Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1998 жылғы 30 маусым N 253

Жаңартылған

      Осы Заң атқарушылық iс жүргiзудiң құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн белгiлейдi, сондай-ақ сот орындаушыларының құқықтық мәртебесiн айқындайды.

1-тарау. Негiзгi ережелер

      1-бап. Атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерi

      Атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерi азаматтық және шаруашылық iстер жөнiндегi сот шешiмдерiн, ұйғарымдары мен қаулыларын, мүлiктi өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер жөнiндегi үкiмдер мен қаулыларды мiндеттi түрде және уақтылы орындау, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге де органдардың шешiмдерi мен қаулыларын орындау болып табылады.

      2-бап. Атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдар

      Атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың нормаларына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      3-бап. Атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдардың
             қолданылу тәртiбi

      1. Атқарушылық iс жүргiзу атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде қолданылып жүрген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Бюджетке төленетiн салық төлемдерi мен өзге де мiндеттi төлемдердiң берешегiн, айыппұлдар төлеудi кешiктiргенi үшiн өсiмдердi, бюджетке төленетiн салық төлемдерi мен өзге де мiндеттi төлемдер туралы заңдарды бұзғаны үшiн өзге де санкцияларды өндiрiп алу жөнiндегi атқарушылық iс жүргiзу осы Заңда белгiленген тәртiппен және салық пен кеден заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердiң атқарушылық құжаттары жөнiнде атқарушылық iс жүргiзу, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардан өзгеше туындамаса, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

      4-бап. Атқарушылық iс жүргiзу органдары

      1. Қазақстан Республикасының соттары мен басқа органдарының осы Заңның 7-бабында аталған қаулыларын орындау Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотынан басқа барлық соттардың жанында болатын аумақтық органдарының сот орындаушыларына жүктеледi.
      2. Заңдарда көзделген жағдайларда соттар мен басқа да органдардың қаулыларын орындау сот приставының жәрдемдесуiмен жүзеге асырылады.
      3. Соттар мен басқа да органдардың ақшалай сомаларды өндiрiп алу жөнiндегi қаулыларын орындауды сондай-ақ салық органдары, банктер және өзге де банктiк емес қаржы мекемелерi жүзеге асырады. Өзге де органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар атқарушылық әрекеттердi заңның ол жөнiндегi тiкелей нұсқауына қарай не сот атқарушысының талабы бойынша жүзеге асырады.

      5-бап. Атқарушылық құжаттардың тiзбесi

      1. Мыналар:
      1) сот қаулылары негiзiнде берiлетiн атқару парақтары және  бұйрықтары;
      1-1) азаматтық iс жүргiзу заңдарына сәйкес берiлетiн сот  бұйрықтары;
      2) <*>
      3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдар (лауазымды адамдар) шығарған қаулылар;
      4) халықаралық және шетелдiк соттар мен төрелiктердiң шешiмдерi негiзiнде берiлетiн атқару парақтары;
      4-1) прокурордың өз талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы қаулысы;
      5) <*>
      6) заңдарда көзделген жағдайларда өзге де органдардың қаулылары атқару құжаттары болып табылады.
      2. Атқару құжаты жоғалған жағдайда қаулы шығарған орган заңда көзделген тәртiппен беретiн оның көшiрмесi өндiрiп алу үшiн негiз болып табылады.
      ЕСКЕРТУ. 5-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.
      Ескерту. 5-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.08.09. N 346 Заңымен .

2-тарау. Атқарушылық әрекеттердi жасаудың жалпы жағдайлары

      6-бап. Мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану негiздерi

      Соттың немесе өзге де органның қаулысын және сот бұйрығын өз еркiмен орындамау, сондай-ақ атқарушылық құжаттың болуы мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға негiз болып табылады.
      ЕСКЕРТУ. 6-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.

      7-бап. Атқару құжаттарын орындауға беру мерзiмдерi

      1. Атқару құжаттары мына мерзiмдерде:
      1) жалпы юрисдикция соттары шешiмдерiнiң негiзiнде берiлетiн бұйрықтар мен атқару парақтары - үш жыл iшiнде;
      2) <*>
      3) өзге соттар шешiмдерiнiң негiзiнде берiлетiн атқару парақтары - алты ай iшiнде;
      4) еңбек даулары бойынша сот беретiн куәлiктер - үш ай iшiнде;
      5) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдардың (лауазымды адамдардың) қаулылары - үш ай iшiнде;
      6) прокурордың қаулылары - үш ай iшiнде мәжбүрлеп орындатуға берiлуi мүмкiн.
      2. Аталған мерзiмдер:
      1) мүлiктi өндiрiп алу бөлiгiнде соттардың шешiмдерi мен үкiмдер негiзiнде берiлген атқару парақтарын орындау кезiнде - үкiмнiң не шешiмнiң заңды күшiне енген немесе шешiмдi орындауды кейiнге қалдыру немесе мерзiмiн ұзарту кезiнде белгiленген мерзiм аяқталған күннiң ертеңiнен бастап, ал шешiм дереу орындауға тиiс болған жағдайларда - оны шығарғаннан кейiнгi күннен бастап;
      2) өзге соттар шешiмдерiнiң негiзiнде берiлген атқару парақтарын орындау кезiнде - осы соттар мәжбүрлеп орындату туралы шешiм қабылдағаннан кейiн келесi күннен бастап;
      3) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жөнiндегi қаулыларды орындау кезiнде - қаулы шығарылған күннен бастап;
      4) қалған атқару құжаттарының барлығы бойынша - олар берiлгеннен кейiнгi күннен бастап есептеледi.
      3. Мерзiмдi төлемдер өндiрiп алу туралы шешiмдер (алимент өндiрiп алу туралы, мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен келтiрiлген зиянды өтеу туралы және басқа iстер бойынша) атқару құжаттары төлем жасауға берiлген барлық уақытта күшiн сақтайды. Мұндай жағдайларда мерзiм әрбiр төлем үшiн жеке есептеледi.
      ЕСКЕРТУ. 7-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.
      Ескерту. 7-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.08.09. N 346 Заңымен.

      8-бап. Атқару құжатын беру кезiндегi мерзiмiнiң үзiлуi

      1. Атқару құжатын орындауға беруге арналған мерзiм:
      1) атқару құжатын орындауға беру;
      2) атқару құжатын борышкердiң iшiнара орындауы арқылы үзiледi.
      2. Үзiлiстен соң мерзiмiнiң өтуi қайтадан басталады, бұл орайда үзiлiске дейiнгi өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.
      3. Үзiлiстен кейiнгi жаңа мерзiм атқару құжаты бойынша өндiрiп алу толық не iшiнара жүргiзiлмеген, өндiрiп алушыға қайтарылмаған күннен бастап есептеледi.

      9-бап. Атқару құжатын орындауға беру үшiн өткiзiп
             алынған мерзiмдi қалпына келтiру

      1. Атқару парағын орындауға ұсыну мерзiмiн өткiзiп алған өндiрiп алушы - шешiм шығарған сотқа өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiш жасауға хақылы.
      2. Атқару парағын орындауға берiлген мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн сот дәлелдi деп таныған жағдайда мерзiм қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
      3. Қалған атқару құжаттары бойынша өтiп кеткен мерзiм қалпына келтiруге жатпайды.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.

      10-бап. Атқару құжатын iс жүргiзуге қабылдау

      1. Сот орындаушысы атқару құжаты келiп түскеннен кейiн атқарушылық iс жүргiзудi қозғап, бұл туралы қаулы шығарады.
      2. Сот орындаушысы дереу, бiрақ үш тәулiктен кешiктiрмей, дереу орындалуға тиiстi атқару құжаттарын қоспағанда бес күн мерзiм бере отырып, атқару құжатын өз еркiмен орындау туралы борышкерге ұсыныс жасайды.
      Сот орындаушысы сонымен бiр мезетте борышкердiң мүлкiне тыйым салып, мүлкiн хаттайды, бұл жөнiнде осы Заңның талаптарын сақтай отырып, акт жасайды.
      Бұл орайда борышкердiң банктегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкіне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады.
      3. Орындауға беру мерзiмi өткiзiлiп алынған атқару құжаты бойынша атқарушылық iс жүргiзу қозғалмайды, сот орындаушысы бұл туралы қаулы шығарады және өндiрiп алушыға өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы сотқа арызбен жүгiну құқығын түсiндiрiледi.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.

      11-бап. Атқару құжатын қайтару

      1. Құжат заңда белгiленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда сот орындаушысы үш күн мерзiмде қайтару туралы қаулы шығарып, оны берген органға жiбередi, бұл жөнiнде өндiрiп алушыға хабарлайды.
      2. Сот орындаушысына кемшiлiктерi жойылғаннан кейiн немесе белгiленген мерзiмнен кешiрек келiп түскен атқару құжатының берiлген күнi болып оның қайтадан келiп түскен күнi саналады.
      3. Қайтару туралы қаулыда аталған кемшiлiктер жойылмай келiп түскен атқару құжаты орындалуға тиiс емес және ол жiберген органға қайтарылады.

      12-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау мерзiмдерi

      Атқару құжаттары бойынша орындау атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi ай мерзiмде аяқталуға тиiс, бұған мерзiмдi өндiрiп алу туралы атқару құжаттары, сондай-ақ заңдарда өзге де орындау мерзiмдерi белгiленген жағдайлар қосылмайды.

      13-бап. Мерзiмдi кейiнге қалдыру, ұзарту, орындау
              тәсiлi мен тәртiбiн өзгерту, берiлген
              сомаларды индекстеу

      Атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн болдырмайтын мән-жайлар болған ретте сот орындаушысы, өндiрiп алушы немесе борышкер iстi қараған сот алдына немесе орындалатын жердегi сот алдына орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру немесе ұзарту туралы, орындау тәсiлi мен тәртiбiн өзгерту туралы, сондай-ақ ұйғарылған сомаларды индекстеу туралы мәселе қоюға хақылы.

      14-бап. Атқарушылық әрекеттердi кейiнге қалдыру

      Атқарушылық әрекеттер жасауға кедергi келтiретiн жағдаяттар болған ретте сот орындаушысы оларды өз бастамасы бойынша немесе тараптардың бiреуiнiң өтiнiшi бойынша кейiнге қалдыра алады, бұл жөнiнде тиiстi қаулы шығарылады, оны аға сот орындаушысы немесе сот орындаушылары органының басшысы бекiтедi. Атқарушылық әрекеттердi кейiнге қалдыру туралы сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзуге қатысатын адамдарға хабарлауға мiндеттi.

      15-бап. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi
              тоқтата тұру мiндетi

      Атқарушылық iс жүргiзу:
      1) егер сот белгiлеген құқық қатынасы құқықтық мұрагерлiкке жол берсе борышкер қайтыс болған, ол қайтыс болды деп хабарланған немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылған;
      2) борышкер болып табылатын заңды тұлға қайта құрылған немесе оның таратылуы туралы заңда белгiленген тәртiппен шешiм қабылданған немесе дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы iс қозғалған;
      3) борышкердiң немесе өндiрiп алушы әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;
      4) борышкер атқару құжатын сот тәртiбiмен даулаған;
      5) әкiмшiлiк жаза қолданған органдардың (лауазымды, адамдардың) әрекеттерiне сотқа шағым берiлген;
      6) сот немесе атқару құжатын бергенде негiзге алынған шешiмнiң орындалуын тоқтата тұру құқығы заңмен берiлген лауазымды адам қаулы шығарған;
      7) сотқа атқару құжаты бойынша өндiрiп алынатын мүлiктi хатталудан шығару туралы (пайдалануға тыйым салудан босату) талап қойылған;
      8) борышкер немесе өндiрiп алушы борышкер мүлкiн бағалау нәтижелерiне дау шығарған жағдайларда тоқтатыла тұруға тиiс.

      16-бап. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi
              тоқтата тұру құқығы

      Атқарушылық iс жүргiзу сол сияқты:
      1) сот орындаушысы орындалуға тиiс қаулыны түсiндiру туралы тиiстi сотқа немесе өзге органға өтiнiш жасаған;
      2) борышкер ұзақ уақыт бойы қызмет бабындағы iссапарда болған;
      3) борышкер емдеу мекемесiнде болған;
      4) сот орындаушысының iс-қимылына шағым берiлген;
      5) борышкерге iздеу салынған;
      6) өндiрiп алушы өтiнiш жасаған;
      7) борышкер не өндiрiп алушы елдi мекен шегiнен тыс жерде жүрген жағдайларда да тоқтатыла тұруы мүмкiн.

      17-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру мерзiмдерi

      Атқарушылық iс жүргiзу:
      1) осы Заңның 15-бабының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда - борышкердiң құқықтық мұрагерi айқындалғанға, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi борышкерге қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғанға, заңды тұлғаны тарату, заңды тұлғаны немесе жеке кәсiпкердi (борышкердi) банкрот деп жариялау туралы шешiм белгiленген тәртiппен қабылданғанға дейiн;
      2) осы Заңның 16-бабының 2), 3), 5), 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда - борышкер не өндiрiп алушы қызмет бабындағы iссапардан қайтқанда, демалыстан қайтқанда, емдеу мекемесiнен шыққанға немесе борышкерге iздеу салынғанға дейiн;
      3) осы Заңның 15-бабының 4), 5), 7) және 8) тармақшаларында және 16-бабының 1), 4-тармақшаларында көзделген жағдайларда - талапты немесе шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот қаулысы заңды күшiне енгенге дейiн;
      4) осы Заңның 16-бабының 6)-тармақшасында көзделген жағдайда - өндiрiп алушыдан өтiнiш түскенге дейiн;
      5) осы Заңның 15-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайда - қадағалау тәртiбiмен iс жүргiзу аяқталғанға немесе сот не өзге де органның шешiмiн тоқтата тұрудың күшiн жою туралы тиiстi лауазымды адамның өкiмiне дейiн;
      6) осы Заңның 16-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайда - орындалуға жататын қаулының түсiндiрмесi келiп түскенге дейiн тоқтатыла тұруы мүмкiн.

      18-бап. Борышкерге iздеу салу

      1. Алимент өндiрiп алу, мертiктiру немесе денсаулығын өзгедей зақымдау арқылы келтiрiлген зиянды өтеу, асыраушысының қайтыс болуы жөнiндегi iстер бойынша, сондай-ақ борышкердiң жүрген жерi белгiсiз болған өзге де жағдайларда сот орындаушысы сотқа iшкi iстер органдары арқылы iздеу салу туралы ұсыныс жасайды.
      2. Борышкердi iздеу жөнiндегi шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатады және сот арқылы борышкерден жергiлiктi бюджетке өндiрiп алынуға тиiс.

      19-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi жаңғырту

      Атқарушылық iс жүргiзу өндiрiп алушының өтiнiшi бойынша не сот орындаушысының бастамасы бойынша оның тоқтатыла тұруын туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейiн жаңғыртылады.

      20-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтатудың
              негiздерi мен салдары

      1. Атқарушылық iс жүргiзу, егер:
      1) өндiрiп алушы өндiрiп алудан бас тартса;
      2) өндiрiп алушы мен борышкер бiтiсу келiсiмiн жасаса және оны сот бекiтсе;
      3) шешiмiмен белгiленген талаптар немесе мiндеттер өндiрiп алушы немесе борышкер болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейiн өлген адамның құқықтық мұрагерiне көше алмаса;
      4) атқару құжатының орындауға беру мерзiмi бiтсе;
      5) тиiстi органның атқару құжатын бергенде негiзге алынған шешiмiнiң күшi жойылса, тоқтатылады.
      2. Атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған жағдайларда атқару құжаты тиiстi белгi соғылып, сотқа немесе құжатты берген басқа органға жiберiледi. Сонымен бiр мезетте орындауды қамтамасыз ету шараларының күшi жойылуы тиiс. Тоқтатылған атқарушылық iс жүргiзудi қайта бастауға болмайды.

      21-бап. Атқару құжаттарын өндiрiп алушыға қайтару

      1. Өндiрiп алу жүргiзiлмеген немесе толық көлемде жүргiзiлмеген атқару құжаты сот орындаушысының қаулысы бойынша мына жағдайларда:
      1) өндiрiп алушының арызы бойынша;
      2) егер борышкердiң өндiрiп алынуы мүмкiн мүлкi, ақша сомасы, бағалы қағаздары немесе табыстары жоқ болса;
      3) егер өндiрiп алушы шешiмiнiң орындалуы кезiнде борышкердiң сатылмаған мүлкiн алудан немесе соттың шешiмiнде аталған белгiлi бiр заттарды борышкерден алудан бас тартса;
      4) егер борышкер өндiрiп алушы көрсеткен мекен-жайда тұрмайтын немесе жұмыс iстемейтiн болса не сол жерде оның мүлкi жоқ болса, сот ұйғарымы бойынша борышкерге iздеу салу жағдайларын қоспағанда, өндiрiп алушыға қайтарылады.
      2. Атқару құжатын өндiрiп алушыға қайтару заңда белгiленген атқарудың ескiруi мерзiмiнiң шегiнде осы құжатты орындауға қайталап ұсынуға кедергi болмайды.

      22-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру немесе
              тоқтату, атқару құжатын өндiрiп алушыға қайтару
              немесе оны тарату комиссиясына жiберу туралы
              мәселелердi қарау

      1. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқару құжатын қайтару немесе оны тарату комиссиясына жiберу туралы мәселелердi сот орындаушысы қарайды. Бұл жөнiнде атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдарға хабарланады, алайда олардың келмей қалуы аталған мәселелердi шешуге кедергi болмайды.
      2. Сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқару құжатын қайтару немесе оны тарату комиссиясына жiберу туралы қаулы шығарады, оны аға сот орындаушысы бекiтуге тиiс.
      3. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқару құжатын қайтару немесе оны тарату комиссиясына жiберу туралы қаулысына өндiрiп алушы сотқа шағымдана алады.

      23-бап. Орындалуға тиiстi атқару құжатын түсiндiру

      Атқару құжаты түсiнiксiз болған жағдайда оны орындауға алған сот орындаушысы атқару құжатын бергенде негiзге алынған шешiмдi немесе қаулыны түсiндiру үшiн сотқа немесе атқару құжатын берген органға жүгiнуге хақылы.

      24-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын жер

      1. Атқарушылық әрекеттердi борышкердiң тұрғылықты жерi бойынша немесе жұмыс орны бойынша не оның мүлкi тұрған жер бойынша сот орындаушысы жүргiзедi. Егер заңды тұлға борышкер болса, орындау оның органы немесе мүлкi орналасқан жерде жүргiзiледi.
      2. Борышкерге белгiлi бiр әрекеттер жасауға мiндеттейтiн атқару құжаттарын орындауды осындай әрекеттер жасалатын жердегi сот орындаушысы жүргiзедi.
      3. Егер атқару құжатын орындау процесiнде борышкер басқа жерге кетiп қалса және борышкердiң бұрынғы тұрған жерiнде өндiрiп алынатын мүлiк қалмаса, сот орындаушысы бұл жөнiнде дереу акт жасайды және атқару құжатын борышкердiң жаңа тұрғылықты жерi бойынша сот орындаушысына үш күннен кешiктiрмей жiберiп, бұл жөнiнде өндiрiп алушыға хабарлайды.

      25-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын уақыт

      1. Атқарушылық әрекеттер жұмыс күндерiнде 6.00 сағаттан 22.00 сағатқа дейiн жасалады. Атқарушылық әрекеттердi осы шекте жасаудың нақты уақытын сот орындаушысы белгiлейдi. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы тараптар атқарушылық әрекеттер жасаудың өздерiне қолайлы уақытын ұсынуға хақылы.
      2. Демалыс және мереке күндерiнде, сондай-ақ түнгi уақытта атқарушылық әрекеттерге сот рұқсатымен және кейiнге қалдыруға болмайтын немесе оларды борышкердiң кiнәсiнен басқа күндерде және осы Заңда белгiленген уақытта жасау мүмкiн болмаған жағдайларда ғана жол берiледi.

      26-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар

      1. Тараптар және олардың өкiлдерi атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар деп танылады. Өкiлдiң өкiлеттiгi заңдарда көзделген талаптарға сәйкес ресiмделедi.
      2. Қажет болған жағдайларда соттар мен басқа да органдардың қаулыларын бұлжытпай орындауды қамтамасыз ету үшiн сот приставы тартылады. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тарту заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

      27-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi тараптар

      1. Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы тараптар болып табылады.
      2. Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқару құжаты берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.
      3. Атқару құжатында көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.
      4. Атқарушылық iс жүргiзуге бiрнеше өндiрiп алушы немесе борышкер қатыса алады. Басқа тарапқа қатысты олардың әрқайсысы атқарушылық iс жүрiзуге дербес қатысады немесе қатысушылардың бiрiне атқарушылық әрекеттерге қатысуды тапсыра алады, бұған атқару құжаты бойынша борышкерге оның өзi ғана жасай алатын мiндеттер (жеке мiндеттер) жүктеген жағдайлар қосылмайды.

      28-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың
              құқықтары мен мiндеттерi

      1. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартуын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне немесе шешiмдерiне шағым жасауға хақылы.
      2. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар өздерiне берiлген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдардың талаптарын орындауға мiндеттi.

      29-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге тiлмаштың қатысуы

      1. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде өз бастамасы бойынша немесе сот орындаушысының ұсынысы бойынша тiлмаш шақыруы мүмкiн. Кәмелетке толған, әрекетке қабiлеттi, iске мүдделi емес, атқару әрекеттерiн жүргiзу үшiн қажеттi дәрежеде тiл меңгерген кез-келген адам тiлмаш бола алады.
      2. Тiлмаштың өз еңбегi үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Оған төленген сыйақы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.

      30-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге айғақ
              адамдардың қатысуы

      1. Атқарушылық әрекеттер кемiнде екi айғақ адамның қатысуымен жасалуы мүмкiн.
      2. Мынадай жағдайларда:
      1) өндiрiп алушының немесе борышкердiң талабы бойынша;
      2) үйге орналастыру және үйден шығару туралы шешiмдердi, борышкердiң мүлкiн пайдалануға тыйым салуға, алып қоюға және беруге, оның тұрғын үйiн, үй-жайлары мен қоймаларын ашуға, тексеру жүргiзуге байланысты әрекеттердi орындау кезiнде, сондай-ақ заңдарда көзделген өзге де жағдайларда айғақ адамдардың қатысуы мiндеттi.
      Өзге жағдайларда айғақ адамдар сот орындаушысының бастамасы бойынша қатысуы мүмкiн.
      3. Кәмелетке толған, әрекетке қабiлеттi, атқарушылық әрекеттердiң нәтижесiне мүдделi емес кез келген азаматтар айғақ адамдар ретiнде шақырылуы мүмкiн.
      4. Айғақ адамдар қатысатын атқарушылық әрекеттер басталар алдында сот орындаушысы айғақ адамның атқарушылық әрекеттерге қатысу тәртiбiн түсiндiредi.
      5. Айғақ адам өзiнiң қандай атқарушылық әрекеттер жүргiзу үшiн шақырылып отырғанын, олар қандай атқару құжаты негiзiнде жасалатынын бiлуге хақылы. Айғақ адам жүргiзiлген әрекеттер жөнiнде ескертпелер жасауға хақылы. Айғақ адамның ескертпелерi тиiстi атқарушылық әрекет актiсiне енгiзiлуге тиiс.
      6. Айғақ адам жүргiзiлуiне өзi қатысқан iс кезiндегi атқарушылық әрекеттердiң фактiсiн, мазмұны мен нәтижелерiн куәландырады.
      7. Айғақ адам ретiнде атқарушылық әрекет жасауға қатысқан адамдардың шығарған шығыстарына өтемақы алуға құқығы бар.
      8. Айғақ адамдарға төленетiн ақша сомасы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.

      31-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге маманның қатысуы

      1. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған, арнаулы бiлiмдi талап ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн сот орындаушысы атқарушылық iске қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша маман тағайындауы мүмкiн. Қажет болған жағдайда бiрнеше маман тағайындалуы мүмкiн. Сот орындаушысы бұл жөнiнде қаулы шығарады.
      2. Қорытынды беру үшiн қажет арнаулы бiлiмi бар кез-келген адам маман ретiнде тағайындалуы мүмкiн.
      3. Мамандардың атқарушылық әрекеттер жасауға байланысты жүргiзiлетiн жұмысты орындағаны үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Бұл сыйақы және мамандар тартуға жұмсалған басқа да шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.

      32-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi шет қалдыру

      1. Егер сот орындаушысы, тiлмаш, маман, атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесiне жеке өзi тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе өзге де мән-жайлар, атап айтқанда, тараптармен, олардың өкiлдерiмен әдiл қарайтынына күмән туғызатын туыстық қатынаста болса, олардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуына болмайды және олар шет қалдыруға тиiс.
      2. Шет қалатындай мән-жайлар болған жағдайда осы баптың бiрiншi тармағында аталған адамдардың өздерi бас тартуын мәлiмдеуге мiндеттi. Шет қалу атқарушылық әрекеттер жасау басталғанға дейiн дәлелденiп жазбаша түрде мәлiмделуге тиiс. Егер шет қалуға негiз туындаса және ол жөнiнде атқарушылық әрекеттер жасау басталып кеткеннен кейiн белгiлi болса, оған орындау процесiнде жол берiледi.
      3. Тараптардың сот орындаушысынан, тiлмаштан, маманнан бас тартуын сот орындаушысы кiретiн органның басшысы шешедi, бұл жөнiнде қаулы шығарылады.
      4. Сот орындаушысын шет қалдырудан бас тартылу туралы қаулыға белгiленген тәртiппен сотқа шағым берiлуi және наразылық келтiрiлуi мүмкiн. Шағым беру немесе наразылық келтiру атқарушылық әрекеттер жүргiзудi тоқтатпайды.

3-тарау. Ақша сомаларын және өзге мүлiктi
өндiрiп алу тәртiбi

      33-бап. Атқару құжаттарын орындауды қамтамасыз
              ету жөнiндегi атқарушылық әрекеттердi
              жасау негiздерi

      Борышкердiң мүлiктi ысырап етуi немесе жасыруы мүмкiн деп санауға негiз беретiн мән-жайлар болғанда, сондай-ақ өндiрiп алушының өтiнiшi бойынша сот орындаушысы атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.

      34-бап. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз
              ету жөнiндегi шаралар

      1. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар мыналар:
      1) борышкердiң мүлкiн немесе онда не өзге де жеке немесе заңды тұлғаларда бар (соның iшiнде несие және сақтандыру), бағалы қағаздар мен есептелетiн ақша сомаларын пайдалануға тыйым салу;
      Борышкердің банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады;
      2) борышкердiң өзiнде не басқа жеке немесе заңды тұлғаларда бар мүлкiн алып қою;
      3) борышкердiң белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салу;
      4) борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi немесе ақша сомаларын пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
      5) борышкер мүлкiне сүргi салу;
      6) құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою;
      7) басқа адамдардың борышкерге мүлiк беруiне немесе оған қатысты өзге де мiндеттемелер орындауына тыйым салу болып табылады.
      2. Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудiң бiрнеше түрiне жол берiлуi мүмкiн.
      3. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын кiдiртпейдi.
      ЕСКЕРТУ. 34-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.

      35-бап. Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу тәртiбi

      1. Атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу, егер атқару құжатында өзгеше тәртiп белгiленбесе, бiрiншi кезекте борышкердiң ақша қаражатына, соның iшiнде банк мекемелерiнде тұрған ақша қаражатына да қолданылады.
      2. Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу борышкердiң келiсiмiне қарамастан, олардың сақталу орнына тәуелсiз түрде олар ұсынылғаннан немесе табылғаннан соң дереу жүргiзiледi.
      3. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша қаражаты болмаған жағдайда ол борышкерге тиесiлi басқа мүлiктен өндiрiп алынады. Өндiрiп алушының келiсiмiмен сот орындаушысы мүлiктi алдын ала бағалап, оны сол қалпында беруге хақылы.
      4. Борышкер мүлкiнен атқару құжатын орындау үшiн қажеттi мөлшер мен көлемде, орындау жөнiндегi шығыстар ескерiле отырып өндiрiлiп алынады. Борышкердiң меншiгiнде басқа адамдармен ортақ мүлiк болған жағдайларда оның заңға сәйкес айқындалатын үлесiнен өндiрiлiп алынады. Дау туған жағдайда бұл үлестiң мөлшерiн сот анықтайды.
      5. Атқару құжатында аталған белгiлi бiр заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қояды да, өндiрiп алушыға оларды беру актiсiн жасай отырып бередi.

      36-бап. Заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер мүлкiнен
               өндiрiп алу

      1. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған ретте (борышкердiң есеп айырысу (ағымдағы) шотына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын банктiң тиiстi ақпараты бар болса,) егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктi жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
      2. Егер орындау барысында борышкер - заңды тұлғаның немесе жеке кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал азаматтық заңдарда борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
      3. Белгiленген тәртiппен дәрменсiз (банкрот) деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Атқару құжатын орындау кезiнде заңды тұлға қайта құрылған жағдайда сот орындаушысы борышкердiң құқықтық мұрагерлiгiн айқындайды және шешiм шығарған сотқа баяндап хат жiберiп, борышкердi оның құқықтық мұрагерiмен ауыстыру туралы ұйғарым шығару туралы ұсыныс жасайды.

      37-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу

      1. Борышкерге қойылған кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыру үшiн оның қалған мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда өндiрiп алу кепiл ұстаушының азаматтық заңдарда белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен жүргiзiлуi мүмкiн.
      2. Кепiл ұстаушы өз талабы алдында артықшылығы бар талаптарды кепiлге салынған мүлiк құнынан, алайда осы мүлiк құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға мiндеттi.

      38-бап. Борышкердiң басқа адамдардағы ақша сомалары мен
              басқа мүлкiнен өндiрiп алу

      Борышкердiң басқа адамдардағы ақша сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп орындатуға шаралар қолданады.
      Борышкердiң банктегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады.
      ЕСКЕРТУ. 38-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.

      39-бап. Өндiрiп алынуға болмайтын мүлiк

      1. Азаматтарға қатысты атқару құжаттарын орындау кезiнде заңдарда өндiрiп алуға тыйым салынған мүлiктен өндiрiп алуға болмайды.
      2. Өндiрiп алуға болмайтын ақша сомалары мен өзге де мүлiк тiзбесi заңдарға сәйкес белгiленедi.

      40-бап. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу

      1. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу мүлiктi хаттаудан және осы мүлiкке билiк етуге тыйым салудан, сондай-ақ банк және өзге де несие мекемелерiндегi борышкердiң ақша сомаларын пайдалануға және оларға билiк етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады.
      2. Борышкерге меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығында тиесiлi мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (азаматтық заңдарда белгiленген шектеулер ескерiле отырып) тыйым салынуы мүмкiн.
      Борышкердiң банктегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады.
      3. Егер борышкер мүлкiнiң басқа адамдарда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болса, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi қуынымдық iс жүргiзу тәртiбiмен сот шешедi.
      4. Сот орындаушысының тыйым салынған мүлiкке билiк етуге немесе оны пайдалануға салған тыйымын бұзу заңдарда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
      ЕСКЕРТУ. 40-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.

      41-бап. Борышкер мүлкiн хаттау

      1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыға берiлетiн соманы және орындау жөнiндегi шығыстарды өтеу үшiн қажеттi мөлшерде борышкер мүлкiн хаттайды. Сот орындаушысы хатталған заттарға сүргi салуы мүмкiн.
      2. Борышкер мүлкiн хаттау борышкердiң және айғақ адамдардың қатысуымен жүргiзiледi. Атқарушылық әрекеттердi жасау жөнiнде алдын ала хабарланған борышкер болмаған жағдайда хаттау оның отбасының қандай да бiр кәмелетке толған мүшесiнiң, заңды тұлғалардың лауазымды адамдарының, ал бұл адамдар болмаған жағдайда - айғақ адамдардың қатысуымен жасалады. Мүлiктi хаттау кезiнде борышкер сот орындаушысына қандай заттардан бiрiншi кезекте өндiрiлiп алынуға тиiс екендiгiн мәлiмдеуге хақылы. Егер ондай мәлiмдеме орындауға кедергi келтiрмесе, сот орындаушысы оны қанағаттандырады.

      42-бап. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулының мазмұны

      1. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда мыналар көрсетiлуге тиiс:
      1) қаулының жасалған уақыты мен орны;
      2) қаулы жасаған сот орындаушысының, сондай-ақ қаулы жасау кезiнде қатысқан адамдардың тегi мен аты-жөнi;
      3) атқару құжаты орындалатын соттың немесе басқа органның атауы;
      4) өндiрiп алушы мен борышкердiң тегi мен аты-жөнi;
      5) қаулыға енгiзiлген әрбiр заттың атауы, оның ерекше белгiлерi (салмағы, метражы, тозу дәрежесi және т.б.), әрбiр заттың жеке-жеке бағасы және бүкiл мүлiктiң құны;
      6) егер заттарға сүргi салынса, оны көрсету;
      7) егер мүлiктi сақтау борышкердiң өзiне жүктелмесе, мүлiк сақтауға берiлген жеке тұлғаның тегi мен аты-жөнi, заңды тұлғаның атауы, олардың мекен-жайы;
      8) борышкер мен басқа адамдарға сот орындаушысының әрекеттерiне шағым жасау тәртiбi мен мерзiмiнiң түсiндiрiлгендiгi туралы, сондай-ақ борышкерге немесе мүлiктi сақтаушыға олардың сақтауға берiлген мүлiктi сақтау жөнiндегi мiндеттерi және талан-таражға салғаны, иелiктен айырғаны немесе жасырғаны үшiн жауапкершiлiгi түсiндiрiлгендiгi туралы белгi;
      9) өндiрiп алушының, борышкердiң, хаттау кезiнде қатысқан адамдардың ескертпелерi мен арыздары және сот орындаушысының олар жөнiндегi өкiмдерi.
      2. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыға сот орындаушысы және оны жасау кезiнде қатысқан адамдар қол қояды.

      43-бап. Борышкер мүлкiн бағалау

      Борышкер мүлкiн сот орындаушысы бағалайды. Бұл орайда өндiрiп алушы мен борышкер арасында бағалау туралы қол жеткiзiлген келiсiм ескерiлуi мүмкiн. Егер жекелеген заттарды бағалау қиын болса не борышкер немесе өндiрiп алушы сот орындаушысы жасаған бағалауға қарсы болса, сот орындаушысы мүлiк құнын анықтау үшiн маман тағайындайды. Валюта құндылықтары, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлiк және басқа да тұрмыстық заттар, антиквариат, кескiндеме және мүсiн өнерi туындылары мамандардың мiндеттi түрде қатысуымен бағаланады.

      44-бап. Мүлiк сақтау

      1. Сот орындаушысы сақтаушыдан сақтауға қолхат алу арқылы сақтау шарты негiзiнде тыйым салынған мүлiктi сақтауға берудi жүзеге асырады.
      2. Тыйым салынған мүлiктi сақтаудың тәртiбi мен шарттары Азаматтық кодекспен және басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
      3. Егер мүлiктi пайдалану оның қасиеттерi бойынша мүлiктiң жойылуына немесе оның бағасының кемуiне әкеп соқпаса, сақтаушы бұл мүлiктi сот орындаушысының рұқсатымен пайдалана алады.
      4. Егер борышкер немесе оның отбасының мүшесi сақтаушы болмаса, сақтаушы сақтағаны үшiн сыйақы алады.
      5. Мүлiктi пайдаланудан iс жүзiнде алынған пайда шегерiлiп тастала отырып, сақтаушыға бұл мүлiктi сақтау жөнiнде ол жасаған қажеттi шығыстар өтеледi.
      6. Мүлiктi сақтауға байланысты жасалған шығыстар атқару құжаттарын жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.

      45-бап. Мүлiктi сақтаушының жауапкершiлiгi

      Тыйым салынып сақтауға берiлген мүлiк талан-тараж етiлген, иелiктен алынған немесе жасырылған жағдайда сақтаушы заңдарға сәйкес жауапты болады.

      46-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртiбi

      1. Мүлiктен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн, шынайы құнын және ондағы ауыртпалықты анықтайды.
      2. Мүлiктiң борышкерге тиесiлi екенiн анықтап, сот орындаушысы оны хаттауға енгiзедi, өндiрiп алу мөлшерiне қарай бүкiл мүлiкке немесе оның бiр бөлiгiне тыйым салады және жылжымайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеудiң, жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тиiстi органдары мен нотариусқа тыйым салуды тiркеу туралы ұсыныс жiбередi.
      3. Сот орындаушысы кепiлге берiлген мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға дереу хабарлайды.

      47-бап. Борышкерден алынған құнды заттарды сақтау

      1. Борышкерден алынған құнды қағаздарды, валюта құндылықтарын, бағалы металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды, сондай-ақ мұндай бұйымдардың сынақтарын сот орындаушысы банк мекемелерiне сақтауға өткiзедi, бұл шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Өндiрiп алушыға ұйғарылған сомаларды және атқару жөнiндегi шығыстарды өтеу үшiн қажеттi, борышкерден алынған ақша сомаларын сот орындаушысы аумақтық әдiлет органының депозиттiк шотына енгiзедi. Депозиттiк шоттағы ақша сомасын есепке алу, сақтау және оны беру тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.

      48-бап. Борышкердiң мүлкiн сату кезектiлiгi

      Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде бұл мүлiктi сату мынадай кезекпен жүзеге асырылады:
      1) бiрiншi кезекте борышкердiң өндiрiске тiкелей қатыспайтын мүлкi: бағалы қағаздар, валюта құндылықтары, бағалы металдар мен асыл тастар, зергерлiк бұйымдар, жеңiл автокөлiк және басқалар сатылады;
      2) екiншi кезекте - дайын өнiм (тауарлар), сондай-ақ өндiрiске тiкелей қатыспайтын және өндiрiске тiкелей қатысуға арналмаған өзге де материалдық құндылықтар;
      3) үшiншi кезекте - жылжымайтын мүлiк объектiлерi, сондай-ақ шикiзат пен материалдар, станоктар, құрал-жабдықтар, өндiрiске тiкелей қатысуға арналған басқа да негiзгi құрал-жабдықтар;
      4) төртiншi кезекте - жалға беру (мүлiктi жалдау), заем, прокат шарты немесе өзге де шарттар бойынша басқа адамдарға берiлген мүлiк.

      49-бап. Тыйым салынған мүлiктi сату

      1. Тыйым салынған мүлiктi сатуды заң бойынша айналымынан алып тасталған мүлiктi қоспағанда, тыйым салу негiздерi мен мүлiк түрлерiне қарамастан, сот орындаушысы сауда және өзге де мамандандырылған ұйымдар арқылы сауда-саттықта және аукциондарда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүргiзедi.
      2. Мүлiктi сату нысанын таңдауды сот орындаушысы мүлiк түрiн және өндiрiп алушы мен борышкердiң пiкiрлерiн ескере отырып белгiлейдi.
      3. Егер мүлiк екi ай iшiнде сатылмаса, өндiрiп алушыға бұл мүлiктi бағаланған сомасында өзiнде қалдыру құқығы берiледi. Өндiрiп алушы мүлiктен бас тартқан жағдайда ол борышкерге қайтарылады, ал атқару құжаты, егер борышкердiң өндiрiп алуға болатын басқа мүлкi немесе кiрiстерi болмаса, өндiрiп алушыға қайтарылады.
      4. Борышкер мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде, егер өндiрiп алынатын мүлiктi сату туралы шешiм қабылданған кезде борышкердiң дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы iс бойынша iс қозғалса, борышкердiң дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы мәселе мәнi бойынша қаралғанға дейiн мүлiктi сату тоқтатыла тұрады.

      50-бап. Мемлекетке берiлетiн мүлiктi сату

      Мүлiктi тәркiлеу бөлiгiндегi қылмыстық iс бойынша сот үкiмi негiзiнде не мүлiктi мемлекетке беру туралы шешiм негiзiнде тыйым салынған мүлiк заңдарда белгiленген тәртiппен сатылады.

      51-бап. Құндылықтарды сату

      Борышкерден алынған және банк мекемелерiне сақтауға берiлген бағалы қағаздар, валюта құндылықтары, бағалы металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдар, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариат Республиканың Үкiметi белгiлейтiн ережелерге сәйкес сатылады.

      52-бап. Тыйым салынған мүлiктi комиссиялық негiзде
              және сауда-саттықтарда сату жолымен өткiзу

      Осы Заңның 50, 51-баптарында аталғандарын қоспағанда, борышкердiң тыйым салынған мүлкiн сату мүлiк тұрған жердегi сауда ұйымдары арқылы комиссиялық негiзде не сауда-саттықтарда сату жолымен жүргiзiледi. Мүлiктi сату мақсатында бiр елдi мекеннен екiншi елдi мекенге тасымалдауға өндiрiп алушының, борышкердiң есебiнен олардың өзара келiсiмi бойынша ғана жол берiледi.

      53-бап. Алдағы сауда-саттық туралы хабарлау

      Борышкердiң мүлкi сауда-саттықта сатылатын жағдайда сот орындаушысы алдағы сауда-саттық туралы республикалық немесе облыстық ресми баспасөз органдарында сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн он күннен кешiктiрмей хабарлайды. Кепiлге берiлген мүлiктiң сауда-саттықта сатылатын уақыты мен орны туралы сот орындаушысы кепiл ұстаушыға хабарлайды.

      54-бап. Сауда-саттықты өткiзу тәртiбi

      1. Сауда-саттыққа қатысқысы келетiн адамдар өздерiнiң оған қатысуына кедергi жоқ екендiгi туралы қолхат беруге және сот орындаушысына мүлiк бағасының бес процентi мөлшерiнде кепiлдеме беруге мiндеттi. Сауда-саттықта ұтып шыққан адам енгiзген сома сату бағасына есептеледi. Сауда-саттықтың басқа қатысушыларына олардың салған кепiлдемесi сауда-саттық аяқталған соң дереу қайтарылады.
      2. Сауда-саттық тыйым салу туралы актiде көрсетiлген мүлiктiң бағалау құнынан басталады. Мүлiк сауда-саттықта ең жоғары баға ұсынған адамға сатылған болып есептеледi. Сатып алушы сауда-саттық аяқталғаннан кейiн бес күн iшiнде ол мүлiкке ұсынған соманы, сауда-саттық басталар алдында енгiзiлген кепiл ақшаны қоса, толық енгiзуге мiндеттi. Сатып алушы өзiнен алынуға тиiстi барлық соманы белгiленген мерзiмде енгiзбеген жағдайда, сауда-саттық алдында салынған кепiл ақша оған қайтарылмайды және мемлекет кiрiсiне түседi. Сатып алушының сауда-саттыққа қатысуға құқығы болмағандығы анықталған жағдайда да кепiл ақша мемлекет кiрiсiне түседi. Мүлiктi сатып алушы одан алынатын барлық соманы төлегеннен кейiн сот орындаушысы оған өткен сауда-саттық туралы актiнiң көшiрмесiн бередi.
      3. Сот атқарушылық iс жүргiзу бойынша шешiм шығарған сот орындаушылары мен судьялардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының сауда-саттыққа қатысуына болмайды.

      55-бап. Сауда-саттықты өткiзiлмеген деп жариялау

      1. Сот орындаушысы:
      1) егер сауда-саттыққа екiден кем сатып алушы келсе;
      2) егер келгендердiң ешқайсысы мүлiктiң бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
      3) егер сатып алушы өзiнiң мүлiктi сатып алған сомасын бес күн iшiнде толық енгiзбесе сауда-саттық өткiзiлмеген деп жариялайды.
      Сот орындаушысы сауда-саттық өткiзiлмеген деп тану туралы қаулы шығарады.
      2. Егер сауда-саттық өткiзiлмесе, кепiл ақша оны салған адамдарға қайтарылады, бұған осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасында көзделген жағдайлар кiрмейдi.

      56-бап. Сауда-саттық өткiзiлмеген деп
              жариялаудың салдары

      1. Сауда-саттық өткiзiлмеген деп жарияланған жағдайда өндiрiп алушыға мүлiктi бастапқы бағалау сомасында өзiне қалдыру құқығы берiледi.
      2. Егер мұндай өтiнiш түспесе, сот орындаушысы мүлiктiң алғашқы бағасын бастапқы бағасынан 20 процентке кемiтедi және сауда-саттық өткiзiлмеген деп хабарлағаннан кейiн кемiнде он күн өткен соң қайтадан сауда-саттық белгiлейдi. Қайталама сауда-саттық бiрiншi сауда-саттық үшiн белгiленген ережелер сақтала отырып хабарланады және өткiзiледi.
      3. Қайтадан сауда-саттық өткiзiлмеген деп танылған жағдайда сот орындаушысы осы Заңда белгiленген ережелердi сақтай отырып, үшiншi рет сауда-саттық белгiлейдi. Бұл орайда қайталама сауда-саттық үшiн белгiленген баға қатысушылардың бiреуi мүлiктi жарияланған бағамен сатып алуға келiскен кезге дейiн хабарланған ретпен төмендетiле бередi.
      4. Сауда-саттық үшiншi рет өткiзiлмеген деп жарияланып, өндiрiп алушы сатылатын мүлiктi өзiне қалдырудан бас тартқан жағдайда бұл мүлiкке тыйым салудың күшi жойылады.

      57-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс
              түрлерiнен өндiрiп алу

      1. Мерзiмдi төлемдердi өндiрiп алу туралы шешiмдердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң екi еселенген мөлшерiнен аспайтын соманы өндiрiп алу кезiнде, өндiрiп алынатын соманы толық өтеу үшiн борышкердiң мүлкi болмаған немесе мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда борышкердiң жалақысы мен өзге де табыс түрлерiнен өндiрiлiп алынады.
      2. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған немесе сыйақы алатын жұмыс берушiге жiбередi.
      3. Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне ұдайы бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
      4. Борышкер жұмыстан босатылған жағдайда онымен еңбек  қатынастарында тұрған жұмыс берушi бұл жөнiнде сот орындаушысына хабарлама жiберiп, атқару құжатын қоса жолдауға мiндеттi. Тұрғылықты жерi өзгерген жағдайда борышкер сот орындаушысына өзiнiң жаңа мекен-жайын хабарлауға мiндеттi.

      58-бап. Борышкердiң жалақысынан және табысының өзге де
              түрлерiнен ұстап қалу мөлшерiн есептеу

      Ұсталып қалу мөлшерi - борышкердiң алуына тиесiлi жалақы (табыс) сомасынан есептеледi.

      59-бап. Борышкердiң жалақысынан және табысының
              өзге де түрлерiнен ұстап қалу мөлшерi

      Бiрнеше атқару құжаттары бойынша борышкердiң жалақысынан немесе табысының өзге де түрлерiнен өндiрiлiп алынған жағдайда борышкер жалақысының немесе өзге де табысының кемiнде 50 процентi сақталуға тиiс.

      60-бап. Жазасын өтеп жүрген борышкердiң жалақысынан
              өндiрiп алу

      1. Түзеу жұмыстарын өтеп жүрген адамдардан атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу соттың үкiмi немесе қаулысы бойынша жүргiзiлген ұстап қалу сомасы есепке алынбай, жалақының толық сомасынан жүргiзiлуге тиiс.
      2. Еңбекпен түзеу мекемелерiнде жазасын өтеп жүрген адамдардан, сондай-ақ денсаулық сақтайтын емдеу-профилактикалық мекемелерде емделiп жатқан, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдардан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

      61-бап. Әлеуметтiк сақтандыру жөнiндегi жәрдемақыдан
              өндiрiп алу

      Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезiнде төленетiн әлеуметтiк сақтандыру жөнiндегi жәрдемақыдан, баланы күтуiне байланысты iшiнара ақы төленетiн демалыс кезеңiнде әйелге берiлетiн жәрдемақыдан, сондай-ақ оқушылардың стипендиялары мен жұмыссыздық жөнiндегi жәрдемақыдан өндiрiп алу соттың, алимент төлету туралы және мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы шешiмi бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.

      62-бап. Өндiрiлiп алуға болмайтын ақша сомасы

      Мыналардан:
      1) мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуы салдарынан келтiрiлген залалды өтеу үшiн борышкер алған сомалардан;
      2) адамдарға қызметтiк мiндеттерiн орындау кезеңiнде мертiккен (жарақаттанған, зақымданған, контузия алған) кезде оларға төленетiн және олардың қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты отбасы мүшелерiне төленетiн сақтандыру сомалары мен бiр жолғы жәрдемақыдан;
      3) бала тууға байланысты, көп балалы және жалғыз басты аналарға, кәмелетке толмаған балалардың ата-анасын iздеу кезеңiнде оларды асырауға, зейнеткерлер мен 1-топтағы мүгедектердi күтiп-бағуға төленетiн жәрдемақыдан;
      4) жәбiрленушiлердiң қосымша тағамына, санаториялық-курорттық емдеу мен протездеуге және мертiктiрумен не денсаулығын өзгедей зақымдаумен залал келтiрiлген жағдайларда оларды күтiп-бағу жөнiндегi шығыстарға төленетiн сомалардан;
      5) зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмысқа төленетiн өтемақылардан, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде экологиялық апаттан немесе радиациялық әсерден зардап шеккен азаматтарға төленетiн ақша сомасынан;
      6) төлем көзiне қарамастан, бiр жолғы сипаттағы сыйлықтан, материалдық көмектен;
      7) қызметкердiң жұмыстан шығардағы немесе отставкаға кетердегi жәрдемақысынан;
      8) пайдаланылмаған демалыс үшiн (бiрнеше жылдың демалысын бiрiктiрген жағдайлардан басқа) өтемақыдан;
      9) жерлеуге берiлген жәрдемақыдан;
      10) заңда көзделген өзге де тұрақты емес сипаттағы төлемдерден өндiрiп алуға болмайды.

      63-бап. Борышкердiң жалақысы болмаған жағдайда алимент
              өндiрiп алу тәртiбi

      1. Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы қатарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаған жағдайда борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алынады, бұған осы Заңның 39-бабына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлiк кiрмейдi.
      Мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
      2. Алименттер жөнiндегi берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алушының қалауы бойынша борышкердiң өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде алған не оның берешектi анықтау кезiне қарай алған нақты жалақысын (табысын) негiзге ала отырып шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
      3. Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс iстемеген болса, берешек орташа айлық жалақының негiзге ала отырып айқындалады.
      4. Борышкердiң алимент төлеуден жалтару салдарынан ол бойынша берешегi құралған жағдайда берешек сомасына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабына сәйкес айыппұл есептеледi.

      64-бап. Борышкердiң жұмыс орны мен табысы туралы
              мәлiметтер

      Борышкермен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын азаматтар және ұйымдардың лауазымды адамдары сот орындаушысы тағайындаған мерзiмде борышкердiң жұмыс орны мен оның табыстары, атқару құжатына сәйкес ұстап қалу жүргiзiлгендiгi және өндiрiп алған соманың өндiрiп алушыға жiберiлгендiгi туралы, борышкердiң ақша сомалары мен мүлкiнен өндiрiп алу жөнiнде, сондай-ақ борышкердiң жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздерiне белгiлi болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жерi туралы дұрыс мәлiметтер беруге мiндеттi. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.

      65-бап. Алимент төлеу жөнiндегi берешектi
              өндiрiп алу тәртiбi

      1. Барлық алимент төлеу жөнiндегi берешек алимент төлеушiнiң жалақысынан, басқа да табыстарынан өндiрiлiп алынады.
      2. Берешектiң мөлшерiн сот орындаушысы шешiмнiң (қаулының) орындалған жерi бойынша, заңдарда көзделген тәртiппен белгiлейдi.
      3. Сот орындаушысының берешектi анықтау туралы қаулысына заңда белгiленген тәртiппен шағым берiлуi немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.

      66-бап. Жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығын бақылау

      Сот орындаушысы борышкердiң жалақысы мен басқа табыстарынан ұстап қалу мен ұсталған сомаларды өндiрiп алушыға жiберудiң дұрыстығы мен уақытылы жүргiзiлуiн ұдайы бақылап отыруды жүзеге асырады.

      67-бап. Борышкер шетелге тұрақты тұруға немесе жұмысқа
              және әскери қызметтi өтеуге кеткен жағдайда
              алимент алу

      Борышкер шетелге тұрақты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өтеуге кеткен жағдайда алимент алу тәртiбi заңдармен белгiленедi.

      68-бап. Жұмысқа қайта қабылдау туралы атқару
              құжатының орындалуы

      1. Ұйымның басшысы (жұмыс берушi) жұмысқа қайта қабылдау туралы атқару құжатын орындамаған жағдайда сот орындаушысы қызметкерге орташа жалақысын төлеу немесе қызметкердi жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны орындаған күнге дейiнгi жалақысының айырмасын төлеу жайлы қаулы шығарылғаны жөнiнде сотқа ұсыныс жасайды.
      2. Жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiмнiң орындалуы әкiмшiлiктiң жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы өзiнiң заңсыз өкiмiнiң күшiн жою туралы бұйрық шығарғаннан кейiн болған, жұмыстан заңсыз босатылған немесе ауыстырылған қызметкер бұрынғы мiндеттерiн атқаруға iс жүзiнде жiберiлген кезден бастап аяқталған болып есептеледi.

4-тарау. Өндiрiп алынған ақша сомаларын бөлу

      69-бап. Өндiрiп алынған ақша сомаларын бөлу

      1. Сот орындаушысы борышкерден өндiрiп алған сомадан ең алдымен атқару құжатын орындау процесiнде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледi, содан кейiн орындау жөнiндегi шығыстар өтеледi, қалған сома өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыруға берiледi. Барлық талаптарды қанағаттандырылғаннан кейiн қалған сома борышкерге қайтарылады.
      2. Борышкерден өндiрiп алынған және өндiрiп алушыларға берiлуге тиiс сомаларды сот орындаушысы депозиттiк шотқа қосады, содан кейiн белгiленген тәртiппен бередi немесе аударады.
     3. Мемлекет кiрiсiне аударуға жататын сомаларды сот орындаушысы тiкелей тиiстi банк мекемесiне енгiзедi.

      70-бап. Өндiрiп алуға қосылу

      Өндiрiп алуды жүргiзу кезiнде басқа iстер бойынша орындау құжаттары бар адамдар өндiрiп алуға қосыла алады.

      71-бап. Өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыру
              кезегi

      1. Атқару құжаттары бойынша барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн борышкерден өндiрiп алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда бұл сома өндiрiп алушылар арасында осы Заңда белгiленген кезек тәртiбiмен бөлiнедi.
      2. Әрбiр келесi кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық өтелгеннен кейiн қанағаттандырылады. Өндiрiп алынған сома бiр кезектiң барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда бұл талаптар әрбiр өндiрiп алушыға тиесiлi сомаға барабар қанағаттандырылады.

      72-бап. Бiрiншi кезекте өндiрiп алу

      Бiрiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу туралы талаптар; мертiгу немесе денсаулыққа өзге де зақым жасау арқылы келтiрiлген, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу жөнiндегi талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады.

      73-бап. Келесi кезектегi өндiрiп алу

      1. Екiншi кезекте патенттер берiлген туындыны, өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдаланғаны үшiн авторларға тиесiлi сыйақы төлеу туралы талаптар, азаматтардың мүлкiне қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi талаптарды қанағаттандырылады.
      2. Үшiншi кезекте несие берушiлердiң кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер жөнiндегi талаптары қамтамасыз ету сомаларының шегiнде қанағаттандырылады.
      3. Төртiншi кезекте бюджетке және бюджеттен тыс қорларға мiндеттi төлемдер жөнiндегi талаптар; қылмыс жасау немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi заңды тұлғалардың талаптары қанағаттандырылады.
      4. Бесiншi кезекте қалған талаптардың бәрi қанағаттандырылады.

      74-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстар

      1. Атқарушылық әрекеттердi ұйымдастыру мен оларды өткiзуге жұмсалған бюджет қаражаттары мен атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы тараптардың қаражаттары атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстар болып табылады.
      2. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға:
      1) борышкердiң мүлкiн анықтауға, қарауға, бағалауға;
      2) борышкер мүлкiн хаттау мен оны пайдалануға тыйым салуды ұйымдастыру мен өткiзуге, мұндай мүлiктi тасымалдау мен сақтауды ұйымдастыруға;
      3) тыйым салынған мүлiктi сатуға;
      4) тiлмаштарға, мамандарға және белгiленген тәртiппен атқарушылық әрекеттер жасауға тартылған басқа да адамдарға ақы төлеуге;
      5) <*>
      6) өндiрiп алынған сомаларды почта арқылы өндiрiп алушыға аударуға (жiберуге);
      7) борышкердi iздестiруге;
      8) өндiрiп алушының аванстық жарнасына;
      9) атқару құжатын орындау процесiндегi басқа да қажеттi әрекеттерге жұмсалған қаражаттар жатады.
      ЕСКЕРТУ. 74-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы алып тасталды - Қазақстан Республикасының 1999.11.16. N 479 Заңымен.

      75-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi
              шығыстарды өтеу тәртiбi

      1. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде жасалған шығыстар борышкерден өндiрiп алынады.
      2. Атқарушылық құжат берiлгенде негiзге алынған қаулының күшi жойылуына байланысты атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған жағдайда атқарушылық әрекеттердiң жасалуы кезiнде жасалған шығыстар республикалық бюджет есебiне жатқызылады.
      3. Борышкерден алынған заттарды өндiрiп алушыға беру туралы атқару құжатын орындау кезiнде өндiрiп алушының олардан негiзсiз бас тартуы және, егер ол өзiнiң әркеттерiмен немесе әрекетсiздiгiмен орындауға кедергi жасаса, атқару құжатын өндiрiп алушыға қайтару үшiн атқару iсiн тоқтатқан кезде атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде жасалған шығыстар өндiрiп алушыдан алынады.
      4. Бюджет қаражаттары есебiнен келтiрiлген шығыстарды өндiрiп алу және сондай шығыс жасаған органға немесе адамдарға өтеу аға сот орындаушысы немесе сот орындаушылары органының басшысы бекiткен сот орындаушысы қаулысының негiзiнде жүргiзiледi. Шығыстарды өтеу сот орындаушысы жасаған есептеме бойынша жүргiзiледi.
      5. Қаулының көшiрмесi тараптарға үш күн мерзiмде жiберiледi. Сот орындаушысының қаулысына заңда белгiленген тәртiппен сотқа шағым берiлуi немесе оған наразылық келтiрiлуi мүмкiн.

      76-бап. Өндiрiп алушының шығыстарға аванс беруi

      Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өндiрiп алушы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылатын тиiстi шығыстарды жасау үшiн жеткiлiктi мөлшерде депозиттiк шотқа аванс жарнасын төлеуге құқылы.

5-тарау. Атқарушылық санкция, атқару құжаттарын
орындамағаны үшiн жауапкершiлiк

      77-бап. Атқарушылық санкция

      1. Атқару құжаты нақты орындалған кезде өндiрiп алынған соманың (мүлiк құнының) он процентi мөлшерiнде немесе жеке тұлғалардан - он ай есептiк көрсеткiш және мүлiктiк емес сипаттағы атқару құжаттары бойынша, меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде атқарушылық санкция өндiрiлiп алынады.
      2. <*>
      3. Орындаушылық санкция республикалық бюджетке аударылады.
      ЕСКЕРТУ. 77-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 1998.12.22. N 327 Заңымен.

      78-бап. Борышкердiң атқару құжаттарын орындамағандығы
              үшiн жауапкершiлiгi

      1. Борышкер атқару құжатын орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
      2. Жауапқа тарту борышкердi атқару құжатында көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.

6-тарау. Шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар және
шетелдiк заңды тұлғалар жөнiнде атқарушылық
әрекеттер жасау. Шет мемлекеттердiң сот
және өзге құжаттарын орындау

      79-бап. Соттар мен өзге де органдардың шетелдiктер,
              азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк ұйымдар
              жөнiндегi қаулыларының орындалуы

      Соттар мен өзге де органдардың шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк ұйымдар жөнiндегi қаулылары осы Заңға сәйкес орындалады.

      80-бап. Халықаралық және шетелдiк соттар мен төрелiк
              соттардың шешiмдерiн орындау

      Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдiк соттардың, сондай-ақ төрелiк соттардың шешiмдерiн орындау тәртiбi Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттармен және осы Заңмен белгiленедi. Шетелдiк сот шешiмiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының соты берген атқару парағы шешiм заңды күшiне енген сәттен бастап үш жыл iшiнде мәжбүрлеп орындатуға берiлуi мүмкiн. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда барынан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

7-тарау. Сот орындаушыларының құқықтық жағдайы

      81-бап. Сот орындаушысы

      1. Сот орындаушысы - мемлекеттiк қызметте тұратын және соттар мен басқа да органдардың қаулыларын орындау бойынша өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi орындайтын лауазымды адам.
      2. Соттар мен басқа да органдардың қаулыларын орындау жөнiндегi сот орындаушысының қоятын талаптары барлық органдар, меншiк нысанына қарамастан ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшiн мiндеттi.

      82-бап. Сот орындаушысының қызметiн ұйымдастыру

      1. Сот орындаушысын аумақтық әдiлет органының басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      2. Атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерiн жүзеге асыру үшiн Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық әдiлет органдарында тиiсiнше құрылымдық бөлiмшелер құрылады.
      3. Жоғары Соттан басқа барлық соттар жанында сот орындаушылары болады.
      4. Сот орындаушыларының сан құрамы судьялардың сан құрамына сәйкес болуға тиiс.

      83-бап. Сот орындаушысына қойылатын талаптар

      1. Жиырма жасқа толған, сотталмаған, әдетте, жоғары немесе арнаулы орта заң бiлiмi және кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар Қазақстан Республикасының азаматы сот орындаушысы болып тағайындалуы мүмкiн.
      2. Сот орындаушысы өзiне берiлген құқықтарды Заңға қатаң сәйкес пайдалануға және өз қызметiнде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға жол бермеуге мiндеттi.

      84-бап. Сот орындаушысының жауапкершiлiгi

      Сот орындаушысы өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.

      85-бап. Сот орындаушысының қызметiн бақылау

      Сот орындаушысының қызметiн бақылауды Әдiлет министрлiгi мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.

      86-бап. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер
             жасау кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен:
      1) орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға;
      2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға;
      3) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, қажеттi ақпарат, түсiнiктемелер мен анықтамалар алуға;
      4) атқарушылық әрекеттер жасағанда негiзге алынған атқару құжаттары түсiнiксiз болған жағдайда түсiнiк алу үшiн сотқа немесе атқару құжатын берген басқа да органдарға жүгiнуге;
      5) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде пайда болған мәселелер бойынша, оның iшiнде орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру, мерзiмiн ұзарту, орындау тәсiлi мен тәртiбiн өзгерту туралы, сондай-ақ борышкердi iздестiру мәселелерi бойынша сотқа ұсыныстар енгiзуге;
      6) iс жүргiзiлiп жатқан атқару құжаттары бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыртуға;
      7) кез келген меншiк нысанындағы ұйымдарда атқару құжаттарының орындалуын және олар бойынша қаржы құжаттамасының жүргiзiлуiн тексеруге;
      8) нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша тапсырмалар беруге;
      9) борышкерлер, сондай-ақ өздерiнде борышкерге тиесiлi мүлiктiң бар екенiн растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесiлi үй-жайлар мен қоймаларға кiруге, қажет болған жағдайда үй-жайлар мен қоймаларды мәжбүрлеп ашып қарауға, айғақ адамдардың қатысуымен тексерулер жүргiзуге;
      10) борышкерлердiң банктердегi ақшасы мен бағалы қағаздарына осы Заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға;
      11) тыйым салынған мүлiктi алуға, сақтау үшiн беруге және сатуға;
      12) алынған мүлiктi сақтау үшiн ұйымдардың үй-жайын, сол мүлiктi тасу үшiн өндiрiп алушы мен борышкердiң көлiгiн заңдарда белгiленген тәртiппен пайдалануға;
      13) атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарда көзделген өзге де әрекеттер жасауға;
      14) қажет болған жағдайларда атқару құжаттарының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тартуға хақылы.
      2. Сот орындаушысы:
      1) соттың талапты қамтамасыз ету жөнiндегi ұйғарымын орындауға;
      2) тараптарға немесе олардың өкiлдерiне атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелер түсiруге мүмкiндiк беруге;
      3) атқарушылық iс жүргiзу жөнiндегi арыздар мен тараптардың өтiнiштерiн қарауға және солар бойынша қаулы шығаруға, оларға шағым немесе наразылық беру мерзiмдерi мен тәртiптерiн түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң аяқталуына тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға;
      4) атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарда көзделген өзге де әрекеттер жасауға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 86-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.

      87-бап. Сот орындаушысының әрекеттерiне шағым беру

      Сот орындаушысының атқару құжатын орындау жөнiндегi немесе сондай әрекеттердi жасаудан бас тарту жөнiндегi әрекеттерiне өндiрiп алушы немесе борышкер шағым беруi мүмкiн. Шағым сот орындаушысының әрекет жасаған күннен немесе әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбай, аталған адамдарға ол жөнiнде белгiлi болған күннен бастап он күн iшiнде сот орындаушысының қызмет ететiн учаскесiндегi аудандық сотқа берiледi.

      88-бап. Сот орындаушыларының қызметi мен құқықтық
              жағынан қорғалуын қамтамасыз ету

      1. Сот орындаушыларының қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      2. <*>
      3. Сот орындаушысы мемлекеттiк қызметшi болып табылады. Бiлiктiлiк сыныптары, беру, оны төмендету және одан айыру, демалыстар беру, зейнетақымен қамтамасыз ету, сондай-ақ үстемақы төлеу тәртiбi заңдарға сәйкес белгiленедi.
      4. <*>
      5. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сот орындаушысын борышкердiң ақша сомалары немесе мүлкiнiң барлығын тексеруге жiберуден бас тарту, сұратуы бойынша мәлiметтер бермеу, оларды қорлау, қорқыту, оларға күш көрсету немесе сот орындаушыларының қызметтiк әрекетiн орындауына байланысты оның немесе отбасы мүшелерiнiң өмiрiне, денсаулығына, мүлкiне қол сұғу, сот орындаушысының қызметтiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн басқа да әрекеттер заңдарға сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      ЕСКЕРТУ. 88-баптың 4-тармағы алып тасталды - Қазақстан Республикасының 1999.11.16. N 479 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 88-баптың 2-тармағы алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 48 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi