бап. Қаруды қолдану құқығы

      1. Өмірін, денсаулығын және меншікті қорғау үшін нақты қару түрін сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар адамдардың қажетті қорғаныс, аса қажеттілік жағдайында және қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде оны қолдануға құқығы болады. 
      2. Ерекше жарғылық міндеттері бар ұйымдардың қызметкерлері қаруды табиғатты, табиғи ресурстарды, меншікті күзету, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөнінде өздеріне заңдарда жүктелген міндеттерді орындау кезінде және өзін қорғау үшін қолдана алады. 
      3. Қару қолданбас бұрын ол қарсы қолданылатын адамға бұл жайында нақты ескерту жасалуға тиіс. 
      4. Әйелдерге, мүгедектік нышандары айқын адамдарға, жас шамасы айқын немесе белгілі кәмелетке толмағандар қарулы немесе топтасып шабуыл (зорлық- зомбылық) жасаған жағдайлардан басқа кезде оларға қарсы қару қолдануға тыйым салынады. 
      5. Қару қолданудың барлық жағдайларында маңайдағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық жәрдем көрсету үшін шаралар қолдану, ішкі істер және прокуратура органдарына хабарлау қажет. 
      6. Атыс қаруын қолданып аң аулау ережелерін, сондай-ақ спортпен шұғылдану кезінде және жаттығу мақсаттарында қару қолдану ережелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

       19-бап. Рұқсаттар беруден бас тарту және олардың
              күшін жою

      Ішкі істер органдары қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсатты мынадай жағдайларда бермейді, ал берілгендері мына жағдайларда: 
      1) рұқсаттардан ерікті түрде бас тартылғанда, не қару иесі қайтыс болғанда; 
      2) бір жыл ішінде қоғамдық тәртіпке немесе басқарудың белгіленген тәртібіне қауіп төндіретін әкімшілік құқық бұзушылық қайталап жасалғанда; 
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсаттар алу мүмкіндігін жоққа шығаратын мән-жайлар туындағанда; 
      4) азаматтық немесе қызметтік қару иесі аталған қарудың конструкциясын қайта жасап, бұл оның баллистикалық және басқа да техникалық сипаттамаларының өзгеруіне әкеп соққанда; 
      5) егер адам: 
      көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруларға, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қару иеленуге кедергі жоқтығы туралы медициналық қорытындыны табыс етпесе; 
      қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе заңда белгіленген тәртіппен алынбаған соттылығы болса; 
      тұрақты тұрғылықты жері болмаса; 
      қару сақтау үшін тиісті жағдайлар болмаса (сейф немесе темір шкаф немесе қаруға бөгде адамдар қол жеткізе алмайтын өзге де құрылғы болмаса); 
      ішкі істер органдарына қаруды қауіпсіз ұстау ережелерін білетіні жөнінде тексеруден өткенін растайтын құжаттарды тапсырмаса жойылады. 
      Адам қылмыстық жауапқа тартылған жағдайда рұқсат сот шешім қабылданғанға дейін уақытша алып қойылады. Осы Заңда көзделген негіздер бойынша рұқсаттың күшін жою туралы шешім қабылданардан бұрын осы рұқсатты берген ішкі істер органы рұқсат иесіне алдын-ала жазбаша ескерту жасауға тиіс. Ескертуде нақты қандай құқықтық нормалар мен ережелердің бұзылғаны немесе орындалмағаны көрсетіледі және жол берілген тәртіп бұзушылықтарды жоюдың мерзімі тағайындалады.
      Рұқсаттың күшін жою туралы шешімге сотқа шағым жасауға болады.
      Рұқсаттың күші жойылған жағдайда оны алу үшін, олардың күші жойылған күннен бастап үш жыл өткен соң қайталап өтініш жасауға болады. Рұқсаттан өз еркімен бас тартқан жағдайда оны алуға қайталап өтініш жасау мерзімі белгіленбейді.

       20-бап. Қару мен оның патрондарын алып қою

      Қару мен оның патрондарын:
      1) ішкі істер органдары мынадай жағдайларда:
      азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге және жөндеуге, олармен сауда жасауға, қаруды иемденіп алуға, коллекциялауға немесе экспонаттауға лицензия, сондай-ақ қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат болмағанда; 
      аталған лицензиялар мен рұқсаттардың күші белгіленген тәртіппен жойылғанда; 
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен түпкілікті шешім қабылданғанға дейін заңды немесе жеке тұлғалар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген қаруды беру, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау, тіркеу, есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, тасымалдау және қолдану ережелерін бұзғанда; 
      мүлікті мұраға қалдыру мәселесі шешілгенге дейін қару иесі қайтыс болғанда; 
      2) аң, балық аулау, табиғат және табиғи ресурстарды қорғау ережелерінің сақталуына мемлекеттік қадағалау жасайтын органдар өздерінің құзыреті шегінде азаматтардың Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарын бұзуын тыйған жағдайларда, қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып; 
      3) кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып; 
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа жағдайларда қаруды кейіннен ішкі істер органдарына тапсыра отырып алып қоюды жүргізеді. 
      Марапаттау қаруын азаматтардан сақтау, тасу және пайдалану ережелерін бұзуға жол бергені үшін ішкі істер органдары қолданылып жүрген заңдарға сәйкес алып қоюы мүмкін. 
      Қару мен оның патрондарын алып қою тәртібін қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді. 
      Техникалық жағынан пайдалануға жарамды алып қойылған, сондай-ақ тәркіленген азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық және қызметтік қарумен сауда жасауға лицензиясы бар заңды тұлғалар арқылы сатылуға тиіс.

  5-тарау. Жекелеген қару түрлерінің айналымы

       21-бап. Қару мен оның патрондарын өндіру

      Қаруды, оның негізгі бөліктерін өндіру, қарудың жойылған зақымдаушы қасиеттерін қалпына келтіру мақсатымен оны құрастыру, қайта жасау немесе жөндеу, сондай-ақ оның патрондарын жасау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес лицензиялануға тиіс. 
      Қару мен оның патрондарын өндіретін заңды тұлғалар өндіру қауіпсіздігін, оған бақылау жасауды, шығарылатын өнімнің тиісті сапасын, оның есебі мен сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. 
      Көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақтандырылған механикалық бүркігіштерді, аэрозольдық және өзге де құрылғыларды қоспағанда, жасаған әрбір қарудың жеке нөмірі болуы тиіс. 
      Тәжірибелік үлгілерін қоспағанда, жауынгерлік қол атыс қаруы және оның патрондары Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларға, арнаулы органдарға ғана беру үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен басқа мемлекеттерге беру үшін жасалады. 

       22-бап. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның
              патрондарымен сауда жасау

      1. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның патрондарымен сауда жасауды заңдарда белгіленген тәртіппен осы қызмет түріне лицензия алған ұйымдар жүзеге асырады. Азаматтық және қызметтік қарумен, оның патрондарымен сауда жасауға лицензияны қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган осы мақсаттар үшін арнайы құрылған ұйымдарға ғана береді. 
      2. Қарумен және оның патрондарымен сауда жасауды жүзеге асыратын ұйымдар: 
      1) сатылатын қаруға сәйкестілік сертификатына ие болуға; 
      2) иемденіп алынатын және сатылатын қарудың есебін, сондай-ақ 10 жыл бойы есептік құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етуге; 
      3) иемденіп алуға лицензия талап етілмейтін қаруды қоспағанда, сатып алушыдан (заңды тұлғадан) қарудың сол түрін сатып алуға лицензиясын көрсетуді талап етуге; 
      4) сатып алушының лицензиясында немесе рұқсатында тіркелуге тиіс, сатылатын азаматтық және қызметтік қаруды тіркеуге, сондай-ақ аңшылық билетте аңшылық суық қаруды тіркеуге; 
      5) қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ішкі істер органдарына сатылған қызметтік және азаматтық қару мен оның сатып алушылары туралы ай сайын мәлімет беріп отыруға; 
      6) олардың сақталуын және сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге; 
      7) сатылған қызметтік және азаматтық қарудан атылған оқтар мен гильзаларды мемлекеттік оқ-гильза қоймасына табыс етуге; 
      8) қызметкерлердің қару айналымы туралы заңдарды білуін қамтамасыз етуге міндетті. 
      3. Қарудың белгілі бір түрін сатып алуға рұқсатын көрсетпеген заңды және жеке тұлғаларға қарумен сауда жасауға, сондай-ақ нөмірсіз және таңбасыз қару не стандартқа сәйкестік белгісі жоқ патрондар сатуға тыйым салынады. 
      4. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға лицензиясы бар заңды тұлғаларға, спорт, аң және балық аулау құрал- жабдықтары мен қарудың қосалқы бөлшектерін қоспағанда, бір сауда залында қару мен өзге де тауар түрлерін қатар сатуға тыйым салынады. 
      5. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға берілген лицензия азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сату үшін құрылған заңды тұлғалардың филиалдарын ашуға құқық бермейді.

       23-бап. Қаруды сату немесе беру

      1. Осы Заңға сәйкес қару иемденіп алуға құқығы бар субъектілер өздері заңды негізде иеленіп отырған азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын қару есепке алынған жердегі ішкі істер органдарына алдын ала хабарлай отырып, азаматтық және қызметтік қару сатуға лицензиясы бар заңды тұлғаларға сата алады. 
      2. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың өздері қаруланған жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен сатуға, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қарумен және оның патрондарымен сауда жасауға лицензиясы бар заңды тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатуға құқығы бар. 
      3. Қазақстан Республикасы азаматтарының өздері заңды негізде жеке меншік құқығында иеленіп отырған қаруды азаматтық және қызметтік қаруды сатуға немесе коллекциялауға немесе оны экспонаттауға лицензиясы бар заңды тұлғаларға не қаруды есепке алған жердегі ішкі істер органдарында қару қайта тіркелгеннен кейін қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсат берген ішкі істер органдарына алдын ала хабарлай отырып, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларға, арнаулы органдарға, сондай-ақ қаруды иемденіп алуға рұқсаты бар азаматтарға сатуға құқығы бар. 

       24-бап. Қаруды марапаттап беру

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде Қазақстан Республикасының азаматтары алған қару марапаттық қару болып табылады. 
      Қазақстан Республикасының азаматтары шет мемлекеттер басшыларының, шет мемлекеттер үкіметтерінің басшылары мен мүшелерінің марапаттау құжаттары негізінде марапаттық қару алуы мүмкін. 
      Қазақстан Республикасының азаматтарына марапаттық қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсатты қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган береді. 
      Түйдектете атуға мүмкіндік беретін, сыйымдылығы 10 патроннан асатын оқжатары (барабаны) бар, сондай-ақ осы Заңмен Қазақстан Республикасы аумағында айналымға тыйым салынған қару марапаттық қаруға жатпайды. 
      2. Марапаттық қарудың иесі қайтыс болған жағдайда аталған қару ішкі істер органына өткізіледі. 
      3. Марапаттық қару ішкі істер органдары қаруды тиісінше қайта тіркеп, қайта жасағаннан кейін сақтау үшін мұражайларға берілуі мүмкін.

       25-бап. Қару мен оның патрондарын Қазақстан
              Республикасының аумағына әкелу және
              Қазақстан Республикасынан әкету

      1. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады. 
      2. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады. 
      3. Азаматтық және қызметтік қарудың жеке даналарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету осы Заңның талаптары ескеріле отырып, ішкі істер органдарының рұқсаты бойынша жүргізіледі.

       26-бап. Шетелдіктердің азаматтық қаруды Қазақстан
              Республикасы аумағында иемденіп алуы,
              Қазақстан Республикасына әкелуі және
              Қазақстан Республикасынан әкетуі

      1. Қазақстан Республикасының аумағында кемінде бір жыл мерзімге тұру үшін белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарында тіркелген шетелдіктердің Қазақстан Республикасында азаматтық қаруды өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өтініші бойынша жалпы негіздерде иемденіп алуға құқығы бар. 
      2. Қазақстан Республикасының аумағында туристік жолдамалармен, жеке және қызметтік істермен келген, Қазақстан Республикасы аумағында тұру үшін белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарында тіркелген шетелдіктердің азаматтық қаруды өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасынан оны иемденіп алған күннен бастап жеті күн ішінде әкететін жағдайда жалпы негіздерде иемденіп алуға құқығы бар. 
      3. Қазақстан Республикасында тіркелген елшіліктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық қызметкерлеріне азаматтық қаруды мемлекетаралық шарттарда белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша әкелуге, иемденіп алуға және әкетуге рұқсат етіледі. Бұл орайда қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органда аталған қару міндетті түрде тіркелуге тиіс. 
      4. Шетелдіктер азаматтық қаруды Қазақстан Республикасының аумағына аңшылыққа келісім-шарт жасасқан немесе спорттық шараларға қатысуға шақырылған және қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті органның тиісті рұқсаты болған жағдайда әкеле алады. Әкелінген қару келісім-шартта немесе шақыруда белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасынан әкетілуге тиіс. 
      5. Қазақстан Республикасына шақыру бойынша немесе өздерінің қызметтік тапсырмаларын орындауға байланысты келетін шетелдік құқық қорғау органдарының, арнаулы қызметтер мен әскерилендірілген ұйымдар қызметкерлерінің жауынгерлік қол атыс қаруын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуі және Қазақстан Республикасынан әкетуі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен тиісті органдар басшыларының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады. 
      6. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген қару Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолданылады.
      7. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасынан қаруды әкету мерзімдерін бұзуы мәселе заңда белгіленген тәртіппен шешілгенге дейін оны алып қоюға әкеп соғады.
      8. Тиісті рұқсаттың берілгені үшін алынатын алымның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      9. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шетелдіктердің өздері әкелген азаматтық қаруды сыйға тарту немесе сату құқығы сақталады.

       27-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның
              патрондарын сақтау, алып жүру, тасу,
              тасымалдау, коллекциялау, экспонаттау
              және жою

      1. Қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсатын алған заңды және жеке тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сақтауға рұқсат етіледі. 
      2. Заңды және жеке тұлғаларға өздері тауып алған немесе оларға Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып, иесі болып табылмайтын адамдар берген атыс қаруын сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Мұндай қару дереу ішкі істер органдарына тапсырылуға тиіс. 
      3. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтік қаруды коллекциялауға және экспонаттауға ішкі істер органдарынан тиісті лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалардың құқығы бар. 
      4. Азаматтық және қызметтік қаруды, олардың патрондарын есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, тасымалдау, коллекциялау, экспонаттау және жою жағдайларына қойылатын талаптарды қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді. 

6-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің,
ішкі істер органдарының қару айналымы
саласындағы өкілеттігі

      28-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қару
              айналымы саласындағы өкілеттігі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қару айналымы саласында: 
      1) қару мен оның патрондарының айналым тәртібін белгілейді; 
      2) қару мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға, коллекциялауға, экспонаттауға лицензия беретін уәкілетті мемлекеттік органды айқындайды; 
      3) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қару айналымына мемлекеттік бақылау жасау тәртібін белгілейді; 
      4) Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының Мемлекеттік кадастрын әзірлеу, басып шығару және жүргізу тәртібін белгілейді және оны бекітеді; 
      5) Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын құру тәртібін белгілейді; 
      6) қаруды иеленушілер мен пайдаланушыларды бастапқы даярлау ісін ұйымдастыру тәртібін белгілейді; 
      7) заңды және жеке тұлғаларға лицензиялар, рұқсаттар мен сертификаттар беру кезіндегі бір жолғы алымдар мөлшерін бекітеді; 
      8) Конституцияға, заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес қару айналымы мәселелері жөніндегі өзге де қажетті өкілеттіктерді жүзеге асырады.

       29-бап. Ішкі істер органдарының азаматтық және қызметтік
              қару айналымы саласындағы өкілеттігі

      1. Қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган: 
      1) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында азаматтық және қызметтік қару айналымына мемлекеттік бақылау жасаудың бірыңғай ережелерін әзірлейді, қаруды абайлап ұстау ережелерін білетіндігіне тексеру жүргізетін ұйымдар үшін бағдарламалар дайындайды; 
      2) азаматтық және қызметтік қару айналымына мемлекеттік бақылау жасауды ұйымдастырады және жүзеге асырады; 
      3) мыналарға: 
      азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданатын бұйымдарды, сондай-ақ химиялық өзін-өзі қорғау құралдарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау құқығына; 
      шетелдіктердің азаматтық қару иемденіп алу құқығына; 
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтік қару иемденіп алуға (алуға) құқығы бар мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, Бас Прокуратура қызметкерлерінің, қызметтік қару иемденіп алу (алу) құқығына, сондай-ақ аталған адамдардың қаруды сақтау құқығына, сақтау мен алып жүруіне рұқсат береді; <*> 
      4) ұйымдарға - азаматтық және қызметтік қаруды, ал шетелдіктерге азаматтық қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат береді;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялар мен рұқсаттардың басқа да түрлерін береді;
      6) Азаматтық және қызметтік қару мен олардың патрондарының мемлекеттік кадастрын әзірлеуге қатысады.
      2. Азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау жасауды жүзеге асыратын аумақтық ішкі істер органдарының өкілеттігі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының қару айналымын регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
       Ескерту. 29-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.02.22. N 297  Заңымен.  

7-тарау. Қорытынды ережелер

       30-бап. Қару айналымына мемлекеттік бақылау жасау

      Қазақстан Республикасы аумағында азаматтық және қызметтік қару айналымына мемлекеттік бақылау жасауды ішкі істер органдары жүзеге асырады. 
      Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың қару-жарағындағы қару айналымына мемлекеттік бақылау жасауды аталған органдардың басшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырады. 
      Азаматтық және қызметтік қару айналымына мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыруға уәкілетті органдардың лауазымды адамдарының: 
      1) қаруды ол өндірілген, олармен сауда жасалған, оны сақтаған және жойған жерде тексеру жүргізуге; 
      2) осы Заң күшіне енгізілгенге дейін иемденіп алынған және заңды негіздерде иеленушілердің қолындағы қаруды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында айналымына тыйым салынған қаруды белгіленген тәртіппен тегін алып қоюға және жоюға;
      3) заңды және жеке тұлғалардан құжаттар табыс етуді талап етуге;
      4) белгіленген ережелердің бұзылуы анықталған жағдайда осы тәртіп бұзушылықты жою туралы заңды және жеке тұлғалар орындау үшін міндетті нұсқамалар беруге;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолдануға құқығы бар.

       31-бап. Қару айналымына мемлекеттік бақылау жасау
              туралы заңдар мен өзге де нормативтік
              құқықтық актілердің қолданылуын қадағалау

      Қару айналымына мемлекеттік бақылау жасау жөніндегі осы Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәл және бірыңғай қолданылуын жоғары деңгейде қадағалауды Қазақстан Республикасы прокуратурасының органдары жүзеге асырады.

       32-бап. Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік
              бақылау жасау саласындағы заңдардың бұзылғаны
              үшін жауапкершілік

      Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы заңдардың бұзылғаны үшін заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       33-бап. Нормативтік құқықтық актілерді осы Заңға сәйкес
              келтіру

      Осы Заң күшіне енгізілген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады және ол күшіне енгізілген күннен бастап үш ай ішінде соған сәйкес келтірілуге тиіс.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті