Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы N 254 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «жылжымайтын мүлік орталықтарының», «жылжымайтын мүлік орталығының», «жылжымайтын мүлік орталықтары», «жылжымайтын мүлік орталығына», «жылжымайтын мүлік орталығын», «Жылжымайтын мүлік орталықтары» деген сөздер тиісінше «жылжымайтын мүлік орталықтарының және олардың филиалдарының», «жылжымайтын мүлік орталығының және оның филиалының», «жылжымайтын мүлік орталықтары және олардың филиалдары», «жылжымайтын мүлік орталығына және олардың филиалына», «жылжымайтын мүлік орталығын және оның филиалын», «Жылжымайтын мүлік орталықтары және олардың филиалдары» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      Осы Заң жылжымалы мүлiкке заңды құқықтары бар жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын жүзеге асыру және қорғау мақсатында осындай мүлiк кепiлiн тiркеу ережелерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) жылжымалы мүлiк - көлiк құралдары, айналымдағы тауарлар, бағалы қағаздар, ақша, мүлiктiк құқықтар, соның iшiнде болашақтағы өнiмге және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерімен жылжымайтын мүлiкке жатқызылмаған өзге де мүлiкке құқық;
      2) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу - жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне кепiл талаптары бар (кепiлдi тiркеу туралы өтiнiш) кепіл туралы шарттағы немесе өзге шарттағы мәлiметтердi енгiзу жөнiнде жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кезiнде туындайтын қатынастарға қатысушылардың iс-қимылдары жиынтығын, жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк берудi және тiркеушi органдардың және (немесе) жылжымайтын мүлік орталықтарының және олардың филиалдарының осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерінде белгiленген тәртiппен жасалатын өзге де iс-қимылдарын бiлдiретiн тiркеушi органның және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығының және оның филиалының жылжымалы мүлiк кепiлiн есепке алу рәсiмi;
      3) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу органдары (тiркеушi органдар) – мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымалы мүліктің жекелеген түрлерін және осы мүліктің кепілдерін тіркеуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар;
      4) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк - тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталықтары және олардың филиалдары өтiнiш иесiне беретiн және жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу фактiсiн растайтын құжат;
      5) жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмi (кепiл тiзiлiмi) - тiркеушi органдар және (немесе) жылжымайтын мүлік орталықтары және олардың филиалдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асыратын ақпаратты есепке алу және сақтау жүйесi;
      6) өтiнiш берушi - тiркеушi органға және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығына және олардың филиалына кепiлдi тiркеу туралы өтiнiш беретiн адам; кепiл мiндеттемесi тараптарының келiсiмi бойынша кепiл берушi де, кепiл ұстаушы да өтiнiш берушi бола алады;
      7) тiркелген кепiл - осы Заңда белгiленген тәртiппен тiркелген жылжымалы мүлiк кепiлi;
      8) уәкілетті ұйым (бұдан әрі – жылжымайтын мүлік орталығы) – жеке және заңды тұлғалардың міндетті мемлекеттік тіркеуіне жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеуді жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының жылжымалы мүлiк
              кепiлiн тiркеу туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың нормаларына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      3-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кезiнде пайда
              болатын қатынастарға қатысушылар

      1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кезiнде пайда болатын қатынастарға қатысушылар:
      1) кепiл берушi, кепiл ұстаушы;
      2) тiркеушi органдар;
      2-1) жылжымайтын мүлік орталықтары және олардың филиалдары;
      3) үшiншi тұлғалар.
      2. Тiркеушi органдардың және (немесе) жылжымайтын мүлік орталықтарының және олардың филиалдарының қызметiне жалпы басшылықты және бақылауды - Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мен басқа да мемлекеттiк органдар, ал жылжымалы мүлiктiң жекелеген түрлерiмен жасалған кепiлдi тiркеудi жүзеге асыратын заңды тұлғалардың қызметiне заң актiлерiмен уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4-бап. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы
              мүлiк кепiлiн тiркеу

      1. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудi заңдарға сәйкес осы мүлiктi тiркеудi жүзеге асыруға уәкiлеттiк берiлген орган жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу тәртiбiн уәкілетті орган белгiлейдi.
      3. Кепiлдерi мiндеттi түрде тiркелуге жататын мүлiк түрлерi, меншiк құқығы мен басқа да құқықтар, сондай-ақ оны тiркеудi жүзеге асыратын органдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      5-бап. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы
             мүлік кепілін тіркеу саласындағы мемлекеттік
             монополия

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзінді көшірме беру түрінде ақпараттық қызмет көрсету, өтініш берушінің кінәсінен жіберілген тіркеу құжаттарындағы қателерді түзету жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны жылжымайтын мүлік орталықтары және олардың филиалдары жүзеге асырады.
      1-1. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілі:
      1) кепіл туралы шарт немесе кепіл туралы шарт қамтылған өзге де шарт тараптарының бірінің талап етуі бойынша;
      2) егер кепіл туралы шартта немесе кепіл туралы шарт қамтылған өзге де шартта кепілдегі мүлікті кейіннен кепілге салуға (қайталама кепілге) тыйым салынған болса, тіркелуге тиіс.
      2. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiктiң кепiлiн тiркеу:
      1) егер кепiл берушi заңды тұлға болып табылатын жағдайда, заңды тұлғаның тiркелген орны бойынша;
      2) егер жеке тұлға, оның iшiнде дара кәсiпкер немесе резидент емес заңды тұлға кепiл берушi болып табылған жағдайда, салық төлеушi ретiнде тiркелген орны бойынша жүзеге асырылады.
      3. Жылжымайтын мүлік орталықтары және олардың филиалдары міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілі тіркелген тізілімді жүргізуге міндетті.
      4. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi, сондай-ақ Заңда берiлген өкiлеттiк шегiнде жылжымалы мүлiк кепiлiнiң жекелеген түрлерiн тiркеуге уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудi жүргiзу ережелерi мен рәсiмдерiн белгiлейтiн ведомстволық актiлер шығаруға құқылы.
      5. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      6-бап. Жылжымалы мүлiктiң жекелеген түрлерiнiң кепiлiн
              тiркеудiң ерекшелiктерi

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздар кепiлiн тiркеу бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылған бағалы қағаздар кепiлiн тiркеуге осы Заңның 8-бабының ережелерi қолданылады.
      1-1. Ипотекалық облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлiк кепiлiн тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      2. Қоғам үшiн елеулi тарихи (оның iшiнде археологиялық), көркемдiк немесе өзге де мәдени құндылығы бар мүлiк кепiлiн тiркеу заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Ипотекалық облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлiк кепiлi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.
      4. Ипотекалық облигацияларды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiк кепiлiн тiркеудi тiркеушi орган алғашқы өтiнiш жасаған кезде бiр рет қана жүргiзедi. Бұл ретте, тiркеушi орган кепiл тізілімін жүргізуді жүзеге асырады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.06.03 N 427, 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Жеке кәсiпкерлердiң, жеке және заңды тұлғалардың
              жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу құқықтары

      Жылжымалы мүлiктiң кепiлi кезiнде жеке кәсiпкер, жеке немесе заңды тұлға кепiлдi кепiл берушi ретiнде де, кепiл ұстаушысы ретiнде де тiркей алады.

      8-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудiң құқықтық маңызы

      1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу кепiл берушiнiң аталған мүлкiне үмiткер кепiл ұстаушылардың талаптарына қатысты кепiл ұстаушының талаптарын қанағаттандырудың кезектiлiгiн (күнiн) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң және басқа да заң актiлерiнiң ережелерiне сәйкес белгiлейдi.
      Әрбiр алдыңғы тiркелген кепiл ұстаушы барлық өзiнен кейiн тiркелген кепiл ұстаушылардың алдында, сондай-ақ осы мүлiктiң тiркелмеген барлық кепiл ұстаушыларының алдында мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету кезiнде басымдыққа ие болады.
      2. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымалы мүлiк кепiлi құқығы, егер кепiл туралы шартта (кепiл талаптары бар өзге шартта) немесе заң актiлерiнде неғұрлым кеш мерзiм көзделмесе, аталған мүлiктi тiркеудi жүзеге асыратын органда жылжымалы мүлiк кепiлi тiркелген сәттен бастап пайда болады.

2-тарау. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу тәртiбi

      9-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы өтiнiш

      1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу үшiн өтiнiш беруші не оның өкiлi тiркеушi органға және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығына және олардың филиалына не халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтiнiштiң толтырылған бланкiсiн бередi.
      2. Өтініште:
      1) тiркеушi органның және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығының және оның филиалының атауы;
      2) кепiл берушi мен кепiл ұстаушының атауы, орналасқан жерi (заңды тұлға үшiн) немесе тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болған жағдайда), тұрғылықты жерi (жеке тұлға үшiн);
      3) кепiл туралы шарттың немесе кепiл туралы талаптар қамтылған өзге шарттың жасалған күнi мен орны;
      4) кепiл нысанасы болып табылатын мүлiктiң тiзбесi және сипаттамасы (кепiл нысанасы туралы мәлiметтер);
      5) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң ақшалай баламасы;
      6) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң қолданылу мерзiмi;
      7) өтiнiш берушiнiң немесе оның өкiлiнiң қолтаңбасы және заңды тұлға үшiн мөрi (ол болған кезде);
      8) кепiлге салынған мүлiк қай тарапта екенi туралы нұсқау, оны пайдалануға болатыны және қайталама кепiл туралы мәліметтер;
      9) өтініш берушінің электрондық почта мекенжайы (бар болған жағдайда) қамтылуы тиіс.
      Өтiнiшке жылжымалы мүлiк кепiлiн мемлекеттiк тiркегенi үшiн алымның бюджетке төленгенiн растайтын құжат қоса берiлуi тиiс.
      Өтінішті тiркеушi органға және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығына және олардың филиалына не халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы берген кезде өтініш беруші – жеке басын куәландыратын құжатты, ал тұлғаның өкілі өзінің өкілеттіліктерін растайтын құжатты, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуға міндетті.
      3. Өтінішпен бірге кепіл туралы шарт немесе кепіл талаптары қамтылған өзге шарт ұсынылады, ол өтініште қамтылған мәліметтерді тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы тексергеннен кейін тіркеу туралы белгі соғылып, өтініш берушіге қайтарылады.
      4. Осы Заңда көзделгеннен басқа қандай да бір өзге құжаттар мен мәлiметтерді талап етуге жол берiлмейдi.
      5. Өтініште қамтылған мәліметтерді тексеруді және жылжымалы мүлік кепілін тіркеуді тіркеуші орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы өтініш түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
       Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2013.01.08 N 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-1-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн, тіркелген кепілдің
                өзгерістерін, толықтыруларын және тоқтатылуын
                мемлекеттiк тiркегенi үшiн алынатын алым

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2009 жылғы 1 қаңтардаң бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Жылжымалы мүлiк кепiлiн, тіркелген кепілдің өзгерістерін, толықтыруларын және тоқтатылуын мемлекеттiк тiркегенi үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде айқындалған тәртiппен алым алынады.
      Ескерту. 2-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (2009 жылғы 1 қаңтардаң бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-2-бап. Ақпараттық қызметтер көрсету және өтiнiш
                берушiнiң кiнәсiнен тiркеу құжаттарында жол
                берiлген қателердi түзету үшiн төлемақы

      Ақпараттық қызметтер көрсеткенi үшiн, сондай-ақ өтiнiш берушiнiң кiнәсiнен тiркеу құжаттарында жол берiлген қателердi түзеткенi үшiн тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлемақы алады.
      Ескерту. 2-тарау 9-2-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.13 N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-3-бап. Жылжымалы мүлік кепілін екінші деңгейдегі банктер
                арқылы электрондық тіркеу тәртібі

      1. Жеке немесе заңды тұлғалар екінші деңгейдегі банкпен кепіл туралы шарт немесе кепіл туралы мәліметтер қамтылған өзге шарт жасасқан жағдайда, екінші деңгейдегі банк жеке немесе заңды тұлғаның жазбаша келісімімен тіркеуші органның ақпараттық жүйесіне жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге арналған, кепіл ұстаушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған өтініш жібереді. Жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге арналған өтініштің мазмұны осы Заңның 9-бабының 2-тармағымен айқындалады.
      Жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге арналған өтінішке кепіл беруші мен кепіл ұстаушының электрондық цифрлық қолтаңбаларымен куәландырылған электрондық құжат нысанында жылжымалы мүлік кепілі туралы шарт немесе кепіл туралы мәліметтер қамтылған өзге шарт және жылжымалы мүлік кепілін мемлекеттік тіркегені үшін алымның бюджетке төленгенін растайтын құжаттың деректемелері туралы мәліметтер қоса беріледі.
      Тіркеуші орган қоса берілген құжаттармен бірге өтінішті алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде кепіл ұстаушының ақпараттық жүйесіне және кепіл ұстаушыға «электрондық үкіметтің» веб-порталына тіркеуші органның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы куәлікті не тіркеуден бас тарту туралы дәлелді жауапты жібереді.
      2. Жүргізілген тіркеу туралы ақпарат екінші деңгейдегі банктің және тіркеуші органның ақпараттық жүйелерінде сақталады және құжаттамалық растауды талап етпейді.
      Ескерту. 2-тарау 9-3-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.08 N 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      10-бап. Тiркеушi органның және (немесе) жылжымайтын мүлік
               орталығының және оның филиалының мiндеттерi

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Қажеттi құжаттарды алған кезден бастап тіркеуші орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы:
      1) өтiнiш берушiге табыс етiлген құжаттарды алғандығын растайтын, күнi, уақыты (сағаты, минуты) көрсетiлген қолхат беруге;
      2) жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне (оның iшiнде деректердiң компьютерлiк базасына) кепiлдi тiркеу туралы өтiнiштегi деректердi енгiзуге;
      3) өтiнiш берген адамға жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк беруге;
      4) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мәліметтерді хабарлауға міндетті.
      2. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу құжаттарды қабылдаған кезден бастап екі жұмыс күні iшiнде жүргiзiлуге тиiс.
      2-1. Жылжымалы мүлік кепілін электрондық тіркеу жылжымалы мүлік кепілін мемлекеттік тіркегені үшін алымның төленгені туралы немесе алым төлеуден босатылғаны туралы растау тіркеуші органның ақпараттық жүйесіне келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
      3. Тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы ұсынылған жылжымалы мүлiк кепiлi туралы шартты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (жалпы бөлiм) 307-бабына сәйкес тек нысанды белгiлерi бойынша тексередi.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2013.01.08 N 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуден бас тарту

      1. Тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы:
      1) егер кепiл туралы шарт немесе кепiл талаптары бар өзге де шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (жалпы бөлiм) 307-бабының талаптарына сәйкес келмеген;
      2) егер кепiлдi тiркеу туралы өтiнiш осы Заңның 9-бабының талаптарына сәйкес келмеген;
      3) егер кепiлдi тiркеу туралы өтiнiштi тиiстi тұлға жасамаған;
      4) егер жылжымалы мүлiк кепiлiн және кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркегенi үшiн алынатын алымның бюджетке төленгенiн растайтын құжат болмаған жағдайларда, кепiлдi тiркеуден бас тартады.
      2. Тiркеуден бас тартылған жағдайда тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы құжаттардың қабылданған сәтiнен бастап екі жұмыс күнi iшiнде заң талаптарының бұзылғандығына сiлтеме жасай отырып, өтiнiш жасаушыға жазбаша дәлелдi тiркеуден бас тартуды жолдайды.
      3. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуден бас тартуға не оны тiркеуден жалтаруға мүдделi тұлға сот тәртiбiмен шағым жасай алады.
      4. Алып тасталды.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.12.13 N 11, 2006.12.11 N 201 (2007.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Тiркелген жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмi

      1. Тiркелген жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне жылжымалы мүлiк кепiлi және кепiл туралы шарттың тараптары туралы мынадай деректер кiредi:
      1) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу күнi, уақыты (сағаты мен минуты);
      2) кепiл берушi мен кепiл ұстаушы туралы деректер, олардың мекен-жайлары (деректемелерi);
      3) құжаттардың тiркеу нөмiрлерi;
      4) негiзiнде кепiлдiк құқық қатынастары пайда болған құжат туралы мәлiметтер;
      5) кепiл туралы шарт немесе кепiл талаптары бар өзге де шарттың жасалған күнi мен орны;
      6) кепiл мәнi болып табылатын мүлiктiң тiзбесi мен сипаттамасы;
      7) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң ақшалай баламасы;
      8) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалу мерзiмi.
      2. Жылжымалы мүлiк кепiлi тiзбесiне осы кепiл туралы өзге де мәлiметтер енгiзiлуi мүмкiн.
      3. Ипотекалық облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын кепiлдi тiркеу кезiнде кепiл тiзiлiмiне кепiл берушi мен аталған облигацияларды ұстаушылардың өкiлi туралы деректер енгiзiледi. Кепiл ұстаушылар туралы деректер бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімінде көрсетiледi.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.06.03 N 427 Заңымен.

      13-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы куәлiк

      1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу оны тiркеу жөнiндегi куәлiкпен куәландырылады, онда мыналар болады:
      1) тiркеушi органның және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығының және оның филиалының атауы;
      2) кепiл берушi мен кепiл ұстаушының атауы, орналасқан жерi (заңды тұлға үшiн) немесе тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жерi (жеке адам үшiн);
      3) кепiл туралы шартты немесе кепiл талаптары бар өзге де шарттың жасалған күнi мен орны және оның нөмiрi;
      4) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң ақшалай баламасы;
      5) кепiл мәнi туралы мәлiметтер;
      6) жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы берген тiркеу нөмiрi;
      7) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу күнi.
      2. Тiркеу туралы куәлiкке уәкiлдiк берiлген лауазымды адам қол қояды және ол тiркеушi органның және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығының және оның филиалының мөрiмен куәландырылады.
      3. Кепiл берушiнiң немесе кепiл ұстаушының өтiнiшi бойынша тіркеуші орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы өздері берген куәліктерге қатысты екі жұмыс күні ішiнде жылжымалы мүлiк кепiлiн тіркеу туралы жоғалған куәліктің орнына оның телнұсқасын бередi.
      4. Тiркеу туралы куәлiк Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары бұзылған жағдайда сот тәртiбiмен жарамсыз болып танылуы мүмкiн.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      14-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудiң күшiнде болу
               мерзiмi

      1. Жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiркелуi кепiл тоқтатылғанға дейiн қолданылады.
      2. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған кепiл берушi жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiндегi кепiл туралы жазбаны жоюды талап етуге құқылы. Кепiл берушiнiң талабы бойынша кепiл ұстаушы тіркеуші органға немесе жылжымайтын мүлік орталығына және олардың филиалына кепiл берушiнiң кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi орындағанын растайтын жазбаша өтiнiш пен қажеттi құжаттар беруге мiндеттi. Кепiл ұстаушы осы мiндеттердi орындамаған немесе уақытында орындамаған жағдайда кепiл берушi өзiне келтiрiлген зиянның өтелуiн талап етуге хақылы.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      15-бап. Тiркеу кезiнде жiберiлген қателердi түзеу

      1. Тiркеу кезiнде жiберiлген техникалық қателердi түзеу жылжымалы мүлiк кепiлi тiзiлiмiне, сондай-ақ кепiлдi тiркеу туралы куәлiкке қосымша жазба енгiзу арқылы мүдделi тараптың өтiнiшi бойынша жасалады.
      2. Алынып тасталды.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.12.13 N 11 Заңымен.

      16-бап. Өзгерiстердi, толықтыруларды тiркеу және
               тiркелген кепiлдiң тоқтатылу тәртiбi

      Өтiнiш берушi тiркеушi органға және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығына және олардың филиалына өтiнiш беру арқылы өзгерiстер мен толықтыруларды (оның iшiнде меншiк құқығының басқа адамға ауысуы, талап ету құқығын беру және т.б.) және тiркелген кепiлдiң күшiн тоқтатуды тiркейдi.
      Өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеу тәртiбi заңдармен белгiленедi.
      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      17-бап. Тiркелген кепiлге өзгерiстердi, толықтыруларды
               тiркеу туралы және оны тоқтату туралы өтiнiш

      1. Жылжымалы мүлiктiң тiркелген кепiлiне өзгерiстердi, толықтыруларды тiркеу туралы және оны тоқтату туралы өтiнiште бастапқы тiркелген кепiлге сiлтеме, кепiл туралы шартқа жасалған өзгерiстер мен толықтырулардың сипаттамасы (меншiк құқығының басқа адамға ауысуы, талап ету құқығын басқаға беру және т.б.), тiркелген кепiлдi тоқтатудың негiздерi болуға тиiс.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтерге қоса, өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді тіркеу туралы өтініште:
      1) кепіл талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шартқа не кепіл бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы шартқа (оның ішінде активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартқа) қол қойылған күн;
      2) активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарттың негізінде өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу жағдайларын қоспағанда, тіркеуші орган немесе жылжымайтын мүлік орталығы және оның филиалдары берген жылжымалы мүлік кепілінің тіркеу нөмірі;
      3) енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың сипаттамасы;
      4) кепіл беруші мен кепіл ұстаушының (олардың өкілдерінің) қолтаңбасы, ал кепіл шарттары бойынша құқықтар (талаптар) басқаға берілген кезде – жаңа кепіл ұстаушының ғана қолтаңбасы, сондай-ақ құқықтарын (талаптарын) басқаға берген кепіл ұстаушы қол қойған келісім қамтылуға тиіс.
      3. Өтінішпен бірге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шарт (оның ішінде, тапсыру актісі немесе одан үзінді көшірме (төлнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі) қоса беріле отырып, меншік құқығының басқа тұлғаға өтуі туралы не құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы шарт (активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт) ұсынылуға тиіс, бұл тіркеуші орган немесе жылжымайтын мүлік орталығы және оның филиалдары өтініште қамтылған мәліметтерді тексергеннен кейін, тіркелгені туралы белгі қойылып өтініш берушіге қайтарылады.
      Үшінші тұлғалар немесе мемлекеттік органдар тарапынан тіркелген ауыртпалықтардың, тыйым салулардың, мүлікке иелік етуге өзге де шектеулердің болуы, жаңа кепіл ұстаушы бұл жөнінде хабардар етілген жағдайда, мәміле бойынша талаптарды басқаға беруді мемлекеттік тіркеу үшін кедергі болып табылмайды.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы
               деректердiң ашықтығы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы мәлiметтер барлық заңды және жеке тұлғалар үшiн ашық болып табылады.
      2. Кез келген адамның өтiнiшi бойынша тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу тiзiлiмiнен көшiрме түрiнде ақпарат беруге мiндеттi, ол:
      1) кепiл туралы мәлiметтер көшiрме берiлген күннiң алдындағы жұмыс күнiнiң аяғында берiлгенiне сiлтеменi қамтуға;
      2) тiркеушi органның немесе жылжымалы мүлік орталығының лауазымды тұлғасының қолы қойылып, тiркеушi органның мөрiмен куәландырылуға тиiс.
      3. Белгiлi бiр жылжымалы мүлiкке қатысты кепiл туралы қандай да бiр жазбалар болмаған жағдайда көшiрмеде осыған тиiстi сiлтеме болуға тиiс.
      4. Алып тасталды.
      5. Алып тасталды.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.13 N 11, 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      19-бап. Сот шешiмi негiзiнде кепiлдiң тiркелуiн тоқтату

      Мүдделi тұлға кепiлдi немесе оның тiркелуiн жарамсыз деп тану туралы сот шешiмiнiң негiзiнде кепiлдiң тiркелуiн жою туралы тiркеушi органға немесе жылжымайтын мүлік орталығына және олардың филиалына өтiнiш беруге құқығы бар.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. Дауларды шешу және тiркеу тәртiбiнiң бұзылуы үшiн
жауапкершiлiк

      20-бап. Дауларды шешу тәртiбi

      Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеуге және оны тiркеу туралы ақпараттың берiлуiне байланысты дауларды сот шешедi.

      21-бап. Тiркеу тәртiбiн бұзғаны және тiркеу туралы
               ақпарат бергенi үшiн жауапкершiлiк

      1. Тiркеушi орган немесе жылжымайтын мүлік орталығы:
      1) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу ережелерiн сақтамағаны;
      2) жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу және тiзiлiмге енгiзу үшiн өзiне берiлген жылжымалы мүлiк кепiлiн ақпараттың дәл болмауы, олардың толық енгiзiлмегенi және ақпараттың бұрмаланғаны;
      3) мүдделi тұлғалардың сұратуы бойынша жылжымалы мүлiк кепiлi тiзiлiмiнен көшiрме беруден бас тартқаны;
      4) тiркеу үшiн берiлген құжаттар мен ақпаратты, сондай-ақ жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiне енгiзiлген ақпаратты сақтау тәртiбiн бұзғаны;
      5) коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты жария еткенi;
      6) жылжымалы мүлiк кепiлiн және кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркегенi үшiн алынатын алымның толықтығы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      2. Тiркеу, ақпарат беру тәртiбiн бұзу, ақпарат мазмұнын бұрмалау арқылы келтiрiлген зиянды тiркеушi орган және (немесе) жылжымайтын мүлік орталығы өтеуге тиiс. Мәлiметтердi қасақана бұрмалау және заң бойынша беруге болатын және берiлуге тиiс ақпаратты жасыруға ықпал жасайтын өзге де әрекеттер заңда белгiленген тәртiппен қудаланады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.12.13 N 11, 2006.12.11 N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер

      22-бап. Заңның күшiне енгiзiлуi

      Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап күшiне енгiзiледi және ол күшiне енгiзiлгеннен кейiн туындаған құқық қатынастарына осы Заңның 23-бабының ережелерi ескерiле отырып қолданылады.

      23-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заң күшiне енгiзiлгеннен кейiн 60 күн iшiнде мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлiнiң белгiлi бiр мәнi жөнiндегi басымдыққа оны тiркеу кезiнде осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн кепiл туралы шарт жасасқан кепiл ұстаушылар ғана  ие болады.
      Мұндай кепiлдердi тiркеу осы Заңның ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Осы бапқа сәйкес тiркелген кепiлдердiң басымдығы кепiл  туралы шарт жасалған күнмен айқындалады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi