Табиғи монополиялар туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1998 жылғы 9 шiлде N 272

Жаңартылған

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы табиғи монополиялардың iс-әрекетiн реттейдi және тұтынушылары мен табиғи монополия субъектiлерiнiң мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

      1-бап. Заңның мақсаты

      Осы Заңның мақсаты:
      1) табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) баға мен тарифтердi реттеудiң мемлекеттiк саясатының құқықтық негiздерiн белгiлеу;
      2) табиғи монополиялар аясында қызметтер (тауарлар, жұмыстар) өндiру мен ұсынудың жағдайларын дамыту мен жетiлдiруге жәрдемдесу болып табылады.

      2-бап. Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң табиғи монополия субъектiлерiнiң өмiр сүруiне және iс-әрекетiне байланысты қызметтер (тауарлар, жұмыстар) рыногында туындайтын қатынастарды реттейдi.
      2. Осы Заңның ережелерi табиғи монополиялар субъектiлерiнiң, олардың құрылтайшыларының (қатысушыларының) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалатын әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) де, осы әрекеттер (әрекетсiздiк) осы Заңға қайшы келген және табиғи монополиялардың қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушыларға залал келтiрген жағдайларда қолданылады.
      3. Осы Заңның күшi табиғи монополия аясына жатқызылған, бiрақ тек жеке өзiнiң ғана мұқтаждарына арналған объектiлердi салу мен пайдалануға байланысты iс-әрекеттi жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
      4. Осы Заңда қамтылмаған құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының монополияға қарсы және басқа да заңдарымен реттеледi.

      3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жалпыға бiрдей қызмет көрсету - табиғи монополия субъектiлерiнiң табиғи монополия субъектiлерi iс-әрекетiн жүзеге асыратын және қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) ұсына алатын Қазақстан Республикасының белгiлi бiр аумағында барлық тұтынушыларға қызметтерiн ұсынуы және тауарлар өндiрiп, жұмыстарды орындауы:
      2) тұлғалар тобы - дауыс беретiн акциялардың (үлестердiң) он және одан көп процентiн иеленетiн, келiсiм нәтижесiнде бiрлесiп тiкелей немесе жанама шешiм айқындауға және (немесе) табиғи монополия субъектiсiнiң қабылдайтын шешiмдерiне ықпал етуге құқығы бар заңды тұлғалардың, заңды және жеке немесе жеке тұлғалардың жиынтығы;
      3) табиғи монополия - қызметтердiң осы түрiн (тауарлардың, жұмыстардың) өндiру мен ұсынудың технологиялық ерекшелiктерiне байланысты қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) белгiлi бiр түрiне сұранысты қанағаттандыру үшiн бәсекелестiк жағдай жасау мүмкiн болмайтын немесе экономикалық жағынан тиiмсiз болатын қызметтер (тауарлар, жұмыстар) рыногының жай-күйi;
      4) табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушы - табиғи монополия субъектiсiнiң тауарларын, жұмыстары мен қызметтерiн пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
      5) табиғи монополия субъектiсi - табиғи монополия жағдайында тауарлар өндiрумен, жұмыс орындаумен және (немесе) тұтынушыларға қызмет көрсетумен айналысатын заңды тұлға немесе жеке кәсiпкер;
      6) уәкiлеттi орган - табиғи монополиялар субъектiлерiнiң iс-әрекетiн бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      7) табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерi - тұтынушыға белгiлi бiр тауар беру түрiнде қызметтер ұсыну реттерiн қоса алғанда, табиғи монополия жағдайларында ұсынылатын және тұтынылатын қызметтер, тауарлар, жұмыстар;
      8) төтенше реттеушi шаралар - азаматтардың өмiрiн, денсаулығын, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың мүлкiн қорғау мақсатында табиғи монополия субъектiсiнiң iс-әрекетiн реттеу жөнiнде уәкiлеттi орган қолданатын шаралар.

      4-бап. Табиғи монополияның iс-әрекет аясы

      1. Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар аясында мынадай iс-әрекет түрлерi жатады:
      1) магистралды труба құбырлары арқылы мұнайды және мұнай өнiмдерiн тасымалдау;
      2) магистралды және бөлушi труба құбырлары арқылы газды және газ конденсатын тасымалдау;
      3) электр және жылу энергиясын беру мен бөлу;
      4) магистральдық  темір жол желісінің қызметі;
      5) әуенавигация, айлақтар, әуежайлар көрсететiн қызмет;
      6) телекоммуникациялардың жергiлiктi желiлер торабын пайдалана отырып көрсететiн қызметi;
      7) су шаруашылығы және канализация жүйелерi көрсететiн қызмет;
      8) почта байланысы қызметi;
      9) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де түрлерi.
      2. Табиғи монополия субъектiлерi, меншiк нысандарына қарамастан, табиғи монополия субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiне енгiзiлуге тиiс.
      3. Табиғи монополия субъектiлерiн Мемлекеттiк тiркелiмге енгiзу және одан шығару тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 4-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.06. N 260 Заңымен.

      5-бап. Табиғи монополия субъектiлерiнiң
            iс-әрекетiн шектеу

      Табиғи монополия субъектiсiне:
      1) табиғи монополия субъектiсiнiң негiзгi iс-әрекетiне қатысы жоқ қызметтер көрсетуге және өзге iс-әрекеттi жүзеге асыруға;
      2) табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтер (тауарлар, жұмыстар) өндiруi мен ұсынуына байланысы жоқ мүлiктi меншiгiнде және (немесе) шаруашылық жүргiзу құқығында ұстауға;
      3) мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда, басқа коммерциялық ұйымдардың акцияларын (үлестерiн) иеленуге немесе олардың iс-әрекетiне өзге де түрде қатысуға;
      4) өзi тасымалдайтын немесе беретiн тауарларды, жұмыстарды қызметтердi өзi тұтынбайтын ретте сатып алуға;
      5) ұсынылған қызметтер (тауарлар, жұмыстар) үшiн уәкiлеттi орган белгiлеген мөлшерден артатын ақы алуға;
      6) уәкiлеттi органмен келiсусiз негiзгi құралдарды иелiктен айыруға;
      7) табиғи монополия субъектiлерi көрсететiн қызметке қол жеткiзу шарттарын таңуға немесе табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметтерiн тұтынушыларды кемсiтуге немесе тұтынушылардан белгiленген тарифтерде ескерiлмеген ақы алу есебiнен табыс алуына әкеп соғатын өзге де әрекеттер жасауға тыйым салынады.
      ЕСКЕРТУ. 5-бап толықытырылды - Қазақстан Республикасының 1999.07.13. N 413 Заңымен.

      6-бап. Табиғи монополия субъектiсiнiң құқықтары

      Табиғи монополия субъектiсiнiң:
      1) заңдарға сәйкес тұтынушылар сақтауға мiндеттi техникалық талаптар белгiлеуге;
      2) уәкiлеттi орган шешiмдер қабылдаған кезде өзiнiң iс-әрекетi мен құқықтық мәртебесi мәселелерiн қозғайтын ұсыныстар енгiзуге;
      3) уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн әрекетiне (әрекетсiздiгiне) сотқа шағымдануға;
      4) басқа субъектiлердiң өз iс-әрекетiне, табысына, меншiгiне немесе құқықтық мәртебесiне әсер ететiн әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) уәкiлеттi органға немесе сотқа шағымдануға;
      5) заң белгiленген тәртiппен өзiн Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiнен шығару туралы уәкiлеттi органға өтiнiш жасауға;
      6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де құқықтарының болуына хақылы.

      7-бап. Табиғи монополия субъектiлерiнiң мiндеттерi

      Табиғи монополия субъектiсi:
      1) уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн шешiмдерiн орындауға;
      2) ұсынылатын қызметтер (тауарлар, жұмыстар) үшiн уәкiлеттi орган белгiлеген бағаларды, тарифтердi ескере отырып, қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушыларға жан-жақты сапалы қызмет көрсетудi қамтамасыз етуге;
      3) табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн тұтынушыларға тең жағдайлар ұсынуға;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тендерлiк негiзде өндiрiстiк мұқтаждар үшiн материалдық, қаржы ресурстары мен жабдықтар сатып алуды жүзеге асыруға;
      5) уәкiлеттi органның талап етуi бойынша қаржы есептiлiгi мен өзге де қажеттi ақпарат беруге;
      6) қоғамдық қауiпсiздiк және азаматтар денсаулығы үшiн қауiпсiздiк принциптерiн сақтай отырып, табиғи монополияның қызметтер өндiруi мен ұсынуының неғұрлым тиiмдi әдiстерi мен технологияларын таңдап алуға;
      7) аудиторлық ұйымдармен (аудиторлармен) жыл сайынғы қаржы тексерулерiн (мiндеттi аудит) жүргiзуге; тексеру нәтижелерiн бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;
      8) тұтынушылармен қызметтер (тауарлар, жұмыстар) ұсынуға арнап шарттар жасасуға;
      9) тұтынушыларға көрсетiлетiн қызметтердi есепке алу аспаптарын орнатуға мiндеттi.

      8-бап. Табиғи монополия субъектісiнiң мүлкiн иелiктен
             айыру және акцияларын (үлестерiн) сатып алу

      1. Мүлкiнiң иелiктен айырылуы тұтынушылармен жасалған шарттардың бұзылуына әкеп соқпайтын жағдайда уәкiлеттi органмен келiсе отырып, табиғи монополия субъектiсiнiң мүлкiн толық немесе iшiнара иелiктен айыруға болады.
      2. Табиғи монополия субъектiлерiнiң мемлекеттiк мүлкi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша жекешелендiрiлуi мүмкiн.
      3. Табиғи монополия субъектiсiнiң жарғылық капиталындағы дауыс беретiн акцияларының (үлестерiнiң) 10 процентiнен астамын сатып алушы жеке немесе заңды тұлға (немесе тұлғалар тобы) бұл туралы уәкiлеттi органды алдын ала хабардар етуге мiндеттi.

      9-бап. Табиғи монополия субъектiсiнiң қайта
             құру және тарату

      1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес табиғи монополия субъектiсiне қайта құру және тарату рәсiмдерi қолданылуы мүмкiн.
      2. Табиғи монополия субъектiсiнiң мүлкi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сенiмдi басқаруға берiлуi мүмкiн, мұндай жағдайда бұлайша беру табиғи монополия субъектiсiнiң тауарлар өндiруiне, жұмыстар орындалуына және қызметтер ұсынуына ұзақ уақыт үзiлiс жасауға немесе олардың көлемiнiң едәуiр кемуiне әкеп соқпауға тиiс.
      3. Тауарлар өндiруде, жұмыстар орындауда және қызметтер көрсетуде ұзақ уақыт үзiлiс жасалуын немесе олардың көлемiнiң едәуiр кемуiн болдырмау мақсатында табиғи монополия субъектiсiне оңалту рәсiмдерi қолданылуы мүмкiн.

      10-бап. Табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн
              (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушының құқықтары

      Табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушы:
      1) уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiп, бағалар мен тарифтер бойынша табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) сатып алуға, нақты көрсетiлетiн қызметтер үшiн есепке алу аспаптарын орнатуды талап етуге;
      2) шешiмдерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, жаңа шешiмдер қабылдау немесе қолданылып жүрген шешiмдердiң күшiн жою туралы уәкiлеттi органға өтiнiш беруге;
      3) уәкiлеттi органның әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), сондай-ақ ол қабылдаған шешiмдерге сот тәртiбiмен шағымдануға;
      4) уәкiлеттi органға және (немесе) сот тәртiбiмен табиғи монополия субъектiсiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн әрекеттерiне шағымдануға;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарының болуына хақылы.

      11-бап. Табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн
              тұтынушының мiндеттерi

      1. Табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушы:
      1) табиғи монополия субъектiлерi ұсынатын қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) уақытылы және толық көлемде ақы төлеуге;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес табиғи монополия субъектiлерi белгiлейтiн техникалық талаптарды орындауға мiндеттi.
      2. Табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн тұтынушының дербес немесе бiр топ адамдар құрамында өзi қызметтерiн (тауарларын, жұмыстарын) пайдаланатын табиғи монополия субъектiсiнiң дауыс беретiн акцияларының (үлестерiнiң) 25 проценттен астамын иеленуiне (немесе өзгедей түрде бақылау жасауына) тыйым салынады.
      3. Табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiн тұтынушының өтiнiшi бойынша уәкiлеттi орган, егер бұл бағалар мен тарифтердiң төмендеуiне әкеп соғатын болса, осы бапта белгiленген шектеулердiң күшiн жоюға хақылы.

      12-бап. Уәкiлеттi орган

      1. Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметiн бақылау мен реттеудi табиғи монополияларды реттеу жөнiндегi мемлекеттiк орган (бұдан әрi уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi органның қызметiн ұйымдастыру тәртiбi мен оның құрылымын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      13-бап. Уәкiлеттi органның мiндеттерi

      Уәкiлеттi орган мынадай мiндеттердi атқарады:
      1) Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiн құрады және жүргiзедi, олардың iс-әрекетiн мемлекеттiк реттеу мен бақылауды жүзеге асырады;
      2) өз құзыретi шегiнде осы Заңның және Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметiн реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады және жолсыздықтарды анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады;
      3) табиғи монополиялар туралы заңдарды жетiлдiру жөнiнде белгiленген тәртiппен ұсыныстар енгiзедi;
      4) табиғи монополиялар саласында бағалар мен тарифтер белгiлеудiң кемсiтпейтiн әдiстерiн әзiрлеп, енгiзедi.

      14-бап. Уәкiлеттi органның құқықтары

      1. Уәкiлеттi орган:
      1) табиғи монополия аясында iс-әрекеттi жүзеге асыратын субъектiлердi Мемлекеттiк тiркелiмге кiргiзу туралы не одан шығару туралы шешiмдер қабылдауға;
      2) осы Заңға және өзге де заң актiлерiне сәйкес табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметiн реттейтiн шешiмдер қабылдауға;
      3) мемлекеттiк реттеудi енгiзу, өзгерту немесе тоқтату туралы табиғи монополиялар субъектiлерi үшiн мiндеттi шешiмдер қабылдауға;
      4) өз құзыретi шегiнде табиғи монополиялар аясында осы Заңды бұзу фактiлерi бойынша жолсыздықтарды тыю мен олардың салдарларын жою туралы шешiмдер қабылдауға;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда, табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметтер (тауарларына, жұмыстарына) тұтынушылармен шарттар жасасуы туралы, жасалған өзгерiстер енгiзу туралы, олардың осы Заңды бұзатын әрекеттерiнiң (әрекетсiздiктерiнiң) нәтижесiнде алған табысын мемлекеттiк бюджетке аудару туралы және (немесе) әкiмшiлiк жазалар қолдану туралы орындалуы мiндеттi қаулылар мен нұсқамалар қабылдауға;
      6) табиғи монополия субъектiсiне технологиялық жағынан байланысты, табиғи монополиялар болып табылмайтын өндiрiстердi иелiктен айыру туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар енгiзуге;
      7) осы Заң бұзылған жағдайларда сотқа жүгiнуге;
      8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, заңды және жеке тұлғалардан, оның iшiнде мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарынан өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
      9) өз бастамасымен, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлары мен өздерiнiң қолында бар өзге де материалдардың негiзiнде, мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың, азаматтардың, мүдделi адамдардың жазбаша арыздары мен хабарларының және табиғи монополия субъектiлерi өтiнiштерiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңды тұрғысынан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға хақылы.
      2. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк, коммерциялық және қызметтiк құпия болып табылатын мәлiметтердiң жария етiлгенi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
      ЕСКЕРТУ. 14-бап өзгерді -Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.

      15-бап. Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң
              қызметiн реттеу

      Уәкiлеттi орган табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметiн реттеудi:
      1) бағалар (тарифтер) немесе олардың шектi деңгейiн белгiлеу;
      2) шығынды қалыптастырудың ерекше тәртiбi;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шаралар арқылы жүзеге асырады.

      16-бап. Бағалар мен тарифтердiң жобаларын табыс
              ету тәртiбi

      1. Ұсынылатын қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) бағалар мен тарифтердi бекiту (өзгерту) қажет болған жағдайда табиғи монополия субъектiсi уәкiлеттi органға бағалар мен тарифтердi қарауға өтiнiм жасайды.
      2. Табиғи монополия субъектiсi өзiнiң тауарларына, жұмыстарына, қызметтерiне бағалар мен тарифтердiң жобаларын өтiнiммен бiрге олар күшiне енуден 45-күн бұрын табыс етуге мiндеттi.
      3. Уәкiлеттi органның талаптарына сәйкес экономикалық жағынан негiзделген есептер табыс етiлген жағдайда уәкiлеттi орган табиғи монополия субъектiсi көрсететiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) бағалары мен тарифтерiнiң жобаларын 30 күн iшiнде қарайды. Бағалар мен тарифтердiң жобаларын қараудың мерзiмi қажеттi құжаттар табыс етiлген кезден бастап есептеледi.

      17-бап. Бағалар мен тарифтердiң жобаларын қарау тәртiбi

      1. Табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) қолданылып жүрген бағалар мен тарифтер өзгерген жағдайда уәкiлеттi орган:
      1) тәуелсiз сарапшыларды, мемлекеттiк органдары, қоғамдық бiрлестiктердi, соның iшiнде тұтынушылар қоғамдары мен жобаны ұсынған табиғи монополиялар субъектiлерiн тарта отырып, бағалар мен тарифтер жобасына сараптама жүргiзедi;
      2) жоба сараптамасының негiзiнде табиғи монополиялар субъектiсiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) ұсынылып отырған бағалар мен тарифтер бойынша алдын ала шешiм әзiрлейдi.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптары уәкiлеттi органның бұрын белгiленген бағалар мен тарифтердiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы шешiмдерiне, сондай-ақ уәкiлеттi органның төтенше реттеу шаралары түрiнде қабылдайтын шешiмдерiне қолданылмайды.

      18-бап. Бағалар мен тарифтердi бекiту туралы

      1. Табиғи монополия субъектiсiнiң уәкiлеттi орган бекiтетiн бағалары мен тарифтерi қызметтер көрсетуге (тауарлар өндiруге, жұмыстар орындауға) қажеттi шығындардың құнынан кем болмауға және табиғи монополия субъектiсiнiң тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiндей пайда алу мүмкiндiгiн ескеруге тиiс.
      2. Табиғи монополия субъектiсi қызметтерiнiң (тауарларының, жұмыстарының) бағалары мен тарифтерiн бекiту туралы түпкiлiктi шешiм табиғи монополия субъектiсiне олар күшiне енгiзiлетiн сәтке дейiн кемiнде 15 күн бұрын жiберiлуге тиiс.
      3. Табиғи монополия субъектiсiнiң қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) бағалар мен тарифтердi өзгерту тоқсанына бiр реттен жиi жүргiзiлмейдi. Жаңа бағалар мен тарифтердi енгiзу тоқсанның бiрiншi күнiнен бастап жүзеге асырылады.
      4. Табиғи монополия субъектiсi бағалар мен тарифтердiң өзгертiлгенi туралы ақпаратты тұтынушының назарына олар күшiне енгiзiлгенге дейiн кемiнде 10 күннен бұрын жеткiзуге мiндеттi.

      19-бап. Осы Заңды бұзудың салдарлары

      1. Осы Заңды бұзған жағдайда табиғи монополия субъектiлерi, олардың басшылары:
      1) осы Заңды бұзуды тоқтатуға және оның салдарларын жоюға;
      2) бастапқы жағдайды қалпына келтiруге немесе нұсқамада көрсетiлген өзге iс-әрекеттердi жасауға;
      3) келтiрiлген залалды және (немесе) зиянды тiкелей немесе бағалар мен тарифтердi уақытша төмендету арқылы өтеу үшiн шаралар қолдануға мiндеттi.
      2. Уәкiлеттi орган табиғи монополия субъектiсiнiң уақытша өтемдiк (төмендетiлген) бағалар мен тарифтер белгiлеу жолымен бағалар мен тарифтердi заңсыз көтеру арқылы келтiрген зиянды тұтынушыларға өтеуi туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.

      20-бап. Табиғи монополия субъектiсi басшысының,
              лауазымды адамдардың осы Заңды бұзғаны
              үшiн жауапкершiлiгi

      Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң басшылары, табиғи монополияларды реттеушi уәкiлеттi органдар мен атқарушы органдардың лауазымды адамдары осы Заңды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.

      21-бап. Табиғи монополия субъектiсiнiң осы Заңды
              бұзудан келтiрiлген зиянды өтеуi

      Табиғи монополия субъектiсiнiң осы Заңға қайшы келетiн және басқа заңды немесе жеке тұлғаға зиян келтiрген, соның iшiнде бағаларды (тарифтердi) көтеру, қызметтер ұсыну мен оларды орындауға арнап шарттар жасасудан негiзсiз бас тарту жолымен зиян келтiрген әрекеттерi (әрекетсiздiгi), егер уәкiлеттi орган ұйғарған уақытша өтемдiк бағалар мен тарифтер белгiлеу жолымен мұндай заңды немесе жеке тұлғалардың шеккен зияны өтелмеген және өтелмейтiн жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес табиғи монополия субъектiсiнiң осы зиянды өтеуiне әкеп соғады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi