Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы N 326-I Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын қалыптастыру, сақтау мен пайдалану және Қазақстан Республикасындағы мұрағат ісін мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) мұрағат ісі - мемлекеттік ұйымдар мен заңды және жеке тұлғалар қызметінің Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру, мұрағаттарды, мұрағат қорлары мен коллекцияларын құру, олардың сақталуы мен пайдаланылуын ұйымдастыруға байланысты саласы;
      2) мұрағаттық құжат - қоғам үшін маңыздылығына қарай, сондай-ақ меншік иесіне құнды, сақталынатын немесе сақталуға жататын құжат;
      3) мұрағат - мұрағат құжаттарының жиынтығы, сондай-ақ мұрағат мекемесі немесе мекеменің, ұйымның немесе кәсіпорынның пайдаланушылар мүдделері үшін мұрағат құжаттарын қабылдау мен сақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
      4) мұрағат қорлары - бір-бірімен тарихи немесе қисынды байланысты құжаттардың жиынтығы;
      5) мұрағат коллекциясы - қор құрушылар қызметінде құрылған және бір немесе бірнеше белгілері бойынша біріктірілген құжаттардың жиынтығы;
      6) ведомстволық мұрағат - Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, сондай-ақ оның құрамына кірмеген құжаттарды жинақтауды, уақытша сақтау мен пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғаның мекемесі немесе құрылымдық бөлімшесі;
      7) мемлекеттік мұрағат - Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын жинақтауға (сатып алуға), тұрақты сақтауға және пайдалануды ұйымдастыруға құқық берілген мемлекеттік мекеме;
      8) Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қоры - Ұлттық мұрағат қорының мемлекет үшін бірден-бір маңызы бар және жойылған жағдайда орны толмайтын құжаттарының сақтандыру көшірмелерінің жиынтығы;
      9) құжат - материал көзінде дәлме-дәл жазып алынған, бір ізге түсіруге мүмкіндік беретін ақпарат;
      10) алып тасталды
      11) Ұлттық мұрағат қоры - заңда белгіленген тәртіппен ұлттық құндылық деп танылған барлық мұрағаттардың, мұрағат қорлары мен коллекцияларының, деректі ескерткіштердің, тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси немесе мәдени айрықша маңызы бар құжаттардың жиынтығы;
      12) ресми құжат - жеке немесе заңды тұлға жасаған, белгіленген тәртіппен ресімделіп, куәландырылған құжат;
      13) уәкiлеттi орган - мұрағаттар мен құжаттаманы басқарудың орталық мемлекеттiк органы;
      14) жеке мұрағат - Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, сондай-ақ оның құрамына кірмеген құжаттарды жинақтауды, сақтауды, пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік емес заңды тұлғаның мекемесі немесе құрылымдық бөлімшесі немесе жеке адамның қызметі, құжаттарды жинақтауы (сатып алуы) нәтижесінде пайда болған мұрағаты;
      15) арнаулы мемлекеттік мұрағат - Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органының мұрағат мекемесі немесе бөлімшесі;
      16) адам құрамы жөніндегі құжаттар - қызметкерлердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар кешенi және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаның аударылуы туралы мәлiметтер;
      17) мұрағат құжаттарын пайдаланушы - пайдалану мақсатында ақпарат алу үшiн мұрағат құжаттарына жүгінетін жеке немесе заңды тұлға.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат
              қоры және мұрағат ісі

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры (бұдан әрі - Ұлттық мұрағат қоры) Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды.
      2. Ұлттық мұрағат қорына Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сақтаулы және халықаралық келісімдерге сәйкес Қазақстанға қайтарылуға тиісті мұрағат құжаттары да жатады.
      3. Ұлттық мұрағат қоры қоғам мен мемлекеттің қажеттерін қанағаттандыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға қызмет етеді.
      4. Мұрағат ісін дамыту мен жетілдіруге қамқорлық жасауды мемлекет өз мойнына алады. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын сақтау барлық жеке және заңды тұлғалардың міндеті болып табылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры
             және мұрағаттар туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы Заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2-тарау. Ұлттық мұрағат қоры

      4-бап. Ұлттық мұрағат қорының құрамы

      1. Ұлттық мұрағат қорының құрамына:

      1) заң актілері және басқа да ресми құжаттар;

      2) басқару, ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық, технологиялық, патенттік-лицензиялық, картографиялық, геодезиялық, геологиялық, телеметриялық және басқа да арнаулы құжаттама;

      3) электрондық ақпараттық ресурстар, машинамен оқуға бағдарланған және дыбыстық-бейне құжаттама;

      4) тарих пен мәдениетті деректі ескерткіштері;

      5) жеке адам тегінің құжаттары және ұлттық құндылық болып табылатын өзге де құжаттама;

      6) Қазақстан Республикасының меншігіне түскен өзге де құжаттар;

      7) құжаттардың сақтандыру көшірмелері кіреді.

      2. Құжаттарды Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызу тәртібі, олардың есебін жүргізіп, сақталуын ұйымдастыру осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Ұлттық мұрағат қоры ,  Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қоры туралы ережелермен белгіленеді.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5-бап. Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру негіздері,
             толықтыру көздері

      1. Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаттарының, Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының , республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасы мемлекеттік мұрағаттарының, облыстар, қалалар, аудандар мемлекеттік мұрағаттарының және олардың филиалдарының, арнаулы мемлекеттiк мұрағаттардың, кiтапханалардың, мұражайлардың құжаттары Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру негізі болып табылады.

      2. Ұлттық мұрағат қорын толықтырудың көздері:

      1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың, Конституциялық Кеңестің, Үкіметтің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, соттардың, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік заңды тұлғаларының, оның ішінде шет елдегілердің де ведомстволық мұрағаттары;

      2) жеке мұрағаттар болып табылады.

      3. Ұлттық мұрағат қоры Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларының меншігіндегі мұрағат құжаттарын сыйға тарту, өсиет етіп қалдыру, сатып алу жолымен де толықтырылуы мүмкін.

      4. Мемлекет Қазақстан аумағынан тыс жерлерде табылған Қазақстан Республикасының тарихи мұра құжаттарын қайтаруға шаралар қолданады, жинақталған және Қазақстан Республикасымен тарихи байланысты құжаттарды іздестіру мен Отанына қайтаруды көтермелеп, қаржыландырып отырады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      6-бап. Құжаттарды, мұрағаттарды, мұрағат қорлары мен
             коллекцияларын Ұлттық мұрағат қорының құрамына
             жатқызу, оны қалыптастыру мен толықтыру көздерін
             белгілеу тәртібі

       Ескерту. Тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      1. Құжаттарды, мұрағаттарды , мұрағат қорлары мен коллекцияларын Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызу, оны қалыптастыру мен толықтыру көздерін белгілеу, сондай-ақ оларды Ұлттық мұрағат қоры құрамынан шығарып тастау құжаттардың құндылығына мемлекеттік сараптама жасау негізінде жүргізіледі. Құжаттардың жасалған жері, мазмұны, сыртқы ерекшеліктері олардың құндылығының өлшемдері болып табылады. P030593

      2. Құжаттардың құндылығына мемлекеттік сараптаманы уәкілетті орган құратын Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және (немесе) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары құратын сараптау-тексеру комиссиялары жүргізеді.

      3. Уәкiлеттi орган сараптау-тексеру комиссиясының қорытындысы негізінде:

      1) Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру мен толықтыру көздерінің тиісті атқарушы органдармен келісілген тізімдерін бекітеді;

      2) құжаттарды, мұрағаттарды, мұрағат қорлары мен коллекцияларын Ұлттық мұрағат қоры құрамына жатқызу туралы, сондай-ақ оларды оның құрамынан шығарып тастау туралы шешімдер қабылдайды. Саяси және идеологиялық пікірлер бойынша Ұлттық мұрағат қоры құрамынан шығарып тастауға тыйым салынады;

      3) тарихи және өзге де құндылығы жоқ және практикалық маңызын жойған құжаттарды сақтау мерзімі мен жою тәртібiн белгілейдi.

      4. Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру және толықтыру көздерi болып табылатын:

      1) республикалық меншiктегi ұйымдардың құжаттарын уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз;

      2) коммуналдық меншiктегi ұйымдардың құжаттарын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының келісімінсіз;

      3) жеке меншіктегі ұйымдардың құжаттарын мұрағаттың орналасқан жеріне қарай уәкілетті органның не облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының келісімінсіз жоюға рұқсат етілмейді.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын меншіктену
             құқықтарына кепілдік беру мен оларды қорғау

      1. Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мемлекеттік және жеке меншікте болады.

      2. Мемлекеттік меншіктегі құжаттарға:

      1) Қазақстан Республикасының орталық мемлекетті мұрағаттарындағы және олардың филиалдарында сақтаулы тұрған, соның ішінде 1917 жылға дейін жасалған, арнаулы мемлекеттiк мұрағаттардағы, мемлекеттiк кiтапханалардағы және мұражайлардағы республикалық меншіктегі құжаттар, Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қоры, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің, Үкіметінің, орталық атқарушы органдарының, Жоғарғы Сотының, Бас прокуратурасының, Ұлттық Банкінің және басқа да республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметі нәтижесінде жасалған және жасалып жатқан құжаттар;

      2) коммуналдық меншіктегі, облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық), қалалық, аудандық мемлекеттік мұрағаттар мен олардың филиалдарында сақтаулы, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, соттардың, прокуратураның, коммуналдық кәсіпорындар мен басқа да мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметі нәтижесінде жасалған және жасалып жатқан құжаттар жатады.

      3. Жеке, мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің қызметі немесе жинауы (сатып алуы) нәтижесінде жасалған құжаттары жеке меншікке жатады.

      4. Уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын иелену және пайдалану құқықтары беріледі.

      5. Мұрағат құжаты меншік иесінің келісімінсіз сот шешімі негізінде ғана алып қойылуы мүмкін. Мұрағат құжаттарының түпнұсқалары сот-тергеу істері үшін алып қойылған жағдайда құжат иесіне олардың дубликаттары немесе көшірмелері қалдырылады. Сот (тергеу) процесі біткеннен кейін құжаттардың түпнұсқалары меншік иелеріне қайтарылады.

      6. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттары мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту, яғни меншік құқығын беруге байланысты мәмілелер жасау объектісі бола алмайды, сондай-ақ оларды тұрақты сақтау үшін басқа мемлекеттерге әкетуге болмайды.

      7. Ұлттық мұрағат қорының жеке меншіктегі құжаттары, меншік иесінің уәкілетті органмен алдын ала жазбаша келісімімен кейін ғана және аталған құжаттардың дубликаттарын немесе көшірмелерін мемлекеттік мұрағатқа тұрақты сақтауға тапсырған жағдайда сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту объектісі бола алады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тыс жерлерге әкетуге болады.

      8. Жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың құжаттарын меншіктену құқығын мемлекетке беру тараптардың келісімі бойынша жасалады. Жеке адамдар құжаттарын пайдалануға шектеу мерзімін мұрағатқа берілген кезден бастап 70 жылдан аспайтын уақытқа белгілей алады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      8-бап. Заңды тұлғалар қайта құрылған не таратылған
             жағдайда мұрағат құжаттарына меншік құқығы

      1. Мемлекеттік ұйымдар жекешелендірілгенде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жекешелендірілгенге дейін жасалған Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мемлекеттік меншік мәртебесін сақтап қалады.

      2. Мемлекеттік заңды тұлғалардың шетел компаниясының немесе жеке адамның басқаруына берілген мұрағаттары мемлекеттік меншік мәртебесін сақтап қалады және мемлекетке қайтарылуға тиіс.

      3. Заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылған кезде Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мен адам құрамы жөнiндегi құжаттар өңделген күйде құқық мұрагерлерiне берiледi.

      4. Заңды тұлғалар таратылған кезде Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мен адам құрамы жөнiндегi құжаттардың одан әрi сақталатын орны туралы шешiмдi, уәкiлеттi органмен келiсе отырып, тарату комиссиясы немесе конкурстық басқарушы қабылдайды.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.11.10. N 256 Заңымен.

3-тарау. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының мемлекеттік
есебін жүргізу, оларды сақтау, сақталуын қамтамасыз
ету, тұрақты сақтауға беру

      9-бап. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының мемлекеттік
             есебін жүргізу

      1. Ұлттық мұрағат қорының құжаттары, олардың меншік нысандарына қарамастан, орталықтандырылған мемлекеттік есепке алынуға тиіс.

      2. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар құжаттардың құрамы туралы деректер есебiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргiзедi және осы деректердi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына ұсынады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       10-бап. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының құрамы мен
              мазмұны және оны толықтыру көздері туралы
              деректер жиыны (каталогы)

      1. Уәкілетті орган Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны және оны толықтыру көздері туралы деректер жиынын (каталогын) жүргізіп отырады.

      2. Уәкілетті орган мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың сауалдарын қанағаттандыру үшін Ұлттық мұрағат қоры Құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы деректер жиынының (Каталогының) ақпаратына қол жеткізілуін және пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті, бұған осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайлар қосылмайды.

      11-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын сақтау

      1. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттары ведомстволық мұрағаттарда уақытша сақталу сатысынан өтеді, содан соң Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тұрақты сақтауға ерекше құқық берілетін Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік мұрағаттары мен олардың филиалдарына беріледі.
      2. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тұрақты сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік мұрағаттар мен олардың филиалдары желісін Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы органдар бекітеді.
      3. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын жинақтау, сақтау мен пайдалану үшін жеке және заңды тұлғалар ведомстволық және жеке мұрағаттар құрады.
      4. Ұлттық мұрағат қорының жеке меншіктегі құжаттарын сақтау мен пайдалану жөніндегі міндеттемелер олардың меншік иелері мен уәкілетті орган қол қоятын шарттарда көрсетіледі.
      5. Мемлекет меншігі болып табылатын Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының ресми түпнұсқаларымен жеке мұрағаттарды толықтыруға тыйым салынады.
      6. Алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
 

       12-бап. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының сақталуын
              қамтамасыз ету

      1. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының меншік иелері олардың сақталуын қамтамасыз етуге және құжаттардың сақтандыру көшірмелерін жасауға міндетті.

      2. Ұлттық мұрағат қорының құжаттары (мемлекеттік меншіктегі), сондай-ақ мемлекеттік мұрағаттар мен олардың филиалдарының үйлері, үй-жайлары мен жабдықтары иеліктен шығаруға жатпайды.

      3. Мұрағат қорлары, мұрағат коллекциялары, олардың бөлiктерi заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының объектiлерiне жатқызылуы және тарих пен мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiне енгiзiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тұрақты
              сақтауға беру

      1. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттары ведомстволық мұрағаттарда сақтау мерзімі өткен соң мемлекеттік мұрағаттарға тұрақты сақтауға берілуге тиіс.
      1-1. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын өңдеу мен беру құжаттарды мұрағаттарға беретiн заңды тұлғалардың күшi мен қаражаты есебiнен, уәкiлеттi орган бекiткен ережелерге сәйкес жүргiзiледi.
      2. алып тасталды
      3. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын тұрақты сақтауға басқа мемлекеттерге беруді ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті орган жүргізеді.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4-тарау. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын пайдалану

      14-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын пайдалану
               тәртібі

      1. Алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      2. Ведомстволық және жеке мұрағаттарда сақталатын Ұлттық мұрағат қоры құжаттарын пайдалану тәртібін уәкілетті органмен келісе отырып, жеке және заңды тұлғалар белгілейді.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      15-бап. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарын пайдаланудағы
              жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен
                мүдделеріне кепілдіктер

      1. Мемлекеттік меншік болып табылатын мұрағат құжаттарындағы ақпараттар мемлекеттік интеллектуалдық меншігі ретінде Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.

      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мұрағаттары мен олардың филиалдарындағы құжаттар, сондай-ақ оларға арналған ақпарат жүйесі олар мемлекеттік мұрағаттар мен филиалдарға келіп түскен соң бір жыл өткеннен кейін жұртшылықтың пайдалануы үшін ашылады.

      3. Ұлттық мұрағат қорының жеке меншіктегі құжаттарын пайдалану меншік иесінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.

      4. Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларының мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттар мен олардың филиалдарында сақталатын, пайдалану үшін ашылған Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тегін пайдалануға құқығы бар. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген санаттарына құжаттарды пайдалануды шектеу осы Заңның 16-бабында белгіленіп отыр.

      5. Мемлекеттік, ведомстволық және жеке мұрағаттар жеке және заңды тұлғаларға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құжаттар негізінде тиісті мұрағаттық анықтамалар беріп отыруға міндетті. Заңды және жеке тұлғалардың мұрағаттық құжаттан куәландырылған мұрағаттық көшірмелер мен үзінділер алуға құқығы бар. Мемлекеттік мұрағаттар мен олардың филиалдары, ведомстволық және жеке меншік мұрағаттар берген көшірмелер мен үзінділер түпнұсқалық заңды күші бар ресми құжаттар болып табылады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 Заңымен.

      16-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын
              пайдаланудағы шектеулер

      1. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік және мемлекеттік емес құпиялары бар құжаттарын пайдаланудағы шектеулер, оларды құпиясыздандыру және жалпы пайдалануға беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

      2. Құжаттарды кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың пайдалануына тыйым салынады.

      3. Пайдалануға шектеу қоюға құқығы бар меншік иелерінің мұрағат құжаттарын олардың өздері немесе құқық мұрагерлері (мұрагерлері) келісім бергенде ғана пайдалануға болады.

     16-1-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын
               пайдаланушылардың мiндеттерi

      Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын пайдаланушылар:

      1) пайдаланылатын құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;

      2) пайдаланылған құжаттар мәтiнiнiң өңiн айналдыруға және оны бұрмалауға жол бермеуге;

      3) құжаттарды жариялаған кезде олардың сақталу орнын және оның иесін көрсетуге міндетті.
      Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 Заңымен.

      17-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын коммерциялық
              мақсатта пайдалану

      1. Мемлекеттік мұрағаттар ақылы негізде жұмыстар орындауға және қызметтер көрсетуге құқылы. P020183
      Мемлекеттік мұрағаттардың ақылы жұмыстары мен қызметтеріне тек қана:

      1) ұйымдар мұрағаттарының және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету қызметтерінің жұмысын жетілдіру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу және енгізу;

      2) құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу;

      3) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша құжаттама жасау мен құжаттаманы басқарудың қазіргі заманғы негіздерін оқыту жөніндегі курстар мен семинарларды өткізу;

      4) мұрағат істері мен құжаттарды реставрациялау, түптеу, мұрағаттық қораптар дайындау;

      5) мұрағат құжаттарының сақтандыру көшірмелерін дайындау, мәтіндерін қалпына келтіру, микрофильмдердің, кино құжаттарының, фото негативтерінің, құжаттардың түрлі-түсті слайдтарының, сондай-ақ қағаздағы және электрондық негіздегі құжаттардың көшірмелерін түсіріп алу;

      6) мұрағат қорларына ғылыми-анықтамалық аппарат жасауда және оны жетілдіруде әдістемелік және практикалық көмек көрсету;

      7) тапсырыстар (өтінімдер) бойынша генеалогиялық және тақырыптық сипаттағы ақпаратты анықтауды жүргізу және мұрағат құжаттарының көшірмесін алу жатады.

      2. Құжаттарды коммерциялық жолмен пайдалану кезінде оларға меншік құқығы олардың меншік иесінде сақталады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.05 N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.05.08 N 247 Заңдарымен.

5-тарау. Мұрағат ісін мемлекеттік реттеу мен басқару

      18-бап. Мұрағат ісін мемлекеттік реттеу

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асыратын мұрағат iсiн мемлекеттiк реттеу мәселелерiне:
      1) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, басқа да мұрағат құжаттарын мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік мұрағаттардың толықтыруы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидаларын бекіту;
      2) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларын бекіту;
      3) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесін олардың сақталу мерзімдерін көрсете отырып бекіту;
      4) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын және басқа да мұрағат құжаттарын ведомстволық және жеке мұрағаттардың қабылдауы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидаларын бекіту;
      5) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
      2. Уәкілетті орган жүзеге асыратын мұрағат ісін мемлекеттік реттеу мәселелеріне:
      1) мұрағат ісі мен құжат жасауда бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын басып шығару қағидаларын бекіту;
      3) Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және орталық мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік мұрағаттардың сараптау-тексеру комиссиялары туралы ережелерді бекіту;
      4) Қазақстан Республикасында мұрағат ісін дамыту және құжаттама жүргізу бағдарламаларының жобаларын әзірлеу және оларды іске асыру;
      5) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексеру жоспарларын әзірлеу және бекіту;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мұрағаттарынан шығатын мұрағат анықтамаларына және мұрағат құжаттарының көшiрмелерiне апостиль қою;
      7) Ұлттық мұрағат қорының құжаттары бойынша ақпараттық желі және деректер қорын құру;
      8) мемлекеттік мұрағаттардың қызметі үшін оңтайлы жағдайлар жасау;
      9) автоматтандырылған мұрағаттық технологиялар әзiрлеу мен енгізуді ұйымдастыру;
      10) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын басып шығаруды ұйымдастыру, сондай-ақ құжаттарды мемлекеттiң, қоғамның және азаматтардың сұрауларын қанағаттандыру үшiн пайдалану;
      11) Ұлттық мұрағат қорын және Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қорын қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі, Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын орталықтандырылған мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз ету;
      12) республикалық меншіктегі тарихи және мәдени құжаттық ескерткіштерді қорғау, оларды сақтау және пайдалану;
      13) Қазақстан Республикасының тарихы жөнiндегi шет елдердегi мұрағат құжаттарын жинау мен оларды елге қайтару;
      14) мұрағаттану, құжаттану және қосымша тарихи пәндер саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік қызметті дамыту, ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін пайдалану;
      15) мұрағат ісін басқару және жүргізу органдарының қызметіне әдістемелік басшылық жасау және оны үйлестіру;
      16) іс жүргізу мәселелеріне салааралық ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылық жасау және іс жүргізудің жай-күйі мен құжаттардың сақталуын бақылау;
      17) осы Заңның, Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау тұрғысынан мұрағат ісі саласындағы бақылау;
      18) мұрағат iсi жөнiндегi халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының өкiлдiгін қамтамасыз ету;
      19) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асыратын қатынастарды мемлекеттiк реттеу және мұрағат iсiн басқару мәселелерiне:
      1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында мұрағат iсiнде және құжат жасауда бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік мұрағаттарының сақтауына қабылданған Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын сақтауды, толықтыруды және пайдалануды ұйымдастыру;
      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік мұрағаттарында сақталатын Ұлттық мұрағат қоры құжаттарын мемлекеттiк есепке алуды жүргiзу және олардың сақталуын қамтамасыз ету;
      4) коммуналдық меншiктегi тарихи және мәдени құжаттық ескерткіштерді қорғау, оларды сақтау мен пайдалану;
      5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында мұрағат iсiн дамыту және құжаттама жүргiзудiң өңірлік мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыру;
      6) құжаттардың ғылыми және практикалық құндылығына сараптама жүргiзудi ұйымдастыру;
      7) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік мұрағаттарында сақталатын Ұлттық мұрағат қорының құжаттары бойынша деректер қорын қалыптастыру;
      8) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында орналасқан, Ұлттық мұрағат қорын толықтыру көздері болып табылатын ұйымдарда iс жүргiзудiң жай-күйiне, құжаттардың сақталуына ұйымдастырушылық-әдiстемелiк басшылық жасау және бақылау жасау;
      9) жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын орындауды ұйымдастыру;
      10) сараптау-тексеру комиссиясы туралы ереженi бекiту;
      11) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын қанағаттандыру үшiн пайдалану;
      12) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тарихы бойынша мұрағат құжаттарын жинау және қайтару;
      13) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-1-бап. Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған
                және жеке меншік мұрағаттарда сақталатын
                құжаттардың сақталуын мемлекеттік бақылау

      1. Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған және жеке меншік мұрағаттарда сақталатын құжаттардың сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Мұрағат ісін мемлекеттік басқару

      1. Мұрағат iсiн мемлекеттiк басқаруды уәкiлеттi орган мен облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті органның нұсқаулары жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
      3. алып тасталды
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      20-бап. Қазақстан Республикасындағы мұрағат ісін
              басқару мен жүргізу органдарының жүйесі

      Мұрағат ісін басқару мен жүргізу органдарының жүйесіне:

      1) уәкiлеттi орган, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары);

      2) мұрағат мекемелері: Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаттары, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының орталық мемлекеттік мұрағаттары, облыстардың, қалалардың, аудандардың мемлекеттік мұрағаттары мен олардың филиалдары кіреді.

      21-бап. Мұрағат ісін басқару мен жүргізу органдарын
              қаржыландыру және материалдық-техникалық
              жағынан қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасы уәкілетті органын, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары, олардың жүйесіндегі мұрағат мекемелерін қаржыландыру және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      22-бап. Қазақстан Республикасының арнаулы
               мемлекеттік мұрағаттары

      1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінде және Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi агенттiгiне (қаржы полициясы) арнаулы мемлекеттік мұрағаттар құрылуы мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында арнаулы мұрағаттар құру Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының осы Заңда белгіленген тәртіппен арнаулы мемлекеттік мұрағаттар құрылған мемлекеттік органдарына өздерінің қызметіне қатысты мұрағат құжаттарын жинақтау (сатып алу), тұрақты сақтау және пайдалану құқығы беріледі.
      4. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік мұрағаттары қызметінің тәртібі нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.05.08 N 413, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.05.27 № 279-IV Заңдарымен.

6-тарау. Халықаралық ынтымақтастық

      23-бап. Халықаралық байланыстар мен қарым-қатынастар

      1. Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының меншік иелері - жеке және заңды тұлғалар халықаралық байланыстар мен тікелей қарым-қатынастар орнатып, жасап отыруға құқылы.

      2. Қазақстан Республикасының мүдделеріне нұқсан келтірмесе, мемлекет мұрағат құжаттарын бірлесіп пайдалану жөнінде Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің мұрағат мекемелері арасындағы қарым-қатынастардың кеңейтілуіне жәрдемдеседі.

      24-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының мұрағат ісі жөніндегі заңдарындағыдан өзгеше нормалар белгіленсе, халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

      25-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың
              мұрағатты пайдалану құқығы

      1. Мұрағат құжаттарын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары пайдаланатын негіздерде пайдаланады.

      2. Өз мұрағаттарына Қазақстан азаматтарына кіруге шектеу көзделген мемлекеттердің азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында сондай шектеу белгіленуі мүмкін.

      26-бап. Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын Қазақстан
              Республикасынан тыс жерлерге әкету

      1. Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынады.

      2. Қазақстан Республикасының уәкілетті органы Ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес рұқсат беруге құқылы.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      27-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры
              және мұрағаттар туралы заңдарын бұзғаны үшін
              жауапкершілік

      1. Мұрағат ісі жөніндегі заңдарды бұзуға кінәлі болған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      2. Ұлттық мұрағат қорына келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтелуге тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті