Жосықсыз бәсеке туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1998 жылғы 9 маусымдағы N 232.

Жаңартылған

       Ескерту. Тақырыбы және мәтініндегі сөздер ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.15. N 125  Заңымен .

      Осы Заң жосықсыз бәсеке деп танылатын iс-әрекеттердi айқындайды, жосықсыз бәсекенi болғызбаудың және оның зардаптарын жоюдың тетiгiн, сондай-ақ жосықсыз бәсеке iс-әрекеттерi үшiн жауапкершiлiктi белгiлейдi. 

       1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 
      беделiн түсiру - бәсекелесiне деген сенiмдi жоюға, оның беделiне, оның тауарларының, жұмыстары мен көрсететiн қызметтерiнiң беделiне нұқсан келтiруге, абыройын түсiруге бағытталып қасақана жасалған iс-әрекет; 
      бәсекелес (рынокта) қызмет көлемiнiң өзгеруi нарықтық қатынастардың басқа субъектiсiнiң рыноктық үлесiнiң кемуiне немесе өсуiне әкеп соғатын нарықтық қатынастар субъектiсi: 
      контрафактық өнiм - нарықтық қатынастардың жекелеген субъектiлерiнiң жосықсыз бәсеке және тұтынушыларды адасушылыққа салу мақсатында шығарған өнiмi; 
      жосықсыз бәсеке - заңды тұлғаның және (немесе) жеке адамның, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының бәсекенi жою немесе шектеу арқылы кәсiпкерлiк қызметте негiзсiз артықшылықтар алуға бағытталған кез келген iс-әрекетi (әрекетсiздiгi); 
      келiсiм - тараптардың бәсекенi шектеуге немесе жоюға, кәсiпкерлiк қызметте негiзсiз артықшылықтар алуға бағытталған (тiк, көлбеу немесе аралас) кез келген шарттық қатынасы; 
      нарықтық қатынастардың субъектiсi - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын және тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет айналымына қатысушы болатын заңды немесе жеке тұлға; 
      монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган - бәсекеге жәрдемдесу мен оны дамыту және терiс пиғылды бәсекенiң алдын алу, оны шектеу және тыю жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн орган. 
       Ескерту. 1-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.15. N 125  Заңымен , өзгеріс енгізілді - 2004.12.20.   N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       2-бап. Жосықсыз бәсеке туралы заңдар

      1. Жосықсыз бәсеке туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң, осы Заңның нормаларынан және Қазақстан Республикасының соларға сәйкес шығарылатын өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта жосықсыз бәсеке туралы заңдарда барынан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 

       3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына, мемлекеттiк органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының тауар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) рыноктарында еркiн бәсекенi шектейтiн және жоятын шетелдiк жеке және заңды тұлғаларға, азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. 
       Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2000.12.15. N 125  Заңымен.   

       4-бап. Бәсекенi шектеуге немесе жоюға жол берiлмеуi

      1. Басқа кәсiпкерлердiң еркiн бәсекеге құқықтарын бұзу арқылы бәсекенi шектеуге немесе жоюға бағытталған, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзатын кез келген қызметке жол берiлмейдi. 
      2. Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, нарықтық қатынастардың жекелеген субъектiлерiнiң немесе олардың топтарының қызметi үшiн қолайлы немесе кемсiтетiн жағдайлар жасауға, бәсекенi жоюға немесе шектеуге, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерiн бұзуға бағытталған нормативтiк құқықтық және өзге де актiлер қабылдауына және (немесе) iс-әрекеттер жасауына тыйым салынады. 
      3. Нарықтық қатынастар субъектiлерiне бәсекенi жоюға немесе шектеуге, сондай-ақ ұқсас қызмет түрлерiмен айналысатын нарықтық қатынастар субъектiлерiнiң қызметiне кемсiтушiлiк жағдайлар туғызуға бағытталған iс-әрекеттер жасауға тыйым салынады. 
       Ескерту. 4-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.15. N 125  Заңымен.

       5-бап. Жосықсыз бәсеке түрлерi

      Жосықсыз бәсеке түрлерi мыналар: 
      1) кәсiпкердiң фирмалық атауын, тауар таңбасын, қызмет көрсету белгiсiн және (немесе) өзге де коммерциялық белгiлеуiн тауар өндiрушi (жұмыс орындаушы, қызмет көрсетушi) немесе оларды сатушы жөнiнде тұтынушыларды жаңылыстыратын немесе жаңылыстыруы мүмкiн заңсыз пайдалану; 
      2) бәсекелесi тауарының сыртқы безендiрiлуiн, оның фирмалық атауын, тауарының таңбалануын, тауар таңбаларын, басқа да коммерциялық белгiленуiн, сондай-ақ жарнамалық материалдарын, фирмалық буып-түйiлуiн, нысанын және тауардың өзге де сыртқы безендiрiлуiн тауар өндiрушi (жұмыс орындаушы, қызмет көрсетушi) жөнiнде тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкiн етiп тiкелей қайта жасау арқылы көшiрiп алу; 
      3) тауарлар (жұмыс, көрсетiлген қызмет) жөнiнде, соның iшiнде тауарлардың (жұмыстың, көрсетiлетiн қызметтiң) шығу тегi, дайындаушысы, сатушысы, сондай-ақ сапасы, тұтыну қасиеттерi, мақсаты, дайындалған әдiсi мен жерi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер мен пiкiрлердi және бәсекелесiнiң тауарларына (жұмысына, көрсеткен қызметiне) кiр келтiретiн, оның абыройы мен беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтердi тарату; 
      4) бәсекелесi жоқ сатушының сатып алушыға өзiнiң сипаты немесе коммерциялық мақсаты бойынша шарт нысанасына жатпайтын қосымша сату жағдайларын тануы; 
      5) басқа бәсекелестiң тауарларымен (жұмысымен, көрсететiн қызметiмен) немесе қызметiмен әдепке жатпайтын салыстырмасы бар жарнама және өзге де ақпарат тарату; 
      6) жарнамалық ақпаратта тауарлардың (жұмыстың, көрсетiлетiн қызметтiң) шын қасиеттерi, сапасы және бағалары туралы мәлiметтердi қасақана бұрмалау немесе жасыру; 
      7) бәсекелестер арасындағы баға, рыноктарды бөлiсу, басқа кәсiпкерлердi шеттету туралы және бәсекенi жоюға немесе едәуiр шектеуге бағытталған өзге де қызмет жағдайлары туралы кез келген келiсiмдердi жасасу мен орындау; 
      8) нарықтық қатынастар субъектiлерiнiң бәсекенi едәуiр шектеуге немесе жоюға әкеп соғатын көлденеңiнен қосылуы; 
      9) ғылыми-техникалық, өндiрiстiк ақпарат пен коммерциялық және қызметтiк құпия болып табылатын өзге де ақпаратты оның иесiнiң келiсiмiнсiз алу, пайдалану немесе жария ету; 
      9-1) демпингтiк бағаларды пайдалану арқылы бәсекеде артықшылыққа қол жеткiзу; 
      10) бәсекенi жоюға немесе шектеуге, негiзсiз артықшылықтар беруге және (немесе) алуға әкеп соғатын өзге де iс-әрекеттер. 
       Ескерту. 5-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.15. N 125  Заңымен.

       6-бап. Осы заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      1. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк мынадай негiздер бойынша: 
      1) уәкiлеттi органның осы Заңның талаптарына сәйкес берiлген нұсқамаларын орындаудан жалтарғаны үшiн; 
      2) уәкiлеттi органға құжаттарды, анықтама материалдарды және басқа ақпаратты, сондай-ақ жазбаша түсiнiктемелердi бермегенi немесе көрiнеу қате немесе жалған мәлiметтердi бергенi үшiн. Анықтама материалдарды және басқа ақпаратты беру мерзiмiн уәкiлеттi орган белгiлейдi және ол 15 күннен аспауға тиiс; 
      3) осы Заңның 5-бабында көзделген iс-әрекеттердi (әрекетсiздiктi) жасағаны үшiн; 
      4) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары лауазымды адамдарының бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға жағдай жасайтын iс-әрекеттердi жасағаны үшiн айыппұл түрiнде туындайды. 
      2. Осы Заңды бұзған жағдайда нарықтық қатынастардың субъектiлерi, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзiн басқару органдары және олардың лауазымды адамдары: 
      1) уәкiлеттi органның нұсқамаларына сәйкес жосықсыз бәсеке фактiсi бойынша тәртiп бұзушылықты тоқтатуға, бәсекенi жоюға немесе шектеуге бағытталған келiсiмдi (келiсiлген iс-әрекеттердi) бұзуға немесе өзгертуге және нұсқамада көзделген өзге де iс-әрекеттердi орындауға; 
      2) жосықсыз бәсеке салдарынан келтiрiлген залалды (зиянды) заңдарда белгiленген тәртiппен өтеуге; 
      3) жосықсыз бәсеке нәтижесiнде алынған табысты және заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен айыппұлды мемлекеттiк бюджетке аударуға мiндеттi. Жосықсыз бәсеке нәтижесiнде алынған табысты аудару мүмкiн болмаған жағдайда, құқыққа қарсы iс-әрекет кезеңiнде алынған, бiрақ осындай iс-әрекеттер анықталған жыл алдындағы соңғы есептiк жылдағыдан аспайтындай табыс мемлекеттiк бюджетке алып қойылады. 
       Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2000.12.15. N 125  Заңымен.

       7-бап. Монополияға қарсы саясат саласындағы орталық
             атқарушы органның құзыретi

      1. <*>
      2. Монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган:
      1) шекарасы бiр облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) шегiнен шығатын белгілi бiр тауар рыноктарындағы жосықсыз бәсеке туралы iстердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдану туралы шешiмдер қабылдауға, кiнәлi тұлғаларға бәсекенi шектейтiн немесе жоятын iс әрекеттердi тоқтату туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар жiберуге;
      2) жосықсыз бәсекенi тоқтату және оның салдарларын жою туралы, сондай-ақ жосықсыз бәсеке нәтижесiнде алынған кiрiстi бюджетке аудару туралы рынок субъектiлерiнiң орындауы мiндеттi шешiмдер қабылдауға;
      3) заңды және жеке тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан, олардың лауазымды адамдарынан жосықсыз бәсеке фактiлерiн қарау үшiн қажеттi ақпарат, оның iшiнде жазбаша және ауызша түсiнiктемелер сұратуға және алуға;
      4) мемлекеттiк органдарға бәсекенi шектейтiн немесе жоятын заңсыз актiлердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар енгiзуге;
      5) жосықсыз бәсекенiң жолын кесу және оның салдарларын жою туралы, жосықсыз бәсекенi жүзеге асыру кезеңiнде алынған кiрiстi республикалық бюджетке алып қою туралы, жосықсыз бәсекенi жүзеге асыру кезеңiнде жеке кәсiпкерге немесе заңды тұлғаға, сондай-ақ тұтынушыларға келтiрiлген залалды өндiрiп алу туралы, өнiмдi контрафактiлiк деп тану туралы талап қойып, сотқа жүгiнуге;
      6) жосықсыз бәсеке фактiлерi жөнiндегi қылмыстардың белгiлерi бойынша қылмыстық iс қозғау туралы материалдарды құқық қорғау органдарына жiберуге;
      7) облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органынан қажеттi ақпаратты сұратуға және оның ұсынылатын мерзiмiн белгiлеуге құқылы.
      3. Осы Заңды бұзушылықты жою туралы нарықтық қатынастар субъектiлерiне, мемлекеттiк органдарға және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына енгiзiлген нұсқамалар, егер мұндай нұсқамаларға заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен шағым берiлмеген болса, орындау үшiн мiндеттi болып табылады. 
       Ескерту. 7-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.15. N 125  Заңымен , өзгеріс енгізілді - 2004.12.20.   N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

         7-1-бап. Монополияға қарсы саясат саласындағы облыстық
              (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы
               органның құзыретi

      Монополияға қарсы саясат саласындағы облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы орган:
      1) осы бапта аталғандарды қоспағанда, шекарасы бiр облыстан (республикалық маңызы бар қаладан, астанадан) аспайтын белгiлi бiр тауар рыноктарындағы жосықсыз бәсеке туралы iстердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қарауға және өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк жазалар қолдану туралы шешiмдер қабылдауға, кiнәлi тұлғаларға бәсекенi шектейтiн немесе жоятын iс-әрекеттердi тоқтату туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар жiберуге;
      2) жосықсыз бәсекенi тоқтату және оның салдарларын жою туралы, сондай-ақ жосықсыз бәсеке нәтижесiнде алынған кiрiстi жергiлiктi бюджетке аудару туралы рынок субъектiлерiнiң орындауы мiндеттi шешiмдер қабылдауға;
      3) заңды және жеке тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан, олардың лауазымды адамдарынан жосықсыз бәсеке фактiлерiн қарауға қажеттi ақпарат, оның iшiнде жазбаша және ауызша түсiнiктемелер сұратуға және алуға;
      4) мемлекеттiк органдарға бәсекенi шектейтiн немесе жоятын заңсыз актiлердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар енгiзуге;
      5) жосықсыз бәсекенiң жолын кесу және оның салдарларын жою туралы, жосықсыз бәсекенi жүзеге асыру кезеңiнде алынған кiрiстi жергiлiктi бюджетке алып қою туралы, жосықсыз бәсекенi жүзеге асыру кезеңiнде жеке кәсiпкерге немесе заңды тұлғаға, сондай-ақ тұтынушыларға келтiрiлген залалды өндiрiп алу туралы, өнiмдi контрафактiлiк деп тану туралы талап қойып, сотқа жүгiнуге;
      6) жосықсыз бәсеке фактiлерi жөнiндегi қылмыстардың белгiлерi бойынша қылмыстық iс қозғау туралы материалдарды құқық қорғау органдарына жiберуге құқылы.
      Ескерту. 7-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.15. N 125  Заңымен , өзгеріс енгізілді - 2004.12.20.   N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       8-бап. Заңсыз алынған табысты алып қою және жосықсыз
             бәсеке келтiрген зиянды өтеу

      1. Жосықсыз бәсеке салдарынан заңды немесе жеке тұлғаға, сондай-ақ тұтынушыларға келтiрiлген зиян заңдарда белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс. Терiс пиғылды бәсеке салдарынан нарықтық қатынастар субъектiсi алған кiрiс сот шешiмi бойынша мемлекеттiк бюджетке алынып қойылуға тиiс. 
      2. Заңды бәсекенi шектеуге немесе жоюға бағытталған iс-әрекеттердi жүзеге асырғандық үшiн заң актiлерiнде белгiленген тәртiп пен мөлшерде айыппұл салынады.

       9-бап. Уәкiлеттi органның шешiмдерiне, нұсқамалары
             мен қаулыларына шағым беру тәртiбi

      Заңды тұлға немесе жеке кәсiпкерлер, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ өзге де мүдделi тұлғалар уәкiлеттi органның шешiмдерiн, нұсқамалары мен қаулыларын толық немесе iшiнара жарамсыз деп тану туралы немесе әкiмшiлiк жаза қолдану жөнiндегi шешiмдердi өзгерту туралы сотқа жүгiнуге құқылы.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi